Quantcast
Channel: nationalgeographic.kz
Viewing all 1619 articles
Browse latest View live

Метеорит бүккен сыр

$
0
0

Ғарыштан түскен тастардың кейбірі ғана Жер бетіне жетеді. Аризона мемлекеттік университетінің Метеорит зерттеу орталығында төмендегідей өте сирек кездесетін металл-кристалды палласит секілді 40 мыңға жуық өзгеәлемдік қалдық ылғалдығы жіті бақыланатын нысанда сақталады. Мақсат – күн жүйеміздің қалай қалыптасқанын әрі күндердің күнінде ғарышта қалай аман қалуымызға болады деген сұраққа жауап алу үшін оларды болашақ ұрпақ зерттей алатындай қаз-қалпында сақтап қалу.

 

Авторы: Мая Уэй-Хаас

Жарнама

Алып күн жүйесін жақыннан көруге дайынсыз ба?

$
0
0

Юпитерді айнала ұшып жүрген NASA-ның Juno (Джуно) зондының арқасында ғалымдар JunoCam камерасының көмегімен планетаның таңдай қақтырар суреттерін бірінен соң бірін түсіріп жатыр. Ашық аспан өзен ортасында қалғандай көрінетін үлкен қызыл дағы бар мына суреттің авторы Кевин Гилл.

 

 

Авторы: Майкл Грешко, фото: Кевин Гилл

 

 

ДЕРЕККӨЗ: NASA/JPL/SWRI/MSSS

Алабажақ тиін

$
0
0

Көлемі мен реңі бойынша бұл тиінге тең келері жоқ.

 

Бұл түрлі-түсті кеміргішті әуесқой фотографтардың бірі алғаш рет Үндістанның оңтүстік ормандарынан байқаған екен. Ол түсірген суретті интернеттен көргендер таң қалумен болды. Алып тиінінің салмағы екі келі, ал құйрығының ұшынан тұмсығына дейінгі ұзындығы бір метрге дейін жетеді. Көлемі жағынан ол Еуропа мен Солтүстік Америкадағы тұқымдастарына қарағанда екі есе үлкен болып келеді. Солтүстіктегі титтей көршілері­­не қарағанда өте икемді келетін табаны мен тобығының арқасында бұл «пілдер» бұтақтан бұтаққа алты метрге дейін секіріп, тропикалық ормандарда емін-еркін қоректенеді.

«Көлеңке мен сәуле мозайкасында өмір сүретін алыптың ерекше терісі теңдесі жоқ камуфляж қызметін атқарады», – дейді «Әлем тиіндері» кітабының авторы Джон Копровский. Ал эволюциялық биолог Дана Кремпелдің айтуынша: «Олар жыртқыштардың көзіне түсе қоймаса да, тиіндер бір-бірін алыстан байқайды».

 

Авторы: Джереми Берлин

 

 

Эрик Брайтунг

$
0
0
Эрик Брайтунг Метрополитен өнер музейінің ғалымы.

ОЛ ҚОЛДАНҒАН ҚҰРАЛ-САЙМАН: ГАЗ ХРОМАТОГРАФИЯ, МАССА СПЕКТРОМЕТРИЯ, ИОН ХРОМАТОГРАФИЯ, УЛЬТРАКҮЛГІНІ КӨРІНЕТІН СПЕКТРОСКОПИЯ.

Химия мен өнер

 

Сөзбе-сөз айтқанда Эрик Брайтунг өнер мен ғылым тоғысқан жерде еңбек етеді. Нью Йорк қаласының Метрополитен өнер музейінде консервация (сақтау) ғалымы ретінде ол баға жетпес өнер туындыларын сақтау үшін аналитикалық химияны қолданады. Өзгелері тек белгілі бір сурет пен мүсіндерге ғана ден қойса, бұрынғы ғылыми қызметкер әрі бар ғұмырын көркемөнерді қызықтауға арнаған адам ретінде Брайтунгтың өз жұмысына деген көзқарасы ерекше: «Мен бүкіл музейге мән беремін», – дейді ол.

Бұл аумағы 10 мен 2000 м² дейін жететін музей холлдарын жыл сайын өтетін 60 көрмеге дайындау деген сөз. Әрбір көрменің дизайн элементтерінде туындыға зақым келтіруі мүмкін химия болады. Мәселен, киім-кешек көрмесі үшін сөренің мата төсемесіндегі сірке қышқылы қауіпсіз болса, ал металдан жасалған бұйымдарды ол жеп жібереді. Брайтунг пен оның үш адамнан тұратын командасы «түрлі өнер туындыларына тұрақты химикаттардың қандай мөлшері қауіпті екенін анықтайтын амалды» бәрінен бұрын ойлап табуды мақсат етіп отыр.

Мұндай алдын алу шараларына зақымдалған нысандарды қалпына келтіруден бастап, көрме сөрелері мен қойманы туындыларға зақым келтірмейтіндей етіп жабдықтау кіреді.

«Мейлі ол музей болсын, мейлі үй болсын, өздерінің мәдени мұрасына осы принциппен қарайды ғой деген үмітпен үйренген дүние­міздің бәрін біз веб арқылы бөлісіп жатырмыз», – дейді Брайтунг.

 

 

Авторы: Джереми Берлин фото: Дэн Уйнтерс

Жарнама

Ұнатқан затыңызды неге ұнатасыз?

$
0
0

Талғамыңыз жақсы деп ойлайсыз ба? Онда сізге сенім жоқ екен! Қоршаған орта, шығу тегіңіз бен геніңізге алғыс айтыңыз.

Сізді талғамыңыздан жақсы ешнәрсе білмейді. Тағам, шарап, романтикалық партнер не сіз дауыс берген кандидатқа қарап-ақ болмысыңыз­­ды анықтауға болады. Талғам – болмыс! Еркін таңдау мүмкіндігі, яғни әбден ойланып барып, рационалды түрде қабылданған шешімдердің арқасында ұнату мен ұнатпау талғамыңыз қалыптасты деп ойлайсыз ба? Онда сіз оңбай қателесесіз…

Toxoplasma gondii-мен таныс болғаныңыз дұрыс. Индиана университетінің медицина факультетінде жүргізген зерттеуімнің нәтижесінде жалғыз жасушалы T. gondii паразитінің тіршілік иесінің мінез-құлығын қалай өзгертетінін байқадым. Ол тышқанды мысықтан қорықпайтындай ете алады. Ал кейбір зерттеулер ол тіпті  адамның болмысын да өзгертіп (аса мазасыздық) жіберуге қауқарлы екенін көрсеткен.

Бұл зерттеулерден кейін маған «біздің назарымыздан тыс қалып, ұнату мен ұнатпау талғамымызға әсер етіп, болмысымызды өзгертіп жатқан өзге де дүниелер бар» деген ой маза бермеді. Ғылыми еңбектерге үңілген сайын мен ғажап әрі үрейлі шындықпен бетпе-бет келдім: біздің әрекеттеріміз жасырын биологиялық күштермен реттеледі екен. Біздің мінез-құлқымыз әрі қалауымызға генетика құрылымы, генімізге қатты әсер ететін қоршаған орта, ағзамызды паналап, біздің жү­­йемізге сансыз микробтармен бірге енетін өзге де гендердің әсері зор.

Қуырылған тамаққа құмар болып келетін олар көп адам ұнататын көкөністерді мүлде қаламайтыны «бәлкім, олар емес, мен сау емес шығармын» деген еріксіз ойға жетеледі. Брокколи жаныма неге жақпайды?

Мен оны жек көргім келген жоқ. Сондықтан мен бұл астан неге жиренгенімді зерттеуге кірістім. Бағыма орай ғылымның да бұған айтары бар екен. Ғалымдар адамзаттың 25 пайызы брокколиді менікіндей себептермен ұнатпауы мүмкін екенін анықтап, мұндай адамдарға суперталғампаздар деген ат та беріліпті. Бүкіл гәп дәм сезу рецепторлары құрылымындағы ген вариациясында болып шықты. TAS2R38 гені брокколиде жетіп артылатын тионесепнәр секілді ащылау химикаттарды бірден сезеді. Осылайша өз дезоксирибонуклеин қышқылында (ДНҚ) бұл компаундты жиіркенішті ащы қылып тіркейтін дәм рецепторлары барын білдім. Бұл ДНҚ-ның менің ағзама зиян келтіруі мүмкін өсімдіктерден сақтаған түрі болса керек.

Мұндай жауапқа уайымым сейілмек түгіл еселеніп кетті. Жатырға түскенге дейін «ген сататын дүкенге» барып, таңдау мүмкіндігіміз болған жоқ қой бізде… Қазіргі болмысымды анықтайтын тағы қандай дүние менің құзырымда емес? Мен қаншалықты менмін?

Ал әйелге келгендегі талғамым ше? Мұнда енді еш күмән болмауы тиіс. Дегенмен негізінен бастасақ: мені неге еркекке емес әйелге тартады? Бұл кештердің бірінде, жағажайда демалып отырып жасаған саналы таңдауым емес. Бұл менің табиғатым. Адам жеңсіктігінің генетикалық компоненті әлі түсініксіз болса да бұл таңдау емес екендігі анық.

Сексуалдық ориентациямызға қарамастан бойымызда қарсы жынысты тартымды көретін туабітті сезім атрибуттары бар. Оймақ ауыз, от шашқан көз, қолаң шаш секілді ерекшеліктер көбіне тартымды деп бағаланады. Біршама зерттеулер көрсеткендей сүйкімді адам өзіне жұп, жұмыс не ақша табу мәселесіне келгенде әлдеқайда табысты болып келеді екен. Тіпті, сот та шырайлы жүзіңізге қарап, сізді «ақтап» шығуы мүмкін.

Эволюцияны зерттейтін психологтардың айтуынша, шындығына келгенде, біз не істесек те, түпсанамыз қалайда тірі қалып, біздің генді репродукциялау немесе біздің ген бар жақындарымызға (туған-туыс) көмектесу амалын қарастыратын көрінеді. Сондай-ақ олардың пікірінше, біз тартымды санайтын көптеген физикалық ерекшеліктер кәдімгі зор денсаулық пен сол кездегі бабының белгілері екен.

Жаныңыз жай тапса, тартымдыларға да жоқ дейтіндер табылатынын біле жүріңіз. Әйелдерге ер азаматтар киген жейдені иіскетіп, қолтық тұсы исін бағалатқызған аса танымал зерттеудің нәтижесінде әйел мен еркектің иммундық жүйесі неғұрлым ұқсас болса, иісі де соғұрлым сасық болатыны анықталған. Бұған өте орынды эволюциялық мысал да бар: ерлі-зайыптының иммундық гендері өте ұқсас келсе, олардың ұрпағы патогендерге қарсы тұра алатындай дұрыс жабдықталмауы мүмкін. Осыған байланысты иіс рецепторлары прокси, яғни сенімді уәкіліміз ретінде іске кірісіп, потенциалды парт­нердің ДНҚ-сы қаншалықты сай келетінін анықтайды. Мұндай зерттеулер адамдар арасында химияның барын растайды. Біреу сіздің ұсынысыңыздан бас тартса, оны жеке басыңыздың кемшілігі деп емес, ағзаңыздың бас тартқаны деп қабылдағаныңыз дұрыс.

Өмірдегі таңдауымызға келгендегі геніміздің алып жатқан орасан орнына көңілім қалып, оны мойындағаннан кейін мен ДНҚ қолы жете қоймас деген үмітпен саяси талғамымызды зерттеуге кірістім.

Соңғы жаңалықтарға сүйенетін болсақ, ғалымдар әдетте саяси спектрумның қарсы бетіндегі адамдармен ассоцияцияланатын айқын тұлғалық ерекшеліктерді анықтаған екен. Мәселен, либералдықтар ашық мінезді, креативті әрі жаңаға құмар келсе, консерваторшылар ұқыпты, дәстүрлі көзқараста әрі тұрақтылықты қалайтын болып шықты. Туған кезде бір-бірінен айырылып, бөлек ортада өмір сүрген егіздердің өзі түбінде бірдей саяси ұстанымға келетіні біздің саяси компасымызға генетикалық компонент ұсынады.

Тағы бір зерттеу либерал мен консерватор миының нақты бір бөлігі ерекшеленетінін және ол қандай да бір күйзелістік жағдаяттарға түрліше әсер етуі мүмкін екенін көрсетті. Мәселен, консерватордың бадамша денесі, яғни «қорқыныш сезіміне жауап беретін орталығы» үлкенірек келетіндіктен олардың өзіне ұнамаған фото не дыбысқа физиологиялық реакциясы күшті келеді. Мұндай биологиялық ерекшеліктердің арқасында қос тараптың неге тіл табыса алмайтынын аңғару қиын емес. Өйткені сіз оның пікірін өзгертуді емес, биологиясына қарсы шығуға шақырып жатырсыз.

Бұл мысалдар айсбергтің ұшы ғана. Шындығы сол құмарлықтан бастап, тартымдылық мен қорқыныш сезіміне дейін әрбір адамның мінез-құлқы генетикасында жазылған. Алайда бұл сіз ДНҚ-ға құл болдыңыз деген сөз емес. Адам миының кереметтілігі сондай ол, тіпті, ДНҚ сырын да ашып алды. Генді редакциялау арқылы біз өз генетикалық инструкцияларымызға қарсы шыға білген алғашқы тіршілік иелері болмақпыз.

Ғылым сіздің сіз емес екеніңізді дәлелдеді. Өзімдікі деп ойлап жүрген әрбір әрекет пен тұлғалық ерекшеліктеріңізге ықпал етіп жүрген биологиялық гремлин бар. Бастапқыда мұндай шындық естен тандырады, бірақ білім – бұл күш. Теріс қылықтарымыздың молекулярлық негізін білу арқылы ғана біз оны «ауыздықтай» аламыз. Таңдау ешкімде де болмағанын қабылдау арқылы ғана бізде эмпатия туып, өзгелерге жанымыз көбірек ашитын шығар?! Бәлкім, біз өз-өзімізді толық бақылап тұрған жоқпыз деген түсініктің арқасында мақтап не кінәламай түсіністікпен қарауға ұмтылатын шығармыз…

 

 

Билл Салливан Индиана университетінің медицина факультетінің фармакология мен микробиология профессоры. Оның «Pleased to Meet Me: Genes, Germs, and the Curious Forces That Make Us Who We Are» кітабын мына сілтеме арқылы таба аласыз shopng.com/books.

 

 

Авторы: Билл Салливан

Мұхит қорыта ала ма?

$
0
0
Барри Розентэл өз туындыларын ластану тақырыбына арнап отыр. Қажетті мөлшерде жиналғанға дейін ол қоқысты өзінің студиясында айлап, кейде жылдап сақтауы мүмкін.

Мұхиттағы пластик қоқыс қолға алынған көркемөнер жобасына негіз болып отыр.

 

Құм, су, мұхит бризі мен пластик әлемдегі барлық жағажайға ортақ дүние. Нью-Йорктегі Бруклин ауданы аумағында оналасқан Флойд Беннет аэродромындағы жағажай Барри Розентэл үшін археологиялық нысан іспетті. Қылқалам шебері мұнда өзіне қажетті материалдарды жинау үшін жиі келеді және оның құр қол қайтқан кезі болған емес.

Мұхит экожүйесіне әбден сіңіп, әлем кезген пластик осы дәуірдің артефактысына айналатыны сөзсіз. Жыл сайын суға түсетін 9 млн тонна пластик қалдықты есептемегенде қазірдің өзінде онда 5 трлн пластмасса бөлшегі бар екен.

Мұхит толқыны, күн жарығы, құм мен тұз әсерінен деградацияға ұшыраған бұл қалдықтарды ақ реңктен басқа ештеңе байланыстырып тұрған жоқ.

Розентэлдің айтуынша, бөтелке, ойыншық пен тамақ қаптамалары оңып, тозып, ыдыраса да еш жоғалып кетпейді екен. Бұған көз жеткізгеннен кейін ол теңіздің ластану проблемасына мән беріп, жағажайға толқын шығарған пластик қоқыс­тан композиция жасап, оны суретке түсіре бастаған. «Өзіммен бірге алып кете алғанымша қоқыс жинап, оны студияға апарып кәдеге жаратам», – дейді ол. Мотор майы контейнерлері сияқты түс, формасы әртүрлі заттар түрлі скульптураға айналған заттар белгілі бір тақырыпқа арналады.

Осылайша эстетика үшін басталған жобаның екінші яғни, әлеуметтік және экологиялық мақсаты пайда болды. Бүгінде Розентэл мұхиттың ластануы тақырыбын көтеріп, оны қалай тазалауға болатыны туралы ел аралып, лекция оқиды. Оның айтуынша бұл мәселені шешу үшін ең әуелі тұтыну мәселесіне баса назар аударған жөн.

Қалам, қарындаш пен маркер арқылы Розентэл мынадай керемет портрет құрастырып шықты. Қолдануға келмейтін жүздеген жазу-сызу құралдарын ол Нью-Йорк жағажайларынан тапқан. Өндірушілер пластик ыдыс секілді өнімдерді бір рет қолдану үшін ғана шығаратыны жасырын емес. Кей ғалымның айтуынша, кейбір пластик түрлері ыдырамауы да мүмкін екен.

«Қаптама индустриясында парадигмалық өзгеріс керек, – дейді ол. – Пакет пен түтікшеге тыйым салу жеткіліксіз».

 

Авторы: Даниэль Стоун

Өткір дәмнің титтей көздері

$
0
0
Бұл кескін электрондық микроскоптың көмегімен түсірілді. Нысан бетін дәлме-дәл көрсету үшін аппарат электрон шоғырын пайдаланады. Нәтижесінде, көз жауын алатын ақ-қара сурет шығып, кейін Оггерли оған түс берген.

Аромат бұл өсімдік қорғанысы

 

Бұрыш дәнінің дәмі неге өткір келетінін анықтау үшін Антони ван Левенгук (1632-1723) оны суға жібітіп, микроскопқа салып қарады. Дат ғалымы оның дәмі титтей тікенек пен «бізгегі» бөледі деп ойлаған. Оның орнына ол ойлы-қырлы сфераға, яғни қимылдаған өте майда организмдерге тап болады. Бұл алғаш бақыланған бактерия еді.

Осылайша, фотограф-ғалым Мартин Оггерли үлкейтілген детализацияда үңілген әлемге микробиологияның әкесі Ван Левенгук XVII ғ. көз салып көрген екен.Мына микроскопиялық кескінді фотоға түсіргеннен кейін Оггерли кей өсімдік бөліктеріне түс берді. Өсімдіктегі өндіру мен сақтау құрылымының бойында біз сезетін (дәм, иіс) көптеген химикат бар.

Өсімдіктің өзіне тән иісі олардың қаруы б.т. Өсімдік химикаттары оған төнген қауіпке жауап ретінде ықылым замандардан бері дамып отырғандықтан көк атаулының кейбірі шырыштыға, ал кейбірі малға қарсы жақсы қорғанған. Сол сияқты Левенгук зерттеген бұрыш дәніндегі пиперин деп аталатын компаундтардың ошағы құрт-құмырсқаларды өздеріне жақындатпайтын етіп дамыған. Өсімдік пен оның дәмдеуіштер «хинтін» зерттей келе біздің де қарсы тұрар арсеналымыз едәуір көбеймек.

Авторы: Роб Данн, фото: Мартин Оггерли

Америка мен Қазақстан: сіз ойлағаннан да жақын

$
0
0

Елордамыз Нұр-Сұлтандағы ҚР Ұлттық музейінде АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен «Америка мен Қазақстан: сіз ойлағаннан да жақын» атты фотокөрменің ашылу салтанаты өтті.

Шараның ашылу рәсіміне ҚР Ұлттық музей директоры – Арыстанбек Мұхаммедиұлы, АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі – Уильям Мозер, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, «National Geographic Qazaqstan» ғылыми кеңесшісі Әділ Ахметовпен бірге түрлі ұйымдардың, қорлар мен компаниялардың өкілдері қатысты.

«Екі елдің арасы географиялық тұрғыда қашық болғанымен, осы ұқсастықтар біздерді одан әрі жақындастырып, серіктестігіміз нығайта түсері сөзсіз. Мәселен америкалықтар мен қазақтар арасындағы ежелгі атбегілік дәстүрдің өзі көп нәрсені аңғартып тұрғандай, – деді көрменің ашылу барысында сөз алған Уильям Мозер. Гранд-Каньон мен Шарын шатқалы, Ескерткіштер жазығы мен Үстірт ойпаты, сондай-ақ тума америкалықтардың қазақтар секілді киіз басу, сырмақ тоқу секілді ұқсастықтар екі елдің бір біріне біз ойлағаннан да жақын екенін көрсетеді».

Гранд-Каньон
Шарын шатқалы
Ескерткіштер жазығы
Үстірт ойпаты

Аты айтып тұрғандай көрменің негізгі мақсаты – АҚШ пен Қазақстан арасындағы экономикалық, географиялық, тарихи һәм мәдени ұқсастықты қалың көпшілікке таныстыра отырып, қос елдің айнымас серіктес, бірлігі бекем әріптес екенін жеткізу.

«Қай тілде жарық көрмесін «National Geographic» журналы оқырмандарын өзіне бірден баурап алатындығымен ерекшеленеді. Оның басты сыры бұл басылымның кез келген мәселеде тек ғылым көзімен қарайтындығында болса керек. Бүгінгі шараның өтуі соған дәлел, – деді  Әділ Ахметов.

Шара барысында қос ел фотографтарының Америка мен Қазақстанды байланыстырып тұрған фотосуреттер жиынтығы қойылып, соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

«Жалғыздың үні шықпас және бір нәрсені істеу үшін, идеяны қолдайтын және оны жүзеге асыруға көмектесетін адамдар керек. Менің жолым болды, сондай адамдар менің жанымнан табылды, мен ата-анам үшін, менің және жобаларымыздың дамуына септігін тигізетін достарым және әріптестеріме ризамын», – деді «National Geographic Qazaqstan» журналының бас рекдакторы Еркін Жақыпов. Бүгінгі көрме біздің командамыздың басқа басқа екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан сайын нығайтуға да әсер ете алатынын көрсетті».

Жоспар бойынша көрермендер көрмені қазан айының соңына дейін  музейде, ал қараша айында елордамыздағы «MegaSilkWay» және Алматыдағы «Mega-Almaty» ойын-сауық орталықтарында тамашалай алады. Сондай-ақ, бұл көрмені желтоқсан айында Шымкент пен Петропавл қалаларында да өткізу көзделіп отыр.

 

Ұйымдастырушы – «Qazaq Geography» РҚБ және «National Geographic Qazaqstan» журналы.


Ұялшақ өнерпаз

$
0
0

Батыс Трагопан өте сирек, ұялшақ әрі қолға ұстатпайтын құс. Оны көрудің өзі бір ғанибет. Жергілікті халық бұл құсты jujurana, яғни патша құс деп атайды. Тұмса табиғаттағы саны 3300-ден аспайтын бұл құс тек Үндістанның Химачал Прадеш штатында кездеседі.

Режиссер Мумун Дхаларияның 2017-2018 жылдың басым бөлігін осында өткізгені де бекер емес. Мақсат джуджурана туралы деректі фильм түсіру. Бір күні құс көзінен таса жерде тығылып отырған орынға кербез аталығы жақындады. Тамақ іздеп болғаннан кейін ол аналықтардың көңілі мен бәсекелестерді үркіту үшін қойтастың үстінде, бар өнерін көрсете бастады. National Geographic зерттеушісі Дхалария 35 минутқа созылған бұл көрініске куә болып, трагопан жайлы ең ұзақ материал түсірген жанға айналып шыға келді.

Аталығы аналығына бір қырымен жақындап, бар кереметін паш етеді: басына көгілдір мүйіз шығып, құйрық қауырсындары жайылып, кемпірқосақтай шоқша сақалы ашылады. Би мәресіне жетер шақта ол кенет ғайып болып, атып шығып, аналығының үстіне секіріп мінеді. Шағылысу 10 секундқа ғана созылса да, 6-8 апта аралығында аналығы 3-5 балапан басып шығарады. Тұмса табиғаттағы популяциясы азайған сайын резерв ретінде қолда өсірілгендерінің (әзірге саны отызға жуық қана) маңызы артуда.

 


ТАРАЛУ АУМАҒЫ

Солт. Үндістанның батыс Гималайына ғана тән құстың бұл түрі емін-еркін қоректеніп, жасыруға қолайлы, адам аяғы жете бермейтін ну орман-тоғайды қалайды.

КОНСЕРВАЦИЯЛЫҚ СТАТУСЫ

Халықаралық табиғатты қорғау одағы бұл қанаттыны «осал түрге» жатқызады. Мекендеу ортасы фрагменттелген бұл құс негізінен еті мен қауырсыны үшін ауланады.


 

Авторы: Патрисия Эдмондс, фото: Мунмун Дхалария

Жаңа перспектива

$
0
0

Әрбір фотографтың армандаған кадры бар. Стив Уинтер үшін бұл өте жақыннан түсірілген жолбарыс беті болса керек. National Geographic-ке көптен бері үлкен мысықтар мен тұмса табиғатты түсіріп келе жатқан Уинтер үшін негізгі проблема жолбарыстың түскі асына айналып кетпей тың суретке қол жеткізу еді.

Үндістанның Мадхья Прадеш штатындағы Бандхавгарх паркіндегі еркек жолбарыстың бәрі камераны көргенде тұра қашқанымен біреуі жасаған пауза мына сурет үшін жеткілікті болды.

Камера орнатылған төрт дөңгелекті мына аппарат қашықтықтан басқарылады. National Geographic инженерлері құрастырған «камера көлік» бұған дейін еш қолданылмаған. Төменнен үстіге қарай түсіретін потенциалын байқаған Уинтер оны Үндістандағы жолбарысты сақтау жобасының біріне сұрап алады.


Мына ұрғашы Бенгал жолбарысы қорықпаса да камераның жанында өзін ыңғайсыз сезініп, табанымен бірнеше рет салып жіберді.

Іске келгенде оның жұмысы көпке созылған жоқ. Еркек жолбарыстар жолай қоймаған аппаратты қызық көрген ұрғашысы табанымен ұрып, істен шығарды. Абырой болғанда, Уинтердің мерейін өсірген суретті камера түсіріп үлгерген екен.

«Камера көлікті» қайтарғанға дейін ол сол ұрғашының өзі қалаған перспективадағы портретін түсіріп алды.

Авторы: Кэтрин Цукерман, фото: Марк Тиссен

Жарнама

Уэймин Чу

$
0
0
NG All Rights Reserved

Гранпри жеңімпазы; қала категориясы бойынша бірінші орын

Қатаң табиғатын түсіру үшін Чу Гренландияға қатарынан бірнеше жыл барып жүрді. Биыл ол Упернавик ауылына бірінші рет ат басын тіреп, көп күнін фотолокация іздеуге арнады. Қаланың ғажап көрінісін тұрғындардың мазасын алмай түсіру үшін кештердің бірінде ол аэропорт маңындағы бөктердің біріне шығады. Күңгірт жарықта сурет түсіріп көргеннен кейін, Чу адам қимылын қатырып көрмек болып, камера апертурасы мен ISO параметрлерін өзгертеді. Дәл сол кезде үйінен бір отбасы шығып, ол сырт еткізді. «Бұл суреттен гармония есіп тұр. Алагеуімдегі көгілдір реңк қарды тастай суық қылып көрсетіп тұр. Алайда терезе мен көшедегі жарық және үш адамнан тұратын отбасы әлемді жылытып тұрғандай», – деді Travel фотобайқауы табыс­талған кезде сахнада тұрған Чу.

 


КІМ? Чу, 29 жаста, фотографқа айналған инженер. Қытайдың оңтүстік-батысындағы Чунцин муниципалитетінде тұрады.

ҚАЙДА? Упернавик; балық аулаумен айналысатын Гренландиядағы шамамен бір мың тұрғыны бар ауыл.

НЕ? 24-105мм линзалы, Sony ILCE-7RM3 камерасы.


 

National Geographic Travel фотобайқауының өзге суреттерін мына сілтеме арқылы таба аласыз natgeo.com/travelphotocontest.

Жаңа суық соғыс

$
0
0
Канада әскерилері Корнуоллис аралында өткен Арктикада аман қалу оқу-жаттығуы кезінде аймаққа көз тастау үшін Солтүстік полюстен шамамен 1600 шақырым жерде құлаған ұшақ үстімен жоғары көтеріліп барады. Арктиканың жылынуымен және оның болашағына деген таластың қыза түсуіне байланысты Канада мен АҚШ әскерилері аймаққа қадам басты.

Арктика мұзы ери бастағалы бері мемлекеттер арасындағы мұзасты табиғи ресурстар мен теңіз тасымалы жолдарына бақталас қыза түсті. Осылайша ғаламдық жылыну әлемнің солтүстігі үшін қақтығысқа жол ашып отыр.

Қарашаның кеші. Қарасуық келе бастаған шақ. Арктикалық Йоа Хефвен елдімекенінің жаңадан сайланған басшысы Марвин Аткитук қала сыртындағы теңіз мұзы үстінде тұр. Ол нұсқау беру үшін жасағын бір жерге жинады. Суық жел оңтүстік қарын айдап әкелді. Ауа температурасы -20. Салқын, бірақ Арктика үшін аса суық деп айтуға келмейді. Арада біршама уақыт өткенде иықтарына мылтық асынып алған, еркек-әйел аралас жиырмадан астам эскимос айналамызға жинала қалды. Кейбірінің үстінде карибу терісінен тігілген күртеше болса, қалғандары ақ аю жүнінен жасалған «намуктукке» деп аталатын шалбар киіп алған. Аткитук топты бүгінгі күннің жоспарымен таныстырды. Бұл топ Канаданың қарулы күштерінің резервтік құрамдас бөлігі – рейнджер-сақшылар санатына жатады. Олар бүгін төмендегі Кинг-Уильям аралының жағалауда ғана жүретін көлікпен бір апталық патрульдік бақылау жүргізуге аттанады. GPS қолдану тренингінен өткен олар әскери практика, іздеу мен құтқару операциялары бойынша жаттығуларды пысықтап, аңдарды тамашалап, мұзды ойып балық аулауға қарық болмақшы.

Мен кірпіктеріме қатқан мұзды сүртіп, шеңбердің шетінде тұрдым. Суықтан жазуға шамам болмай, олардың бет-жүздеріне қарап, қатып қалған тыртықтарына көз салдым.

Көп ұзамай топ бытырап, түнекке сүңгитін ұзақ сапар алдында соңғы шылымдарын шекті. Аткитук қасыма келіп, тоңбадың ба деп сұрады. Ол ұзын бойлы, екі иығы екі кісі мінердей, езу тартуға бейім жан екен. Көп жыл сақшы-рейнджер қызметін атқарған Аткитук маған жанашырлық танытып, жолда ұйықтап қалмау керектігін ескертті.

АҚШ-тың Аляскадағы Солтүстік әскери жаттығу орталығы. Сарбаздар суыққа қарсы төзімдірек болуы үшін калориясы күшті азықпен тамақтанады. Мұнда армия суық аймақтағы оқу-жаттығуларын өткізеді. Әскерилер Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Финляндия мен Кеңес Одағы арасындағы қысқы соғыстың тактикаларымен машықтанады.

Оның айтуынша, адамдар қарда жүретін көліктерінен құлап кетіп, ізім-қайым жоғалған жағдайлар да болыпты. Аралда және Техас штатынан үш есе үлкен Нунавут аумағында байланыс та жоқ. «Күптеген жерден бөлініп қалсаңыз, біреу кері қайт­қанға дейін қозғолмай отырыңыз, – деді ол, – және ақ аюдың көзіне түсе көрмеңіз».

Сақшыларды «Канада солтүстігінің көз-құлақтары» деп атайды. Олардың патрульдік топтары 1940 жылдардан бері бұл елдің ең шалғай аудандарын күзетіп келеді. Қиыр солтүстіктегі рейнджерлердің көбі жылдар бойы барлаушы қызметін атқарып келе жатқан еріктілер. Олар соғыс жаттығуларына қатысып, тұрақты әскерлерге иглу жасауды, тундрада жол тауып, жалпы суықтан аман қалудың амалдарын үйретіп келді. Қаржы тапшылығының кесірінен олар әлі күнге дейін көне құрал-саймандарды пайдалануға мәжбүр. Арсеналдың арасында Британия тәжінің суреті бейнеленіп, мөр басылған 1940 жылдары жасалған мылтықтар да бар.

Алғашқы жасаған сапарым кезінде Канада үкіметі рейнджер қызметінің маңызын қайта бағалап жатқан еді. Арктиканың жылынуы мен ондағы адам қолы тимеген ресурстарды игерудегі мемлекеттер арасындағы талас-тартыс туралы әңгімелердің арқасында Оттавадағылар жасақтағы еріктілер санын еміс-еміс көбейтіп, керек-жарақпен де жабдықтай бастаған. АҚШ әскери шенділері де мұндай бағдарламаға қызығушылық танытып, Аляскада осыған ұқсас бастаманы қолға алып жатыр.

Аткитук мұндай өзгерісті жылы қабылдады. Себебі Арктика оның туып-өскен жері әрі артынан ұлы да өсіп келеді. Сондықтан ол алыстағы үкімет доспейіл қарым-қатынастан ұмытшақтыққа ауысып кетуі мүмкін екенін түсінеді. Арктиканың планетамыздың басқа жерлерімен салыстырған жылдам жылынып бара жатқанын жылдар бойы мойындамай келген Канада ақыры есін жия бастады.

Аляскадағы Форт-Грили елдімекенінің маңы. Шамамен 400 америкалық сарбаз парашютпен секіру шеберлігін шыңдап жатқан сәті. Канада қарулы күштері де қатысқан көпұлтты жаттығу әскерилерді экстремалдық ауа-райы шарттарында кең масштабты үйлестірілетін операциялардың қиындықтарына дайындайды.

«Біздер, инуиттер көп уақыттан бері климат өзгерісі туралы айтып келеміз, – деді Аткитук маған тундраға жол тартар алдында, – үкімет мұны енді түсінгендей болды. Олар біздің күзеткенімізді қалайды. Несі бар, қараймыз. Біз намысшыл канадалықпыз. Біздің сұрайтынымыз сол, телефон байланысына қол жеткізе алсақ, шіркін».

Мамыр айының басында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Финляндияның қиыр солтүстігіндегі провинцияға барып, Арктикамен шекаралас сегіз мемлекет пен осы аймақтың байырғы халық өкілдерінен құралған Арктика Кеңесі алдында сөз сөйледі. Жиырма жылдай уақыт бойына осы кеңес климат өзгерісі бойынша коллегиальдық пікірталас, ынтымақтастық пен прогрессивтік көзқарасты қолдап келеді. Мұндай оймен келіспейтін администрация эмиссары ретінде Помпеоның мұндай жиынға келуі ыңғайсыз жағдай тудырды.

«Бұл Американың арктикалық мемлекет ретінде және Арктика болашағы үшін орнынан тұратын сәті, – деп ол ресми жиналыс алдындағы кешкі шарада жария етті, – өйткені, ол көпшілік ойлаған түгі жоқ шалғай ел емес. Арктика – зор мүмкіндіктер мен қойнауы қазынаға толы жер».

Оның сөзі Арктиканың он жылдан бергі ерекше «ребрендингіне» нүкте қойғандай болды. Бұл Арктика келбетінің соңы еді. Бір кездері қатып қалған пайдасыз құрлық деп танылған жер енді жаңа ресурстар ретінде қарастырыла бастады. Бір сөзбен айтқанда Арктика үлкен бизнеске есігін айқара ашты.

Адамзат тарихының көп бөлігінде ендіктен 66 градус жоғары тұрған дүние кең көлемді коммерциядан тыс қалып келді. Зерттеушілер, спекулянттар мен ғалымдар Арктиканың мұзы мен қар құрсауында мол табиғи байлық пен оны тасу жолдары жасырын жатқанына ұзақ уақыт сеніп келді. Сақылдаған сары аяз, сұр бұлт түн қараңғылығы мен қашықта орналасуы мұз құрлығын эксплуатациялауға тосқауыл болып, қазынасын сақтап келді.

Бүгін Арктиканың ландшафтысы жасыл желекке айналып келеді. Мұнда карибу мен бұғы азайып, шыбын-шіркей молайған. Жазы да әлдеқайда жылы бүгінде. Ең көзге ұрар әрі құт қашыратын өзгерісті теңізге қарап-ақ көруге болады – мұнда жаздың теңіз мұзы өте жоғары жылдамдықпен еріп барады.

Мына қалқып жүрген мұз қабаты жаз айларында жұқарып, суық кездері қайта өссе де, мұздың көз алдында жоғалу қарқыны бұрын болып көрмеген деңгейге жеткен. Кей зерттеушілер бұл процестің үдей түсетінін айтып отыр. НАСА ғалымдарының есептеуінше, Арктикадағы мұздың кемуі жылына шамамен 54 000 шаршы шақырымды құрайды. 2014 жылғы Ұлттық климат болжамын дайындаған сарапшылар Солтүстік мұзды мұхитта 2050 жылға дейін-ақ жаз мезгілінде мұз болмайды деп жорамалдап жатыр.

Аляска штатының Уткиакик қаласы. Теңіз жаяу әскері АҚШ-тың қиыр солтүстіктегі ғимараттардың бірінде басып алу жаттығуын өткізуде. АҚШ теңіз жаяу әскерінің қолбасшысы, генерал Роберт Неллер жуырда сенаторларға көп жыл бойына Таяу Шығыс пен Тынық мұхитқа аударылған назарды енді «суық өңірге қайта бұру керектігін» айтты.

Бақталас жаңа территория үшін болмайды. Шамалы даулы учаскелерден бөлек теңіз табаны, соның ішінде Солтүстік полюс­тің өзінде шекара сызылып қойылған. Бәсеке мемлекеттер мен корпорациялар арасында триллиондаған долларлық пайдалы қазбалар үшін болады. Алтын мен гауһар сияқты сирек металдардан бөлек, бұл өңір мұнай мен газ қорларына бай болуы мүмкін, сондай-ақ потенциалдық кірісі мол бағыттардың бірі жаңа кеме жолдары мен балық шаруашылығы.

Ресей мен Норвегия ең белсенді арктикалық мемлекет болып отыр. Олар өткен онжылдықта табиғи газ бен мұнай инфрақұрылымына, терең сулы порттар мен Солтүстік мұзды мұхиттың әлі де мұзды суында жүзуге қауқарлы кемелерге миллиардтаған доллар жұмсаған. Ал Қытай Ресейдің газ жобаларына қаржылай қолдау көрсетіп қана қоймай, басқа да арктикалық мемлекеттерге несие беруге ниеті бар екенін білдіріп жатыр. Және олар өздерінің мұзжарғыш кемелер флотын құру жолдарын да қарастыра бастаған.

Ал кейбір батыс елдері, соның ішінде екеуі, яғни Арктика жағалауының жартысына жуығын бақылауда ұстап отыр­ған Канада мен АҚШ іс жүзінде солтүстікті елемей келді. АҚШ-та небәрі бес жарамды мұзжарғыш кеме бар (салыстырар болсақ, қазірдің өзінде Ресейде 51 мұзжарғыш кеме бар) және Арктикалық полярлық шеңбердің солтүстігінде ешбір терең сулы порты жоқ. Мұндағы тың жерлерді игеру таласты қыздырып, тіпті қақтығысқа – жаңа «Суық соғысқа», яғни «Қырғи қабақ соғысқа» әкеп соғуы мүмкін. Помпеоның Арктика кеңесіне келуінің негізгі себебі де осы қорқыныш еді.

«Бұл аймақ қуат пен бәсекелестік аренасына айналды және де сегіз арктикалық ел бұл шындықты мойындауы керек, – деді ол, – біз стратегиялық қарым-қатынастың жаңа дәуіріне қадам басып келеміз. Ол Арктика мен оның қазынасына және бәріміздің осы аймақтағы мүддемізге төнген жаңа қауіп-қатерге толы».

Кинг-уильям аралында рейнджерлер қарда жүретін көліктерінің ұзын тізбегімен батысқа қарай жылжып, азық-түлік, құрал-сайман мен әскери жабдықтары тиелген ауыр шаналарды сүйреп келеді. Мен бұл көшке бірнеше сағат суық жолда жүріп өткеннен кейін барып, жалға алған көлігіммен қосылдым. Біз Какивактурвик деп аталатын қатқан көлге келіп жеттік.

Резервтегі Канада рейнд­жерлері Сюзи Хигинит (сол жақта) пен Энди Иссигайток (жоғарыда) көптеген инуиттермен бірге борышын өтеп жүр. Олар аң аулау, бағыт-бағдар анықтау және мұз үңгірлерін салу сияқты дәстүрлі инуит әдістерін үйрете отырып, Арктикада аман қалу білімімен бөліседі.

Маңдайшам мен фарының жарық сәулесімен рейнджерлер көл үстінде бытырап, мұз бетіне үлкен кенеп күркелерін тіге бастады. Карибу терілері мен брезенттер жайылып, поролон матрастар мен азық-түлік салынған ыдыстар шығарылды.

Көп кешікпей күркелерде шам жанып, керосин пешінің дыбысы естіле бастады. Буы бұрқыраған шай құйылған кеселер айнала үлестіріліп, иттер туралы азын-аулақ әңгіме айтылды. Артынша олар қайтадан сыртқа шықты. Рейнджерлер шағын топтарға бөлініп, көл үстінде таралып, жарты метр қалыңдықтағы мұзды ойып, суға ау салды.

Канада Арктикасында жүріп, патрульдік рейнджерлер әскери жаттығуларын аң мен балық аулау сияқты дәстүрлі саятшылықпен араластырады. Қиыр Солтүстікте бұл әлі де өмірдің ажырамас бөлігі. Осылайша алдағы бірнеше күнді Марвиннің тобы осы қорек іздеу жолдары мен навигациялық және GPS құрылғылардың көмегімен өткізілетін жаттығулар арасындағы балансты іздеумен өткізеді.

Ұйытқыған жел қатқан теңіз үстінен ұра соғып, тундра үстінен қалың тұман мен бұлт ұзақ төніп тұрды. Ауа температурасы бір-екі рет су қату нүктесіне қарай көтерілгенімен, артынша қайта түсіп кетіп отырды. Мұндағы қарашаның көрінісі осындай.

Күндеріміз ау салумен басталып, ау тартумен бітетін. Ауға түскен qalupik, яғни арктикалық голец балығының молдығы сондай, көп ұзамай әрбір шатыр маңы қалың қарға қадалып, құйрығы ғана көрініп тұрған алқызыл балықпен толды. Қарнымыз ашқанда есіктен қол созып қана, балықты ала беретінбіз. Ара-тұра сорпа да жасаймыз. Көбіне оны тілімдеп турап, шикілей жейтін едік. Марвин оны қатқан суши деп атайтын.

Балық аулаудан бөлек, уақытымыздың негізгі бөлігі түрлі тапсырмалар орындаумен өтетін. Жарығы жоқтың қасы шамалы ғана сағатқа созылатын бір тәулік ішінде пеш жағып, ауыз су үшін мұз ерітіп, шатыр орнын ауыстыру керек болатын. Қарда жүретін көліктеріміз қытымыр аязға төзе алмай, ауық-ауық істен шығып та отырды. Бір күні лагерь жанында екі қонжығы бар ақ аю пайда болды.

Осы сапар кезінде бір шатыр астында Марвин Аткитук пен оның әкесі Джейкобпен бірге жататынбыз. 74 жастағы Джейкоб Йоа-Хейвиндегі ең құрметті аңшылардың бірі. Джейкоб Аткитук дүниеге иглу ішінде келген әңгімесін айтып, ағылшыншасы анекдот айтуға да жетіп отырды. Ол өз өмірінде түрлі қақаған қыс, талай ашыққан аю көргенін, кеме апаттарын, тіпті, көптеген инуиттіктердің тағдырын жалмаған аштықты да бастан кешкенін есіне алды. Ол күн сайын таңсәріде бәрімізден бұрын оянып алып, кең матрастың шетінде ұннан жасалатын тәтті нан пісіріп отырып, инуктикут тілінде ескі шіркеу әндерін айтып жүрді.

Аляска солтүстік әскери оқу-жаттығу базасы. Шаңғы киіп, үстіге қарай ұмтылған АҚШ сарбаздарының жаттығуы. Экстремалдық климатта олар 90 келілік шананы сүйреп, қарда мылтық атуды үйренеді.

Кештердің бірінде ұйқы қаптарымызға кіріп жатқанымызда Марвин өзінің кезінде Арктикадан кетуге бір мәрте әрекеттенгінін айтты. Алайда бұл шешімге Джейкоб қарсы болыпты. Өйткені бұған дейін басқа бір ұлын Канададағы мектеп-интернаттардың бірінде оқытқан ол жергілікті халықтың салт-дәстүрі аяққа тапталғанына куә болған. Әкесі Марвиннен қалуын, ескі салт-дәстүрді үйреніп, отбасы бүтіндігін сақтауын өтінеді.

Марвин осы шешімді қабылдағаны үшін өкінген емес. Сол кезде оның өзі де әке еді және ол Йоа-Хейвинде ерікті өрт сөндіруші болып істейтін. Ол телефон желілеріне техникалық қызмет көрсететін бір компаниядан жұмыс тауып, Джейкобтан үйренгендерін жайменен ойға түйіп жүрді. Бірақ Джейкобтың өзі кейде бұрынғы емес жаңа Арктика дәуірі келгенін ұмытып кететін.

Бүгінгі Арктика, кешегісі емес. Мүмкіндіктер азайғаны былай тұрсын керексіз дүниелер көбейген. Әлеуметтік желілер мен интернет пайда болды. Марвин Арктиканың әлдебір жаңа әлемге айналып бара жатқанын түсінді. Ол мұздың еріп жатқанын және солтүстік үшін жаңа соғыс оты тұтануы мүмкін екенін де біледі.

«Негізінде, осы жайттардың барлығы орын алып жатса да, – дейді ол маған өңірдің қазба байлығын өндіру үшін жаңа инфрақұрылым салып, жұмыс орындары ашылады деген болжамдарға сілтеме жасай отырып, – соншалықты бір өзгерістерді көріп отырғаным жоқ».

Келесі күні таң ата біз карибу іздеп шықтық. Қасымда Аткитукттықтар мен тағы бірнеше адам бар. Сол кезде Джейкоб GPS пен ішкі түйсігіне жүгіне отырып, лагерьге қайтар жолды бастап жүрді. Көзілдірігімнің ішкі жағына мұз қатса да қармобильді тізгіндеген мен Марвиннің артынан жаймен жүріп отырдым.

Бір жерге келгенде бетімдегі маскам жылжып кетіп, терімнің шамалы бөлігі ашық қалды. Біреу келіп иегіме ыстық тиын басқандай болып есімде қалыпты сол бір сәт. Бірақ жүріп келе жатқандықтан оған қарауға мұрша болмады. «Ештеңе етпейді», – деді бірнеше сағаттан кейін күркемізге оралған соң Джейкоб.

Аңа кен орнының ашылуын ресейлік екі сүңгуір кемесінің Солтүстік мұзды мұхиттың 4000 метр тереңдіктегі табанына түсіп, Солтүстік полюске титаннан жасалған ту тігуімен байланыстыруға болады. Бұл 2007-нің үнсіз тамызында болған жағдай. Орыстың үш жолақ туының су астына қадалғанын дәлелдейтін суреттер әлемге тарағанда Батыс­та қызу талқылау басталып кеткен еді.

Бұл осы уақытқа дейін тіркелген ең ыстық жыл болыпты. Ал жер серігі арқылы мұхитқа мониторинг жүргізіп отырған ғалымдар мұздың бұрын-соңды болмаған деңгейде азайып кеткенін жариялады. «Арктика мұзының осыншалық көп мөлшерде еруі адамзат тарихында болмаған және ең агрессивтік климат модельдерінің өзінде мұндай жағдай болжанбаған-тұғын, – дейді Оңтүстік Калифорния университетінің профессоры Джонатан Маркович, – осындай жағдай кей елдердің жаңаша іс-әрекетке көшуіне түрткі болды».

АҚШ пилоттарының ұшақтың құлауы не мәжбүрлі қонуы жағдайында сигналдық от тұтатуды меңгеріп жатқан кезі. Миллиондаған шаршы шақырым құлазыған әрі қонақжайлылықтан ада Арктика зерттеу және құтқару операция­ларында үлкен логис­тикалық кедергілер тудырады.

Бүгін, көптеген параметрлер бойынша Ресей Арктиканың басым бөлігіне ие болып отыр. Оның қолында жыл он екі ай қатаң климатта пайдалануға қауқарлы әлемдегі ең ірі флоты бар және ол Арктика шеңберінде ондаған әскери база салып тастаған. Ал АҚШ-тың Арктикада жалғыз ғана әскери базасы бар екен. Оның өзі Гренландияның солтүстігінен жалға алынған әуе айлақ.

Ресей солтүстікке жаңа жасақтар әкеліп, суасты белсенділігін арттырды және Арктика көгіне соғыс ұшақтарын қайтарған. Бұл ұшақтардың НАТО әуе кеңістігінің тыныштығын бұзуы әдеттегі жағдайға айналды. Бірақ Маркович пен тағы бірнеше зерттеуші маған Ресейдің солтүстіктегі әрекеті жаһандық амбицияға қарағанда көбірек ішкі жоспарға ұқсайтынын айтты.

Ресейдің арктикалық аумағында екі миллион адам тұрады. Мұнда Мурманск пен Норильск сияқты бірнеше ірі қалалар орналасқан. Канада мен АҚШ-тың Арктикадағы халық санын қосар болсақ, аталған мөлшердің төрттен біріне де жетпейді.

Марковичтің түсіндіруінше, Ресей экономикасы негізінен қазба байлыққа арқа сүйейді. Сол себепті болар ол ел Арктиканы «болашақ стратегиялық ресурстық база» ретінде қарастырады.

Уашингтон қаласындағы Стимсон орталығында істейтін Юн Сунның айтуынша, Қытайды жаңа ресурс қызықтырып отыр екен. Қытай Ресейдің мұнай мен газ кәсіп­орындарына инвестиция салудан бөлек, жаңа теңіз жолдарына шығуға мүдделі.  Бұл Азия порттары мен Еуропа нарықтары арасындағы тасымал уақытын екі аптаға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Өткен қаңтар айында Қытай үкіметі өзінің солтүстіктегі жоспарын білдіретін үкіметтік ақпарат құжатын жариялады. Осы құжатта Қытай өзін коммерция мен зерттеу жұмыстарына арналған «Полюс­тік Жібек Жолын» салуда басқа елдермен ынтымақтастыққа үміт артатын «Арктика маңайындағы ел» деп сипаттады.

Ондаған жылдар бойы АҚШ пен Канада солтүстіктегі аумақтарын дамыту және сол өңірдің адамдарына инвестиция құюда селқостық танытып келді.

Мұндай қарым-қатынас, көбіне, арктикалық жергілікті халықтың намысына тиеді, тіпті, жүректерін ауыртады. Канаданың Нунавут өңірінің басшысы Джо Савикатаак жаңа Арктикаға қатысты инуиттердің жоспардан тыс қалуын тілге тиек ете отырып, Марвин Аткитуктің сөздерін қайталады: «Біз Канаданың бір бөлшегі болғанымызға қуанамыз және мұны мақтан тұтамыз. Бірақ біз өзімізді бәрінен құр қалған бала сияқты сезінеміз», – деді.

Мұзблок ойып жатып, жертасада демала тұрғанды жөн көрген канадалық ұшқыш Саймон Джин. Жертасалар қарапайым пана қызметін атқара алады, ал мұз кірпіштерден иглу жасау­­ға болады.

Савикатаак солтүстіктегі ағайынның оңтүстіктегілермен салыстырғанда артта қалған бірнеше категорияны санап шықты: денсаулық сақтау, жұмыс орындары, технология мен жоғары және арнаулы оқу орындары. Артынша ол солтүстіктің кемшін тұстарын тізбектеп берді: мұздың жоғалуы, күнкөріс құны, климаттың жылынуы, өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші. «Қандай шешім қабылданса да ең әуелі біз зардап шегеміз. Біз жай ғана бақылаушы болуға мәжбүрміз, – дейді Савикатаак, – қолымыз­дан бар келері жылдам бейімделу ғана».

Рейнджерлердің сапарына қосылғанына бір аптадай уақыттан соң күн әйтеуір ашылды. Марвин «орыстарға» оқ ататын уақыт келді деп шешті. Бұрынғы жаяу әскер, рейнджерлер бағдарламасына инструктор болып алынған сержант Дин Лушманмен бірге қоңырқай тартқан қағаз нысаналарды алып шығып, бес-алтауын лагерь сыртындағы қарға апарып қадады. Әр нысанада айқайлап аузы ашылған, мылтық ұстаған адам бейнеленген. Лушман оларды «коммунистер отряды» деп атайды.

Бұл «Қырғи қабақ соғысы» кезінен қалған, НАТО әскері үшін әзірленген нысаналар еді. Алдағы бірнеше шақырым аралықтағы ең биік нысан болғандықтан ба, қар фонында серейген бейнелерден мүлт кету мүмкін еместей көрінеді.

Аткитук 100 метр қашықтықта жасақ жауынгерлерін тізіп, әрқайсысына бір-бір уыс оқ таратты. Итбалық терісіне тізерлей отырып, рейнджерлер ескі мылтықтарынан ата бастады.

Ауғанстанда бірнеше рет соғыста болып қайтқан Лушманнан солтүстіктегі бұл өңір жаңа қақтығыс ошағына айнала деп сұрадым. Ол күліп: «Бауырым, айналаға қарашы, – деп құлашын жайып бос тундраны көрсетті, – мұнда кім соғыса алады? Танкілер, ұшақтар ма?». Ол Аткитукке бұрылып: «Марв сен не ойлайсың?» Қойын дәптерінен көз алмаған күйі Аткитук мырс етіп күліп: «Машақаты тым көп», – деді. «Қарапайым іспен шұғылданамыз деп қанша уақыт өткізгенімізді өзің көрдің. Көлігіміз қанша мәрте бұзылды. Мұнда ешбір соғыс бола қоймас?» – деді Лушман.

Оқу-жаттығу аясында АҚШ Арнайы жасақтары мен теңіз жаяу әскері елдің қиыр солтүстік нүктесі – Аляскадағы Барроу мүйісіндегі Арктикалық радар станциясын басып алуға дайындалуда. Станция зымыран ұшыруда және Ресей ұшақтарының әуе кеңістігіне ену жағдайын қадағалауда басты рөл атқарады.

Канадалық рейнджер жасақтары сонау Қырғи қабақ соғысы кезінде құрылған. Стратегтер ол кезде баллистикалық зымырандар мен ғарышты игерумен әлек болған. Олар Арктикаға қарап, оның артқы осал есік екенін байқаған. Десе де рейнджерлер ешқашан басқыншы армиялармен соғысуға арнайы еш дайындалған емес.

Ату жаттығуына қатысқан рейнджерлердің бірі Пол Икуаллак ерікті ретінде бағдарламаға қатысқанына шамамен 30 жыл болыпты. «Бұл бір үйлеспеген іс болды», – дейді Кеңес Одағы дәуірінде НАТО жасақтарын дайындауға көмектескен Пол.

Кең төсті, қатаң тәрбие көрген Икуаллак та солтүстікке соғыс келеді дегенге сенбейді. Ол осы жылдар аралығында жаттықтырған еңгезердей сарбаздардың бәрі үйлеріне саусақтарын үсіріп қайтқан екен. Бұл сұмдық соғыстың арты неге әкеп соғатынын паш ететін жарқын мысалдардың бірі іспетті.

Мен сөзге тартқан НАТО-да қызмет ететіндердің ешбірі Ресейдің солтүстікте соғыс бастайтынына сенбесе де, бірнешеуі оңтүстікте басталған әлдебір қақтығыс­тың арты, Арктикаға жетуі мүмкін екенін айтты. Ресейдің Қырымды зұлымдықпен тартып алғанын және де Аспан асты елінің Оңтүстік Қытай теңізіндегі агрессивтік әрекеттерін тілге тиек еткендер болды.

Арктиканың мүлде басқа тағдыр күтіп тұрғанына үмітпен қарайтындар да көп. Бұл, әсіресе, ешбір әскерге қатысы жоқ адамдар. Олардың ойынша, Арктика соғыс алаңы емес, керісінше халықаралық келісімдер мен саяси күрестің қарқынын басатын орынға айналады екен.

«Жердің басқа бұрышында келісімге келе алмаған елдер салқын әрі қараңғы осы бір жерде тіл табысуы мүмкін», – дейді Колумбия университетінің профессоры Майкл Байерс.

U.S.S. Connecticut сүңгуір қайығы мұзды жарып, Бофорт теңізі бетіне шығып тұр. Ондаған жылдар бойына АҚШ пен Ресей әскери кемелері Арктиканы бақылауда ұстау үшін тайталасып келді. Бұл таласқа енді Қытай да түсуге дайын. Мұздың еруінен жаңа, потенциалдық пайдасы мол кеме қатынас жолдары ашылатындықтан, Қытай мұзжарғыштарға көптеп ақша бөліп жатыр.

Лагерьдегі соңғы түн. Күн ұясына кіруге шақ қалған кез. Жас инуиттіктер тобының бірі қармобильге мініп алып, орманды айнала жөнелсе, өзгелері карибу аулап жүр.

Кенеттен арамызға бір жігіт жүгіріп келді. Ол сүйреп келе жатқан шанадан бір жас жігіт түсіп қалыпты. Ол тундра ішінде қалып қойса керек. Рейнджерлер жаттыққан іздеу-құтқару операциясына кезек келген кез. Екі рейнджер киініп алып, көліктеріне мініп, бірден аттанды.

Олардың маңдайшамдары қараңғылыққа сіңіп барып артынша жоқ болды. Осыдан кейін көбіміз күркелерімізге оралдық. Қайтып келе жатқан көліктердің дыбысын аулап жатырмыз. Шай қойдық. Марвин қатты болмаса да алаңдап жатқаны көрініп тұрды. Жоғалған инуит осы жерде туып өскен. Ол әлдеқалай мұзда қалып кетсе, не істеу керектігін біледі. Бір-екі күн бұрын көзіміз шалған аюлар туралы ойладым. Ол жігіт ана жақта не істеп жатыр екен? Бәлкім, әнұран айтып отырған болар…

 

 

Автор: Неил Ши, фото: Луи Палу

Адам сүйегінен жасалған қару

$
0
0

Кезінде жаңагвинея­лық жауынгерлердің казуар және адам сү­­йегінен жасалған қанжарлармен соғысқаны белгілі. Ескі қару түрін де сынап, құс сүйегінен (сол жақтағысы) жасалған қанжарды ұнатқан антрополог Натаниель Домини: «Негізі екеуінің сапасы бірдей болғанымен олардың бірі жарамай қалса, оны ауыстыра салу оңай. Ал адам сүйегінен жасалғаны Rolex сағаты сияқты көбіне престижді зат әрі статус символы саналады».

 

 

Авторы: Джереми Берлин

Жарнама

Төменнен төнген қауіп

$
0
0
Шығыс Сібірдегі Батагайка кратерінің ені шамамен бір шақырым және ол өсе түсуде. Ол Арктикадағы көп кратердің ішіндегі ең ірісі. Көмулі жатқан мұздан кратерлер мен көлдер пайда болады.

Арктиканың қатқан жыныстары болжанғаннан анағұрлым жылдам еріп, құрлықтың бет-бейнесін құбылтып, климат өзгерісін үдете түсуі мүмкін улы газдардың бөлінуіне себеп болып отыр.

Қуатты парниктік газ б.т. метан Арктикадағы көлдердің астынан көпіршіп шығуда. Қыста үстіңгі қабаттағы мұз газды ұстап қалады. Алясканың Фэрбенкс қаласы жанындағы мына тоғанда ғалымдар мұзды тесіп шыққан газды тұтандырды.

Мамандығы бойынша эколог Сергей Зимов мамонттың түкті сүйегін үйіндіге тастай салды. Ол үгітіліп жатқан жердің мұнарадай жартасынан төмен, суы салқын ені кең Колыма өзені жағасында жүресінен отыр. Арктика шеңберінен әлдеқайда жоғары орналасқан Шығыс Сібірде қазір жаз. Көз алдындағы далада аяз да, қар да жоқ. Десек те, Дуванный яр деп аталатын мына тірек қимада Колыма өзені жазықтықты шайнап өтіп, оның астындағы дүниені жалаңаштауда. Салдарынан тереңдігі жүздеген метрге жететін қатқақ жер жылдам жіби бастаған. Бұтақтар, басқа да өсімдік қалдықтары мен мұз дәуіріндегі жануарлардың дене бөліктері ша­­йылып келген күйі Зимовтың етігіне жабысып жатыр. «Дуванный ярды жақсы көремін, – деді ол тасқа айналған сүйектерді балшықтан шығарып жатып, – кітап сияқты оның әр парағы табиғат тарихына тұнып тұр». Ғаламшар төбесіндегі 23 млн шаршы шақырым ауданда климат өзгерісі тарихтың жаңа тарауын жазып жатыр. Арктика құрсауы ғалымдар болжағандай біртіндеп еріп жатқан жоқ. Геологиялық тілмен айтар болсақ ол «бір түн ішінде еріп бітетіндей қарқынмен» еріп жатыр. Дуванный яр сияқты жерлердегі топырақтың жұмсарып, шөгуімен, олар ежелгі тіршіліктің қалдықтарын, яғни мыңдаған жылдар бойы қатып жатқан лай ішінде көмулі тұрған көміртегі массасын шығарады. Метан не көмір қостотығы климат өзгерісіне көсеу бола түсері анық.

Бұл қауіпті Зимовтан артық түсінетін жан жоқ. Ол Дуванный ярдан моторлы қайықпен үш сағат жердегі Черскийде орналасқан ғылыми зерттеу станциясында жылынып жатқан Арктиканың тылсым сырларын ашам деп ондаған жыл өмірін сарп етті. Осы уақытта ол жалпы көпшілік санасына сіңіп қалған түсінік-ұғымдарды, әсіресе қиыр солтүстік сонау плейстоцен мұз дәуірінде шексіз шұбатылған мұзды шөл мен үстін сәлбен басқан жұқа топырақты дала болған деген көзқарасты теріске шығаруға ықпал етті.

«Сібір, Аляска мен Канаданың батысында бұрын талды-шөпті құнарлы жайылымдар болғанының дәлелі Дуванный яр мен өзге де учаскелерден табылып жатқан мамонт сияқты ірі жануарлардың қаңқа қалдықтары», – дейді Зимов. Бұл жануарлар мен өсімдіктер өлген кезде суықтан шіріп үлгермей, уақыт өте келе жел айдаған лайға көміліп, шыңырау астында мәңгілік тоң құрсауына кете барған. Осылайша, Арктика қойнауы ғалымдар болжағаннан да мол көміртегі қорына ие.

Сергей Зимов (оң жақта) пен ұлы Никита Ресейдің Черский қаласында, Колыма өзені бойында Арктиканы зерттеу станциясы қызметін жүргізіп отыр. Үлкен Зимов мәңгі тоң құрамында бір кездері ғалымдар ойлағаннан да көп көміртегі бар екенін алғаш анықтады. Температураның көтерілуімен қазір сол көміртегінің бір бөлігі ауаға бөлінуде.

Соңғы ашылымдар ғаламшардың жылынуымен көміртегі газының бөлінуі жылдамырақ жүретінін көрсетіп отыр. Арктиканың жылынуы күтпеген жылдамдықпен орын алуы және еріген судың молаюы Жердің орташа температурасын әр кезең сайын бір градусқа көтерілуі қатқан жерден бір жылдың ішінде 4-6 жылда шығатын көмір, мұнай мен табиғи газ эмиссиялары ауаға тарайды деп жағасын ұстап отыр. Бұл ғалымдардың бірнеше жыл бұрын ғана жасаған болжамынан екі-үш есе көп. Бірнеше онжылдық ішінде егер қазба ресурстарды пайдалануды азайтпасақ, бөлген эмиссия жағынан мәңгі тоң бүгінгі таңда әлемдегі парник­тік газ шығарындылары бойынша дес бермей келе жатқан Қытаймен теңеседі.

Біз мұны есепке алмай отырмыз. БҰҰ-ның Климат өзгерісі жөніндегі үкімет­аралық сарапшылар тобы (КӨЖҮСТ) енді ғана қатқан жынысты өзінің зерттеулеріне қоса бастады. Олар әлі де бұл «Пандораның» қаншалықты кең ашылып, соңы қандай хаосқа ұласатынын білмейді.

Мәңгі мұздықтың ғаламшарды жылыту потенциалын көргіміз жоқ. Еру процесін ескерген жаңа зерттеудің бірі, 2015 жылы Парижде 195 мемлекет келіскендей жылынуды Цельсий бойынша екі градусқа шектей алып, КӨЖҮСТ дайындаған болжамды орындау үшін, эмиссияны әлдеқайда ерте, сегіз жыл бұрын азайта бастауымыз қажет екен көрсетті. Бұл баламалы энергия көздеріне ауысуды жеделдетудің ең негізгі себебі болса керек: жылынумен күресуде алға қойған қандай да болмасын мақсатқа жету үшін ойлағанымыздан да шапшаң әрекет етуіміз керек.

Зимов Черскийге алғаш 1970 жылдары бір экспедиция құрамында карта жасау­­ға көмектесу үшін студент кезінде келген. Ол араға шамалы жыл салып қайта оралып, Солтүстік-Шығыс ғылыми зерттеу станциясын ашады. Бүгін ол станцияны ұлы Никитамен бірге басқарып отыр. Бұл азғантай ғана бюджетпен жұмыс істеп отырған импровизациялық ұйым. Бірақ станция Арктиканы зерттейтін ғалымдарды әлемнің әр түкпірінен магнитше тартуда.

2018 жылы жаздың бір күнінде фотограф Кейти Орлински екеуміз Колыма өзенінің Арктика теңізіне құятын тұсына таяу орналасқан Амбарчик шығанағындағы мониторинг нысанына керек-жарақ таситын ескі кемеге мініп, Зимовтың қасына бардық. Біз шөп арасымен ескі бу радиа­тор­­­лары төселген жолмен жүріп өттік. Зимов жүріп бара жатқанымызда мәңгі тоң тереңдігін тексеру үшін жерді металл шыбықпен шұқылап қарап отырды.

Аляскадағы Брукс тау жотасынан оңтүстікке қарай ағатын Алатна өзенінің алқабы аң-құс үшін солтүстікке, жылынып жатқан Арктикаға қарай көшетін дәлізге айналған. Құндыздар популяциясы толассыз артуда және олардың тоғандары – олардың кейбірін сол жақтағы өзеннің арғы басынан көруге болады – қатқан жыныстың еруін үдете түсуде.

Мәңгі мұздық не тоң (қатқан жыныс) жыл он екі ай мұз боп жататын жер бетін төрт метрге дейінгі қалыңдықтағы балшық пен өсімдік детритінен тұрады. Белсенді қабат деп аталатын осы топырақ жаз сайын еріп, қыста қатқан жынысты жоғарыдағы көтерілген ыстықтан қорғап, қайта қатады. Бірақ 2018 жылы Никита қарамағындағы жұмыс тобы Черский айналасындағы жер бетіндегі балшық солтүстік полюс­тің ұзақ та қараңғы түнінде қатпағанын байқаған. Мұндай жағдай бұрын болмаған-тұғын: Сібірде қаңтар айының суықтығы соншалық адам тынысы шытырлап қатып қалады, жергілікті якуттар мұны «жұлдыздар сыбыры» деп айтады. 75 см төмендегі қабат қатып қалуы керек еді. Ол болса былжырап жатты.

«Үш жыл бұрын жер үстіндегі ауа температурасы -3 C° болатын, – деді Сергей Зимов, – кейін -2 C°, одан соң -1 C°. Ал биыл +2 C° болып тұр».

Бір жағынан бұл таң қаларлық жағдай емес. ХІХ ғасырдың соңынан бері Жердегі ең жылы бес жыл 2014 жылдың бергі жағында болды және салқындатып тұратын теңіз мұзы еруімен Арктика ғаламшардың өзге бөліктеріне қарағанда кемінде екі есе жылдамдықпен жылынуда. 2017 жылы Тундра өз тарихындағы ең сұрапыл орман өртін бастан кешірді. Біз Сібірге аяқ басардан бірнеше күн бұрын Солтүстік полюстік шеңберден 390 шақырым жоғарыда Норвегияның Лаксельв қаласында термометрлер 32° С көрсетті. Суық іздеген Арктика бұғысының тынысы тарылып, ол туннельдерді паналап, жан сақтаған.

Мәңгі тоң температурасы жаһандық масштабта жарты ғасыр бойы­­на артып келеді. Алясканың Норт Слоуп ауданында ауа температурасы 30 жылда 8,5 C° көтерілген. Мәңгілік тоңның жергілікті деңгейде, әсіресе, ауылдық жерлерде еруі жер бетін бүлдіреді, ыстықтың тоң ішіне кіруіне жол ашып, жағалау аймақтарды, жолдар мен мектептерді, құбыр желілерін, сондай-ақ Арктика аңшылары морж бен көк кит етін сақтайтын жерқоймаларын бүлдіреді. Жаздың жылы болуы қазірдің өзінде мұндағылардың өмірін өзгертуде.

Десек те, Зимовтар 2018 жылдан бері тіркеген қысқы жылымық мүлде ақылға сыймайды, оған Арктиканың да қатыс­тылығы шамалы. Парадокстылығы сол, бұған қалың жауған қар себеп. Сібірде жер құрғақ, бірақ 2018 жылға дейін де өңірге бірнеше қыс бойы қалың қар түскен. Қар жамылғысы топырақтағы жаз ыстығын ұстап қалады. Черскийден 18 шақырым жердегі зерттеу алаңында Германияның Макс Планк биохимия институтында жұмыс істейтін Матиас Гоикид бес жыл ішінде қар қалыңдығы жағдайды қиындатқанын анықтаған. 2018 жылдың сәуір айына қарай белсенді қабаттағы температура 6 C° көтерілген.

Мына суретте Батагайка кратерінің қабырғасында көрінетін Арктиканың қатқан жынысындағы топырақта Мұз дәуірінде жойылған жапырақтардың, шөп пен жануарлардың органикалық қалдықтары бар. Осы күнге дейін сол көміртек қоры жер қойнауында жатқан болатын.
Фото Любовь Куприянованың көмегімен түсірілді

Бұл құбылыс Сібірмен шектелмеді. Мұзды қабат сарапшысы Владимир Романовский Аляскадағы 180 зерттеу алаңында белсенді қабаттың қаңтар айының орталарына таман толық қатып қалатынына талай жыл куә болған. Алайда бұл жерлерге де жақында қар қалыңдап жауа бастағандықтан қабаттың қатуы алдымен ақпанға, кейін наурызға дейін кешігетін болған. 2018 жылы Романовский бақылайтын Фэрбенкс жанындағы алаңдардың сегізінде және Сьюард түбегіндегі он екі алаңда жер бірде-бір рет толық қатпаған.

Дүниежүзі бойынша мұзды жыныс қойнауында 1600 гигатоннаға дейін көміртегі бар. Бұл атмосферадағы мөлшерден екі еседей көп. Ешкім осы мұзды жыныстың түгел не тіпті, көп бөлігінің еруін күтіп отырған жоқ. Бұған дейін зерттеушілер мұзды жыныс құрамындағы көміртегінің әрі кеткенде он проценті ғана бөлінеді деп шамалап келген. Мұның өзі, жорамал бойын­­ша 80 жылға дейін созылуы мүмкін еді.

Бірақ белсенді қабаттың қыста қатпауының кесірінен бұл процесс үдей түсті. Қосымша жылу микробтардың топырақтағы органикалық заттармен қоректеніп, жаз мезгіліндегі азғана уақыт ішінде көміртегі мен метан бөлуіне әкеп соғуда. Және қысқы жылымық мәңгі тоңға тарап, оның еруін жылдамдата түсуде.

«Есеп-қисабымыздың астаң-кестеңі шығып жатыр», – дейді әуедегі көміртегі эмиссияларына бақылау жүргізетін Колумбия университетінің атмосфера химиясы жөніндегі маманы Ройзин Комман. Ройзин әріптестерімен бірге қыстың басында Алясканың Норт Слоуп ауданынан келетін көміртегі қостотығының мөлшері 1975 жылдан бері 73 пайыз­­ға артқанын анықтаған. «Арктикада не болып жатқанын түсінуге тырысып келеміз, – дейді Комман, – бірақ, нағыз өмір күн батқаннан кейін басталады».

Бірнеше қарлы қысқа бола тренд қалыптаспайды. Черскийде өткен қыста қар аз болды және топырақ қайтадан айтарлықтай салқындады. Фэрбенкс қаласында да қар аз жауды. Десек те, Аляскадағы Романовскийдің зерттеу алаңдарының кейбірінде белсенді қабат толық қатуға мүмкіндік бермейтін қызуын сақтап қалған.

«Бұл шынымен таңдай қақтырар нәрсе, – дейді Аляска мен Черскидің де көміртегі циклін зерттеген Массачусетстегі Вудс-Хоул зерттеу орталығы директорының орынбасары Макс Холмс, – негізі, мен мұзды жыныстың еруі баяу әрі тұрақты процесс деп ойлаған едім. Бірақ олай болмай шықты. Егер өзгерістер біз ойлағаннан жылдамырақ болып жатса ше?».

Әкелі-балалы Зимов­тар Мұз дәуірінде Арктиканың құнарлы жайы­лымдарын сақтап отыруға шөпті тезегімен тыңайта ірі шөпқоректілер сеп болды деп есептейді. Құрғақ даланы қайта оралту және қатқан жыныс­тың еруін бәсеңдету үмітімен олар жабайы жылқылар мен басқа да шөпқоректілерді Колыма өзені сағасындағы жоба алқабына әкелуде. Олар бұл алқапты Плейстоцен паркі деп атайды.

Бұл өзгеріс Арктика теңізіндегіндей өз-өзін қуаттандыратын процеске айналса ше? Теңіз мұзы күн сәулелерін шағылыстырып, астындағы суды салқын күйде ұстайды. Алайда мұздың еруімен қара су жылуды сіңіріп, мұздар онан әрмен ери түседі.

Әдетте, мұндай кері байланыс циклдері басталатын өзгеріс кезеңдерін болжау оңай емес. «Аттап өткіміз келмейтін табалдырықтар бар екенін білеміз, – дейді Стэнфорд университеті жанындағы Вудс экология институтының директоры Крис Филд, – бірақ, олардың қай жерде екенін айту мүмкін емес».

Мұзды жыныс салдарынан біз көре алмайтын дүние тым көп. Ғалымдар шағын жер телімдерін зерттейді, басқаларын қашықтан қадағалап, қолда бар мәліметпен қорытынды жасайды. Бұл жағдай толықтай жер серіктері арқылы зерттелген Арктика теңізіндегідей емес. «Интернетке кіріп, теңіз мұзына не болып жатқанын көре алмайсыз, – дейді мұзды жыныс жөніндегі сарапшы Тед Шуур, – қалың мұз үшін біз тереңге үңіле алмаймыз. Не болып жатқанын өлшейтін құралдарымыз да шамалы».

Мәңгі тоңның 20 пайыз не сол шамасындағы қатты мұз қоры бар шөгінділер зерттеушілерді ерекше алаңдатып отыр. Бұл мұздың көп бөлігін топырақ арқылы төмен сіңіп, мұзды жынысқа жеткенде қатып қалған су, бір бөлігін Арктиканың мыңдаған жыл қысында сығылып, көпбұрышты құрылымдарға бөлінген қабаттар құрайды. Көктемде еріген су осы саңылауларға толып, кейін қатып қалған. Уақыт өте келе көміліп қалған мұз қатқан жыныс құшағындағы алып сыналарға айналған. Дуванный ярда ондай жерлер жетіп артылады.

Мәңгі тоң қайтқан кезде құрылым «түйіні шешіліп», мұз тез ериді. Судың жылыстауымен жылу таралып, артында туннельдер мен ауа қалталары қалады. Пайда болған саңылауларды толтыру үшін жер шөгіп, бетінде ойпаттар шығады. Ол жаңбыр және еріген сумен толып, су көлшіктерді тереңдетіп, көлшіктер тоғанға, ал тоғандар көлге айналғанға дейін олардың мұзды жағалауларын кеміре береді. Салдарынан жылыған жердің көлемі артып, мұздар ери береді.

Ғалымдар «күрт еру» деп атайтын бұл процесс ландшафтыны түгел өзгертіп, сырғымаға себеп болады. Ғалымдар Канаданың Банкс аралында 1984-2013 жылдар аралығында топырақ шөгуінің 60 есе артқанын тіркеген. Бұл ормандардың азаюына әкеледі. Канаданың Гуэлф университетінің экологы Мерритт Турецки соңғы 15 жылда Фэрбенкс қаласының жанындағы шырша орманындағы күрт еру процесін бақылап келеді. Оның байқағаны, бұл жақта су тасқыны ағаштардың тамыры мен діңгегін дестабилизациялайды. Турецки жақында бүкіл ағаш құлап, оларды батпақ жұтып қояды деп қорқатынын жасырмайды.

Ерлі-за­йып­­ты Николай мен Светлана Ягловский әлі күнге дейін Черский маңындағы Колыма өзені бойында аң мен балық аулаумен күнелтеді. Мәңгі тоң еріп, үйлер опырылып, бағыт-бағдар табу қиындай түскендіктен олардың кей көршілері қалаға көшіп кеткен.

Мәңгі тоң еріген тұста парниктік газ эмиссиялары болады. Бірақ ақпайтын су қауіпті үдете түседі. Тоғандар мен көлдер астындағы оттегісіз балшықтан көпірген газ көміртегі қостотығымен шектелмейді, ол жерде метан да бар. Ал метан болса көміртегі қостотығына қарағанда 25 есе қуатты болып келеді. Эколог Вейти Уолтер Энтони Арктика көлдерінен бөлінетін метан газы мөлшерін жиырма жыл бойы өлшеп келеді. Оның 2018 жылы жарияланған соңғы есептеулері бойынша күрт еру қатқан жыныстан бөлінеді деп жорамалданған парниктік газ мөлшерін үш еседей арттық бөлдіруі мүмкін.

Осы хабарламаның мінбердегілердің құлағына қаншалықты жеткені белгісіз. Өткен қазан айында БҰҰ-ның КӨЖҮСТ 2015 жылы Париж конференциясында қабылданған температура бойынша екі амбициялық мақсатқа қатысты жаңа баяндамасын жариялады. Онда ХІХ ғасырдан бері ғаламшар шамамен 1°С жылынған. Баяндамада жаһандық жылынуды 2 емес, 1,5 градуста ұстап тұрған жағдайда 420 млн адамға дейін халықты экстремалдық ыстық ауа райына соқтырмай, көптеген өсімдік мен аң-құстың тіршілік ортасын аман алып қалуға болар еді деп жазылған. Сондай-ақ ол ауданы 2 миллионға дейін шаршы шақырым қатқан жынысты сақтап тұруға көмектесер еді. Алайда БҰҰ-ның КӨЖҮСТ-ның па­­йымдауынша 1,5 градустық мақсатқа қол жеткізу үшін әлем парниктік газ шығарындысын 2030 жылға дейін 45 пайызға және 2050 жылға дейін толық тоқтатуы әрі оның атмосферадағы зор көлемін сорып алатын технологиялар жасап шығаруы қажет екен.

Бұл тапсырма тіптен күрделі болуы мүмкін. БҰҰ-ның КӨЖҮСТ 1,5 градусты мақсат еткен баяндамасында алғаш рет қатқан жыныс эмиссиясы есепке алынғанымен күрт еру салдарынан шығатын эмиссиялар қаперге алынбаған. Климат модельдеуі де осындай лездік өзгерісті қамти алатындай жеткілікті дамыған емес. Алайда National Geographic өтінішімен Кейти Уолтер Энтони мен модельдеуші Чарльс Ковен күрт еру салдарынан пайда болатын эмиссияларды қосатын долбарлы есептеу жасап шығарды. Температура көтерілуін 1,5 градуста шектеп ұстап қалу үшін отын жағудан шығатын эмиссияларды КӨЖҮСТ меңзеген кестеден алты жыл бұрын 2044 жылдан кешікпей тоқтатуымыз керек. Бұл бізге жаһандық энергетикалық жүйені трансформациялауға тек ширек ғасыр ғана уақыт береді.

«Біз осындай толық емес құралдар жиынтығы бар белгісіз болашақпен бетпе-бет келіп отырмыз, – дейді Ковен, – белгісіздік біз жақ емес. Істің насырға шабуына апарар жол көп».

Сібірден кейін, бірнеше апта ішінде Орлински, мен және Кен Тейп есімді эколог үшеуміз Аляскадағы Гейтс-оф-те-Арктик ұлттық паркі арқылы саяхатқа шықтық. Жүзбелі ұшақ бізді орталық Брукс тау жотасындағы Гайдик көліне тастап кетті. Сол жерден біз төмен қарай оңтүстіктегі Алатна өзеніне жол тарттық. Қыркүйектің күні су бетінде шағылысып тұрды. Екі шақырымдай жерде, жағалау бойынан мүжілген таяқтарды көрдік. Өзендердің біріне түсіп, жаңа қалыптасқан аумағы 15 га көлге жеткенше бір апта уақытымызды сарп еттік. Көлдің ортасында құндыздың алып ордасы бар екен.

Астындағы қатқан жыныс­тың еруімен Аляс­кадағы 380 тұрғыны бар Ньюток ауылы жерге шөгіп барады. Жазғы құс аулау кезінде төрт юпик баласы – солдан оңға қарай Кенйон Кассаули, Джона Энди, Ларри Чарьлз пен Риз Джон – су басқан жолды кешіп барады.

Тейп Алясканың табиғаты қалай өзгеріп жатқанын және оның қатқан жынысқа қалай әсер етуі мүмкін екенін бақылау үшін әуеден және ғарыштан түсірілген суреттерді пайдаланып келеді. Қатқан жыныстың еруімен және жылы маусымның ұзаруымен Арктика жасыл желектеніп келеді: Алясканың өзенді алқаптарындағы жасыл желек шамамен екі есе артып, солтүстік жануарларын өзіне тартуда.

Қарды тесіп шығатындай биіктігі жеткілікті қызылталдар арқасында ақ қояндар үшін пана мен қорек мәселесі шешіліп, олар Солтүстік мұзды мұхитқа дейін тарап кеткен. Әдетте тек орманда тіршілік ететін бұл қояндар қазір жүздеген шақырым айналасында бірде-бір орманы жоқ Канаданың Норт Слоуп алқабын жаулап алған. Шамасы, екеуі де тал-шілікпен қоректенетін бұлан салған соқпақпен жүрген болуы тиіс. Қазіргі уақытта Колвилл өзені маңайында шамамен 1600 бұлан бар деп есептеледі. Бұрын олар мұнда мүлде аяқ баспайтын.

Осы ашылымдар Тейпті Тундраның жаңа тұрғындарын фотоға түсіру жорығына алып шықты.

«Ғарыштан көруге болатын белгі қалдыратын жануар аз, – деді ол, – солардың бірі Құндыз».

1999 жылдан 2014 жылға дейін түсірілген үш су бассейнін қамтитын суреттерде ол құндыздардың 56 жаңа тоғандық кешенін байқаған. 1980 жылдары олар мұнда болмаған. Олар жылына сегіз шақырымға дейін жылжи отырып, солтүстік Алясканы кәдімгідей жаулап алуда. Тейптің есебі бойынша Арктикалық Аляскада қазір 800-ге тарта құндыз тоған кешені бар. Оның ішіне Алатна өзеніндегі алып ін де кіреді. Тейп оған Лодж Махал (ағылшынша Lodge – ін) деп ат қойған.

Бірқатар бөгет үшін өзен арналары өзгерген жер көп. «Лодж Махал айналасындағы батпақ жаңадан пайда болған, – дейді Тейп, – егер елу жыл кейінге барар болсаңыз, бұл жерден құндыз таппаушы едіңіз».

Тейп пен Уолдтың Алатна өзенін зерттеуге құмартуының бір себебі жолсілтеу­шісінің Нигу өзені жағалауынан құндыз кемірген ағашты тауып алуы еді. Нигу Гайдик көліне таяу тұстан, Алатнаның жоғарғы жағынан бастау алады. Бірақ ол құрлық бөлінген жердің келесі жағында, сондықтан ол солтүстікке қарай Колвилл өзеніне және Солтүстік мұзды мұхитқа қарай ағады. Алатнаның бойында, Лодж Махал үстінде біз басқа тоғандар мен тастанды бөгеттерді таптық. «Алатна өзенін жол бағдары ретінде пайдаланып, құндыз­дар Брукс тау жоталары арқылы Норт Слоупқа қарай бара жатқан болуы керек. Біз осыны шынайы уақыт режимінде көріп отырмыз», – деді Тейп.

Тейп бұл процеске климат өзгерісі түрткі болып отырғанын дәлелдей алмайды. Бір жағынан, құндыз түгі саудасы 150 жыл бұрын аяқталғандықтан олардың популяциясы да артып келеді. Бірақ, қалай болғанда да, олар қатқан жынысты алқаптардың бет-бейнесін айтарлықтай өзгеріске ұшыратуы мүмкін.

Беринг теңізі маңындағы Нинглик өзені бойында орналасқан Ньюток ауылында қатқан жыныс­тың қираған кесектері кей үйлерге жақындап келеді. Ауыл өзеннің жоғарғы ағысындағы 14 шақырымнан астам жерге көшірілуде. Бір күні Аляскадағы ауылдардың көбі осы көшке қосылуы мүмкін.

Тейп соның алғашқы көрінісіне куә болды. 1950-1985 жылдар аралығында Алясканың Сьюард түбегіндегі Шишмарев қаласының оңтүстік-шығысындағы Серпентин өзені тармағында түсірілген суреттерде ешбір өзгеріс байқалмайды. 2002 жылға таман құндыздар аймаққа еніп, алқапты суға бөктірген. 2012 жылға таман кей жерлер шөгіп, батпаққа айналды. Мәңгі мұздық болса еріп түгесілуде.

Бірнеше жүз құндыздың Арктика құрлығын өзгертуі екіталай. Бірақ жануар­лар Канада мен Сібірде солтүстікке беттеп бара жатқан болуы мүмкін, әрі олар тез көбейеді. Аргентинаның тәжірибесінен сабақ алуға болады: 1946 жылы түк саудасын қыздыру мақсатымен оңтүстікке жиырма құндыз әкелінеді. Бүгін олардың саны жүз мыңнан асқан.

Зимовтың Арктикадағы қатқан жердің өткені мен келешегіне деген көзқарасы бойынша аңдар да басты рөлге ие, бірақ аңдар құндыздарға қарағанда ірі және олардың мәңгі тоңға әсері соншалықты зор емес. Зимов плейстоцен алқаптарын кезген бизон, мамонт, жылқы мен бұғы үйірлері шөп жеуден бөлек маңызы орасан екенін көп уақыттан бері айтып келеді. Бұл жануарлар осы өңірді сақтап келген.

Соңғы мұз дәуірінен бері Шығыс Сібірдің құрғақ да шұрайлы өрістің орнын ылғалды тундра басқан. Оның солтүстігінде мүк, қиыр оңтүстігінде орман бар. Зимовтың айтуынша, осы өзгерістің басты факторларының бірі аңшылардың шамамен 10 000 жыл бұрын көк жейтін ірі шөпқоректілердің түбіне жетуі. Топырақты құнарландыратын жануарлар болмағандықтан, шөп шықпай қалды, ылғал тартатын шөп болмайынша топырақтың ылғалдылығы артты. Мүк мен ағаш үстемдік құра бастады. Бірақ мыңдаған жыл бұрын адамдар экожүйені өзгертпегенде Сібірде әлі күнге мамонттар жайылып жүруші еді.

Зимов 25 жыл бұрын Черский жанындағы төменгі алқапта Плейстоцен паркі деп аталатын ауданы 144 шаршы шақырым демо-жобасын ашты. Оның идеясы шөпқоректі ірі жануарларды кері тартып, олардың бұл алқапты жайылымға айналдыруын бақылау еді. Ол өзі және кейіннен Никита екеуі жабайы жылқыларды, артынан Байкал көлі маңынан қодастар мен қойлар әкелді. Өткен көктемде Никита Даниядан 12 бизон әкелді. 2018 жылы Зимовтар Гарвард университетінің генетигі Джордж Черчпен әріптес­тік байланыс орнатты. Черч, негізінде, мамонтты клондауға болады деп есептейді. Осыдан келіп Антропоцен дәуіріндегі Плейстоцен паркінде жойылып кеткен жануарлар жайылып жүреді деген үміт туады.

Бұл парк Сергей Зимов гипотезасының ақырғы сынағы б.т. Жайылым жер, әсіресе, үстін қар басқанда қараңғы орманға қарағанда жарықты көбірек шағылыс­тырады. Шөпқоректі жануарлар қалың қарды таптап, жылудың топырақтан босап шығуына мүмкіндік береді. Екеуі де жерді салқындатады. Егер табиғат жа­­йылым жерлерді қалпына келтіре алса, бұл қатқан жыныстың еруін және сәйкесінше климат өзгерісін баяулатар еді. Алайда, тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін Арктиканың миллиондаған гектар аумағын толтыратындай мыңдаған жануарды әкеп төгуге тура келер еді.

Мыңдаған жылдан бері Алясканың Норт Слоуп ауданында инупиаттықтар полярлық кит аулаумен келеді. Еті мен майын дұрыс сақтаса, бір ғана кит бір ауылды бір жылға дейін асырауы мүмкін. Ол үшін, әдетте, мәңгі мұздық үстінен мұз кабинкалар қазылады. Қатқан жыныстың еруінен, мұз ұяшықтар суға кетуде.

Зимовтар өздерінің аумағы 14 400 га паркіндегі айғақтар үміт отын жағатынын айтады. Тіпті, жүз шақты жануардың өзімен парктегі жайылым жерлер айналадағы басқа аудандармен салыстырғанда айтарлықтай салқын күйде қалып отыр.

Зимовтардың амбициялары мен парктегі шынайы өмір арасындағы алшақтық, сөзсіз, үлкен. Бір күні түс ауа Никита бізді сегіз дөңгелекті мини танкке отырғызып, талдарды жапырып, серуен­­ге алып шықты. Тік өрмелеп бір төбеге шыққаннан кейін біз қалың сағызқарағай тоғайының үстінен бір-ақ шықтық. «Осы себепті де мұнда алып шөпқоректілер керек, – деді ол. – Дәл қазір менде мына ағаштардың көзін құртатын жануар жоқ боп тұр». Ол осы тұжырымдама дұрыс­тығының дәлелдеу үшін ғана қаржы жинауды жалғастыра бермек.

Кей ғалымдар Зимов­тардың Плейтоцен дәуірінде Сібірде қанша ірі жануар болғаны туралы пайымымен келіспей, олардың өткендегі және келешектегі экологиялық өзгеріс туралы теориясы тым қарапайым деген уәж айтады. Вудс Хоулда істейтін Макс Холмс оларды жақсы біледі. Холмс бұл жобада данышпандық сәулесі бар деп есептейді. «Зимовтардың тұжырымдамасы секілді кез келген үлкен идея мен алып қадам күмәнмен сыналады», – дейді ол.

Плейстоцен паркінен тысқары қазіргі әлем Арктиканың жылынуына бейқамдықпен қарауда. Ондаған жылдар бойына біз климат өзгерісінің айғақтарына селқостық танытып, жағдай соншалық ушыға қоймас деген оймен келдік.

Алясканың Уткиавик (Барроу) қаласында тұратын инупиаттық жас кит аулаушы Джозиа Оулмаун отбасылық тоңазытқыш ұяшығына кит етін реттеп салып жатқан сәті.

Зимовтардың ойы басқаша: Олар қыңыр­лыққа ерекше сыйы бар, сұрапыл ландшафт үшін өмірлерін бекер арнаған жоқ. «Адамзаттың энергетика жүйесін тез арада қайта жарақтандыруына үміт артқанша Арктика даласын қалпына келтіру арқылы қатқан жынысты сақтауға тырысудың несі ессіздік? Бәлкім, бізге кішкене ессіз болу керек те шығар», – дейді олар.

«Климат өзгерісімен күресуге түрлі тараптар жан-жақты әрекет етуі керек, – дейді Никита, – тек сол әрекеттердің барлығын біріктірген кезде ғана жұпыны келешектен алыстаймыз».

Алясканың Кактовик елдімекені маңында ақ аю көлікті зерттеп жатқан сәті. Теңіздегі мұздың еруінен ақ аюлар азық іздеп құрлыққа шыға бастаған. Сол сияқты, қатқан мұздың еруі, су басуы салдарынан аляскалықтар да балық пен етті сыртта сақтауға көшті.

Автор: Крейг Уэлш, фото: Кейти Орлински

Арктика бүккен сыр

$
0
0
Франклиннің экспедициясы барысында апатқа ұшыраған қос кеменің бірі «Террор» 2016 жылы арктикалық Канаданың Киң Уильям аралынан табылды. «Террормен» бірге суға кеткен тағы бір шағын экспедиция қайығы теңіз түбінде кемеден
аз ғана қашықтықта жатыр.
Тьерри Бойер, Parks Canada ұйымы

1845 жылы Солтүстік-Батыс өткелін картаға түсіру үшін сапарға аттанған Джон Франклиннің тобы ұшты-күйлі жоғалды.

Ғасырлар бойы Солтүстік-Батыс өткелі сағымдай болып келеді. 1497-1498 жылдары өз кемелерін осынау беймәлім әлемге аттандырған Джон Каботтың ойлағаны жүзеге аспай қалды. Мартин Фробишер, Генри Гудзон мен Джеймс Кук талпыныстарынан да түк шықпады. 1845 жылдың мамырында танымал британ зерттеушісі, әрі теңіз офицері сэр Джон Франклин Атлант пен Тынық мұхиты арасынан Арктика су бассейндерімен өтетін жолды ашпақ болады. Британ адмиралтействосының тапсырмасымен Франклин мен оның 133 адамдық тобы Темза өзенінен солтүстік полюсті зерттеуге арнайы жасақталған «Эребус» пен «Террор» атты қос алып әскери теңіз кемесімен жолға шықты. Бұл – Арктиканы зерттеу талпынысының ең қайғылы оқиғасының бастауы еді.

Былай қарағанда, экспедиция мінсіз жоспарланғандай көрінген. Зерттеу тобы жас әрі ісіне тиянақты профессионалдардан құралған-тұғын. Темірмен қапталған кемелер Виктория дәуірінің соңғы технологиясымен жабдықталған еді (бу қозғалтқышы, ыстық су мен алғашқы дагеротип камералары). Кемелерде кемінде үш жылға жететін ас-су болды.

Алайда бұл шағын жылжымалы кемелер Арктиканың мұзды теңіздерін бағындыруға шамасы жетпеді. Экспедиция сонау солтүстіктің залым, мұз басқан түкпіріне аттанды. 1846 жылдың қыркүйегінде қос кеме бір жарым жылдай уақыт солтүстік полюстің қытымыр аязында Киң Уильям аралының солтүстік-батысындағы теңіз мұзының құрсауында қалды.

1848 жылдың сәуіріне дейін сапарға шыққандардың 24-і көз жұмады. Олардың арасында Франклин де бар. Қалғандары кемелерін тастап, экспедицияның жаңа басшысы Фрэнсис Крозьеге еріп, бір мың шақырымнан астам қашықтықта болуы мүмкін тері сату бекетіне, Бак өзеніне қарай бет алады. Бұл туралы Киң Уильям аралындағы тасты пирамидаға қалдырылған шағын ғана хаттан белгілі болды. Бұл – Крозье қалдырған, бізге белгілі  соңғы жазба.

Аман қалғандарды табу мақсатымен бірнеше іздеу операциясы ұйымдастырылғанымен бұдан түк шықпады. Жоғалған экспедиция мүшелерін табу үміті өшкен кезде көпшілік экспедиция­ның тағдыры жайлы ақпаратқа қол жеткізуге тырысты. Олар қараусыз қалған өлген адамдардың сүйектерінен бастап, мата мен десертке арналған күміс қасықтарға дейін жүздеген жәдігер тапты. Инуит аңшылары бір топ ашыққан адамның мұздың бойымен ауыр шаналарды сүйретіп бара жатқанын көргендерін, кейінірек адам жеу фактілеріне де куә болғандарын айтып жатты. Британ халқы бұл қауесетке сенбеді, сол себепті де Франклин экспедициясы толассыз ғажайып пен аңызға арқау болып келді.

Экспедиция жәдігерлерінің қатарында 1859 жылы Киң Уильям аралында тастанды қайықтан табылған көк түске боялған қар көзілдіріктері, хронометр, христиан әуендері жазылған кітап бар. 1878 және 1879 жылғы зерттеу кезінде құрлықтан Британ флотына тән бәтеңке де табылған. Бұл – бізге мәлім экспедиция тобы жеткен ең алыс нүкте.
ҰЛТТЫҚ ТЕҢІЗ МУЗЕЙІ, ГРИНВИЧ, ЛОНДОН (БӘРІ)

2014 жылы тура инуит куәгерлері көрсеткен Киң Уильям аралының оңтүстігіндегі таяздау судан «Эребус» табылды. Екі жылдан соң канадалық инуит рейнджері Сэмми Кохвик зерттеушілерді «Террорға» жол бастап барады. Parks Canada ұйымының археологы Райан Харристің айтуынша, «Террордың» жақсы сақталғаны сонша, оны елес кемеге теңеуге болады.

Канаданың Нунавут округі әкімшілігінен қолдау тапқан екінші зерттеу тобы аймақтан табылған өзге де маңызды айғақтарды талдап жатыр. Онтариодағы Ватерлоо университетінің археологы Дуглас Стентон бастаған ғалымдар Франклиннің адамдары шатыр құрған, тамақтанған, көрпе мен аюдың терісіне топтанып оранған жерлерін картаға түсіре бастады. Бағыттарды анықтау, адамдардың сүйектері мен одан алынған артефактілерді сараптамадан өткізу арқылы Стентон әріптестерімен бірге экспедицияның ең соңғы қайғылы күндеріне көзімізді ашпақ.

Кохвик Арктиканың Йоа Хейвен ауылындағы суық әрі қатал күндердің бірінде «Террордың» алғаш рет гидролокатор экраннан көргендегі қуанышын еске алды. Аймақтағы инуиттер секілді Кохвик те жоғалған экспедиция туралы оқиғаларға әбден қанық. Оның өзі де сондай экспедициялардың біріне мүшелік еткен. Киң Уильям аралының батыс жағалауында досымен бірге балық аулап жүріп, ол судың бетінен үлкен ағаш білікті байқайды. Кохвик оны кеменің діңгегі шығар деп топшылайды. 2016 жылдың қыркүйегінде ол Канаданың коммерциялық емес Арктикалық зерттеу қорының мүшелерін әлгі орынға бастап барады. Бірнеше сағат теңіз табанын гидролокаторымен зерттеген соң, Кохвик пен әріптестері 25 метрдей тереңдіктен «Террорды» табады.

Бүгінде Parks Canada ұйымы қос кемені де су бетіне шығаруды жоспарлауда. Теңіз мұзы «Эребустің» артқы жағын шайып, Франклиннің кабинасындағы жәдігерлерді  көміп жатса, қалың шөгінді «Террордың» үстіңгі палубасын басуға шақ қалған. Десе де кеменің рөлі мен фальшборттары сол күйі зақымданбағандай көрінеді. Терезелері мен люктерінің көбі бүтін болғандықтан, каютадағы дүниелер аман тұр.

Франклиннің кемелері канадалық Арктика мұзының құрсауында 19 ай бойы қалған. Аман қалғандар жаяу құтылмақ болғанымен,
хабар-ошарсыз кеткен. 2014 пен 2016 жылы табылған кемелер бұл оқиғаның мән-
жайын ашып беруі мүмкін.

Апат орнын зерттеу жұмыстары бірнеше жылға созылмақ. Осылайша, ғалымдар ұзаққа созылған пікірталасқа нүкте қоймақ ниетте. Тарихшылар Франклин адамдарының көбі 1848 жылы Бак өзеніне ессіз бет­алыс кезінде көз жұмды деп есептеп келген. Алайда 1980 жылдары зейнеттегі теңізші, әрі тарихшы-жазушы Дэвид Вудман британия­лық Колумбиядағы Порт Кокитламда инуит куәгерлері берген деректерді сараптамадан өткізді. Сараптама нәтижесінде, экспедиция кезінде Франклин адамдарының санаулысы ғана көз жұмғаны анықталды. Есесіне, Крозье өзінің жазбасын қалдырғаннан кейін олардың көбі кемеге қайта оралып, әрі қарай оңтүстікке бет алған. Қос кеме су астына кеткен кезде, аман қалғандар аң аулап күн көрген. Осылайша, экспедицияның соңғы мүшесі 1850 жылдары көз жұмған.

Дегенмен, 30 шақты инуит куәгері берген мәлімдемелердің түсініксіз және қарама-қайшы тұстары жетерлік. Мұның бір себебі – аудару барысындағы қиындықтар. Сондықтан, Parks Canada ұйымының зерттеу тобы кеменің апатқа ұшырағаны туралы журнал мен қолжазба деректерді қалпына келтіріп, экспедиция барысында қайдан қате кеткенін анықтауға тырысуда.

Британияда қайтыс болған адамдардың отбасылары олардың қалай мерт болғанынан әлі күнге дейін бейхабар. Алайда сұрақтың жауабы табылатын күннің ауылы алыс емес сияқты. Стентон өз тобымен бірге қаңқа қалдықтарының үлгілерін алып, оларды Онтариодағы Лейкхед университетіне жіберген. Ондағы генетиктер 26 экспедиция мүшесінің ДНҚ үлгісін алды. Қазіргі таңда Стентон қаза болғандардың тірі ұрпақтарының ДНҚ үлгілерін жинауда. Тарихи және заманауи ДНҚ кесінділерін салыстыру арқылы ол әріптестерімен бірге кей мәйіттерді идентификациялаудан үмітті.

Бір ғасырдан астам уақыттан кейін алғаш рет ғайып болған экспедиция оқиғасының сыры ашылатынына үміт зор. Осынау үкілеген үміт шалғайдағы Йоа Хейвенге мүмкіндіктердің жаңа легін тудыруда. Жас инуиттер Франклиннің кемесі апатқа ұшыраған аймақты бақылау және тонаушылардан қорғау үшін жұмысқа орналасуда. Шенеуніктер күндердің күні Франклиннің атышулы кемесінен табылған дүниелер жұрттың назарына ұсынылатындай етіп жергілікті музейді кеңейтуге ниетті.

 

 

Авторы: Хизер Прингл

Жарнама

Арктика тағысы

$
0
0
Қасқырлар қошқар өгіз қалдығын тіміскілеу­­де. Осы суретті түсіру үшін фотограф Ронан Донован камераны қаңқаның ішіне орналастырды. Талғажау ету үшін үйір жемтікке бір ай бойы оралып отырды.

30 сағат бойы арктикалық қасқырлар үйірімен жалғыз қалған тілшімізге Тундра тағысы ұялатқан сезім…

Арктиканың ала таңының көкшіл тартқан жарығы астында қыңсылай-ырылдасқан жеті қасқыр мұз үстінде хоккей шайбасындай мұз кесегін қуаласты. Дәл сол мезетте тоған аспан әлемінің айнасындай сан түске боялды, қасқырлар да «өз бақыттарынан бастары айналып», өзге әлемнің жаратылыстарындай көрінді. Олар тоған бойымен ерсілі-қарсылы қуаласты, төрт бөлтірік «шайба» соңынан тырбаңдаса, ал ересек үш қасқыр оларды аяқтарынан шалып, жағалауда мұз боп қатқан шөпке сұлатып, бөлтіріктерін сынап көрді. Сақылдаған сары аяздан дірілдеп, оқуға мүлде келмейтін жазумен күнделігіме «есерсоқ» деп түртіппін. Араларындағы ең ірі арланның салмағы шамамен 30 келі. Қасқырлардың дауысы мен мұзды тілген тырнақ дыбысы ғана естілетін тундраның мүлгіген тыныштығын төбеде көлбеңдеген қос қарғаның «келекесі» ғана бұзды.

Біздің түсірілім тобына Сұр Мэйн ретінде таныс бір жасар көкжал үйірлестерін аңға бастап барады. 2018 жылдың жазында олардың соңына түскен документалисттер екі күнге созылып, 100 шақырымдай жерді қамтыған аңшылыққа куә болды.

Ақыр соңында шөпке сырғап кеткен кесек мұзды көксерегі қуалап жүріп, парша-паршасын шығарды.

Қалғандары бастарын бір жанға бұрып, тұрып қалды. Сәлден кейін үйір мүшелері бірінен кейін бірі бастарын бұрып маған қарады.

Жыртқыштардың сені нысана қып, жанарыңды жүрек дүрсілімен жіпсіз байлаған сезімді сөзбен жеткізу қиын. Бұл сәт есімде қазық боп қағылды. Әдетте адамзат бұндай бақылаудың «басты кейіпкері» бола бермейді, алайда денем ойымнан оза шауып, істің мән-жайын түсінгендей. Мен қайтадан селк еттім, бірақ бұл жолы аяздан емес еді. Бірнеше минут бұрын қаншалықты ойнақы мақұлықтай көрінген олар жыртқыш аңның кейпіне ене кетті. Ақ жүндері жұққан қаннан қарайып кеткен. Жақын маңда менен бірнеше есе үлкен, көкірек қуысы айырылған, қабырғалары аспан астында желпуіштей шашыраған қошқар өгіздің мүжілген қаңқасы жатты.

Қасқырлар маған үнсіз қарады, алайда бір-бірімен құлақ қағыстырып, құйрықтарының бұлғаңдарымен өзара «сөйлесуде». Олар шешім қабылдады да, сәлден кейін маған жақындай түсуді ұйғарды.

Осындай сәтті бастан кешкен жер бетінде, бәлкім, ешкім жоқ шығар. Канадалық Арктиканың жоғары жағындағы Элсмир аралына аттанып, деректі фильм түсіру тобына қосылғаным да сондықтан. Ландшафтының алыс жатқандығы мен қысының қытымырлығы соншалық бұл жаққа адам аттап баса бермейді. Батыс жағалауға бекітілген «Эврика» ауа райын болжау станциясында сегіз-ақ адам қызмет етеді. Ал ең жақын елдімекен – оңтүстікке қарай 400 шақырым жердегі 129 тұрғыны бар Гриз-Фьорд қана.

Канада солтүстігіндегі құзды тауларда шашырап, сиреп кеткен осынау қасқыр популяциялары Еуропа мен Азия бойында кездесетін cұр қасқырлардың тұқымдасы. Өркениет өкшесін басып, оларды ешқашан ешкім ауламаған және қумаған, азығы арамдалып, уланғанда жоқ, малшылардың да қақпанына түскен емес. Оларды бір жыл қорғап, келесі жылы бастарын қауіпке тігіп, өзгере беретін заң да, машина қағып жүр дейтіндей жол да жоқ. Оларды саусақпен санарлықтай ғана ғалым зерттеген.

Бөлтірік қауырсынды тістеп тұр, ал екіншісі болса үйірдің қартайған аналығы, «Ақ жаулықты» иіскеп жатқан сәті (оң жақтағы шеткісі). Ол қатысқан соңғы қантөгістен кейін «Ақ жаулық» алдымен күшіктерін тамақтандырып, кейін тундраға сіңіп, жоқ болды. Олардың ішінен ұрғашыларының бірі көш бастауға талпынғаны бар.

Бұдан келіп, қасқырлар адамдарға еш кезікпейді деген қорытынды жасау дұрыс емес. Атақты биолог Л.Дэвид Меч 1986 жылдан бастап өмірінің 25 жазын осындағы қасқырларды бақылаумен өткізіпті. Ауа райын болжау станциясының қызметкерлері оларды жиі көреді және қаумалаған қасқырлар тобы станция аумағында жүргендігі хабарланған жағдайлар болған. Түсірілім тобындағы менің достарым үйірдің үздіксіз қозғалысын квадроциклмен айнала аңдып, олардың бір бөлшегіне айналды.

Адамзатпен арадағы осы байланыс оларды аз да болса жабайылықтан құтқарды ма? Жануар жабайылылығының өлшемі адамзатпен арадағы алшақтықпен тең бе екен? Элсмир қасқырлары Айдахо немесе Монтана секілді оңаша ландшафтарында тұратын қандастарынан әлдеқайда шалғай жерде мекендейді. Бұл жерде қасқырларға адамзат қолынан қырылудың еш қаупі жоқ. Бұнда олар адам келеді деп қорықпастан күн кешуде, қорқудың да қажеті шамалы.

Сол күні қатқан тоғанға қасқыр үйірі ауаны иіскелей, асықпай жақындады. Қыркүйектің басы болатұғын, ауа температурасы -3°С. Шолтиған арктикалық жаз бітсе де аспандағы күн тәулік ішінде 20 сағаттай аялдап тұратын. Төрт айға созылар тас қараңғы түн – қыстың түні мен температураның -50°С төмен түсер уақытына санаулы апта қалды.

Қарусыз, жалғызбын. Өмірімде дәл осылай мұзда үстінде жалғыз қалған сәттерім болғанымен, дәл мұндай шарасыз күйге түсіп көрген емеспін.

Қасқырлар айналама түтіндей жа­­йылды. Қысқы жүндері өсіп қапты. Мойын тұсында сұр жүні бар бір жасар бөрісі мен сол жақ көзінің жанары тесілген (бәлкім, қошқар өгізбен қақтығыстан қалған болар) құртқасы жанымнан жүріп өткенде оларды ажыратуға көмектесетін дене белгісі еріксіз көзіме түсті. Бұл белгіні оларды бейнетаспаға түсіру кезінде де байқағанбыз. Көп ұзамай бөлтіріктердің қарайған құйрық ұштары да ағарады. Олар қошқар өгіз қанына малынғандықтан қан иісі мұрныма келді.

Дүрдиген табандарымен ебедейсіз секірген бөлтіріктері қашықтау жерде жүрді. Үлкендері бермен төніп келеді. Екі, не үш жасарлық батыл қаншық қол созым жерге келіп тоқтады. Қатқан қан не «Эвриканың» өртенген қоқыс үйіндісін тіміскілегеннен болар тұмсығы қап-қара келсе де, көздері ашық кәріптастай.

Қыркүйектің ымырт қараңғысында қошқар өгіздің жас төшкесімен тамақтанып болған 12 апталық күшік керіліп тұр. Саяхаттауға жарап қалған күшіктер қыс басталмастан салмақ қосып, аң аулау мен басқа үйірлес­терден алшақ жүру секілді тірі қалудың маңызды дағдыларын үйренуі тиіс.

Кенет, бір қарасам, санаулы қадам жерде түз тағысы маған тесіле қарап тұр екен. Менде еш қозғалмастан оған таңғала қарауды ұйғардым.

Айнала тым-тырыс. Асқазанымның гүрілі үстімнен тура бейне-бір ұшақ ұшып өткендей шулады. Ол басымнан бақайшағыма дейін қарай бастағанда тұмсығы ауада сурет сап жатқандай қозғалды. Сосын ол жақындап келді де күтпеген жерден шынтағыма мұрнын тақады. Тоқ соққандай болды, тұла бойым шіміркеніп кетті. Ол бүйіріне қарай ыршып түсті де қошқар өгіздің қалған қаңқасын мүжуге асыққан отбасының қалған мүшелеріне иығынан асыра көз тастады.

Көзі ақшыл шулан мені асықпай, ұзақ зерттеді. Ол көз контактісін үзгенде басқа аңнан еш көрмеген бірегей ақылына куә болдым. Жаратылысымыздың бөлектігіне қарамастан жүрек түбінде бір-бірімізді танитындай сезім бойды биледі.

Мен қандай да бір жеке байланысты меңзеп тұрғаным жоқ. Әлгі қасқырмен рухани жақындығым жоқ. Менің меңзегенім генетикалық негіз, биологиялық жақындық. Қасқырдың қазіргі адамнан аздап болса да жолы үлкен. Homo sapiens  пайда болғанда, ол толыққанды қалыптасып үлгерген болатын.

Қасқырлар да адам секілді мына ғаламшарда бағы жанған әмбебап жыртқыштардың бірі. Үйірдегі отбасылық қатынас бізге ұқсас деп саналатын приматтардан да жақын келеді. Ауа райының өзгерісі Арктиканы жылы, болжауға келмейтін аймаққа айналдырып жатқандықтан қасқырлар да жаңа өмірге біз секілді бейім­деледі – жаңа мүмкіндіктерді пайдалана отырып, басқа жаққа «жүгін жинап» көшіп жүре береді.

Біршама уақыт бұрын мен Элсмирға келгенге дейін үйір өз аналарынан көз жазып қалыпты. Бүйірі суалған, асықпай орнынан тұрса да көш бастау­дан қажыры таймаған құртқаның жасы бес не алты жас шамасында еді. Тамыз айында кездескенде менің достарым оның әлсіздігін байқаған да жоқ. Ол жіптіктей арлан серігін санамағанда топ ішінде басқа қасқырларға енесіндей еді. Арланы топ бастаған аңшы болса, құртқа оның қазығы еді. Топ басшы қайсысы екендігіне күмән жоқ-тұғын.

Құртқа менің достарыма да, олардың камераларына да аса көп мән бермеген сыңайлы, әйтсе де жаңа туған күшіктеріне жақын келуге рұқсат беріп, кейіннен үйірлестердің маған деген толеранттылығына жол ашқан сабырлық көрсеткен. Түсірілім тобы маған шамамен бір апта бұрынғы шуланның соңғы жанқиярлығы күтпеген әрекет болғанын жеткізді.

Жемтікке зар болған үйір Гриз-Фьордтан қошқар өгіз бен арктикалық қоян іздеп жүр. Қыста фьорд қатқанда олардың аңшылық территориясы арғы беттегі тауларға дейін жетіп, асады.

Бірнеше сәтсіз жорықтан кейін үйір (қасқырлар үнемі олжалы бола бермейді) 100 келіні құрайтын қошқар өгіз төлін құлатып жығады. Бұндай астатөк тағамды көптен жемеген қасқырлар қалжырай, демдерін зорға ала, асқазандары шұрқырап, айнала жиналды. Алайда құртқа қаңқаға үлкендерін жолатпай, тек төрт кішкене күйкі күшіктеріне ғана ауыз салуға рұқсат берді.

Үлкендері жалынып, қыңсылап, құрығанда тіске басардан дәмеленіп, қарындарымен алға қарай жылжыды. Құртқа күшіктері тоя жеп, қарындары боулинг шарының көлеміндей болмайынша ырылдап, тісін қайрап міз бақпады. Бұл олардың жас еттен болған алғашқы асы болуы мүмкін.

Ақыр аяғында қалғандарына да жеуге рұқсат берілді. Қасқырлар өлгенше тоя жеп, қайғысыз, қамсыз күйге енді. Осыдан кейін құртқа көз алдынан жоқ болды. Ол оралмады, оған не болғанын біз де біле алмадық.

Қасқырлар қошқар өгіздің қаңқасын елеместен Канаданың әскери бекінісін шарлап шыққаннан кейін үйір аэродром маңындағы шөп арасынан қоян аулауға кірісті.

Қасқырлардан көз жазғым келмегендіктен тоған басында 30 сағатқа жуық отырдым. Үйірдің басына түскен қиыншылықтарына қарамастан, олар бақытты сәтті бастан кешіп жатты. Олар ойнақ сап, иіскеп, көз шырымын да іліп алды. Дистанция сақтағым келсе де қасқырлар қайта-қайта мені тексеру үшін кеп тұрды. Сұмдық дем мен сұмдық осырық иісін де естіп, сезіп отырдым.

Біртіндеп олардың маған деген қызығушылығы басылды, алайда қатты суықтан сағат сайын өзімді орнымнан күштеп тұрғызып, көлеңкеммен жұдырықтасып, қолдарымды төбемнен асыра шапалақтай, бір орнымда секіре бердім. Абыржып тұрғанымды сезгеннен болар, қыздырылған сайын қызыққұмар әрі батыл итқұстар мені айнала қоршап алатын.

Бірер сағат ұйықтап алу үшін белгілі бір уақыттан соң алшақтау жерге шатыр тігіп алдым. Әбден шөлдеп, мұзды ерітіп отыр­ғанда, жалғыз көзді құртқа шатырды өткір тырнағымен тіліп, бүкіл затымды сыртқа сүйреп, оларды қаздай тізіп, үрмелі көпшігімді алып қашып кетті.

Үш қошқар өгізді көзінен екі елі ұзатпай ұстап тұрған қасқыр үйірі. Салмағы 300 келідей шөпқоректіні жығу үшін үйір алдымен бірігуді үйренуі керек. Қошқар өгіз –­ бірге қорғанатын, аздаған жемтіктің бірі. Қасқырлар табын қорғанынан біреуін бөліп алып кетудің мүмкіндігін қарастыруда.

Ақыр аяғында, қасқырлар жантайып, бөлтіріктері де бейберекет бір-бірінің үстіне жата кетті. Түлкілер мен қарғалар үнсіз. Жыл құстары оңтүстікке бет алып барады. Жазда түлеп, жаңа орған шөп иісі шыққан қошқар өгіздің жүндері жел әкетіп жатты. Айналада шіріп, жерге шөккен қошқар өгіз бен қасқырдың өзге жемтігінің сүйектері шашылып, қынадан сарғайып жатыр. Өзімді бос үйдің бөлмелерін кезген қылмыскердей сезіндім.

Бірнеше сағат өткен соң, үйір оянып, әдеттегідей, түскі көз шырымын алғаннан кейін құйрықтарын шошаңдатып, толассыз бет жаласуға кірісті. Жер түбіндегі махаббат осылай бірнеше уақытқа созылды, ересектері төрт бөлтірігін жаныма тастап, беттерін аң аулау бағытына қарай бұрды. Бұл маған да, оларға да ыңғайсыздық тудырды. Бұл артқан сенім емес, немқұрайлылыққа көбірек ұқсады. Мен олжа да, төнер қауіп те емес, екеуіне де жатпайтын үшіншісі едім, ересек қасқырлар осыны түсінді.

Жас қошқар өгіз жер жастанбас бұрын 20 минут бойы қасқыр­лардан өзін қорғап бақты. Жалғызкөз (сол жақтан шеткі) жемтіктің тұмсығына жармасып тұрғанда өзгелері артқы жақтан шауып жатты. Кейде жемтігі жан тапсырмай жатып, қасқырлар жей бастайтыны бар.

Ересек қасқырдың бірі көзден таса болған күні, бөлтіріктер бой көтеріп, артынан іздеуге бел буды. Мен арттарынан ердім, көп ұзамай бесеуміз де адас­тық. Біз бір сағаттай тентіреп жүргеннен кейін бөлтіріктер белгісіз қырқа бойына шығып алып, ұли бастады, кішкене дауыс­тары жартас арасынан естіліп жатты. Үйірдің қыстан қыстан дін аман шығып, бөлтіріктердің аңға шығып үйренгеніне менің еш шүбәм жоқ.

 

Автор: Нэйл Шэй, фото: Ронан Донован

Соңғы шайқас

$
0
0
Теңіз мұзы ерігенде су бетінде қалып қояды. Солтүстік Канададағы Арктик шығанағы қауымдастығы маңындағы Нувукутактегі отбасылық лагерьде Шарлот Накитакуейк шәйнегіне су құйып жатыр.

Канада маңындағы Арктиканың мұзы жұқарып жатқандықтан, инуиттер (жергілікті этникалық топ өкілдері) көшпелі экспедициялар ұйымдастырып, жастарға өз салт-дәстүрлерін түсіндіріп, табиғатпен етене араласа отырып, тіршілік етуді үйретуде.

Анасы тіккен парканы киіп алған Эшли Хьюз өзінің оныншы туған күнін отбасы мен достарының ортасында Икпикиттуарьюк шығанағындағы жорықта өткізді. Эшли инуиттер арасында жыл сайын өтіп тұратын мұз үстіндегі балық аулау жарысына қатысады.

Көктемде жануарлар солтүстікке бет алып, күн ұясына батар шақта инуит балалары ересектермен бірге, канадалық Арктика бойымен апталап созылатын жорықтарға аттанады. Олар аң аулау дағдылары мен 5 мың жылдан бері атадан балаға мирас боп жеткен мәдени құндылықтарды үйренеді. Соңғы 30 жылда, Арктиканың теңіз экожүйесін сақтап тұрған мәңгі мұздықтың ең қалың бөлігінің өзі 95 пайызға арыған. Қариялар жұқарған мұздағы қауіпсіз бағытты бұрынғыдай дөп басып айта алмайды, жануарлардың қоныс аудару дағдысы да өзгерген. Сол себепті мұздың да, оның айналасында тіршілік кешкендердің де ертеңі бұлыңғыр болып тұр.

Итбалық аулау – инуит өмірінің ажырамас бөлігі. Итбалық­тың терісі сырт киімге айналады. Аң аулау мен азық табудың қыр-сырын үйрету климат өзгерісі жағдайында қауымдастық үшін аса маңызды.

Соңғы отыз жылда, Арктиканың теңіз экожүйесін сақтап тұрған мәңгі мұздықтың ең қалың бөлігінің өзі 95 пайызға арыған.

Инуит ақсақалы Taкунак Кававак мектеп көкке шыққанда балаларға баннок деп аталатын нан пісіру әдісін үйретуде. Сақылдаған сары аязда далада қалып қойған жағдайда қалай аман қалудың көне тәсілі әлі де өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Үлкендер көне дәстүрді кейінгі ұрпаққа, әсіресе аңшылық пен жорықтан алыс­тап қалған балаларға үйретуді өзіне міндет етіп отыр. Инуит қоғамы үшін азық-түлік тапшылығы туындаған мына заманда қолда бар дүниемен күн көруді үйрену аса маңызды болып отыр.

Атадан балаға мирас болып келе жатқан аңшылық өнерді кейінгі ұрпаққа үйрету аса маңызды саналады.

Үстінде: Өз отбасымен Арктика шалғайындағы лагерінде ақ қаз аулап жатқан 18 жасар Оуэн Вилли. Ол қатарға орта мектепті аяқтай сала қосылып, көктемді қаздардың қайтуын бақылаумен өткізеді.
Оң жақта: 36 жасар Дарси Энугу мен оның әйелі Сьюзан жыл сайын жұмыстан демалыс алып, балаларын итбалық аулау жорығына әкеледі. Сақиналы итбалықтың еті дәруменге бай, ал терісі сырт киімге айналады.
Астында: 30 жастағы Мари Накитарвик ешқашан аң аулап көрмеген. Бұл кәсіпті ол аңшыға тұрмысқа шыққаннан кейін үйренген. Көктем айларын олар енді балаларымен бірге ата-баба жерінде аң аулаумен өткізіп жүр.

Жорыққа шығудың ар жағында мұз өміршең болмаса да, инуиттердің салт-дәстүрі өміршең болса екен деген мақсат – соңғы шайқас жатыр.

Мұхит мұзының жарылуы Олаюк Накитарвик үшін үлкен сынақ болмақ. Ол отбасылық жорыққа арналған заттарға толы шанаға немересін отырғызып, сүйреп келеді. Өзінің ауырып жүргеніне қарамастан Накитарвиктің әйелі Марта табандылық танытып, Жердің тілін табуға арналған көкейге тоқыған тәжірибесін жас ұрпақпен бөлісу үшін жорыққа бірге ерді.

Мақала мен фото авторы: Акация Джонсон

Тұщы су тынысы

$
0
0
ТЕЛЛИКО ӨЗЕНІ, ТЕННЕССИ ШТАТЫ
Хэллбендер саламандрасы су жыланына көп әуес емес, көбіне ол ұсақтау жемтіктерді таңдайды. Фотограф Дэвид Херасимчук мына ерекше кадрды штаттың шығыс бөлігінде түсірген.

Өзен, жылға мен көл астындағы жойылу қаупі төнген әлем…


 

Жердегі судың үш пайызға жетпейтін мөлшері ғана тұщы, десе де осы бассейндерде барлық балық түрінің жартысына жуығы мекендейді.

ДЕШУТ ӨЗЕНІ, ОРЕГОН
Суды ауылшаруашылыққа бұру Каскад тау жоталарындағы Орегон дақты бақасының тіршілік ортасын тас талқан етті

Дэвид Херасимчуктің мұз қатпайтындай суда 10 сағатқа дейін жүре беретін кездері көп. Ол сүңгуір костюмін киіп алып, камерасын құшақтап, суда қалықтап күтумен көп уақытын өткізеді. Соншалық сабырына қарап оның асыққанын байқау қиын. «Мына тіршілік иелерінің көбі миллиондаған жылдардан бері бар, – дейді ол, – тек соңғы жүз жылда ғана олар жойыла бастады».

МАГЛОУЭЙ ӨЗЕНІ, МЭН
Бақтақ аталықтары уылдырық шашуда басымдыққа ие болу үшін бір-бірімен долдана шайқасуда
СМИТ КРИК, ТЕННЕССИ
Теннесси тортасы сияқты талма балықтар жұптасуға дайындалғанда күміс түстен жарық ашық бояуға өзгереді

Херасимчук Freshwaters Illustrated коммерциялық емес табиғат қорғау ұйымында фотограф әрі оператор болып істейді. Аталған ұйым үшін ол әлемдегі өзен-көл атаулының жойылу қаупі төнген жабайы табиғатын түсіреді. Ғалымдар тұщы суда тіршілік ететін балық түрлерінің кемінде 20 пайызына жойылу қаупі төнген не мүлде жойылып кетті деген баға береді. Өйткені су бөгеттері олардың көшу жолдарын жауып, сарқынды судан ластанған әрі температурасы жоғарырақ тіршілік орталары оларға жат болып келеді.

УИЛЛАМЕТТ ӨЗЕНІ, ОРЕГОН
Тынық мұхит миногасы сарқырамамен жоғары жүзіп барып, тастарға жабысып қала алады
УИЛЛАМЕТТ ӨЗЕНІ
Ересек қатпар терілі тритон жұптасу үшін орманнан батпаққа көшеді.

Олардың жойылуының адамға әсері жоқ емес. Ауызсу алатын тұщы су бассейндері экожүйенің саулығына тәуелді. Қосжарнақтылар мен батпақ өсімдіктері ластаушы заттарды сорып-сіңіріп алады. Ал кей жануарлар су сапасын түсіретін детриттерді тұтынады. Олардың ареалына әсер ететін ластаушы заттар аталған жануарларды жойып жіберуге жеткілікті. Олар адамнан үріккіш келеді, сондықтан Херасимчуктің сабыры үнемі жемісті бола бермейді. «Мына тіршіліктің бәрі жойылып барады», – дейді жан-жануардың жойылу процесіне қарсы жарысып жүргенін есінен еш шығармайтын ғалым.

Херасимчук тұщы су бассейндерін түсіреді, мәселен, мынау биоәлемге бай Теллико өзені.

Авторы: Мелисса Суран, фото: Дэвид Херасимчук

Мысық vs. құс: майдан шебі

$
0
0
Қараусыз қалдырса Оливер мен Белла (АҚШ-тағы мысыққа қойылатын ең сәнді есімдер) алты айда жетіліп, жыл сайын бірнеше марғау туа алады, ал нәтижесі не болары түсінікті. АҚШ-та шамамен 90 миллион мысық иелерімен бірге тұрады. Қалған 30-80 миллионы көшелерден бастап, шалғайдағы шөлдерде қаңғыған күйі тіршілік етеді. Аустралиядағы кең таралған мысықтар жергілікті құстар, бауырымен жорғалаушылар және кішкентай сүтқоректілерді түгелдей жойып жіберердей қауіп төндіріп отыр. 2015 жылы Аустралия үкіметі мұның алдын алу мақсатында 2020 жылға дейін екі миллион мысықты өлтіруге арналған бағдарлама бекіткен.
Дүниежүзі бойынша шамамен жарты миллиард мысық алты құрлықта, әлемнің 131 негізгі аралдар тобының 188-інде және интернет жетпейтін түкпірлерде тіршілік етеді. Одан асқан басқыншы тіршілік иесін көргіңіз келсе, айнаға қараңыз.

Құстарға араша түсу үшін мысықтардың көзін құртуымыз керек пе? Екеуін де жақсы көретін азаматтың тың шешімі…

 

Мен сияқты бернстейн де құстарды аңдығанды ұнатады. Бернстейн – үш жасар қысқа түкті мысық. Одан бөлек ол лазерлік нұсқауыш, шашбау мен жіпке құмар. Мен болсам 33-ке келген, аң-құсты ұнататын шашы қысқа блондинмін. Қорадан табылған кезінде Бернстейн жүрмек түгілі көзін де аша алмайтын. Бұл мұрттының жолы болды және ол өзгелерден әлдеқайда ақылды сияқты көрінеді өз басыма. Мұның бірден бір себебі оның түсінігінде болуы мүмкін. Өйткені ол далада қалай болса солай қаңғырып, аш құрсақ жүрген кезі болған емес.

Бірақ өткен көктем кімнің-кім екенін көрсетті. Табиғат та, тәрбие де мысықтың тума түйсігінен асып түсе алмайды екен. Күн түстен ауған шақ, күн жылы болатын. Бернстейн шуаққа жылынсын деп ішкі аулаға жібергем. Шамалы минутқа шыққан ол бір уыс қауырсын тістеп маңғаздана келді: аузында Орталық Америкадан Орегонға дейін мыңдаған шақырым жолды артқа тастап, жұп іздеп келген 28 грамдық шұбар-ала, әдемі Свенсон сайрағы.

Табиғи түйсігіне бола Бернстейнді кінәлай алмадым. Дегенмен кішкентай құс қолыма сұп-суық болып тигенде, жүрегім мұздап сала берді.

Бірнеше жыл бұрын Смитсон институты мен АҚШ-тың Балықтар мен сирек кездесетін жануарларды қорғау ұйымы арнайы зерттеу жүргізіп, АҚШ-та жыл сайын мысыққа қанша құс жем болатынын шамалап көрген екен. Нәтиже жаға ұстатады. Мысық популяциясының саны мен жыртқыштың деңгейін мұқият анықтағаннан кейін ғалымдар төменгі 48 штатта үй мысықтары жылына 1-4 млрд аралығында, ал кішкентай сүтқоректілер 6,3-22,3 млрд шамасында, бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділер жүздеген миллион құс түрін өлтіретінін есептеп шығарды.

Құс өлімінің үштен екісі қаңғыбас жабайы мысықтармен байланысты. Тіршілік ортасының жойылуы мен климат өзгерісін есептемегенде, жалпы терезеге ұрылып, көлік астында қалып, пестицидке уланып, тоққа түсіп, ластанудан, жел диірмені мен тағы басқа да табиғи емес факторлардың бәрін қоса есептегеннің өзінде құс атаулы мысықтардың тырнағынан көбірек өлетіні белгілі болып отыр. Ой салатын жағдай.

Кей адамдар бұл зерттеулерге күмәнмен қарап, ғалымдарды «мысық жаулары» деп айыптаған. Көзқарасы осы жаңа дәйекпен сәйкес келген өзгелері келіскен сыңай танытты. БАҚ-та мысық пен құс жақтаушыларының, жан-жануар құқығын қорғаушы, эколог, үйде аң-құс ұстайтындар мен ғалымдардың зерттеу­лері қатар шыққанда кімге сенеріңізді білмей қаларыңыз анық.

Осы айқай-шудың барлығы басты нәтижені жоққа шығара алмайды: өздеріне өзге жыртқыштардан қауіп төнбейтін экожүйеге жіберілгенде мысық құс пен басқа да табиғат өкілдері өлімінің үлкен себебіне айналады.

Мұнан кейін жүргізілген зерттеулер қауіп масштабын растады. Мәселен, мысықтарының жалпы саны АҚШ-тан аз Канадада жүргізілген зерттеу нәтижесінде мысықтар жыл сайын 100-350 миллионға дейін құстың түбіне жететіні есептеп шығарылған.

Жағдай ушықса да бір түрлі түсіндіруге келмейді. Бәріміз де мысықтардың жыртқыш жануар екенін білеміз, бірақ осы күнге дейін олардың тұмса табиғатқа әсерін аса түсіне бермейтініміз анық. Тіпті, құс өлімі туралы деректер келтіргеннің өзінде көп адамдар, солардың ішінде басым бөлігі мысық асыраушылар сүйікті жануарларының құс популяциясына кері әсер ететініне әлі де күмәнмен қарайды.

Бәлкім, бұл мәселеге соншалықта бас қатыра бермеуіміз де керек шығар. Ешбір зерттеу нақты түрде мысық пен құрлықтағы құс популяциясы арасындағы байланысты ашып көрсеткен емес (аралдардағы жағдай бөлек). Көптеген фактор үшін қанаттының азаюына бір ғана себепті айрықша атап өту қиын.

BirdLife International ұйымының жуырдағы баяндамасында «Әлемдегі құстардың жағдайы тек нашарлаған, тіпті, бір кездері көзімізге күнде көрінетін құстардың өзі қазір жойылудың сәл-ақ алдында тұр» деп жазылған. Мұнда бүгінгі таңда жойылып бара жатқан түрлердің басты қаупі ауылшаруашылық пен ормандардың оталуы деп айтылады, ал жыртқыштардың әсері тек соңына қарай тілге тиек етіледі. Ал планетаны қоқыс жәшігіне айналдыруда адамнан асқан ешкім жоқ. Сондықтан әлемді құтқару концепциясынсыз мысықтарды кінәлаудан жан-жануарды сақтаудағы жауапкершілігімізді басқа арнаға бұрғаннан басқа пайдасы жоқ.

Жалпы, адамдар жабайы мысық популяциялары тым көп екендігімен келіседі. Мінсіз шешім болмағандықтан мәселе тығырыққа кеп тіреледі. Құстардан бөлек, жабайы мысықтар денсаулық, қауіпсіздік пен философиялық дилеммалар тудырып отыр. Қазір әлемде пырылдауықтар саны игеруге келетін мөлшерден асып түскен.

Іс жүзінде, мысықтарды жөнімен қалдыруға ең ықшамды дәйек осы: қанша тырыссақ та, ешқашан олардан құтыла алмаймыз. Сол себепті осы мәселеге дәл бүгін бас қатырмасақ, әлемнің жағдайы күрделене түспек.

Кей адамдар қазірдің өзінде шара қабылдауды бастап кеткен. Мысықты жақтаушылар оларды ұстап алып, стерильдеп, қайта босату бағдарламаларын кеңінен қолдануда. Қанаттыларды қорғау топтарының көбі бұл саясатқа қарсы. Жануарлар құқығын қорғаумен айналысатын «Жануарлармен әдеби қарым-қатынас құру ұйымы» (PETA) да моральдық тұрғыда мұндай бағдарламаларға қарсы. Алайда бұл ұйымдар мысықтарды қамап ұстаудан (тамаша пікір) басқа нақты ұсыныс жасай алмай келеді. Бұл екі арада АҚШ-тағы жан-жануар үйлерінде жылына миллионнан астам қаңғыбас мысық эвтаназия арқылы өлтіріледі: үлкен проблеманың көп айтылмайтын әдісі.

Жеке басым сұрақтың жауабын білмеймін. Бірақ, ұсынысым бар. Бернстейнді жергілікті ветеринарға стерилизациялауға апарғанымда оған да микрочип тағылғанын қалаған едім. Бұл шешімге ерікті түрде емес, стандарттық практиканың арқасында келдім. Күріш дәнегіндей ғана болатын чипті пайдалану қан талдауынан оңай, десе де әлемде оның үй мысықтарына тағылуы әлі де сирек жағдай болып отыр.

Егер бүкіл мысыққа микрочип тағылса оның саны азая түсетіні анық: жоғалғанын тез қайтаруға, тастандының иесін табуға болады. Мұндай шараға, әсіресе, егер осындай жарнаның бір бөлігі тиісті ресурстарымен бірге жабайы мысықтар проблемасын шешуге бағытталған жүйе мен бағдарламаларға жұмсалар болса, ақша төлеуге қуана келісер едім. Тіпті шамалы ғана, әр үй мысығына бір мәртелік жарна төлер болса – бұл мысықтың өмірі бойынша сатып алынатын азығына кететін қаражатпен салыстырғанда азғана сома – миллиардтаған доллар жиналар еді. Бұл мінсіз шешім емес екенін білемін. Алайда мысықтарды бақылауда ұстау қазіргі бейберекет жағдайды бақылауда ұстауға жақсы қадам болар еді деп есептеймін.

Жануарларды жақсы көретін ешбір адам мұндай мұра қалдырғысы келмейді. Ғаламшарымызға күтім көрсетуде бар ынтамызды салуымыз қажет, өйткені оған жауапты өзіміз. 

 

 

Авторы: Ноа Стрикер

 


Ноа Стрикер – Орегонда тұратын құстарды зерттеуші журналист әрі фотограф. Ол жазған кітаптар қатарында «Шекарасыз құстар» туындысы бар. Мұнда ол 2015 жылы бір күнтізбелік жыл ішінде рекордтық мөлшерде 6042 құс түрін баяндаған.

Қойнауы сырға толы батыс Қазақстан

$
0
0

Еліміздің солтүстік-батысында орналасқан, жалпы аумағы 151,3 мың шақырым құрайтын Батыс Қазақстан облысы өзінің жағырапиялық орналасуы жағынан туризмді дамытуға аса қолайлы өңір болып табылады. Облыс Қазақстанның Атырау және Ақтөбе облыстарымен, Ресей Федерациясының Саратов, Волгоград, Орынбор, Самара, Астрахань секілді бес бірдей губерниясымен шекаралас жатыр. Сондай-ақ, Орал қаласы аумағындағы Жайық өзені Еуропа мен Азия құрлықтарын екіге бөліп тұр. Сондықтан, Батыс Қазақстанды Еуразия кіндігіндегі облыс деп нық сеніммен айтуға болады.

Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінің қойнауындағы Орал шаһарының іргетасы ресми деректер бойынша 1613 жылы қаланды делінеді. Алайда, сулы-нулы жерде оған дейін отырықшы ел болмады дегенге сену мүлде мүмкін емес еді. Оның үстіне шаһар маңында ортағасырлық сауда қаласының болғаны жайында Х ғасырда араб тарихшысы Әл Идриси жазып кеткен екен. 2001 жылы «Ақсай-Үлкен Шаған-Атырау» газқұбырын тарту кезінде Оралдан 12 шақырым қашықтықтан XIV ғасырдағы көне қаланың орны табылып, оған 2005 жылы «Жайық қалашығы» деген атау берілді.  Яғни, күні бүгінгі дерек бойынша Оралдың жасы 700 жылдан асып жығылады.

Қазақстанның өзге қалаларынан Оралдың басты ерекшелігі бұл еуропалық және азиялық мәдениеттердің бір-бірімен ғажайып үйлесім табуында деуге болады. Мәселен, қаланың орталық бөлігі XVIII-XIX ғасырларда салынған орыс избаларынан, күйдірілген қызыл кірпіштен салынған түрлі көне ғимараттардан тұрады. Император II Екатеринаға қарсы Емель­ян Пугачев бастаған шаруалар көтерілісінің бесігі болған шаһарға әр жылдары орыстың ұлы ақындары А.Пушкин, И.Крылов, этнограф В.Даль, жазушылар В.Жуковский, М.Шолохов, опера әншісі  Ф.Шаляпиндердің табаны тиген.

Ұмытылып бара жатқан киіз басу өнерін Жайық бойының ісмер қыз-келіншектері жаппай жандандыруға ниетті. Оған қажетті шикізаттың барлығы өзімізде бар, тек енді ынта мен табандылық қана қажет дейді олар.

Сол секілді, бұл өңір қазақтың күй өнерінің атасы Құрманғазы мен күй анасы Динаның, Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың, жыр алыптары Жұбан Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әлінің, дүлділ әншілер Мұхит пен Ғарифолла Құрманғалиевтің, актриса Хадиша Бөкееваның туған топырағы.

Облыстың аз ғана бөлігін орман жауып жатса да, Орал Қазақстандағы жасыл желегі мейлінше мол қалалардың бірі болып есептеледі. Сондай-ақ, қалада туристерге қызмет көрсететін ондаған қонақүй («Шағала», «Парк отель», «Пушкин отель», «Құрмет» т.б.), түрлі бағыттағы ресторан-дәмхана («Пражские ночи», «Слабода», «Эль-дивиньо», «На высоте» т.б.) жұмыс істейді.

Туризмнің дамуына оң ықпал ететін факторлардың бірі – жетілген жол инфрақұрылымы. Жол – өмірдің күретамыры десек, Батыс Қазақстан облысы аумағымен Орал – Атырау, Самара – Шымкент, Орал – Орынбор, Орал – Саратов тас жолдары өтеді. Олардың бойында да жолаушыға сервистік қызмет көрсететен көптеген қонақ үй мен дәмхана бар.

Өңірлерді дамытудың берік негіздерінің бірі ретінде Президент туризмді дамытуды атап өтті. Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып, білікті мамандар даярлауды қамтамасыз етуді тапсырды. Батыс Қазақстан облысы бойынша туристік орындарды тамашалауға келген адамдардың саны өткен жылмен салыстырғанда 18,4%-ға көбейген. Өңірдегі киелі орындардың туристік маршруттары, облыстың интерактивті картасы дайындалды. «Бөкей ордасы тарихи-өлкетану музейқорығы, «Жұмағазы Хазрет» кешені, «Алаш Орда» музейі­нің 3D-моделді виртуалды турлары жасақталды. Аталған орындарға инфрақұрылым тарту мәселесі қолға алынуда. «Орал» халық­аралық әуежайын жаңғырту жұмыстары шілде айында басталды. Сондай-ақ облыс орталы­ғында халықаралық қонақүйдің құрылысы да басталды. Бұл жұмыс­тар міндетті түрде туризм­нің дамуына өз үлесін қосары анық, – деді таяуда өткен туризмді дамыту туралы жиында Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев мырза.

Жайық өзені жағасында бой көтерген биіктігі 50 метр стелланың әу бастағы атауы «Сүңгі және Ту» болған екен. Шынында да бір бөлігі сүңгіге, екінші бөлігі желбіреген туға ұқсайтын ескерткіштің тарихы төмендегідей. 1971 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті Азамат соғысына және Ұлы Отан соғысына Орал өңірінен аттанған боздақтардың есімдерін мәңгі есте қалдыруға шешім қабылдайды. Нәтижесінде, аталмыш стелла 1980 жылдың 9 мамырында салтанатты жағдайда ашылады. Оның жанындағы мәңгілік алау даңқты Мамаев қорғанынан әкелінген.
Шаһардағы ең көне шіркеу. Жайық казактары собор құрылысын 1740 жылы бастаған. Құрылыс мәскеулік сәулетшілердің көмегімен 1751 жылы аяқталған. Құдаймен оңаша қалып, жан-дүниеңді тазартуға ықпал ететін құлшылық орнына кезінде Оралға келген орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің өзі бас сұққан. Кеңес билігі тұсында храм облыстық музей кешенінің бір бөлігі болып, тек 1988 жылы ғана православие шіркеуіне түпкілікті қайтарылған.

Батыс Қазақстан облысы, бірінші кезекте, турис­тер үшін көптеген мұражайларымен (облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Е.Пугачев мұражайы, А.Пушкин мұражайы, М.Мәметова мұражайы, М.Шолохов мұражайы, Алашорда мұражайы, табиғат және экология мұражайы т.б.) және «Қазақстанның киелі жерлері» картасына кірген  кесене-кешендерімен тартымды. Солардың ішіндегі ең шоқтығы биігі – Бөкей ордасы тарихи-музейлік қорығы.

Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылында орналасқан мұражай-кешенінің тарихы XIX ғасырдан бастау алады. Кешен құрамында: 1828 жылы салынған Хан Сарайы, 1867 жылы ашылған Казначейчество, 1868 жылы ашылған Тарғын учас­келік мектебі, 1883 жылы ашылған қыздар мектебі сынды тарихи-архитектуралық ғимаратар және 1835 жылы салынған хан мешітінің негізінде қалпына кел­­­тірілген мешіт ғимараты бар. Оған қоса, кейінгі жылдары Орда ауылынан 4 шақырым жерде орналасқан Жәңгір хан, дәулескер күйші Дәулеткерей Шығайұлы, этнограф-ғалым Мұхаммед-Салық Бабажанов кесенелері де музей құрамына берілді.

Демалыс саябағы аумағынан ағып өтетін Шаған өзені үстінен жаяу көпір салу идеясы сәтті жүзеге асты. Енді қала тұрғындары мен қонақтары көпір арқылы өзеннің қарсы бетіне қатынап, ондағы веложолақта саулықтарын шыңдауға мүмкіндік алды.
Орта Азия сәулет үлгісімен салынған 1800 адамдық мешіт 2005 жылы қарашада, ораза айттың алғашқы күнінде ашылды. Ғимараттың биіктігі 14,45 метр. 41 метрлік екі мұнарасы ғимарат шатырынан тіке бой көтерген. Мұнара мозайкамен әшекейленіп, ақ түспен боялып, ұшар басына жарты ай белгісі қойылған. Күмбездің биіктігі 7 метр, 8 қырлы шыныдан жасалынған. Шынылы күмбез Германияда арнайы тапсырыспен жасалған. Салмағы 22 тонна. Күмбез үлкен залдың ауасын реттеп отыру үшін түйме арқылы ашылып жабылады.

Орда өңірін тұңғыштар мекені деп ауыз толтырып айтуға әбден болады. Мұнда қазақ даласында тұңғыш ашылған мектеп, дәріхана, қазынашылық мекемесі орналасқан. Сондай-ақ, фотоөнерін елімізге алғаш әкелген белгілі этнограф Шәңгерей Бөкеев түсірген фотосуреттермен де осы жерден танысуға болады. Музей-кешеннің қорында жалпы саны 16 мыңға жуық аса құнды жәдігерлер сақтаулы.

 

Мақаланың авторы: Тоқтар Кенжеғалиев
Фото: Мақсат Шағырбаев, Михаил Шпигельман, Мейірбек Тажкуранов

Жайық – Еуропа мен Азияны бөліп тұрған Орал тауы секілді қос құрлықтың ортасында орналасқан өзен. Орал, Атырау қалалары арқылы өтіп, Каспий теңізіне құятын өзеннің жалпы ұзындығы 2428 шақырым болса, 1084 километрі Қазақстан аймағында орналасқан.
Жәңгір хан ставкасын құм басып қалмас үшін 1832 жылдан бастап Орданың айналасына қылқан жапырақты орман еккізе бастаған. Орда орманы кейін мемлекет қарауына алынып, тәлімбақтар жасақталып, селекторлық жұмыстар нәтижесінде Нарын қарағайы дүниеге келді. Қазір Орда ауы¬лының маңайында 16405 гектар орман қоры бар. Жергілікті орманшылар хан ісін жалғастырып, жыл сайын 15 гектарға қарағай көшеті, құм көшкінін тоқтату мақсатында 80 гектарға ағаш егеді.
Орал қаласында отандық және шетелдік бүркітшілердің қатысуымен түрлі деңгейдегі турнирлер жиі өтеді. Қыран баптап, сұңқар салу қазақтың бойына сонау бабалардан берілген ата кәсіп, тарихы тереңнен тамыр тартатын тамаша дәстүр болып табылады. Сол себепті, «қансонарда бүркітші шығады» деген тіркес ұлтымыздың санасына әбден сіңген.
Торыатбас тауы Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында орналасқан. Оның етегінде сирек кездесетін емдік шөптердің көптеген түрлері өседі. Бұл жер әсемдігімен көрген жанды таңдай қақтырады. Таудың етегінде сирек кездесетін дәрілік өсімдіктер өседі.
Viewing all 1619 articles
Browse latest View live


<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>