Quantcast
Channel: nationalgeographic.kz
Viewing all 1619 articles
Browse latest View live

Құстар – біздің достар

$
0
0

Баррабанда тотықұсы Polytelis swainsonii. Аустралияның оңтүстік-шығысында мекендейтін баррабанда – ғаламшардағы 10 000 құстың бірі ғана. «Құстарға қамқор болу – жауапкершілік жүгі аса ауыр мәселелердің бірі», – дейді табиғат жанашыры Т. Лавджой.

 

Олардың табиғатқа пайдасынан бөлек, адам жанына да әсері бар. Биылғы жылды біз құстарды зерттеуге, неліктен оларсыз өмір сүре алмайтынымызды саралауға арнамақпыз.

Өмірімде құстарға жіті мән бермеппін. Қырықтың қыр­қасына шыққан шағымда сайраған ементұмсық не тауи дауысын естігенде жүрегі дір ететін адамға айналдым. Америкалық татрең жақын маңайда жүрсе, шаба жөнелетін болдым. Өйткені ол – сонау Аляскадан ұшып келген, қауырсыны алтын түстес әдемі құс. Әлдекімдер құстардың мен үшін неліктен маңыз­ды екенін сұрағанда күрсініп, бас шайқаудан басқа амал таппадым. Дегенмен ол – орынды қойылатын сұрақ. Американың Құстарды қорғау заңының жүзінші жылында ойланарлық сұрақ: Құстар бізге не үшін керек осы?

Жауабымды қанаттылар патшалығынан бастау­ға болады. Егер әлемдегі әр құсты жеке-жеке көрген болсаңыз, әлемді түгел көргендей болар едіңіз және ондай жерлерде құстардан басқа жан-жануар тіршілік етпейтіндей көрінеді.

Қызыл қоқиқаз, Phoenicopterus ruber. Қоқиқаз дүниеге ақ қауырсындарымен келеді, оның көрікті түсі ұлу, шаян тәрізділер және балдыр құрамындағы «каротиноидтер» деп аталатын органикалық пигменттерден түзіледі. Ал оның тұмсығы жемін сүзгіден өткізуге көмектеседі.

ФОТО НЕБРАСКА ШТАТЫНДА ЛИНКОЛЬН БАЛАЛАР ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Осындай сан алуан мекендерде тіршілік ету үшін әлемдегі он мыңнан асатын құс түрі эволюция нәтижесінде таңғажайып алуан түрлер пайда болды. Олардың дене көлемдері де түрліше: ең алыбы – түйеқұстың бойы екі жарым метрден асады және ол Африкада кең таралған. Ал ең кішкентай құс – ара-колибри. Атауы дәл қойылған бұл құс тек Кубада кездеседі. Құстардың ішінде тұмсығы үлкендері де (бірқазандар, шоттұмсықтар), титімдейі де (қысқа тұмсық құс), тұмсығы денесімен бірдей (қылыш тұмсық колибри) түрлері де кездеседі. Кей құстар, мәселен, Техастың боялған кардиналы, Оңтүстік Азиядағы сарыбауыр шірнеші құс, Австралиядағы түрлі-түсті тотықұстардың түстері кез келген гүлдердей әдемі. Кей құстардан қоңыр түстің түрлі реңін байқауға болады.

Мінез-құлқы бойынша да құстар сан алуан. Кейбірі – тым топшыл, кейбірі – «даралықты сүйеді». Африканың қызылтұмсық тоқымашылары мен қоқиқаздар миллиондаған үйірімен тіршілік етсе, ұзынқұйрық тотықұстар шыбықтардан тұтастай тотықұс қалашығын соғады. Сушылқаралар су астында жалғыз жүзеді және кез келген альбатрос құлашы үш метрлік қанаттарымен басқа альбатростардан 800 шақырым қашықтыққа ұзап кете алады. Артымнан қалмай ілескен Жаңа Зеландияның желпуіш құйрықты торғайы тәріздес доспейіл құстарды да көрдім. Тым ұзақ қадала қараған кезде төменге құлдилай келіп, басымды шұқымақ болған Чилидің қарқарасы сияқты ашушаң құстарды да көрдім. Жол бойы көкектер тобымен жүріп ысылдағыш улы жыланды өлтіріп, азық етеді. Ара зиянкестері аралармен қоректенеді. Жапырақ лақтырғыштар (Sclerurusmexicanus) жапырақтарды шашады. Қалың тұмсықты қайралар су астына 200 метр­ге дейін сүңги алады, лашындар жоғарыдан төмен қарай сағатына 385 шақырым жылдамдықпен құлдилай алады. Ротакоа бар өмірін бір тоғанды айналсоқтап сарп етсе, көк бұлбұл Перуге ұшып барып, бір жыл бұрын ұя салған Нью-Джерсидегі ағашын қайта тауып келе алады.

Қосмүйіз калао, Buceros bicornis. Тұмсығы қолағаштай, қанаттарының құлашы екі метрге жететін қосмүйіз калао – оңтүстік-шығыс Азия ормандарының әуе патшасы. Ол ақ-қара қауырсыны және сарғыштау реңімен ерекшеленеді.

ФОТО ХЬЮСТОН ЗООБАЯҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Құстар мамық жүнді және сүйкімді келе бермейді, бір жағынан, олар бізге басқа сүтқоректілерге қарағанда көбірек ұқсайды. Олар күрделі құрылымды үй салып, оның ішінде балапандарын өрбітеді. Қыста жылы жаққа ұшып барып ұзаққа «демалысқа кетеді». Какаду – данышпан құс, олар шимпанзелерге қиын «жұмбақтарды» шеше алады, ал қарғалар болса ойнағанды ұнатады. Бұларды былай қойғанда, құстар адамдар сияқты әлемді әуенмен тербетеді. Бұлбұлдар – Еуропа төңірегінде, барылдақ торғайлар – Кито қаласының орталығында, хвамейлер Чэнду қаласында сайрайды. Сарышымшықтардың жыртқыштардан қауіпті немесе қауіпсіз екенін білдіретін «тілі» күрделі, олар бір-бірін түсінеді, жақын маңайдағы басқа да құстар оларды түсінеді. Австралия­ның шығысында тіршілік ететін лирақұйрық торғайлар шамамен бір ғасыр бұрын «бабалары» осында қоныстанғандардың сыбыз­ғысынан үйренген әуенде дыбыс шығарады. Егер лирақұйрықты тым көп суретке түсірсеңіз, ол фотоаппаратыңыздың дыбысын өз «репертуарына» қосып алады.

Сары иекті розелла, Platycercus icterotis. Австралияда мекендейтін жанасқыш құс – сары иекті розелланың жұптасып жем іздеп жүргенін байқауға болады. Қазір бұл құс заңмен қорғалады, алайда олардың тіршілік ететін ортасы тарылып барады.

ФОТО АЙОВА ШТАТЫ, ДЕ-МОИН ҚАЛАСЫНДАҒЫ BLANK PARK ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Бірақ құстар біздің жанымыз қалайтын, түсімізде болмаса өңімізде қолымыздан келмейтін бір нәрсені істей алады: олар ұшады. Бүркіттер күш жұмсамастан жылы ауа ағынымен көкке самғаса, колибрилер ауада қалқып тұра алады. Калифорния бөденелері лезде пыр ете түседі. Бәрін қоса алғанда, құстардың ұшатын жолдары ғаламшарды 100 миллиард рет орайды: бір ағаштан – екіншісіне, бір континенттен – келесісіне. Көбейгеннен кейін сұр қарлығаш бір жылдай әуеде ұшып жүреді. Ол Африканың Сахарадан төменгі бөлігіне барып-қайту «әуе саяхатында» жерге түспей қоректенеді, түлейді және ұйықтайды. Жас альбатростар ашық мұхитты 10 жылға дейін шарлап жүре береді. Жағалау құстарына жататын құмдауықтар Отты жер аралы мен канадалық Арктика арасында жылда әрлі-берлі ұшып жүреді. Аяғына В95 деп белгі салынған құмдауық Жер мен Ай арасындағы қашықтықтан да ұзақ ұшқан.

Сақиналы үйрек, Callonetta leucophrys. Көкіректері түйіскен мына сақиналы үйректер (аталығы сол жақта) Оңтүстік Американы мекендейді. Көбею маусымында бірқатар құс ажырамайтын жұп құрады. Қазіргі уақытта генетикалық сынақтардан аталықтар да, аналықтар да өз әлеуметтік жұптарынан басқа серіктес іздейтінін білеміз.

ФОТО СОЛТҮСТІК КАРОЛИНА ШТАТЫ, СКОЛЛЕНД НЕК ҚАЛАСЫНДАҒЫ SYLVAN HEIGHTS ҚҰСТАР САЯБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Алайда адам баласы құстарда жоқ аса маңызды бір қабілетке ие: өз қоршаған ортасын басқару. Құстар өз жерлерін қорғай алмайды, ұяларындағы ауаны да салқындата алмайды. Олардың бойында тек инстинкт пен эволюция мұраға қалдырған физикалық қабілеттер ғана бар. Ал сол қабілеттер олардың 150 миллион жылдан бері үздіксіз тіршілік етуіне оң әсер етуде.

Соңғы антропоценде құндылық ұғымы толықтай дерлік экономикалық құндылықты, тек адамға ғана келтірер пайданы білдіретін болғандықтан шығар көптеген жабайы құс адамның азығына айналды. Ал ондай құстардың кейбірі зиянкес жәндіктер мен кеміргіштерді жейтінін ескерсек, өсімдіктердің тозаңдануы бәсеңдегені сөзсіз. Сондықтан құстар популяциясы экологиялық ахуалдың маңызды көрсеткіштері ретінде қызмет атқарады деген дәйектерді де естуіңіз мүмкін. Бірақ расымен, батпақтардың шамадан тыс ластанып, ормандардың оталып-өртеніп кеткендігін, не балықшылықтың сарқылғанын білдіру үшін құстардың жойылуы керек пе еді?

Қаратамақ жорғаторғай, Cyanocorax colliei. Қаратамақ жорғаторғайдың қырылдаған дауысы ол тіршілік ететін Мексиканың батысында жиі естіледі. Сауысқандар, қарғалар, жорғаторғайлар мен басқа да қарға тұқымдастар кербез құстарға жатады.

ФОТО ХЬЮСТОН ЗООБАҒЫНДАҒЫ ТҮСІРІЛГЕН


Құстар популяциясы біздің әдеп құндылығымыздың ахуалын көрсетеді. Жабайы құстардың маңыздылығының бір себебі – олар біздің онсыз да түгесіліп бара жатқан табиғат әлемімен соңғы әрі ең жақсы байланысымыз. Олар әлдеқашан жер басып жүрген ең ірі жануарлармен тағдырлас: терезеңіздің сыртындағы мексикалық жасымық – титімдей және өмірге керемет бейімделген динозаврдың бір түрі. Сіз тұратын жердің суында жүзіп жүрген барылдауық үйректердің осыдан 20 миллион жыл бұрын әлемді құстар билеген Миоцендік кезеңдегі үйректен айырмашылығы шамалы. Әуе кеңістігін қауырсынсыз дрондар толтырған және ұялы телефондарымыздағы «ашулы құстармен» ойнауға болатын мына жасанды әлемде табиғи ортаның өз өкілдерін әлпештеп-қолпаштауды қажет деп таппауымыз мүмкін. Себебі біз үшін ең құнды дүние экономикалық, қаржылық көрсеткіштер боп кетті. Ал құстарды ұмыту дегеніміз өз діңімізді ұмытумен тең екенін ескермейміз.

«Құстарды қорғайық, бірақ адамзат – алдыңғы орында» деген тұжырым екіұдай мағына береді. Бұл – адамның жануардан ешбір артықшылығы жоқ, біздің фундаменталдық менменшілдігіміз, дүние өртеніп кетсе де, әрқашан генімізді қайталайтын және барынша көп ләззат алуға талпындыратын тірлікке сүйрейді. Бұл – арсыз реалис­тердің көзқарасы, олар үшін табиғатқа деген алаңдау­шылық, сезімталдықтың жалықтырар бір түрі ғана. Бұл – теріске шығаруға келмейтін көзқарас және өзін үмітсіз менменшіл деп мойындайтын кез келген жанға тән. Алайда «адамзат – алдыңғы орында» деген тұжырым теріс мағына да бере алады: біздің нәсіліміз дүниенің ресурстарын монополиялап алуға бейімделген. Өйткені біз саналымыз және өз еркіміз өзімізде, өткенді есте сақтайтын және болашақты жоспарлайтын қабілетіміз бар. Осы кереғар көзқарас діншіл топтар мен за­йырлы гуманистер – екеуінің де арасында бар және ол да дәлелдеуге келмейтіндей дұрыс та, бұрыс та емес. Бірақ ол бізге үлкен жауапкершілік жүктейтіндей. Егер біз жануарлардан жоғары тұрсақ, бізде дұрысты қатеден айыра алатын қабілетіміз бола тұра біз неге табиғаттың шағымына бейқам қала береміз? Сонда қалай ерекше қабілет ерекше жауапкершілікпен қатар жүрмейтін болғаны ма?

Ақбет жапалақ, Ptilopsis leucotis. Ақбет жапалақ Африканың Сахара шөлінен төмен аймағында тіршілік етеді. Басқа жапалақ тұқымдастар тәрізді ол да – қырағы түн жыртқышы. Оның есту және көру қабілеті жоғары, жемтікке үнсіз ұшып келіп бас салуына мүмкіндік береді.

ЦИНЦИННАТИ ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН ФОТО


Бірнеше жыл бұрын Үндістанның солтүстік-шығысындағы орманда жүргенімде ритмді терең ысқырық естідім. Ол метеорологиялық дыбысқа ұқсады, бірақ бұл жеміс ағашына қонғалы жатқан қосмүйіз калаолар жұбының қанат қағуы болатын. Олардың тұмсықтары – сары, ерекше үлкен болады екен. Ағаш бойымен өрмелей отырып, бейқам күйде жеміс жегендерін көргенде қуанғанымнан айғайлап жіберіппін. Бұл сезім менің қалауым мен бойымдағы сезімдерден мүлде бөлек еді. Бұл – осындай алып мүйізтұмсық құстың бары жөніндегі абсолютті керемет факт, бірақ мен оны дәлелдеуге қауқарсыз едім.

Ерекшелігі – олар әрі әдемі, әрі байсалды. Олар үнемі біздің қасымызда, бірақ бізге ұқсамайды. Құстар нақ осы шақта тіршілік етеді. Қазіргі шақта біздің мысықтарымыз, торларымыз бен пестицидтеріміз (тыңайт­қыш түрі) оларды күн сайын миллиардтап өлтіріп жатса да олардың әлемі әлі де тірі. Дүниенің әр бұрышындағы ұяларда жұмырт­қаны жарып шығып сарыауыз балапандар жарық дүниеге келіп жатыр.

Автор: Джонатан Франзен, фото: Джоэль Сартор


Әнші балапан. Ерте оянған кезде құстардың әлдебір әуеніне елітуіңіз әбден мүмкін. Сайрағыш құстар әлемдегі құс түрлерінің жартысына жуығына тең. Түйсіктік шырылдауға қарағанда еліктегіш құс сайрауының экстравагантты күрделі дыбыс тоны, ритмі және құрылымы ерте жаста үйренуді қажет етеді.

Лирақұйрық торғай, Menura novaehollandiae. Австралияда тіршілік ететін лирақұйрық торғай – па-родия шебері. Аналықтарының назарын аудару үшін аталықтары басқа да құстардың дауысын сала-ды. Кейбірі көлік сигналын, фотоаппарат шыртылын имитациялаған.

ФОТО АВСТРАЛИЯДАҒЫ HEALESVILLE ҚОРЫҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН

Киркланд сандуғашы, Setophaga kirtlandii. Киркланд сандуғашы өзі ұя салатын Банкс қарағайы діңге-гін қажет ететіндіктен, табиғи өртке тәуелді. Аталықтары аналықтардың назарын аудару үшін әнде-те бастайды.

ФОТО МИЧИГАН ШТАТЫНДАҒЫ МИО ТАБИҒИ МЕКЕНІНДЕ ТҮСІРІЛГЕН

Кардинал сары торғай, Passerina ciris. Үсті-басы балалардың бояу қорабына малынып шыққандай түрлі-түсті сары торғай – Мексика мен АҚШ-тың оңтүстік-шығысына тән сайрауық құс. Жұптасу кезеңінде аталықтары дуэт құрып бір-бірімен ән айтысын жасайды.

ФОТО ТЕХАС ШТАТЫНДАҒЫ КРИСТОВАЛ ТАБИҒИ МЕКЕНІНДЕ ТҮСІРІЛГЕН

Протонотариус, Protonotaria citrea. АҚШ-тың оңтүстік-шығысындағы батпақты ормандарында жаз-дыгүні протонотариустың ағаштардың ұшар басында үздіксіз сайраған дауысын естуге болады. Олар ерте көктемде Орталық және Оңтүстік Американың солтүстігінен ұшып келеді.

ФОТО ВИРДЖИНИЯ ОКЕАНАРИУМЫНДА ЖӘНЕ ТЕҢІЗ ҒЫЛЫМЫ ОРТАЛЫҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Құрал – тұмсық. «Тұмсықтың пішіні әр құстың эволюциясы мен тірі қалуы жөніндегі сындарлы тарихтан сыр шертеді», – деп жазады Ноа Стрикер құстар жөніндегі «Фото-араша» жобасында. Торғайдың тұмсығы дәндерді шағып жеуге көмектессе, ал қаршығаның өткір, ілмекті тұмсығы жемтікті тез іліп әкетеді.

Хатшы құс, Sagittarius serpentarius. Сирағы ерекше ұзын, мінез-құлқы қатаң, хатшы құс тырна мен бүркіт арасындағы әлдебір түрге ұқсайды. Оның ілмекті тұмсығы жыртқыштығынан хабар береді.

ФОТО ТОРОНТО ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН

Ақбас үйрек, Oxyura leucocephala. Түрі жойылып бара жатқан ақбас үйрек Испания, Солтүстік Африка мен Орталық Азияны мекендейді. Олардың жалпақ тұмсықтары судағы қоректі сезу үшін жұмсақ келеді және жәндіктерді, сүзіп алуға арналған тарақтай тістері бар.

ФОТО СОЛТҮСТІК КАРОЛИНА ШТАТЫ, СКОТЛЕНД НЕК ҚАЛАСЫНДАҒЫ SYLVAN HEIGHTS ҚҰСТАР БАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН

Король пингвині, Aptenodytes patagonicus. Король пингвинінің шабақтар мен моллюскаларды ау-лауға керемет икемді тұмсығындағы алқызыл және сары дақтар адам көзіне көрінбегенімен өздеріне байқалатын ультракүлгін сәуле шығарады.

ФОТО ИНДИАНАПОЛИС ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН

Америкалық шалшықшы, Numenius americanus. Қанаттарының құлашы бір метрге жететін шал-шықшылар – Солтүстік Американың жағалау құстары ішіндегі ең ірісі. Қыста олар Мексика жағалау-ларында ас шаянын аулау үшін өз атына сай қасиетін пайдаланады.

ФОТО СОЛТ-ЛЕЙК-СИТИ ҚАЛАСЫНДАҒЫ TRACY AVIARY САЯБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Сәннен сапаға көшу. Қауырсындар алғаш құс денесінде емес, құстар эволюциясына дейін динозаврларда пайда болды, тіпті кейбір ертеректегі тиранозаврларда да қауырсынның аса жетіле қоймаған түрі болған. Динозаврлар тұқымынан жалғыз қалған тізбек – құстар күрделірек қауырсынға ие болды.

Малай тауыс қырғауылы, Polyplectron malacense. Малай тауыс қырғауылы аналықтарға әсер ету үшін құйрығын жайып, ерекше желпуіш жасайды. Тауыс қырғауылы тіршілік ететін ормандар егістік алқаптарға айналуына байланысты олардың түрі мен саны күрт азайып кетті.

ФОТО СОЛТҮСТІК КАРОЛИНА ШТАТЫ, КЛИНТОН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚЫРҒАУЫЛ БАҒЫНДА ТҮСІРІЛДІ

Басты көмкерген сәнді қауырсындар тек бүгінгі құстарда ғана емес, динозаврлар мен олардың арғы туыстары птерозаврларда да болған. Солдан оңға қарай, жоғарыдан бастап: қызыл желпуіш басты тотықұс (Deroptyus accipitrinus), көк тәжді тотықұс (Goura cristata), австралиялық тотықұс (Cacatua leadbeateri), қара какаду (Probosciger aterrimus) және қара тәжді тырна (Balearica pavonina).

ФОТО ХЬЮСТОН ЗООБАҒЫНДА; НЕБРАСКА ШТАТЫ, ОМАХА ҚАЛАСЫНДАҒЫ HENRY DOORLY ЗООБАҒЫНДА ЖӘНЕ ОКЕАНАРИУМЫНДА; АВСТРАЛИЯНЫҢ PARROTS IN PARADISE ҚОРЫҒЫНДА; СИНГАПУРДІҢ JURONG ҚҰСТАР САЯБАҒЫНДА; ОХАЙО ШТАТЫНДАҒЫ КОЛУМБУС ЗООБАҒЫНДА ЖӘНЕ ОКЕАНАРИУМЫНДА ТҮСІРІЛГЕН

Қызылкүрең кардинал, Cardinalis phoeniceus. Солтүстік америкалық «бөлесі» секілді Колумбия мен Венесуэланың қызылкүрең кардиналының сұлулығы да көздің жауын алады. Аталық қауырсындары күрең-қызыл және олар ұзын өткір айдарларын ұдайы тік ұстайды.

ФОТО КОЛУМБИЯНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰСТАР ҚОРЫҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Кемедегінің жаны бір. Құстар өсімдіктерді тозаңдандыруда, жәндіктердің санын реттеуде және ыдырауға ұшыраған өлекселерді жоюда маңызды роль атқарады. «Құстармен біздің тағдырымыз бір, – дейді фотограф Джоэль Сартор «Фото-араша» жобасында, – біз не бір төбеде, не бір шұңқырда боламыз».

Африкалық қозықұмай, Gyps coprotheres. Қозықұмайларды ең сүйкімді құстарға жатқызу қиын, Се-бебі олар жиіркенішті нәрселерді қомағайлана жейді. Бірақ олар болмаса, жұқпалы ауру түрлерінің таралу аумағы кеңейе түсері анық.

ФОТО КОЛОРАДО ШТАТЫ, КОЛОРАДО-СПРИНГС ҚАЛАСЫНДАҒЫ CHEYENNE ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Орнитолог Д. Франзен «NG» журналының 2013 жылғы шілде айындағы санында сайрағыш жыл құстары туралы жазған болатын. Фотограф Д.Сартор «NG» журналының natgeophotoark.org вебсайтындағы «Фото-араша» жобасы үшін әлем жануарларының студиялық суреттерін құрауда.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.


Great Steppe: Aqmola region, Burabay

$
0
0

There are more than 80 lakes surrounded by rocky cliffs and pine forests in this region, and Lake Burabay is the largest.

Legend states that once upon a time, long ago, a king owned a huge (male) camel, so big it was like a mountain. This camel could smell the king’s enemies and tell him where they were. Whenever the king rode on his camel, his enemies would run away. One day, the king’s enemies sent their spies to kill the camel so they could invade the kingdom. The spies succeeded, stabbing the beast to death. However, just before it died, the camel laid down in front of the invaders to stop them from entering the kingdom. Since then, this spot has become known as Burabay Mountain (a bura is a male camel) and a lake on the valley is called Lake Burabay. In recent years, many resorts have been opened here to take advantage of the area’s outstanding natural beauty and clean mountain air.

Zhumbaktas (“Sphinx”), a rocky mushroom-shaped island, rises 20 meters above the lake’s surface in Burabay National Park.

Мұз жұрнағы

$
0
0

Канадада Баффин аралының солтүстік жағалауы мұз бен қарды көгілдір түсті мөлдір көлшіктерге айналдырады. Арктиканың мұз жабыны айтарлықтай тартылып кетті.

Болжам бойынша осы ғасырдың соңына қарай Арктика мұзы Гренландия мен Канадаға дейін қысқармақ. Ал осы аймақтағы ақ аюлар аман қалуы үшін бас сауғалап, қауіп-қатермен бетпе-бет келмек.

Ә дегеннен жантүршігерлік көрініске көзіміз түсті: мұз үстіндегі қарда шашыраған қан жатыр, бәлкім, ол сақиналы итбалықтың қаны шығар. Сәлден кейін ақ аю көрінді. Салмағы 220 килограмнан асатын алып жануардың артынан жалғыз қонжығы еріп барады. Олар қатқан теңіз үстіндегі ұзынша саңылаудан ашық суға сүңги кетті. Санаулы секундтардан кейін судан шығып, біз мінген тікұшақ дауысынан үркіп, мұз-мұз боп қаша жөнелді. Ұзақ жүгіру ақ аюларға зиян болуы мүмкін: май мен түк суықтан жақсы қорғайтындықтан, олардың дене қызуының шамадан тыс көтеріліп кету қауіпі жоғары. Біздің 33 жастағы ұшқышымыз Франсуа Летурно-Клутье тікұшақты жоғары көтергенде ересек аю мен оның қонжығы желістерін баяулатты.

Олардың артынан бірнеше минут ергеннен кейін, Летурно-Клутье тікұшақты шамамен 100 метрдей қашық жердегі мұз бетіне баяу қондырып, қозғалтқышты өшірді. Аналық артқы екі аяғымен тұрып, біз жаққа қарап, ал қонжық болса төрт тағандаған қалпын өзгерткен жоқ. Сәлден кейін біз Хадсон шығанағынан шамамен 1100 шақырым солтүстікке қарай, Баффин аралының (Канада) ең шеткі нүктесінде орналасқан лагерімізге бет алдық.

Тамыздың таңы. Морждар Баффиннің солтүстігіндегі Девон аралының жағалауынан суға секіруде. Олар қоректену үшін 100 метр тереңдікке сүңгиді. Бұл жануар тек теңіз мұзында демалады, құрғақ жер олар үшін қолайсыз саналады.

Бірнеше он жылдықтан кейін мұндай көріністің болуы неғайбыл, жазғы мезгілде тіптен қиын. Планета жылынған сайын, теңіз мұзы мен ондағы жағдайға тамаша бейімделген аюлар, итбалық, морж, кит, арктикалық нәлім, шаянтектестер мен мұз балдырлары Баффиннің айналасынан жойылып кетуі әбден мүмкін. Жер серігі жинаған 1980 жылдардағы деректер жаздың соңында Арктика теңізі мұзының аумағы 7,5 миллион шаршы шақырымға дейін жеткенін көрсеткен. Содан бері 2,5 миллион шаршы шақырымнан астам мұз жойылып кетті. Бұл – шамамен алғанда, Аляска, Техас және Калифорнияны қосқандағы мөлшерге тең аумақ.

Климат модельдері бойынша 2050 жылдарға қарай бар болғаны 520 мың шаршы шақырымға жетер-жетпестей ғана көпжылдық теңіз мұзы қалады деп топшыланады. Аман қалғандары ықшам аймаққа, алыс солтүстікке қарай Гренландия мен Канаданың Элсмир аралының үстіңгі жағына жиналады. Тарылған қоныс арктикалық тұмса табиғат өкілдерінің соңғы мекені болмақ.

«Өмір сүру үшін теңіз мұзын қажет ететін жануарлар жазда сонда жиналады», – дейді National Geographic қоғамының «Ежелгі теңіздер» жобасының жетекшісі Энрик Сала.

Сала мұнда сүңгуірлер мен режиссерлерді ертіп, мұзды әлемнің күйреуі туралы сюжет түсіруге және сол арқылы қиыр солтүстіктегі «соңғы мұзды» сақтап қалуға дәйек жинау мақсатында келді. «Ежелгі теңіздер» жобасын бастағалы он жыл ішінде мұхиттың сегіз миллион шаршы шақырымын қорғауға көмектесті. Алайда мақсаттың үлкені – Канада мен Гренландияның көмегімен Арктика мұзының қалған бөлігін қорғау.

Ақ киттер тобы Баффин аралының солтүстігіндегі Ланкастер Саунд арқылы жүзіп барады. Жаз айларында олар ескі терісін сыпырып тастау үшін қиыршық тасы мен құмы бар таяз жер іздейді.

Оның үстіне бұл кезек күттірмейді. «Арктика басқаларға қарағанда жылдам өзгеріске ұшырауда», – дейді Сала. Мұз кері шегінгендіктен, оның орнын кеме қатынасы, балық аулау және мұнай мен газ өндірісі басып қалуы мүмкін. Егер теңіз мұзы мен ондағы тіршілікті сақтап қалуды көздесек, оны Арктика ресурстарын барлау басталмас бұрын орындауымыз керек. Саланың айтуынша, «Соңғы мұз» жобасы арқылы біз 25 жылға ілгері қараймыз.

Жер серігі түсірген суреттерде және біздің қиялымызда полярлық ландшафт бірқалыпты, яғни бедерсіз ақ құрлықтай, тұрақты және қозғалыссыз көрінеді. Бірақ мұнда көлемді, сеңдей соғылысқан мұздар жел мен ағыс­тардың әсерінен жөңкіліп, Арктиканың бір жағынан келесі бөлігіне жылдарға созылатын сапарға шығады.

«Адамдар Арктикаға мән бермейді, – дейді Барнард колледжі мен Колумбия университетінің теңізтанушысы Стефани Фирман. – Олар мұны мұз таулар тәрізді көреді. Оны берік деп түсініп, еріген кезде тек ернеулері кертіледі деп санайды. Олар мұндағы жағдайдың мүлде басқаша екендігін ойланбайды».

Суы сорғалаған ақ аю «Хадсон» айлағының солтүстігіндегі мұз тақтаға мініп алыпты. Олар итбалықтарды қақпанға түсіру үшін осылай істейді. National Geographic қоғамының жергілікті зерттеу­шісі Энрик Сала аюлардың тарылып бара жатқан мекендеу аймағына алаңдаулы. «Ресей аралдарында қалып, шөп пен теңіз құстарын жеп жүрген аюларды таптық», – дейді ол.

Фирман 2010 жылы Арктиканың жазғы теңіз мұзының ықтимал мекенін анықтау тобының қатарында болды. Бұл жұмыс «Ежелгі теңіздер» жобасының жол табуына көмектесті. Стефани мен оның әріптестері жел мен ағыстардың Арк­тиканың өн бойындағы жөңкілген теңіз мұзын Гренландия мен Канада арктикалық архепелагінің солтүстік жағалауларына қарай әкелетінін анықтады. Жылдан-жылға алып мұздықтар тыныш аймаққа жинала береді. Ондағы мұздардың кейбірінің жасы ондаған жылға жуық және қалыңдығы 25 метрден астам.

Фирман мен оның әріптестері ғасырдың ортасына қарай осы суық айлақ Арктиканың бір жылдық мұзын ғана ұстап тұратынын байқады. Олардың жаңалығы шындықтан алшақ еді. Фирманның айтуынша, кейбір алғашқы климат модельдерінде Арктика мұз жабыны оңтүстік қанаттары бойымен одан әрі шегініп, кейінірек Солтүстік полюстің тура айналасына орын тепкен. «Бұл ақылға қонымсыз. Мұздың тек солтүстік полюске жиналуының себебі жоқ. Ол бір нәрсеге тірелгенге дейін жүрісін тоқтатпайды», – дейді ол.

Алдағы бірнеше он жылдық көлемінде болатын тұрақты азаюға қарамастан, жылдық мұздың ұзынша келген енсіз жолағының осы ғасырдың соңына дейін мұрты бұзылмайды. Егер біз планетаны жылытар жанармайға күнімізді түсірмесек, ол қазіргіден де ұзақ мерзімге, бәлкім, жерді қайта салқындату үшін атмосферадан көміртегін бөліп алуды меңгерген уақытқа дейін шыдас беруі мүмкін.

Ғалымдар теңіз мұзының болжалған уақыттан бұрын таусылып кететінін есептеп шығарды. Олар климат моделін саясатта болашақта ауа райына қатысты өзгеріс болмайды деп жобалады.

Ернеудегі мұз

Арктиканың жыл бойғы мұзы – алдағы бірнеше он жылдықта Канада мен Гренландияның солтүстік жағалауындағы жіңішке ендікті қысқартуға арналған жоба. Жел және мұхит ағыстары мұзды қалыңдатуға көмектеседі.


Арктикада қалған мұз мұзға тәуелді ағзаларға ықшамды орта туғызуы мүмкін. «Егер мұз тоқтаусыз жүзетін болса, онда тіршіліктің қамсыз қалуы мүмкін емес. Негізінде ол Гренландия мен Канаданың жағалауларына барып қайраңдайды», – дейді Фирман.

«Мынау жаңасы», – деді Тео Икуммак біздің лагерьге таяу маңдағы тасты жағалаудағы нәзік жасыл өскінді еңкейе нұсқап. Баффинге таяу аралдың бірі Иглуликті мекен еткен 60 жастағы Икуммак – біздің экспедициямыздың гиді әрі кеңесшісі. Маусымның салқын және тұманды таңы болатын. Бұлт бірнеше күннен бері аспанды торлап алған. Икуммак аюға кездескен жағдайда оны үркіту үшін арқасына мылтық асынып алған. Біз лагерьге жүз шақты метр жердегі құмнан олардың ізін байқадық.

Арктиканың осы бөлігін мекен еткен инуиттердің ауызекі диалектіде биіктігі шамамен бірнеше сантиметр кішкене жасыл өскіннің аты жоқ. Икуммак мұны аймақтағы жер мен өмірдің қалай өзгеруінің мысалы ретінде ғана біледі. Жаяу саяхат кезінде біз қатқыл мұздың мүжілуінен пайда болып, дөңгелене біткен үлкен шұңқырдың жанынан өттік. Икуммак оны: «Жер бетінің жаңа жарасы», – деп атады.

Сол күні шатыр ішінде отырғанда Икуммак кей арктикалық жануарлардың атын айтып берді. Кейбір жануарлардың Арктикаға бейтаныс болғаны соншалық, Икуммак олардың кейбірінің атын да білмейтін болып шықты.

Гренландияның солтүстік-батысында жүрген бұл жігіттің аты – Найман-ңитсоқ Кристиансен. Ақ аюдың терісінен тігілген шалбары оның аңшы екенін білдіреді. Теңіз мұзы жұқарған сайын оның ит жегіп шыққан сапарлары да қауіпті бола түсуде.

Жаһандық жылынудың әсерінен өсімдіктер мен жануарлар түрлері оңтүстіктен солтүстікке қарай қоныс аудара бастады. Фейрбанктегі Аляска университетінің биологі Брендан Кэлли бұл үрдістің одан әрі жылдамдай түсетінін айтады. Арктикадағы тіршілік иелерінің мекендеу аймағы қысқарғандықтан олардың бірқатары бұрынғыдан бетер өзара жақындаса түседі.

«Бүкіл Арктика тіршілік иелерінің гендерінде түбегейлі өзгеріс ықтималдығы жоғары, – дейді Кэлли, – біз суасты сүтқоректілерін зерттеп, 34 түрдің будандасуға мүмкіндігі бар екенін анықтадық». Ғалымдар мына нәрсені әлі түсінген жоқ: суасты сүтқоректілері басқа түр мен басқа класқа ауысқанда да, будандасудың маңызды қажеттілігі саналатын гендегі хромосомалардың санын сақтап қалады.

«Ақырында «бөлек класс» деп атайтын жануарлардың, шындығында, будандасқан ұрпақ әкелуге қабілетті екенін байқайсыз, – дейді Кэл­ли. – Мысалға біз өзгеше класқа жатқызатын Гренландия итбалығы мен құлақты итбалықты келтіруге болады. Бірақ олар табиғатта будандасып жүр. Ақ киттер мен нарвалдардың өзара шағылысуының деректері тіркелген». Ақ пен қоңыр аюдан туған пизлилердің Арктиканы мекен еткеніне біраз болды. Генетикалық зерттеулер ақ аюлардың қоңыр аюлардан бөлініп шығуы 500 мың жыл көлемінде болғанын көрсетті. Жаһандық жылыну екі түрдің қайта қосылуына әкеліп соғуының алдында тұр.

Нарвалдар Баффин аралындағы Ланкастер Саундта ұйығады. Олардың 2,5 метрден аса өсетін сүйірлене біткен азу тісі ондай мүшесі жоқ аналықты таңғалдыруы мүмкін.

«Біз ақ аюларды жоғалтып, олар өздері бөлініп шыққан гризли аюларының геномына сіңіп кетуі әбден мүмкін. Біз экология ғана емес, эволюциялық өзгерістің, расында, жеделдеп бара жатқанын сөз етеміз», – дейді Кэлли.

Кэллидің айтуынша, ақырғы нәтиже айрықша болуы, яғни генетикалық түрлілік қайта келместей жоғалуы ықтимал. Алайда оқиға бұл бағытта өрбімесе де, Арктикадағы тұмса табиғат дағдарысқа ұшырауы әбден мүмкін. «Біз мекендеу аймағын өзгерткеніміз соншалық, қарсы тұратын генетикалық әртүрлілігі болғанына қарамастан оларға уақыт жетпеуі ықтимал». Әлемнің бірегей жануарлары үшін соңғы мұз аймағы тіршілік пен жойылып кету арасындағы өткелге айналуы мүмкін.

«Тыныштықты сезесіз бе?» – деді шатыр­лардың алдында жолыққан Энрик Сала. Біз шығысқа, бірнеше шақырым қашықтықтағы Байлот аралына қарай созылған «Адмиралтейство кеңесі» тар шығанағының қатқан көкжиегіне қарап тұрмыз. Таулар мен мұздықтар басқан, ақ аюлар мен жүз мыңдаған құстың ұясына мекен болған аймақ Гавайидегі ең үлкен аралдан да ауқымды. Күн батып, ауа райы жақсарды, лүп еткен самал жоқ. Бір аптадан астам күткеннен кейін Сала мен оның командасындағы сүңгуірлер Байлоттың батыс жағасына таяу маңдағы шағын аралдардың суын зерттеу­ге құлшыныс танытты. Санаулы аптадан соң балдырлар жан-жаққа тарап, су астында видео түсіру мүмкіндігінің күлі көкке ұшады. Бірақ қазір теңіздегі өмірге жан біте бастағандай.

Норвегиялық арал Спитсбергеннің маңында морждар суға сүңгіп, күйекке түседі. Олардың салқын суда ашық сұр не қоңыр көрінетін терісі жерге шыққанда қызарып кетеді және олардың қаны сыртқы қалың терісінің қабатымен ағады.

Қазіргі таңда әлемдегі ең лас аймақтың бірі – Ресейдің Норильск маңындағы былғанған Сібір мұзы кей кезде Арктикаға дейін жүзіп келеді.

«Нарвалдар, ақ киттер мен ақ аюларды көруіміз – жақсы ырым», – дейді Сан Феликс. Поляр киттері 200 жыл, не одан да ұзақ өмір сүреді. Біз түсіріп алған әнебір төл 2215 жылы да тірі жүруі ықтимал.

«Бұл – бірсарындылықтан ада, соңы немен бітері белгісіз шым-шытырық оқиғаға толы ғажап сапар», – дейді Сала.

Авторы: Тим Фолгер


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Асқақтай бер – азат елдің айбыны!

$
0
0

01

Кез келген мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі – сол елдің ең маңызды мәселелерінің бірі болып саналады. Сондықтан өз әскеріміздің айбынды, қорғанысымыз қуатты болғанда ғана болашағымыздың жарқын болмақ.

1991 жылы қазақ елі КСРО-дан бөлініп шығып, дербес елдің іргесін бекіту, айбынын асыру мақсатында Қарулы күштерін де құруы керек болды. Осыны ескерген  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәл сол жылы «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» деп атап өтуді белгілейтін тиісті заңға қол қойған болатын. Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылуы күннің құрметіне 1992 жылы 7 мамырда сол кездегі астанамыз Алматыдағы Республика алаңында тәуелсіз қазақ елінің тұңғыш әскери парады өткен.

03

Отан қорғаушылар күні 2013 жылға дейін жай ғана кәсіби мереке ретінде атап өтіліп келген болса, мемлекеттік мәртебесін иеленгеннен кейін кең көлемде тойлана бастады. Оған дәлел 2013 жылы Қазақстан ТМД елдері ішінде жауынгерлік парадты алғашқылардың бірі болып өткізген болатын.

Бүгінде еліміздің Қарулы Күштері Құрлықтағы әскер, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күш­тері секілді үш құрылымнан тұрады.

Global Firepower Index жыл сайын жариялайтын рейтингінде 2017 жылы 53 орыннан көрінген Қазақстан әскері биыл қуаты жағынан 50 орынға көтерілді.

Ол тізімде бірінші орынды АҚШ иеленсе, екінші орын Ресейге тиесілі, ал үздік үштікті  Қытай түйіндейді. Көршілес өзбек елінің әскері биыл 39 орыннан көрінді. Былтыр ол елдің қарулы күштері 48 орында тұрған. Рейтингте жалпы 136 мемлекет бар.

Қорыта айтқанда, Қарулы Күш­тері­мізді одан әрі дамыту, заман сұранысына сай жетіл­діру, әскери дайындықты арттыру, сондай-ақ жаһандық қауіп­сіздікті нығайтуға атсалысу үшін мүмкіндіктерді ұлғайту күн тәр­тібінен түспек емес.

Фото: Ерболат Шадрахов

Ягуар патшалығын іздеу

$
0
0

Он айлық ягуар әлемдегі ең үлкен сулы-батпақты мекен – Бразилияның Пантанал аймағындағы бейнекамераның инфрақызыл сәулесіне түсіп қалды. Анасы марғауларын жыртқыштардан қорғап қалу үшін ерте жастан ағашқа өрмелеуді үйретеді.

Солтүстік және Оңтүстік Американың түз тағысы «киелі рух символы» іспетті. Оған тек естелік болып қалу қаупі төніп тұр.

Бақсы Хуан Флорес шәкірттері ягуарлардың рухани әлеміне кіретін «визамды» кішкентай плас­тик тос­тағанмен әкелді. Оның ішіне lamedicina, яғни чакруна жапырақтары, аяуаска сабағының қоңыр тұнбасы мен екі күн бойы қайнатылған екі бөтелке аяуаска сусыны құйылыпты. Бақсы амазониялық жабайы темекі – «мапачо» түтінімен сусынды аластады. Сосын тостағанды толтыра, келушілердің әрқайсысына құйып берді.

Бұл жерге АҚШ, Канада, Испания, Франция, аргентиналық және жергілікті туристерді есептегенде 28 адам келдік. Перудің Амазония алқабындағы шалғай аймақта «Қайнаған өзен» жағалауында тігілген мына күркеден әрқайсысымыздың өз іздегеніміз бар. Біріміз – күйзелістің емін табудан үмітті болсақ, енді біріміз – бағыт-бағдар іздедік. Өзгелері жай ғана басқа әлемді – эзотерикалық бұрышты тамашалағылары келді. Алан Рабинович бұл аумақты: «Ягуарлардың мәдени дәлізі», – деп атайды. Бұл аймақ жануарлардың мекендейтін жерлері мен миграция жолдарын қамтиды. Аланның Panthera табиғат қорғау ұйымы 100 мың ягуарды аман алып қалу үшін және олардың генофондын сақтау мақсатында аталған аймақты қорғауға бар күшін салып жатыр.

Пантаналдағы Трес-Ирмаос өзенінің жағалауында анасы марғауларын еркелетіп отыр. Ягуарлар жылдың кез келген уақытында шағылысып, шамамен жүз күннен кейін 1-ден 4-ке дейін төл әкеледі. Төлдер екі айға толғанда анасы оларды емшектен шығару үшін жаралы жануарларға шабуыл жасатып, аңшылық қабілеттерін шыңдайды.

Гүрілдеп аққан өзеннің жанында емдік сусын ауаға тарап, салқын түнде буы бұрқырап, аспанға көтеріледі. Көмекшілер келгенде тізерлеп отырдым. Бір көмекші маған тостағанды ұсынды, ал екіншісінің қолында бір стакан су болды. Осыдан бірер күн бұрын «Перу» айлағы маңындағы үнемі қызу тіршілік үстіндегі Пукальпа қаласында Дон Хосе Кампос есімді әйгілі бақсының сөзі есіме түсіп, кібіртіктеп қалдым.

1990 жылдары Хуан бақсы негізін қалаған «Майянтуйяку» бақсылар орталығына ягуарлар туралы көбірек зерттеп-білсем деген үмітпен келдім. Әсіресе жануарлардың объективке ілікпейтін аспектілері көбірек қызықтыр­ды. Pantheraonca – Солтүстік және Оңтүстік Американың ең мықты жыртқыштары. Олар – әрі маңғаз, әрі қаһарлы. Өзен жағасындағы мекендерінде де, ну орманда да, ағаштарда да қулықтарына құрық бойламайды. Басқа ірі мысықтармен салыстырсақ, олардың азуы мықтырақ. Ең қызығы, олар өзге мысықтектес­терге қарағанда жемтігін тамағынан емес, бас сүйегінен шап беріп, миына зақым келтіріп, сол мезетте ажал құштырумен ерекшеленеді.

Алайда ягуарлар мыңдаған жыл бойы екіұшты тіршілік кешіп келді. АҚШ-тың оңтүстік-батысынан бастап Аргентинаға де­йінгі тарихи аймақтардың басым бөлігіндегі – Колумбқа дейінгі мәдениеттердің өнері мен археологиясында теңбілшер бейнесі жиі кездеседі. Ольмек, майя, ацтек пен инк тайпалары бұл жыртқышқа құдайдай табынып, ғибадатханаларға, тақтарға, лама сүйегінен жасалған ыдыс тұтқалары мен қасықтарға бұл мысықтың бейнесін қашап салды. Б.з.д. шамамен 900 жылы Перуде өркен жайған «чавин» халқының тоқылған шәлілері мен кебіндерінде ягуардың бейнесі болды. Амазон­ның кей тайпалары оның қанын ішіп, жүрегін жеп, терісін жамылған. Көпшілік «адам ягуарға, ягуар адамға айнала алады» деп сенген. Колумбияның солтүстік-батысындағы Десана үшін ягуар күннің белгісі болған. Ал туканолықтар оның ақырған дауысын жауынмен байланыстырған. Майялық balam сөзі – осы жыртқышпен бірге дін қызметшілері мен сиқыршылардың ортақ атауы. Боливияны мекендеген «моджо» тайпасында бақсылыққа көбіне ягуар шабуылынан аман қалған ер адамдар ие болған.

Перулік бақсы Хуан Флорес «Қайнаған өзеннің» жағасында тұр. Бұрындары тұрғындар қаһарлы ягуарлар мен тылсым күштерден осы жерде бой тасалаған. Бүгінде ол теңбіл мысықтарды тек рухтар әлемінен шақырады. Аяғына оқ тигеннен кейін ол дәстүрлі ем-дом іздей бастап, кейін бақсылық емдеу орталығының негізін қалады.

Тіпті қазірдің өзінде аталған түз тағыларының жартысынан астамы бастапқы мекендерінен ығыстырылса да, ежелден бастау алған осынау жақындықтың заманауи белгілері барлық жерде кездеседі. Мәселен, жыл сайын тамыз ­айында Мексиканың оңтүстік-батысындағы Чилапа-де-Альварез қаласында «Тиграда» атты мереке өтеді.

Ягуар­ бетперделері мен теңбіл костюм киген қала тұрғындары көшелердің бойымен жүріп өтіп, ягуар құдайы – Тепейоллотлға жалбарынып, жауын-шашын мен мол астықтың бітік шыққанын тілейді. Ақырып тұрған бұл сүтқоректінің бейнесін Перудің ең танымал сыраларының қалбырларынан бастап, жағажай сүлгілерінен, футболка, жолдорба, рикшалар, балық дүкендерінен байқауға болады.

Ягуардың екіұшты тіршілігінің ең құпия аспектісі бақсылармен және адам санасының шамадан тыс жай-күйімен байланысты екені анық. Оны жоғарғы Амазония аборигендері психотропты өсімдіктердің көмегімен мыңдаған жыл бойы зерттеп келеді. Жергілікті емшілердің «ауру атаулының себебін және емін рухтардың көмегімен табуға болады» деген наным-сенімінен құралған осынау оккульттік әлемде ягуар – одақтас, қорғаушы, ауру-сырқаудан құтылуға көмектесуші және қара күштерге тойтарыс беретін құдірет болып саналады. Сенім бойынша Амазония ну ормандары мың түрлі рухқа толы жер. Көлдер мен өзендер, жануарлар, сондай-ақ ғаламшардағы таңғажайып осы экожүйені құрайтын 80 мыңға жуық өсімдік ішінде рух бар екеніне жергілікті халық кәміл сенеді. Соның арасында ягуар рухы ең көп айтылады.

Майантуяку орталығы Пукальпа қаласының оңтүстік-батысына қарай 50 шақырым жерде орналасқан. Жақында ғана ранчо қожайындары мұндағы ормандарды отап тастаған көрінеді. Жүк көлігіміз топырақты және қиыршық тасты жолмен жүріп өткенде Андрес Рузо: «Осыдан төрт жыл бұрын мұнда жол болмады», – деді. Биік дөңнің етегінде оропендола құстарының шиқылдаған дауысының жаңғырығы естілетін ағаштардың арасында баспаналар мен қамыс шатыр­лы ғимараттар орналасқан. Рузо жартылай National Geographic қоғамы грантының есебінен қаржыландырылатын Оңтүстік әдістемелік университетінің ғылым кандидаты ретінде жеті жыл бойы «Қайнаған өзенді» зерттеген. Сол кезде ол Майантуяку орталығымен және Хуан бақсымен танысқан. Жерасты құдықтарындағы ысыған су жер қыртыстары арқылы ұзындығы алты шақырым ағысқа қосылады. Оның жартысы (кейбірі шамамен 100°C) суға түскен кез келген тіршілік иесін ажал құштыруы мүмкін.

Колумбияның «Чирибикете» ұлттық саябағындағы 80-нен астам жартас суреттерінде тасқа қашалған ягуарлар бейнесі басым. Оңтүстік Америка ормандарының бірінде орналасқан саябақ аймақтағы әскери қақтығыстар себебінен ондаған жыл бойы жабық болды. Ғалымдар кейбір жануарлардың суреттері мен өзге де белгілер 20 мың жыл бұрын қашалғанын айтады.

Жергілікті тұрғындар бірнеше ұрпақ бойы осынау геологиялық аномалияны «киелі мекеннің белгісі» деп санаған және оған жоламауға тырысады. Себебі судың буын мекендейтін рухтар мен орманды кезіп жүретін тірі ягуарлардан қорқады. Алайда өздерін «балгерміз» деп атайтын адамдар жылдар бойы осында медицинамен айналысып келеді. Балгерлер медициналық ботаниканы «диета» деп аталатын процесс арқылы оқып-үйренді: олар жапырақтардан, тамырдан, ағаш қабықтарынан және сөлден жасалған тұнбаларды тұтынған. Сондай-ақ олардың «оқу бағдарламасы» Амазонияны мекендейтін 70-тен астам байырғы тайпа мен метис мәдениеті рухани өмірінің медициналық түп негізі – аяуаска атты психотропты дәрінің әсеріне негізделді.

Майантуяку орталығындағы екінші кешімізде Рузо фотограф Стив Уинтер екеуімізді Перудегі атақты балгерлердің бірі – Хуан бақсының үйіне ертіп барды. Біз барғанда ол аспалы тор төсекте жатып алып, «мапачо» тартып жатыр екен.

Жасы 67-де болса да, ол сөзге сараң болып шықты. Бірақ өте байсалды, паң кісі екені көрініп тұрды. Испан тіліне жетік. Бірақ оны әңгімеге тарту оңайға түскен жоқ. Оның 14 баласы бар (балалары 13 пен 30 жас аралығында). Біразы Майантуякуда жұмыс істейді. Өзі «Қайнаған өзеннің» шығысына қарай 16 шақырым жерде орналасқан Санта-Роса қыстағында дүниеге келген. Кезінде оның әкесі де бақсы болған. Бір күні әкесі шылымын алмастан, темекі рухының қорғау­ынсыз сыртқа шығып кетіп, үстіне ағаш құлап ажал құшыпты.

Ашанинка тайпасының балгері оны шәкірті етіп қасына алған кезде жасы онда болатын және ол оқуын тоқтатпастан жалғастыра берді. Көптеген тайпаның емшілерімен бірге білімін жетілдірді. Бір күні ол аңшының тұзағына құлап кетіп мылтықтың оғымен тізесін жарақаттап алады. Ауруханаға жеткізілгенге дейін көп қан жоғалтқаны сонша дәрігерлер оның тірі қалатынына күмәнмен қараған. Олар Хуанды балдақсыз жүре алмайтынына сенімді болды.

Мына кайман бір сәтте дәмді қорекке айналды. Мысықтар құрлықта да, суда да, ағашта да аң аулайды. Олардың қорегі 85-тен астам тіршілік иелерінен – бұғы, енеке, қой, іріқара, қабан, маймыл, кеміргіш, тасбақа, армадилло және құстардан құралады.

Бір медбике білгір бақсының өзін-өзі емдей алатынына кәміл сеніп, оны жігерлендірді. Сөйтіп, бір аптадан кейін Хуан балдақтың көмегімен әупірімдеп жүріп Патитеяға барып, тәу етті. Орманның арасымен жүріп өтіп, «Қайнаған өзенге» барса, жағасында ренако ағашының буланған бұтақтары иіліп тұр екен. Сол ағаштың жапырақтарынан сүйекті қатайтатын дәрі-дәрмек жасайды да, күнделікті жағып жүреді. Ал арада бірнеше ай өткенде ол өздігімен жүріп кететіндей жағдайға жетеді. Кейін ол жігерін жаныған әлгі медбикемен шаңырақ көтереді. Екеуі бірігіп ренако ағашының қасында Майан­туя­ку орталығының негізін қалады.

Алайда қазір арада жиырма жылдан астам уақыт өткенде бүкіл аймақ тұрғындарының денсаулығы нашарлап барады. Орманның басым бөлігі оталған немесе жайылым жерлерді кеңейту мақсатында арнайы өртелген. Бүгінде Майантуяку өсімдік сабақтарын Перудің басқа аймақтарынан немесе Бразилиядан импорттайды. 2013 жылы жол салынғанда Хуан бақсы тапқан ренако ағашы «Қайнаған өзенге» құлап, ғұмыры аяқталған.

Уинтер ноутбугін шығарып, үй иесіне Бразилияның Пантанал аймағында түсірілген ягуардың суреттерін көрсетті. Балгер жымиып, қабағы жазылып сала берді. Құдды әулетінің үрім-бұтақтарына қарап отырғандай болды. Өзенге сүңгіп, 70 килолық кайманды аузымен тістеп алып жағаға қарай сүйреген ягуар туралы бейнежазбаны көргенде жас балаша қуанды.

Көрініс аяқталып, Уинтер ноутбуктің бетін жапқанда Хуан бақсы «мапачосын» тұтатып жатты.

«Бұл аймақта соңғы ягуар осыдан екі жыл бұрын өлтірілді», – деді ол. Майантуякудағы адамдардың көбі – Хуанның шәкірттері, айауаска шарабын дайындаған жұмысшылар рәсімдерге шақырылған кезден бөлек ягуар атаулыны өмірлерінде көрмеген. Олар үшін бұл мысық тек рухтар әлемінде тіршілік етеді.

Хуан бақсы рәсімдер кезінде малоканың кіреберісін күзету үшін ягуар рухын жиі шақыр­ғанын айтты. Оның екі түрі болыпты: бірі – «Оторонго» деген атпен белгілі тарғыл ягуармен байланысты болса, екіншісі – анағұрлым сирек кездесетін қара ягуармен байланысты. Хуан оны «янапума» деп атайды. Ол келесі рәсімде оларды шақыратынын айтты.

Хуанның көңіліне тиетін сұрақ қоюға ыңғайсыздандым. Себебі айналадағы біртіндеп ушығып бара жатқан аянышты жағдай айтпаса да түсінікті. Сонда орманда бұл жыртқыш болмаса, оның рухын қалай шақырмақшы?!

«Рухты жоя алмайсың. Дене өлгенмен рух өлмейді», – деді ол.

Пантаналда бір ягуар кайманды қуып барады. National Geographic қоғамының аға зерттеушісі әрі биолог Люк Доллар: «Бұл мысықтардың қорегі суда да жеткілікті. Олар өзен жағасында құдды асханадағы тамақтарға ашкөздене қарап тұрғандай болады», – дейді. Ірі балықты суырып алу үшін суға да сүңги береді.

Әйтсе де, ол ягуардың оралуын тілеп, дұға оқыды. Ол басқа жануарларды бақылауда ұстайтын қырағы аңшыға қарағанда, бұл мысықтың ну орманға молырақ пайда тигізетінін біледі. «Олар – жақсы жануар. Қайтып келер деп үміттенем», – деді сыбырлай.

Тостағандағы аяуаскадан топырақтың дәмі шықты. Меласса сияқты өте дәмді екен. Қалған сусын таратылғанда жарық сөніп, орманда тас түнек орнады. Бұл қараңғылық Пукальпада көрген тор ішіндегі көздері оттай жанған ягуардың сұсты жүзіндей қорқынышты болып көрінді.

Жарты сағаттан кейін Хуан бақсы дәрінің әсер ете бастағанын білдіріп, басқаларымен бірге әртүрлі тілдердің сөздерінен құралған бірсарынды ән – икароны шырқай бастады. Етегі ұзын шапан киген Хуан аяғын айқастырып отырды. Баскиіміне тотықұстың қауырсындары қадалған. Мойнына ұлудың қабыршақтары, хуайруроның қызыл күрең дәндері мен ягуар азу тістерінен тізілген моншақ таққан. Оның әні бөлмені түгел күш-қуатқа бөлегендей болды.

Ешқандай әсер сезбеген келушілер айфондарының жарығымен маэстроның алдына барып екінші тостағанды іше бастады. Хуан бақсы белгілі бір құстардың рухтарын шақыратын ән орындады. Сәлден кейін оның ягуарларды малокаға шақырып жатқанын естідім. Көзімді ашсам, шеңбер бойымен салынған матрастарды айналып жүр екен. Сосын тура менің алдыма келіп отырды.

Мына аталық ягуарды кішкентай кезінде Колумбияның оңтүстігінде контрабандалық жолмен заңсыз сауда нүктесіне жеткізбек болған. Бірақ оларды орта жолдан құзыретті органдар тоқтатқан. Оның енесі іріқараға шабуылдағаннан кейін ажал құшты. Енесінен күресудің айла-тәсілдерін үйренбеген жас мысықты жабайы табиғат аясына жіберуге болмайды. Бүгінде ол Колумбияның Сабана-де-Торрес ауданындағы «Кабилдо Верде» қорығында тіршілік етеді.

Ол маған осыдан біраз уақыт бұрын малоканың кіреберісіне ягуарлардың келіп жайғас­қанын, бірақ көп кідірмегенін айтты. «Олар мұнда бірер минут қана болды. Сосын ну орманға қарай бет алды», – деді.

Өз басым оларды көрмедім. Аяуаска рухтар әлеміндегі ягуарларды да, өзге жануарларды да көруге әсер етпеді.

