Quantcast
Channel: nationalgeographic.kz
Viewing all 1611 articles
Browse latest View live

Сұлулығын суреттеуге тіл жетпейтін – Мұзтау

$
0
0

Мұзтау. Оралхан Бөкеев шығармасының басты тақырыбы болған осы бір шың республикамыздағы Алтай тауының төріне орналасқан. Жалпы пошымы түйенің өркешіндей болып жатқан қос шоқының  шығыс жақтағы бір бөлігінің биіктігі 4506 метр де, батыстағы екіншісінікі 4435 метр. Мұзтауды әлемдегі биік таулар кірмегенімен оның қауіптілігі басқа шыңдардан асып түспесе, кем емес. Себебі, мұндағы сүңгіленген мұз қатпарларының көптігі соншалық, жоғарыға өрмелейтін жердің өн бойы өңшең сірескен мұздақтардан тұрады. Аталмыш тау басына апаратын жалғыз ғана жол бар. Ал қалғанының барлығы альпинистерге тыңғылықты дайындықты талап етеді.

Мұзтау!

Оның ашық болатын күндері сирек. Көбінесе ол киіздей ұйысқан жабағы бұлтпен тұмшаланып жатады. Бұл шың үнсіздікті, өлі тыныштықты бойына бұқтырып жатқан жұмбақ нүкте. Осыған қарап оны мұндағы ауа райы ғана емес, жер жағдайы да әр сәт сайын өзгеріп тұратын жанды табиғат құбылысы кейпінде көзге елестеткендей  боласың. Оның беткейіндегі күніне әлденеше рет қайталанып тұратын тас көшкіні мен қар көшкіні біз сөз етіп отырған шыңның бұлжымас ерекшеліктерінің бірі.

Мұзтау!

Өзінің болмысына жұмбақтықты, тылсымдықты, құпия­лықты ұстап тұрған осы бір нүктеге әлемнің талай саяхатшылары таңданыс білдірген. Мәселен, ХХ ғасырдың басында атақты суретші Николай Рерих біз сөз етіп отырған тау туралы: «Орталық Азияның кең байтақ кеңістігіндегі Ұлы дала мен асқаралы Алтайдың шырқау шыңы – Мұзтау. Ғарыштан құдіретті қуат алатын жер бұл. Мынау ғаламдағы барлық әулиелердің аруақтары бас қосатын, киелі Шамбаланың қасиетті де ардақты елі ол»,– десе, одан кейін мұнда  ат басын бұрған ағылшын альпинисі Самюэль Тернер былай дейді. «Қарсы алдымнан сұлулығын суреттеуге тіл жетпейтін табиғаттың тамаша көрінісі ашылды. Соған қарап тұрып, бұл тау туралы әлі көп сөз зергерлерінің қалам тартпағаны, көркемдіктің осы келбетін фотокамераның жөн-жосықсыз қорлай қоймағандығы және мұндай мүмкіндікті көрудің адам өмірінде бір-ақ кездесетіні туралы санамдағы ойдың  жылт етуі мұң екен, жолшыбай бастан өткерген қиындықтардың бәрі ұмытылып сала берді».

Иә, бұл тау қасиетті. Киелі орын. Ғылыми пайымдауларға қарағанда, ғарыш сәулелері мұнда сынбай, шашырамай, еш өзгеріссіз таза күйінде келіп жетеді. Көктен келген қуаттар осы тау шыңына өзінің толыққанды күйінде келіп жетіп, жер бетіне таралады. Жер мен ғарыш арасындағы көзге көрінбес байланыс дегеніміз осы шығар, сірә.

Авторы – Жанболат Аупбаев, фото: Ерболат Шадрахов


Саяхатқа баласымен бірге шыққан –Числайн Бардоут

$
0
0

Ақпанда Гренландияға күн нұры бірнеше минутқа ғана шуағын төгеді. Числайн Бардоут ұлымен бірге мұз үстінде ойнап жүр.

Числайн Бардоут пен жары Эмануелле Пери-Бардоут Rolex қолдауымен Арктика мұзының астын зерттеді. Қазір олар жоғарғы Арктикадан Антарктиканың жағалауларына де­йінгі әрбір ендікті қиып өту үшін үш жылдық жобаны жүзеге асыруда.

80 000 шақырымдық сапар барысында олар адам аяғы тимеген тереңдікке, су түбіне сүңгитін болады.

Бұл топ сүңгуірлерге бірнеше күн тұрақтау мүмкіндігін беретін суасты «капсуласы» арқылы ешқашан жарық жетпейтін мұхиттағы алакөлеңке аумақтардың экожүйесін зерттеуді жоспарлауда.

Биылғы соңғы аялдама ретінде олар Аляскаға қыстап шығып, наурыз айында Полинезияға аттанады.

Авторы: Числайн Бардоут


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Акулалардың арашашысы

$
0
0

«Менің зерттеуім технологияға тәуелді», – дейді акула көшін спутник арқылы бақылайтын Джесика Крамп. Акула су бетіне шыққан сайын компьютерге түседі.

Кук аралдары бір кездері Джесика Крамп жұмыс істеген Сан-Диегодағы дәрі-дәрмек зертханасынан жырақта орналасқан. Оқуы барынша нәтижелі болуы үшін ол жұмысын акулаларды қорғауға арнады. Айтуынша, акулалар оның мұхит құпияларына деген қызығушылығын оятқан.

Бала кезінен Жак Кустоның фанаты болған Крамп Раротонга аралына қоныс аударады. Ол Тынық мұхитының оңтүстігінде Кук аралдарында орналасқан. Крамп коммерциялық мақсаттағы акула саудасына тыйым салу науқанын сәтті өткізіп, 1997 миллион шаршы шақырымды акула қорғау аумағы ретінде белгілеуге атсалысты.

Содан бері Крамп Sharks Pacific, яғни Тынық мұхит акулалары аталатын зерттеу, қорғау және үгіт-насихат ұйы­мын құрды. Ол акулалардың қозғалысын бақылап, қауіп төніп тұрған жануарларды қорғаудың тиімді жолдарын анықтайды. «Мен акулалар мен адамдар арасындағы тепе-теңдікті тапқым келеді», – дейді ол.

Авторы: Джессика Крамп


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Қысырақ қамаған

$
0
0

Ерейментау өңірінің солтүстік шығысындағы қыратты далада Қоянды-Қойтас деген жер бар. Ол үлкен-кіші шар секілді мың сан түрлі тастар шашырап жатқан алқап. Ертеде мұнда Қашқын атты батыр өмір сүріп, садақшы сарбаздарына мына жықпыл-жықпыл қойтастарды жау оғынан өздеріне қалай қалқа қылуды үйреткен деседі.

Осы жерде табиғаттың төл туындысы дерлік бір ғажайып тасойық бар. Боз се­леулі даладағы бұл қа­зан­­шұңқыр көзге бірден кө­рін­бейді. Оны бұрыннан бі­летін біреу болмаса, былайғы жұрттың оны із­деп табуы қиын. Ақмола облысы Ерейментау маңындағы бұл шағын қойтастардың арасындағы бұл алып тас жер бетінен 20-30 метр төменде орналасыпты. Көз өлшемімізге салып көргенімізде аталмыш тас­ойық ұзындығы 120, ені 60 метрдей болып шықты. Айналасы жақ­партастар қоршаған оның табаны бәкене бұта мен шүйгін шөпке тұнып тұр. Төр жақтағы итмұрын мен жабайы қарақат арасында жылтыраған жылға да бай­қалады. «Қыстағы қасат қар­дың құдіреті-ау», – деп ой­ладық іштей.  Көзкөргендердің айтуынша, ертеде бұл жер ба­рым­ташылардың қоналқалық мекені болыпты. Бо­лым­сыз нәрседен кек­те­ніп, дауласқан рулар бір-біріне деген өшін елдің өрістегі малын айдап кетуден алған ғой. Сондай кез­де барымташы ұрылар көр­ші ауылдың қолдарына түскен жылқыларын осында әкеліп, іздерін жасыратын болған. Яғни, олжа қылқұйрықтарды өзіміз сөз етіп отырған қазан­шұң­қырдың төменгі жа­ғын­дағы қылтадан бір-бірлеп өткізіп алып, шөбі мен суы 5-6 күнге жететін осында баққан. Сөйтіп, арттарынан шыққан айғай-шудың аңысын аңдаған. Қуғын әбден басылып, із кесушілер беті басқа жаққа ауғанда олар жылқыларды мына тасқорадан қайта шығарып, іңір қараңғылығымен алыс жолға аттанатын болған. Осындай барымта кейін сырт көзден таса бұл қазаншұңқыр Қысырақ қамаған аталып ке­тіпті. Аталмыш сөздің мән-мағынасын иісі қа­зақ баласына тәптіштеп түсіндіріп жату артық шы­ғар деп ойлаймыз. Қыс­қа­ша айтқанда, қысырақ үйірге қосылмағандықтан құ­лын­да­май қалған байтал не жас бие ғой.  Өзіміз сөз етіп отырған бұл қазан­шұңқырдың бұ­рын­ғы замандағы жағ­дайы осылай болса, кешегі кеңестік кезеңде ол қырдағы малшы­ларды та­биғаттың адам күтпеген қи­ын­дық­та­рынан аман алып қалатын мекен ретінде ел есінде қалып қой­ыпты.

Авторы: Жанболат Аупбаев, фото: Сайлау Байбосын

Ерек қалыбы, теңіз алыбы

$
0
0

Брэд Норман Аустралия­дағы «Нингалу» теңіз бағында бір кит акуласын зерттеп жүр. Теңіз алыбы саналатын бұл акулалардың ұзындығы 18 метрге дейін жетеді.

Кит акулалары – мұхиттағы жұмбақ жануарлардың бірі, бірақ аустралиялық теңіз биологі Брэд Норман олардың құпиясын ширек ғасырдан бері біртіндеп ашып келеді.

Әрбір кит акуласының терісіндегі шоқжұлдыз тәріздес іздері адамның саусақ ізі секілді ерекше. Осыны ескере отырып, Норман мамандарға астрономиялық алгоритм негізінде іздеу құралын қайта жасап шығуға көмектесті. Сол арқылы жекелеген акулаларды сәйкестендіру мақсатында суреттер сканерлік тексерістен өтеді. Бұл ауқымды бақылау және қорғау шаралары үшін аса маңызды.

Мұнымен қоймай ол арасында балалар да бар әуесқой зерттеушілердің үлкен тобын құрып үлгерді. «Мұхиттағы ең үлкен балық пен оның табиғи ортасын құтқару – мен үшін үлкен бақыт», – дейді ол шабыттана сөйлеп.

«Rolex» сыйлығының лауреаты Норман кит акулаларын жоғалу қаупі бар тізімге қосып, олардың ең басты құпия­сын ашуға тырысуда.

Авторы: Брэд Норман


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Аңызға толы Айрақты

$
0
0

Былайғы жұрт Маңғыстауды құла дүз, қу медиен дала деп ойлайды.

Сондай-ақ, олар бұл өңірді сұрғылт та сұрқай, сүреңсіз жер деп көзге елестетеді.

Бұрын мұнда болмаған жандар үшін ол ысқырған жел мен құм суырған боранның өті сияқты әсер қалдырады.

Жоқ. Олай емес.

Біле-білген жанға Маңғыстау өзге аймаққа ұқсамайтын ерекшелігімен есте қалатын тарихы да, шежіресі де бай өңір.

Көрер көз болса бұл жерде қайталанбас құбылыс, сезіміңді селт еткізер сұлулық та молынан бар. Мұның бәрін сен тек жанарыңмен ғана емес, жүрегіңмен түсініп, жаныңмен қабылдай білуің керек.

Біздің бұл сөзімізге Маңғыстаудағы Қарақия ойпаты, Тамшылы шатқалы сияқты ғажайып жерлер анық дәлел.

Біздің бұл пікірімізге жартастарды қашап жасаған жерасты үйлері, ғасырлар бәйгесінен озып келген мәңгілік ұйқыдағы некропольдар толық айғақ.

Мысалы, мынау өздеріңіз көріп отырған Айрақты тауын сұлу, ғажап көрініс емес деп кім айта алады. Ол осы Маңғыстаудағы Шетпе елді мекенінен 15 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл жерді осындағы көнекөз қарттар Иір ойы деп те айтады екен. Айтса айтқандай, оның бұлың-бұлың бөктерлері мен иыр-қиыр өзектері ақбөкен, арқар секілді аңдарға атам заманнан таптырмайтын мекен болған. Қазірде де солай. Биіктігі 350-400 метрден аспайтын бұл бор таулардың беті неше түрлі шимайлы суреттерге де толы. Сондықтан да болар, оны кезінде пиктограф ғалым Алан Медоев өзінің зерттеу объектісіне айналдырып, артында қызықты тұжырымдарға толы кітап қалдырған.

Айрақты тауындағы назар аударатын нәрсенің бірі «Ораз ұшқан» шоқысына қатысты аңыз дер едік. Осы өңірге есімі белгілі болған ел ағасы Ораз Оңғалбаев сонау жиырмасыншы жылдары бір ғалыммен бәстесіп, шоқының басынан үстіне етегі делдиген шапанымен парашют сияқты төменге қарай құлдилайды. Содан аман қалыпты деседі білетіндер.

Бұл тау туралы бұдан басқа да аңыздар өте көп. Бізді қызықтырғаны оның сұлулығы. Табиғаты қанша қатал болса да Айрақты ғажап көрінісімен елді таңғалдырмай қоймайды. Жергілікті жердің адамдарын ынтықтырып, махаббатын оятып тұрған да оның осы қасиеті болар, сірә.

Авторы: Жанболат Аупбаев, фото: Андрей Астафьев

Қиялдан – құралға

$
0
0

Шах Селбе мен көмекшісі Аарон Краймс камера орнатылған әуе шарымен Калифорния жағалауын түсіруде.

«Табиғат қорғау технологиясы үшін бұрын дәл қазіргідей қолайлы уақыт туған емес», – дейді Шах Селбе. Бұрынғы зымыран жасаушы ғалым әуесқой зерттеушілерді толыққанды жабдықтау мақсатында өткен жылы Conservify зертханасын ашты. Зертхана спутниктік мәліметтер, дрондар мен компьютерлік бағдарламалар тәрізді ашық шығыс коды бар технология­ларды қолдануға назар аударады.

Қазіргі таңда компания заңсыз сауданың жолын кесу мақсатында акулалардың қанатына жасырын орнатылатын арзан GPS трекерлерін жасауда. Ендігі мақсат – теңіз аумағын жіті бақылау үшін жарқанат секілді үңгір ішінде еркін ұша алатын дрондар жасау.

Авторы: Шах Селбе


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Негізге тартқан егіз

$
0
0

Қарсы бетте: Майкл Биггс егіз қыздары – Марсия мен Миллиден бір ұқсастық тауыпты: «Екеуінің де мұрны маған тартқан», – дейді ол.

11 жастағы Марсия мен Милли неге бір-біріне ұқсамайды?

Бидай өңді Аманда мен қара нәсілді Майкл Биггс бір-бірін ұнатып қосылған. «Қос нәсілді жұп ретінде дәл осындай жайтпен бетпе-бет келеміз деп ойламадық,– дейді Аманда, – ол кезде біз үшін басқа нәрсе маңыздырақ болатын».

Олар Англияның Бирмингем қаласында бас қосты. 2006 жылдың 3 шілдесінде Аманда егіз қызды дүниеге әкеледі. Қуаныштары қойындарына сыймаған жас ата-ана қыздарына ұйқасатын ат қоймаққа бекиді. Осылайша, сәбилердің бірін – Милли Марсия Мэдж Биггс деп, ал екіншісін – Марсия Милли Мэдж Биггс деп атайды.

Сәби кезден егіздердің тұлғалық сипаттары бір-біріне ұқсағанмен, терілерінің түсі мүлде ұқсамайтын. Марсияның шашы мен терісінің түсі анасынікі секілді ақшыл болса, Миллидің шашы мен терісінің қаралығы Ямайкадан қоныс аударған әкесінікінен аумайтын. «Біз ешқашан мұны ойлап уайым кешпеппіз. Ерекшелікті сол күйінде қабылдадық», – дейді Майкл.

«Кішірек кезінде, – дейді Аманда, – мен қыздарымды арбаға салып, далаға шығатынмын. Сонда адамдар маған бір, қыздарыма бір қарап:

– Олар егіз бе? – деп сұрайтын.

– Иә.

– Онда неге бірі – аққұба, ал екіншісі қара?

– Ген ғой.

Олар бұл сауалдарды қысастықпен немесе айыптағандықтан сұрамайды. Оларға бұл жайт қызық болып көрінеді, уақыт өте көздері үйреніп, олардың сұлулығын байқай бастады.

Үй шаруасындағы Аманда Марсия мен Миллиді «миллионның ішіндегі жалғызым» деп еркелетеді.

Қос кіндікті (бір-біріне ұқсамайтын) егіздердің туу жиілігі әр 100 балаға бірден келеді. Ал қос нәсілді жұптардың егіздеріне келсек, олардың әр баласының бойындағы ерекшелікті бірнеше фактор анықтайды. «Егіздердің әке-шешесінің ата-тегі мен кешенді пигменттік генетикасы әсер етуші факторларға жатады, – дейді Бостондағы Броуд институтының ғылыми қызметкері Мартин. Біз қара теріге ненің қара реңк беретініне қарағанда, ақшыл теріге ненің ақ түс беретіні туралы ауқымдырақ мәліметпен қамтылғанбыз».

Терінің түсі тек екі ықтимылдылыққа негізделмейді. Бұл – сандық ерекшелік. Бұл сандық шоғырда әркімнің өзіндік градиенті бар.

Автокөлік жөндеу кәсібін дөңгелетіп отырған Майкл бір кездері терісінің түсіне бола дұшпандықты көп көргенін айтады. «Қазір заман өзгерген», – дейді ол. Аманда екеуінің ешқайсысы қыздарының нәсілдік кемсітуге ұшырағанын байқамапты. Бірақ егіздер нәсілдік кемсітудің не екенін жақсы біледі. «Нәсілдік кемсіту дегеніміз – адамды нақты ісіне емес, терісінің түсіне қарай бағалау», – дейді Милли. Марсия бұны «адамның жанына жара салатын қылық» деп түсінеді екен. Әйтсе де, басқалар оларға тері түстерінің әртүрлі екенін айтқанда олар мұны нәсілдік кемсітушілік деп қабылдамайтын көрінеді.

«Адамдар бізге қарап жақын құрбылар екен деп ойлайды, – дейді Марсия. – Алайда біздің егіз екенімізді естігенде таңданып қалады». Олардың басқалар біле бермейтін қандай айыр­машылықтары бар екенін сұрағанымда Марсия: «Милли қыздарға тән дүниелерді және алқызыл түсті жақсы көреді. Ал маған алқызыл түс ұнамайды. Мен еркекшоралаумын», – деді.

Авторы: Патрисия Эдмондс


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.


Тереңнен тың тыңдаған

$
0
0

Мишель Андре – Испанияда орналасқан мұхит шуын бақылау жобасының жетекшісі. Ол атқамінерлерге шудың мұхит өміріне әсерін азайту жолдары туралы ақпарат береді.

Мұхит түбі ешқашан тыныш «жатпайды». Жануарлар, дауылдар мен жер сілкінісінің табиғи дауысы, оған қоса мыңдаған кеменің үні, су астындағы бұрғылау жұмыстары көп шу шығарады. Киттер мен дельфин секілді жануарлар үшін дауыс – қозғалыс құралы. Ал тосын дыбыстар осы қасиетті жойып, ұзақмерзімдік физиологиялық әсер беруі мүмкін.

«Rolex» сыйлығының лауреаты Мишель Андре әйгілі айлақтар мен ғаламшардың шалғай жерлеріндегі кеме жолдарының бойында мұхит үнін зерттеуде. «Бірнеше он жылдық ішінде, – дейді ол, – адам әрекетінен пайда болған жасанды шу тұтастай қоректік тізбекке ықпал етуде».

Андренің мақсаты – шуды жою емес, одан келетін зиянды азайту. Оның тобы LIDO – Listening to the Deep Ocean Environment (тұңғиық мұхит табиғатын тыңдау) аталатын жүйе жасады. Ол 22 суасты обсерваториясында дыбыс мәліметтерін жинап, қоныс аудару үлгісімен салыстырып, жағдайды өзгертуге жеткілікті мағлұмат жинамақ.

Авторы: Мишель Андре


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

«ЧИЛИ – шуағым менің»»

$
0
0

Балық шаруашылығы мен суды ластау Чили Патагониясының теңіз аумағындағы жануарлар мен өсімдіктер үшін қауіптің үлкені болып отыр.

Чили – таулары, аралдары мен түбектері әлемдегі ең жабайы табиғи орталардың бірі. Алайда мұндағы теңіз тіршілігін 1997 жылдан зерттеп келе жатқан биолог Врени Хауссерманның айтуынша, табиғаты қатал осы аймақ соңғы кезде күрт өзгеруде.

Чили түбегіндегі маржан қорлары жойылған, су ластанған, балықтар қолдан өсірілуде. Ластану деңгейі өте жоғары болғандықтан жаппай қырылу жиі кездеседі: 2015 жылы Хаус­серманн мен әріптестері 337 киттің өлексесін тапқан.

Ол түбектегі суасты өмірін құжатқа тіркеу арқылы сақтап қалуға көмектесемін деп үміттенеді. Бұдан бұрын «Rolex» сыйлығының лау­реаты су астындағы 30 метр тереңдікті зерттеген еді, енді ол түбекті 500 метр­ге жуық тереңдікте алыстан басқарылатын сүңгуір аппарат арқылы зерттемек. «Чили халқы мен атқамінерлеріне Патагония сұлулығын көрсету үшін бұл жобаның суреттері Google Earth бен YouTube желісіне жүктеледі», – дейді Хауссерманн.

Бұл суреттер осынау аймақты арнайы қорғауға алуға көмектеседі деп үміттенеді ол. Алайда, ең алдымен, түбекке келушілер санына шектеу қойылуы тиіс.

Авторы: Врени Хауссерман

Ғылымдағы әйелдер

$
0
0

Сан Диего су бассейнінде алып айбалықпен суретке түскен Тирни Тис: «Өзің жақсы көретін іспен айналыссаң, оған жұмыс деп қарамайсың», – дейді.

Балалық шағын Калифорнияда өткізген Тирни Тис мұхитты жақсы көреді. Енді теңіз биологін Галапагос жағалауынан жиі көруге болады. Ол аумақтағы мегафаунаны сақтауға қомақты үлес қосу үшін мұхиттағы алып айбалықтардың тіршілігін зерттеумен айналысады.

Суасты зерттеулерінде ол айбалықтардың қайда, қалай тіршілік ететінін, теңіз тереңіндегі ұсақ балықтар олардың үстіндегі құрттарға неге құмар екенін және басқа да қызықты мәліметтерді баяндайды.

Өзге жобалармен бірге Тис эквадорлық әйел-зерттеушілерді тасбақалар мен кит акулалары секілді теңіз жануарларының көшін анықтап, таспаға түсіретін ультрадыбысты құрылғы – теңіз биотелеметриясын қолдану әдісін үйретуде. «Ғылымдағы гендерлік теңсіздікті ескерсек,

әйел-зерттеушілерді тартудың маңызы өте зор, – дейді ол. – Біз ғылымда әйел ғалымдарға зәруміз».

Авторы: Тирни Тис

Қоңыр әулие

$
0
0

Кітаптан оқып емес, өзіміз арнайы барып көріп, көп ой түйген үшінші бір үңгір ол − Қоңырәулие. Әріптесіміз Дәулет Сейсенұлы және басқа да энтузиаст экспедиция мүшелері бар топ 2004 жылы Семей өңіріндегі Шыңғыстаудың Шаған өзені бойындағы оны барып көргенімізде, бұл өзіндік ерекшелігі бар жер екеніне көзіміз жетті. Заманында онда ұлы Абай атамыздың да болып, өз қолтаңбасын қалдыруы, ақынның Петербургтен елге демалысқа келген ұлы Әбішті сергіп қайтсын деген ниетпен бір топ жора-жолдастарымен осы Қоңырәулиеге жіберуі бекер дейсіз бе? Аталмыш үңгір жұмбағы, оның неліктен әулие атауына ие болғандығы атақты жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында сол Әбіштің атынан баяндалмаушы ма еді? Сонда жас офицер қасындағы Кәкітай, Дәрмен, Мағаштарға үңгір ішіндегі көлдің сол қалтарысындағы қашалған тасты көрсетіп: «Әулие мінеки! Мынау бас, мынау иық кескіні!.. Ұзын дене, бойы былай кетеді», – дейтін еді ғой. Қоңырәулиеден адам бойына тілеген қуат, қиял еткен қайрат құйылатындығын сол арада тағы да осы Әбіш айтқан-ды.

Енді Қоңырәулиеге кіргендегі өзіміздің көргенімізді баяндайық. Үңгірдің аузында  үлкен бөлме сияқты қуыс бар. Оның алдындағы адамдар арлы — берлі өтетін есік іспетті ойықтың ені шамамен 70−80 сантиметрдей де биіктігі 1,5 метрге жуық. Ал бөлме тектес кеңістіктің оң қанатында тағы бір оқшау  қалтарыс көрінеді. Үңгірдің табаны дымқыл, түпкі жақтан суық ауа есіп тұр. Бастапқы бөлме секілді қуыстың шеті ұзындығы − 60, ені − 20, биіктігі − 12−13 метрдей болатын кең әрі түзу тұйық дәлізге, ал, оң жақтағы  кіре берісі ұзындығы − 12, ені −10, биіктігі – 9 метр сопақша бүйір бөлме секілді қуысқа ұласады.

Бізді таңғалдырғаны үңгір түбінде көл бар екендігі болды. Әріптесім Дәулет Сейсенұлы осыдан 20 жыл бұрын республика Ғылым академиясының География институты ғалымдары шығарған жинақта оның ұзындығы −25, ені −18, тереңдігі − 1,8 метр деп көрсетілгенін айтты. Кейін осы дерек энциклопедияға да кіріпті. Суы мөлдір және тұщы екен. Сөз ретіне қарай мына жайдан да хабардар еткіміз келеді. Ол үңгір түбіндегі көл туралы басқа да тұжырымның бар екендігі. