Quantcast
Channel: nationalgeographic.kz
Viewing all 1603 articles
Browse latest View live

Маңызды миссияны бірге атқарған қос алып

$
0
0

«National Geographic» президенті және атқарушы директоры Гэри Э.Нелл:

«National Geographic» дегенде зерттеу­-шарлау тіркесі ойға оралады. 129 жыл бойы бұл біздің болмысымыздың негізі болып келді және бұл қызметті дәл біздей атқаратын ешкім жоқ.

Қызметіміздегі аталған мерзімнің 63 жылын керемет серіктесіміз – «Ролекс­пен» бірге өткіздік. Оның сағаттары Жер шарының түпсіз тұңғиық мұхиттарынан ұшар шыңдарына дейінгі жерде зерттеу­шілердің қолдарынан түспеді. «Ролекс» ұзақ жылдар бойы зерттеуге деген құштарлығын еш төмендеткен жоқ.

Біздің ортақ құштарлығымыз – ғылым танымаған дүниені зерттеу. Сонымен бірге біз ғаламшарымызға деген терең жауапкершілікті және оның ғаламаттарын қорғау маңыздылығын түсінудегі сезімімізбен бөлісеміз.

Осы айда біз «Ролекс» ұйымымен ынтымақтастығымыздың кеңейгенін қуана хабарлаймыз. Мұндай нәрсе «National Geographic» тарихында бұрын болмаған, енді екі ұйымның ортақ күш жұмылдыруы әрмен қарай жалғаса бермек.

Көздегенімізге қалай қол жеткіземіз? Алдағы бес жылда назарымызды ғаламшарымыздың үш ерекше маңыз­ды атрибуты: мұхиттар, полюстер және тауларға түйіндеу арқылы. Біз ғылыми жаңалықтарға жетелейтін экспедицияларға қолдау білдіреміз немесе оларға қатысамыз. Жаңа зерттеу технологияларын шығаруға ықпал ететін зерттеу жұмыстары мен өнертабыстарына атсалысамыз және табиғатты қорғауда көпшілік қолдауын тудыратын саммиттер мен шаралар өткізетін боламыз.

Әлем халқының көзін ашып, жүрегінде мейірім ояту үшін «National Geographic» қоғамының маркалы журналистика және фотолары арқылы осы ынтымақтастық жөнінде баяндап отырамыз. Біздің мақсаттарымызда оқиға әңгімелеудің сандық орталығы, видео және виртуалдық шындық тәжірибелері, әлеуметтік желі арналары, телевизия бағдарламалары, фильмдер және тағы да басқа көптеген қызықты дүниелер бар.

Әлеміміздің сырын ашуға бет алған сапарымызда бізбен бірге болғаны үшін «Ролекске» алғысымыз шексіз. Осы уақытқа дейінгі көпжылдық тәжірибеміз алдағы ісіміздің іргесі мықты сүйеніші болмақ.

Осы тартымды жаңалықтарды бізбен бірге ашуға шақырамыз.

«National Geographic» және «Ролекс» ұйымдары әлемнің ең танымал зерттеушілерінің тарихи ерліктеріне демеу болды. Солардың ішінде: фотограф Дэвид Дубиле, океанограф Сильвия Эрл және продюсер Джеймс Камерон бар

ФОТО: ДЖЕННИФЕР ХАЙЕС, NATIONAL GEOGRAPHIC CREATIVE; МАРКО ГРОБ; МАРК ТИССЕН, NGM ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ


Қытайдағы қазақ көші

$
0
0

25

Қытайдағы қандасымыз, белгілі фотограф Серік Мұқыштың фото суреттері бұған дейін «National Geographic Қазақстан» сайтында (//nationalgeographic.kz/2016/06/28/1822.html) жарияланып, оқырмандар таңданысын тудырған болатын. Сұранысқа орай автордың фоторепортаждар сериясын жалғастыруды жөн санап отырмыз. Бұл жолы талғамнан туған туындының тақырыбы – «Көш». Суретші шешімі бойынша бұл ақ-қара түспен берілуге тиіс тақырып екен.

«Қытайдағы басқа ұлт өкілдерінің қазақ салтын бұрмалап көрсеткен фоторепортаждары менің осы жолға түсуіме бірден бір себепші болды. Фотограф болып, сапарға шыққаныма 23 жыл толыпты. Соның ішінде 2006 жылдан бері қазақ көшін бақылап келемін. Бұдан кейінде түсіре бермекшімін», – дейді СерікМұқыш.

7 9 8

Шыңжаңның солтүстігіне орналасқан Алтай аймағы –Еуразия құрлығының бүйірі саналады. Бұл өлке қазақтары өзіне тән неше мың жылдық тарихы бар көші-қон дәстүрін берік сақтап келеді. Сондықтан да, Қытайдағы басқа ұлт өкілдерінен тұратын тілшілер, фотографтар қазақтың осы көшінің ерекшеліктерін елдің іші-сыртына барынша насихаттаған.

11 20

Ондай фотографтардың көші-қон тақырыбындағы фото шығармалары ел ішінде де, халықаралық деңгейде де жүлдегер атанып жүр. Сондықтан болар, Алтайдың жазы мен күзіндегі көшіп-қону мезгілінде неше мыңдаған басқа ұлт фотографтары Алтай тауынан табылады.

22 23

Көшпелі қазақтың өмірі қандай, салты ше? Көші-қон барысындағы тұрмыс-тіршілігі нешік?

26

«Дәл осы тақырыпты таңдап, өз ұлтының өмірін, мәдениет-салтын, олардың тағдырына тереңдей барлап фотоғатүсіру тек қазақтың ғана қолынан келеді деп білемін. Осы оймен 2009 жылдан бастап көші-қон тақырыбын түсіруді жоспарлап, деректі фотоның құдіретін әйгілеуге күш салдым» –дейді Секең.

24

Автор Шыңжаңның Алтай аймағындағы Алтай қаласына қарасты өңірдегі қазақтың көші-қон өмірін, шынайы қиыншылықтарын түсіруге ыңғалы келетін Сарқусын және Алақақ ауылдарының көш жолдарын фотоға түсіруді таңдады. Осы түсірілім Алтай қаласына қарасты Шеміршек, Сарқусын жайлауларына баратын көш жолындағы Аятолла отбасының өмірінен хабар береді.

13343819

Көш басталғалы жаңбыр толастамады. Күн сайын жаңбыр. Тіпті, кей күні 11 сағатқа дейін жауады. Иә, мұндай жағдайды көзіммен көріп, жаныммен сезіндім.

27 28

39

Ал көші-қонның ең жапалысы, ең ауыры– қысқы көш.

43 45 44 4650

Бұл көште Алтай қаласының Алақақ ауылының малшылары бейнеленген. Алтайдың қысы қатты әрі ұзаққа созылады, оның үстіне қорға деп әзірленген жем-шөп шекті болғандықтан, күйі жақсы қойларды Сауыр тауына апарады.

41 4247 48

Олар Ертіс өзені бойындағы қыстауларынан 300-400 шақырым шалғайдағы қысы жайлы Сауыр тауына аққар, көкмұз жастанып, 3-4 күнде зорға жетеді.

49 52 51 50

Солтүстігін Алтай тауы, оңтүстігін жоңғар ойпаты иеленіп жатқан бұл аймақтың 33 пайыз жері тау сілемдерінен тұрады. Ал 46 пайызы қуаң жер.

29 30

Алтай аймағы тауларының биігі теңіздеңгейінен 4375 метрге дейін жетеді. Мұнда 360 мыңға жуық қазақтар тұрады. Олар осы өңірдегі жалпы халық санының 54 пайызын құрайды.

37 35

Шығыс солтүстігі Моңғолиямен, солтүстігі Ресеймен, албатысы Қазақстанмен шекараласып жатыр. Қайнары Алтайдан басталатын Ертіс өзені бұл елдегі бірден-бір солтүстік мұзды мұқитқа құятын өзен саналады. Мұнда шамамен 160 мың қазақ ұлты мал шаруашылығымен айналысады. Бұл осы өңірдегі қазақтардың шамамен 45 пайызына тең.

1

Көшке қамдану алдындағы бір сәттік демалыс. Ит те ұзақ сапар алдында тынығып жатыр.

2 15 16

Аз тыныстағаннан соң көш қайта жалғасады.

3 614

Көш қамына кіріскен үлкендер кейде баланы да ұмытатын кездері болады. Қазақ ертегісінде жиі кездесетін «көште қалған бала» туралы әңгіменің төркінінде шындық жатыр-ау…

5 17

Көш көлігі үшін ерекше бағалы мал – түйе. Түйені қазақ сиырдан сирақты деп ардақтап, «Бақырауық демесең, бағалы көлік түйе ғой» деп көшке бола оны ерекше бағалаған.

28 31 30 29

 

Серік Мұқыш

1962 жылы 8 тамызда Қытайда дүниеге келген. «Қытайэтнографиялық фотосурет» қоғамының магистрі, «Алтай аймағы фотосуретшілер» қоғамы басшысының орынбасары.

Аль Гор

$
0
0

АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Аль Гор 2006 жылы An Inconvenient Truth («Қолайсыз шындық») деп аталатын деректі фильмінде жұртшылық назарын климат өзгерісіне аударды. Осы шілдеде An Inconvenient Sequel сериясы көрермендерге жол тартады. 69 жастағы Гордың айтуынша, қазір тігілген бәс жоғары, шешімдер бұрынғыдан анық.


Климат өзгерісі туралы қоғамның теріс түсінігі жөнінде не ойлайсыз?

– Меніңше, қоғамның басым бөлігі климат өзгеруі аса маңызды мәселе екенін және оның шешімін табу үшін батыл әрекеттер жасау керектігін жақсы түсінеді. Ең бұлтартпайтын дәлелдерді Табиғат-ананың өзі берді. Қазіргі таңда ауа райының аптап ыстығының жиілеуі мен аяздың ызғарлылығы соншалық, айналада болып жатқанды көру қиындап кетті. Әйтсе де, тіпті «жаһандық жылыну» не «климаттың өзгеруі» секілді сөздерді қолданғысы келмейтіндердің өзі мұның басқа жолын тапқан. «Иә, біз Күн, жел энергиясына, батареяларға, электр көмегімен жүретін көліктерге және басқаға көшуіміз керек», – дейді олар.

Климат өзгерісі туралы дау неліктен қызып тұр?

– Теннесси штатында мынадай көне нақыл сөз бар: «Егер бағананың төбесінде тасбақа отырғанын көрсеңіз, ол жерге оның өзі шықпағанына сенімді болыңыз». Алпауыттардан қаржылай қолдау алып отырған азшылық топ бұл бағыттағы прогресті белгілі бір уақытқа кешеуілдетті. Олар «Үлкен темекі» оқиғасы кезіндегідей жалған күдік туындату үшін тура сол кездегідей әдістерін қолдана отырып лоббилендіру күшін пайдаланды және негізгі қарсыластарына дөңайбат көрсетті. Біздің бәріміз психологтар айтпақшы айланың қармауына түсуге бейімбіз: егер әлдебір нәрсе біз үшін қолайсыз болса, онымен айналысудың орнына, оны бір шетке итеріп, ысыра саламыз.

Болашақтан қандай үмітіңіз бар?

– Әлем бойынша бұл іспен айналысып жатқан адамдардың көптігі менің ерекше оптимистік көзқарасымды оятады. Нарық күші де бізге жұмыс істеп тұр. Күн, жел және басқа да технологиялар арзандауда әрі жетілуде. Көптеген қала мен компания 100 пайыз жаңғырып жаңашылдыққа көшуге уәде беріп жатыр. Мен баламалы революцияны тоқтату мүмкін емес деп сенемін.

ФОТО: КРИСТОФЕР АНДЕРСОН, MAGNUM PHOTOS БҰЛ СҰХБАТ ҚЫСҚАРТЫЛЫП, НАҚТЫЛЫҚ ҮШІН ӨҢДЕЛДІ.

Қараңғыдан қадалған көз

$
0
0

Қалалар кеңейіп, өрісі тарылған сайын леопардтар* адамдарға ауыз сала бастады.

mm8196_140421_0004722

Мумбайдың Санжей Ганди атындағы Ұлттық саябағында леопард фотоқақпанға түсіп қалды.

(*Салалық мамандармен ақылдаса келе, елімізде кездеспейтін бұл жабайы жануарды халықаралық атауына сай қазақ тілінде де леопард деп қалдыруды жөн санадық. – ред.)

mm8196_140727_102923

Зулу христиандары діни рәсімінде жамылатын қымбат терілерге деген сұраныс Оңтүстік Африкадағы Дурбан қаласында зор. «Пантера» жабайы мысық тұқымдастарын қорғау қоғамы жануарларды сақтап қалу үшін діндарларға жасанды терілер қолдануды ұсынды.

РИЧАРД КОННИФ СТИВ ВИНТЕРДІҢ ФОТОСУРЕТТЕРІ

Аумағы 104 шаршы шақырым болатын Мумбай мегақонысының ортасында орналасқан Санджей Ганди атындағы Ұлттық саябақта, көгалға жайғасып, леопардтардың келуін күтіп отырғанбыз. Саябақтың қарама-қарсы бетіне зәулім үйлер қатарласа қоныпты. Сағат кешкі ондар шамасы еді, ашық тұрған терезелерден ыдыс-аяқ сыңғыры мен балалардың ұйқы алдындағы шуылы естіледі. Ал саябақтан қашықтау жердегі ғибадатханадан діни әуендер құйқылжиды. Мұнда тұратын 21 миллион халықтың у-шуы үлкен көлік гүріліне ұқсайды. Айналадағы бұталар арасындағы леопардтар да осы дауыстардың бәсеңдеуін күтіп жүргендей. Бізге көз қиығын салып, тың тыңдайды. Жалпы саябақ пен оның маңын 35-ке тарта леопард мекендейді. Яғни әрбір дараққа шақсақ 2,5 шаршы шақырым жерден келеді. Айтпақшы, бұл хайуан күніне 15-16 шақырымдай жолды еш қиындықсыз жүріп өтеді. Солай бола тұра мұншалықты әбжіл аңдар шаршы шақырымына 20 000-ға жуық адамнан келетін әлемдегі халқы ең тығыз мегақоныстың қоршауында тіршілік кешуде (Нью-Йорк халқының тығыздығынан шамамен екі есеге көп).

Бір қызығы, осындай жағдайдың өзінде мұндағы леопардтар саны күннен-күнге өсуде. Олардың олжасының бір бөлігі – теңбіл бұғылар мен саябақты мекендейтін жан-жануарлар. Леопардтардың басым бөлігі шектеулерге қарамастан табиғат пен өркениет арасындағы шекараны бұзып-жаруда. Қала ұйқыға кеткен кезде, леопардтар көше бойын жағалап, үй жануарларын – иттер, мысықтар мен шошқаларды, егеуқұйрықтарды, тауықтар мен ешкілерді аулап, азық етеді. Адамға шабатын кездері де болады, бірақ, негізінен олар адамнан сескенеді. Ал адамдарға келсек, кейбіреулер леопардтарға аяушылықпен қарап, оларды құтқарып, жәрдемге дайын тұрады. Ал кейбірі, керісінше, леопардтарды қорлап, атып өлтіреді, у береді. Тіпті қақпанға түскен хайуанға керосин шашып өртеп, олардың тірі күйінде от жалынында қиналып жатқанын тамашалап, бейнекамераға түсіретіндер де бар. Табиғат жанашырлары леопардтарды «дүниежүзіндегі ең көп қуғынға ұшыраған алып мысықтар» деп те атайды.

Дегенмен осыншалықты қудалауға қарамастан, леопардтар адамдармен бірге өмір сүріп келеді. Олай болуы заңды да. Леопардтардың әлемдегі екі үлкен тіршілік аймағы – әлемдегі халқы ең тығыз орналасқан Африканың оңтүстігі (Сахарадан оңтүстікке қарай) мен Үндістан субконтиненті.

gettyimages-138750258

2012 жылдың шілде айы, Үндістан, батыс Бенгал, орман сақшылары леопардтар шабуылына қарсы күресуде. Леопард сабасына түскенге дейін алты адамды жарақаттады.

Соңғы 50 жылда халық санының өсуінен леопардтардың ареалы Африкада 66 пайызға, Еуразияда 85 пайызға тарылған. Ал көптеген аймақтарда олардың аман қалуының бірден-бір жолы – адамдарға жақын тіршілік етуінде болып отыр.

Басқа алып мысық тұқымдастарға қарағанда леопардтар жаңа ортаға тез бейімделеді. Мәселен, олар қи қоңызы мен жайрадан бастап 900 келілік үлкен киікке дейін аулай алады. 43 градус аптап ыстық Калахари шөлінде де, 25-27 градус қақаған ызғарлы.


Леопардтардың бейімделгіштігі олардың адамдар арасында өмір сүруге қабілетті екендігін білдіреді. Ал адамзат баласы леопардтармен бірге өмір сүре ала ма?


Ресей аумағында да мекен етеді. Теңіз деңгейіндегі Үнді жағалауларының мангр орманды батпақтарында да, 5200 метр биіктіктегі Гималай тауларында да өсіп, көбейе береді. Адамзат пен леопард арасында ұзақ әрі бәсекеге толы қарым-қатынас сонау Африкада басталған-ды.

Олардың пайда болғанына өте көп уақыт бола қойған жоқ: бүгінгі қалыпқа енгеніне шамамен 500 000 жыл өткен. Адамзат баласы сияқты, леопардтар да дүниежүзінің үлкен аймақтарында, атап айтсақ, Африканың оңтүстігінен Ресейдің Қиыр Шығысына дейін, Сенегалдың батысынан Индонезияның оңтүстік шығысына дейін таралған. Леопардтар мен адамдардың бір-бірінен алары мол. Мәселен, ертеректе адамдар арыстандар мен басқа да жыртқыштарды қорқытып-үркітсе, кейініректе леопардтар да осындай қасиеттерді меңгеріп, адамдардың бағып жүрген үй жануарларын аулай бастады. Леопардтардың осал жері – өлекселерді бұта түбіне немесе ағаш төбесіне сүйреп апарып тастап, біраздан соң қайта оралатындығында. Сондықтан да оларда басқа етқоректі аңдарға қарағанда олжасынан айырылып қалу ықтималдығы жоғары.

Леопардтардың жыртқыштығы приматтардың геномында қорқыныш ретінде сақталып қалған. Тіпті мүлдем леопардты көрмеген маймылдың өзі денесі теңбіл мысық тұқымдасты көзі шалса, бірден тіксінеді. Адамдар да оларды көрген кезде үрейлене, әрі таңдана қарайды. Кез келген жаңалықтардың тақырыптарынан «леопард» деген сөзге көзіңіз түсе қалса, бойыңызды екіұдай сезім билейтіні де белгілі ғой. Бұл сезімдерден жылылықты, қаталдықты және тартымдылықты байқауға болады. Әйтсе де, кейбір тақырыптар кек пен қастыққа тұнып тұрады.

Бірде Оңтүстік Африканың Лимпопо провинциясындағы мал шаруашылығына барған едім. Онда скауттар үлгісіндегі қысқажең жейде, жасыл шолақ шалбар, тізесінен бір-екі сантиметрдей төмен жасыл шұлық киген 60-тар шамасындағы алпамсадай, жүзі жылы адамды кездестірдім. Оның үстелінде кейбір жолдарының асты сызылған Джеймс патшасының Інжіл кітабы ашық жатты. Ал үстелдің арғы бетінен леопардтың бас қаңқасы көрінді. Қаңқада дәл тиген оқтан қалған кішкентай тесік бар екен.

«Бізге леопард қатты ұнайды, – деп бастады ол әңгімесін. – Өте әдемі жануар! Алайда олармен бір жерде өмір сүру өте қиын. Бұнда оларға азық аз емес. Мәселен, сүйелді доңыздар, бабуиндер, қабандар және де басқа табиғи қоректер баршылық. Дегенмен леопардтар соларға емес, менің бұзауларыма өш».

Ол өзінің асыл тұқымды брахман сиырларының өлімі мен өсімін тіркейтін журналын ашып, леопардтар алты аптада бір бұзаудан жеп отырғанын, сөйтіп, соңғы 18 айда нешеуін құрбан еткенін айтты. Сауын уақыты тақағанда сиырдың мөңірегенінен-ақ жұмысшылар тағы бір бұзаудан айырылғанын бірден түсінеді. Сосын сиыр жұмысшыларды «еті жартылай желініп жерде жатқан немесе ағаш басында ілініп тұрған бұзауына» өзі бастап алып келді. Шаруашылық қожайыны әр бұзаудың құны 2000 доллардан асады деп отыр. Оның айтуынша, «бұл жерде өте тәжірибелі аңшылар бар, олар бұзауды қандай аңның – леопардтың жас аналығы немесе кәрі аталығы алып кеткенін дөп басып айта алады. Әдетте, леопард екі күн ішінде жемтігіне қайта оралады».

Аңшыларға жүгінуі, оған қоса үстелдегі оқ тескен бас сүйек қаңқасы оның қару алып, малға шабуыл жасаған аңды атуға оқталғанын білдіретіндей. «Сен олармен бірге өмір сүруге мәжбүрсің, сондықтан олармен бейбіт өмір сүруге тиіссің. Әйтпесе, түрмеге түсесің (Оңтүстік Африка заңы әдетте не абақтыға жабады не айыппұл мөлшерін тағайындайды).

Ал кейбіреулер жыл сайын тіптен жүздеген леопардты өлтіреді, – дейді ол. – Олар леопардтарды атады, қақпанға түсіреді, үстіне жанармай құйып өртеп азаптайды. Міне, солай».

Жаздың тамаша жексенбісінің бірі болатын. Квазулу-Натал елдімекенінің шығысында орналасқан провинцияда мыңдаған діндарлар ғибадат ету үшін қасиетті дөңнің басына қарай жалаңаяқ, сырнайлатып бара жатты. Олардың арасындағы тұрмысқа шықпаған қыздары жалаңаш төстеріне моншақ таққан, тұрмысқа шыққан әйелдер қара түсті киім киген еді. Қара түсті қолшатырларын сырнайлар ойнаған сайын жоғары көтеріп қояды. Ал ер кісілердің әрекеті, тіпті, қызықты. Шамамен 1200-ге тарта ер адам леопард терілерін жамылып, маңдайларына, шынтақтарына, белдері мен тобықтарына бау тағып алып жанымыздан өтіп барады.

Шөп-шалам өскен жерлерге келгенде еркектер гүрілдеген әуен үніне қосыла билей жөнеледі. Олар Зулу шайқасындағы сарбаздар секілді, құдды жорыққа бара жатқандай ары-бері тербеле қозғалып, аяғын бір көтеріп, бір түсіріп, жердің шаңын аспанға шығарады. Христиан дінінің африкалық ағымы – Назарет Баптистерінің (немесе Шембе) Зулу дәстүріне негізделіп салынған, ғасырға жуық тарихы бар шіркеуі үшін бұл би табыну мен медитация тәсілі саналады. Онда киетін киім де маңызды. Ертеректе Зулу патшалары өздерінің күші мен болмысын көрсету мақсатында леопард терілерін жамылған. Шембе шіркеуінің еркектерінің айтуынша, леопард терілері оларды дінге және ата-бабаларына жақын етеді.

Бірнеше жыл дәл осындай шеруге кезіккен мысық тұқымдастарды қорғаушылар қатты налыған болатын. Олардың бірі бұл көріністі «жер бетіндегі жабайы табиғатқа заңсыз жасалған ең үлкен қиянат» деп атады. Леопард терілерінің осыншалық көптігі саны күрт азайып, бар болғаны 7000-ақ мыңға тарта қалған елге тән қылық емес еді. Сосын аң терісі бес-алты жылда жыртылып, түйдектеліп қолдануға жарамайтындықтан оларды үнемі ауыстырып тұру қажет. Шіркеуде жылына бірнеше мәрте өтетін шараға қатысушылар саны артып, леопард терісіне де сұраныс көбейген. Ал соның салдарынан аңға құрып кетудің қаупі төніп тұр.

«Пантера» мысық тұқымдастарын қорғау ұйымындағы леопард зерттеуші ғалым Тристан Дикерсонның айтуынша, құлшылық рәсіміне қатысатын көпшіліктің импала антилопасы терісіне леопардқа ұқсас дақтар салып, жасанды терілерді қолдануы үміт отын жаққандай еді. Осының өзі тауар сапасын жақсартуға итермелеп, түсі табиғи теріге ұқсайтындай боялған винилден және түктен жасалған теріні өндіруге түрткі болған.

«Rolex сағатын қолдан жасағандай әсер болады деп үміттенемін», – дейді Дикерсон. Шембе басшылары бұл жоспарды қолдап, қазіргі таңда жергілікті шеберханада Furs for Life («табиғатты қорғауға арналған ішіктер») деген сауда белгісімен жасанды теріден дайындалған өнімдер шығарылуда. Пантера тобы шіркеу қызметкерлеріне терінің 9000 данасын тегін таратса да, тапсырыстарды әрең қанағаттандырып үлгеруде.

Бір жексенбіде шеберханаға барғанымда сатылымға қойылған терілер арасынан тек бір ғана нағыз теріні көзім шалды. Леопард терісінің алдыңғы жағынан жасалған жамылғының бағасы 390 доллар болса, артқы терісінен жасалғандары 425 долларға бағаланады. Жан басына шаққанда жылына 13 000 доллардан келетін ел үшін бұл қомақты сома. Бір адам «жасанды терілер ақ нәсілділердің баяғыдан келе жатқан Зулу дәстүріне жасаған қиянаты» деген ренішін білдіріп қалды. Ал басқа біреуі, винилден жасалғанға қарағанда импала антилопасы және басқа аң терілерінен жасалған жасандылары ата-бабалары қолданған нұсқаға жақынырақ екендігін айтады. Дегенмен жұртшылықтың басым бөлігі жасанды теріні алғысы келеді. Дикерсонның есебінше, Шембе рәсімдеріне қатысатын діндарлардың 30-40 пайызы «Пантера» жасанды терілерін қолданады екен. Бұл көрсеткіш екі жыл бұрын 5-10 пайызды құраған. Әрине, мұны леопардтарға деген нағыз махаббат пен төзімділік көрінісі деп айту мүмкін емес еді. Дегенмен осы тәсілдің өзі леопрадтардың аяусыз қырылуына сәл де болса тосқауыл қояды.

Үндістан – әлемдегі халық тығыздығы өте жоғары мемлекеттің бірі. Адам баласына өмір сүру қиынға түсіп отырған бұл өңірде леопардтар тіршілігінің өзі – үлкен сынақ. Олар адамдарға өте жақын маңда топ-тобымен емін-еркін өмір сүріп жатыр. Әдетте аса төзімді келеді.


Қоғам гранты бойынша осы жоба үшін суреттер түсіріп, саябақ қызметкерлеріне дайындық сабақтарын өткізу мақсатында біздің топ мүшелеріне қаржы бөлінді.


_dsc0468

Оңтүстік Африкадағы Седерберг аймағына орнатылған фотоқақпан Кейп леопарды марғауының тесіле қарап тұрғанын түсіріп алған. Жеке түр ретінде тіркелмесе де, бұл жасқаншақ мысық саванна тұқымдастарынан кішірек.

leopards_map_v8_final_fp-3

Африкалық түршелер Африканың оңтүстік аймақтары (Сахарадан оңтүстікке қарай) әлі де леопардтар мекені болып қала береді. Бірақ бұларды түгендеу қиын, сондықтан да шындыққа жанасатын сан жоқ.

003

Леопардтар пішіні тұқымдарына қарай әр түрлі болып келеді.

Азиядан ығыстырып шығару. Заңды түрде қорғалғанына қарамастан, халық саны арта бастаған аймақтарда леопардтар мекені тарыла түскен. Өткен он жылдықта Үндістанда аптасына төрт леопард өлтірілді.

Қара леопардтар бірнеше түршелерден тұрады. Олар, әсіресе, Малайзия мен Индонезия ормандарында кездеседі.

Қара леопардтар бірнеше түршелерден тұрады. Олар, әсіресе, Малайзия мен Индонезия ормандарында кездеседі.

Дағдыны өзгерту

Леопардтардың көбі өздерінің тарихи мекендерін тастап кеткен. Қалалар салу, ауылшаруашылық және орман ағаштарын жаппай кесу леопардтар мекенін жойып жіберсе де, адамзаттың аң етіне деген құмарлығы тамақ қорларының кеміп бара жатқанына себеп болып отыр. Сол себептен олардың ареалы қатты бөлшектенген. Терісі сыйға тартылатын, халық медицинасында қолданылатын, сондай-ақ малдарды қорғау мақсатында леопардтар аяусыз қырылуда. Әйтсе де, жаппай жойылып бара жатқанына қарамастан, олар барлық мысық тұқымдастар ішіндегі ең көп таралған және тіршілік етуге икемді жануаралар болып қала бермек. Panthera pardus түрі кішкене арабиялықтан бастап алып денелі африкалығына дейін тоғыз түрше құрайды. (Әдеттегідей барыс деп аталатын хайуан бөлек биологиялық түр ретінде леопардтарға қарағанда жолбарыстарға жақындау болып келеді.)

Оңтүстік Африканың Саби Сэнд қорығындағы жас леопард анасы аулап, жоғары іліп қойған импала антилопасын жеп жатыр. Жемін осылайша ағашқа іліп қою тамақты қорқаулар мен басқа бәсекелестерден қорғайды. МЕРИЛ ДАРРИС ЖӘНЕ МАНОН МУЛИ, BIOSPHOTO

Оңтүстік Африканың Саби Сэнд қорығындағы жас леопард анасы аулап, жоғары іліп қойған импала антилопасын жеп жатыр. Жемін осылайша ағашқа іліп қою тамақты қорқаулар мен басқа бәсекелестерден қорғайды.
МЕРИЛ ДАРРИС ЖӘНЕ МАНОН МУЛИ, BIOSPHOTO

Үндістан біздің лексиконымызға «адам жегіш леопардтар» деген тіркесті енгізді. Бұл – тікелей айтылған ұғым емес. Әдетте леопардтар шабуылына әйелдер мен балалар көп ұшырайды. Олар бір жағынан ер адамның сырт тұлғасынан сескенеді. Екінші бір себебі, әйелдер мен балалар көбінше бұталар арасы мен қалың ағаш ішіне дәрет сындыруға барған сәтте леопардтар шабуылына тап болады. Ал ер адамдар тұрып дәрет сындыратындықтан, леопардтарға қиын олжа болып көрінетін секілді.


Сұрақ: Ұзақ жылдар бойы леопардтар мен адамзат баласы бейбіт өмір сүріп келді. Олай болса, Жуннар сияқты елдімекенде осы мысық тұқымдастың кенеттен адамға шабуылдауының себебі не?


Дегенмен де леопардтардың адамға шабуылы сирек кездесетін жағдай. Үндістанда аңнан гөрі адам қолынан қаза табатындардың саны басым. Мәселен, күн сайын шамамен 381 адам жол апатынан қаза тапса, 80 адам теміржол апатынан, ал 24-і тоқ соғып қайтыс болады. Әйтсе де, леопардтардың қара халыққа шабуылы әдетте бірден зорайтылып айтылады. Өйткені мұндай құбылыстар үйреншікті болмаған соң, адам психологиясына қатты әсер етеді.

Мамыр айы. Сенбілік таң. Мумбай қаласының шығысына қарай 150 шақырымдай жердегі Жуннар аймағындағы шағын ауқатты шаруа қожалығына мемлекеттік көлік келіп тоқтады. Жан түршігерлік оқиға орын алғанымен, бәрі сабырлы болуға тырысқан. Биіктігі белден келетін кірпіш дуалмен қоршалып, темір шатырмен жабылған үлкен дәліз алдында бір топ адам орман шаруашылығының жауапты тұлғасын күтіп тұрған болатын.

Алты тәулік бұрын, жексенбі күні сағат 10:30-дар шамасында екі жасар Саи Мэндлик дәліздегі орындықта тізерлей ойыншық автобуспен ойнап отырды. Әжесі жанында төсекте демалып жатқан болатын. 20-30 метрдей жерде биік шөптер арасында жасырынған леопартың көзі нәрестеге түседі. Бала күнделікті қорек ететін үнді макакасының көлеміндей ғана болатын. Бұқпантайлап жақындай бастаған леопардты ешкім байқамады да. Асыр салып, ойнап отырған баланы жыртқыш қабырға тұсынан тістеп, егістікке қарай жұлып әкеткен. Әжесі қатты айқайлап жіберді. Отбасының қалған мүшелері кішкентай нәрестені іздеп, қараңғыға жан-жақтан сүңгігенімен, тым кеш болатын.

2012 жылдың 15 шілдесі түнінде Санжей Ганди атындағы Ұлттық саябақта леопард жеті жасар қызды өлтірді. Жарық жақсы түсетін жерлерде топтасып жүретін ауыл тұрғындары бұл өңірдің аса қауіпті екенін айтады.

2012 жылдың 15 шілдесі түнінде Санжей Ганди атындағы Ұлттық саябақта леопард жеті жасар қызды өлтірді. Жарық жақсы түсетін жерлерде топтасып жүретін ауыл тұрғындары бұл өңірдің аса қауіпті екенін айтады.

Бұл ауыр жағдай еді… Әйел кіре берістегі баспалдақта үнсіз отыр. Жергілікті шенеуніктер мен Махатма Ганди үлгісіндегі ақ баскиім киген қарт адам ортаға жайғасқан, ал дәліздің арғы басында баланы алып кеткен жерде әкесі туыстары мен достарының қоршауында отыр. Орман шаруашылығы қызметкері өзін таныстырды: «Мен де ауылдық жерденмін. Мені басшы деп қабылдамаңыздар», – деген ол қара жамылып отырған үйге «баласынан айырылғаны үшін 12 300 АҚШ доллары көлемінде өтемақы әкелгенін, бұл олардың баласының орнын толтыруға берілген құн емес, керісінше леопардтарға жауапты үкіметтің кінәсін мойындағаны» деп түсіндірді. Аза тұтып отырған отбасы азғантай бұйымтайларын айтып, ал орман шаруашылығының басшысы қолынан келгенше көмек беретініне уәде етті. Алты шақырымдай төменде орналасқан көшенің аяқ жағында тағы бір үйде дәл осындай оқиға орын алғандықтан, басшының сол жерге де кіріп-шығуы қажет еді. Әдетте леопардтардың осындай шабуылы бірінің артынан бірі орын алады. Саи Мэндликтің өлімі – соңғы екі аптада Жуннар аймағында болған үшінші шабуыл. Оның екеуі өлімге әкеп соқты.

Орман басшысы қаза болған бала – Мэндликтің отбасына өтемақы беріп шыққан күннің ертесі еді. Биолог Видия Атрея «Жабайы аңдарды қорғау» қоғамы мүшелерімен бірге жақын маңдағы Аколе қалашығындағы қант құрағы алқабында жүр. Оның шағын компьютерінде фотоқақпан мен радиоқарғыбауларды қолданып жүргізілген 5 жылдық зерттеудің нәтижесі бар. Бұл – Аколе маңайының картасы. Онда леопардтар мекен ететін жерлердің барлығы көгілдір нүктелермен белгіленген. Қысқасы, қалың ағашы да, елік немесе басқа да ірі жануары жоқ жердің өзінде 11 ересек леопард түнгі уақытта жортып жүретіндігі анықталды. Сондай-ақ, Видия Атреяның дерегі бойынша бұл жермен күн сайын 20 000 адам өтеді екен.

Мумбайға қарсы төбешікте орналасқан жасанды көлшікке Санжей Ганди атындағы Ұлттық саябақ пен оның төңірегін мекендейтін 35 леопардтың бірі су ішуге келді

Мумбайға қарсы төбешікте орналасқан жасанды көлшікке Санжей Ганди атындағы Ұлттық саябақ пен оның төңірегін мекендейтін 35 леопардтың бірі су ішуге келді

Неліктен леопардтардың саны осыншалықты көп деген сұрақ туындайды. Оның себебі, Үндістанның басқа аудандары сияқты мұнда қаңғыған иттер, доңыздар және басқа да ұсақ аңдар көбейген екен.

Бұл жерде ашық-шашық қоқыс пен ет қалдықтары көптеп кездеседі. Жергілікті заң және жануарлар құқықтарын қорғайтын ықпалды ұйымдар көшедегі қаңғыбас иттерді аулауға тыйым салған. Сондықтан иттер мен басқа да үй жануарлары леопардтың олжасы болып қала бермек. (Атреяның зерттеуіне сәйкес, олардың қорегінің 87 пайызын үй жануарлары құрайды). 1980 жылдан бері салына бастаған суармалы жерлерді дамыту жүйесі де тарғылдардың көбеюіне ықпал етіп отыр. Жабайы қант құрағы, Аколе және Жуннар сияқты құрғақ аймақтарда көп өсетін дақылдар мен оның биік әрі қалың бұталары жабайы мысықтың жасырынуына өте ыңғайлы. Бұл ауыл-аймақты, қоқыс алаңдары мен иттерді бақылау үшін керемет мүмкіндік.

БІРДЕ ЗЕРТТЕУ БАРЫСЫНДА Атрея, әйелдер қызанақ теріп жүрген алқаптан өтіп бара жатып, бір жұмысшыға жолығып қалған еді. Әлгі шаруа бірнеше күн бұрын ғана бір леопардты көргенін айтты. Дегенмен Атрея тура сол кезде тура сол жерден 20 метрдей қашықта леопардтың қант құрағы арасында саялап жатқанын білетін. Бірақ ол бұл туралы айтуды жөн санамады. Өйткені оларға алаңдауға негіз жоқ болатын. «Леопардтар қанқұмар емес. Олар еш себепсіз адамға шабуылдамайды», – дейді Атрея. Аколе аумағында зерттеу жүргізген антрополог Сунетро Госал «кеңістікті бөлісу» мен «өзара үйлесімділік» туралы қызық әңгіме қозғады. Оның айтуынша, леопардтар мен адамзат бір-біріне қарсы келіп қалмас үшін жолдарды айналып өтеді екен. (Бұл жерде тұратын адамдардың көбі леопардтар мен жолбарыстарды пір тұтып, алып мысықтарды жаратушы – вагоба ретінде тағзым етеді екен. Вагоба – Үндістандағы алып мысық пішінді мүсін).

Леопард пен адамзат арасындағы даулы қарым-қатынастың себебін түсіну мақсатында Атрея 2001-2003 жылдар аралығында леопардтардың Жуннар аумағында адамға жасаған бірнеше шабуылын зерттеді. Алғашқыда орман шаруашылығы қожалығы ірі қара малдарға шабуыл жасаған 100-дей леопардқа тұзақ құрып, Жуннар аймағынан аластатқан. Етқоректі жануарларды қоныс аударту үшін қолданылатын тәсіл бойынша оларды тұзаққа шамамен 30 шақырым алысқа апарып, орман ішінде босатып жібереді. Атрея және оның тобы осындай қоныс аудартудан кейін Жуннар аймағында леопардтардың адамға шабуылы 325 пайызға көбейгенін және мұндай шабуылдан қаза болғандар саны екі есеге өскенін анықтаған.

Алты-жеті ай шамасындағы леопард безегі Оңтүстік Африканың Саби Сэнд қорығы мен ауылдарды бөліп тұрған қоршау бойымен ары-бері асыр салып жүр.

Алты-жеті ай шамасындағы леопард безегі Оңтүстік Африканың Саби Сэнд қорығы мен ауылдарды бөліп тұрған қоршау бойымен ары-бері асыр салып жүр.

«Көшірудің кесірінен жабайы мысықтардың мінез-құлқы өзгереді», – дейді Атрея. «Адамның тұзағына түсіп, темір торға қамалған, соңында өзге аймаққа тасталған леопардтардың мінезі өзгермей қоймайтыны сөзсіз. Бұл әрекет олардың адамға шабуылдауына түрткі болады, бұл олардың туа біткен қасиетіне байланысты емес», – дейді Атрея мен оның әріптестері.

Он жыл бұрын Атрея алғаш зерттеу нәтижелерін ұсынғанда, орман шаруашылығы басшылары мәселені түсінгендей болды. Мумбайдағы Санжей Ганди атындағы Ұлттық саябаққа тұзаққа түскен леопардтарды әкеліп тастауға тыйым салынды. (Мумбай да леопардтардың қанды шабуылын бастан кешірді). Қаланың ақпарат құралдары да леопардтарды қоныс аударту олардың жай жүргенінен гөрі қауіпті жағдай екенін жарыса жаза бастады. Саябақ маңындағы үйлер мен оған жақын жердегі лашық тұрғындарымен арнайы кездесулерде – леопардпен кездескенде олармен шайқаса кетуге болмайтыны түсіндірілді. Леопардтарды бұл жерден аластату қала тұрғындарының үнемі талап ететін мәселесі. Алайда бұл әлеуметтік жүйені бұзумен қатар, «өзара үйлесімділікті» түсіне бермейтін леопардтар үшін қиын. Кездесулерде тұрғындардың қауіпсіздікті сақтап, түн мезгілінде балалардың үйде болуын бақылау керектігі де айтылады. (Қоғамдық денсаулық сақтау шараларының да көмегі зор: мәселен, қоқысты мерзімінде тазарту, дәретханалар салу, көшедегі қаңғыған иттерден арылу. Дегенмен түрлі экономикалық және саяси факторлар бұларды жүзеге асыруда кедергі болып тұр.)

Әдетте ондай көзқарастарды қабылдау оңай емес. Әсіресе, шара қолдануды талап етіп, ашуға мінген тұрғындардың қаһарына ілігетін орманшылар үшін өте қиын. Орманшыларды жергілікті саясаткерлер де қысымға алады. Сондықтан халыққа қауіпсіздік шараларының атқарылып жатқанын көрсету мақсатында леопардтарға тұзақ құру әлі де жалғасуда. Алайда шындығында, бұдан қауіп саны артпаса кеміген емес. Қолға түскен қауіпті леопардтар бірден темір торға тоғытылады, бірақ олардың қаншалықты қауіпті екендігін анықтайтын ешқандай тәсіл жоқ. «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» деген осы.

Жуннарда болған соңғы шабуылдан кейін бір орманшы менің электронды поштама: «Аталық леопардты қолға түсіргенімізді Сізге қуанышпен хабарлаймыз», – деп хат жолдапты. Орманшы осы хаты арқылы «оның өткен айда кішкене балаға шабуыл жасаған леопард» екенін жеткізгісі келді. Қолға түскен леопард өмірінің соңғы күндерін өзге 28 леопардтармен бірге Жуннардағы леопардтарды құтқару орталығында өткізетін болады. Тұзаққа түскен леопардтардың көбі міндетті түрде босатылып жіберіледі. Алайда белгілі себептерге байланысты орман шаруашылығы Жуннарда қанша леопардтың қай маңға босатылып жіберілгенін ашық айтпайды. Бала Саи Мэндлик өлімі орын алған оқиғадан екі апта өткен соң оған жақын маңдағы шаруа қожалығында 60 жастағы тағы бір әйелді леопард өлтіріп, денесін бөлшектеп кеткен.

Үндістаннан қайтып бара жатып мен «жоғары дамыған елде өмір сүретін халық леопардтармен болған мұндай күрделі де жағымсыз оқиғадан мүлдем хабарсыз-ау» деген ойға қалдым. Үйге оралғанымда маған біреулер Коннектикут жағалауынан 6 шақырымдай жерде тау арыстаны байқалғанын айтты. Нью Хэйвен қаласы маңындағы қара аю туралы хабарды да көзім шалды. Мұндай оқиғалар көп. Тау арыстандары Лос Анджелесте, койоттар Чикагода, қасқырлар Римнің төңірегінде, алып ақ акулалар Кэйп Код қалаларының айналасында көп байқалады. Халық саны өсіп, Жер шарында қалалар көптеп тұрғызылып жатыр. Сонымен бір мезгілде, етқоректі жануарлар адамдармен бірге өмір сүруге бейімделіп келеді. Бұл әрине үрей туғызады, дегенмен қорқынышты емес: зерттеулер көрсеткендей дені сау жыртқыштардың көп болуы салауатты өмір салты үшін жағымды әсер етеді. Леопардтарды пір тұтпасақ та, олардың біздің табиғи ортамыздың қозғаушы күші екендігі даусыз.

Бірте-бірте Үндістандағы леопардтардың құпия тіршілігі, қалыпты көрініске айналып жатса, оған таң қалудың қажеті жоқ.

Көзтартар

$
0
0

Қытай

Қытайдың, Гардзе Тибет автономиялық префектурасы. Ларунг Гардағы тибеттік будизмтанудың әлемдік ең үлкен академиясы мен ғибадатханасы. Діндарларға арналған үйшік шатыры мен студенттер киген киім түсі бірдей болғандықтан айнала қызыл түсті теңіз іспетті. Күн батып бара жатқанда тау басынан түсірілген.

Фото: Янг Гао

Күн тұтылу қазақ жерінен қалай бақыланды?

$
0
0

0001«National Geographic» қоғамы мен Ұлттық cтандарттар бюросының қолдауымен 1936 жылдың 19 маусымында Кеңес Одағының азиялық бөлігінен күннің тұтылу сәтін бақылауға мүмкіндік алдық. Тамаша күн райы жағдайында күн тәжінің ақ-қара және түрлі-түсті суретін ойдағыдай етіп түсірудің сәті туды. Соның нәтижесінде «National Geographic» журналы тұңғыш рет толық тұтылған күннің табиғи түстегі суреттерін алғашқы болып журнал бетіне жариялады.

ИРВИН К.ГАРДНЕР

«National Geographic» қоғамы мен Ұлттық Стандарттар Бюросы ұйымдастырған күннің тұтылуын бақылау экспедициясының жетекшісі.

Бақылау аймағы екі жыл бұрын зерттеуге алынды. КСРО өкіметі түсіністік танытып, күннің тұтылуын бақылау экспедициясының табан тіреуі мүмкін деген жерлердің артықшылықтары мен кемшіліктерін зерттеуге өз рұқсатын берді. Күннің тұтылуынан екі жыл бұрын қолға алынған бұл жұмыстың нәтижелері Б.П.Герасимович, Х.Ж.Чербакова және А.Михайлов сынды ғылым докторларының қатысуымен ағылшын тілінде жарық көрді. Осының арқасында шет ел астрономдары Кеңес аумағындағы әр түрлі өңірлердің қайсысынан күннің толық тұтылуын анық бақылауға болатынын саралап шығуға мүмкіндік алды.

Мұнда басты назарға алынғаны күн көзінің ашық болу ықтималдығы, температура, шаңдауыт боран мен құрал-жабдықтарды теңселтуі мүмкін күшті желдің болмауы, тіршілік етуге қолайлылығы сияқты факторлар еді.

Сонымен бақылау нүктесі ретіндегі таңдау Ақбұлақ ауылына түсті. Қазақ Автономиялы Республикасына қарайтын ауыл қазақ даласының бастауы саналатын Орынбордан оңтүстік-шығысқа қарай 96 шақырым жерде орналасқан. Мәскеуден онда жету аса бір қиындық тудырмайды, әрі ондағы күн райының ашық болу ықтималдығы да жоғары.

001

Тұңғыш рет түрлі-түсті суретке түсірілген күн тұтылу құбылысы. Бұл экспозиция «National Geographic» Қоғамының Ұлттық стандарттар бюросының экспедициясы барысында жасалды. КСРО, Ақбұлақ ауылы. 1936 жыл, 19 маусым.

Гарвард-Массачусетс технология институты мен Пулково экспедициясының таңдап алған жерлерінің бір болып шығуы бізге өз пайдасын тигізді. Себебі, біздің жұмысымыз негізінен күн тәжін түсірумен ғана шектелсе, қалған екі обсерваторияның қызметі өз алдына бөлек болатын. Осылайша үш экспедиция бір-біріне материалдық көмек көрсететін болды.

Гарвард-Массачусетс технология институты экспедициясының жетекшісі, профессор Дональд Г.Мензел біздің жоспарымызды қолдап-қуаттады. Ал КСРО Үкіметі Ленинградтағы Пулково обсерваториясының директоры, доктор Герасимович арқылы Гарднер мырза екеуімізге ғылыми бақылаушы ретінде Кеңес Одағына кіруге және Ақбұлақта пайдалануға керек жабдықтарды өзімізбен алып жүруге рұқсат берді. Ғылыми аспаптар бар, лагерьдің жабдықтары бар – біздің қарапайым дейтін экспедиция жүгінің өзі шамамен жарты тоннаға шықты. Түрлі кедендер арқылы жер шарының үштен бірін басып өтетін сапарымызда өзімізбен бірге алып жүретін қол жүктеріміз және бар.

Барған жерімізде қоналқы жағдайымыздың қандай болатынын білмегендіктен азық-түлік пен жатын жабдықтарын да бірге алып жүруге тура келді. Фотоға қажетті химиялық қоспалар тиелгесін, фотопластинкаларды сапар бойына ылғал қалпында ұстап отыру міндеттелді.

Жобаны қолға ала бастағанда Ресейді аязы бет қаратпайтын ел ретінде елестеткеніміз рас емес еді. «Михаил Строгов», «Наполеонның Мәскеуден шегінуі», «Анна Каренина» тәрізді түрлі кітаптар мен біз көрген фильмдерде қар мен қасқырды баса айтатындары сонша, оларды КСРО-ның шынайы бейнесі екен деп қалатынсың. Неге екені белгісіз, біздің фильмдерде «орыс жазы» көп көрсетіле бермейтін.

Құрал-жабдықтарымыз толықтырылып, тексеріліп, буылып-түйілгеннен кейін біз күн райының сәттілігіне үміт артып, Вашингтоннан сапарымызға аттандық.


Шыны керек, Ақбұлаққа келіп жеткенімізде шуағы мол өлкеге тап болғандай болдық


Біз Ресейге Берлин мен Варшаваны басып өтіп, Минск түбіндегі Негорелое арқылы жеткен едік. Елге кіргенімізді білдіретін алып аркадан өте салысымен әуелі стансыға, сосын заманауи ғимаратқа орналасқан, жүк тексеруге арнап жабдықталған бөлмесі бар кеденге тоқтадық.

«Интуристің» (жергілікті саяхат агенттігі) ағылшын тілді өкілі бізді сүйінші хабармен қарсы алды. Сөйтсек, біздің телескоп пен құрал-жабдықтарымыз салынған жәшіктер аман-есен жетіп, Ақбұлаққа жөнелтілген екен. Негорелоеден Мәскеуге дейін бір түн жүрдік. Мәскеуге жетісімен, тура Ақбұлаққа тарттық. Ақбұлақ Мәскеуден оңтүстік-шығысқа қарай, шамамен, мың үш жүз шақырымдай жерде, Ташкент пен Самарқантқа баратын теміржолдың бойында орналасқан. Біз Орынборға дейін Прага обсерваториясы жіберген топтың алғашқы мүшелері – қасына ерткен студенті бар доктор Б.Новаковамен бірге бардық.

Бізге – төрт бақылаушыға арнап, арнайы вагон бөлінгенін естігенде қуанышымызды қоярға жер таппадық. Вагонда бізден басқа «Интуристің» ағылшын тілді жолбасшысы, жүк тасушы мен жолсерік бар-тын. Арнайы бөлінген вагон біз үшін де, кейін келетіндер үшін де Ақбұлақтағы қонақүй қызметін атқарды. Вагонның бір бұрышы бос еді, әрі ол пойыздың ең соңына тіркелгендіктен, біз оны обсерватория етіп жабдықтап алдық.

Шыны керек, Ақбұлаққа келіп жеткенімізде шуағы мол өлкеге тап болғандай болдық. Аспан шайдай ашық. Талтүстегі температура 30о әр жақ, бер жағы. Бір тәуірі, жазық жер болса да, күндізгі ыстықтың орнын кешкі салқын басып отырады.

002

Доктор Лиман Бригс пен мақала авторы алып камераны тексеріп жатыр. Штаб-пәтері Вашингтонда орналасқан ұлттық стандарттар бюросының директоры доктор Бригс күн тұтылу құбылысын түрлі-түсті суретке түсіріп алатын телескоптың бірегей сағат механизмін қарап, жәшік іспеттес пластина ұстағышты қозғалтып көруде. Америкада жасалған радиостансасы екі вагонның ортасында тұр (төменде). Зертхана жүк сақтау бөлмесінде жасақталды. Келесі вагонда ұйықтайтын жер мен тамақтанатын орындар бар.

БҰЛ ДАЛА АМЕРИКАНЫҢ ОРТАЛЫҚ БАТЫСЫН ЕСКЕ САЛАДЫ. Сапар барысында танысқан осынау елдің жер түзілісі Американың орталық батысын еске салғандай. Ұлан-ғайыр далаға ішкерілей енген сайын жауын-шашынның аздығы байқалып, күн ыси түседі. Жылдың белгілі мезгілінде ғана өткел бермей тасып жататын өзендер тартылып, құм басқан арналары ғана қалған.

003

Шығыстық дәм ұсынған Ақбұлақ ауылы бізге аса қызықты көрінді. Тумысынан дарқан мінезді қазақтар көшпенді түркі халықтарына жатады. Оларға қараудан әсте жалықпаймыз. Шығыстық үлгіде, әр түрлі пішінмен тігілген сан-алуан киімді біреулер киеді десе, біз сенбес едік.

Ауыл халқы қазақ, орыс болып шамамен теңдей екіге бөлінеді. Мектептері де бөлек. Орыс мектептерінде орыс тілі ана тілі, қазақ тілі шет тілі ретінде өтеді. Ал қазақ мектептеріндегі жағдай керісінше.

Қазақ тілі орыс тілінен мүлде өзгеше, әліпбиі пошымы жағынан араб жазуына көбірек келіңкірейді.

Арба сүйреген «шөл кемесі» экспедиция лагеріне осылайша су жеткізіп отырды. Күн тұтылу құбылысын түсіріп алуға арналған камераны орнату ұзақ қашықтыққа ататын қаруды құрастырғандай әсер қалдырды (оң жақта).

Арба сүйреген «шөл кемесі» экспедиция лагеріне осылайша су жеткізіп отырды. Күн тұтылу құбылысын түсіріп алуға арналған камераны орнату ұзақ қашықтыққа ататын қаруды құрастырғандай әсер қалдырды.

КСРО қалашықтарының кез келгенінде саябақ пен клуб, өз тілдерінде айтқанда, «мәдениет және демалыс үйі» бар. Біз жанға жайлы екі кешімізді Ақбұлақтағы осындай саябақтардың бірінде өткіздік. Саябаққа қалың етіп ағаштар отырғызылған. Онда демалушылардың шахмат ойнап, суға жүзуіне, би билеп, сахнада қойылым қоюларына жағдай бар.

Біз тамашалаған қойылым дидактикалық дүние десе болады. Онда бойында қарым-қабілеті бар әйел ошақ басында отырмай, мансап қуу керек деген ой айтылады. Ерлі-зайыпты сәулетшілерді бас кейіпкер етіп алған драмада әйелін күйеуінен гөрі дарынды етіп көрсетеді.

Ақбұлақтағы көліктердің түрі сан алуан. Біз бірде Ресейде құрастырылған «Фордпен» лагерьге бара жатқан жолда біріне ат, біріне өгіз, енді біріне түйе жеккен аласа доңғалақты үш арбаны жолықтырдық. Арбаға қашырлар да жегіледі екен.

Шыны керек, «шөл кемесі» атанған түйелердің шөп машинасына жегілген ауыр халін алғаш көргенде жүрегіміз тоқтап қала жаздады. Шаруашылыққа ыңғайлы Ресей тракторлары мен комбайндарының пойыздарға тиеліп, алыс аймақтарға тоқтаусыз ағылып жатқанын талай көрдік.

Ақбұлақ – бақылау аймағының орталығынан шамамен он бес шақырымдай жерде. Қолайлы болу үшін ауылдағы вагондарды бас штаб етіп құрдық. Бірақ бақылау құрылғысын ежелгі мазар жатқан төбе басына апарып орналастырдық. Төбе – бақылау аймағы орталығынан таяқ тастам жерде ғана.

005

ТӘЖДІҢ ШҰҒЫЛАСЫ МИЛЛИОНДАҒАН ШАҚЫРЫМҒА СОЗЫЛУЫ МҮМКІН. Күннің диаметрі – шамамен 1,390,473 шақырым. Оның сыртқы қабатынан қайнап шыққан сан-санақсыз жалынға ұқсас қызған сутек «протуберанец» деп аталады. Олардың ұзындығы бірнеше жүз мың шақырымға жетеді. Күннен анағұрлым алысқа созылып жатқан, пішіні тұрақсыз газ тәрізді масса күн тәжі деп аталады. Оның шұғыласының ұзындығы әдетте миллиондаған шақырымдармен өлшенеді.

Протуберанец пен күн тәжі күннің жарқыраған сәулесі басып кететіндіктен әдетте көзге көрінбейді. Ол да – жұлдыздардың күндіз көрінбейтіні сияқты құбылыс.

Күннің толық тұтылуы кезінде Ай күннен тіке келетін жарықты тосып қалады да, қараңғы көк күмбезінен күн тәжі жарқырап шыға келеді. Оны әдетте жай көзбен де көруге болады.

Қалай дегенмен де, күн тәжі көзге көп түсе бермейтін құбылыс саналады. Қанша талпыныс жасалғанымен, күннің толық тұтылуынан басқа кезде оған қатысты көңіл көншітерлік мәлімет алу – неғайбыл дүние.

Ақбұлақ – Орынбор-Ташкент теміржолының бойында орналасқан станса, әрі қалашық. Ауданның әкімшілік орталығы болып табылады. Ол жерде метерологиялық және де электр стансалары, емхана мен теміржол керек-жарақтарын сататын дүкендер, ең бастысы, таза су бар. Ақбұлақ базарында (төменде) қазақтар мен орыстар араласып жүр. Жердің негізгі иелері – қазақтар. Олардың барлығы мұсылман, алайда әйелдері бетін жаппайды (оң жақта).

Ақбұлақ – Орынбор-Ташкент теміржолының бойында орналасқан станса, әрі қалашық. Ауданның әкімшілік орталығы болып табылады. Ол жерде метерологиялық және де электр стансалары, емхана мен теміржол керек-жарақтарын сататын дүкендер, ең бастысы, таза су бар. Ақбұлақ базарында (төменде) қазақтар мен орыстар араласып жүр.

007

008

Жердің негізгі иелері – қазақтар. Олардың барлығы мұсылман, алайда әйелдері бетін жаппайды.

Түбі түріктен тарайтын қазақтардың сырт-келбеті моңғолдарға келеді. Олар ХIII ғасырда Шығыс Еуропаға дейін жетіп, әйгілі Алтын Орданың белді мүшесі болды.

Түбі түріктен тарайтын қазақтардың сырт-келбеті моңғолдарға келеді. Олар ХIII ғасырда Шығыс Еуропаға дейін жетіп, әйгілі Алтын Орданың белді мүшесі болды.

Айдың жүзіп отырып күн табағын толық жабуына шамамен бір сағат уақыт кетеді. Осы кезде Күн жарты Ай тәрізденіп барған сайын жіңішкере түседі де, кенет пайда болған алагеуімнің орнын лезде қараңғылық басады. Сол сәтте күн табағы толық жабылады да, протуберанец пен күн тәжі бар салтанатымен жарыққа шығады.

Күннің толық тұтылуы кезінде спектрографтар күн тәжі мен протуберанецтің спектрін жазып алады. Пулково астрономдарының да көздегені күнді спектроскопиялық тұрғыдан бақылау болатын. Бізде бұндай құрылғы болмағанымен, күн тәжін суретке түсіретін камера бар.

Біз диаметрі 22 сантиметрдей болатын арнайы жетілдірілген линзасы бар, фокус аралығы 5,8 метр болатын камераны пайдаландық. Күннің алып өлшеміне қарамастан, оның суретінің диаметрі шамамен өзін суретке түсіретін линзадағы фокус аралығының жүзден біріне тең. Демек, біздің линзамен түсіргенде, суреттің диаметрі мөлшермен бес сантиметрдей болады.

Ертең күн тұтылады деген күні күн мен түнді тағатсыздана өткіздік. Күннің тұтылуын бақылайтын топ тұтасымен келіп болды. Жиырма екі америкалық пен Ресей экспедициясындағы пулковолық жеті ғылыми қызметкер де – осында. Бәрі де соңғы дайындық жұмыстарын аяқтауға қызу кірісіп кеткен. Келесі күнге арналған жұмыс кестесі мен міндеттемелер топ мүшелеріне таратылып берілді. Дайындық жүргізіліп, күн тұтылуы кезінде істелетін жұмыстарды түгел пысықтап шықтық. Күн райы мүмкіндік берген жағдайда біздің еншімізге тиетін аса бағалы 117 секундты мүлтіксіз дәлдікпен пайдалану үшін іс-қимылымызды секундына дейін өлшеп қойдық.

Күннің тұтылуы жергілікті уақыт бойынша таңғы 9:16-да (Вашингтон уақыты бойынша 23:16-да) болады. Таңертең бәрімізді уақтылы жеткізіп салуға Ақбұлақтан шығатын көліктің жеткіліксіз екені анық еді. Шатырға уақытында жете алмай, арманда кетпес үшін бәріміз сол жерде түнеп шығуға бел байладық.


Аса бағалы 117 секундты мүлтіксіз дәлдікпен пайдалану үшін іс-қимылымызды секундына дейін өлшеп қойдық.


Шатыр алты-жеті адамның ғана кең көсіліп ұйықтауына шақталған еді. Бірақ оған қараған ешкім болмады. Үш сағаттан артық ұйықтаған жоқпыз. Әркім өзінің жамбасы тиген жерге жантая кетті.

Қараңғы зертхана шатырының ішіне қорап қақпақтарынан ұзын етіп үстел құрдық та, қораптарды орындық еттік. Бензинмен жанатын шам әжептәуір жарық беріп тұр. Топтың бірнеше мүшесі сыртта үлкен құрылғылармен айналысып жүр. Қалғандары үстелді қоршай өз шаруаларына беріле кірісіп кеткені сонша, тіпті сөзуар дегендердің өзі сирек тіл қатады.

Біз келген бірер аптадан бері күн райы бірқалыпты ашық тұрған еді, бірнеше күннен бері, дәл күн тұтылатын уақытқа қарай ауа райы бұзылатын әдет тапты. Ертең де күн өстісе қайттік, әлде аспан ашық болар ма екен? Не болса да, біздің қолымыздан бар келетіні – күннің ашық болуын тілеу ғана.

Таңғы сағат үш. Топ бөліне бастады. Сағат беске қарай сырттан біреулердің сыбырласқан дауыстары естілді.

Күдігіміз расқа айналды. Айтты айтпады, күн бұлтты болып шықты. Күн райы ашық болсын, болмасын ионосфера туралы өз зерттеулерін тарата беретін ауылдағы радио ұжымын өзімізше қызғанып қоямыз. Күдік-күмәнға қарамастан, тап бір күн ашылып кететіндей барлық жұрт дайындық жұмыстарына кірісіп кетті.

Жетілерге қарай шығыс жақ біртіндеп сөгіле бастады. Бұл бізді күннің тұтылуын көре алатындай ашық ойық пайда болады деген үмітке жетеледі. Сегізге қарай шығыстағы бұлттар сиреуге айналды, біз күннің ашылатынына сене бастадық. Тоғыздар кезінде шығыс бұлттан толықтай арылды!

Ғалымдар бетпақ далада кездескен кезде киім кию үлгісі мен тамақ ішу тәртібіне мән бермейді. Гарднер мырза мен Гарвард пен МТИ-дың қызметкерлері Ақбұлақтан келген таңғы астарын ішуде. Олар тамақты өздерімен алып келген газ құрылғымен жылытып, «Н» яғни гарвард белгісі бар шағын дастарханға жайғасып отыр. Артында күн тұтылу құбылысын түсіріп алуға сақадай сай камера тұр.

Ғалымдар бетпақ далада кездескен кезде киім кию үлгісі мен тамақ ішу тәртібіне мән бермейді. Гарднер мырза мен Гарвард пен МТИ-дың қызметкерлері Ақбұлақтан келген таңғы астарын ішуде. Олар тамақты өздерімен алып келген газ құрылғымен жылытып, «Н» яғни гарвард белгісі бар шағын дастарханға жайғасып отыр. Артында күн тұтылу құбылысын түсіріп алуға сақадай сай камера тұр.

Күн тұтылуды түсіріп алу барысын өз көзімен көру үшін шаруалар көп келді. 1936 жылғы күн тұтылу феномені алыс Америкадан келген зерттеушілердің мақсатына айналды. Шалғай жер аз уақытқа болса да әлем назарын өзіне аударды.

Күн тұтылуды түсіріп алу барысын өз көзімен көру үшін шаруалар көп келді.
1936 жылғы күн тұтылу феномені алыс Америкадан келген зерттеушілердің мақсатына айналды. Шалғай жер аз уақытқа болса да әлем назарын өзіне аударды.

Шаң-тозаңнан қорғану үшін әдетте жергілікті халық басына орамал тағып алады. Орамал тақпай жүретіндер де кездеседі. Қазақтардың көпшілігі әлі күнге дейін көшпенді өмір салтын ұстанады (оң жақта). Дегенмен де орыстар отарлап алған жерлерде отырықшы шаруалар да бар.

Шаң-тозаңнан қорғану үшін әдетте жергілікті халық басына орамал тағып алады. Орамал тақпай жүретіндер де кездеседі.

013

Қазақтардың көпшілігі әлі күнге дейін көшпенді өмір салтын ұстанады. Дегенмен де орыстар отарлап алған жерлерде отырықшы шаруалар да бар.

КҮН ТҰТЫЛДЫ. Тек 117 секундтық қана қас-қағым сәт қалды. Күн тұтылуына екі-үш минуттай қалғанда бойымды жеңіл бір ашу қысты: телескоп түтігіне түскен жарық дайындық кездеріндегіден әлдеқайда әлсіз болып шықты. Әлде телескоп өз орнынан абайсызда жылжып кетті ме екен?

Кенет жарықтың күндегіден әлденеше есе әлсіз болуының себебін аңғара қойдым. Күн толығымен тұтылуға жақындап бара жатты.

Күннің толық тұтылуы бастала бере алғашқы жанасуды қалт жібермес үшін телескоптың ысырғысын аша қойдық, секунд өлшеуіш іске қосылды. Күн қайта көрінгенше сегіз рет жанасу болды. Ең ұзақ жанасу 16 секундқа созылды және осы жанасу кезінде күн тәжіне анықтап қараудың сәті туды.

Сол күні кешкісін суреттерді шығаруды қолға алдық. Бұл жұмысымыз үш күнге жалғасты.

Ғалымдар тұрғындарға күн тұтылу құбылысын түсіндіруде. Бұлардың көбісі Қазақстанның солтүстігіндегі кеңбайтақ жайылымдарды отарлауға келгендердің ұрпақтары. Өрісі тарылған жергілікті халық жұпыны тұрмыс кешуде (оң жақта).

Ғалымдар тұрғындарға күн тұтылу құбылысын түсіндіруде. Бұлардың көбісі Қазақстанның солтүстігіндегі кеңбайтақ жайылымдарды отарлауға келгендердің ұрпақтары.

117 СЕКУНДТЫҢ ЖЕМІСІ.Суреттерді шығардық, екі минуттық жұмыс нәтижесі көңіл көншітерліктей. Түрлі-түсті таспамен бас-аяғы алты жанасу сәтін түсіріппіз. Әр жанасудың ұзақтығы рет саны бойынша 1,2,4,8,16 және 8 секундқа созылған. 1 мен 10 секунд аралығындағы соңғы екі жанасуды панхроматикалық таспамен, қара және ақ түсті етіп түсірдік. Барлық жанасулар ойдағыдай түсірілген болып шықты.

Қара және ақ түсті суреттердегі өлшемдерден ұққанымыз – күннен неғұрлым алыстай түскен тұстарында, күн тәжінің жарығы соғұрлым әлсірей түседі.

Түрлі-түсті кадрлардағы талдау нәтижелері айтарлықтай нақты емес, белгілі бір деңгейде әлі де зерттей түсуді қажет етеді. Ақ және қара түсті суреттегідей әр бөлшегіне дейін анық етіп түсіре алмаған. Сондай-ақ күн тәжі мен протуберанецтердің түсі көзге бірден шалынатындай анық емес.

Профессор Мензелдің зер сала бақылауының арқасында протуберанецтердің жалтыраған ашық қызыл түсті емес, қайта бозғылт көк немесе күлгін түсті екені белгілі болды. Бұны біздің түрлі-түсті кадрлардағы протуберанецтердің көк немесе ақшыл көк түсі болуы тіпті де растай түсті. Бірінші түрлі-түсті кадрда және одан кейінгі екеуінде де хромосфераның Ай табағы толық жаба алмаған бөлігінде де көк түс пайда болған.

015

Өрісі тарылған жергілікті халық жұпыны тұрмыс кешуде.

«ҚАТТЫ» ҺӘМ «ЖҰМСАҚ ОРЫНДЫҚТЫ» САПАР. Маусым айының 22-сінде Ресейге келген астрономдардың құрметіне арналған Орынбордағы қонақасыға шақырылдық.

Бізді бесінде жүретін пойызға тіркелген, жаңа боялған «қатты орындықты» вагонға мінгізді. Ресейде «қатты» және «жұмсақ» вагонмен жол жүру деген ұғым бар екен. «Қатты» деп орындықтарында жұмсақ қаптамалары жоқ вагондарды айтады. Біздің вагондағы орындықтардың әрқайсысының үстіне бір-бірден матрас пен жапқыш қойылыпты. Шетінен су жаңа, мұнтаздай. Бәріміз матрастарды жайып отыра қалдық.

Орынборға кешкі төрттерде жеттік. Қаланы аралап, көріп шыққаннан кейін қонақасыға жиналдық. Ағылшын, чех, орыс тілдерінде сөйленген сөздер ізін ала қонақтарға өз тілдерінде аударылып жатты.

Қонақасы тарқарда кешке жиналғандардың әрқайсысына Орынбор шәлісі сыйға тартылды. Қолдан тоқылған осынау әдемі жүн шәлілерді әйгілейтін қасиет – оның жұмсақтығы. Өзі екі шаршы метр көлеміне қарамастан жүзіктің көзінен оп-оңай өтіп кетеді.

Таспаларды реттеп, буынып-түйінуге төрт күн уақыт кетті. Алты апта бойы қауырт шаруаның ортасы болған лагерь құлазып, иен қалды… □

016

Меруерттей аппақ күн тәжінің пішіні жылдан-жылға өзгеріп барады. Толық күн тұтылған кездегі айдың беті қанық қара түске боялды. Бұған дейінгі қара-ала фотолардың ешқайсысы мұндай терең бояуды берген емес. Бұл құбылыс кезінде бар жоғы 8-ақ сурет алынды. Оның алтауы түрлі-түсті болса, екеуі қара-ала. Бұл суреттердің барлығы «National Geographic» Қоғамының Ұлттық стандарттар бюросының экспедициясы барысында түсірілді.

Меруерттей аппақ күн тәжінің пішіні жылдан-жылға өзгеріп барады. Толық күн тұтылған кездегі айдың беті қанық қара түске боялды. Бұған дейінгі қара-ала фотолардың ешқайсысы мұндай терең бояуды берген емес. Бұл құбылыс кезінде бар жоғы 8-ақ сурет алынды. Оның алтауы түрлі-түсті болса, екеуі қара-ала. Бұл суреттердің барлығы «National Geographic» Қоғамының Ұлттық стандарттар бюросының экспедициясы барысында түсірілді.

018

Құрал-саймандар «эволюциясы»

$
0
0

Осы құрал-саймандарымен, 1963 жылғы америкалық экспедициясының мүшелері Эверестті бағындырды.

Дэниель Стоун

1963 жылы 19 америкалықтан құралған топ Эверест тауына шығуды жоспарлады. Оған дейін санаулы адам ғана жердің ең биік нүктесіне табан тіреген еді. Британиялық альпинист Эдмунд Хиллари мен Тензинг Норгэй шыңды тұңғыш рет 1953 жылы бағындырды.

Қатты жел, қалың тұман және шатырдағы өрт кедергі келтірген америкалықтардың шыңға жете алмауы да мүмкін еді. Алайда олар 32 шерп, 909 зембіл және 24 метр тонна керек-жарақ пен құрал-сайман (кейбірі жоғарыда көрсетілген) алып, әзірленіп келген. Топтағы 19 америкалықтың бесеуі шың биігін бағындырды.

Бүгінде тау экспедициясының экономикалық шығыны салыстырмалы түрде аз: арқандар жіңішке, шатыр кішкентай етіп буылады және саймандардың барлығы мүмкіндігінше жеңіл. Көміртегі талшығынан жасалған жылтыр мұзбалталар уақыт пен талпынысты үнемдейді. Жылы ұлтарақты етіктер үсікке шалдығу қаупін азайтады. Жеңіл пештер (және қуатты жағармай) өте суық ауа райында да сенімді іске қосыла береді. Құрал-жабдықтың жетілуімен табысқа жетудің мүмкіндігі де артты.

Әйтсе де, ертеңгі саяхат жабдығы қандай болуы мүмкін? «National Geographic» элиталы екі альпинист – Конрад Анкер мен Марк Синноттан 50 жылдан кейінгі және таяу келешектегі инновациялар туралы болжамдарын сұрады.

Олардың болжамы (оң жақта) түгелдей дұрыс деуге келмейді; айталық, ядролық немесе электр пеші. Алайда екеуі де қазіргіден да жеңіл әрі берік материалдардан жасалады деп ойлайды. Анкер шытырман саяхат саймандарынан ғарышкер жабдықтарына жаймен ұқсап келе жатқан белгілер көреді. «Эверестің басындағы жағдай Марстан соншалық өзгеше емес», – дейді ол.

Әйтсе де, ультратиімді саймандар саяхатты өте оңай еткеннен оның мәні қала ма? Марстың ғарыш костюмі мен аяқкиімі секілді жабдық кез келген ландшафты басып өтуді оңайлатып, Эверестке шығуды асқан ерліктен тау серуеніне айналдыра ала ма? «Егер бұдан әрі кете берсе, сынақтан түк қалмайды, – дейді Синнотт, – және мұның не қызығы бар?»


Болашақ саймандар

АРҚАН. Егер арқан тым жіңішке болса, аяқ-қолды кесіп кетуі мүмкін. Шешімі — оны жеңіл әрі берік етіп жасау керек.

АЯҚКИІМ. Болашақ аяқкиімдер өрмелеу мен сырғанау етіктерін біріктіріп, «жұқа» әрі «төзімді» етіп тігіледі.

СУ. Ылғалды ауадан не қардан су алу технологиялары әлден бар. Сондықтан торсықтар шыдамды әрі аязға қатпайтындай болуы мүмкін.

ПЕШ. Пештер электрлі не ядролық болуы ықтимал.

НАВИГАЦИЯ. Бір мезгілде компас, телефон және денсаулықты бақылағыш қызметін атқаратын құрылғы әлден бар. Ол адам бойына ыңғайлы етіп орнатылуы мүмкін.

Қызыл ғаламшарда өмір бар ма?

$
0
0

Марс

Ғарыштағы жарыс

Бір жыл уақыт Халықаралық ғарыш стансасында болған Михаил Корниенко «Жұлдызды қалашықтағы» ойыншық марсаяқты ермек етіп отыр. Марс бетіне қонғанда оның қалай қызмет ететіні әлі белгісіз. Ең қиыны – адам сүйегі мүжіліп, миына зақым келеді.

Бір жыл уақыт Халықаралық ғарыш стансасында болған Михаил Корниенко «Жұлдызды қалашықтағы» ойыншық марсаяқты ермек етіп отыр. Марс бетіне қонғанда оның қалай қызмет ететіні әлі белгісіз. Ең қиыны – адам сүйегі мүжіліп, миына зақым келеді.

ФОТО: ФИЛЛИП ТОЛЕДАНО, ВИКИНГ ЖОБАСЫ, USGS/NASA

марс-4

Ұшпас бұрын қонуды ойла­ 

марс-3

«SpaceХ» әуе-ғарыш компаниясы «күндердің күнінде адамның Марсқа қонуына мүмкіндік беретін зымыран жасап жатырмыз» дейді. «Falcon 9» зымыраны (сол жақта) Флоридадағы Канаверал мүйісінен ғарыш стансасына қажетті жабдықтарды жеткізу үшін көкке көтерілді. Екінші фазада ол мұхитқа құлаудың орнына қозғалтқышын екі есе күшейтіп, жақын жердегі алаңқайға (оң жақта) баяу қонды. Қашықтан түсірілген экспозиция бүкіл жолды толық қамтыған. Түзу ақ жолақ зымыран тасығыштың қайтқан жолын көрсетіп тұр.

ФОТОЛАР: SPACEX (СОЛ ЖАҚТА ШЕТКІ), МАЙКЛ СИЛИ (ОРТАДА), SPACEX

марс-5

Марс үшін арнайы киінген Солтүстік Дакота университетінің ғарыш инженері Пабло де Леон NASA-ның «Кеннеди» ғарыш орталығындағы «реголит бункерде» скафандрдың көшірмесін сынақтан өткізіп жатыр. Камераның ішіндегі борпылдақ топырақ пен желдеткіш Марста ғарышкерлерді қинайтын шаңды дауылдың имитациясын жасап тұр.

ФОТО: ФИЛЛИП ТОЛЕДАНО

Без-имени-2

Солтүстік-Шығыс университетінің инженерлері Таскин Падир (оң жақта) мен Велин Димитров сынақтан өткізіп жатқан Валькири роботтарының бірі Марсқа алғаш болып із салуы мүмкін. Адамдар барғанша роботтар онда база жасайды. Кейін олар күн батареяларының шаңын тазалау сияқты жұмыстармен айналыса алады.

ФОТО: МАКС АГИЛЬЕРА-ХЕЛЛВЕГ. СУРЕТ НЬЮ-ИНГЛАНД РОБОТТАРДЫ ЖАСАУ ЖӘНЕ СЫНАҚТАН ӨТКІЗУ ОРТАЛЫҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН. МАССАЧУСЕТС УНИВЕРСИТЕТІ, ЛАУЭЛЛ.

Оңтүстік Каролинадағы ағаштың арғы жағынан жерге қайтып келе жатқан «Falcon 9» зымыран тасығышы көрінеді. «Бұл шынымен менің Марста қала тұрғызуға болады деген сенімімді біршама нығайта түсті», — деді «SpaceX-тің» негізін қалаушы Элон Маск қайта қондыру операциясынан соң. ФОТО: ЗАК ГРЕТЕР

Оңтүстік Каролинадағы ағаштың арғы жағынан жерге қайтып келе жатқан «Falcon 9» зымыран тасығышы көрінеді. «Бұл шынымен менің Марста қала тұрғызуға болады деген сенімімді біршама нығайта түсті», — деді «SpaceX-тің» негізін қалаушы Элон Маск қайта қондыру операциясынан соң.

ФОТО: ЗАК ГРЕТЕР

Джоэл Эйчбах

Фотограф Филлип Толедано, Роберт Кларк, Макс Агильера-Хелвег, Марк Тиссен

Элон Масктың Марсқа барғысы келеді

Жай барып қоймай, сонда қайтыс болғысы келетіндігі туралы арманы елді дүр сілкіндірді. Марс бетіне соғылып қалудың алдын алатын технология 2015 жылдың желтоқсан айында маңызды сынақтан өткен болатын. Масктың «SpaceX» компаниясы жасап шығарған «Falcon 9» зымыраны 11 коммуникациялық серікті тіркеп алып, Флоридадағы Канаверал мүйісінен көкке көтерілді.

Ғарыш дәуірі басталғалы бері мыңдаған зымыран тасығыштың әрекетін қайталаған бұл құрылғы да зымыраннан бөлініп шықты. Әдетте олар атмосферада өртеніп, қалдықтары мұхитқа құлайтын. Бірақ мұның отыны бітпепті. Ол құлдилаудың орнына төңкеріліп түсіп, қозғалтқышын қайта қосып, жақын жердегі қону алаңқайына баяулап бет алды. Негізінде ол тартылыс заңына қарсы, кері қарай ұшты. Жерден қарағанда ұшырудың бейнетаспасын артқа айналдырғандай әсер қалдырады.

Адамзаттың ғарышта табан тірейтін тағы бір жері – Марс болса, оған жету қаншалықты мүмкін?

Ұшыруды басқару орталығындағы (Канаверал мүйісі), «SpaceX-тың» миссияны басқару орталығындағы (Хоуторн, Калифорния) жас инженерлер экранда жақындап келе жатқан отты шарды көріп, мелшиді де қалды. Ұшыруды бақылау орталығында отырған Маск бәрін өз көзімен көру үшін сыртқа атып шықты. Бірнеше секундтан соң құлақ тұндырар гүріл естілді. Бұрын-соңды ешкім ешқашан орбиталық санаттағы зымыран тасығыштарды бұлайша қондырмаған. Бірақ бұл – зымыран тасығыштың атмосфераны жарып өтіп құлдилағандағы гүрілі болып шықты. Зымыран тасығыштың баяу, баппен әрі сәтті қонғаны сияқты оның үні де Масктың құлағына жағымды болып жетті. Экран алдында тұрған инженерлер қуана айқайлап жатты.

«SpaceX» қайта қолдануға болатын зымыран жасауда үлкен межеден өтті. Маск ұшыру шығындарын 99 пайызға азайтуға болатынын есептеп шығарды, бұл серіктер ұшыруда және Халықаралық ғарыш стансасына жабдықтар жеткізуде «SpaceX-қа» үлкен мүмкіндік береді. Бірақ Масктың мақсаты ол емес еді. Сол түнгі телеконференцияда айтқанындай, зымыран тасығыштың алғашқы рет жеңіл қонуы «Марсқа қала салу жолындағы шешуші қадам» болды.

Элон Маск «Аполлон» ғарышкерлері Айға қонғаны сияқты Марсқа жай ғана қонғысы келмейді. Өз кесірімізден болған ақырзаман бізді Жер бетінен аластағанға дейін ол сол жақтан өркениет құрғысы келеді. Хоуторндағы «SpaceX» қызметкерлері «Occupy Mars» («Марсты жаулайық») деген жейделерді көп киіп жүреді. Масктың қарабайыр жұмыс үстелінің дәл жанындағы қабырғада Марстың екі суреті ілініп тұр: бірінде ғаламшардың қазіргі күйген қызыл қалпы бейнеленсе, екіншісінде инженерлер «түрлендірген», теңіздері мен өзендері бар көк Марстың суреті салынған. Маск баяғы Mayflower кемелері сияқты жүз кісі таси алатын ғаламшараралық флотилияның көмегімен Марсты «басып алуды» армандайды. Тек жаңа қоныстанушылар ғарыш кемесіндегі орын үшін 500 мың доллар не одан да көп ақша төлеуі керек.

2002 жылы құрылған «SpaceX» ғарышқа әлі бірде-бір адамын ұшырған жоқ, тек келер жылы NASA ұшқышын «Falcon 9-бен» ғарыш стансасына жіберуді жоспарлап отыр. Қазір олар «Falcon Heavy» деп аталатын үлкенірек зымыран жасауда, бірақ оның өзі Марсқа адам апарарлықтай үлкен емес.

Маск қыркүйектің соңында Марсқа қатысты жоспарларының жай-жапсарымен бөлісті (бұдан бірер апта бұрын ғана «SpaceX-тың» тағы бір зымыраны ұшыру алаңында жарылған еді). Бірақ ол «SpaceX-тың» адамдарды Марста және оған баратын ұзақ жолда аман-сау сақтай алатын технологияларды дамытып, сынақтан өткізгенін айғақтайтын ештеңе айтпады. Соған қарамастан, өткен маусымда Маск «SpaceX-тың» 2024 жылы Марсқа алғашқы ғарышкерін жіберетінін жеткізді. «Олар 2025 жылы Марсқа сәтімен қонады», – деп үміттенеді Маск.

«Олар атақ-даңққа бөленеді, – дейді Маск. – Бірақ тарихи кең ауқымда қарасақ, ондаған мың, бәлкім жүздеген мың адамды, соңынан тіпті миллиондаған тонна жүкті тасымалдай алуымыз керек». Оның ойынша, қайта қолдануға болатын зымырандар сонысымен құнды.

1969 жылы Ай бетіне адам қондырған, ал Марсты роботтардың көмегімен одан бұрын-ақ зерттей бастаған NASA да қызыл ғаламшарға ғарышкер ұшырамыз деп отыр, бірақ олар «тек 2030 жылдан кейін және тек оның орбитасына ғана кісі жібере аламыз» дейді. Оның бетіне үлкен ғарыш кемелерін қондыру сияқты қауіпті әрі күрделі жоба – одан кейінгі жылдардың, яғни алыс болашақтың еншісінде. NASA Марста қала тұрғызу жайында мүлде айтпайды.

«Адамзаттың ғарышқа баратын тағы бір жері болса, ол – Марс» деген байламмен барша жұрт келіседі. Тек «оны орындаудың қаншалық мүмкіндігі бар?» дегенге көзқарастар әркелкі. NASA-ның ғылыми жобаларының басшысы қызметінен өткен көктемде зейнетке шыққан, Hubble ғарыш телескобын үш рет жөндеген аңызға айналған ғарышкер Джон Грансфелдтың 1992 жылы өзінің Марсқа бара алатын ұшқыштар санатынан екенін айтқаны есте. Бір жағынан «Марстық» деп аталатын бестселлер кітап пен блокбастер фильмнің арқасында NASA-ның 14 орын бөлінген оқу грантына 18 300 өтініш түскен. Грансфилд адамның Марсқа ұшқанын әлі де қалайды, бірақ ол NASA басшысы, ғарышкер Чарльз Болденға бірнеше жыл бұрын берген кеңесін өзгерткен жоқ. Жаңа қызметкерлер алып жатқан кезде ол: «Бұл балаларға «сендер Марсқа барасыңдар» деп айтпа, себебі бұлардың еш үміті жоқ. Бұлар ол кезде 60-70 жаста болады», – деген еді.

NASA Марсқа баратын өз зымыранын жасаумен қоса, жолаушылардың бабы жөнінен өте көп шаруа тындырды. Мәселен, ғарыш стансасында 340 күн болған астронавт Скотт Келли мен ресейлік ғарышкер Михаил Корниенко биыл наурызда жерге оралды. «Бір жылдық миссиясы» кезінде олар ғарышта ұзақ болудың адам ағзасы мен ақыл-есіне әсерін бақылап, өздері сынақтан өтіп келді (ал Марсқа барып, қайту шамамен үш жыл уақыт алады). Атмосфераға қайта ене бастағанда олар мінген «Союз» капсуласы кесек тасты жолға түскен көліктей селкілдеп, ыстықтан қорғайтын қалқаннан шыққан жұдырықтай оттар иллюминатордың жанынан зуылдап ұшып жатыпты. Екеуі мүлде тыныс ала алмай қалған: бір жыл салмақсыздықта болып келген олардың өкпесі мен кеуде бұлшықеттері өте әлсіз болған. Қазақ жеріне қонғаннан кейін олар жүре алмай қалды. Құлап, сүйектерін сындырып алмауы үшін жердегі экипаж оларды капсуладан көтеріп шығарды. Мамыр айында Келли аяқтарының әлі ауыратынын айтқан.

 

марс-7

Голливуд киноларында салмақсыздық қызық құбылыс болып суреттеледі. Ғарыш стансасындағы Келли және Корниенкомен болған сұхбаттар оны басқа қырынан суреттейді. Денедегі сұйықтық сыртқа шықпайтындықтан, олардың беттері ісіп кеткен. Алға созылып, қорқынышты «зомби қалпына» түсіп қалмас үшін олар үнемі қолдарын кеуде тұсына қиыстырып ұстап жүреді. Ғарышкерлер өздерін сорғыш дәретханаға байлап тастайды, ал Корниенконың айтуынша, душ болмағандықтан, олар бір жыл бойы денелерін сулы қағазбен сүртіп жүрген. Жерге дейінгі қашықтық 400 емес, миллиондаған шақырым, қайта бұрылуға, сырттан көмек алуға мүмкіндік болмайтын аса қауіпті жолда адам ағзасы нендей күйде болатынын ешкім білмейді. NASA-ның Хьюстондағы Джонсон ғарыш орталығының Адамды зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері Дженифер Фогарти: «Олар онда ауру болып жетеді», – дейді.

Тартылыс күші жоқ жерде сүйек те мүжіле береді: адам айына сүйек салмағының бір пайызын жоғалтады деген сөз бар. Белсенді жаттығудың көмегі бар, бірақ ғарыш стансасында қолданылатын үлкен спорттық құралдар Марс миссиясына пайдаланатындай емес, тым ауыр. Миына көп су жиналатындықтан және көз алмасына түсетін қысымнан кей ғарышкерлердің көздері қатты ауырған. Ғарышкерлер Марсқа барғанда жанары бұлдырап, сүйектері әлжуаз болса және түсе сала аяқтарын сындырып алса – ең ауыр азап сол болмақ. Теория тұрғысынан қарасақ, ғарыш кемесін тезірек айналдырса және тартылыс күшін ортадан тебу күшімен алмастырса жағдай жақсаруы мүмкін. Бірақ NASA ғалымдары онсыз да ауыр миссияны одан әрі күрделендіргісі келмейді.

Тағы бір қауіп – радиация. Ғарыш стансасындағы астронавтарды Жердің магниттік өрісі қорғайды. Ал Марсқа баратын жолда оларға күннің жарқылы мен ғаламның түкпір-түкпірінен жарық жылдамдығымен таралатын ғарыш сәулелері зиянын тигізеді. Әсіресе, соңғысы ағзаның ДНҚ-сын және ми жасушаларын бүлдіруі мүмкін. Демек, Марсқа жеткен ғарышкер аздап мисыздау, жанары солғындау әрі сүйектері әлсіздеу болып түседі. Қоршаған ортаның модулін жасап, судың қалың қабатымен, тіпті топырақта өскен өсімдіктермен қаптаса, бұлар жартылай да болса радиациядан қорғар қалқан рөлін атқарар еді. Бірақ әзірге бұл мәселені шешетіндей еш белгі жоқ.

Тіпті ғарышкерлерді ауыз сумен және таза ауамен қамтамасыз етудің өзі – үлкен мәселе. Бірде мен Джонсон ғарыш орталығынан ғарыш стансасының операцияларды интеграциялау менеджері Кенни Тоддты жолықтырдым. Ол шаршаңқы көрінді. Таң атып кеткен уақыт, ал ол болса елеусіздеу болғанмен маңызды жүк ұшырылымын бақылап түні бойы отырыпты. Біз басқа нәрселерді сөз етіп отырғанда оның үстелінде тұрған дыбыс күшейткіштен станса мен миссияны басқару оралығының арасындағы әңгіме саңқылдап естіліп тұрды.

Ғарыш стансасындағы судың бір бөлігі несеп пен терді қайта тазалап, өңдеу жолымен алынады. Бірақ ғарышкерлердің сүйектері мүжіліп жатқандықтан, сүзгілер кальциймен бітеліп қалуы мүмкін, ал суға кейде микроб түсіп кетеді. «Несеппен жұмыс істеу асқан кірпияздықты талап етеді», – деді Тодд. Ауадағы көмірқышқыл газын жойып отыратын құрылғы да ғарыш стансасындағы басқа аппараттар сияқты жиі істен шығады. Жердің сыртқы орбитасына жақын жерде бұл – онша үлкен мәселе емес, NASA қосалқы бөлшектер жібере алады. Ал Марсқа баратын ғарыш кемесі тек өзі апара алатын заттарды ғана алады. «Тіршілікті қамтамасыз ететін құралдардың барлығы қазіргіден әлдеқайда сенімді, мүлде бұзылмайтын болуы керек», – дейді Тодд.

Суға толы ыдыстар астронавтарды тек радиациядан қорғап қоймай, олардың өсімдік өсіруіне, құнарлы тағам жеуіне септігін тигізеді. NASA қаржыландыратын Orbitec ұйымының қызметкері Боб Морроу дәл сондай жағдайда өсірілген салат жапырағын көрсетіп тұр.

Суға толы ыдыстар астронавтарды тек радиациядан қорғап қоймай, олардың өсімдік өсіруіне, құнарлы тағам жеуіне септігін тигізеді. NASA қаржыландыратын Orbitec ұйымының қызметкері Боб Морроу дәл сондай жағдайда өсірілген салат жапырағын көрсетіп тұр.

ФОТОЛАР: РОБЕРТ КЛАРК (СОЛ ЖАҚТА); ЧАРЛЬЗ ЛИМОЛИ, КАЛИФОРНИЯ УНИВЕРСИТЕТІ (ИРВИН) РАДИАЦИЯЛЫҚ ОНКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ (ТЫШҚАН МИЫ); ФИЛЛИП ТОЛЕДАНО

Бұл сөзіне қарап оны Марсқа адам жібергісі келмейді деп ойлап қалмаңыз. Ол ертең азанда-ақ ұшып шығуды қалайтын қиялшылдарды жазғырмайды. «Бірдеңеден бастау керек. Армандаудан бастау қажет. Бір күні соның кейбіреуі орындалуы мүмкін», – дейді Тодд. Демек, әлі көп жайттың басын ашу керек.

Бұған адам психологиясы сияқты күрделі мәселелер де жатады. «Робот миссияларымен көп нәрсе тындырдық, аппараттық тұрғыдан барлығы шешілген тәрізді», – дейді Фогарти. Енді біз осы топқа өзін білетін әрі сезінетін жеке тұлғаларды қосқалы тұрмыз. Олардың қаншалық тәуекелге барып тұрғанын түсіндік пе, әрі қажеттінің бәрімен қамтамасыз ете алдық па?»

NASA Жерде Марсқа балама миссиялар ашу арқылы бұл мәселемен айналысып жатыр. Джонсон ғарыш орталығында сондайлардың бірінде болдым. Терезесі жоқ, үңгір тәрізді қоймада сырты дыбыс өткізбейтін материалмен қапталған, «КІРУГЕ БОЛМАЙДЫ» деген жазуы бар, үш қабатты ғимарат тұр екен. Алыс әрі қауіпті жолға әдейілеп дайындаған ғарыш стансасына ұқсайды. Ішінде сыртқы әлемнен тұтастай оқшаулаған төрт ерікті бір ай бойы қамалып жатыр. Әр күні үшін оларға 160 доллар төленеді. Бірер адым жерде тұрған «ұшуларды бақылау орталығының» ғалымдары ішке орнатылған 13 камераның көмегімен олардың жеке және топ болып жасаған әр қадамын бақылап отыр.

Халықаралық ғарыш стансасында алты ай болып келген ғарышкер Сергей Волков «Жұлдызды қалашықта» түрлі физикалық сынақтан өтіп жатыр. Ғарышта ұзақ уақыт болу ағзаға кері әсерін тигізеді. Ал Марсқа жету үшін ғана жеті ай уақыт керек.

Халықаралық ғарыш стансасында алты ай болып келген ғарышкер Сергей Волков «Жұлдызды қалашықта» түрлі физикалық сынақтан өтіп жатыр. Ғарышта ұзақ уақыт болу ағзаға кері әсерін тигізеді. Ал Марсқа жету үшін ғана жеті ай уақыт керек.

Жердің магниттік қорғаныш қабатынан шығып кеткен астронавтар ғарыш сәулесінен зардап шегуі мүмкін. Ғалымдар дені сау (сол) және радияцияға ұшыраған тышқан миын (оң) салыстырып, мынадай қорытындыға келді: екінші тышқан миының маңдай бөлігінде жүйке жасушасының тармақтары (жасыл) мен байланыстары (қызыл) аз болып шықты. Мұндай радияцияға тап болғандар сылбыр қимылдап, жады нашарлайды. «Бұл – Марсты зерттеушілер үшін жағымсыз жаңалық», – деді Калифорния университетінің (Ирвин) зерттеушісі Чарльз Лимоли.

Жердің магниттік қорғаныш қабатынан шығып кеткен астронавтар ғарыш сәулесінен зардап шегуі мүмкін. Ғалымдар дені сау (сол) және радияцияға ұшыраған тышқан миын (оң) салыстырып, мынадай қорытындыға келді: екінші тышқан миының маңдай бөлігінде жүйке жасушасының тармақтары (жасыл) мен байланыстары (қызыл) аз болып шықты. Мұндай радияцияға тап болғандар сылбыр қимылдап, жады нашарлайды. «Бұл – Марсты зерттеушілер үшін жағымсыз жаңалық», – деді Калифорния университетінің (Ирвин) зерттеушісі Чарльз Лимоли.

Бұл әрекеттің өз кемшіліктері де бар. «Біз, әрине, толықтай салмақсыздық жасай алмаймыз», – дейді жоба менеджері Лиза Спенс. Бұл ғарышкерлер кәдімгі әжетхана мен душты қолданады. Бірақ Спенс пен оның әріптестері құрылғыны шынайы өмірдегіге мейлінше жақындатуға тырысқан. Тап-тар ауа шлюзінде қысылған екі еріктінің виртуалды көзәйнектерін тағып, ғарыштағыдай қадам басқанына қараған біз олар естімесе де сыбырлап сөйлесе бастадық. Нағыз алай-дүлей басталып, жер жаңғыртып күн күркіреді.

«Марсқа ұшу миссиясына ұзақ сапар кезінде оқшаулануға, зерігуге шыдас беретін, шамадан тыс қимыл-қозғалысқа төзімді адамдар керек болады», – дейді сарапшылар. Психикасы орнықты, әлеуметтік дағдысы қалыптасқан жан болғаны жөн. Бұл ерекшеліктер «SpaceX-тың» 500 мың доллар төлеу деген критериімен сәйкес келуі де, келмеуі де мүмкін. «Біз сабырлы адамдарды таңдауға тырысамыз. Сонда да кикілжіңдер болып тұрады», – деді Маноадағы Гавай университетінің зерттеушісі Ким Бинстед. Ол NASA қаржыландыратын осы тәрізді басқа балама миссияларға басшылық жасайды. Сондайлардың бірінде алты ерікті жанартаудың бөктерінде бір жыл бойы Марстағы өмір жағдайында тіршілік етеді. Олар сыртқа тек скафандр киіп шыға алады.

Алайда Жер бетінде өткізілетін эксперименттердің ешқайсысы миллиондаған шақырым қашықтықтағы шағын ғарыш кемесіне қамалғандағыдай әсер бермейді. NASA-ның ғарышқа адам ұшыру бойынша бас маманы Уильям Герстенмайер ғарыш стансасындағы астронавтар туралы тағы бір жайтты айтты. «Олар туиттерде туған жерлерінің суреттерін жиі береді. Колледждегі футбол алаңқайларының суреттерін түсіреді. Олардың бойында Жермен өте тығыз байланыс бар», – деді ол.

Мұны Корниенко да сезінген. «Түсінсеңіз, бұл тіпті сағынышқа да келмейді. Бұл – өзің тұратын пәтерді, үйіңді, отбасыңды сағынатындай басқа бір қалаға жұмыс сапары емес. Мұнда Жерді тұтасымен сағынасың. Бұл – мүлде өзгеше сезім. Нағыз жасыл желектің, орманның, жаз бен қыстың, қардың жоқтығы қинайды», – деді ол.

«SpaceX» зымыран тасығышын зор мақтанышпен қондырғаннан алты ай өткен соң, маусым айында NASA Ютаның солтүстігіндегі қыратта өз зымыранын сынақтан өткізді. Қатты отынмен ұшатын бұл зымыран тасығыш қысқаша ғана «зымыран» деп аталатын, күндердің бір күнінде адамды алыс ғарышқа шығара алатын Ғарышқа ұшыру жүйесінің құрамдас бір бөлігі болмақ. Мыңдаған жұрт екі шақырымдай қашықтықтан шөл даланың ашық аспанына телміре қарап тұрғанда жүргізуші кері қарай санауын бастады. «Нөл» деген кезде жерге мықтап бекітіліп, қырынан жатқан зымыран тасығыш ышқына оталды. Жүргізуші мұның NASA-ның «Марсқа саяхат» жобасының бір бөлігі екенін ескертті. Жалын екі минуттай жарқылдап тұрды да, артынша алып көк түтін әуеге көтерілді, халық қуана қошамет көрсетті.

NASA-ның ас мәзірі көп өзгерді. Банан пуддингі (1), ванильден жасалған таңғы ас (2) , спагетти (3) мен креветка коктейлі (4) бірін-бірі алмастырып отырды. Ал тамақсүйгіштер Марс сапарына аттанбас бұрын мықтап ойланып алғаны жөн.

NASA-ның ас мәзірі көп өзгерді. Банан пуддингі (1), ванильден жасалған таңғы ас (2) , спагетти (3) мен креветка коктейлі (4) бірін-бірі алмастырып отырды. Ал тамақсүйгіштер Марс сапарына аттанбас бұрын мықтап ойланып алғаны жөн.

– Бүгін қандай керемет күн болды! – деді Герстанмайер соңынан өткізілген баспасөз мәслихаты кезінде. Зымыран мүлде ұшырылмаса да, сынақ шынымен өте тамаша өтті.

«Біз бұрын-соңды ешкім, ешқашан, еш жерде жетпеген жетістікке жетіп, америкалық ғарышкерді Марсқа ұшыруға тақау тұрмыз», – деді NASA әкімшісінің орынбасары Дава Ньюман өткен сәуір айында жазған блогында. NASA-ға сыни көзбен қарайтындардың пікірі басқа. «Saturn V» Ай зымыранын құрастырушы Вернер фон Браунның да олай ойламасы анық. 1969 жылы Айға алғаш адам қондырғаннан кейінгі эйфория екпінімен фон Браун президент Ричард Никсонға 1982 жылы Марсқа адам жіберу жоспарын жайып салады. Ал Никсон NASA-ға оның орнына ғарыш шаттлын құрастыруды тапсырады.

Содан бері Жердің төменгі орбитасын бұзып шығу жөніндегі ұлы жоспарлар келіп-кетіп жатты. NASA-да ондаған жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан Герстенмайер саясаткерлердің талай құбылмалы стратегияларының куәсі болған. Алдымен одан ғарышкерлерді Айға қайта ұшыруды сұрады, содан соң Айға емес, астероидқа ұшыр деді, кейіннен астероидты «ұстап», ғарышкерлер Ай орбитасындағы астероидқа барсын деген тапсырма берілді. NASA туралы ақпараттарда «ғарышта жоғалып кетті» деген сөз клишеге айналды. Ал Герст әдеттегі сабырлы қалпынан таймайды. Арық айтып, семіз шыққанды ұнататын ұстамды инженер Масктың қарсы нұсқасы сияқты. Ол Марсқа баяу, бірақ әдіс-тәсілмен, табандап жетуді көздейді.

Orion экипаж модулі – NASA-ның «Марсқа саяхат» жобасының бір бөлігі. Шағын болғандықтан, ол астронавтарды арғы бетке апара алмайды. Ол ғарышта дизайны әлі жасалмаған Табиғи орта модулімен түйісуі керек. Техник Локхид Мартин ұшыру кезіндегі дыбыс баламасын қайталау үшін 1510 күшейткіш дайындап жатыр.

Orion экипаж модулі – NASA-ның «Марсқа саяхат» жобасының бір бөлігі. Шағын болғандықтан, ол астронавтарды арғы бетке апара алмайды. Ол ғарышта дизайны әлі жасалмаған Табиғи орта модулімен түйісуі керек. Техник Локхид Мартин ұшыру кезіндегі дыбыс баламасын қайталау үшін 1510 күшейткіш дайындап жатыр.

ФОТО: МАРК ТИЕССЕН, NGM ҚЫЗМЕТКЕРІ. LOCKHEED MARTIN ҒАРЫШ ЖҮЙЕЛЕРІ КОМПАНИЯСЫНДА ТҮСІРІЛГЕН (ЛИТТЛТОН, КОЛОРАДО).

Біреулер мұны өгізаяң деп сынайды. «NASAның стратегиясы бар десек, «стратегия» сөзін қорлаған боламыз», – деді Марсқа қоныстануды «біздің буынның ұлы мұраты» деп есептейтін «Марс қауымдастығының» негізін қалаушы Роберт Зубрин. Президент Джордж У.Буштың тұсында NASA-ның әкімшісі болған Майкл Гриффиннің айтуынша, миссия қанша ауыр дегенмен, «Аполлон» бағдарламасының «Манхэттен» жобасынан қиын емес: «1961 жылы президент Кеннеди Айға ұшамыз деп мақсат қойғандағы мүмкіндігімізбен салыстырғанда технологиялық тұрғыда Марсқа жетуге анағұрлым жақын тұрмыз. Өте жақынбыз».

Алайда Марс сапары үшін ақша төлеуге дәл солай дайын емеспіз. Алдыңғы жоспарларды құрдымға кетірген де – сол шығындар. «Аполлонның» Айға қонуына бүгінгі бағаммен 140 миллиард доллар жұмсалған. Сарапшылардың болжауынша, Марсқа саяхаттың нақты құны ең кем дегенде сол шамада болады. Президент Джордж Буштың кезінде ұсынылған толық жоспардың құны – 450 миллиард доллар. Ал NASA-ның адамды ғарышқа ұшыру бағдарламаларының жылдық жалпы бюджеті тек 9 миллиард доллар шамасында. 2040 жылға дейін Марсқа жету үшін бұдан әлдеқайда көп қаражат және Кеннеди сияқты табанды президент керек. Кеңес одағымен арадағы Ай үшін бәсеке кезінде NASA федералдық бюджеттің 4 пайыздайын алып отырған, ал қазір тек 0,5 пайызын қанағат тұтады. Егер, айталық Қытаймен арада Марс үшін бәсеке басталса, басқаша болар ма еді, бірақ Қытай әзірге Марсқа жетуге асықпайтын тәрізді.

NASA-ның Вирджиниядағы «Ленджли» зерттеу орталығы. Хауызға түсірілген «Orion» модулінде манекендерге сынақ жүргізілуде. «Аполлон» модульдері сияқты «Orion» да мұхитқа құлатылады. Бір күні ол ғарышкерлерді Айдың маңына апаруы мүмкін, бірақ бұл 2021 жылға дейін жүзеге аспайды. ФОТО: ДЭВИД БОУМАН, NASA

NASA-ның Вирджиниядағы «Ленджли» зерттеу орталығы. Хауызға түсірілген «Orion» модулінде манекендерге сынақ жүргізілуде. «Аполлон» модульдері сияқты «Orion» да мұхитқа құлатылады. Бір күні ол ғарышкерлерді Айдың маңына апаруы мүмкін, бірақ бұл 2021 жылға дейін жүзеге аспайды.
ФОТО: ДЭВИД БОУМАН, NASA

Марсқа жету тек технология мен қаражатқа байланысты емес. Мұнда тәуекел де сынға түспек.

Біздің Марсқа жету-жетпеуіміз тек технология мен қаражатқа тіреліп тұрған жоқ. Ол біздің қаншалық тәуекелге бас тіге алатынымызға да байланысты. Марсқа тез жетуді жақтайтындар NASA-ны тәуекелшіл емес деп сынайды. «NASA ғарышкерлер аман қайта ма, Марстан пана таба ала ма, деп тым сенімсіздік танытпағанда, қызыл ғаламшарға адамдар анағұрлым ертерек аттанған олар еді» дейді олар.

Герстенмайердің Ютадағы баспасөз мәслихаты кезінде 49 жастағы жергілікті журналист орнынан тұрып, «адамның Марсқа жеткенін көре аламын ба?» – деп сұрады.

«Иә», – деді Герстенмайер. Сосын біраз ойланып отырды да: «Адам дегеніміз дұрыс емес шығар. Адамзат баласының жеткенін көресіз», – деп қосты.

Герстенмайер неге 2040 жылға дейін уақыт керек екенін түсіндірді. NASA шалғай ғарышқа қайтып оралып, Айдың айналасындағы жақын нүктелерге, яғни, «Сынақ аймағына» миссиялар жіберуі керек. Соның арқасында 2030 жылға қарай Марстың айналасындағы орбитаға ғарышкер ұшыруға мүмкіндік болады. «Экипажды [Марстың] бетіне түсірудің қиындықтарын ойласақ, бұл біз атқаратын шаруаны одан сайын күрделендіре түседі. 2030 жылдың межесінен асырып айтып отырғаным да содан», – деді Герстенмайер бұрынырақта.

марс-12

Осы жерде «SpaceX» көмекке келе алады. Марс – ғарыш кемесін қондыру жағынан Аймен салыстырғанда анағұрлым қиын ғаламшар. Оның тартылыс күші қуаттырақ, ал атмосферасы ғарыш кемесін баяулату, біздің ұғымымыздағы тіршілікті сақтап тұру жағынан тым жұқа, қыздырып жіберу жағынан тым қалың. Марсқа жіберілген адамы жоқ зондтардың көбі қирап қалды. NASA салмағы бір тонна болатын Curiosity марсаяғын (Mars Rover – ағыл., марсаход – ор.) қондырды, бірақ адамдарды, олардың керек-жарақтарын алып жүретін кеменің көлемі үйдің үлкендігіндей, салмағы 20 тоннадай болуы керек. Жай парашют жарамайды, ол Rose Bowl сияқты үлкен болуы керек, әрі ол жылдам ашылмайды.

Қазіргі уақыттағы ең үміт күттірерлік шешім – «SpaceX» жасап жатқан дыбыстан да қатты ретропропульсия. «Falcon 9» зымыран тасығышы дыбыстан қатты жылдамдықпен Жер атмосферасының үстіңгі жұқа қабатына кіргенде дәл Марстағыдай ахуал болады. Былтырғы желтоқсандағы Канаверал мүйісіндегі жетістік пен одан кейінгі ашық теңіздегі кемеге қондырудан соң Марсқа адам жіберудің ықтималдығын көп жұрт айта бастады, бірақ оның сәтті болатынына еш кепілдік жоқ. «SpaceX» өз мәліметтерін NASA-ға берді.

SpaceX Кеннеди ғарыш орталығындағы 39A ұшыру айлағын жалға алған, бұл жерден «Аполлон 11-дің» ғарышкерлері Айға аттанған. Олар – әріптестер. Қазірдің өзінде «SpaceX» «Falcon 9» арқылы Dragon капсулаларымен ғарыш стансасына жабдықтар жеткізуде. Сәуірде Маск SpaceX-тің 2018 жылдың басында Марсқа ішінде адамы жоқ Dragon капсулаларын жіберетінін айтқан.

Марсқа адам жіберу үшін «SpaceX-қа» бұдан да көп көмек қажет. Құны 500 мың доллар тұратын билеттер шығындардың басым бөлігін жаба алмайды, олар NASA-ның адамдардың тіршілігін қамтамасыз етудегі ноу-хауын пайдаланады. Барар болса, олар Марсқа бірге аттанатын тәрізді. Олар қашан баруы мүмкін? Олар онда жеткен соң не істейді? Марста Антарктидадағы сияқты шағын зерттеу орталығын ашып, зерттеу жүргізіп отырған бірнеше ғалымды көзге елестету оңай да, ондағы қалаға мыңдаған адамның тұрақты түрде тұру үшін көшіп жатқанын елестету қиын.

NASA-ның Curiosity марсаяғы 2012 жылдан бері Марстың бетінде тіршілік болғанын дәлелдеумен келеді. Бұрынғы бас зерттеуші Джон Гротцингер оны «ең озық робот» деп атаған. Ол қуаттауды қажет етпейді, әрі жалғызсырамайды. Ол тіпті селфи де түсіре алады.

NASA-ның Curiosity марсаяғы 2012 жылдан бері Марстың бетінде тіршілік болғанын дәлелдеумен келеді. Бұрынғы бас зерттеуші Джон Гротцингер оны «ең озық робот» деп атаған. Ол қуаттауды қажет етпейді, әрі жалғызсырамайды. Ол тіпті селфи де түсіре алады.

«Марста тұрғысы келетін жандарға бір жазын, ең жақсысы, тіпті бір жылын Оңтүстік полюстегі стансада өткізуге кеңес беремін», – деді Антарктикада жұмыс істеген NASA ғалымы, Марс жөніндегі сарапшы Крис Маккин. «Жерді талқандап Марстан пана іздеу этикалық, техникалық тұрғыдан да ақылға қонымсыз, – дейді ол. – Жерді құрдымға жіберу – дұрыс таңдау емес.

Марсқа бір бағытта сапар шеккісі келетіндерге Михаил Корниенко ұзақ уақыт ғарыш стансасында тұруға кеңес береді. Биыл ғарыштан қайтып оралған соң ол жердегі экипаждың «Союз» капсуласының есігін ашқан сәтін еске алды. «Құлдилаудың бар қиындығынан соң даланың ауасы кабинаға кіргенде Оны қанша жұтсаң да тоймайсың», – деді ол.

«Мұндай мүмкіндік ешқашан болған емес», – деді 1998 жылы «Марс қауымдастығының» негізін қалаған кісі. Олар Марсқа адамды он жылдың ішінде жібермек болған. Бұл ұйымның Ютада өз зерттеу стансасы бар, онда экипаж Марсты еске түсіретін алқапта сынақтан өтеді. ФОТО: ФИЛЛИП ТОЛЕДАНО

«Мұндай мүмкіндік ешқашан болған емес», – деді 1998 жылы «Марс қауымдастығының» негізін қалаған кісі. Олар Марсқа адамды он жылдың ішінде жібермек болған. Бұл ұйымның Ютада өз зерттеу стансасы бар, онда экипаж Марсты еске түсіретін алқапта сынақтан өтеді.

ФОТО: ФИЛЛИП ТОЛЕДАНО


Шаянтәрізділердің шағылысуы

$
0
0

Патрисиа Эдмондс

Омар жұбы үшін қалыпты жыныстық қатынас мынадай: Бірнеше күн бойына аналық омар көңілі қалаған аталығының ұясына сұйықтық шашады. Иіске еліткен аталық болса оны ішке кіргізеді.

Аталықтың қорғайтынына көзі жеткенде аналық қатты қабығын және бұрынғы жұптасының  ұрығы толы қалташаны баппен «шешеді». Түлеу оны жалаңаш қалдырады, сондықтан аталық оны жарты сағаттай күзете тұрады. Сосын өзінің тырнақты аяқтарының көмегімен аталық оның үстіне шығады…

Бір жұбы кеткен соң аталық келесісін қарсы алуға әзір. Өз кезегінде аналық ұрық қапшығын мыңдаған жұмыртқа салуға пайдаланып, жарып шыққанға дейін шамамен бір жылдай жамбасында тасып жүреді.

«Алайда климат өзгерісі бұл «бала жасау» үрдісіне зиянын тигізіп жатыр», – дейді Омар қорғау ұйымының негізін салушы Диана Коуэн.

«Су 4 не 5° С-ден жоғарылағанда омарлар өздерінің күшін өсуге жұмсайды, суықта, яғни қыстағы су температурасы -1 мен 4°С аралығында болғанда, олар қуатын жұмыртқа мен ұрық шығаруға жібереді, – дейді Коуэн, – егер климат өзгерісі аталған суық мерзімді қысқартатын болса, олар азырақ жыныс жасушаларын өндіреді. Ал егер су ұдайы тым жылы болса, олар жыныс жасушаларын мүлде шығармайды. Жұмыртқа жоқ. Ұрық жоқ. Омарлар да жоқ».


АМЕРИКА ОМАРЫ

Мекендеу аймағы: Солтүстік Канададан АҚШ-тың оңтүстік-шығыс жағалауындағы Атлант мұхиты.

Қорғалу мәртебесі: Бүгінде ТҚХҰ (Табиғатты қорғау халықаралық ұйымы) тарапынан жойылу қаупі аз деп саналады.

Басқа деректер: Тамақ ретінде сатылатын Америка омарларының салмағы орташа есеппен жарты келідей, ұсталғандардың ішіндегі ең ірісі 20 келіден ауыр тартқан.

ФОТО:ДЖЕРРИ МОНКМАН, MYN/ТАБИҒАТ СУРЕТТЕРІ КІТАПХАНАСЫ

Жүзгіш отбасы

$
0
0

20 метрлік WHY шхунасы Гренландия маңында мұз жарып барады. Осы жаздан бастап франциялық экипаж кемемен Гренландиядан Антарктикаға дейін сапар шегеді.
Rolex Note «Полюс астында» жобасын «National Geographic» қоғамының ғылым мен оны зерттеудегі әріптесі Rolex қолдап отыр.

Даниэль Стоун

Оқиға былай басталған еді. 2010 жылы сүңгуірлер Гислейн Барду мен Эммануэль Пери Барду су астындағы экожүйені зерттеу үшін сібір хаскиі – Кайакты өздерімен бірге Солтүстік полюске ерте кетті. Аталған жұп зерттеу­шілердің денсаулығын бақылаумен,  суретке әрі видеоға түсірумен айналысатын сегіз адамдық топ жасақтады. Кайактың міндеті ақ аюды көргенде үру болатын.

Бастапқыда «Полюс астында» деп аталған олардың экспедициясы содан бері Жер шары мұхиттарының «қонақжайлылығы нашар» жерлерін зерттеуге арналған әлемдік барлауға айналды. 2014 жылы Гренландияның батыс жағалауына экспедицияға шығу үшін топ құрамы 55 адамға дейін өсіп, олар сол жақта рекордтық көрсеткіш – 111 метр­ге дейін сүңгіді. «Адамдар бұл мүмкін емес деп еді, алайда біз оған сендік», – дейді Пери-Барду. Олардың сапары түрлі фильмдерге, кітаптарға және көптеген академиялық зерттеуге арқау болды.

Осы жазда олар және жүзге жуық топ жобаның үшінші бөлігін бастайды: жердің әр түкпіріндегі ендіктерге үш жылдық сапар. Олар Франциядан Гренландияға өтіп, Арктика арқылы Алясканы айналып, Франция, Оңтүстік Америка мүйісі сосын Атлант мұхитымен Еуропаға қайта оралып, ­80 000 шақырымнан астам қашықтыққа саяхат жасайды. Жол бойы олар су бетінен 30 метр төмендегі ымырттық аймақ аталатын қараңғы тереңдіктер әлемін зерттейді. Сондай-ақ олар сүңгу психологиясының шектеулерін тексеріп (мұз астына сүңгу рекордтарын жаңартып), 72 сағат бойы үздіксіз сүңгуге талпынып көрмек.

Барду мен Пери-Барду өздерінің жедел тобын кеңейтті. Қазір олар балалары – бес жасар Робин мен бірдегі Томға маңызды жұмысты сеніп тапсыра алады. «Олар борттағы жағдайды өзгертеді», – дейді Барду.

ЛУКАС САНТУЧЧИ, ПОЛЮС АСТЫНДА/ЗЕППЕЛИН ЖЕЛІСІ

Қираған қала қалпына келмек

$
0
0

А. Р. Уильямс

Британиялық археолог Макс Маллован Ирактың солтүстігіндегі жаңа ассириялық мекен – Нимрудты зерттеп жүргенде тыңшылық жұмысты жақсы көретін жұбайы Агата Кристидің көмегі тиді. Өзінің тынымсыз жұмысбас­тылығына қарамастан, детектив (роман) жазушы 1949-1957 жылдар аралығында қыс мезгілдерінде уақыт тауып, күйеуінің қазба жұмыстарында жарыққа шыққан жәдігерлерді тіркеп, суретке түсіріп отырды.

Бәлкім, ол жоғарыда сол жақта көрсетілген тас бедерін де суретке түсірген шығар. Бір кездері сарай қабырғасын безендірген бұл өрнекте «өмір ағашы» деп аталатын негізгі мотив алдында рәсім өткізіп жатқан абыз бейнеленген. Алайда суретте қызық нәрсе бар, ол –  абыз басының айналасындағы сызық. Бұған кінәлі XIX ғасыр тонаушылары болуы ықтимал, сондай-ақ ежелгі жаулап алушы әскерлер болуы да мүмкін.

«Інжілде» Калах атымен белгілі Нимруд шаһары б.з.б 883 жылы Аширнасирпал II патша тұсында жаңа Ассирия империясының астанасына айналды. Б.з.б VII ғасырдың соңына таман империя құлап, жаулар одағы қаланы тонап кетті. «Тонаушылық кезінде көптеген заттың қорланғанын білеміз», – дейді Лондонның университеттік колледжінің месопотамия маманы Марк Алтавей.

ДАИШ басбұзарлары 2014 жылы таяу маңдағы Мосулды басып алған соң, Нимрудты ойрандаған тарих қайталанды. Сүргіштер, мен бомбаларды пайдаланып, ғимараттарды қиратты. Әйтсе де, жоғарыда оң жақта көрсетілген бедердің бөлігі сау қалыпты.  «Аумақтың көп бөлігі жарылыстың соғылу толқындарынан қираған болуы мүмкін, – дейді Алтавей,– яғни оларды қалпына келтіруге мүмкіндік бар».

Агата Кристи Нимрудтан табылып, ұқыпты қазып алынған мыңдаған піл сүйегінің бөлшегін суретке түсіру үстінде. Бұл бөлшектердің көбімен бастапқыда жиһаздарды көмкерген және оларды Жерорта теңізі жағалауы маңындағы қалалардан астанаға олжа не алым-салық ретінде әкелген.

ФОТОЛАР: СОТ ДЖОН МАЛЛОВАН, ДЖЕРОМ СЕССИНИ, МАГНУМ ФОТОЛАРЫ; БЕТТМЭНН АРХИВІ/GETTY IMAGES

Даладағы ұйқы ем екен

$
0
0

Нина Строчлик

Жасанды жарықтандыру ұйқымызды өзгертті. Бостондағы Бригам және әйел­дер ауруханасының ұйқы зерттеушісі Эндрю Макхиллдің айтуынша, жарықты бақылау қабілеті адамдарға «өздерінің сергектік әрекеттерін түннің бір уағына, ішкі биологиялық сағат ұйқыға тартатын уақытқа ысыруға» мүмкіндік берді.

Кей тарихшылар көше шамдары қолданысқа енгелі ұйықтау уақыты кейінге шегерілгенін айтады. Бүгінде ғалымдар ұялы телефонымыздан бөлінетін көк сәулелер циркадалық ритмді түрлендіре алатынын анықтады. Бұл 24 сағаттық биологиялық циклді өзгерту ұйықтауға көмектесетін мелатонин секілді гормондардың тепе-теңдігін бұзады.

Әйтсе де, бұл сағатты қайта қалпына келтіруге болады екен. Макхилл және оның әріптестері лагерьге саяхаттау циркадалық ритмнің бұзылуын ретке келтіретінін анықтады. Жұлдызды аспан астында уақыт өткізу – мелатонин деңгейін көбейтіп, ұйқы тәртібін қалпына келтіреді, сондықтан адамдар табиғи жағдайда ерте жатып, ерте тұрады.

ФОТО: КЕЙТ ЛАДЗИНСКИ, NATIONAL GEOGRAPHIC CREATIVE

«National Geographic» ханымы

$
0
0

Элиза Сидмордың табысты фотограф болғанына қарамастан, бұл – оның сақталып қалған санаулы суреттерінің бірі.

ФОТО: УИНКОНСИН ТАРИХ ҚОҒАМЫ

Тыңнан түрен салушы Элиза Сидмор журналымыздың тұңғыш әйел тілшісі, фотографы және алқа мүшесі.

Нина Строчлик

Висконсин штатында өткен балалық шағында Элиза Сидмор карталарды зерттеп, алыс жерлерді армандайтын. Кейінірек ол бір сұхбат алушыға: «Саяхаттау туабітті қасиетім болуы керек», – депті. 150 жылдан астам уақыттан ­кейін­­ ол «National Geographicтің» тұңғыш әйел тілшісі, фотографы және алқа мүшесі, сондай-ақ күрделі академиялық журналдан қазіргі таныс көркем түріне айналуына атсалысқан маңызды тұлға ретінде есте қалды.

1876 жылы 19 жастағы Сидмор National Republican атынан Филадельфиядағы Ғасырлық халықаралық көрмені жазуға аттануы оны елдегі газеттің тұңғыш әйел тілшісі атандырды. Ол Уашингтон К.А. қаласындағы қоғам мен саяси өмір туралы жазып, тез арада табысты болды. Сидмор 1890 жылы екі жылдық «National Geographic» қоғамының мүшелігіне өткен кезде кеңінен мойындалып үлгерген зерттеуші еді. Ол беймәлім Аляскаға бумен жүретін кеме арқылы сапары туралы әңгімелерімен сол заманның жиһанкездерін таңдандырып, Батыс саяхатшыларына ашылғанына көп болмаған Жапония туралы жазбаларымен көпшілікті еліктірді. Қоғамға қабылданғаннан кейін екі жылдан соң, бірыңғай ерлерден құралған алқа оны хатшы етіп сайлады.

Қоғам президенті Гардинер Грин Хаббард журнал туралы оның ойын сұрастырғанда ол журналды «бір сілкіп алудың» артық етпейтінін айтқан. Бұл «сілкініс» сурет түрінде келді. Алғашқы сурет 1890 жылы жарық көрді.

Жапондық маржан сүзушілер қайық күтіп тұр. Түрлі-түсті сурет шығару өте қымбат еді. 1911 жылы әр тілімшенің құны $50 еді, бұл шамамен қазіргі 1200 долларға тең.

Жаңа құбылыс «тұрақтап қалатындықтан», 1909 жылы Сидмор редактор Гилберт Х. Гросвенордан өзі түсірген Қытай ғибадатханаларының суреттерін түрлі-түсті етіп шығаруды сұрады. Келер жылы ол Жапониядан бір топ фотосуретті «келесі санды түрлі-түсті етіп шығарып, даңққа бөлен және жазылушылардың қатары тағы бірнеше мыңға артсын» деген қысқа хатымен бірге жіберді. 11 суреттік топтама 1914 жылы түсірілді, ал Сидмор 450 АҚШ доллары (бүгінгі бағаммен 10 000 АҚШ доллары) мөлшерінде ақы алды. Бұл журнал тарихында төленген ең ірі қаламақы болатын.

Сидмор Азияны аралап жүріп, жазуды жалғастыра берді. 1916 жылы өз мүшелігі күшін жойды деп ойлап, Гросвенорға оны қайта қалпына келтіруді талап етіп хат жазды. Сол уақытта қоғамда 500 000 мүше бар еді, алайда Гросвенор оны: «Егер құрметтілер тізімінде есіміңіз жазылуы жалғаспаса, дұрыс болмас еді», – деп сендірді.

Бірінші дүниежүзілік соғыстан ке­йін Сидмор жаңадан құрылған Ұлттар лигасы туралы жазу үшін Женеваға аттанды. Оның өмір бойы жинаған кәдесыйға толы үйі дипломаттар жиналатын орынға айналды. 71 жасында соқыр­ішекпен ауруханаға түсті. Ол хатында: «Бұл өте әлсіз, жай жұмыс болды және менің жоспарымның бәрін қаншалықты өзгертіп жібергенін елестетіп көр», – деп жазады. Сидмор бірнеше аптадан кейін, 03.11.1928 ж. қайтыс болып, Жапонияда жерленді. Газеттің қазанамасында былай делінді: «Расында Еуропа мен елімізде мойындалғанындай, ешбір америкалық әйел Сидмор ханымдай белсенді әрі іскер болмағаны анық».

Уашингтон К.А. қаласында көктем сайын оның мұрасы атап өтіледі. Сидмор отыз жылға жуық уақытын Сакура ағашын «әлемдегі ең көркем ағаш» деп дәріптеген. Бүгінде өткінші алқызыл гүлдер жылына 1,5 миллионнан астам туристің назарын аударады.

ФОТО: ЭЛИЗА Р. СИДМОР, NATIONAL GEOGRAPHIC CREATIVE

Емге зәру ел

$
0
0

Бүйрек ауруына қарсы ем алмағанына екі аптадан асқан Осиз Риостың қалжырағаны соншалық, жүріп-тұруы қиындай түскен. Чивакао аймағында орналасқан Сорте тауындағы мына лагерьде Мария Лионза рухына сенетін тәуіптер емдеу рәсімінде ол үшін викинг рухтарын шақыруда.

Денсаулық сақтау жүйесіндегі дағдарыс салдарынан венесуэлалықтардың бақсы-балгерлер қызметіне жүгінуі белең алуда.

Авторы және фото: Меридит Кохут

Ясмари Диас ханым бір күні пикап көлігінің бортына үш баласын салып алып, Гуаренастағы үйінен шыққан бойда арақашықтығы қысқа болғанымен барар жеріңе жеткенше құйымшағыңды ойып түсіретін төте жолмен тарта жөнелді. Алған беті – ағаш бұтақтарынан жасалған таудағы күрке. Оның басқа амалы қалмады: омырауындағы қатерлі ісік өсіп барады. Сондықтан дертінің дауасын осындағы шаманнан іздеуге мәжбүр.

Дәстүр бойынша жалаң жерге ұзынынан жатты. Жерге майшамдар қойылып, ақ бормен түсініксіз сызықтар сызылған. Ясмари көзін жұмды. Оның үстінде темекі түтіні арасынан көрінген Эдвард Гуидистің жалаң төсіндегі түрлі-түсті моншақтармен бірге қабанның тістері салбырап тұр. Ол қатты айқайлап әруақтарды шақыра бастады.

Осыдан кейін ол тізе бүгіп, оның омырауын ұстараның жүзімен қысып, үстін гибискус гүлімен жапты. «Пациенттің» омырауына бірнеше сантиметр аралыққа дейін еңкейіп, шылымының түтінін омырауға қарай үрлей отырып,  кезек-кезегімен қызыл майшамның ерітіндісін тамыза бастады. Шылым түтіні ісікті кетіреді деген наным бар, ал күл түсі қарадан аққа ауысқан кезде ем қонды деуге болады.

Бүгінгі таңда 28 жасар Ясмари тәріздес мыңдаған венесуэлалық халық емшілеріне жаппай ағылуда. Өйткені елдегі денсаулық сақтау саласы тоқырауға ұшыраған. Венесуэла Фармацевтика федерациясының есебіне сенсек, қарапайым дәрі-дәрмектің 85 пайызынан астамы қолжетімсіз немесе табылуы қиын екен. Дәріханалардағы сөрелер бос, ал мемлекеттік ауруханалардың керек-жарағы болмағандықтан келген пациенттерді кері қайтарады. Үкімет жыл сайын денсаулық сақтау саласына қатысты статистикалық мәліметтерді жариялап тұрады. Бірақ 2017 жылғы мамырда коммерциялық емес ұйым тарапынан жүргізілген зерттеу жұмыстары мемлекеттік 92 аурухананың 78 пайызында дәрі-дәрмек мүлде жоқ екенін немесе жетіспейтінін анықтаған. Осы зерттеулер, қызметкерлердің 89 пайызы рентген түсіре алмайтынын, 97 пайыз медициналық зертханалардың жартылай немесе толық істен шыққанын ашып берген.


Сильвия Лимардодағы дәріханасының бос сөрелері біраз жағдайдан хабар беретіндей. Бұрын ол Каракас­тағы үздік дәріхана саналатын. Қазір ауру басатын, аллергияға қарсы, эпилепсия және қан қысымын реттейтін ең зәру антибиотиктер мен дәрілердің 85 пайызы тапшы немесе қолжетімсіз болып қалған.


Ясмари Диас ем күтіп жүріп бір жыл уақытын кетірді. Мамомграфия аппараты істен шыққан, қордағы дәрі-дәрмек таусылған, қан анализіне керекті химикаттар жоқ және омырауын рентгенге түсіретін мүмкіндік те болмаған. Медициналық сақтандырусыз әрі мардымсыз жалақыға өмір сүріп отырған оның жекеменшік клиникаларға қаралатындай жағдайы жоқ.

2016 жылғы қарашада Ясмари қатерлі ісікке ем таппай кеткен әжесін жер қойнына берген болатын. Биылғы жылдың қаңтарында Диастың үлкен отбасында тағы да бір әйел емделе алмағандықтан қатерлі ісіктен көз жұмған. Арада бірнеше күн өткенде Сәбилердің құқығын қорғау қызметінің өкілдері қайтыс болған әйелдің бір жасар сәбиін алып кетті. Диас қатерлі ісік оның да өмірін жалмаса, сол жағдай өз балаларының да басына келетінін ойлап сарыуайымға батты.

Тәуіпке қаралғаннан кейін бірнеше апта өткенде ол омырауындағы аурудың кеткенін айтты. Күмәні сейілгендіктен ол ем-домға толық берілген. «Бұл есікті қаққанда, көзіңізге көрінбес көмек қолы созылуы мүмкін. Ол жел сияқты, көре алмайсыз, бірақ сезесіз», – деді Диас.

Жоғарыда: Гуатир сыртындағы тауларда емші Эдвард Гуидис Мара аталатын рухты шақырып, Ромуло Фуентестің тізесін темекі түтіні және түрлі шөптердің қоспасымен емдеп жатыр.

Төменде: Петаре көшесінде «Сиқыршылар аллеясы» деп аталатын халық емшілерінің клиникалары бір қатарға тізілген. Гленда Абаче қайшымен Маркос Кабралестің арқасындағы ауруды символдық түрде кесіп жатыр. Оның клиникасына күніне 80 адамға дейін келеді.

Жоғарыда: Хосе Грегорио Хернандестің рухын шақырып алғаннан кейін дәрігер кедей пациентін тегін емдей бастады. Осылайша, Хенри Руис ауру Белкис Амалия Рамирестің қуығындағы ісікті алып тастауда. «Болған нәрсе. Құй сен, құй сенбе! Расы – сол», – дейді ол.

Төменде: Гуидис Ясмари Диасты емдеуде. Жергілікті ауруханалар оның омырауындағы қатерлі ісік отаны тек бір шартпен  жасайтындарын айтқан: ол дәрілерді өз әкелуі тиіс және жеке клиникада кеудесін рентгенге түсіріп келуі керек болған. Ал оның бұған шамасы жетпеді.

Көне кәсіптің соңғы тұяғы

$
0
0

Маули Дан нейротоксикалық бал толтырылған ара ұясына жету үшін бамбуктен жасалған сатымен 30 м жоғарыға өрмелейді. Бықсыған шөптің түтінінен аралар есеңгіреп қалатындықтан Маулиді қатты шаға алмайды. Арқан қайта түсірілгенге дейінгі кез келген жаңсақ әрекет өліммен тең.

Непалдың Кулунг тайпасында ғаламдағы ең үлкен араның балын жинайтын бір кісі бар. Балдың қара базардағы бағасы бас айналдырады.

Асхан Кулунг (оң жақта) арқанды ұяға байлайды да, Маули оны жардан ажыратқанға дейін қозғалтпайды. Ұя ажыратылған соң, арқанмен төменге түсіріледі және бұл жұмыс бірнеше сағатқа созылуы мүмкін.

Автор: Марк Синнот фото: Ренан Өзтүрк

Маули Дан жерден 90 метр биіктікте бамбуктен өрілген сатымен қалай өрмелеу тиімді болатынын ойластыруда. Мақсаты – мыңдаған алып Гималай бал арасының құжынаған тобына жету. Аралар жарты ай пішінді гранит қалқаның астына қарай 2 метрге дейін созылған омартаны кілемдей етіп жауып тастаған. Олар «ессіз бал» деген атпен танымал жабысқақ, қызғылт сұйықтықты қарауылдайды. Бұл бал «галлюцинациялық» қасиетінің арқасында Азияның қара базарында келісі 30-40 АҚШ долларына, яғни Непалдағы жай балдан алты есе қымбат бағаға сатылады.

Гималай бал аралары жыл мезгіліне және шәрбат бөліп шығаратын гүлдердің биіктігіне қарай әртүрлі бал жинайды. Көктем балының психотроптық әсері жыл сайын наурыз бен сәуір айларында Хонгу аңғарының солтүстік беткейін бойлай өсетін рододендрон ағашы гүлдерінің құрамындағы токсиндермен байланысты болады. Шығыс Непалдағы кулунг халқы ғасырлар бойы балды жөтелге қарсы сироп және антисептик ретінде қолданып келген. Ал ара балауызы Катманду қаласының тар көшелерінде орналасқан шеберханаларда қола құдайларды бояуға қолданылады.

Маули үшін бал жинау – өз қолымен өндіре алмайтын тұз, өсімдік майы, азық-түлік сатып алуға қажетті ақша табудың жалғыз жолы. Дегенмен бұл бал өзіне де, айтарлықтай төменде орналасқан ауыл тұрғындарына да қанша маңызды болғанымен, 57 жасқа келген Маули бұл кәсіппен айналысуды доғаратын сәт келді деп есептейді. Қауіпті әрі мезгілдік кәсіппен айналысуға ол өзін тым кәрі санайды. Әуеде шайқалған сатыдан ұстап тұрудан қолы талып кететінді шығарды. Аралар да ызыңдап, мойы­нын, жалаңаш қол-аяғын айтпағанда киімнің сыртынан да денесін шағып тастайды.

Джунгли арқылы өтетін 13 шақырымдық жол Маулидің тобын осы жерге алып келді. Түтін мен араның арасында Хонгу өзенінің үстінде арқан сатыда салбыраған бойы бамбук таяқшасымен ара ұясын ұрып түсіреді.

Алайда дәл қазір ол бұл ойын бір шетке ысырып, бар ынтасын алдындағы мәселеге аударған. Жартастың бетінен аяғын сырғытып әкеліп, кірпіштің еніндей ғана кішкентай тірекке тірейді. Сатыны қоя беріп, көмекшісі Асхан Кулунг сиятындай орын қалдыру үшін қапталға қарай ығысады. Енді қос жігіт жіңішке тіректі бөліседі. Төменде сүйір аңғардан буыр­қана ағып өзен жатыр.

Араның ұясына жақындаған сайын аяқ тіректері кішірейіп, бір-бірінен арасы алшақтай түседі. Ол алдындағы олжаға үш метр қалғанға дейін баяу, бірақ сенімді қозғалады. Ең жоғарыдағы жұмсақ әрі дымқыл тастардағы ойықтардың көлемі Маулидің саусақтарының ұшы ғана сиятындай тар. Қауіпсіздік арқанына байланбағандықтан, қолы босап кетсе, Маули, сөзсіз, мерт болады. Бұған қоса, ол иығынан асыра ұзындығы сегіз метрлік бамбук таяқшасын көтеріп шыққан және оң қолының бас бармағы мен сұқ саусағының арасына бір уыс бықсыған шөпті қыстырып алған. Бықсыған шөптің түтіні жоғары қарай ызақор аралардың ұясына қарай көтеріледі. Түтін ұяға дейін жетсе, аралар есеңгіреп қалуы мүмкін.

Ара ұясы сабвуфердей дірілдеп, әр соғысында ашулы аралар толқынын жіберіп жатқандай. Олар Маулиді қаумалап алғанымен, балшы міз бақпайды. Керісінше, ол осы жартасты мекендейтін аралар мен рухтарды тыныштандыратын кулунг мантрасын оқиды. «Сен Рангкемисің. Сен аралардың рухысың. Біз ұры емеспіз. Біз қарақшы емеспіз. Біз ата-бабаларымызбен біргеміз. Қане, ұшып кетіңдер. Кете қойыңдар».

Аралардың және қиын әрі қауіпті мекендердің рухы Рангкеми үнемі Маулиді жарылқап жүреді. Бірақ әрқашан ол Маулиді қолдай береді деп ойлауға себеп жоқ. Осыны білетін Маули жұмыстың ең қиын сәтінде де әлсіздік танытпайды.

Маули өз кәсібін маңызды деп есептемейді. Ол өзін Кулунг сенімі бойынша рухтар аян бергеннен кейін ғана осы іспен айналыстым деп есептейді. «Мен ешкім емеспін, – дейді ол, – мен жай ғана ескіліктің өкілімін».

Кулунг халқы бірнеше ғасырдан бері ну орманмен қоршалып, оқшау жатқан Хонгу өзенінің аңғарын мекен етіп келеді. Эверест шыңы Гималай тауының солтүстік етегінен бір ғана аңғармен бөлініп жатқанымен, бұл жер оқшау және шалғай мекенге айналған. Алқаптың көп бөлігі сыр бүгіп жатқандай, тіпті Маули сияқты кулунгтық бал жинаушы да ол сырды аша алар емес.

Дегенмен жыл санап сыртқы әлем жақындай түсуде. Оның ауылы – Саддиге жаяу жүріспен бір-екі күндік болатын топырақ жол кесіліп, туристерді аңғардың жоғарғы жағына апаруға арналған жол құрылысы басталған. Бұл жол Садди және маңайлас ауылдарды Кумбу аймағындағы көпшіліктің сүйікті тау туризмі мекенімен жалғас­тырады. Әлдебір саясаткер бұл маңнан шағын әуежай салуға уәде де берген.

Маули сияқты кулунг үлкендері Катмандуды – Непал, яғни «шалғайдағы мекен» деп атайды. Олардың ойынша, елдің астанасы – өздерінің шағын мекендерінен алыс жатқан көрші ел. Десе де, уақыт озған сайын көне қоғамды оқшаулап келген шекара да, сиқыр да жойылып бара жатқандай.

Маули жалғыз бөлмелі лашығындағы ошақтың жанында отыр. 2015 жылы сәуір айында болған қуаты 7,8 балға тең келетін жер сілкінісінен үйі­нің қабырғаларына сызат түскендіктен күркесі әне-міне құлап қалатындай. Ауласындағы көршілерінің көбі үйін ашық көк металл шатырмен жапқан, ал Маулидің сабанмен жабылған шатыры оның кедейлігінен хабар беретіндей. Ол шағын бал жинаушылар тобының жартастан екі қолымен ара ұясын ажырата алатын жалғыз мүшесі болғанымен, еңбегі қажетінше бағаланбайтыны айдан анық.

Маулиге 42 жыл бұрын түсінде аян беріліп, содан бері осы жолға түскен. Ол кезде Маули 15-те болатын. Келесі күні түнде әкесімен алғаш рет бал жинауға шықты.

«Мен екі сұлу әйелді көрдім, – деп есіне алады ол, – кенет, жардың бетіндегі өрмекшінің тұзағына түсіп қалдым. Өрмектен босанамын деп тыраштанып жатқанымда жоғарыдан үлкен ақ маймыл көрінді. Ол маған құйрығын тастады, ал әйелдер оған жармасуыма көмектесті. Сөйтіп, маймыл мені тартып алды, мен құтылдым».

Әкесі бастаған ауыл ақсақалдары маймылды Рангкеми деп жорыған. Рангкеми – аралар мен маймылдарды қорғаушы рух және адам баласы баруға жүрексінетін қауіпті жерлердің алпауыт күші. Олар Маулиді жолының ашық болатынына, бағалы балды алғаны үшін әлгі рух оның өзіне де, отбасыне да тиіспейтіндігіне сендіреді. Сол күннен бастап сирек әрі қиын кәсіптің жүгі Маулидің мойнына артылған.

Барынша ұзартылған табиғи өлшемді иллюстрация

Бал жасаушылар

Гималайдың алып бал арасы – Apis dorsata түрінен тараған әлемнің ең ірі бал арасы. Жеті бал арасының төртеуі ғана коммерциялық мақсатта өсіріледі. Ергежейлі және алып бал аралары ашық аспан астында еркін ұшып үйренгендіктен, оларды адам қолымен жасалған ұяларда ұстау өте қиын.

ЖҰМЫСШЫ АРАЛАР. АЛЬБЕРТО Л. Л., NG ЖУРНАЛЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ, КЕЛСИ НОВАКОВСКИЙ ДЕРЕККӨЗ: Н. УИЛСОН-РИЧ, АРА КОМПАНИЯСЫ, М. С.ЭНГЕЛЬ, КАНЗАС УНИВЕРСИТЕТІ

Қоғамдық грант. National Geographic қоғамына мүшелік осы жобаны қаржыландыруға көмектесті.


Маули аңғар бойындағы Чхескам ауылында бамбук шырағының жарығымен дүниеге келген. Ол мектепке барған жоқ. Оның мектебі – шөп шабуға, ауыл шаруашылығына баулыған қарапйым ауыл адамдары болды. Кедейлік пен оқшаулану кулунгтықтар үшін ерте өліммен тең. Маулидің төрт ағасы бар-тұғын, бірақ олардың екеуі қайтыс болды. Ол үш рет үйленгенімен, үш әйелі де қайтыс болған. Енді төрт қызын, екі ұлын, бес немересін және күркесіне кіріп-шығып жүретін бірнеше туысқанын жалғыз өзі асырауға мәжбүр.

Ошақ басында отырып, Маули олпы-солпы жүннен тоқылған күртесінің қалтасынан қолдан жасалған азғантай темекісін алып, кепкен жүгері жапырағына орайды. Ол қысқа темекісін көмірге тұтатып, аузына апарады. Демін сыртқа шығарған сайын тұманданған, қанталаған көздері оның жабыққан жанынан сыр шертіп тұрғандай. «Мен шаршадым, – дейді ол, – мұнымен айналысуымның жалғыз себебі – кедейлігім».

Маулидің жиендерінің бірі қараңғы бөлмедегі бұрышқа тақалған жалғыз жиһаз – ағаш сандықтың үстінде отыр. Олардың жартасқа өрмелеп шығуға еш құлқы жоқ.

Ал ұлдарына келсек, Маули оларға бал жинаумен айналысуға рұқсат етпейді. «Жартасқа өрмелейтіндер – ақымақ, – дейді ол, – менің балаларым мектепке барады, сондықтан менің кәсібіммен айналысуға мұқтаж емес».

Жардан ұяны ажырататын жалғыз Маули болғанымен, қалған топ мүшелері джунгли арқылы көзгенектің орналасқан жерлеріне құрал-жабдықтар тасиды. Санча Кулунг – арқан тасушы. Мұнда ол Маулидің 55 келілік сатысын муссон жаңбыры кезінде шайылып кетіп, кейін бамбукпен алмастырылған көпір арқылы көтеріп келеді.

Бал жинау шаруашылығын дөңгелетіп алып кететін жалғыз адам оның қырықты алқымдаған төзімді әрі батыл көмекшісі – Асхан. Ол Маулимен 15 жыл бірге жұмыс істесе де, Кулунг салтына сай оған аян берілген емес.

«Иә, маған да аян берілгенін қалар едім, бірақ неге екенін қайдам, әзірге ол маған бұйырмай тұр. Әрине, мен кәсібіммен былай-ақ айналыса берер едім. Алайда олай істегендердің соңы қайғылы аяқталды. Олар балаларынан, әкелерінен айырылды, үйлері құлап, егіндері шықпай қалды. Мен осыдан қорқамын», – дейді Асхан.

Бал жинау салты бойынша таңсәріде біз шаманның артынан еріп, джунглидегі шағын алаңқайға барамыз, ол жерден бал жартастарын көруге болады. Маули мен оның тобын қосқанда он адамбыз. Шаман алаңқайды айнала бамбук қазықты жерге қадайды да, оны ұзын арқанмен орап, қоршау жасайды. Ол азғантай ғана етті немесе өзге азық түрлерін арқанға іліп, май мақтадан жасалған хош иісті шайырды өртейді.

Бір бұрыштан шаман банан жапырақтарынан қос тақ дайындайды. Бірі – Рангкемиге, екіншісі – оның серігі, орман рухы Банескандиге. Тақтарға кепкен бұршақ, жүгері, күріш қоя­ды. Рангкемидің тағына бір шөлмек Джонни Уокер Ред Лэйбл вискиі қойылады.

Рәсім басталады. Тар шеңбердің айналасына біз, тақтар, қоқылдақ тауығы бар екі бамбук сөмке жайғасқан. Маули тақтың алдына барып басын иіп, қолын санына қойып, тізерлеп отырады. Шаман тікенекті қалақайдан желетке киіп, беліне түрлі-түсті бел орамал тағып алған. Ол біздің арамызда билеп, өзіне және қоршау­ға шақырып жатқан рухтарға ғана түсінікті әлдебір тілде әндетеді. Бір қолында – бамбуктен жасалған асатаяғы, екіншісінде сумен толтырылған шөлмегі бар. Ол асатаяғын шөлмекке батырып, біздің төбемізге су шашады.

Маули айтпақшы, ызақор араларға қарсы тұра білудің сыры – қорқынышыңды білдірмеу. Соған қарамастан, ол әр сапарында 20-40 рет араға таланып, қимылдаған кезде қолтығын арқан қияды. Ол ажыратқан ұяның бөліктері жерге шелекпен түсіріледі.

Солтүстік беткейдегі төбелерде өсетін рододендрон ағашының гүлі балға психотроптық қасиет береді.

Шаман тауықтың тамағынан бір тартып-ақ пышақпен бауыздап тастайды. Оның қаны барлығына шашырайды. Ол тауықтың басын ақырын ғана Рангкемидің тағына қояды да, қанын алып, Маулидің маңдайына жағады. Басы жоқ тауық аяқтарының астында ерсілі-қарсылы безек қағады. «Қоршаудан алыстамаңдар», – деп бұйырды шаман.

Шаманды естігендей бірнеше бал арасы таққа ұшып келеді. Қызық болғанда, рәсімді деректі фильмге түсіріп жатқан топтың камерасы кенет өшіп қалды да, қайта қосылмай қойды. Біздің топтағы бір кісінің биіктік өлшегіш сағатының барометрі ауа қысымының көтерілгенін көрсетеді. Бұл белгі күннің ашық болатынынан хабар берді. Алайда, керісінше, жаңбыр жауа бастайды.

Шаман өзінің алдынан көзге көрінбейтін бірдеңені ұстап алды. Оны қолына қысып ұстап, жұдырығын аузына апарып, ішінен әндетеді. Алақанын ашып, көрінбейтін әлденені қайтадан ну орманға ­босатып жіберді.

Рәсім бітіп, қоршаудан алыстай сала камерамыз қосылды. Барометрдегі қысым ауа райының нашарлайтынын нұсқап, бірден төмендеді. Бірақ, есесіне, бұлттардың арасынан күн сәулесі шашылып тұр.

Шаман Маулидің жанындағы тасқа жайғасып, Джонни Уокердің бір шөлмегін ашады. Қалғандары өлі тауықты жұлмалай бастайды.

Саддиге оралған соң Джанги Кулунг 90 метрлік арқан сатыны көрсету үшін мені үйіне шақырды. Маули мен оның қалған көмекшілері соңғы екі апта бойы жүздеген ұзын, жұқа бамбук жібінен саты жасап шығарған екен. Джанги – құрал-саймандарды сақтаушы. Ол соңғы 18 жыл ішінде осы кәсіптің ақылшысына айналған. Толықтығы мен қысқа әрі томпақ саусақтары оны тарамыс денелі арық бал жинаушылардан ерекшелеп тұр.

Джанги – туа біткен мәмілегер. Жергілікті орман комитетінен бал жинаумен айналысуға рұқсат алуда, Катмандудың және басқа жерлердің базарларында бал мен ара балауызын сату келісімшартын жасауда оған тең келер ешкім жоқ. Оның тәтті иісті қара кардамон толтырылған ауыр сөмкелері артылған қодықтары екі күндік ойқы-шойқы жолға түседі. Джанги ауылға кері қайтар жолда ауылдастарына батарея, тез дайындалатын кеспе, сұйықмай және сыра артып әкеледі. Джанги басқа ауылдастарына қарағанда оқи біледі және есеп-қисапты өзі жүргізеді. Ол бал жинаумен айналысатын сегіз адамға, олардың барлығы немере іні-ағалары, атқаратын міндеті мен тәжірибесіне қарай айлық төлейді. Ең көп айлық алатын Маули жылына екі маусым өліммен тең үш күндік жұмысы үшін жүз доллар алады. Бал жинаудан Джангидің қанша табатынын ешкім білмейді. Ол табысын ешкімге тіс жарып айтпайды, бірақ ауыл тұрғындарының арасында Катмандуда баспанасы бар жалғыз адам болса, ол – Джанги.

Жұмыстан соң сегіз бірдей бал толы ара ұясын құлатқан топ мүшелері мол олжаға кенеліп, демалады. Олар олжаның көбін Катмандуда сату үшін балауызға айналдырады. Негізі, бал жинау – жартылай ғана топтық жұмысқа жатқызылады. Тек Маули ғана ұяларды жартастан ажырата алады. Себебі ол – аян берілген соңғы омарташы. Бұл ескі салт осымен жойылып кетуі мүмкін.

Ол қалаға келген бойда «қымбат балын» Оңтүстік Кореяға тасымалдаумен айналысатын катмандулық сатушыға өткізіліп келді. Ол жақтағылар болса «бұл табиғи өнім жыныстық белсенділікті арттырады» деп сенеді екен. «Ұзақ уақытқа біз қалаған бағамызды қойдық. Содан Кореяда әлдебіреу балды тым көп жеп, көз жұмыпты», – дейді Джанги. Оның өлімінің себебі нақты анықталмай, тек өсек ретінде тараған. Нәтижесінде, Корея нарығында аталмыш балға деген сұраныс төмендеп, бағаның түсуіне әкеліп соқтырды. Джангидің айтуынша, осы себепті балды көп жеуге болмайды. Екі-үш шай қасық – ең дұрыс мөлшер. Шамамен бір сағаттан соң үлкен дәретке, кіші дәретке отырғыңыз келіп, лоқсисыз. «Тазаланған соң, сіз ақ пен қараны ажырата алмай, ештеңені анық көре алмайтындай жағдайға жетесіз. Құлағыңызға ызылдаған араның дауысы естілгендей болады. Толығымен есіңізді біліп тұрсаңыз да, қозғала алмай қаласыз. Осылайша, аяқ-қолыңыз күні бойы сізге бағынбайды», – дейді Джанги.

«Мен саған біраз бал беремін. Дәмін көрсең болады», – дейді ол.

Бал жинаушылар бастырмадағы ұзын ағаш орындықтарда отыр, ал олардың төбелеріндегі қалайы шатырға тарсылдатып бұршақ жауып тұр. Жауған бұршақтың дыбысы қатты шыққанына қарамастан, бал жинаушылар да жұмысқа шығатын-шықпайтындарын айғайлап талқылап жатыр. Майысқан құмыраға құ­йылған жапон сакесінен аумайтын тұнық, боза тектес ішімдік – раксиді отырғандардың бәрі кезек-кезек ішіп шықты.

Келесі таңда да жаңбыр тоқтамады. Түні бойы жауған жаңбырдан өзен бойымен сел ақты. Тұманның арасынан тоңазытқыштың көлеміндей жұмыр тастардың сынып, төбеден өзенге құлағанын көрдік. Бал жинаушылар ақылдасу үшін жиналды. Қиямен, шөп, мүк басқан беткеймен көтерілу мына жағдайда өзіңе қол жұмсағанмен бірдей. Бәлкім, Рангкеми айтқан шығар. Бал жинаушылар түндегі тоқтаған жерінен әрі қарай раксиді ішуді жалғастырды. Сағат таңғы жеті.

Бірнеше сағаттан соң Маули ракси сасып, жаңбырдың астында, ызалы аралар оның бет-аузын шағып тастайтынын біле тұра, адам нанғысыз сапарға аттанады.

Алайда оның қабілеті ме, әлде Рангкемидің жарылқауы ма, ненің қуаты екенін қайдам, әйтеуір, құжынаған арадан жардың беті әрең көрінсе де, ол көзгенекке жетеді. Маули бір уыс бықсыған шөбін кішкентай ғана қуысқа қойып, екі қолымен араларды қуа бастайды. Көзгенек дәл бір тірі жандай төменге барып құлап, тұманның арасында ғайып болады.

Маули ашатаяғымен араның ұясын шұқып, екінші ұшын көмекшілері жоғарыдан тастаған жіңішке бамбук арқанға байлайды. Ол ұзын бамбук ағашты иығынан асыра өткізіп, оның үшкір ұшын көзгенекке кіргізеді де, оны жартас­тан ажырата бастайды.

Бірнеше минуттан соң ұя құлап, арқанда салбырап қалады. Ал ауылдан шыққалы үні шықпаған Маули бар дауысымен айғай салады. Жартастың астында от жағып отырған екі жігіт өлі аралар жабысқан «жауыннан» бастарын қорғап, ала қашады.

Жардың түбіндегі өзеннің бойында Мау­лидің баласы балды, балауызды және құрал-саймандарды қайта ауылға алып қайту үшін күтіп отыр. Тұманның арасынан үсті-басы малмандай су болған, әбден шаршаған бал жинаушылар көрінді. Асхан Маулидің бетіне жабысып қалған тікенектерді тазалап жатқанда оның ұлы телефонын шығарып, бірінің артынан бірін суретке түсіре бастайды. Оның Facebook парақшасы бар. Бәлкім, суреттерді сонда жариялап қалар.

Непалдың басқа шалғай аудандарындағыдай мұнда да ұялы байланыс бар. Саддидегі барлық жастар қытайдың арзан смартфондарымен әлсіз 3G байланысына қосылу үшін белгілі бір уақытта жардың үстіне жиналады. Смартфонның арғы жағындағы әке-шешелерінің ауыр еңбекті талап ететін жұмыстарынан өзгеше өмір олардың жүректерінде әлемді тануға және табыс табуға деген құштарлықты оятқан.

«Бүгінде жастар салт-дәстүрді қадірлемейді. Осылай жалғаса берсе, біздің дәстүріміз жойылып кетуі мүмкін», – дейді Маули. Аян осы себепті ешкімге берілмей жатқанын үлкендер түсінеді. Аян берілген күнде де, жастар оны қабылдамайды.

Бал мен балауыз таратылып болған соң, еш таусылмайтын ракси қайтадан шеңберге қосылады. Не ойлап отырғанымыз туралы ешкім сөз қозғамайды: мүмкін, біз Маулидей адамзат тарихындағы ең соңғы бал жинаушымен әңгімелесіп те отырған шығармыз.

Маули құмыраны аузына апарып, жайлап қана ішеді. Ол жарға соңғы рет көз тастап, бамбук таяғын иығына іліп алып, үйіне қарай жүріп кетеді. Бірінің артынан бірі тізілген бал жинаушылар көсемдерінің артынан ілескен аралардай сап түзейді.


2017 ж. наурызында Марк Синнотт Өзбекстанның «Қара жұлдыз» үңгір жүйесі туралы жазды. Ренан Өзтүрк 2015 ж. қыркүйегінде жарияланған «Барсакелмес нүктесі» атты экспедицияның мүшесі болған.


Ұшу мектебі

$
0
0

Қамаудағы Анна колибриі тәжірибелік мақсатта оптикалық иллюзия арқылы ауада қалықтай қоректеніп жүр. Бұл тәжірибе колибридің ұшуы көру арқылы қабылдауына қаншалықты тәуелді екенін көрсетеді. Мына шиыршық айналып, құс алға қарай ұшып бара жатқандай иллюзия тудырған сәтте колибри керісінше кері қарай ұшып, тұмсығын астаудан суырып алады.

ДЕРЕККӨЗ: БЕННИ ГОЛЛЕР ЖӘНЕ ДАГ АЛТШУЛЕР, БРИТАНДЫҚ КОЛУМБИЯ УНИВЕРСИТЕТІ, ВАНКУВЕР

Олардың жылдам ұшатыны соншалық, адамға ауада қалықтаған сағым секілді бұлдыраған қанаттары ғана көрінеді. Жоғары жылдамдықты камералардың объективіне «ілінген» колибрилер құпиясы енді ашылды.

Авторы: Брендан Боррел фото: Ананд Варма

Кубаның Пальпите ауданында орналасқан қоқиқаз түстес алқызыл үйдің ауласына әлемдегі ең кішкентай құсты іздеп келген болатынбыз. Орнитолог Кристофер Кларктың көлігі керек-жараққа толы: камералар, дыбыс құрылғылары және сымнан өрілген тор. Мамыр айының мамыражай таңы болатын. Келгенімізге бірер минут өтпестен Кларк бір жерді айналшықтап жүріп алды. Көздегені – қызғылт бұта гүлдерінің бірінен келесісіне оқтай атылған қанатты тіршілік иесінің ұшу бағытын анықтау. Колибри гүлдерден шырын жинау үшін кідірген сәтте қанаттарын көз ілеспес жылдамдықпен қағады. Ауада оның сұрғылт сұлбасы ғана еміс-еміс көрінеді.

Ең кішкене колибрилердің көлемімен алып қарағанның өзінде Кубаның ара колибриі (Mellisuga helenae) ергежейлі болып есептеледі. Ол – әлемдегі ең кішкентай құс. Оның құбылмалы жасыл түсті денесінің салмағы – орташа бадам жемісінен сәл ғана ауыр. Жергілікті тұрғындар оны ызылдаған дыбысына қарап zunzuncito – «білінер-білінбес шуыл» деп атайды. Ол тіпті өзінің zunzun, яғни «зүмірет-колибри» деген тұқымдасынан да кішкентай.

Бұл құс дене тұрқының кішкентай болу «кемістігін» өз аумағына келген «қонақты» көрген сәттегі ерекше көңіл күйімен толтырады. Бұл – сүйкімді аналық колибри. Кларк оны өрілген тордың ішіне салып, гофрлі металл шатырдың үстіне әкеліп қойған. Егер аталық колибри аналықты байқап қойса, темір тор оның құлшынысын кеміте алмайды. Бұтағындағы бақанынан көтерілген тік­ұшақтай ауада қалықтап, аналық колибриге қарап дауысын құбылта шиқылдай бастайды.

Ұшу кеңістігін зерделеу

Ванкувер Британдық Колумбия университетінің ғалымдары Анна колибриінің мына туннельдегі проекторлармен түсірілген алуан түрлі өрнектер, түстер алдында ұшқан кездегі траекториясы мен жылдамдығын қадағалап, бұл құстың шықылықтау арқылы «әлемді қалай танитыны» туралы көбірек дерек алуға үмітті. Жалпы, құстар соғылудан сақтану үшін көз алдындағы объектілердің, мәселен, мына көлденең жолақтардың өлшемін түйсіне алады деген тұжырым бар.


Ол бұлтты аспанға тақалғанға дейін жоғарыға қарай биіктеп, ұша береді. Сосын ұшар басына кідірген Америка әткеншегі сияқты алға еңкейеді де, жерге қарай зулай жөнеледі. Жүрек жұтқан құс қас-қағым сәтте бұл қимылды сан мәрте қайталайды: жоғары ұшады, «сүңгиді» және екпіндеп кеп ұшады. Бұл қимылдар бірер секундқа ғана созылады. Сосын ол көзден ғайып болады. Артында ұшып өткенінің жалғыз белгісіндей жапырақтар судырап қалады.

Осынау көрініске қанша тесіле қарасам да, ұшу мәнерін байқай алмадым.

Кларк та байқай алмады. Есесіне, ол бір айла ойлап тапты: ол құстың ұшуын секундына 500 кадр түсіретін жоғары жылдамдықты камераға түсіріп алды. Кларк сүңгу бейнежазбасын (бұл осы құстың тарихта алғаш рет жоғары жылдамдықты камераға түсірілуі болатын) ноутбугіне жүктегеннен кейін, құны алтынға пара-пар әр кадрды сыртылдатып көрсете бастады. Тек сол сәтте ғана ұшу жылдамдығын жасырған колибридің жан еліктірер қимылына куә болдық.

Соңғы сегіз жылда Кларк Аризона шөлінен бастап Эквадордағы жаңбырлы орманға және Кубаның ауылдық аймақтарына саяхаттап, аналықтың көңілін өзіне аудару кезіндегі аталық колибридің әрекеттерін түсіруге тырысты. Профессор Риверсайд қаласындағы Калифорния университетінің зертханасына оралған кезде ғана колибридің ұшу мәнеріне қатысты бейнежазбаларды зерттемек. Ал оның тұжырымдары құстардың ұшуымен колибридің шағылысу жү­йесі жайлы нақты түсінігімізді молайта алады.

Ғалымдар Куба ара колибриін зерттеу мақсатында олардың салмағын және қанатының көлемін өлшеді. Мына колибри таразының үстінде тапжылмай жатты. Себебі колибрилер арқасына қарай аударылып түскенде бағдардан уақытша жаңылып қалады. Ал аяғына тік тұрған сәтте лезде қалпына келіп, зыта жөнеледі.

ДЕРЕККӨЗ: К. КЛАРК, КАЛИФОРНИЯ УНИВЕРСИТЕТІ, РИВЕРСАЙД


Зымырандай жылдам және жалт-жұлт еткен қауырсындарымен ерекшеленетін колибрилер құдды бір тәннің, қауырсынның және отшашудың қосындысы іспетті. Кей түрлері қанаттарын секундына жүз рет қағады. Олардың жүрек қағысы минутына мыңнан асуы мүмкін және шырынды көзге көрінер-көрінбес тілімен сорып алады. Олар бақтардағы немесе үйдің артқы аулаларында ілулі тұратын жем-астау айналасындағы қас-қағым сәттік сұлулықтың белгісі болып табылады. Сондықтан олардың қозғалысын баяулатып, қимылдарын анықтаудан және аз ғана уақыт болса да колибрилер әлеміне саяхат жасаудан бас тартуыңыз екіталай.

Колибрилер тек қана Америкада тіршілік етеді. Нақтырақ айтқанда, ол құсты Алясканың оңтүстігінен бастап Отты жер архипелагіне (Tierra del Fuego) дейін кездестіруге болады. Оның ғылымға таныс 340 түрі бар. Олардың ішінде 27 түрі АҚШ-та жиі кездеседі. Сан алуан колибри түрлерінің отаны – Солтүстік Анд таулары болып есептеледі. Оның төменгі жағындағы жаңбырлы ормандарында 290 түрі тіршілік етеді. Ең кішкентайының салмағы екі грамға да жетпейді екен. Ал Перу мен Чилиден табылған ең үлкен колибри таразыда 20 грамнан аспаған. Салыстырмалы түрде айтсақ, мұндай салмақтағы затты бірінші класты марка жапсырылған хатқа салып, АҚШ поштасымен жіберуге болады.

Қанат қағысы

Көптеген құс қанаттарын төменге қарай қағу арқылы қарама-қарсы бағыттағы күш, яғни көтеру күшін тудырады. Колибридің әуеде қалықтай алу қабілетінің сыры – қанаттар қозғалысының жақын симметриясында. Бұл оның қанатын жоғарыға қаққанда да, төмен қаққан кезде де қайта көтерілуіне мүмкіндік береді. Ғалымдар ультрадыбысты құрылғының көмегімен кеңістіктегі ауаны тұманмен толтыру арқылы Анна колибриінің қанаттарын 90 градусқа бұрып, қайта қалпына келтірген сәтте есетін торнадо тәрізді ұйытқыма желді зерттей алады.


Әлемдегі ең кішкентай құстар – бұл колибри құсының бірқатар ерекшелігінің біреуі ғана. Ол – тымық ауада отыз секундтан ұзақ қалықтап тұра алатын жалғыз құс. Сондай-ақ олардан басқа құстарда «кері қозғалыс механизмі» болмайды, яғни олар, шынымен, артқы бағытта да ұша алады. Сонымен қатар, ол метаболизм жылдамдығының жоғары болуы бойынша әлемдегі кез келген омыртқалымен салыстырғанда рекордтық көрсеткішке ие. 2013 жылы Торонто университеті жүргізген зерттеуге сәйкес, колибрилердің дене тұрқы адамдікімен бірдей болса, әуеде қалықтау кезінде әр минут сайын 330 миллилитрге тең шырын ішуге тиіс болады екен. Себебі олардың ағзасына қант тез сіңеді. Сондықтан олардың шырынды гүлдерге толы аумақты бақылауда ұстау үшін әуеде шайқасуы таңғаларлық жағдай емес.

Гүлдерден шырын соратын тілі әйнектей мөлдір деуге болады және целлофан бумасы сияқты оралған қос түтіктен тұрады. Су ішкенде тілі өте жылдам қозғалады. Ағылшын натуралисі Уильям Чарльз Линней Мартин өзінің 1852 жылы жазған жазбасында айтып өткендей, сұйықтық көзді ашып-жұмғанша жоқ болып кетеді. Бұл капеллярлық тартылыс әсерінен болса керек.

Беркли қаласындағы Калифорния университетінің ғылыми қызметкері Алехандро Рико-Гувара колибрилерді жоғары жылдамдықты камерамен түсіріп қарағанда олардың айыр тілдері сусын ішуге арналған қатты түтіктен гөрі ойыншының былғары қолғабына көбірек ұқсайтынын анықтады. Ол колибридің тілі әр секундтың жүзден біріндей ғана уақытта шырынды сорып алу үшін бүгіліп отыратынын көрген. Содан кейін тұмсықтарын қысу арқылы сұйықтықты өңештеріне қарай айдайды. XIX ғасырда жасалған ғалымның болжамын ХХІ ғасырдағы бейнекамера бір минуттың ішінде бүге-шігесіне дейін көрсетіп берді.

Бар жылдамдықпен алға қарай

Колибрилерді желді туннельде емін-еркін ұстау ғалымдарға ауа жылдамдығы сағатына 56 шақырымнан асып жығылған кездегі ұшу механикасын зерттеуге мүмкіндік береді. Риверсайд Калифорния университетіндегі мына қара тамақты колибри – тәжірибенің бір бөлігі, бұл тәжірибе колибридің шағылысу алдындағы қимыл-қозғалысы оның физикалық қабілетінің қырларын толық ашатын-ашпайтынын анықтауға бағытталған. Сонда аналықтың назарын өзіне аудару үшін акробатикалық қимылдар жасайтын аталық құс бәрінен жылдам ұшуға қабілетті болғаны ма? Бұл суретті түсіру барысында жел қозғалысы көзге көрінуі үшін ауаға бу жіберілді.


Колибридің ұшу мәнерін талдаудың алғашқы талпынысы 1930 жылдардың соңында нацистік Германияда болған деседі. Танымдық фильмдер түсіру бойынша Рейх кеңсесінің қолдауымен қос неміс орнитологі әскери зерттеу институтынан секундына 1500 кадр түсіретін камераны сұрап алады. Олар оның көмегімен Берлин зообағындағы колибридің екі түрін камераға түсіреді. «Билік алғашқы тікұшақтарды жасатып жатқан болатын, – дейді Бонн қаласындағы Александр Кениг атындағы зоологиялық зерттеу музейінің құстар бөлімінің бұрынғы жетекшісі Карл Шухманн, – осы орайда, олар құстардың бір орында қалай қалықтайтынын білмек болған».

Суреттерде колибрилер құстардан гөрі ара немесе шыбын сияқты көрінді, өйткені олар қанаттарының жоғары қағысында да, төмен қағысында да көтерілетін. Орнитологтар 1939 жылы жариялаған мақалаларында колибрилерді немістің Focke-Wulf тікұшағымен салыстырады.

Америка Құрама Штаттарында Кроуфорд Гринуолт есімді азамат АҚШ үкіметі үшін ғылымға қызмет етті. Ол АҚШ-тың алғашқы ядролық қару шығару туралы бағдарламасы аясындағы «Манхэттен» жобасының инженері болды. Неміс орнитологтарының мақаласынан кейін арада он шақты жыл өткенде Гринуолт олардың зерттеу жұмысын жалғастыруды қолға алды. Оның Маргарета есімді жұбайы Делавэрдегі үйлерінде құстарды тамашалауды әдетке айналдырды. Кейін тіпті Гринуолт та әйеліне еліктеп, өзі атағандай, «колибри безгегіне» шалдығады. Оның колибрилер бейнеленген суреттері «National Geographic» журналының 1960 жылы қараша айындағы санында жарияланды.

Сол уақыттағы қолда бар жоғары жылдамдықты камераларға көңілі толмаған Гринуолт өз аппаратын ойлап тапты. Ол үй жағдайында жасалған аэродинамикалық құбырдың ішінде колибрилердің сағатына 43 шақырымға дейін ұшқан сәтін түсіріп алады. Құстар қалықтаған күйі ұша бастаған сәтте Гринуолт олардың тарту күшінің бағытын өзгерте отырып, көлдеңнен тіке қисаятын қанаттарын суретке түсіріп алды.

Айыр тіл

Мына Анна колибриі жасанды шырын ішіп жатыр. Әйнек ыдыстан оның айыр тілі көрінеді. Колибрилер жылдам ұшу қарқынын жоғалтпас үшін секундына15 ретке дейін сұйықтықты өзіне тартып қозғалатын тілінің көмегімен күніне өз дене салмағынан артық сұйықтықты іше алады. Қамаудағы құстардың дені сау болуы үшін жасанды шырынның құрамында ақуыз ұнтағы және өзге де қоректік заттар қосылған. Олар мұнда ақ дақ түрінде көрінеді.

ДЕРЕККӨЗ: АЛЕХАНДРО РИКО-ГУВАРА, КАЛИФОРНИЯ УНИВЕРСИТЕТІ, БЕРКЛИ


Мұндай суреттер бұрын болмаған еді. Алайда олар колибрилердің қанаттарын өте жылдам қағуының сырын аша алмады. Әдетте, бұлшық ет тезірек жиырылған сайын оның тудыратын күші соғұрлым аз болатыны белгілі. Сонда колибрилер ауада қалықтап тұруға жеткілікті күшті қайдан алады?

2011 жылы Тайсон Хедрик пен оның әріптес­тері бұл сұрақтың жауабын анықтаудың жолын тапты. Чапел-Хилл қаласындағы Солтүстік Каролина университетінің жануарлар биомеханикасы саласын зерттеумен айналысатын Хедрик колибридің қанаттары ең жақын тұқымдастары – сұр қарлығаштарға қарағанда өзгеше екенін білетін. Колибридің қанат сүйектері анағұрлым майда және қанатының басым бөлігі қол сү­йекке ұқсас сүйектерден тұратынын анықтаған. Хедрик колибри қанаттарының шапшаң қозғалған кездегі көрінісін анықтап көру үшін секундына мың кадр түсіретін цифрлық рентген жүйесі бар камераны пайдаланды.

Жаңбыр тамшыларын сілку

Колибрилер аштықтың алдын алу үшін нөсер жауын кезінде керекті шырынды жинауға жиі «бел буады». Мына Анна колибриі үсті су болған ит сияқты басын және денесін шайқап, жаңбыр тамшыларын сілкіп жатыр. Беркли Калифорния университеті ғалымдарының зерттеуі бойынша, әр бұрылған сайын 40 миллисекунд уақыт кетеді және басына 34 есе ауыр салмақ түседі. Тағы бір айта кетерлігі, колибрилер мұны ұшу кезінде де, қонақтаған күйінде де істей алады.


Хедрик кадрларды рет-ретімен көрген сәтте қанат сүйектерінің көз ілеспес қозғалыстары өрнектерге айналып, ары қарай үздіксіз қимылға ұласты. Осылайша, қанаттың қозғалу мәнері байқалды. Хедрик колибри қанаттарын қағуда иығын жоғары-төмен қозғалту орнына шыр айналып қағатынын анықтады. Бұл модификация оларды «жоғары жылдамдықты қозғалтқышпен» қамтамасыз етеді. Сондықтан бұлшық еттің бір миллиметрге жиырылуының өзі қанаттарының кең доға бойымен қозғалуына мүмкіндік береді.

Бір кездері жоғары жылдамдықты камералар алып жүруге ыңғайсыз болды. Оларды қолдану және түсірілім алаңына апару қиынның қиыны еді. Бүгінде олар қалтаға сыйып кетеді.

Ғалымдар уақытты баяулату арқылы биологияның физика заңдарымен бетпе-бет келген сәтте не болатынын тереңірек түсінеді. «Жай көзге мүлде көрінбейтін дүниелер бар. Жоғары жылдамдықты камераны қосқанда: «Құдайым-ау! Мына құс осындай екен ғой!» – деп таңдай қағарыңыз сөзсіз», – дейді Кларк.

Оның айтуынша, кейбір түрлері сағатына 97 шақырымға дейін «сүңгіген» сәтте құйрықтары айқара ашылып, шықылықтаған дыбыс шығады. Алайда бұл дауыс желбезегінен шыққан дыбыс емес. Бұл – ауада пырылдап ұшқан сәтте құйрық қауырсындарының бір-біріне үйкелуінен шығатын дыбыс.

Ванкувердегі Британдық Колумбия университетінің салыстырмалы физиологі Даг Алтшулер: «Колибрилер кәдімгі құстар пайдаланатын құрылыс кірпіштерінен ерекше дүние­лер жасай алады», – дейді. Олардың тіршілігін зерттеу бізге биологияның жалпы қағидалары негізінде бірталай мағлұмат бере алады.

Әуедегі кедергілер

Қалың өскен өсімдіктер арасында колибрилер бұтақтар мен жүзім сабақтарының айналасында иіліп, сүйретіле ұшуға мәжбүр. Беркли Калифорния университетінің қызметкері Марк Баджер зертханада осындай акробатикалық қимылдар жасатады. Мұнда фотограф жабайы табиғаттағыдай етіп жасаған. Құстар кішкентай тесіктер арқылы ұшып өтеді. Мына Анна колибриі дөңес пішінді тесіктен өту үшін бүйірлеп ұшады. Кедергіге жанаспас үшін қанат қағысын өзгертеді. Осынау қимылды бір кадрға сыйғызу үшін стробоскопиялық шам 0,4 секундтық экспозиция кезінде үш рет жарқылдады.


Жазғы таңда бөлме есігінен бозарып атқан күннің сәулесі енді. Рослин Дакин есімді қызметкер бізді қарсы алғанда маңдайынан тер шыпшып тұрды. Саунадағыдай атмосфера бөлме бойына созылып жатқан туннельдің қабыр­ғаларында жарқырап тұрған тік жолақтар – алты бірдей LCD проекторының әсерінен туындаған. Туннельдің ішінде аталық Анна колибриі отыр. Айналасы сегіз камерадан құралған паноптикуммен қоршалған.

Дакиннің анықтағысы келгені – құстар ұшуды қалай басқаратындығы. Бұған дейін ғалымдар ұшатын құстардың миында көру аясы бойынша тепе-теңдікті сақтауға көмектесетін «саяхатты бақылау түйсігі бар» деп болжайтын.

Дакин тәжірибелерінің бірінде олар визуалды түрде жүгіруге арналған құрылғы болып табылатын нәрседен «тесіп» өтеді. Қызығы сол, олар тік жолақтар өздеріне қарама-қарсы бағытта қозғалған кезде де жылдамдығын түсірмеді.

Қанатты кеңге жаю

Анна колибриі Стэнфорд университетіндегі арнайы камераның ішінде ұшып жүр. Мұнда әрбір қанат қағысынан туындайтын майда толқын құрылғыға жазылады. Риверс Ингерсолл мен Дэвид Лентинк бұл құрылғыны жасап шығарардан бұрын зерттеушілер ұшатын құстардың күшін бағалайтын аэродинамика теорияларын қолдануға мәжбүр.


Бақылап отырған сәтте экранда жасыл нүкте пайда болды. Бұл колибридің қараңғыда ешнәрсе істемей қимылсыз отырғанын білдіреді. «Олар сенің ойыңдағыны істемеген кезде ашуланып кетесің. Көбіне солай», – дейді ол.

Дакин колибрилерде соғылудан сақтайтын үлкен денеден үрку инстинкті бар деп есептейді. Ол осы мәліметті компьютеріне енгізіп көріп еді экранда мыңдаған координат кемпірқосақ сияқты түрлі-түсті түске боялып, колибридің шапшаң өмір салтының он бес секундтық үш өлшемді түйіндемесімен тұтасып кетті.


Қызмет жолын зерттеуші-биолог болып бастаған ­ Б. Боррел жазушы, «Outside» журналының тілшісі. А. Варма – фотограф және «National Geographic» қоғамының перспективті зерттеуші грантының иегері.

Қан селі

$
0
0

2011 жылы «Зетас» картелі сатқындардан өш алу үшін Альенде және көршілес қалаларда жантүршіктірер жауыздық жасады: олардың қолынан кемінде 60 адам опат болды. Жаны жаралы тұрғындар үшін «өлі әруақтар» деп аталатын ата-бабаларды еске алу күні енді аза тұту күніне айналды.

Техас штатының шекарасына таяу Мексиканың бір қаласында қылмыстық топ жасаған қанқұйлы шабуыл мен оған себеп болған есірткі операциясы туралы куәгерлерден тікелей алынған деректер.

Автор: Джинджер Томпсон фото: Кирстен Люс

Альенде қаласында бір сұмдық жайт болғаны айдан-анық. Көшелері опырылған, ғимараттар қираған. Бір кездері көз жауын алған әсем үйлердің орнында енді шұрық-тесік қабырғалар, шытынаған шыны, сынған әйнек, құлаған баған қалдықтары шашылып жатыр. Қирандылар арасында жұлым­–жұлымы шыққан аяқкиімдер, тойға шақырту қағаздары, дәрі-дәрмек, теледидарлар мен ойыншықтар өткен өмірдің қалдықтары ретінде шаңға көміліп жатыр.

2011 жылдың наурызында Техас штатының шекарасына жақын маңда көлікпен жүргенде 23 мыңдай тұрғыны бар қалаға тұтқиылдан шабуыл жасалды. «Зетас» – әлемдегі ең қаніпезер, есірткі саудасымен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың бірі саналады. Ол ұйым мүшелері Альенде мен сол маңдағы басқа да қалаларда үйлер мен мекемелерді қиратып, талқандаған. Қаныпезер қарақшылар жүздеген еркек пен әйелді, балаларды ұрлап әкетіп өлтіргендіктен аққан қан аймақты «селдей шайып» өтті.

Бірақ Мексикадағы есірткі соғысы салдарынан күйреген басқа жерлерге қарағанда Альенде қаласындағы қанды оқиғаның ізі алыстан басталады. Есірткіге қарсы күрес басқармасы (ЕҚКБ) күтпеген жерден «соғыс» бастағанда жанжал алдымен АҚШ-та бұрқ ете қалды.

Адамдарды ажал құштырған сол шабуылда «Зетас» ұйымының қандықол қарақшылары мүлдем кінәсі жоқ ерлер мен әйелдерді, балаларды қоршауға алып, азаптап өлтірді. Опат болғандар арасында футбол матчын көру үшін досына қонаққа келген Эдгар Авила да бар-тұғын. Суретте: ол жұбайы Мариа Еугения Вела және қызымен.

Бұдан кейін басқарма тәуекелге бел буып, бұл ақпаратты құпия ұстауда беделі шамалы мексикалық полиция бөлімшесіне хабарлады. Көп уақыт өтпей-ақ, ағайынды қылмыскер — Тревинолар сатқындыққа ұшырағандарын біледі. Сөйтіп, күдік тудырған отбасы мүшелерімен байланыста болғандардан кек àлды.

Ағайындылар кей операцияларын осы араға таяу маңда жүргізумен қатар, есірткі мен қару сатудан түскен 10 миллион долларын осы аймақтан өткізетін, бұл қала олардың туған жері саналатын.

Осы қанды қырғыннан кейін көп жыл өтсе де, Мексика билігі қылмысты тергеуде жөн-жүйесіз шаралардың басын шалып қана қойды. Олар Альенде қаласында қаза болғандардың жеке басын толық анықтамастан монумент орнатты. АҚШ құзыретті органдары соңында Мексика полициясына ағайынды Тревиноларды ұстауға көмектесті, бірақ олар қанды оқиға жауапкершілігін мойындарына алған жоқ.

Бір жыл бұрын «ProPublica» мен «National Geographic» тілшілері осы сұмдықтың ауырт­пашылығын көтерген болатын. Ол кезде олардың бастары үлкен қатерге тігілсе де, оқиғаны өз сөздерімен айту үшін Коахуила штатындағы осы қалада ақпаратты жүйелеуге кірісті. Есірткі соғысы кезінде мұндай дауыстар көп естілмеген: жұмыс орындарын тастап қашқан жергілікті билік өкілдері, картель мен өз көршілерінің нысанасына іліккен отбасылар, көз алдарында достары мен отбасы мүшелері бауыздалғанына куә болған ЕҚКБ-мен байланыс­та болған ақпарат тасушылар, т.б. АҚШ прокурорлары тергеу шараларына жетекшілік етті.

Агент Ричард Мартинес қызметі туралы бас­тырмалай сұрағанымызда жанары жасқа толған бойы, креслосына күмп ете қалды. «Қатер туралы ақпаратты қалай қабылдадың дейсіз бе? Оны айтпай-ақ қояйын».

«Зетас» баскесерлері полиция учаскесіне, өрт сөндіру қызметі мен әскери бөлімше маңындағы ғимараттардың күл-талқанын шығарды. Қанды қырғын кезінде қала әкімі болған адам әлі күнге дейін осы маңда тұрады. Бастапқыда ол: «Ешқандай озбырлықты айғақтаушы нәрсе көрмедім», – деп хабарлаған.

Оқиға жөнінде

Осы мақаланы жазу үшін тәуелсіз «ProPublica», басылымы мен «National Geographic» журналис­терінен топ құрды. «ProPublica» басылымының аға тілшісі Джинджер Томпсон барлық тараптардан сұхбат алуға бірнеше айын жұмсады. Ал Кирстен Люс «National Geographic» атынан суретке түсірді. Мақалаға Мехикодағы фриланс-тілші Алехандро Ксаник те өз үлесін қосты.


ҚАНДЫ ҚЫРҒЫН

2011 жылдың 18 наурызында, жұма күнінің кешінде «Зетас» картелінің баскесерлері Альенде қаласына ағыла бастады.

Гуадалупе Гарсиа, зейнеткер, бұрынғы шенеунік: «Біз Лос Компадрес мейрамханасында отырғанбыз. Ішке екі адам кіріп келді. Олардың бұл жерден емес екенін бірден білдік. Түрлері өзгеше болатын. Шамамен, 18-20 жас аралығындағы бозбалалар. Олар өздерімен бірге ала кетуге 50 гамбургерге тапсырыс берді. Бір нәрсе болып жатқанын сол кезде түсіндік. Содан соң үйімізге қайтқанды жөн деп таптық».

Мартин Маркез, хот-дог сатушысы: «Сол күні кеште әлдебір түсініксіз нәрселер бола бастады. Қалада қарулы адамдар пайда болды. Олар үй-үйді тінтіп, өздеріне қастық жасағандарды іздеп жүрді. Түнгі 11 шамасында көшелерде қозғалыс тоқтады. Жыбырлаған пенде жоқ еді».

Этельвина Родригес, мұғалім және құрбан болған Эверардо Элизондоның жұбайы: «Жолдасым Эверардо, әдетте, үйге сағат кешкі 7-7.30-да келетін. Сондықтан мен оны үйде күтіп отырдым. Уақыт сырғып жатты: 7, 7.30, 8, 9. Мен оған қоңырау шалуды жиілеттім. Телефоны өшірулі болды. Бәлкім, анасының үйінде болар, ал телефонының қуаты біткен шығар деп те ойладым. Сосын анасына телефон соқтым. Ол ұлын көрмегенін айтып: «Мүмкін достарымен жүрген болар», – деді. Бірақ мен сол сөзге нана қоймадым. Сондықтан оны іздеп сыртқа шықтым.

Арада жылдар өтіп, «Зетастың» басшылары түрмеге қамалғанда ғана полиция іске кіріскендей болды. Пьедрас Неграстағы ресми билік барлық шенеуніктерді жұмыстан қуды. Жағдайың оңалғанына сенбеген жұрт әскерден қала көшелерін аралап тұруын өтінді.

Кешкі сағат тоғыз еді, бұл тым кеш саналмайды әрі бұл жұма күні болатын. Қала сілтідей тынған».

Альенде тұрғындары үшін заңсыздық таныс емес жағдай саналмайды. Қала АҚШ шекарасына жақын орналасқандықтан, тұрғындар апта соңы Техас штатындағы Eagle Pass қаласындағы сауда үйінде сауда-саттық жасауға барып қайтатын, өз ауылдарында тыныш жүретін, контрабандамен айналысатын адамдар мұнда бұрыннан бар-тын. Алайда 2007 жылы «Зетас» ел ішіне еніп, аймақ түрлі қылмыс ордасына айналды. Бопсалау, қорқытумен айналысқан қылмыстық топ өкілдері – жергілікті полицияны, қала әкімдігі, тіпті шекарадағы кеден бекетінің де тізгінін қолға алды.

Олар жергілікті қыздарға үйленіп немесе тұрғылықты адамдармен кәсіп құрып, қоғамға сіңісіп кетті. Кейбір тұрғындар, соның ішінде фермерлер мен көмір шахталарының қожа­йындарынан құралған беделді қауым мүшелері картель құрамына енді.

Бұл байланыс кесірінен өлім-жітім көбейіп кетті. «Зетастықтар» «сатқын» деп күдіктенгендер арасында (артынан ол қате болып шықты) ақпарат тасушы кіші Хосе Луис Гарза бар еді. Қарулы қылмыскерлер тиелген жүк көліктері Альенде қаласына келгенде олардың алғашқы тоқтаған жерлерінің бірі – қаладан бес шақырым жердегі, жарығы көмескі екі жолақты жол бойында орналасқан Гарзаның әкесі Луистің ранчосы болатын. Түн жамыла ранчоның үлкен қоймаларының бірі отқа оранды, ішінде картель өлтірген адам мә­йіттері жатқан болатын.

Қираған үй. Бульдозерлер күреп тастаған мына зәулім үй бұрынғы әкім тұратын көшедегі орталық алаңда орналасқан.

Сара Ангелита Лира, фармацевт және құрбан болған кіші Родолфо Гарзаның жұбайы: «Жолдасым Родолфо үйге келді. Ол маған: «Басым сынып барады, душқа түсіп алайын», – деді.  Жаңа көмір шахтасын ашып жатқандықтан, үсті-басы қара күйе еді. Аздан соң телефоны шырылдай бастады. Ол ұйықтап қалған шығар деп ойлағам, бірақ ол жатын бөлмеден шыға келді. Киініп алған. Маған бұрын болмаған бір кейіппен көз тастады. «Үйден шықпа, – деді ол маған. – Бір нәрсе болып жатыр. Не екенін білмеймін. Бірақ үйден шықпа. Мен қазір келемін».

Шамалыдан кейін Родолфо маған қоңырау шалды: «Үйден шық», – деді ол. Ол маған: «Немере ағамнан қызымыз София мен мені анам­ның үйіне апаруын сұра», – деп айтты.

Құс ұясы. «Зетас» ұйымының бір мүшесі мұнда экзотикалық жануарлар асыраған. Тұрғындар бұл жерді la casa de los pájaros, яғни «құс ұясы» деп атайды.

Көкесі Луистің ранчосы отқа оранып жатты. Қақпасының сыртында қарулы адам қарасы көп еді. Әпкесі телефонға жауап бермеді. Әкесі де. Ол қарамағында істейтін жұмысшысы Пилоны не болып жатқанын көріп қайту үшін қақпа жаққа жіберді. Пило – жауынгерлік парызын өтеген жігіт. Қарулы қарақшылар қақпаны ашып, Пило ішке кірді. Бірақ ол жерден қайтып шықпады.

Родолфоның жаны жай таппады. Ол ата-­анасын таба алмай жатқан. Енді жұмысшысы да жоқ болып кетті. Ол маған ранчоға арт жақтан кіретінін айтты.

Бірер минуттан кейін маған қайтып соқты да: «Альендеден кет. Немере ағаңа айт, сені Игл Пасс­қа апарсын. Заттарыңды алмай-ақ қой. Жылдам кет», – деді.

«Зетас» үйі. «Зетас» картелінің мүшесі тарапынан үйленуге үміт етіп, сүйіктісіне арнап салып жатқан мына үйдің құлатар алдында құрылысы аяқталып қалған болатын.

Эваристо Тревино («Зетас» көшбасшыларына еш қатысы жоқ), бұрынғы өрт сөндіру қызметінің басшысы: «Менің қарамағымдағы қызметкерлерге Гарза ранчоларының бірінде өрт шыққаны жөнінде хабарлама келіп түсті. Ол Альендеге үш шақырымдай жетпейтін. Гарза отбасы жиналып жатқандай көрінді. Алғаш өрт сөндіруге барғандар резервтік индукторлық қозғалтқышы бар бригада еді. Олар қылмыс­тық топтарға қатысы бар адамдарды байқаған. Әлгілер қару кезеп, дөрекі тілмен ол жерден тайып тұруларын бұйырған. Олар оқиға саны көбейетіндігін айтты. Бізге оқ ату, өрт және сол сияқты оқиғалар хабарлайтын апат қоңыраулары артатындығы түсінікті болды. Олар бізге қоңырауға жауап бермеуді бұйырды.

Өрт сөндіру қызметінің басшысы ретінде өзімнің басшыма хабарластым, ол осындай жағдайда қала басшысының міндетін атқаратын. Оған басымыздағы жағдайда қолымыздан келетіні қауіпті жерлерден ұзақтау тұру керек екенін айттым. Қарулы адамдар саны тым көп болатын. Біз өмірімізге алаңдадық.  Себебі біздің сауыттарымыз қаңғыған оққа қарсы дәрменсіз еді».

Қарулы топ Пьедрас Неграс қаласына де­йінгі 55 шақырым жол бойында кезіккендерді қырып-жоя отырып, Альендеден тегіс жазықтықпен солтүстікке қарай жылжыды. Бұл Рио Гранде өзені бойында орналасқан құрас­тырушы фабрикалары бар лас қала болатын. Қылмыскерлер құрбандарының көбін Гарза ранчоларының біріне әкеп тоғытты. Олардың ішінде 15 жасар Джерардо Хит пен 36 жастағы Эдгар Авила да бар болатын. Екеуінің картельге де, ЕҚКБ-ға да жұмыс істейді деп күдіктенгендерімен еш байланысы жоқ-тұғын.

Құрбандардың көбі Альенде қаласы сыртындағы Гарза әулетіне қарасты ранчоға әкелінген. Картель осы құрал-саймандар мен мал жемі сақталатын қойманы мәйіт өртейтін пешке айналдырған деседі. Бетон еденде күл шашылып жатыр.

Клаудиа Санчес, мәдени байланыс жөніндегі директор және марқұм Джерардо Хиттің анасы: «Түнгі 10-дар шамасында жолдасым үйге нешеде келетінін білу үшін Джерардоның ұялы телефонына қоңырау шалды. Ол жауап бермеді. Жолдасым қайта соқты. Тағы да жауап жоқ. Біраздан кейін біреулер есік соқты. Келгендер Джерардоның мектептегі достары екен. Түрлері құбыжық көргендей. «Не болып қалды? Джерардо қайда?»

Балалар: «Олар оны алып кетті», – деді.

«Не айтып тұрсыңдар? Кім алып кетті?»

Балалар көршілеріміздің үйлері алдында Джерардо мен көршілерімізді көргенін айтты. Қарулы адамдар тиелген жүк көлігі келіп, көршілер мен Джерардоны күштеп көлікке мінгізіп алып кеткен. Балалар әлгі адамдарды тани алмағандарын айтты. Қолдарында қарулары болғандықтан ешнәрсе істей алмаған.

Бірер минутта біз Пьедрас Неграс әкіміне қоңырау шалдық. Тойда жүр екен. Ол басымыз­ға түскен жағдайдан төбе шашы тік тұрғанын, бірақ қолынан еш нәрсе келмейтінін айтты.

Заңгер Мариа Евгения Вела Эдгар Авиланың жұбайы: «Эдгар қоңырау шалып, досы Тоно футбол матчын көруге шақырып жатқанын айт­қан кезде мен жұмыста жаза кесу туралы екі хаттамаға судьяның қол қоюын күтіп отырған едім. Аяғым ауыр болатын, сондықтан үйіме жеткенше сілікпем шықты.

Клаудиа Санчестің 15 жасар ұлы Джерардо Хитті қарақшылар өлтіріп тастаған. Оның есірткіге еш қатысы жоқ еді. Билік өкілдері оның қалдықтарын да таппады. Олар Санчес ханымға Луис Гарзаның ранчосында қалған күл толтырылған құтыны берген. Анасы болса ол құтыны мына мүрдеханаға қойған.

Түн ортасында оянып, Эдгардың әлі үйге келмегенін байқағанымда сағат екі болатын. Қоңырауларымның ешбірі қабылданбады. Оның қоңырау шалмауынан секемдендім. Эдгар үнемі хабар беретін.

«Сол күні мені де ұрлап кеткендей болды. Олар біздің келешегімізді, армандарымыз бен қиялдарымызды күйретті, бейбіт өмірімізді құрдымға жіберді.

Мариа Еугениа Вела, заңгер, құрбан болған Эдгар Авиланың жұбайы.

Түннің қалған бөлігін креслода өткіздім. Сонда отырған күйі оны таңғы 6.30-ға дейін күттім. Одан соң әпкеме телефон соғып, оның үйге келмегенін айттым. Содан қасыма әпкем мен қайнымды ертіп алып Тононың үйіне бардым. Ол жерде ешкім жоқ болып шықты, бірақ мұнда төбелес ізі қалған: үйдің астаң-кестеңі шыққаны көрініп-ақ тұр».

Келесі күні таңда, яғни 19 наурыз – сенбіде қарулы топ ауыр техникаларды шақыртып, оларға аймақтағы ондаған үй мен мекемелердің ғимараттарын сүруді бұйырды. Талтүсте әкімшілік кеңселер, полиция учаскелері және әскер бекеттеріне тиіп тұрған көбіне ауқаттылар ғана тұратын аудандарда мүліктер талан-таражға түсті. Қарулы топ мүшелері қалалықтарды қалаған заттарын алуға шақырып, тонау­ға итермеледі.

Родригес, құрбан болған тұрғынның жұбайы: «Барлығы сенбі күні басталды. Қатар-қатар болған жарылыстардан кейін үйлерге белгісіз біреулер баса-көктеп кіріп, тонай бастады. Басыма келген жалғыз ой Эверардоның қайда жүргендігі еді. Сол күнді оны іздеумен және адамдардан: «Не естідіңіздер?» – деп сұраумен өткіздім.

Бір адам: «Қарулы адамдарды көрдім», – деді. Тағы біреуі: «Қоймалар әлі де от құрсауында. Тегершік жанғандай қап-қара түтін будақтап жатыр. Ал оның қою түтіні зәреңді алардай», – деді.

Жолдасыммен бірге жұмыс істеген біреу маған қоңырау шалды. Күйеуім төбелескіш әтеш өсірумен айналысатын. Бұл аймақта әтеш төбелестіру – адамдардың сүйікті ермегі. Ол толық емес жұмыс күні кестесімен Хосе Луис Гарзаның қарамағында істейтін. Таңда және түс қайта үй жануарларына жем беру үшін ранчоға баратын.

Әлгі адам маған: «Ранчода сұмдық жағдай болып жатыр. Ол жердегілерге не болғанын білмеймін», – деді. Мен: «Сіз не айтып тұрсыз?»  – деп сұрадым.

Ол өткен түні жолдасыммен бірге істеген бірнеше адам үйлеріне оралмағанын айтты. Олардың бірі – трактор жүргізушісі, тағы бірі – алаң сулаушысы болған. Ешбірі үйлеріне қайтпаған.

Мен: «Жарайды, енді не істейміз? Қане, оларды іздейік», – дедім. Ол: «Жақындаушы болма, әйтпесе, сені де алып кетеді», – деді.

Болған оқиға әлі күнге көз алдымнан кетпейді: адамдар қоймаларды бұзып кіріп, жем салған дорбаларды, тотықұстар мен торларды, шамдарды, асүй үстелі мен төсеніштерін әкетіп жатты.

Бәрінен бұрын есімде қалғаны титімдей мотоцикл айдап бара жатқан әлдекімнің артына мінгескен бір әйел еді. Ол төсек жаймасын дорба қылып, түйіп алыпты. Санта Клаус секілді ішіне зат толтырып алған. Екінші қолында – шам. Мотоцикл аударылып кететіндей болса да, олар текке келген олжаларына мәз-мейрам.

«Зетас» ұйымы қырғын кезінде бақылауына алған Пьедрас Неграстағы мемлекеттік түрмеде барабан мен кернейлі әскери жаттығу жүріп жатыр. Сотталғандар билік өкілдеріне картельдің бұл түрмеге еркін кіріп-шығып жүрген, жылдар бойы оны тығылу мен адам өлтіру орны ретінде пайдаланғандарын айтады.

Маркез, хот-дог сатушысы: «Менің түрлі ескі-құсқы заттарды жинап, сатумен айналысатын екі досым бар еді. Олар ранчоның өртеніп жатқанын және қожайындары кетіп қалғанын естіп, әкелі-балалы екеуі алуға тұрарлық зат іздеп ранчоға барған. Олар жол жиегінде үлкен мұздатқыш көргендерін айтады. Соны алып кетпек болады, бірақ мұздатқыш тым ауыр болған екен. Әкесі: «Ішіндегісін төгіп тастайық», – деген. Мұздатқышты ашып қалғанда ішінен екі бірдей мәйіт шыққан. Олар қаша жөнеліпті».

Эваристо Родригес, мал дәрігері және сол уақыттағы Альенде қаласы әкімінің орынбасары: «Қала кеңесінің барлық мүшелері кездесті. Бұл ресми жиналыс емес-тұғын, бірақ оған кеңес мүшелерімен, қоғамдық қауіпсіздік директоры да келді. Онда мәселе көп еді. Ең негізгі мәселе: «Не болып жатыр?» «Неге?» Біз оқ атылып, адамдар жоғалып, кісі өлімінің жиілегенінен хабардар едік.

Не істеуіміз керектігі жөнінде көп сұрақ туындағанына қарамастан, ешкім мойнына жауапкершілік алғысы келмеді. Кеңес мүшелерінің бірі: «Басымызға бәле тілеп алмай тұрып бұл жерден қаша­йық», – деді.

Менің қаһарман көрінгім келмеді, бірақ тым болмағанда адамдар тастап кетпегенімізді көрсін деп кеңседе қалу керектігін ойладым. Бірақ барлығы үйлеріне қайтпақ ойда. Ол түсінікті де. Себебі әрқайсысының ойлағаны тек өз отбасының қамы еді.

Басымыздан өткен жағдайлардан соң ешкімге сенбейтіндей күйге түстік. Біз үкіметтің екіжүзді екенін түсіндік: ресми және қылмыстық. Билік – соңғысының қолында. Біз полицияның қылмыс­тық топтардың уысында екенін ұқтық.

Қоғамдық қауіпсіздік директоры бізге: «Бұл – олардың шаруасы», – деді. Басқа еш нәрсе айтқан да жоқ. Түсінгенім сол – тергеме де араласпа, еш нәрсе жасама.

Лира, құрбан болған адамның жұбайы: Родолфомен соңғы рет телефон арқылы түсте он бес минут қана сөйлестім. Дауысынан қатты шаршағаны сезіліп тұрды. Ол ата-анасынан еш хабар алмаған екен. Мен оған оның қолынан келгеннің бәрін жасағанын, енді София екеумізді ойлауы керектігін айттым. Оған Игл Пассқа келуін өтініп, жалындым. Ол: «Жарайды, мен жолдамын», – деп жауап берді.

Одан кейін қайтып дауысын естімедім.

Санчес, құрбан болған адамның анасы: «Әлдекім балаңды ұрлап кеткенде не істеуің керектігі жөнінде ешбір кітапта жазылмаған. Алғашқы қадам деген түсінік жоқ. Есіңіз ауады. Қашқыңыз келеді, бірақ қайда барарыңыз­ды білмейсіз. Айғайлағыңыз келеді, бірақ тыңдайтын адамның бар-жоғын да білмейсіз. Бөлелерімнің бірі мұны Facebook желісіне қоюымды ұсынды. Осылайша, мен: «Ұлымды қайтарыңыз­даршы. Оның қайда екенін білетіндер болса, үйге жіберіңіздерші», – деп жаздым.

Бүгінде «Зетас» ұйымының Коахуила штатындағы ықпалы әлсіреп, Альенде қаласына тыныш өмір қайта оралды. Жүздеген адам өткен күзде кабалгата, яғни ковбойлар парадына жиналды. Ол 2-3 күн жалғасып, осы аймақтағы бірнеше ранчода қатар өтіп, кешкі родеомен аяқталады.

Желіде «ProPublica» және «National Geographic» басылымдары осы оқиғаны желіге шығарды. Оқу үшін мына сілтемені көріңіз: ngm.com/Jul2017.


ОПЕРАЦИЯ

Бірнеше ай бұрын, Даллас маңында Есірткіге қарсы күрес басқармасы Too Legit to Quit операциясын бастады. Операция барысында полиция пикап көлігінің бензин багіне жасырынған герметикалық орамада 802 000 АҚШ долларын тапқан. Жүргізуші El Diablo, яғни «әзәзіл» деп аталатын адамға жұмыс істегенін айтқан.

Қамауға алынғандар көбейгеннен кейін ЕҚКБ агенті Ричард Мартинес бен АҚШ адвокат көмекшісі Эрнст Гонзалес «әзәзіл» деген лақап атты Далласта туған 30 жастағы кіші Хосе Васкес екенін анықтаған. Ол есірткі сатуды орта мектепте жүргенде бастаған және шығыс Техаста «Зетас» ұйымының кокаин тарату ісін басқарып жүрген. Ай сайын есірткі, қару-жарақ және ақша тиелген көліктерді жөнелтіп отыр­ған. Оны ұстауға дайындалып жатқан кезде Вас­кес Альенде қаласынан қашып шығып, ол жерде картельдің ішкі тобы мүшелерінен өзін қорғауын сұраған.

Бірақ Мартинес бен Гонзалес оның қашып кетуіне «пайдалануға болатын мүмкіндік» деп қарады. Егер Васкесті көмектесуге көндіре алса, олар картельдің алынбас қамалындағы жоғарғы деңгейлеріне қол жеткізіп, Z-40 және Z-42 деген лақап атпен белгілі ұйым көшбасшылары, ЕҚК басқармасының қылмыскерлер тізімінде бастап тұрған ағайынды Тревиностарды ұстап алу мүмкіндігін тудырар еді.

Мартинестің ойлағаны ағайынды Тревиностардың BlackBerry ұялы телефондарының жеке идентификациялық нөмірлері (PIN) болатын. Агенттің қолында Васкеске қарсы амалдары болатын: оның әйелі мен анасы әлі де Техаста тұратын.

Кіші Хосе Васкес, сотталған «Зетас» ақпарат тасушысы: «Таңғы сағат алтыларда әйелім қоңырау шалды. Маған айтқаны: «Үйіміз қоршауда».

– Қалай қоршауда?

– Айнала толған полиция.

– Ендеше, тыңда. Олар мүмкін сені қамауға алғалы жатқан болар. Мен адвокатыма бір қоңырау жасайын. Сенің аузың берік болсын. Сабыр сақтауға тырыс. Сені шығарып аламыз.

Осыдан кейін Ричард (Мартинес) сол жерден маған қоңырау шалды. Ол менің әйеліме дауысымды естірту үшін телефонның дыбыс ұлғайт­қышын қосты.

Ол маған оны қамауға алатынын айтты. Мен қоқан-лоқы көрсетіп тұр деп ойладым да: «Істеуің керек болғанды істей бер», – дедім».

Эрнест Гонзалес, АҚШ-тық адвокаттың көмекшісі: «Басында Хоседен беріліп, басқармамен бірге жұмыс істеуін сұрадық. Оған «Зетас» қылмыстық ұйымының құрылымын айтқызбақшы болғанбыз. Біз соған да шүкір дер едік, өйткені оның Мигель мен Омарға қаншалықты жақын екендігінен бейхабар болатынбыз. Біз тек оларды ұстауды ойластырдық.

Хосе берілуден бас тартқанда біз оның әйелін құрбан ететіндігін, сондықтан оны қысып немесе басқаша басқару тетігін қосу керек екенін түсіндік.

Ричард оған: «Анаңды соттаймыз», – деді.

Васкес, сотталған «Зетас» ақпарат тасушысы: «Мен оған: «Дәл қазір шекараға келемін, одан өтіп сендерге берілемін. Мен сендермен құр босқа шатыспаймын. Барлық қамауға алу туралы құжаттарыңа қол қоямын. Түрмеге ұзақ уақытқа қамаңдар. Бірақ әйелім мен анамды босатыңдар», – дедім.

Ол: «Бері қара, әйелің мен анаң түрмеге отыр­масын десең, бізге көмектесуің керек», – деді.

Мен: «Ричард, мен көмектескім келмейді. Мұның соңы біраз адамның өлімімен аяқталады», – дедім.

Оның айтқаны: «Саған бар айтарым сол, егер бізге көмектеспесең, олардың ісі сенімен болады».

Ричард Мартинес, Есірткіге қарсы күрес басқармасының агенті: «Менің қалағаным нөмір болатын. Біздің үмітіміз «Зетас» басшыларын ұстау еді. Оларды қолға түсірудің ең ықтимал жолы әлгі нөмірлерді білу болатын.

Іс насырға шапқанда бұл жігіттердің көбі Құрама Штаттардан қашатыны белгілі. Бірақ сіз ол жерде туып-өскен болсаңыз, бұл Америка ғой, әлемдегі ең керемет ел. Отбасыңыз осында тұрса, олармен бірге болғыңыз келеді. Мен Хосе ойын аяқталғанын түсінген кезде бізге көмектесу үшін істеуі керек болғанның бәрін істейді деп ойладым. Қолда мүмкіндік барда, оны қыспаққа алуды жөн көрдім.

Васкес, сотталған «Зетас» ақпарат тасушысы: «40 пен 42-нің және басқа барлығының нөмірлерін біліп алдым. Мен олардың ол сандарды не істейтінін білмедім. Сол сандардың көмегімен олардың телефон арқылы сөйлескендерін жазып алатын болар немесе тағы сондай бірнәрсе шығар деп ойладым. Олай етпеулерін сұрадым, өйткені бұл көп адам қанының ағуына себеп болатын еді. Оның үстіне, мен әлі де сол жерде болатынмын. Әлі де сол адамдардың ішінде жүрген едім. Олар жібермейтінін, Ричард өзіне сенуім керектігін айтты.

Васкес ЕҚК басқармасына PIN нөмірлерін алып бергеннен кейін үш апта өткенде картельдің көшбасшылары іштерінен әлдекімнің оларды сатып кеткені жөнінде хабар алады. Құқық қорғау органдарындағы осы іске жақын тұлғалар Мехико қаласындағы ЕҚК басқармасының басшысы PIN нөмірлері туралы ақпаратты Мексиканың федералдық полиция тобына берген. Бұл – Құпия тергеу бөлімшесі деген атпен белгілі, ЕҚК басқармасы оқытып, дайындаған топ. Бірақ бұл топ әлі де болса ақпаратты қылмыстық топтардан құпия сақтауға дәрменсіздеу еді.

«Зетастықтар» үшін күдіктілер тізімін қысқарту қиынға соқпады, өйткені олардың PIN нөмірлерін көре алатын адам қарасы аз болатын. Олардың арасында Тревинолардың Коахуиладағы оң қолы Марио Альфонсо «Пончо» Суеллар мен Суеллардың оң қолы Гектор Морено бар еді.

Суеллардан жасырын Морено PIN нөмірлерін Васкеске берген еді. Бұл оның «қарызының» қайтарымы.  Бензин багінде 802 мың АҚШ дол­лары жасырылған жүк көлігімен ұсталған адам Васкестің інісі Гильберто болатын. Түрмеге

20 жыл жататындығы айтылғанда, Гильберто өзінің «Зетас» ұйымына қызмет ететіндігін, ал ақшаның Тревинолардікі екенін мойындаған еді. Васкес Гильбертоға өкілдік етуі үшін заңгер тауып, картельде ешбір адамның оның мойындағанын білмеуіне уәде берді.

Марио Альфонсо «Пончо» Суеллар, «Зетас» ақпарат тасушысы: «Мәселенің ушығатынын қайдан білейін? Өйткені мен картель үшін

596 келі кокаинды сақтайтынмын және «қырық» оны алып кету үшін маған бір адамын жіберді. Бұрын да талай мәрте осылай істегенін көргенмін. Ол ұйымдағы біреуді өлтіре­йін дегенде алдымен өздерінің тауарларын қайтарып алуларына көз жеткізетін.

Ол маған үстіне толтырып бақа суреті салынған фотосын жіберіпті. Астына: «Мына сұмырай бақалар мені сатып кетті», – деп жазыпты. Олар сатқындарды «бақа» деп атайды.

Мен оған қоңырау шалып: «Не болып жатыр?» – деп сұрадым. Нақты жауап бермеді. Оның бар айтқаны: «Кездесуіміз керек. Кейі­нірек қайда боласың?»

Мен ат жолағында болатынымды айттым. Бірақ ол жерге бармадым Бір-екі адамыма қоңырау шалып, ол жерге барып не болып жатқанын көріп қайтуларын сұрадым.  Олар әлгі жерге барған соң маған: «Шаруаң бітті», – деді. Ол жерге «қырықтың» бір адамы барып мен келмегендіктен, атымды айтып, қарғап жүр екен. Сол сәтте кету керектігін ұқтым.

Достарыма қоңырау шала бастадым. Оларға кетулері керектігін ескерттім. Өкінішке қарай, ешқайсысы сөзіме құлақ аспады. Мені таба алмаған соң, «қырық» олардың ізіне түскен.

Васкес, сотталған «Зетас» ақпарат тасушысы: Гектор (Морено) маған қоңырау шалып, тозақтың жарылғанын айтты. Ол менен әлгі нөмірлердің қайда екенін сұрады. Мен оған нөмірлерді ЕҚК басқармасына бергенімді айттым.

Ричардқа (Мартинес) қоңырау шалып: «Нөмірлерді не істедің?» – деп сұрадым. Ол: «Бауырым, ол Мексикаға кетті», – деді.

– Бұған қалай жол беріп қойдың? Олар Мексикаға кетер болса, не болатынын айтып едім ғой, – дедім.

Ричард: «Бауырым, мен емес. Мен жіберген жоқпын. Жоғарыдан. Бастығым жіберді. Олар Мексикадағы достарына сеніп, нөмірлерді сонда жіберген», – деді.

Васкес, Морено және Суеллар қырғын басталған кезде АҚШ-қа қашып, қайтарымына жаза жеңілдігін алу шартымен АҚШ құқық қорғау органдарына көмектесуге келіскен. Олардың Альенде қаласында болып жатқан сұмдық жайттар туралы айтқандарынан АҚШ құзыретті құпия ақпараттың жа­йылуынан туындаған қырғын туралы хабардар болды.

Гонзалес, АҚШ-тық адвокаттың көмекшісі: «Мен оған мұның далбаса екендігін айттым. Істі бұлайша жүргізуге болмайды. Біздің қолымызда ана адамдарды ұстап алатын ақпарат болды. Бірақ оны басқара алмағандықтан, еңбек зая кетті. Ал олжамыз – бәрінің быт-шыт болып талқандалуы».


«Әлдекімнің қазаға ұшырау ықтималдығы әрқашан да жоғары. Бірақ мұндай нәрсеге іс жүзінде қатысты болу күйзелтеді».

Эрнест Гонзалес, АҚШ-тық адвокат көмекшісі.

ОҚИҒА САЛДАРЫ

Жылдар бойына Мексикадағы штаттық және федералдық билік өкілдері осы оқиғаны тергеуге шынайы талпыныс көрсетпеді. Қаза болғандар мен жоғалғандар саны ресми 28-ден құрбан болғандардың туыстарына қолдау көрсететін ұйым келтірген деректер бо­йынша 300-ге дейін өзгерген еді. Ал «ProPublica» мен «National Geographic» журналистерінің анықтауынша, бұл көрсеткіш — 60 адам.

Отбасылар ішінде ең көп «құрбандыққа шалынған» Гарза әулеті еді. Бұл отбасының 20 мүшесі өлтірілді деп есептеледі, соның ішінде 81 жастағы Оливиа Мартинес де ла Торре мен оның жеті айлық шөбересі Маурисио Эспиноза да бар-тұғын. Сәбидің сол кезде үш және бес жаста болған бауырлары Эндриа мен Артуро Эспиноза ата-аналары өлтірілгеннен кейін, Пьедрес Неграстың балалар үйіне жіберілген.

Эльвира Эспиноза, қонақүй қызметкері және Эспиноза балаларының әжесі: «Эндрианың айтуынша, оларды бір жердегі шатыры жоқ үйлерге көлікпен апарған. Адамдар оның анасын, әжесін және үлкен әжесін көліктен шығарып, алып кеткен. Олар балаларға: «Осында қалыңдар. Біз тек сөйлесіп келеміз», – деп кеткен».

Адамдар оларды сол жерде ұстап, тыныштық сақтау керектігін айтқан. Жылауға болмайды. Эндри сәбидің жаялығын ауыстырып, емізігін берген.

Әлгі адамдар Артуро, Маурисио үшеуін Пьедрас Неграсқа әкелгенге дейін ол жерде қанша күн ұстағандары есінде жоқ. Эндрияның айтуынша, адамдар Артуро екеуін саябақта қалдырып, Маурисионы өздерімен алып кеткен.

Эндриа болған жайтқа өзін кінәлайды. Ол: «Мен күштірек болғанымда, Маурисио бізбен қалар еді», – дейді.

Санчес, құрбан болған баланың анасы: «Олар (Коахуила штатының әкімшілігі) маған хабар берген кезде, буындарым босап кетті. Олар маған Джерардоның ранчода өлтірілгенін айтты. Мен: «Сіздер оның Джерардо екеніне сенімдісіздер ме?» – деп сұрадым.

Олар куәгерлердің ол жерде үш баламен бірге бір отбасы болғанын, ал балалардың бірі менің ұлым екенін жеткізді. Олар ұлымның жылағаны әлгілердің жүйкесіне тие бергендіктен, атып тастағанын айтты. Осы сәтте аспан айналып жерге түскендей күй кештім. Зәресі ұшып, жылап тұрған 15 жасар баланы қалай ғана өлімге қиды екен?

Ресми өкілдер не қалайтынымды сұрағанда, мен баламның мәйітін әкелуін өтіндім. Олар болса мұның қиын болатынын айтты, өйткені ұлымның денесін басқаларымен қосып өртеп жіберіпті. Олар маған көрсеткен бар көмегі оқиға орнында қалған күл-қоқысты алып келді. Мен әлгі жерге барғым келетінімді меңзегенімде, ол жердің қауіпті екенін айтты. Ал мен болсам ол жерге міндетті түрде бару керектігін айтып тұрып алдым. Осылайша, олар бізді фургонмен сол жерге апарды.

Ол жердің соншалық жақын болғаны өзегімді өртегендей болды. «Джерардо мықты бала еді ғой, мына жерден сытылып шыққанда үйге оңай жетер еді ғой», – деп ойладым.

Ағайынды Тревиноларды ақыры 2013 және 2015 жылдары Мексика теңіз күштері қолға түсіреді. Сол уақыттан бері картельдің Коахуиладағы ықпалы бәсеңсіп, Альенде қаласының түнгі өмірі қайта оралды.

Есірткіге қарсы күрес басқармасы ағайындылардың қолға түсулері өздерінің ықпалымен жүзеге асқанын айтады, бірақ олар PIN нөмірлері туралы ақпарат «Зетасқа» қалай жеткені жөнінде тіс жармайды. Мартинестің Далластағы бастығы Терранс Коул мен кейін ЕҚК басқармасы оқытып дайындаған Мексика федералдық полиция бөлімшесінде байланыс қызметшісі болып қызмет еткен Пол Нирим сұхбат беруден бас тартты.

Алайда Мартинес келісті. 2011 жылы беделді агент болған Мартинес қазір тоқ ішектегі қатерлі ісік ауруына шалдыққан. Оның осы індеттен құтылу үшін түрлі ем-дом қабылдаса да, пайдасы болмаған. Мартинес сөйлеп жатқан кезде, Баер «Зетас» ұйымының басындағылар түрмеде екенін және басқарманың операциясы аяқталғанын ескертіп, әңгімеге араласып отырды.

Гонзалес, адвокат көмекшісі: «Әрине, болған жайтқа көңілім құлазиды. Мұндай жұмыстың өз салдары болады.

Мақсатымыз мақтануға тұрарлықтай еді: қылмыскерлерді құрықтап, оларды адам өмірін қиюларын тоқтату үшін түрмеге қамау.

Мартинес, ЕҚК басқармасының агенті: «Мен тәуекел еттім. Солай ету керек деп ойладым. Қолымнан келгенінің бәрін істедім. Құпия ақпаратқа қол жеткізіп, оны тапсыру мүмкіндігіне ие болдым. Қол жеткіздім де. Мексикаға барып, істі басқара алмайтын едім».

Расс Баер, ЕҚК басқармасының өкілі: «Мексикадағы оқиғаға және компромистің салдарына қатысты ЕҚК басқармасының ұстанымы мынадай: Барлығы – Омар мен Мигель Тревиноның мойнында. Олар бұл оқиғадан бұрын да адам өлтіріп келген. Олар нөмір берілгеннен кейін де кісі өлтірді».

Қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып, көңіл айтамыз. Бірақ бұл жерде ЕҚК басқармасы «қылмысты ауыздықтады» деу еш ақылға сыймайтын секілді.


Джинджер Томпсон, Пулитцер сыйлығының иегері, тілші, Мексика туралы жазған. Бұрын New York Times және Baltimore Sun корреспонденттік пунктінің басшысы болған. Кирстен Люс АҚШ-Мексика шекарасы бо­йындағы өмірді 10 жыл бойына суретке түсіріп келеді.

Өзен өліп қалмасын!

$
0
0

Цинхай провинциясының басшылары Сары өзен бассейніндегі Нгоринг көлі деңгейінің көтерілуі «атқарылған экологиялық шаралардың жемісі» деп сендіреді. Бірақ ғалымдар мұның себебі климат өзгерісі – мәңгі мұздықтардың еруі, жаңбыр мен қар суының молдығынан деп есептейді.

Мәтін, фото: Ян Тен

Қытайдың қарыштап дамыған экономикасы Хуанхэ өзеніне кері әсер етуде. Қазақша «Сары өзен» дегенді білдіретін бұл су елдің ірі табиғи ресурстарының бірі саналады.

«Сары өзен» сағасына таяу Дуньиң қаласы маңындағы табиғи қорық тыныш қана маужырап жатыр. Шығыс Азия-Аустралия жыл құстары жолындағы маңызы зор тұрақ сол маңдағы мұнай кен орнының игеруі салдарынан залалға ұшырап отыр.

Келбетіне көз салсаңыз, шексіз кеңістік елестейді. Алайда ол үнемі өзгеріске ұшырауда. Әсіресе, Қытайдың солтүстік жазығы. Империалық дәуірден Маоцизм кезеңі және соңғы реформаларға дейін қытайлықтар табиғатты өз ырқына бағындыруға тырысып келеді. Адамзат пен табиғаттың арпалыс ізі өткен күндерден белгі беріп тұрғандай…

Мен Қытайдың көмір өнеркәсібі мен оның елге пайдасына арналған бұл жобаға 2011 жылдан бері қатысып келемін: жұмысымыз – Қытайдың солтүстік аумағын кесіп өтетін «Сары өзен» ахуалын бақылап, экономикалық, саяси және экологиялық жағдайы мен ролін ұдайы қағаз бетіне түсіру.

Қытайдағы ауыр өнеркәсіптің басым көпшілігі мен ауылшаруашылығы саласы (шамамен 40%) елдің солтүстік жазығында шоғырланғандықтан, ондағы табиғи ресурстардың аймақты бақылау мен басқаруда ықпалы зор. Ол аумақтарда орын алатын қандай да бір жағдайлар әлемге тікелей әсер етеді.

«Сары өзеннің» бір сағасында кеншілерге арнап салынған Линфен қаласы жанынан тұрғын үйлер бой көтеруде. 1970 жылдары қала суының тазалығымен әйгілі болса, ал 2006 жылы ол қала әлемнің ең лас он қаласы тізіміне кірген. Баийин өзені ағысымен жоғарыдағы әктас карьері үстінде әлдебір ғибадатхана көрінеді. Бұрын елді мекен болған ол жерде қазір көмірмен істейтін электр стансалары мен түсті металл ерітіп, химиялық заттар өңдейтін зауыттар орналасқан.

Қытай елі экологиялық заңнамалардан кенде емес, бірақ ондай заңнамалардың орындалуы сирек. Ал билік өкілдері өздері басқаратын аймақтың экономикасын дамытқанда ғана марапатталатындықтан олар үшін ұзақ мерзімді экологиялық ахуалдан гөрі, қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіштер маңыздырақ.

Қытайдың классикалық пейзажды панорамасын суретке түсіру үшін  кең форматты объектив пен орта форматты пленканы пайдаланамын. Мен осы өзеннің ел мәдениеті мен тарихындағы ойып алар орнын, оның неліктен экономиканың іргетасы саналатынын көрсеткім келеді. Себебі ол сан ғасырлар бойғы табиғи қалпын әрең сақтап тұрғанына қарамастан, Қытайдың солтүстік жазығындағы 200 миллионға жуық адамның күнкөрісін қамтамасыз етуде.

Осы нәзік ландшафттағы үйлесімсіздікке назар аудара отырып, біздің материалдық қалауымыз табиғат есебінен өтелетінін көрсеткім келді.

«Сары өзеннің» төменгі ағысындағы Шаньдон провинциясында тербелме сорғы жабдықтары балық фермасына тым жақын орналасқандықтан өнеркәсіп айналаны улауда. Жергілікті тұрғындар жел турбиналары көлеңкесімен өтіп бара жатыр. Қытай – жел, фотоэлектр қуаты мен интеллектуалдық желі технологиясында көшбасшы саналады. Олар Франция мен Германияны қоса алғандағы көрсеткіштен баламалы энергия қуатын көп өндіреді.

Тоғыз мың жылдық құштарлық

$
0
0

Жаңа үйленген қытайлықтар өз қонақтарын дәстүрлі күріш шарабымен сыйлайды. Қытайлар бұл шарапты кемі 9 мың жылдан бері қолданып келе жатыр. Сол заманғы ыдыстың түбінде қалған химиялық тұнба ішімдіктің ашытылып дайындалғанына бірден – бір дәлел болып отыр. Дей тұрғанмен алкогольдің ықпалы одан да ертерек замандарда басталуы әбден мүмкін.

Алкоголь адамның ақыл-есін өзгертетін сусын ғана емес, тамақ өндірісіне жол ашты. Ол ықылым заманнан адамзат тарихына араласып келеді.

Автор Эндрю Карри, Фото Брайан Финке

Егер Германияда сыра қайнатумен айналысқан болсаңыз, сөзсіз Мартин Зарнковты іздеген болар едіңіз. Сыра қайнатудан бәсі жоғары Мюнхен Техникалық университетіне оны іздеп келетін студенттер көп-ақ. Германияның үздік сыра өндірушілері Зарнковқа көбінесе сырадағы бөтен дәмнің шығу себебін білу үшін, жаңа дәм ойлап табуға немесе оның жүздеген ашытқы штаммдарын сатып алу үшін келеді. Әдетте аса күрделі химиялық құрал-жабдықтар мен ген секвенсерлеріне толы зертханасы арнайы кодпен ғана ашылса, бүгін оның есігі біз үшін айқара.

Мен ол кісіні түпкі бөлмедегі қызметкерлер асүйінде, пештің үстіне еңкейіп, қара пластик қалақпен сұлы печеньесіне ұқсас бірдеңені араластырып жатқан жерінен таптым. Бұл печеньелер – қуырылған әрі өніп-өскен арпаны бидай ұны мен бірнеше қасық нан ашытқысына араластырып жасаған сыра дайындау­шының уыты болып табылады. Кофені құйып тұрған Зарнков маған: «Бүгін 4 мың жылдық тарихы бар Шумер рецепті бойынша дайындалатын сыра түрін қайта жасап шығамыз», – деді.

Кезінде сыра жасаушының шәкірті болған Зарнков бұл саланың білгірі болып саналады. Екі беті алқызыл, бурыл сақалды, ірі денелі, зор дауысты. Қарны шолақ жең көйлегінің түймелерін үзіп жіберуге шақ тұр. Егер оған монах киімін кигізе қойсаңыз, одан монастырын сыра бөшкелеріне толтырып қоятын ортағасырлық мықты монах шығар еді. Зарнковтың мына ғимараты бұрын монастыр болған. Мюнхен әуежайының төбесінен қарап бұл ғимаратты біздің дәуіріміздің 1040 жылы Бенедикт монахтары тұрғызған. Вайенштефан сыра зауыты әлемдегі күні бүгінге дейін жұмыс істеп келе жатқан ең көне сыра зауыты болып саналады.

Германияның сыра тарихын білу үшін Октоберфестке қатысу міндетті емес. Франция шарап өндіруге тек Рим империясы басып алғаннан кейін (көптеген еуропалық сияқты) ғана шындап кірісті және дамыта түсті. Тарихшылар мен археологтардың дені сыра мен шарап қолдануға жарамды, маңызды, бірақ алкогольді шамадан тыс ішу адам денсаулығына аса зиян деп есептейді, яғни алкогольді сусындар өркениеттің негізгі тұтыну өнімі емес, жанама өнімі болса керек. Тіпті Неміс сыра өндірушілері федерациясының вебсайты да сыраны алғашқы фермерлердің нан пісіру өндірісімен байланысы болу мүмкіндігін алға тартуда. Сыра қайнату өнері тек Вайенштефан сияқты ортағасырлық монастырлар кезінде ғана дамыды.

Зарнков – жыл бойы ғалымдардың пікіріне қарсы уәж айтып келе жатқан зерттеушілердің бірі. Ол өзі сияқты мүддесі ортақ жандармен бірге, алкогольдің адамзаттың арғы-бергі тарихында ойлап табылған әрі одан ләззат алған айырықша дүние екенін дәлелдеумен келеді. Олардың пайымдауынша, адамзат баласы алкогольді жазудан бұрын қолдана бастаған. Зарнковтың Шумер сырасы ежелгі сыра емес. Соңғы жүргізілген химиялық сараптамаларға сенсек, қытайлардың күріш, бал және жеміс-жидектен шарапқа ұқсас сусын жасағанына 9 мың жылдан астам уақыт өтіпті. Бүгінгі Грузия елі тұрған Кавказ бен Иранның Загрос тауларында жүзім үйде өсірілетін ең ежелгі жемістердің бірі саналса, шарап жасау 7400 жыл бұрын басталған.

Оңт. Америкада чича атты жүгері сырасы дастарқанның басты мәзірі болғанына да мыңдаған жыл өтті. Перуде XVI ғасырда жасалған испандық жылнамада ақсүйек әйелдің күн құдайы – Интидің құрметіне тост көтеріп Инк көсеміне чича ұсынып тұрғаны бейнеленген.

Шынтуайтында, жер-жаһанда дәнді-дақылдардың түр-түрінен жасалған алкоголь жайлы деректер өркениеттің алғашқы кезеңінен бастау алады. Пенсильвания университетінің биомолекула археологі Патрик МакГоверн: «Мұның бәрі жай сәйкестік емес», – дейді. Оның айтуынша, Тас дәуіріндегі ғұрыптардан бермен адамның ақыл-есін өзгертіп жіберетін ішімдік атаулы шығармашылыққа шабыт бітіріп, тіл мен өнердің дамуына серпін берген. Адамзат тарихының шар­уашылық жүргізуден бастап, жазудың пайда болғанына дейінгі дәуір аралығына көз жіберсек, оның қай-қайсысында да ішімдікпен бір байланыстың болуы әбден ықтимал. «Әлемнің әр түкпірінен табылған бұлтартпас деректер алкогольді ішімдіктің адамзат мәдениеті үшін маңызды роль атқарғаны анық, – дейді МакГоверн. – Отыз жыл бұрын бұл дерек дәл бүгінгідей мақұлдана қоймаған еді». Әзіл-шынын араластыра сөйлеген МакГоверннің айтуынша, ішімдіктің адамзат баласының ажырамас бір бөлігіне айналғаны сонша, біз енді өзімізді «Хомо ішкіштер» деп атасақ та болатындай.


Адамзат тарихының даму кезеңдеріне зер салып қарасаңыз, шаруашылық жүргізе бастаған кезең мен жазу дәуірінің арасында алкогольдің ықтимал байланысы болғанын байқайсыз.


Бүгінде Зарнков өз студенттерін сол тарихпен байланыстырғысы келеді. Сұлы печеньелері – ашытқы үшін таптырмайтын зат. Оның құрамындағы ашытқы сыраға қажетті өзгерістерді жүзеге асырады. Печеньелер дайын болған кезде олардың сырты қарақоңырланып, ортасы сәл жұмсақ күйде болады. Зарнков енді оларды асүйден жоғарыдағы дәріс залына алып барады. Сол жерде, аудиторияның алдында ол печеньелерді үлкен шыныдан жасалған көзеге салады да, оған ұнтақталған арпа уыты мен шумерліктер қолданған ежелгі дән – фарро тұқымдас ұнтақталған бидай қосады. Соңғы ингредиент – дәліздегі қолжуғыштан әкелінетін үш литр кран суы. Бұдан кейін Зарнков жиналған сұйық қоспаны нанның қамыры іспеттес сарғыш қоңыр түрге енгенше өзінің қалақшасымен араластырады.

Инк империясының «Қасиетті жазығында» орналасқан Ламай (Перу) елді мекеніндегі чичерияның сыртында Лусио Чавез Диаз ішіп тұрған frutillada чичасына бүлдірген дәмі қосылған. Бүгінгі таңдағы таза сыралар, шараптар мен ішімдік атаулының жөні бөлек. Әйтпесе, алкогольді сусындарға қарағай жапырағы, ағаш шайырынан бастап балға дейінгі түрлі дәмдеуіштерді қосатын болған. Ежелгі грек жауынгерлері сыраға ешкінің ірімшігін ұнтақтап, XVII ғасырдағы мына бір ағаш ыдысқа құйылатын keros атты инк ішімдігіне бүлдірген емес, бас айналдыратын түрлі шөптер қосқан.

КУСКОДАҒЫ САН-АНТОНИО АБАД ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ИНК МУЗЕЙІНДЕ ТҮСІРІЛГЕН, ПЕРУ (КЕРО)

Түріне қарасаң, тіпті ішкің келмейді. Алайда, Зарнковтың сендіруі бойынша, ол адамзат баласы 5 мың, әлде одан да көп уақыт бұрын таныс болған кәдуілгі табиғи сыра болып шыға келеді. «Үш түрлі ингредиентті суға араластырыңыз, бары – сол, – дейді ол. – Кәсіби сыра қайнатушылар қазір жаңадан ештеңе ойлап тауып жатқан жоқ».

Осы арада жүргенде менің мұрыныма көрші сыра зауытының ашық терезесінен жеткен ашытқының табиғи иісі келді. Оның әдеттегі жұмсақ иісі миымның бір бөлшегіне сіңіп алғаны соншалық, мен тоқтап, тізе бүгіп, терең тыныс алдым да ауладағы сыраханаға беттедім.

Біз ағаштан түстік

Ішімдікке әуестік өте ерте кезден бастау алады. Бізді басқа жан-жануарлардан бөлектеп тұрған дүние, бәлкім, осы бір қуатты сусынға деген аңсарымыздың эволюциялық жолмен біте қайнасып кетуі шығар.

Барлық алкоголь сусындарына ортақ белсенді ингредиент – ашытқы. Ол қантты жеп, көмірқышқыл газы мен ішуге жарамды жалғыз алкоголь – этанолды бөліп шығаратын өте ұсақ, бір клеткалы ағза болып табылады. Көптеген заманауи сыра, шарап, әйтпесе, сакэ дайындау­шы ашытқының Saccharomyces деген түрінен таралатын сортты қолданады. Жер бетінде алғаш жеміс пайда болған кезден, 120 миллион жылға жуық піскен жабайы жеміс-жидекті ашытып келе жатқан ашытқының түр-түрі бар әрі оларды кез келген жерден кездестіруге болады.

Бүгінгі көзқарас бойынша, этанолдың адам қызығар бір қасиеті бар: ол біздің көңіл ­күйімізді көтереді. Этанол мидағы серотонин, дофамин, эндорфинді шығаруға көмектеседі. Ал ол – біздің көңілді һәм алаңсыз болуымызға себеп болатын химикаттар.

Біздің жеміс-жидекпен қоректенген примат «ата-бабаларымыз» үшін шіріген жемістегі этанолдың назар аударар үш қасиеті болған. Бірінші – танауыңды жарар күшті иісі жемістің қайда жатқандығынан хабар беріп отырған. Екінші – қорытуға жеңіл болғандықтан, ол жан-жан­уарлардың жемісті неғұрлым көп жеп, калория жинауына сеп болған. Үшінші – оның антисептикалық қасиеті приматтарды ауруға шалдықтыратын микроб атаулыны жолатпайтын еді. Миллиондаған жыл бұрын ағаштан құлап түскен жемістен осылайша бір айырықша дәм пайда болды. Біздің ата-бабаларымыз жердегі ашыған жемісті жегені сол еді, бәрі бірдей жадырап шыға келді, – дейді Дартмут колледжінің биолог-антропологі Натаниель Домини. – Біз солайша ішімдікке алдын ала бейімделгенбіз».

Берклидегі Калифорния университетінің физиологі Роберт Дадли – «мас маймыл» болжамы жайлы алғаш ой ұсынған адам. Оның ойынша, ағаштан жерге түсуге батылы барған примат жемістің жаңа түріне қол жеткізді-міс. «Егер сен алкогольдің иісін сезіп, жемісті өзгелерден бұрын алсаң, ол – сенің артықшылығың, – дейді Дадли. – Сен өзіңді жеңімпаз сезініп, калорияға да қарық боласың». Бұл өзгеріс өз кезегінде жаңа өмір салтының пайда болуына итермеледі.

Дадлидың түсіндіруінше, егер маймыл, шынымен де, мас болса, ол жыртқыштарға оңай жем болады. Әйтпесе, жан-жануарлардың ашыған жемістен мас болып, соған орай мастың қылығын көрсететіндігі жайлы ғылыми дәйек кемде-кем. Көп болса, көңіл күйіне әсер етер. Ал алкогольдің біз айтып отырған әсері, негізінен, адамдарға, бәлкім, маймылдарға ғана қатысты шығар.

Оның себебі соңғы табылған Африка маймылдары мен біздің ортақ ата-бабаларымыздың гендік мутациясында болуы әбден мүмкін. Генетиктер ол мутацияны кемі 10 миллион жыл бұрын болған деп есептеп шығарды. ADH4 генінде болған өзгерістің салдарынан пайда болған энзим этанолды 40 есе жылдам қорытуға мүмкіндік берген. Флорида штатының Алачуа қаласындағы Қолданбалы молекулалы эволюция қорының биологі әрі осы зерттеу жұмысы авторларының бірі – Стивен Беннерге сенсек, жаңа жетілдірілген энзим біздің ата-бабаларымыздың ормандағы әбден езіліп піскен жеміс-жидекті ешқандай ауруға ұшырамай, молынан жеуіне жағдай тудырған.

Беннер: «Біз сыра ішу үшін ағаштан түскен болып шығамыз», – дейді. Бірақ ондағы мақсат мас болу емес-тін. Ол ой кейіннен, ішімдікті көбірек ішуді түйсінген кезде пайда болды.

Алкоголь адамды босаңсытып, оны дос-жарандары мен рухани әлемге біртабан жақындата түседі. Инктер чичаны бірнеше күнге созылатын мереке-думандарда ішетін болған. Олар оны құдіретті тақта отырған құдайларға ұсынған. Кускодағы чичерия­да карта ойнап, ішімдік ішіп отырған мына кісілердің қасында сыйынатын үстел тұр. Ішімдік құйылған стақан Қара Христос атымен белгілі Перу құдайына арналған. Уақыт Перу мәдениетіне өз қолтаңбасын қалдырды. Күн мен Айға табынуды өзге дін – христиан діні алмастырды. Алайда ата-бабадан келе жатқан ішімдік сол күйінше қалды.

Отырықшы болып, шаруашылықпен айналыстық

Миллиондаған жыл кейін шегініп, Түркияның Сириямен шекараласатын оңтүстік-шығысындағы қуаң жазықтыққа оралсақ. Археологтар мұнда адамзат тарихына дейінгі тағы бір өтпелі кезеңді зерттеп, ықтимал болжамдар жасауда: Неолит төңкерісін алкоголь тұтандырды ма? Тас дәуіріндегі аңшылардың көшпенді өмір салтынан отырықшыға айналып, шаруашылықпен айналысуына алкогольдің әсері болды ма?

Ежелгі Гёбекли Тепе қорғаны дөңгелек, я тік төртбұрыш пішіндес тастар мен т тәрізді жұмбақ бағаналардан тұрады. Әлемдегі ең көне ғибадатханалардың бірі саналатын оның «жасы» 11 600 жыл деген болжам бар. Жиырма жыл бұрын ашылған бұл кешен дін елдің отырықшы атанып, шаруашылықпен айналысқанының арқасында байлықтың көзі деген дәстүрлі ойды түбегейлі жоққа шығарды. Гёбекли Тепеде қазба жұмыстарымен айналысқан археологтар бәрі керісінше болды, яғни мұнда діни рәсімдер үшін жиналатын аңшылар құдайға жиі құлшылық жасау үшін осында қоныс тепкен деген ұйғарым жасайды.

Қабырғалары көлегейлеп тұрған қайсыбір кішігірім қорғандардың ішінде бөшке, я астау пішіндес алты тас ыдыс бар. Мұндағы ең үлкен астауға 160 литрге дейінгі сұйықтық сияды. Археологтардың болжамы бойынша, олар жабайы дала шөбінен кәдуілгі сыра қайнату үшін қолданылған.

Сол астаулардың қалдығын зерттеген Зарн­ков онда су мен бидайдың қосындысынан қалатын қабыршақты ақшыл түсті химикат – оксалат бар екеніне көз жеткізеді.

Алкоголь ішімдігінің болғанына бұлтартпас дәлелдің бірі Қытайдың Цзяху елді мекенінен табылып отыр. Мұнда б.з.д. 7000 жылы жергілікті шаруалар қыш құмыраларда күріш, жүзім, долана мен балды араластыру арқылы ішімдік дайындаған. Ертедегі Қытай әмірлері күріш шарабының дәмін тату үшін б.з.д. 1100 жылы қоладан жасалған мына ыдыстарды қолданған. Күріш шарабы Қытайда күні бүгінге дейін танымал. Чжэцзян пагода брэнд шаохинг шарап зауытындағы жұмысшылар күріштің жаңа өнімін булау һәм ашыту үрдісін қыста жүргізеді. Себебі жақын маңдағы өзеннен алынатын су қыс айларында барынша таза болады.

ИНЬСЮЙ МУЗЕЙІ, АНЬЯН, ҚЫТАЙ (ІШІМДІК ЫДЫСЫ)

Осы деректердің барлығы бұл төбеде аңшылар қауымы үшін қаншама дүрілдеген той өткенінен хабар берсе керек. Алкогольді галлюциноген алу үшін пайдаланатын жайт бізді бүгінгі Оңтүстік Америка шамандарымен байланыстырып отыр. Олар аталмыш тәжірибені ақыл-есті өзгерту арқылы бақи дүниемен байланысқа шығатын салттары үшін қолданады. Алайда ғалымдар бұл жерде екінші бір себеп болуы да ықтимал, яғни думанды ұйымдастырушылар кәуап пен жабайы бидайдан дайындалған ішімдікті сый есебінде ұсынған дейді. Болжам бойынша, тойға жиналған жұрт салмағы 16 тонна тартатын алып бағаналарды жұмыла тұрғызатын болған.

Есеп айырысу ережесі мыңдаған жыл өтсе де көп өзгеріске ұшырай қойған жоқ әлі. «Егер сіз көшу үшін біреудің көмегіне жүгінсеңіз, сіз оларға пицца мен бір-екі бөтелке сыра сатып аласыз ғой», – дейді Неміс археология институтының маманы Йенс Нотрофф.

Гёбекли Тепедегі мамандар көтерген мәселе алғаш бұдан жарты ғасыр уақыт бұрын жария болған еді. Біздің аңшы ата-бабаларымызға бидайды қолдан өсіруге итермелеген дүние нан емес, сыра болуы әбден мүмкін. Уақыт өте келе сыра қайнатуға қажетті жабайы шөп жеткіліксіз болған-мыс. Сенімді қосымша дақылдарға деген қажеттілік адамдарға әуелі жабайы шөпті қолдан өсіруге, олардың орнын пайдасы жоғары арпа, бидай мен өзге де біз білетін дәнді дақылдармен алмастыруға итермелеген. Дәнді дақылдардың ежелден қолда өсіріліп келе жатқандығын айғақтайтын тағы бір мысал – Гёбекли Тепеден 40 шақырым жерден табылған борай бидай. Сәйкестілік айтарлықтай.


«Біздің примат «ата-бабаларымыз» орман топырағындағы ашыған жемісті жеген сәттен дүние өзгеріп сала берді. Біз алкоголь ішуге алдын ала бейімделдік»

Натаниель Домини, биолог-антрополог, Дартмут колледжі


Бірақ дәлел әлсіз. Зарнков Гёбекли Тепедегі тас астауларда дәннің болғандығына оксалат көз жеткізіп отырғанымен, ол ашымаған дән дейді. Сыра қайнатушының ойынша, бұл астау­лар сыра ашытқаннан бұрын, жұмысшыларға сұйық ботқа жасау үшін қолданылған-мыс.

Патрик МакГоверн де мұны дүдәмал деп мо­йындағанымен, «Наннан бұрын сыра теориясы өз күшінде», – дейді. 2004 жылы ол Гёбекли Тепеден бар болғаны бірнеше мың жылға ғана жас саналатын Қытайдың Цзяху қорымында күріш, долана, бал мен жабайы жүзімнен коктейль жасалғандығын дәлелдейтін материал жариялады. Ал ол жердің халқы ауыл шаруашылығымен тек бертін ғана айналыса бастаған болатын. Ингредиенттердің құрамы, оған қоса шараптың негізгі химиялық өзегі болып табылатын шарап қышқылының кездесуі МакГоверннің қытай шар­уаларының дәмі айырықша ішімдік түрлерін бұрыннан жасап келе жатқандығына көзін жеткізе түсті. Бұл – сыра, шарап пен балшараптың ерте заманнан жасалғандығына тағы бір дәлел.

«Өсімдіктерді қолдан өсіруге алкогольді сусындарды көп мөлшерде дайындауға деген құлшыныс итермеледі, – дейді МакГоверн. – Бұл өркениетті алға жылжытқан салдар ғана болған жоқ, ол маңызды роль атқарды».

Шарап жүзімінің Грузияның Қап тауларынан бастау алуы да ғажап емес. Мұнда шараптың 500-ден астам түрі бар. Грузиндер шарапты араның балауызы жағылған қыш ыдыстарда ашытады. Qvevri деп аталатын мына құмыралар шебер Залико Боджадзенің қолынан шыққан. Шарап жасаушылар құмыраларды ернеуіне дейін көміп тастайды. Сулхан Гулашвили ата-бабасының аты жазылған ыдыстан құйып жатқан сияқты. Грузияның қайсыбір дәстүрлі ақ шараптары қызыл шарап секілді жүзімнің қабығы, ұрығы, тіпті сабағымен бірге ашытылады. Ол шараптың дәмі өткір, түсі қызғылтсары болуына әсер етеді.

Денсаулық үшін көтерейік!

Алкогольді сусындарды әртүрлі кезеңде, әр құрлықта (Антарктиканы есептемегенде) бір-бірінен бөлек жағдайда ойлап тапты. Мыңдаған жыл бойы құрамында қант пен крахмал кездесетін өсімдіктердің ашыту үрдісіне қатыспай қалғаны шамалы. Олардың арасында агава мен алма, қайыңның шырыны мен банан, какао мен маниока, жүгері мен кактус, алқызыл бұрыш, күріш, тәтті картоп, ананас, асқабақ, құрма мен жабайы жүзім де бар. Ішімдікке деген құштарлықтың шеті мен шекарасы болмайтынын бидайы мен жеміс-жидегі жоқ Орталық Азия көшпенділерінің бие сүтін ашыту тәжірибесінен-ақ білуге болады. Құрамында жеңіл сыраның алкоголь мөлшері бар қымыз деп аталатын бұл сусынның дәмі қышқыл болып келеді.

Алкоголь адамның жанына ләззат сыйлап, рухани түлеуіне әсер етеді десек те, ежелгі заманда оның қасиеті тек мұнымен шектеліп қалмаған.

Тағы бір айтар дүние, қантты ашытқан уақытта ашытқы этанол ғана өндіріп қоймайды. Ол В дәрумені бар фоли қышқылы, ниацин, тиамин, рибофлавин сынды қоректік заттардың неше түрін қоса өндіреді. Аталмыш қоректік заттар бүгінгі сүзгіден өткізілген һәм пастерленген өнімдерге қарағанда, бұрынғы сусындарда көбірек кездескен. Ежелгі Таяу Шығыста сыра байытылған сұйық нанның орнына жүрген. Өйткені оның құрамында су, өмірге қажетті дәрумендер мол ұшырасты әрі қуат көзі болды.

Сирияның солтүстігіндегі Таль-Бази қорымында неміс археологтары Эфрат өзенінің биік тұсынан 70-ке жуық үйдің орнын тапты. Бұл шамамен 3400 жыл бұрын аяқ астынан тұтанған өрттен тұрғындар тастап кеткен үйлер еді. Ерте заманда болған бұл зауал археологтарды жарылқап-ақ тастады: өрт қала тұрғындары күнделікті күйбең тіршілікпен айналысып жатқан күндізгі уақытта болғандықтан, сол кездегі адамдардың тыныс-тіршілігі өз-өзінен айқындалып қалды.

Археологтар әрбір үйдің кіреберісінде жерге көмілген 200 литрлік саз құмыраларға кез болды. Зарнков жасаған химиялық сараптама құмыраларда бидай ізі мен оксалаттың қалың қабыршағы бар екенін анықтады. Бұл, іс жүзінде, Таль-Базидағы әр шаңырақтың жеке шағын сыра зауыты болғандығын айғақтаса керек.

Таль-Базидағы алапат өрттен көп уақыт бұрын – біздің дәуірімізге дейінгі 3150 жылы ежелгі мысырлықтар сыра дайындау ісін әлдеқайда дамытып үлгерген. Сыра ежелгі Вавилонда да айырықша маңызға ие болған.  б.з.д. 500 жылғы жазбалар оларда қызыл сыра, ақшыл сыра, қошқыл сыра сияқ­ты түрінің болғанын айғақтап отыр.

Жалпылама айтқанда, жазу-сызу мен ежелгі шаһарлардың пайда болуына сыраның қоректілік құндылығының әсері болуы бек мүмкін. Таль-Базидағы қазба жұмыстарына басшылық жасайтындардың бірі, Мюнхендегі Людвиг-Максимилиан университетінің археологі Аделаид Оттоның ойынша, ашытқы есебінде бидайға қосылатын қоректік заттар тәбет шақыратын негізгі дәрумендер арқылы Месопотамия өркениетіне жан бітірді. «Әйтпесе олар нан мен арпа жармасынан пісірілген ботқа жеді. Етті той-думанда ғана көретін. Тағамдарының қоректік құндылығы өте нашар еді, – дейді ғалым. – Ал сыраға қолы жеткен адамның тасы өрге домалайтын. Өз басым жоғары мәдениеттің алғаш Таяу Шығыста пайда болуына негізгі себеп осы екеніне еш күмән келтірмеймін».

Ежелгі Римде шарап таңдаулы ішімдік болды. Францияның оңтүстігіндегі Арль қаласына тиіп тұрған Ма-де-Турель елді мекенінде шарап жасаушы Херв Дюран археологтармен бірге б.д. I ғасырдағы Рим шарабын қайта жасауға әрекет етіп жатыр. Рим құлдары болып киінген жергілікті тұрғындар жүзім жинаса, Рим жауынгері оның дәмін татуда, жиналған жүзімді алып емен ағашының діңімен езеді. Одан алынған шырын қыш құмыраларда ашытылады. Римдіктер шараптың дәмі айырықша болуы үшін оған түрлі ингредиенттер қосқан. Мысалы, Дюран дайындаған шараптардың бірінде бедебас, жыланқияқ пен теңіз суы бар

Тоқтау деген жоқ

Енді осы әңгіменің екінші қырына үңілейік.

Француздардың арғы атасы кельттер шарап жасауды үйренбей тұрған кезде оны гректерден, я этруск пен римдіктерден алатын еді. Оған мен орталық Франциядағы бұралаң тау жолының бір қиырында бидай алқабы созылып жатқан Коран атты археологиялық қазба орнында көз жеткіздім. Жол бастаушым франк-швейцарлық археолог Матье Пу – тікірейген қысқа шашы бар, көк көзілдірігі көйлегімен түстес, қолы қарулы жігіт. Айналамыздың бәрі – Францияның орталық алабының көкке шаншылған тау сілемдері.

Коранда Пудың басшылығымен жүрген 50-ге тарта археолог пен студент кельттердің басты мәдени орталығы һәм аймақ астанасынан табылған дүниелерді тазалау үстінде. Б.з.д. екінші және бірінші ғасырларда бұл мекенде шамамен 10 000 адам өмір сүрген. Қалашықта сауда алаңы, храм, таверналар, театр мен жүздеген үй болған.

Пудың айтуынша, Коран – ішімдіктің қаншалықты мәдени қарым-қатынас құралы, әлеуметті мәмілеге шақырушы, байлықтың көрсеткіші немесе зорлық-зомбылық тудырушы екеніне бірден-бір жарқын мысал. Бұл жерде тұрғындардың нені ішкісі келгенін анықтау үшін терең сараптама жасаудың еш қажеті жоқ. Юлий Цезарьдың басқыншылығынан 80 жыл бұрын, шамамен  б.з.д. 140 жылдары Коран ақсүйектері қуаты күшті Рим шарабын ішуді қолай көрді. Оның бір айғағы – күл-парша болып шағылған құмыралар мен көзелер, қорымды кезіп жүрген Пу екеуміздің аяғымыздың астында үздік-создық шашылып жатқандығы. Археологтар бұл жерден 50 тонна шағылған құмыра тапқан. Пудың есебінше, төбенің басында әлі де 500 тоннасы жатыр.

Ол еңкейді де, жанартау шынысымен көмкерілген алақандай күйдірілген саздың сынығын алды. Оны маған ұсынды. «Мұнда миллиондаған құмыра бар. Барлығы да Италиядан жеткізілген, – деді ол. – Жанартау шынысы бар мынаның Везувий тауының маңынан келгеніне күмән жоқ». Римдік мәртебелі тұтынушылар, негізінен, ақ шарапты қолай көрсе, кельт нарығы үшін оларға орасан үлкен қызыл шарап жүзімдіктерін бағып-қағуға тура келетін. Сауда кемелері шарапты Жерорта теңізі арқылы жеткізетін. Әрқайсысы 10 мың құмыраға дейін шарап таситын кемелер жағалауға жеткеннен кейін, шарап солтүстікке кішігірім баржалар арқылы жол тартатын. Коранға айлап жүретін тауардың бағасы да жеткенше жүз еселеніп кететін. Бір замандасымыз таңдайы кепкен кельттер бір құмыра шарапқа бір құл беруге дайын болды деп ант-су ішті.

Шарап жергілікті шонжарлардың дәрежесін көрсететін салтанаттардың сәні саналды. Алайда жүгенсіздік жиі орын алатын. «Той-думандар сән мен салтанатқа ғана емес, ет келгенде тұтанатын семсерлесу һәм құрбандық шалынатын қатыгез көріністерге де толы еді, – дейді Пу. – Айқасқа шығатындар ұрыс алдында шарапқа сылқия тойып алатын». Құмыраларды ашқанда оның аузын қылышпен шауып тастайтын. Пудың айтуынша, Коранның басшылары көшедегі сынған құмыралар арқылы өздерінің дәулеті мен құдіретін паш етуді мақсат етті.

Оның есебіне сенсек, осында мекен еткен кельттер бір ғасырда 50 мыңнан 100 мың құмыраға дейін шарап ішкен. Бұл бір жылда Италиядан жеткізілетін қымбат қызыл шараптың 28 мың бөтелкесіне пара-пар. Пу: «Шарапты негізінен ақсүйектер ішті, – дейді. – Қара халық сыра мен балшарап ішкен болуы керек».

1810 жылы Баварияның мұрагер ханзадасының үйлену тойынан бастау алатын Мюнхеннің Октоберфест думаны бүгінде әлемдегі ең ірі фестивалдердің бірі саналады. Мұнда жыл сайын бір литр сыра ішу үшін алты миллионнан астам адам жиналады. Сыра қайнату ісінде Баварияның ықпалы айтарлықтай зор болды. Оның 1516 жылы Рейнхейтсгебот деп аталатын Сыра заңы сыра дайындаушыларды су, құлмақ және ашытқымен шектеп, сыра қайнатуда бірізділік қалыптастырды. Бүгінгі таңда қайсыбір сыра мамандары ескі тәсілге қайта оралып, байырғы қоспалар мен тосын ашытқыларды қайта бір байқап көріп жатыр.

Әлемнің ішімдік қолданысы

Ішу дәстүрі бай, бақуатты Еуропа ішімдікті көп қолданады. Ішпейтіндердің дені заңы мен дәстүрі ішуге тыйым салатын Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне тиесілі.

ДЖЕЙСОН ТРЕТ ЖӘНЕ РАЙАН Т.УИЛЬЯМС, NGM ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ

ДЕРЕККӨЗДЕР: ӘЛЕМДІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫ ҒАЛАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ОБСЕРВАТОРИЯСЫ; БҰҰ-ның ХАЛЫҚ САНАҒЫ БӨЛІМІ

Әлбетте, бұл сан бүгінгі таңда еш таңданыс туғызбаса керек. Қазір бүкіл әлем ішімдікке әбден мелдектеген. Ішімдігінің дистиляциясы ғажап орта ғасыр дәуірінен бері адамзат баласы не ішпеді десеңізші?! Бүгінде әлем бойынша он бес пен одан асқандар күніне – бір, ал егер тек ішетіндерді ғана есепке алсақ, екі ішімдік тұтынады екен. Бұл жерде біз мүлде татып алмайтын адамдарды есепке алып отырғанымыз жоқ. Ауруларды бақылау мен алдын алу орталығының есебіне жүгінсек, Құрама Штаттарда алкогольді ішімдіктерден жылына 88 мың адам көз жұмып, 249 миллиард доллар шығын келеді екен.

«Бүгінгі таңдағы компульсивті алкоголизм­нің негізінде сол генетикалық һәм нейрохимиялық іздің жатуы да әбден мүмкін», – дейді әкесі ішкіш болған Роберт Дадли.

Бұл жерде ежелгі гректерге жүгінбеске амал жоқ. Гректердің рухани һәм зиялы өмірінің мәні симпозиумдар болған. Ал симпозиумды шарапсыз көзге елестету мүмкін емес. Гректер қонақтарға (тек қана ер адамдар) шарапты кратер атты әдемі бе­зендірілген ыдысқа су мен шарапты аралас­тырып беретін болған. Шараптың алғашқы тостағанын – денсаулық үшін, екіншісін – жанның ләззаты үшін, үшіншісін ұйықтау үшін деп көтерген. Комик-ақын Еввул  б.з.д. төртінші ғасырда «үшінші тос­тағанының түбі көрінген уақытта ақылды қонақтар үйіне қайтады», – деп ескерткен. Оған салсақ, төртінші тостаған – артық, өйткені ол – бұзақылыққа, бесіншісі – айқай-шуға, алтыншысы мастыққа жетелесе, жетіншісі көзді байлайды. Сегізінші тостаған сақшыны шақыртса, тоғызыншысы ашу шақырып, оныншысы ақыл-ес­тен айырылып, жиһаздарды қиратуға сеп болады.

Тарих дәмі

Зарнковтың аузы кең зертхана құмырасына арпа, нан мен ұнтақталған бидайды аралас­тырып қойғанына 24 сағат уақыт өтті. Түнімен жұмыс үстелінің қасында тұрған қоспаның беті қағаз тәрелкемен жабық тұрды.

Зарнков сыраға деген құштарлықты 5 мың жылдық тарихы бар ән оятқанын айтты. Шумерлердің сыра құдайы Нинкасиге арналған гимні Зарнков кеңсесінің сөрелеріндегі сыра қайнату нұсқаулықтары сынды естіледі екен. Соңғы аудармалардың бірі – «Нинкаси, сенің ашытқың құдіретті қалақ арқылы көтерілген кезде ол бал тұнбасындай аңқиды».

Екеуміз көпіршікті құмыраға қарадық. Менде біраз қобалжу бар. Кофе сүзгіші арқылы Шумер сырасын тұндырып жатқан Зарнков көңілі қалып қоймасын деді ме: «Бұған көмірқышқыл газы қосылған жоқ, құлмақ жоқ. Сүзгіден өткізілмеді. Еуропалық сыраның дәмі жоқ мұнда, – деп маған алдын ала ескертті. – Кейін шегінсек, ол кезде шай, кофе, сүт, тіпті шырын мен содадай балама жоқ еді ғой. Микроағзаларға толы жылы судан әлдеқайда дәмді».

Мен пластик ыдысқа азғантай ғана құйдым. Бидайдың қалдықтары бетіне қалқып шықты.

Иіскеп көрдім.

Дәм таттым.

Шынтуайтында… Ғажап дәм! Көзімді жұмсам, дүниенің өзгеріп сала беретінін түсіндім.

Бақталас

$
0
0

Нина Строчлик

2015 жылы НАСА Америка мен КСРО арасындағы ғарыш бақталастығын көрсететін ақ-қара түсті фотолар көмбесін жариялады. Суреттерде шиеленіскен сәттегі басқарушы-орталықтағы топ, Аполло миссиясының бағдарлама коды қасында тұрған инженерлер мен марқұм Джон Гленнің (төменде) жас ғарышкер кезіндегі ұшуға әзірлік сәті көрсетілген. Аталған мыңдаған суретті онлайн ақтарғандардың арасында Мурриск ауылынан шыққан фотограф, ирландиялық Мэтт Лофрей де болды.

Лофрейдің әкесі оған ғарыш бақталастығы туралы айтып отыратын, алайда соның бәрі бірсарынды және алыс көрінетін. Ол өзінің 7 жасар ұлын «бұрын әлем ақ-қара түсті болды ма» деген сұрақты қойғанда біртүрлі аяп кетті. «Мен оның қырағы бақылауға тап келгенін түсіндім», – дейді Лофрей. Ол ұлына әлем әрдайым түрлі-түсті болғанын, алайда оны түсіретін құралдардың өзгергенін айтты.

Тәжірибе ретінде әжесінің суретін бояған Лофрей НАСА фотоларының түрлі-түсті нұсқасы ғалымдардың қаншалықты қызықтыратынын елестетті. 300 сағаттан кейін Лофрей ондаған суретті өзгертті.


Иесін тапқан марапат

National Geographiс Қоғамының жетекші ғалымдар мен зерттеушілерге арналған беделді Хаббард марапаты астрофизик Нил деГрасс Тайсонға бұйырды.

Жұлдыз шаңдарының дақтары, радио телес­коптың сәулелі шоуы және болашақтағы ғарышқа саяхат туралы оқу үшін «National Geographicтің» алдағы нөмірін қараңыз.

ФОТО: НАСА, БОЯЛҒАН СУРЕТ МЭТТ ЛОФРЕЙГЕ ТИЕСІЛІ, МЕНІҢ ТҮРЛІ-ТҮСТІ ӨТКЕНІМ

Viewing all 1603 articles
Browse latest View live


<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>