Алайда алдағы үш сағаттың ішінде көргенім өмірімдегі ұмытылмас сәттердің біріне айналды. Аяуаска сусыны сізді mareación күйіне түсіреді, яғни басыңыз айналады. Мен өзге әлемге, ягуар рухтарының әлеміне енгендей күйге түстім деп айта алмаймын. Есесіне, өсімдіктердің құпия патшалығымен таныс болдым. Сол мезетте адам махаббат пен қайғыны қалай сезінсе, өсімдіктер де кез келген жануарлар сияқты бәрін сезетінін, олардың өте «ақылды», ерекше рухы бар екеніне көзім жетті.

Осылайша, бізден де құдіреті ерекше күшке тап болдым. Ол кез келген тіршілік иесінің ДНҚ-сын басқара алады. Өзгелердің де ән салып, ерекше сезімге бөленгендеріне куә болдым. Малока айналасынан шыққан дауыс­тардан құлақ тұнды. Жақын маңда тұратын перуліктер испан тілінде Әнұран орындады. Олар рәсімдерге аптасына екі-үш рет келіп тұрады. Хуан бақсы мен оның шәкірттерінің әндерін және өмірімде алғаш рет сөзі аз ариялар, көңілді импровизация­лық икаролар тыңдадым.

Таң атқанша көз ілмей дәптерімді шимайладым. Осы бір түннің әдемілігі мен тылсым күшін, қырағылықты, Нью Йорктегі қайнаған тіршілік пен материалистік көзқарасымның ақылға қонымсыздығын түсінген кездегі кеудемді кернеген күлкіні сөзбен айтып жеткізе алмайтынымды білдім. Нью Йорктің табиғаты дегенде егеуқұйрықтар, тарақандар және Орталық саябақтағы санаулы ғана ағаштар елестейді. Таңғы ас кезінде менен кейінгі кілемшеде отырған Хуан бақсының бұрынғы шәкірттерінің бірінің қасына жайғастым. Ол менің сақылдап күлгенімді көргенде «жынданып кетер ме екен» деп қорқып, шылымның түтінімен аластапты. Ал мен оған өзімді бұрын-соңды мұншалық керемет сезінбегенімді айтып жеткізуге тырыстым.

Куяба өзенінің жағасында анасы мен марғау таңғы алагеуімде айналаны торуылдап жүр. Күңгірт жарық аң аулау мүмкіндігін арттырады. Майялықтар «ягуардың рухы күн ұясынан шыққан кезде қара күштермен күреседі» деп сенген. Бүгінде табиғат қорғаушылары ягуарларды аман алып қалу мақсатында браконьерлікпен күресуде.

Әйтсе де, болғанның бәрі қаншалықты шынайы екенін ұғына алмадым. Ғалымдар аяуасканы «галлюциноген» деп есеп­тейді. «Бақсылар адамдарды плацебо арқылы емдейді» деген пікірді ұстанады. Рухтарды тексеру немесе санау мүмкін емес. Осы кезде бір жас канадалық жігіт есіме түсе кетті. Оның аяғы қатерлі ісікке шалдыққан. Бірақ ол ота жасатудан да, сәулемен емдетуден де бас тартты. Өйткені ол өсімдіктерден жасалған дәрілердің және аяуасканың көмегімен аяғынан тік тұрып кететініне сенімді еді.

Сол себеппен рәсімнен кейінгі келесі күні таңсәріде Хуан бақсының «табиғат рухтарға толы» деген сенімі қисынсыз көрінді. Хуан машинаға айналмаған әлемде өмір сүреді. Мен жартастың бойымен сарқырап ағып жатқан өзеннің дыбысын естісем, Хуанға ол басқаша естіледі. Оған кішкентай кезінде өзенге батып кеткен қарындасының ­дауысы естіледі. Арада бірнеше жыл өткенде ол су перісінің кейпінде қайта пайда болыпты.

Оның шынайы емес екенін ешкім тап басып айта алмайды. Бақсы өзінің дәрісі арқылы «малокадағылармен» өзге әлем туралы білімімен бөлісті. Ал біздің оған сену-сенбеуімізді ол өз еркімізге қалдырды.

Еуропа мен Солтүстік Америкадан көптеген адам «Маянтуяку» мен Перудің өзге де орталықтарына өз бойларынан «ягуар рухы» табылып қалар деген үмітпен келеді. Аяуаска сусыны арқылы ягуардың ақырған ­дауысы­ экологиялық симфонияның бір көрінісі екенін ұқтым. Біз көбіне жануарлардың харизматикалық түрлеріне аса мән береміз. Оның ішінде үлкен мысықтарға. Ал олардың бар екенін, қайда тіршілік ететінін және олармен бірге тіршілік ететін мыңдаған тірі ағзаны ұмыт қалдырамыз.

Бірнеше күннен кейін Рузо маған Хуан бақсы шәкірттерінің бірі рәсім кезінде не көргенін баяндап берді. Ол «Қайнаған өзеннің» бір шетінен ягуардың қаңқасын тапқан. Оның аяғы, қабырғалары және бас сүйегі бүлінбей сақталған.

Хуан бақсы қаңқаны ягуардың Маянтуяку айналасындағы орманды бұдан былай қорғай алмайтынының белгісі деп жорыды. Енді бұл орманды сақтап қалу өзінің, Рузоның және ягуардың күші мен кербездігін құрмет тұтатын табиғат жанашырларының қолында!

Авторы: Чип Браун, фото: Стив Уинтер


Чип Браун 2017 ж. қаңтарында шыққан «Гендерлік төңкеріс» нөміріне арнап «Адамзат жаратылысы» мақаласын жазды. Стив Уинтер ягуар түсіру үшін Бразилиядағы Пантанал аймағында жұмыс істеді.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Браконьердің ізін кесу оңай емес

$
0
0

Боливияның Мадиди ұлттық қорығы – ягуарлар мекені саналады. Қорық директоры Маркос Узкиано қара нарықта қытайлықтар тарапынан ягуар тісіне деген сұраныстың артқанын алға тартады.

Қытай инвестициясының артуы кесірінен Боливиядағы ягуарлар қиын жағдайға қалды.

Мадиди – Нью-Джерсидің ауқымына қарағанда шағындау келген, дүние­жүзінде кездесетін барлық құстың 11 пайызы және сүтқоректілердің 200 түрі мекендейтін  қазыналы мекен. «Қызыл ара» құсы төбеңнен төніп, жасыл-көк «ураниалейлус» көбелектері батпақты шалшықты кестедей қаумалаған кезде, бәрінің төбесінен қараған ағаштар көктің бетін жауып тұрғандай болады.

Бұл қорық – Аргентина арқылы АҚШ-тың оңтүстік-шығысына топ ете қалған тарғыл мысықтың, яғни жұмбақ ягуардың мекені. Дегенмен бүгінгі таңда ранчо қожалықтары, фермалар мен заңсыз орман шаруашылығы салдарынан бұл мысықтектес патшалығы тарылып барады. Жабайы мысықтан қорыққан не малын қорғаған шаруалар оларды атып тас­тауда. Қазіргі таңда оларға төнген тағы бір қауіп – браконьерлердің көбеюінде болып отыр.

Бұл апат әсіресе Боливияда анық байқалады. Мұндағы пошта қызметкерлерінің өздері қылмыскерлерден Қытайға жасырын тасымалдамақ болған жүздеген ягуар тісін тәркілеген. Сот ісі бойынша Қытайдың қос азаматы «ягуар саудасымен айналысты» деген айыппен жауап­қа тартылған.

Негізінен, Боливияда ягуар аулау, сату және сатып алу қылмыстық іске жатқызылады. Бұл жыртқыш мүшелерін халықаралық шекара арқылы коммерциялық мақсатта сату да заңсыз. Дегенмен елде заңды айналып өту қиын емес, себебі заңның қолданысы әлсіз, ал тістің бағасы шарықтап тұр, бір тіс 100-200 АҚШ доллары аралығында саудаланады.

Қытайда ягуар тісін жолбарыс тісінің баламасы ретінде көреді. Одан моншақ жасап, әшекей ретінде тағу – дәулеттілік белгісі саналады.

«Адамдар мұны табыс көзіне айналдырып алған, – дейді Боливияның қоршаған ортаны қорғау ұйымының биологі Нуно Негрос, – қылмыскерлер жазадан оңай құтылып кете алатынын біледі».

Бай-бағландар оның тістерін бақ-дәулеттің белгісі ретінде әшекей етіп тағады, не болмаса жын-шайтаннан қорғайтын бойтұмар ретінде пайдаланады. Қытайлықтар арасында ягуарға деген сұраныс жыл санап артып келеді. Тарғыл сүтқоректілерді қорғаумен айналысатын боливиялық Анай Холзманның айтуынша, бүгінгі таңда Қытай мемлекеті мен Боливия арасындағы инвестициялық және инфрақұрылымдық қарым-қатынастың артуына байланысты мұнда Аспанасты елінің жұмысшылары көптеп ағылуда. Сондықтан да онда ягуар саудасы ғана емес, жалпы заңсыз сауданың түр-түрі етек жайған.

Өзен бойымен жүзіп бара жатып, қайығына толтыра банан артып алған жергілікті тұрғынға кезігіп қалдық. Біраз әңгімелескен соң Мадиди директоры Маркос Узкиано әңгімені ягуар тақырыбына бұрды.

«Былтыр ауылымызға әлдебір қытай азаматы келіп, ягуар тісі мен басын іздеп жүргенін айтты», – деді ол.

Заңсыз сауда Боливиямен шектеліп қалмайды. Икитос пен Перудің тысқары аймақтарында тұрғындар өздері өлтірген ягуар терісін сатады. Олардың айтуынша, қытай азаматтары жылына бір рет жыртқыштың азу тісін сатып алады екен.

Артынша Узкиано жақын маңдағы көрші ауылдардағы ранчоларды аралап жүрген қытай жігіті сол айтылған адам болуы мүмкін деп топшылады. Қылмыскер ранчо иелеріне атылған ягуар тісі мен сүйегі үшін ақша ұсынған. Өкінішке қарай, Узкианоның құзыреті тек қорық ішінде ғана жүреді.

Боливияның лауазымды тұлғалары заңсыз ягуар саудасына алаңдаушылық танытқанымен, табиғат жанашырларының, ғалымдар мен мемлекеттік қызметкерлердің айтуынша, олардың осы күнге дейінгі әрекеттері нәтижесіз болып келген.

«Меніңше, мемлекеттің күресуі жеткіліксіз, – дейді заңсыз ягуар саудасының жолын кесумен айналысқан Боливия биологиялық тіршілік департаментінің биологі Анжела Нюнез, – мемлекет өзінің саяси пайдасын бірінші орынға қояды. Боливияның негізгі мақсаты – Қытаймен жақсы қарым-қатынас орнату сияқты».

2014 жылы полиция Жавин деген атпен танылған қытай азаматы Ян Ишингтің үйінен ягуар тістері мен бастарын тапқан болатын. Үш жылдан кейін-ақ ол кепілдік төлеп, бос­тандыққа шықты.

Ғалымдар Боливияны мекендейтін бар-жоғы 4000-7000 шақты ягуарды сақтап қалуға әлі де кеш емес деп сенеді. Ол үшін мемлекет қылмыспен табанды әрі үйлестірілген түрде күресумен қатар, қытай компанияларымен тығыз әрекет етуге тиіс және заң бұзушыларды уақтылы жазалап отыруы қажет.

Авторы: Ракл Бейл, фото: Кристиан Родригес


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Жақсы мен жаман ғылымы

$
0
0

Музыкалық фестиваль кезінде жартылай автоматты винтовкамен қаруланған ер адам қонақүйдің 32-қабатынан мыңдаған оқ жаудырды. 2011 жылдан бері адамдарға жаппай оқ ату жиілеп кетті.

Адамдардың мейірімді немесе қатыгез болуы неліктен?

Иллинойс штатының Оберн қаласындағы жылжымалы үйіндегі ас бөлме терезесінен Эшли Олдридж шамамен 100 метр қашықтықтан теміржол өткелін анық көрді.

Он тоғыз жастағы ана екі баласына түскі асын беріп жатып қоларбаға таңылған бір ер адамды көрді. Ол орнынан қозғала алмайды. Сөйт­се, арба дөңгелегі рельстердің арасына қысылып қалыпты. Қоларбаға таңылған әлгі адам жанынан мотоцикл мен екі бірдей көлік тоқтамай өтіп кетсе де, көмек сұрауын тоқтатпады.

Олдридж жанталаса көршісіне жүгіріп барып балаларына қарай тұруын өтінді. Сол сәтте по­йыздың тақ-тұқ еткен дыбысын естіп, кедергінің жабылғанын көрді. Ол жалаңаяқ қиыршық тастың үстімен жүгіріп келеді. Ер адамның қасына жеткенде пойыз сағатына шамамен 125 шақ. жылдамдықпен жүйт­кіп келе жатты. Қоларбаны қозғалта алмаған Олдридж мүгедек ер адамды арт жағынан – кеудесінен құшақтап көтермек болды. Бірақ шамасы келмеді. Пойыз таяқ тастам жерге тақағанда Олдридж оны бар күшімен орнынан жұлып алып, артқа серпіліп қалды. По­йыз қас-қағым сәтте қоларбаның күл-паршасын шығарып, болат пен пластик сынықтарын бір шақырымға дейін сүйретіп әкетіп бара жатты.

2015 жылдың қыркүйегінде Олдридж құтқарған адам оған мүлде бейтаныс болатын. Олдридждің оны құтқаруға деген нық шешімі өзгелерден ерекше екенін көрсетеді. Оның бұл ерлігі – ғалымдардың «асқан альтруизм» деп аталатын құбылыстың, яғни өз басына қауіп төнгеніне қарамастан, туыстық қатысы жоқ адамға риясыз көмектесудің бір мысалы. «Мұндай батырлардың көбінің жұмысы өзгелерді қорғаумен байланысты болатыны заңдылық», – дейді олар. Солардың қатарында Рик Бест, Талиесин Намкай-Мече және Мика Флетчер бар. Олар Орегон штатының Портленд қаласында жүріп бара жатқан пойыздағы екі жас келіншекті (біреуі хиджаб киген) мұсылманша киінгені үшін ғана зорлық көрсеткен ер адамнан қорғап, араша түсті. Үшеуі де пышақталды. Олардың ішінде Флетчер ғана аман қалған.

Коннектикут штатындағы Ньютаун қаласында атыс кезінде 27 адам қаза тапты. Шабуылшы өзінің анасын да өлтірді. Ғимарат сүріліп, орнына басқасы салынды. Бұрынғы мектептің ізі де қалған жоқ.

14.12.2012 | Сэнди Хук мектебі | 27-сі көз жұмып, 2-еуі жараланды


Осынау игі істерді адам баласы жасайтын қорқынышты әрекеттермен салыстырыңыз: өлтіру, зорлау, ұрлау, азаптау. Қазан айында Невада штатының Лас-Вегас қаласында өткен кантри музыка фестивалі кезінде әлдебіреу Mandalay Bay қонақүйінің 32-қабатынан оқ жау­дырған қанды қырғын оқиғасы болғаннан ке­йін үш апта өткенде 58 адамның қаза тапқаны және 546 адамның жараланғаны белгілі болды. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары мұндай жан түршіктірер оқиғалар жиілеп кетті. Адамдар айтса нанғысыз қатыгездікке баратын болды.

Асқан альтруистер мен психопаттар біздің ең жақсы және ең нашар түйсіктерімізді бейнелейді. Бір басында – біз жақсы деп санайтын моральдық спектр, кеңпейілділік және басқа да жағымды қасиеттер болса, екінші басында – біз жаман деп танитын өзімшілдік, қатыгездік және деструктивті импульстер. Зерттеушілердің айтуынша, мінез-құлықтың екі типінің түп негізі – біз жүріп өткен эволюциялық жолда жатыр. Олар адам баласының аман қалу үшін үлкен әлеуметтік топтармен қоян-қолтық араласуы нәтижесінде бір-біріне қол ұшын беруге құлшыныс пайда болды деп болжайды. Алайда топтар ресурстар үшін бақталасқандықтан қарсыластарын өлтіруге мәжбүр болды. Чикаго университетінің әлеу­меттік нейрологі Джеан Дисети: «Біз – жер бетіндегі әлеуметтік маңызы жоғары тіршілік иелеріміз. Сондай-ақ жер бетіндегі ең қатыгез түрміз. Біз – екіжүздіміз», – дейді.

Алайда соңғы он жылдықта ғалымдар жақсылық пен жамандыққа не түрткі болатыны туралы көптеген ғылыми жаңалық ашқан. Ғылыми жұмыстардың қорытындысына сенсек, оның екеуі де эмоционалды жай-күйге тікелей байланысты екені анықталған. Мәселен, ми «эмпатия» деп аталатын күйге түссе, ондай адам басқалардың көңіл күйі қандай екенін сезіне алатын болады. Зерттеушілер эмпатияның жүрегімізде жанашырлық сезімін тудырып, қиындыққа тап болған адамдарға көмектесуге итермелейтін күшке ие екенін анықтаған. Ал эмпатия сезімі жоғалған жағдайда адамдар арасында зорлық-зомбылық жиілеп, психопатикалық және қоғамға қарсы қылмыстар саны артатынын, ол жүйке жүйесінің ауытқуына себепкер болатынын көрсетті.

11.09.2001 АҚШ-та болған жан түршіктірер террористік шабуылдардың бірінде ДАИШ өкілі түнгі клубты нысанаға алды. Арада бір жыл өткенде аза тұтушылар қайғылы оқиға орын алған жерге қайта келді.

12.05.2016 | Орландо, Флорида | 49-ы көз жұмып, 53-і жараланды


Бір кездері ғалымдар бүлдіршіндерді өзгелердің жағдайына бас қатырмайды деп ойлап келген. Алайда соңғы зерттеулер нәресте бір жасқа толмай жатып-ақ оның бойында жанашырлық сезімі пайда болатынын дәлелдеген. Иерусалимдегі Еврей университетінің психологі Мааян Давидов пен оның әріптестері осы мәселеге қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізгенде балалардың қиын жағдайға тап болған адамды көргенде қалай әрекет ететінін ұзақ бақылаған. Зерттеу нәтижесі көптеген нәресте тіпті алты айға толмай жатып-ақ, мұңды ке­йіпке енгендерге өз тілінде жауап қататынын анықтаған. Ал бір жарым жастағы сәбилер өздерінің жанашырлық сезімдерін көбіне құшақтау арқылы білдіреді екен.

Алайда мұндай сезім барлық балада бола бермейді. Ғалымдардың айтуынша, кей сәбилер екі жасынан бастап өзгелердің жағдайына немқұрайды қарайды екен. Висконсин-Мэдисон университетінің зерттеушісі Кэролин Зан-Вакслер: «Адамдар бір жерін ауыртып немесе жарақаттап алғанын айтқанда кей бала оларды мазақтап күледі немесе айыптайды. «Еш жеріңді жарақаттаған жоқсың. Абай болуың керек еді» деп өздерін кінәлап шыққан», – дейді. Бұл сәбилерді жасөспірімдік кезеңге дейін зерттеген Зан-Вакслер мен оның әріптесі, Колорадо Боулдер университетінің психологі Су Хьюн Ри олар туралы «қоғамға қарсы шығуға және әр нәрсеге ұрынуға бейім тұрады» деген қорытындыға келген.

Зерттеушілер жасөспірімдер бойындағы қатыгездік пен немқұрайдылықты «сыналушы теріс әрекет жасағанда өзін кінәлі сезіне ме, жоқ па» деген сұрақтармен өлшеді. «Немқұрайдылық», «қатыгездік» секілді жаман қасиеттерге ие балалар жиі бұзақылық жасайды. Ғалымдар осындай жасөспірімдердің кейбірі ақыр соңында ауыр қылмыстарға баратынын анықтады. Ондай балалардың бірі – ересектер сияқты психопатқа айналса, екіншілері – адам өліміне селт етпейтін тасжүрек болып қалыптасады.

Ақ нәсілді әсіреұлтшылдар афро-америкалық Джеймс Бирдті көлікке байлап, осы жолдың бойымен сүйретіп өлтірген. Бирдтің дене мүшелері табылған жерлер шеңбермен белгіленді.

07.05.1998 | Хафф Крик-Роуд,Джаспер, Техас | 1 адам көз жұмды


Эмпатияның жетіспеуін нәрестелік шақтан бастап психопатикалық мінез-құлық негізінде анықтау мүмкін болатын болса, зұлымдық тұқым қуалау арқылы беріле ме? «Иә» немесе «жоқ» деп шорт кесіп айта алмаймыз. Себебі оған көптеген ауру сияқты тұқым қуа­лаудың да, қоршаған ортаның да әсері бар екені анық. Ал егіздерге жүргізілген зерттеу жұмыстары кейбір бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің бойындағы қатыгездік пен немқұрайдылық қасиеттері ген арқылы берілетінін көрсетті. Дей тұрғанмен, зерттеу­шілер қоғамға жат мінез-құлыққа ие әйелдерден туған 561 сәбиге жүргізілген зерттеу нәтижесінде, берекесі қашқан отбасында тәрбиеленгендерге қарағанда, өгей ата-ана қолында өскен балалардың бойынан қатыгездік пен немқұрайдылық анағұрлым сирек байқалатыны анықталған.

Жанашырлықтан жұрдай балалардың қоғамға бейімделіп кетуі өте қиын. Зерттеуші психолог Есси Видинг: «Егер балаңыз әдеттегі дамып келе жатқан бала сияқты қасындағы адамды бауырына басып, жанашырлық танытпаса, бұл жақсы белгі емес. Әрине, ондай балалардың көбі өздерінің биологиялық отбасында-ақ тәрбиеленеді. Тек олар үшін бала тәрбиесі туралы білімі таяз, мейірімнен жұрдай, эмоцияларын тізгіндей алмайтын ата-ананың қолында өсу екі есе ауыр соққы болып тиеді», – дейді.

2012 жылдың мамыр айында Англияның Дерби қаласында таңсәріде өрт сөндірушілер жанып жатқан үйден Филпот әулетінің алты бірдей баласын құтқаруға жанталасты. Бірақ құтқарушылар балалар ұйықтап жатқан жоғарғы қабатқа жеткенде бір ғана баланың әлі тірі екенін көреді. Өкінішке қарай, екі күннен кейін ол да ауруханада көз жұмды. Полиция үй қасақана өртелген деп санады.


Мика Флетчер

БӨТЕН АДАМДАРҒА АРАША ТҮСУ

Флетчер мен өзге екі ер адам Портленд қаласында жүріп бара жатқан пойыздағы екі мұсылман келіншекті (біреуі хиджаб киген) діни сенімі үшін зорлық көрсеткен ер адамнан қорғап қалған. Сол кезде бұзақы үшеуіне де пышақ сұғып алды. Екеуі тіл тартпай кетті. Ал Флетчер мойнынан ауыр жарақат алды. Ол инстинктивті түрде әйелдерді арашалауға жүгіре жөнелгенін айтты. Ол: «Егер қоғам ынтымақты болса, бір-біріне қорған бола білуі тиіс», – дейді.


Дерби тұрғындары балалардың әке-шешесі – Мик пен Мейрид Филпотқа жерлеу рәсіміне ақша жинап берді. Баспасөз конференциясында Филпот адамдарға алғысын айтып, еңіреп жылап, көзін сүрте берді. Ең қызығы, ол кезде оның беторамалы құп-құрғақ болатын. Дербишир графтығының бас уәкілі оның іс-әрекетінің жасандылығына таңғала қарап қалады. Он сегіз күннен кейін полиция Филпот пен оның әйелін тұтқындайды. Тергеушілер Миктің көңілдесін кінәлі етіп көрсету мақсатында ­әйелі және сыбайласымен бірігіп үйді әдейі өртегендерін анықтаған. Сот үшеуін де «байқаусыз адам өлтіру» деген баппен кінәлі деп тапты.

Филпоттың қайғырған және өкінген ке­йіп танытуы – психопаттарға тән мінездемелердің бірі. Психопаттар эмоционалды көрінуге тырысқанымен, өзгелердің сезімдеріне немқұрайды қарайды. Нейролог–ғалым Кент Киль: «Олар өзгелердің жанашырлығын, кінәсін немесе өкінішін мүлде бағалай алмайды. Мұндай адамдар басқалардан қатты ерекшеленеді», – дейді.

 


Финеас Гейдж және алдыңғы ми

МИДЫҢ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІНІН МЕҢГЕРУ

1848 жылы болған жарылыс кезінде теміржолшы Гейдждің (сол жақта) миының сол жақ бөлігіне темір кіріп кетті. Сауыққан соң бұрынғы ақжарқын және ізетті кейіпінен айырылды. Канадада алдыңғы миында ісік пайда болған науқас та осындай өзгеріске тап болды. 2016 жылы оның әйелі Шербрук университетінің медициналық тобына: «Жұбайымды қайтарып бергендеріңізге рахмет», – деп алғысын жаудырды. Оның МРТ суреттері (жоғарыда) отаға дейінгі және одан кейінгі кезін көрсетеді.


Зерттеушілер эмпатияның адамгершілікке итермелейтін күш екенін анықтады.


Киль мен оның әріптестері 2007 жылдан бері 4000-нан астам тұтқынды тіркеп, олардың миындағы белсенділікті зерттеп, ми бөліктерінің көлемін өлшеген.

Психопат қылмыскерлердің миындағы эмоциялық процестің негізгі сүзгісі – мишық бадамшасында психопат емес тұтқындармен салыстырғанда, белсенділік өте төмен болып шыққан. Ондай құбылыстар әсіресе «қайғыру» және «тұнжырау» сияқты эмоция­лық күй орнағанда барып көрініс табады. Зерттеушілер шешім қабылдау қабілетін тексеру арқылы тұтқындардан экрандағы суреттердің қаншалықты жағымсыз екенін сұрайды. Мәселен, қан-жоса болған адам беті. Екі тарап та суреттердегі зорлық-зомбылықты сезінгендерімен, психопаттардың миында моральдық құндылықтарды байқау процесі баяу жүретіні байқалған.

«Басқа тұтқындармен салыстырғанда жоғары деңгейлі психопатогенді қасиеттерге ие тұлғалардың ми құрылысында сұр зат шамамен 5-7%-ға аз», – дейді Киль. Психопаттар осы жетіспеушіліктің орнын толтыру үшін, яғни эмоциялық күй таныту үшін мидың басқа бөліктерін пайдаланады.


Кент Киль

ПСИХОПАТТАРДЫҢ МИЫН ЗЕРТТЕУ

Нью-Мексико университетінің нейролог-ғалымы Киль психопаттардың миларынан ауытқулар байқады. Ол 4000-нан астам тұтқынның миын сканерлеп, мидың көлемдерімен бірге олардың белсенділігін өлшеді. Оның айтуынша, психопаттардың ми құрылысының эмоцияны басқаруға, шешім қабылдауға, импульстерді бақылауда ауытқу болады.


Джорджтаун университетінің психологі Эбигейл Марш 19 жасында жолда итті басып кетпес үшін көлігін кілт бұрып, көлік басқаруға келмей қарсы бетке шығуға шақ қалған. Марш қозғалтқышты қоса да алмай, әрі сырт­қа шығуға да қорқып отырып қалды. Бір кезде бір ер кісі көлігін тоқтата сала Эбигейл жаққа қарай жүгіріп келді де оған көлікті жүргізуге көмектесті. «Ол тәуекел етіп көліктердің арасымен жүгіріп өтті. Оның бар ойы маған қол ұшын созу еді. Мұны басқаша түсіндіре алмайсыз. Қалайша адам осындай көзсіз ерлікке барады екен?!» – дейді Марш.

Оны «көпір үстінде жүргізушінің альтруистік қадамға баруы психопатияға қарама-қайшы қасиет емес пе екен» деген сұрақ мазалады. Сөйтіп, ол зерттеу жүргізу мақсатында бірыңғай мейірімді адамдар тобын іздеп, альтруист бүйрек донорлары зерттеу тақырыбына дәл сәйкес келеді деп шешті. Олар – бүйрегін бөтен адамға беруді таңдаған адамдар. Тіпті кейде қаржылық шығындарды өздері көтеріп алып жатады.

Марш пен оның әріптестері бүкіл ел бойынша 19 донор тауып, зерттеу жүргізді. Зерттеу­шілер донарлардың әрқайсысына алуан түрлі бет-әлпеттің ақ-қара түсті суреттерін көрсетті. Олардың бір бөлігі қорқынышты бейнелесе, енді бірі – ашу-ызаға толы. Басқалары бейтарап болды. Дәл сол сәтте МРТ аппаратының көмегімен донорлардың миларындағы белсенділік пен мидың құрылымы анықталды.


«Мендота» жасөспірімдерді емдеу орталығы

САНАНЫ ЖАҚСЫҒА БАУЛУ

Висконсиндегі қатыгез жасөспірімдерге арналған орталық жастарды қылмыскер атанудан құтқаруға бағытталған. Балалар келесі күні күнделікті тәртіптеріне сай мүмкіндіктерге ие болады. Мәселен, бейнеойын ойнауға рұқсат алу. Бұл тәсіл балаларға әр тәулік сайын тәртіптерін түзеуге мүмкіндік береді. Мына суретте ер бала бір жыл ішінде жинаған ұпайларын көрсетіп тұр.


Бақылау тобымен салыстырсақ, донорлар үрейге толы бет-әлпеттерді көргенде оң жақ мишық бадамшаларында көбірек жауап қайтарылды. Басқа сынақта зерттеу­шілер олардың оң жақ мишық бадамшалары өзгелердікінен орташа алғанда 8%-ға үлкенірек екенін байқайды. Ал одан бұрын психопат адамдарға жүргізілген осындай зерттеулер керісінше нәтиже көрсеткен. Психопаттардың миларындағы мишық бадамшалары кішірек және бақылау тобымен салыстырғанда, белсенділігі төмен болды.

Марш мұны: «Үрейге толы бет-әлпеттер ­уайым мен қамқорлық сезімін тудырады. Егер бұл көрініс сізді селт еткізбесе, өзге адамдарға жаныңыз ашуы неғайбіл. Альтруист донорлар өзгелердің қайғысы мен қорқынышына сезімтал келеді. Бәлкім, мишық бадамшалары орташа деңгейден үлкенірек болғандықтан болар», – деп түсіндіреді.


Мисси Юинг

МӘРТТІК ДЕП ОСЫНЫ АЙТ

Күйеуі секілді Юинг те өзінің бүйрегін бөтен адамға сыйлады. Оның жалғыз марапаты – осындай құрбандыққа барудан алған керемет әсер. Ол қамқорлық пен мейірімге бөленіп өскендіктен осындай сый жасағанын айтады. Зерттеушілер Юинг сияқты альтруист донорлардың мишық бадамшаларының ірі екенін анықтаған. Ол өзгелердің сезіміне бей-жай қарамауға көмектеседі.


Әлемдегі адамдардың басым бөлігі асқан альтруист те, психопат та емес. Көпшілік зорлық-зомбылық әрекеттерге бармайды. Дей тұрғанмен геноцид (адамдарды жаппай қыру) және көптеген адамның немқұрайдылығы әлі де бар. Этникалық, ұлттық, нәсілдік және діни бағытта құрылған әлеуметтік топтар әлі күнге дейін өзге топтарға қысым көрсетіп келеді. Газ камераларымен миллиондаған еврейдің көзін жойған нацистік Германия, өлім алаңдарында камбоджиялықтарды қырған коммунист кхмер­лер, Руандада мачетелерімен тутсис пен кішігірім хуту тайпаларының жүз мыңдаған адамын ажал құштырған хуту экстремистері және Ирактағы езидтерді жаппай қырған террористер. Бұл – әлемнің кез келген аймағы геноцидтен зардап деген сөз.

Психолог Стэнли Милграм жүргізген тәжірибелер арқылы адам санасының қаншалық таяз не терең екенін жартылай түсінуге болады. Бұл зерттеуде сұрақтарға дұрыс жауап бермеген адамды тоқпен қинады және әрбір қате жауап үшін тоқ қуаты арттырылды. Зертхана қызметкерін нұқыған кезде ол тоқтың қуа­тын адам өміріне қауіпті деңгейге дейін арттырып отырды. Алайда ол шынайы емес еді. Субъектілердің құлағына шалынған жылаған дауыстар алдын ала жазылған болатын. Бірақ олар мұны кейін білді. Бұл зерттеулер Милграм сипаттаған «ересектердің қолында билік бар адамның бұйрығын негізге ала отырып, кез келген әрекетке бару» қасиетін көрсетті.

Жаппай қырудың алдын алу мақсатында құрылған Genocide Watch коммерциялық емес ұйымның негізін қалаушы Грегори Стэнтон басқа ақыл-есі дұрыс адамдарды қолын қанға бояуға итермелейтін кезеңдерді анықтады. Демагог көшбасшылар нысанаға ілінген топты «өзге» деп танып, оны қолдаушылардың мақсат-мүддесіне қауіп төндіреді деп есептегенде бірінші кезең басталады. Оның артынан дискриминация пайда болады. Көп ұзамай көшбасшылар өздерінің нысаналарын «адам болуға тұрғысыз» деп танып, топ ішіндегі «өзгелерге» деген жанашырлық сезімін жояды.


Энтони Чавез

ӨЗГЕЛЕРДІҢ ӨМІРІН САҚТАУ

Чавез Лас-Вегастағы музыкалық фестиваль кезінде сүйіктісі Дейана Торрес екеуінің оқтың астында қалғанын түсінді. Содан кейін бұрынырақ танысқан келушімен бетпе-бет кездесіп қалды. «Көздеріміз түйісе қалды. Оған көмектесу керектігін білдім», – дейді ол. Сөйтіп, Чавез сол әйелді және қорқыныштан қол-аяқтары сіресіп қалған бірнеше адамды қоршауға қарай итеріп, аман алып қалды.


Уильям Рамирез

НАР ТӘУЕКЕЛ

Қайықтарды жуумен айналысатын Рамирез жұмысына бара жатқанда майамилік полицейді автоматынан оқ жаудырған адамнан құтқарып қалды. Ол көлігімен полицей мен оқ атушының ортасына тоқтай қалып, есікті ашты. Полицей секіріп мінді. Sun Sentinel газетіне берген сұхбатында: «Ештеңе істеместен өте шығуға дәтім шыдамады», – дейді.


Самер Аттар

СОҒЫС ҚҰРБАНДАРЫН ЕМДЕУ

Чикаголық ортопед-хирург Аттар Иракта, Иорданияда және Сирияда жараланғандарды емдеуге ерікті ретінде қатысты. Ол басқалардың өмірін сақтап қалуды басты орынға қойды. 2016 жылы Алеппо қоршауға алынғанда ол елден кеткен соңғы америкалық дәрігер болды. «Мен қаһарман емеспін. Есесіне, айналамда кілең сондай адамдар болды», – деп жазды.


Эшли Олдридж

ҚОРҚЫНЫШҚА ҚАРСЫ ТҰРУ

Екі баланың анасы Олдридж қоларбасы рельстердің арасына қысылып қалған ер адамды құтқару үшін жалаңаяқ жүгірген. Пойыз келіп жеткенше әлгі адамды қоларбадан суырып алды. «Өзімді батырмын деп есептемеймін. Бірақ балаларым мені қаһарман деп біледі. Егер оның орнында менің атам болса басқалар да мен сияқты көмектесер еді деген ойдамын», – дейді.


Келесі кезеңде қоғам поляризацияланады. «Геноцидті жоспарлағандар «сен не бізбен біргесің, не бізге қарсысың» деп айтады», – дейді Стэнтон. Артынша дайындық кезеңі басталады. Кейде аут-топтың мүшелері гетто немесе концентрациялық лагерьлерге көшуге мәжбүр болады. Сөйтіп, жаппай қырғын басталады.

Қылмыскерлердің көбі өкіну сезімінен жұрдай. Бірақ оның себебі психопатогенді қанішерлер сияқты сезіне алмауында емес. Олар адам өлтіруді оңтайландырудың жолдарын таба біледі. Геноцид зерттеушісі Джеймс Уоллер айуандық жасағандары үшін тұтқындалған немесе айыпталған хуту тайпасының көптеген адамымен тілдескенде адам санасының ұғыну және сорақы іс-әрекеттерді ақтай алатын сенгісіз қабілетін байқағанын атап өтеді. Оның айтуынша, аталған адамдар өз қылмыстарын: «Мұны істемегенімде, әлгі балалар есейген соң қайтып келіп мені өлтіретін еді. Олар аман қалу үшін осындай қадамға баруға мәжбүр болдым», – деп түсіндіреді.

Біздің бойымыздағы жанашырлық сезімі және оны өзгелерге таныту туа біткен болуы мүмкін. Бірақ оның өзгеріске ұшырайтыны анық. Сондай-ақ бала кезден бастап өзгермейді деп танылған психопатикалық және қоғамға жат мінез-құлықтар сол күйінде қалады деген түсінік – қате. Соңғы жылдары зерттеушілер жауыздықтың алдын алудың мүмкіндігін және біздің позитивті әлеуметтік түйсіктерімізді нығайтудың жолдарын көрсетті.


Джереми Ричман

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУДЫҢ ЖОЛДАРЫН ІЗДЕУ

 

Ричман басқа адамдардың мұндай ауыр қасіретке тап болуына жол бермеу мақсатында Сэнди Хук мектебінде болған атыс кезінде оққа ұшқан Авьелле есімді алты жасар қызының атынан қор құрды. Бұл қор зорлық-зомбылықты ауру ретінде емдеуді мақсат тұтатын миға қатысты зерттеулерді қолдайды. Ол жабылып қалған Fairfield Hills ауруханасының (жоғарыда) іргесінде орналасқан.


Қатігез жасөспірім ұлдарды өмір бойы қылмыскер болудан құтқару мақсатында Висконсиндегі «Мендота жасөспірімдерді сауықтыру орталығында» зерттеу жүргізілді. Бұл мекемеге ауыр қылмыс жасаған балалар түседі. Бірақ оны түрмеден гөрі психиатриялық бөлім деп атаған дұрысырақ. Орталыққа жіберілген жасөспірімдер ұзын-сонар қылмыстық оқиғаларымен келеді. Бөлімнің бас психологі Майкл Калдуэл: «Олар – негізінен, адам қатарынан шығып қалғандар. Ешкіммен байланысы жоқ және айналасындағыларды дұшпан ретінде көреді», – дейді.

Бұл орталық балалардың агрессивті және қоғамға жат мінез-құлықтарына қарамастан, олармен қарым-қатынас орнатуға тырысады. Мекеме қызметкерлері қылмыскерге адамгершілікпен қарайды. Балалар күн сайын тәртіптеріне сай бағаларын алса, келесі күні жоғарғы мүмкіндіктерге ие болып жатады. Мәселен, бейнеойын ойнау. Ал біреумен төбелесіп, төмен баға алса, ондай мүмкіндіктерден айырылады. Бұзықтық үшін жазалауға емес, үлгілі тәртіп үшін марапаттауға аса мән беріледі. Бұл мекеме көптеген түзету орталығынан осынысымен ерекшеленеді. Орталық директоры Грег Ван Риброек: «Уақыт өте келе балалардың тәртібі түзеле бастайды», – дейді.

Олардың өз эмоцияларын басқарып және зорлық-зомбылық импульстерін қадағалай білу қабілеттері Мендотадан кеткеннен ке­йін де жойылмайды. Мұндағы бағдарлама бо­йынша емделген жасөспірімдер бостандыққа шыққаннан кейін 2-6 жыл аралығында басқа жерлерде емделгендермен салыстырғанда анағұрлым аз қылмыс жасаған. «Біз ешқандай сиқыр жасамаймыз. Есесіне, әлемге жастардың көзімен қарайтын жүйе құрдық және олардың теріс көзқарасын әділетті түрде біртіндеп жою­ға тырысып жатырмыз», – дейді Ван Риброек.


Сью Клиболд және Кони Сандерс

ҚАЙҒЫНЫ БӨЛІСУ

Сью (сол жақта) 1999 жылы Колорадодағы Колумбайн орта мектебінде оқушыларға оқ жаудырып, кейін өздерін атып тастаған қос жасөспірімнің бірі – Дилан Клиболдтың анасы. Ол «Ананың күнделігі» атты кітабында басынан өткен жағдайды баяндайды. Сонымен қатар сауықтыру орталықтарының қайырымдылық қорларына ақша аударып отырады. Ол Сандерске (оң жақта) туған анасындай болып кетті. Сандерс­тің әкесі қанды қырғын кезінде қаза тапқан.


Соңғы он жыл ішінде зерттеушілер миымыз­дың әлеуметтік жағына қатысты бөлігі егде жаста да құбылып тұратынын, мейірімдірек әрі кеңпейіл болуды үйрене алатынымызды анықтады. Әлеуметтік нейролог-ғалым Тания Сингер осы бағытта зерттеулер жүргізіп, жанашырлық пен аяушылық мидың әртүрлі жүйе­лерін пайдаланатынын анықтады. Екеуі де жақсы мінез-құлық тудыруы ықтимал. Алайда кей жағдайда басқа адамның қиналғанын көрген кезде мидың қайтарған эмпатикалық жауабы уайымдауға әкеп соғуы мүмкін, яғни мұндай негативті реакция адамды өзінің жақсы көңіл күйін сақтау үшін қиналған адамнан теріс айналуға мәжбүрлейді.

Өзгенің қайғысын жеңілдетіп, жанашырлық сезімін күшейту үшін Сингер командасы түрлі жаттығулардың әсерін де сынап көрді.

Миымызды неғұрлым альтруист болуға баулу – қоғам үшін керемет мүмкіндік. Сингер жанашыр болуға үйрететін мектептер ашу керек деп есептейді. Оның нәтижесі Эшли Олдридж сияқты адамдардан құралған бейбіт әлем болар еді. Рефлексивті мейірімділік қалыпты жағдайға айналып, адамзаттың басты қасиетіне айналар еді.

Автор: Юдхиджит Бхаттачарджи, фото: Линн Джонсон

Юдхиджит Бхаттачарджи, «National Geographic» журналының штаттан тыс тілшісі. Линн Джонсон журнал үшін тұрақты түрде суреттер түсіреді.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Ұлытауда өткен «Көкмайса»

$
0
0

Қарағанды облысы Ұлытау ауданында қазақтың атакәсібі – мал шаруашылығы мен қолөнер шеберлерінің жұмысын насихаттауға арналған «Көкмайса» этнофестивалі өтті.

«Биылғы фестиваль бұған дейін ұйымдастырылған «Бие байлау», «Айғыр қосу», «Қымызмұрындық» сияқты ұлттық дәстүрлерін дәріп­тейтін «Терісаққан көктемі» этно­фес­тивалінің бір бөлігі іспетті, – дейді Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Байжан­таев, – бұл шара осы өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған».

Фестиваль күндері Кененбай тоғаны маңында бірнеше ондаған киіз үй тігіліп, жәрмеңке ұйымдастырылса, базаршылаған халық сауда-саттықтың көркін қыздырды. Сырттан келген қонақтардың бірі алтыбақан теуіп, атқа мініп, серуендесе, қалғандары қайыққа отырып, тоғанның әсемдігін тамсана аралады.

Келген қонақтар фестивальдің екінші күні Ұлытау маңын жаяу аралап өтіп, Едіге тауын бағындырды.

Фестиваль аясында тағам түрлерін жасаудан сайыстар, ағаш өңдеу және былғарыдан жасалатын бұйымдар жасаудан тәлімгерлік сабақтары, дәстүрлі әншілер мен бишілердің қатысуымен байқаулар ұйым­дастырылды. Мерекелік шараға келген қонақтар арасында ұлттық ойындар мен спорттық сайыстарға да қатысқандары аз болған жоқ.

Меркелік шараның жоғарғы деңгейде өтуіне Ұлытау аудандық әкімдігі, «Ұлытау» мұражай-қорығы, «Nomad Explorer» командасы мен «ASTEL» компаниясы атсалысты.

Этнофестиваль барысында қазақтың салт-дәстүрі ешкімді тамсандырмай қоймады.

Фото: Ерболат Шадрахов


Көзтартар

$
0
0

Гонк Конг. 1103 шаршы шақырым аумақта 7 млн адамға пана болған қала. Гонк Конг – әлемдегі халқы ең тығыз орналасқан шаһардың бірі. Назарларыңызда тайфун кезінде жермен‑жексен болып, қайта қалпына келтірілген ауданның келбеті.

Фото: SPREEPHOTO/GETTY IMAGES

Қазақстан. Самырқұс (Bombycilla garrulus) – торғайтәрізділер отрядына жататын құстар ішінде әншілігімен ерекшеленеді. Төбесіндегі түрлі-түсті қауырсындары өте әдемі. Топ-тобымен ұшып жүрген самырқұсты Қазақстанның батыс бөлігінде қыркүйектің аяғы мен қарашаның басында кездестіруге болады.

Фото: Михаил Шпигельман


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

LIDAR көрсеткен дидар

$
0
0

Спутниктен түсірілген суретке қарағанда Жер жай ғана шар болып көрінсе, ал заманауи технологияның көмегімен жер бедерін одан да анық көруге мүмкіндік бар. LIDAR, яғни «жарықты табу мен өлшеу» деп аталатын құрылғы ұшақ, тікұшақ немесе дроннан лазерлі толқындар жіберу арқылы жұмыс істейді.

Бұдан бұрын LIDAR-дың ең жоғарғы фоторезолюция мүмкіндігі 1 м² шамамен 50 нүктеден келетін. Бірақ Нью Йорк университетінің ғалымдары 1 м² 335 нүктеге дейін жететін, әсіресе қалалық жерлерді бұрынғыдан да анық, айқын көруге мүмкіндік беретін құрылғы ойлап тапқан.

Әдеттегі ғарыштан түсірілген суреттің немесе миниатюралық масштаб­тағы модельдердің кемшілігі көп. LIDAR тек сурет қана емес, қозғалыс­тағы қаланың геометриялық көрінісін жоғары сапада да бере алады. Тротуардағы жаңбыр суының қалай ағатынына дейін көрсетеді.

«Айталық, сіз жақын маңда қай жерде астма концентрациясы жоғары екенін білгіңіз келеді делік, – дейді Нью Йорк университетінің қала информатикасы профессоры Дебра Лифер, – сіз осы құрылғы арқылы көлік кептеліп, ауа ластанған аймақты тез анықтап, ол жерді айналып өтіп кете аласыз.

LIDAR құрылғысын қауіпсіздік не медицина мақсатында ұшырылған тікұшақтарға да орнатуға болады.

Зерттеушілер Дублин қаласының орталығын бақылап отыр.

Оның пайдасы ұшан-теңіз

БІРТҰТАСТЫҚТЫ ҚАЛЫПТАС­ТЫРУ

Жер астынан өтетін метро мен кәріз желілері ғимараттарға залал келтіруі мүмкін. Ал құрылғы қазу жұмысы кезінде ғимараттың осал жерін анықтауға көмектеседі.

ҚАЛАНЫ ЖОСПАРЛАУ

Көлеңке қайда түседі? Жаяу жүргінші үшін көшеде ауа жеткілікті ме? Қай жерден сел жүруі мүмкін? Жобалаушылар үшін қала тынысы, өмірі туралы жан-жақты геометриялық ақпарат тиімді болмақ.

МҮГЕДЕКТЕРГЕ МҮМКІНДІК

Биік жиектастар немесе мейрамхана ішінің тарлығы мүгедектерге қолайсыз болуы мүмкін. Алайда ыңғайлы әпликейшн бұл проблеманы оңай шеше алады.

АҒАШ КЕСУ

Қаладағы ағаштардың картасы арқылы олардың қайсысы электр желілеріне кедергі келтіретінін, сынған ағаштар қай үйге немесе көліктің үстіне құлауы мүмкін екенін анықтауға болады.

АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

Google Earth (мысалы, Дублин сол жақта) жоғарыдан түсірілген суреттер жер бетін жақындатып көру үшін қолданылады. LIDAR кеңістіктегі нақты мәліметтерді береді.

Авторы: Даниэль Стоун

LIDAR ТҮСІРІЛІМІ (ТҮРЛІ-ТҮСТІ): БРИТНИ О НЕЙЛЛ ЖӘНЕ ДЕБРА ЛАЕФЕР, CLOUDCOMPARE, EUROPEANRESEARCH COUNCIL. ДЕРЕККӨЗ: SCRIPPS INSTITUTION OF OCEANOGRAPHY; NOAA; АҚШ ТЕҢІЗ ФЛОТЫ; NGA; GEBCO.

 


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Әлемдегі ең суық қала

$
0
0

Дүниежүзіндегі ең суық деп танылған Якутск қаласында 300 мың адам өмір сүреді. Тұрғындар аязды күндері де дүкендерді балықпен толтыра бермек.

Женевалық фототілші Стив Янкер Жер бетіндегі ең биік нүктеде орналасқан әрі ең лас қалалар бойынша зерттеу жұмыс­тарын жүргізді. «Экстремалды қалалар» деп атаған жобасына Янкер қала халқының күнделікті өміріндегі таңғажайып көріністерді суретке түсіріп жүр. Осы әуестігі оны Ресейдің Якутск қаласынан бір-ақ шығарды.

Сібірдегі Саха Республикасының астанасы – Якутск көптеген ақпарат көзінде «дүниежүзіндегі ең суық қала» деп көрсетіледі. «Әлемнің басқа еш жерінде дәл мұндай сақылдаған сары аяз жоқ», – дейді Янкер. Дегенмен жазда ауа температурасы 29º ыстық, ал қысты күндері орташа ауа температурасы -40º, кейде тіпті -64º-қа дейін төмендейтін кездері де болады.

Янкердің айтуынша, экстремалды суық қалалардың ішінде бұл шаһарда жұмыс істеу оңайға түскен жоқ. Себебі күн сайын не қар жауады, болмаса қалың тұман түсіп, айнала мұз құрсауында қалып қойып жатады. Ал фотосуреттердің шынайы шығуы үшін ара-тұра қара жер бедерін де түсіру керек. «Қатты аязда жұмыс істеу оңай емес. Аяз фотоаппаратты лезде істен шығарады», – дейді Стив.

Янкер «экстремалды ауа райы тұрғындар мінез-құлқы мен сана-сезімдеріне кері әсер ете ме» деген мәселені зерттеуде.

Авторы: Патрисия Эдмондс, фото: Стив Янкер, Agence VU/Redux Pictures


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Көкке ұмтылған – көк күмбез

$
0
0

Жошы хан кесенесі – қазақ жеріндегі көне архитектуралық ескерткіштер қатарына жатқызылады. Ол Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым жердегі Қаракеңгір өзені бойында орналасқан.

Археологтар күмбезде сақталған таңбаларға қарап ол нысанды салуға өз заманында Жошыға бағынған ру-тайпалардың бәрі қатысқан деген қорытындыға келген. Олардың болжамынша, бұл күмбездің негізгі қаңқасы Жошы хан қайтыс болғаннан кейін, арада бір жыл өткенде, яки 1228 жылы тұрғызылған.

Кесене күйдірілген кірпіш және ғаныш секілді минералды тастардан салынса, ал аумағы 9,55х7,25 метрге тең. Жошы хан кесенесі қазақ даласына ислам діні жайыла бастаған алғашқы жылдардың көрінісін көз алдыңызға әкеледі. Кіре берісін құбылаға қаратып, төрт бұрыштап, төбесіне күмбез орнатқан. Күмбезінің айшығы құмыра ұқсатып салынған.

Не бары 40 жасында қамал бұзып, Қыпшақ даласын уысында ұстаған Жошы жайлы аңыз көп. Бір аңызда, хан өз өлімін осы жерден табады, аң аулап жүрген кезде өзі жаралаған ақсақ құлан оның қолын шайнап тастады делінсе, екіншісінде бағынбағаны үшін хан өз әкесінің бұйрығымен өлтірілді деген де болжам бар.

1982 жылы ескерткіш республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізілсе, 2000 жылы кесенені қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Фото: Ерболат Шадрахов


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Ойыншықтар отаны

$
0
0

Бұл базарда дәл мынандай мыңдаған дүңгіршек бар. Олардан пластик ойыншықтың неше түрін таба аласыз.

Қолыңыздағы жұмсақ ойыншықтың Қытайда жасалғанына біздің еш күмәніміз жоқ. Ол Иу қаласынан әкелінген болуы бек мүмкін. Себебі әлемдегі арзан әрі қолжетімді мерекелік жылтырақтар мен ойыншықтардың басым бөлігі осында жасалады.

Иу 1982 жылдан бері ғана халық­аралық сауда қаласына айналғанына қарамастан, осы күні маңызды әлемдік өндірістік аймаққа айналып үлгерді. Бұл – 1,2 миллион халқы бар шағын қала үшін үлкен жетістік. Бүгінде қаладағы 70 мыңға жуық дүңгіршекке қойылған алуан түрлі заттан бас айналады.

Онда миллиондаған өнімнің үлгісін алу үшін шартараптан келіп жатқан кәсіпкерлерде шек жоқ. «Бұл үлгілер Иу маңындағы фабрикаларда келісілген бағамен жасалып шығарылады», – дейді фотограф Ричард Сеймор. Ол жерден күн сайын 1500 контейнер жан–жаққа жөңкіледі.

Авторы: Кэтрин Цукерман


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Санитар шымшық

$
0
0

Сарыбауыр шымшық (лат. Parus major)  – үлкендігі кәдігімгі торғайдай, шымшық тұқымдасына жататын ұсақ құс. Құстың бұл түрі Еуропаның кез келген жерін, ал Таяу Шығыс, Африка, Орталық және Солтүстік Азияда ішінара мекендейді. Қазақстанда сарыбауыр шымшық Орталық Қазақстаннан басқа өңірлердің барлығында кездеседі.

Арқасындағы көкшіл, көкірегіндегі қара және сары түсі оны алыстан тануға мүмкіндік береді. Бұл наурыз айының басында көктем мен жылы күндердің жақындап келе жатқанын білдіретін жаршы тәрізді, қысқа үнмен сыңғырлай сайрайтын құстардың бірі.

Сарыбауыр шымшықтар басқа құстарға қарағанда аса өсімтал болып келеді. Ол өте ерте ұялап, 12-ге дейін жұмыртқа салса, ал жұмыртқаны жарып шыққан балапандары үш аптадан кейін ұядан ұшып шығады.

Сарыбауыр шымшық көбіне аралас ормандарда, бақтар мен адам қоныстанған жерлерде мекендейді. Күзде және қыста олар шағын топ болып тіршілік етеді. Олар бұтақтан бұтақ секіріп жүріп, ағаштағы зиянкестермен қоректенеді.

Фото: Ерболат Шадрахов

Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Қала арасы – нағыз бал арасы

$
0
0

Шарап пен сыра сияқты балдың да өз құпиясы бар. Бал дәмінің қалыптасуына гүл мен тозаң араларының әсері мол. Алайда осы уақытқа дейін ғалымдар қай ара немен және қай жерде қоректенетінін анықтай алмай келді. Бүгінгі ғылым ол мәселенің шешімін тапқан сияқты.

Жуырда ғалымдар балдағы генетикалық материалдарды зерттей келе,  оның қандай өсімдіктерден алынатынын анықтады. Ноа Уилсон Рич қала омарташыларына қызмет көрсететін «The Best Bees» компаниясының негізін қалады. Ол Америка қалаларының бал құрамын зерттеумен айналысатын топқа басшылық етеді.

Бал үлгілері ДНҚ тесттері 5-8 шақырым қашықтықтағы олардың қандай өсімдікті ұнататынын көрсетіп берді.

Авторы: Келси Новаковский

*НӘТИЖЕЛЕР АЛДЫН АЛА МӘЛІМЕТКЕ НЕГІЗДЕЛГЕН. ӨСІМДІКТЕР ӨЗ ӨЛШЕМДЕРІМЕН БЕРІЛМЕГЕН ҚАЛАЛАР ӨЗ ӨЛШЕМДЕРІМЕН БЕРІЛМЕГЕН


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.


Болашақтың қаласы

$
0
0

2121 жыл. Фном Пенхтегі су үстіне соғылған ағаш үйлер Меконг өзенімен суарылатын қала фермаларында қаптап тұр. Көліктерге шектеу қойылғаннан кейін Афина түтіннен арылып, токиолықтар ядролық сәуледен таза деп дәлелденген үйлерде өмір сүреді. Оңтүстік Каролинадағы эко-үйлер күн энергиясымен қуаттанып, шатырдағы фильтр арқылы тазаланған су үйді қамтамасыз етеді.

Гана астанасы Аккраның футуристік бейнесі. Жойқын су тасқыны кесірінен адамдар орман ағаштарына асылып тұратын үй жасауға мәжбүр.

Мұндай болашақ қалалар Тайландтағы Махидол университетінің экологиялық қоғамтану ғылымының профессоры Алан Маршалдың қиялынан шыққан. Маршал келесі ғасырда экологиялық қауіп-қатерге бейімделген қалалардың көрінісін шартараптан келген студенттердің көмегімен қағазға түсірді. Ол бұл көріністерді «Экотопия 2121» деп аталатын кітабына жинақтады.  Бұл еңбек – араға 500 жыл салып, қиял-ғажайып қоғам туралы алғашқы болып жазған Томас Мордың «Утопия» кітабынан кейін жарыққа шыққан туынды. «Утопиялық сенімнің негізгі мақсаты – дүниенің жақсы жаққа қарай ауыса алатынында», – дейді Маршал.

«Экотопия» жобасына Маршалдың туған жері Жаңа Зеландияның Веллингтон қаласында болған алапат зілзала түрткі болды. Ол болашақ қауіп-қатердің үлгісін жасап, қаланы аман алып қалуға болатынын түсінді. «Егер адамдар жерасты үйлерде тұрса қалай болар еді» деген сұрақ оны о баста мазалаған. «Біз қиялымыз арқылы адамдардың өзгеше ойлауына жол ашамыз», – дейді Маршал. Оның қала көрінісі ауылдық бейнені футуристік үлгімен байланыстырады.

Сингапурлықтар енді осылай өмір сүрмек. Алып шарлардың арқасында қалықтап тұрған қалада ауа мен суды қайта өңдейтін тәуелсіз экожүйе бар.

Көркемдеген: Алан Маршал және Гюзеппе Париси

Авторы: Нина Строчлик


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Аталығы мен аналығын ажырату мүмкін емес

$
0
0

Қызыл ибистердің басқа құстардан айырмашылығы – олардың түр-түсі мен дене бітіміне қарап, қайсысы аталық, қайсысы аналық екенін ажырату мүмкін емес. Тұмсығынан, қанатының ұшына дейін қызыл түске боялған бұл құстардың ұзындығы 60-70 сантиметр аралығында болса, ал салмағы 1,4 килограмға дейін барады.

Өздері мекендейтін аумақтарын белгілеп алып, сол жерде топтасып өмір сүруге дағдыланған олардың негізгі қорегі ұсақ балық, бақа-шаян, моллюскалар, крабтар мен шыбын-шіркейлерден тұрады. Ибистер түр-түсінің біркелкі болуына қорек құрамындағы «каротиноидтер» деп аталатын органикалық пигменттердің шамадан тыс көп болуының әсері бар. Бір маусымда ары кеткенде 1-3 жұмыртқа ғана басып шығарады. Балапандарының түсі алғашқы жылдары қоңыр болса, қызыл түске арада бір жыл өткенде барып боялады.

Қызыл ибистерді Оңтүстік Америкадағы Венесуэла, Бразилия елдерінен басқа, Тринидад аралында ғана көруге болады. Басқа материктерде кездеспейді.

Халықаралық табиғатты қорғау одағы келтірген мәліметтерге қарағанда, дәл қазіргі уақытта олардың саны 100-150 мың аралығында болса керек.

Фото: Жайнар Дәркембаев


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Тұмса табиғат әлемі

$
0
0

Ең қашық аралдардың бірі – Стипл Джейсонда қара қасты альбатростар мекендейді. Бір кездері малға жайылым болған арал бүгінде табиғи қорыққа айналған. Қара қасты альбатростардың шамамен 70 пайызы Фолкленд аралдарында ұя салады.

Соғыс оты шарпымаған, жергілікті тұрғындардың ата кәсібі қой өсіру болып табылатын Атлант мұхитындағы – Фолкленд аралдары табиғатты бұзбай сақтаудың «нағыз» үлгісін ұсынады.

Фолкленд архипелагіндегі ең қашық арал – Стипл Джейсонның жартас­ты жағалауынан қарсы алдымдағы ғажайып көрініске аңтарыла қарап қалыппын. Дүниедегі ең ірі үйір – 440 мыңнан астам қара қасты альбатрос мұндағы тік жартастарға ұя салады. Төмендегі жағалаудан оңтүстіктің Рокхоппер пингвиндерінің жамыраған дауыстары естіледі. Ізбедерлі каракаралар жемтік  іздеп, пингвин балапандарын не өлекселерін аңдып жүр.

Бұл жердің салқын суын оңтүстік-америкалық теңіз мысықтары, касаткалар, коммерсон және оңтүстік дельфиндері мен сейвал киттері мекен етеді. Суға түссең, таңғажайып балдырлар орманы, жебедей зулаған Папуас пингвиндері мен олардың артынан қалмайтын оңтүстік теңіз арыстандары өріп жүр. Тістеуіктерін көтеріп алып, шайқасуға да­йын омар крильдері теңіз түбінде тізіліп тұр.

Папуас пингвиндері сағатына 35 шақ. жылдамдықпен жүзеді. Олар ұзақ уақытты мұхитта, әдетте жағалау маңында жемтігін аулаумен әрі итбалық не касаткалардың құрығына түсіп қалмаудың қамымен өткізеді. Фолкленд аралдары – папуас пингвиндерінің атақонысы.

Көрініс керемет! Не десеңіз де, мен Фолкленд архипелагіндемін. Соғыс – ортақ тақырып. Аргентина жағалауынан шамамен 400 шақ. қашықтықтағы Британ аумағы 700-ден астам аралдан тұрады. Мұнда небәрі 3200-дей адам бар. Архипелаг тарихы Франция, Испания, Аргентина мен Ұлыбритания арасындағы ұзаққа созылған жер тартысымен белгілі, соғыс жарасы әлі сақталған. 1982 жылы Аргентина бұл жерді «Мальвин аралдары» деп атап, аймаққа баса-көктеп кірген соңғы қақтығыс – Біріккен Корольдіктің қысқа, бірақ тікелей араласуымен аяқталды. Шамамен 20 000 мина табылып, ландшафтқа өртенген тікұшақтар да құлаған. Шығыс Фолклендте әлі күнге дейін Ұлыбритания әуе күштерінің қолданыстағы аэродромы бар.

Бір таңғаларлығы, осыншама қақтығыстарға және қой шаруашылығы кең қанат жаюына қарамастан, аралдар ертегідегідей көрінеді. Фотограф ретінде отыз жылдық тәжірибем бар. Дәл мұндай жақсы сақталған экожүйе өте сирек кездеседі.

Теңіз жұлдызы балдыр ағашына жабысып алған. Бұл суы салқын Атлант мұхитының оңтүстігінде орналасқан Құс аралы жағалауындағы суасты әлемі. Фолкленд аралдарын құрайтын тау шоқылары қоректік заттарды су бетіне шығуға мәжбүрлейді.

Соғыс өрті шарпымаған Стипл Джейсон мен көршілес Гранд Джейсонды Фолкленд аралдары ішіндегі ең үлкен табысты тәжірибе үлгісі деуге болады. 1970 жылы британдық құс «сүйгіштің» қолына өткенге дейін шамамен бір ғасыр уақыт адам аяғы баспаған аралдарда қой мен іріқара алаңсыз жа­йылып жүрді. Ол аралдарды жеке қорыққа айналдырғаннан кейін өсімдіктер қайта жандана бастады. 1990 жылдары Нью Йорк хедж-қорының «азулы серкесі» Майкл Стейнхард аралдарды сатып алып, 2001 жылы жұбайы Джуди екеуі Жабайы табиғатты қорғау қоғамына қайырымдылықпен сы­й­ға тартады. Бүгін аралдар осы қоғамның иелігі мен қарауында. Мұнда мұқият бақылау арқылы зерттеу­шілер мен туристердің келуіне рұқсат етілген.

Дене тұрқы шамамен 2,5 метр, салмағы 350 кило тартатын ұлып жатқан оңтүстік теңіз арыстанының аталығы, аналығы және де екі күшігінің көрінісі. Бұл арал бейресми түрде «Балшыққа қадалған таяқ» деп аталады. ХХ ғасырдың орта тұсында жануарлар ауланғаннан кейін олардың популяциясы азая түскен. Қазір олардың Фолкленд аралдарындағы саны шамамен 7500-дей.

Бүгінгі күнге оралсақ, айналамдағы бар нәрсе табиғаттың өміршеңдігіне куә болады. Ұзындығы сегіз шақырым Стипл Джейсон аралында құстың 48 түрі тіркелген. Бірақ әлі де болса Фолкленд аралдарындағы ерекше бай тұмса табиғатқа төнген антропогендік қауіп-қатер бар: ластану, тіршілік ортасының деградациясы, мұнай дақтары, балықшы кемелері артынан сүйретілген ілмектер және климат өзгерісі. Мұхит суы арал маңында салқын, ал қашықтаған сайын жылы болуы теңіз құстары мен судағы сүтқоректілердің азық жүйесін бүлдіреді. Аралдар маңында көбейген мұнай барлау жұмыстары да алаңдаушылық тудырып отыр. Алайда Фолкленд аралдары тұрғындарының табиғатты сақтауға деген ынта-жігері жоғалған емес.

Жыртқыштардан қалған жұмыртқа қабықтары шашылып жатыр. Олардың ішінде қоңыр қаратұмсықтар да бар. Стипл Джейсон аралында альбатростар мен пингвиндер үшін басты қауіп – құстар. Альбатростар мен пингвиндер өз балапандарына ұзақ қамқор болады.

Биолог маман ретінде ешкім тұмса табиғат және адам зардабы тиген аралдар арасындағы айырмашылықты ойлаудан өзімді әрі қоя алмаймын. Стипл Джейсон аралынан қандай түйін шығара аламыз? Егер табиғатты өз еркіне тастасақ, үміт бар, қалпына келу бар. Аралдың ылдилаған жайлауы мен мұнарлаған тауларын шарласаң мың жыл артқа сапар шеккендей боласың. Экожүйе кіршіксіз. Табиғаты бас айналдырады. Жануарлар адамнан қорықпайды.

Дельфиндер Жаңа арал жағалауындағы балдырлар арасымен жүзіп жүр. Фолкленд аралдары мен Оңтүстік Америка құрлығының оңтүстік бөлігін мекендейтін олардың саны 2-20 аралығында, топ болып жүреді. Дельфиндердің акробатикалық қабілетін байқау қиын емес.

Олардың осылай қорқынышсыз қалуына не істеп көмектесе аламыз? Егер нәзік Жер шарымызға жай ғана ресурстар көзі деп қарауымызды жалғастырсақ, оның зардап шегуі тоқтамайды. Стипл Джейсон аралын жарқын мысал әрі шұғыл әрекетке шақырту ретінде қабылдау керек. Табиғатқа қарсы соғысты тоқтатып, оның гүлденуіне уақыт беру үшін Стипл Джейсон секілді адамдар керек-ақ…

Император пингвиндері Шығыс Фолкленд аралында жүріп келеді. 1860 жылдары олар бұл аралдарда көп болмағанымен,1970 жылдан бастап саны өсе бастаған. 50 жыл бұрын жеке қорыққа айналған ол жерде бүгінде мыңға жуық пингвин ұя салады.

Автор және фото: Пол Никлен


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Тыңдасаң, сыр айтатын қобыз үні

$
0
0

Қорқыт Ата кешені – қазақ жеріндегі сәулет өнерінің айрықша үлгісі саналады. Ол Қызылорда облысы Қармақшы ауданын кесіп өтетін Батыс Еуропа-Батыс Қытай күре жолының бойында орналасқан.

Түркі халықтарына ортақ ойшыл, жырау, һәм қобызшы Қорқыт Атаның ескерткіші темір бетоннан жасалған, биіктігі 12 метрден асатын 4 стеладан тұрады. Жоғарғы жағы кеңейе түсетін әр стела дүниенің төрт бұрышына қаратып тұрғызылған қобыз бейнесіне ұқсатылып жасалған. Ал түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Кешеннің ерекшелігі жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады.

Қорқыт Ата ескерткішінің ішкі жағы мәңгілік өмір сырын іздеген Қорқыт атаның киелі желмаясының шартарапқа жол тартқан ізін ишаралайтын «Түйе табан» өрнегімен безендірілген. 1997 жылы ескерткішті қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін ол нысан өз Амфитеатры, мұражайы мен қонақ үйі бар мемориалдық кешенге айналды.

Мұражай Қорқыт Ата өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті жайында мәлімет беретін 700-ге тарта экспонатпен қамтылған. Осы күні бұл ескерткіш кешен күллі түркі халықтарына ортақ қасиетті зиярат орындарының бірі болып табылады. Мемориалды кешенге күн сайын орта есеппен 80-100 адам зиярат етіп келсе, олардың тең жартысын шетелдіктер құрайды.

Сыр бойында өмір сүрген Қорқыт баба ежелгі Оғыз тайпаларының ұзаны (жырау) саналса, ал оның «Кітаби дәдем Қорқыт» эпопеясы оғыз-қыпшақ дәуірінің жазба мұрасы іспетті.

 

Кешеннең авторлары: Б.Ә. Ыбыраев пен С.И. Исатаев.

Фото: Ерболат Шадрахов

Қытай тәбеті

$
0
0

Көктемде фермерлер дәстүрлі Laohuzui күріш террассаларындағы алқаптарына өскін егеді. Кейбірі жер жырту үшін әлі күнге дейін буйволдарды пайдаланады. Қытай – ауыл шаруашылығы саласына көп көңіл бөлетін ел.

Гансу солтүстік-орталық провинциясында Цзян Ванниан мен Пинг Куйсяннің 1/15 гектар жерден шалқан тұқымын жинап жүргенін көру өткенге сапар шеккендей әсер береді.

Қара таулармен қоршалған құрғақ атыраптағы телімде Цзян тот басқан тракторымен кептірілген, белуардан келетін өсімдік шөмелелерінің үстінен жүріп өтті. Олар майдаланған кезде Цзянның әйелі Пинг қолдан жасалған ашаны сабанның ішіне салып жібереді. Негізі мұндай әрекет бірнеше сағатқа созылады. Пинг әуенді дауысымен желді шақырып: «Соқ, соқ», – дейді. Машиналар бұл жұмысты санаулы минутта істейді, бірақ оны сатып алуға Цзян мен Пингтің қалтасы көтермейді. Есесіне, әлі күнге дейін ғасырлар бұрынғы фермерлер секілді шалқанды қолмен майдалайды.

Цзян мен Пинг қытайлық миллиондаған фермерлер өмірінің жарқын мысалы. Қытайдағы бүкіл фермалардың 90 пайыздан астамының жері 1 гектардан кем және олар орташа жер көлемі бойынша әлемдегі ең ергежейлілер қатарына кіреді. Бірақ әңгіме мұнымен бітпейді. Батыс әлемі 150 жылда қол жеткізген ауылшаруашылық дамуын Қытай кейінгі қырық жылда бағындырып, өздеріне бейімдеп алған. Ауыл шаруашылығының бүкіл түрі – кішігірім отбасылық шаруа қожалықтары, жарқыраған индустриалды ет зауыттары, сүтханалар, жоғарғы технологияларға басымдық берген орнықты фермалар қатар дамып жатыр.

Шанхайдағы люкс-қонақүйде таңғы ас ішіп отырған жұп жаңа қаржылық ауданның көрінісін тамашалауда. Қытайлықтар байыған сайын, Еуропаға еліктей бастаған. Елде ет және сүт өнімдері көп тұтыныла бастады.

Қытай күрделі әрі қорқынышты мәселені шешуге бас қатыруда: халқы әлемнің бестен біріне жуық, ал егістік алқабы оннан біріне тең. Өзгермелі дәмдік талғамына икемделе отырып, оларды қалай тамақтандыруға болады? Соңғы отыз жыл қытайлықтардың 57 пайызы шаһарларға шоғырланып, 1990 жылға қарағанда үш есе көп ет жейтін болған. Сүт пен оның өнімдерін тұтыну 1995 жылдан 2010 жылға қарағанда қала тұрғындары төрт есеге өскен. Сонымен қатар Қытай бүгінде өңделген тамақты көбірек сатып ала бастаған. Елдегі ауыл шаруашылығы ресурстары жұпыны болғандықтан жаңа қалыптағы тамақтануды қанағаттандыру мақсатында мемлекет қытайлық компания­ларды АҚШ, Украина, Танзания мен Чили секілді шетелдерден егістік алқап және азық-түлік компанияларын сатып алуға шақырып, көмек көрсетуге мәжбүр. Бірақ Қытайда ұзақ уақыт дәнді дақылдарды өздері өндіруді ұрандатып келді, ал оның алқаптарға тигізер әсері де бар. 2013 жылы президент Си Цзиньпин өңірлік шенеуніктермен тамақ сая­сатын талқылау барысында: «Біздің күріш қазанымыз, негізінен, қытай тамағымен толғаны абзал», – деді. Бұл күрделі сұрақ туындатады: Егер қытайлықтар өз-өздерін қамтамасыз ете отырып, америкалықтар секілді тамақ ішетін болса, бұл олардың ауыл шаруашылығы үшін нені білдіреді?

Қытайдағы ауыл шаруашылығы өніміне сұраныс пен ұсыныстың сай келмеуі еңсерілмейтіндей көріну мүмкін. Елде 135 миллион гектар егістік жер бар, долбарлап айтқанда, соның 15 миллионы бүлінген немесе қалпына келуі қиын. Мұнда 1,4 миллиард тұрғын бар, бірақ Батыстың асына арқау болып отыр­ған алып фермалардың көшірмесін мұнда жасау мүмкін емес деуге болады. Мұның бір себебі – Қытай аумағының көп бөлігі таулы не шөлді аймақ. Сондай-ақ келесі себебі – егістік жерлердің 200 миллион фермаларға бөлінген болуы. Қытайдың ауылшаруашылық келбеті біртекті жасыл жамылғыға қарағанда, құрақ көрпеге ұқсайды.

Қытайдағы ең үлкен зауыттың бірі. Шанхайдың солтүстік-батысындағы тауық етін өңдейтін бұл жерде шамамен 1500 жұмысшы істеп, сағатына 10 000 құс еті әзірленеді.

Цзян мен Пингтің бақшасы өздерінің ауылымен шектесіп жатыр. Цзян мен Пинг 1950 жылдардың соңы мен 1960 жылдардың басындағы үлкен аштықты бастан өткерген. Ұжымдасу жүйесі 1981 жылы аяқталған соң, мемлекет егістіктердің иелігін өздерінде сақтап қалып, ауыл тұрғындарына теңдей жерді өңдеу құқығын берді.

Бұл үдерістің нәтижесінде Цзян мен Пингке төрт алқапқа бөлінген 1,25 гектардан аз жер бұйырды. Фермаларын маған көрсету үшін 36 жастағы қызын жіберді. Ол 1900 шақырым қашықтағы Кунмингтен ата-анасының фермасын көру үшін келіпті. Өзі туристік компанияда жұмыс істейді екен. Ыстық, ашық аспан астында Юпинг Цзян мені көшенің бір шетіне қарай бастап келеді. Мен кішкентай, суару арнасына таяу орналасқан батпақтан салынған қабырғалы үй көріп, бұл ғимараттың неліктен суға тым жақын тұрғанын сұрадым. Ол көзін жыпылықтатты. «Бұл құлшылыққа арналған ғибадатхана секілді», – деді ол маған шүбәлана қарап. Мен кешірім сұраған соң, ол жарты гектардай түрлі-түсті зүбәржаттай өсімдігі бар тәттілендіргішке арналған отбасылық стеавия алқабын нұсқады. Ол маған зауыттың ұзын мұржасының астына егілген өз отбасының 2000 шаршы метрлік зығыр алқабын көрсетті. Екі жолақты магистральдан бірнеше шақырым төменде шалқан, салат және астық алқаптары бар. Кейінірек ол ата-анасы туралы айтып, өздерінің шаруа қожалықтары Америка фермаларындай болса деп армандайтынын сөз етті. «Қытайға қараңыз. Жеріміздің көп бөлігі өңдеуге келмейді, – деді ол маған, – адам күші мен еңбегі босқа кетіп жатыр».

Пекин университетінің ауыл шаруашылығы экономисі Хуан Джикуннің айтуынша, егер Қытай тағам тұтыну өзгерісін жергілікті дәнді дақылмен қанағаттандыруды көздесе, бірқатар өзгерістер қажет болады. Суару жүйесі жаңартылып, технология мен автоматтандыру кең тарау керек екенін атап өтті. Бірақ ол Қытайды жергілікті тамақпен тойдыру үшін ең әуелі елдегі кішігірім фермаларды үлкейту керектігін айтады.

Ерекше ысытылған воктарды қолданып, Ланьсян Шаньдун жоғарғы техникалық мектебінің студенттері қуыру тәсілдерін меңгеріп жатыр. Мектепте болашақ 550 аспаз дәстүрлі жолмен тамақ әзірлеуді үйренеді.

Шешім қарапайым секілді көрінуі ықтимал: «Құрақ көрпені» бір қаққанда орып түсіретіндей алқаппен алмастыру керек. Бірақ Хуан «үлкен – әрдайым мықты» дегенге күдікпен қарайды. Қытайдың негізгі дақылдары – жүгері, күріш пен бидай шектеулі межеде өнім береді. Бір зерттеу ең тиімді өнім 2-7 гектар аралығында түсетінін ұсынған болатын. Қытайдың жоспары Цзян мен Пингтің қожалығы секілді кішігірім фермаларды Канзастағы фермалар секілді холдингке біріктіру емес. Логистикалық тұрғыда бұл мүмкін емес және миллиондаған фермерлерді көшіру арқылы әлеуметтік жағдайдың бұзылуына әкеліп соғуы ықтимал. Қазіргі таңдағы бас­ты шаруа – шекаралас жатқан алқаптарды кемінде көлемі Wallmart Supercenter сауда орталығының көлік тұрағындай болатын фермаларға біріктіру.


Қытайлық арман: ауданы шағын алқаптан қалай да көп өнім алу


Цзян мен Пинг фермасында бірнеше күн өткізген соң Қытайда әлемдегі ең күрделі өнеркәсіптік фермалардың бірқатары бар екенінің байыбына жету қиын. Олардың озық үлгісі – шенеуніктер батысқа қарап жасаған ет және сүт өнімдері өнеркәсібі. Оны көзбен көру үшін Қытайдың шығысына баруым керек еді. Мен АҚШ-тағы компаниялардан үлкенірек, төрт жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан сүт өнімдерін шығаратын өнеркәсіпке сапар шектім.

Қытайдағы ең үлкен сүт фермасы – Аньхой провинциясындағы Modern Farming’s Bengbu фермасындағы қайта өңдеу зауыты мен сиыр қораны бойлап жаяу жүріп өтем дегенше бес минуттай уақыт кетті. Шамамен 240 гектарды құрайтын фермада әрқайсысы 2880 сауын сиыр ұстауға арналған сегіз үлкен қора бар. Басқа қоралар мен бастырмалар бұзаулар мен буаз сиырларға арналған. Іріқара саны 40 мыңға жетіп, оны әлемдегі ең үлкен фермалардың қатарына қосты. Ауыл шаруашылығының бір артықшылығы – олардың көлемінде болып отыр. Қытай ет пен сүт өнімдерін ұлғайтқандықтан, бұл тұрғыдан мол табысқа қол жеткізді. Онда доңыз еті әрдайым жоғары бағаланады. Шошқа дәстүрлі түрде шарбақтарда өсіріліп, етке жіберіледі. 2001 жылы 50-ден астам шошқасы бар фермалар нарықтың ширегін құрайтын. 2015 жылғы есептеу бойынша, Қытайдағы шошқаның төрттен үші сондай шағын фермаларда өсірілген. Сондай-ақ тауық еті мен жұмыртқа тұтыну көлемін де өнеркәсіптік фермалар қанағаттандырып отыр. Алайда ең таңғаларлық индустриализация – Бенгбуда мен барған сүт өнімдері фермасына ұқсас жерлерде болды. Әдетте, шошқа өсіру секілді тамақ өндірісіне қатысты жұмыс үй шаруашылығына негізделген, бірақ 2008 жылғы қатерлі ауру жұқтырған сәбиге арналған өнімге қатысты азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты даудан кейін Қытай тамақ индустриясын жаңғыртуға кірісті. 2008 жылы сүт өнімдері фермасының алтауының біреуінде 200 не одан көп сиыр болған-ды. 2013 жылы үшеудің біреуі сондай деңгейге жетті.

Қытай тұтынушылары үшін тамақ қауіпсіздігінің маңызын асыра бағалау өте қиын. Сәби сүтіндегі меламиннің қауіпті деңгейден асып кетуінен бөлек, тыйым салынған пестицидпен өсірілген ұзын бұршақтарға қатысты мәселе де туындаған. 2016 жылы McKinsey & Company жүргізген зерттеу жұмыстары қытайлық тұтынушылардың 75 пайызға жуығы өздері тұтынып жүрген тағамдар денсаулыққа зиян деп айтқан. Стэнфорд университетінің Қытайдағы ауылдық жерлер жөніндегі сарапшысы Скотт Розеллдің айтуынша, кішігірім фермалар саны көп болғандықтан, Қытайдағы тамақ жү­йесін қауіпсіздік тұрғысынан алғанда бақылау мүмкін емес. Өнеркәсіптік сүт өнімдері фермасы мен қасапханалар сапаны бақылау мен оның сенімділігін тексеруге мүмкіндік береді. Бұл – қытайлық тұтынушылар үшін қажет ететін нәрсе.

Юньнань провинциясының солтүстігінде орналасқан Куньмин қаласының маңындағы мына жылыжайларда жыл он екі ай жемістер мен көкөністердің небір түрі өсіріледі.

Modern Farming сүт фермасының басшылығы жұмысшы Чжан Юньцзюньмен таныс­тырды. Ол өскен үйдің орнын қазір кеңселер басқан. Билік өкілдері сүт фермасынан жұмыс беретіндіктен, жаңа баспанамен қамтамасыз етіп, олардың жерін қолданғаны үшін төленетін ақыны тұрақты өсіріп тұруға уәде бергендіктен, ауыл халқы ықыласпен келісті. Ферма салынғанға дейін Чанг екі туысқанымен бірге 2,5 гектар жерді өздері игеріп, бидай мен жержаңғақ өсіретін. Елу бес жастағы Чанг қазір фермада жұмыс істеп, бұрынғы шаруа­шылығына қарағанда екі есе көп пайда табатын болған. «Адамдар өте бақытты. Фермер ретінде жұмыс істеу расында қиын еді. Қазір көп пайда табамын», – дейді ол.

Кең көлемді фермаларды жақтаушылардың түгелге жуығы маған осындай бірнеше оқиға айтып, үлкен шаруа қожалықтарын салу ауылдық жерлердегі аштықпен күресудің тиімді шешімі екенін жеткізді. Ол пікірге сү­йен­­сек, фермерлер фермаларының ауқымын кеңейтіп те, жерлерін жалға беріп те пайда тауып отыр. Бірақ бұл жоспар шынайы өмірмен әрдайым үйлесе бермейді. «Арасында ондай фермерлер де бар болғанымен бірақ олардың саны аз», – дейді Бейжіңдегі Қытай Ауыл шаруашылығы университетінің ауылдық әлеу­меттанушысы Йе Цзинчжун.

Күн батуға таяғанда қоныс аударған тұрғындарға бардым. Мұндағылардың сүт фермасы жөніндегі ұғымы Чжанға қарағанда өзгеше. Олар үш жағы жүгері мен жержаңғақ алқабымен қоршалған, сары түске боялған, жапсарлай орналасқан тегіс шатырлы, екі қабатты тұрғын үйлерде тұрады екен. Жолдың ар жағынан сүт фермасының жоңышқа алқабы көз ұшына дейін созылып жатыр. Бірнеше тұрғын сүт фермасының көп жұмысшы алмағанын, үйлерінің қирағанын, жалақы төрт жылдан бері өспегенін сөз етті. Менімен сөйлескендердің бәрі қоныс аударғандарына қуа­нышты көрінбеді, бірақ ешкім соншалықты қайғырып та жүрген жоқ.

Шанхайдың солтүстік-батысындағы Цуи ауданындағы жыл сайынғы фестиваль. Мыңдаған адамға осы өңірдің деликатесі – шаян ұсынылды.

Шалғайда тұратын көптеген қытайлық үшін бұл ауыл шаруашылығы жобалары, әлемнің басқа түкпіріндегідей, жақсы жағынан алғанда, екі қырлы қылыш секілді. Үлкен мал фермалары кейбір қытайлықтарға қабырға қайыстырар шаруа – жоқшылықтан құтылудың жолы, бірақ олар қоршаған орта мен денсаулыққа айтарлықтай зиян тигізеді. Қытай үкіметі 2010 жылы жүргізген зерттеу жұмыстары барысында ауыл шаруашылығы саласы қоршаған ортаны тіпті өндіріс ошақтарынан да артық ластайтынын анықтаған.

Билік бұл қауіптің салдарын түсініп, жануарлардың қиын тиімді пайдалану жолдарын қарастыра бастаған. Мұны сол елдегі көптеген агробизнес өкілдері де растап отыр. Олардың арасында Modern Farming да бар. Бенгбуде компания өз қажеттіліктерінің үштен бірін қанағаттандыру мақсатында тезектен энергия алу мақсатында биогаз қондырғысын орната бастаған. «Қоқыс жоқтың қасы», – дейді ферманы таныстырып жүрген гид Лю Цян. Оның айтуынша, алқаптан қораға дейінгі, қорадан сүттің бөтелкеге құйылуына дейінгі бүкіл процесс – сол елдің көрінісі болса керек.

Шанхайдағы Ханчжоувань шығанағы бо­йына созыла біткен құмдауыттың шетінде малдың жем-шөбін шығаратын тайландтық бір конгломерат орнықты шалғын өндіретін мегаферма салып жатыр. Жалға алу мен 20 жылдық келісімшарттың өтеуі ретінде Charoen Pokphand немесе CP Group Сыци қаласының сыртындағы балшық шайған 2600 гектар жерді тамақ өндірісіне айналдырмақ. «Мақсат – қоғамға бүкіл бағытта пайда әкелу», – дейді кең шалбар киіп, жейдешең жүрген аға вице-президент Цинцзюнь Ван.

Қытайдың ауыл шаруашылығының келешегі осылай көрінеді. Трансұлттық корпорация, зауыттар, фермалар, корпоративті кеңселер мен тіпті жұмысшыларға арналған пәтерлерден су үстіндегі виллаларға дейін барлығы құрамына кіретін ауыл шаруашылығы кешендеріне құюда. Онда жылыжайлар, брокколи алқаптары, химикаттарды шашатын дрондар, аяқталуға жақын тұшпара зауыты, көлемі үш есе үлкен етіп жоспарланған, температураны бақылайтын роботтарды жөндейтін, жұмыртқаны реттейтін және сойылған құстың жүнін автоматты түрде жұлатын зауыты бар. CP Group жылына 20 мың тонна табиғи тыңайт­қыш алуға жеткілікті тауық қиын шығаруды жоспарлап отыр.

CP Group басқаратын автоматтандырылған фермада үш миллион тауық күніне шамамен 2,4 миллион жұмыртқа туады. Онда бір жұмысшыға 168 мың құстан келеді.

Өткен жылы компания аттракциондағы әуеден қарау әткеншегі тәріздес вертикальды ферма жобасын іске асырды. Бұл ферма қауашақтары бар айналып тұратын 10 метр­лік алты мұнара сиятын әрі ауасы жақсы алмасатын мөлдір қорапқа ұқсайды. Вангтың айтуынша, бақыланатын орта тыңайтқышты мақсатты қолдануға, пестицидтерге деген қажеттілікті азайтып, осындай алқаптан түсетін өнімнен төрт есе көп өнім жинауға мүмкіндік береді екен. Бұл – егістік алқабы өте аз, әсіресе фермерлер керекті мөлшерден үш есе көп тыңайтқыш қолдану арқылы ластануға үлес қосатын ел үшін айтарлықтай болашағы зор жоба. Сонымен қатар бұл CP Group компания­сына 2015 жылы билік мәлімдеген 2020 жылдарға қарай тыңайтқыш пен пестицидтерге шектеу қою жөніндегі мақсатқа сай келеді.

Бұл жоба – өндіріс логикасын тамақ өнеркәсібінде қолдануын Ванг мырза көлбеу бірігудің үлгісі ретінде қарастырады. «Адамзат пен жер арасындағы байланыс үйлесім табуы керек», – дейді ол. Ванг CP Group қолға алған тамақ өнеркәсібі жүйесі бұған қол жеткізеді деп есептейді. Жұмыртқа өндірісінде бұл үй тауықтарына арнап дән өсіру, мекиендерді тамақтандыру, кейіннен олар жұмыртқа тууға жарамсыз болғанда сойып, кәдеге асыруды білдіреді. Өнімдерін сататын компанияның жеке дүкендері бар. Егер мұның барлығы ойдағыдай жүретін болса, бұл – керемет жоба. Бірақ алда-жалда листерия бактериясы ондағы жеміс-жидекке еніп кетсе, ауру жұқтыру орталықтандырылмаған жүйеге қарағанда кең көлемде және жылдам тарайды.

Қытайдағы ауқымды фермалардың түгелге жуығы мемлекет, кооперативтер және кәсіпкерлер тарапынан жүргізіледі. Алайда мен индустриалды сүт фермаларына арнап жоңышқа өсіру арқылы байыған Ішкі Моңғолиядағы фермер Лин Люмен жолықтым. Жасөспірім кезінде Лю америкалық егіншілік жөнінде және жер өңдеу үшін техника қолдану туралы ақпаратты радиодан естіпті. Бұл топырақты қол соқамен жер жыртқаннан әлдеқайда жақсы естіледі және оны қиял кернейді. Уақыт өте келе Лю жергілікті билікті өзіне 1000 гектар жерді жалға беруге көндіреді. Ол АҚШ пен Еуропадан озық үлгідегі ауыл шаруашылығы техникаларын сатып әкеледі. Бұл техника 30 жұмысшы 20 күнде істейтін жұмысты төрт сағатта аяқтап тастайды.

Сары теңіз жағалауында Ронгченг жұмысшылары айналмалы көтергіш арқылы балдырларды құрғатуда. Қытай ас мәзірінде бұл тағамды шошқа етіне және сорпаға қосады.

Люмен жолыққан өткен жаздағы уақытта оның фермасында бірнеше орасан сарайлар, жұмысшылар жататын барақ, бірқатар кеңсе мен бастырма және тоған үстінен «қарайтын» екі қабатты вилла болды.

Кейінірек Лю өзінің жол талғамайтын Лексус көлігін кентке жууға апарды. Көлік жуылып жатқанда мен одан қанша пайда табатынын сұрадым. Айына 10 000 юань (1505 доллар) ба? Оның жауабын естігенім жоқ, алайда оның жымиғанын байқадым. Кейінірек аудармашы бұл оның ашық түрде «иә» дегенін білдіретінін айтты. Расында, ол бұдан әлдеқайда көп табады.

CP Group компаниясының саябағы мен корпоративтік кеңселеріне барғанда Лю туралы ойладым. Мұнда үлкен фермалардың аз талқыланатын тағы бір коммерциялық дәйегі, яғни ақшаның қанша мөлшерде екенін түсіну оңай. Сарапшылар қандай көлемдегі ферма әр гектарындан мол өнім алудың жолдарын қарастыруы мүмкін, бірақ индустриалды фермалар шағындарға қарағанда әлі де әлдеқайда көп пайда табады. CP Group бұған қол жеткізуге талпынуда. Компания жетістікке жету үшін озық америкалық бизнес өкілдерін, McKinsey & Company секілді кеңесшілерді жалдады.

Тамыз айында Цыси саябағына барғанда ауа райы ылғалды және қапырық екен. Power Point слайдтарындағы таныстырылымын көрсету үшін Ванг мені желдеткіші жақсы жұмыс істейтін конференц-залға ертіп барды. Біз аумаққа қарап тұрған қабырғасы терезелі басшылар тамақтанатын бөлмеге өттік. Айналатын үстелге қатар қойылған 27 ыдысқа, ішінде саябақтағы жылыжайдан әкелінген жүзім және толқынды гилоцереус бар. Вангт Қытай дәстүрі бойынша маған қызыл шарап ұсынып, жылы сөзбен мақтап қойды. Бұл Қытайда ауыз тиген ең дәмді ас болатын.

Тіпті Қытай ауыл шаруашылығын дамытуға күш салып жатса да, көптеген қалталы қала тұрғыны индустриалдық фермаға сенімсіздік тұрғысынан алға кетіп қалған. Оның ерекше мысалын Бейжіңнің солтүстігінен табуға болады. Мұнда Цзян мен Пингтің ұлы Чжэнчао Цзян Қытай ауыл шаруашылығы келешегінің кейінгі қосымшаларын салуға көмектесіп жатыр. Гүрсілдеген тас жолдың жанында тұрған екі қалың бетон ғимараттың артында 2 гектар жер өңдеп, Қытайдың ауыл шаруашылығы «құрағының» өз бөлігін жасап жатыр.

Қамыр орталық-шығыс Қытайдың Чжэнчжоудағы COFCO мемлекеттік кәсіпорнының зауытында кептіріледі. Қытайлық тұтынушылар бүгінде жылына 82 миллон тонна дайын тамақ тұтынған.

Цзян жүзге жуық өнім өсіреді. Олардың арасында қарбыз, баклажан, таро, тәтті жүгері бар. Ол өнімнің біразын көтерме базарға апарады, алайда оның негізгі бизнес көзі – Бейжіңдегі орта тап өкілдерін апта сайын қауіпсіз, бақшадан жаңадан жұлынған өнімдерді олардың есіктерінің алдына апарып беру үшін алты айлық жарна төлеуге көндіру. «Менде фермерлікпен эмоциялық байланыс бар», – дейді әлеуметтік жұмыс жөнінде жоғары білім бар Цзян. Ол алқаптағы жұмыс­ты азап деп санайтын ата-анасының уәжіне тоқтамастан, фермерлікке қайта оралды. «Мен астамшылықта өмір сүре алмаймын», – дейтін оған қазіргі жағдайы ұнайтын секілді.

Цзян – ауылдық жерде туып, колледжде білім алған қытайлықтардың қайта алқапқа барған феномені тәрізді. Аз болса да, оған қатысушылар арасында қалыптасқан сөз бар: фанатианциннян – ауылына оралған жастар. Олардың өз ұстанымдарын қолдайтын «Воту ауыл шаруашылығы тұрақты даму орталығы» деп аталатын ұйымы және Sustainable Farming деп аталатын ақпарат журналы да бар. Қытайдың табиғи өнім секторы тез қанат жайды. Кейінгі өнеркәсіп зерттеуіне сүйенсек, 2006 жылдан бері сатылым көлемі 30 есе көбейген. Зерттеушілер кемінде қоғам қолдаған 122 ауыл шаруашылығы жобасы бар екенін айтады. Ол жобада фермерлер Цзянның үлгісінде жұмыс істейді. Дегенмен қозғалыс өкілдері жобалар санының жүзге жететінін айтады.

Тұтынушылар үшін кішігірім фермаларға тәуелді болудың екі жағы бар. Бір жағынан, бұл – ферма қауіпсіз өнім ұсынады деген сенім. Өңірлік Қытай жөніндегі озық ғалым Вэнь Тьецзюньнің айтуынша, кішігірім фермалар Қытайдың ауылшаруашылық дәстүрін көрсетеді, бұл ауылдық және қалалық қытайлықтарға бірдей қатысты. «Азиядағы ауыл шаруашылығының тарихы 40 ғасырдан асады, – дейді Вэнь. – Саны осыншама көп халықты жеткілікті өніммен қамтамасыз етуден бөлек мұнда жақсы орта қалыптасқан». Вэнь 2008 жылы Бейжіңде табиғи ферманың моделі Little Donkey компаниясының ашылуына көмектесті. Келесі жылы ол қоғам қолдаған ауыл шаруашылығы жобасына айналады.

Аньхой провинциясындағы Modern Farming компаниясының Бенгбу фермасында бұзаулар жабында тұрады. Кемінде 36 000 сиыры бар бұл ферма – елдегі ең үлкен сүт өнімін өндіретін орын.

Мұндай тағам түрі Қытай нарығының аз бөлігін ғана қамтиды. Бірақ бұл қытайлықтардың көбі түгелдей азық-түлік кәсіпшілігінің болашағына сеніп кетпегенін көрсетеді. Цзян Чжэнчао ата-анасының неліктен өздерінің фермасын тастап кетуді қалайтынын түсінеді және олардың қиындықтарын қайтадан бастан өткізгісі келмейді.

Оған барғанымда Цзян мені және бірнеше әріптесін ертіп, кәуап мейрамханасына кешкі асқа апарды. Біз сыртта пластикалық үстелге отырып, құрылыста қолданылатын «ешкінің» үстіне орнатылған темір торға еңкейіп тұрған, алжапқышын тартынған етжеңді келіншекті көрдік. Келіншек бізге шошқаның кесек еттерін, тауық жүрегінен жасалған кәуәп, қара күнжіт пен тұздық құйылған талшықты томарқұлақтар, саңырауқұлақпен қуырылған қалампыр, май мен сірке қосылған баялды (баклажан), соя тұздығына малынып алынған қайнатылған жержаңғақ әкелді. Мұнда Цзян бала кезінде жегеннен еттің көп түрі бар, «Бұрынғы уақытта адамдардың иелігіндегі жері арқылы өздерін қамтамасыз етіп отыр­ғаны жаман нәрсе деп ойламаймын, – дейді ол. – Қытайда фермер болсаңыз, адамдар сізге менсінбей қарайды. Бірақ мен фермерлікті жақсы көремін. Өмір қысқа, сондықтан өзіме ұнайтын нәрсені жасағым келеді».

Гуандун провинциясындағы Цюйде балалар мектеп сыртында кеспе, жұмыртқа және еттен жасалған тамақ жейді. Бүгінде көптеген отбасында ата-ананың екеуі де жұмыс істейтіндіктен үйде тамақ жасауға уақыт тапшы.

Цзян кейінгі 40 жылда Қытай фермалары бастан өткерген өзгерістердің пайдасын көріп отыр. Біздің ағыл-тегіл шошқа мен тауық еті – соның бір бөлшегі. Сондықтан оның ауылдық Гансу провинциясы мен гипер-заманауи Бейжің арасында айналып жүруі уақыт жиһанкездігінің бір түрі секілді. Бірақ ол қоғам қолдайтын ауыл шаруашылығына байланып қалып-қалмауы белгісіз. Аз пайдаға көп жұмыс істеуден қашпайды. Ол Гансуға қайтып, үлкен ферма ашуға талпынып көруі мүмкін екенін де айтады.

Автор: Трейси Макмиллан, фото: Джордж Стейнметц


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Viewing all 1619 articles
Browse latest View live
<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>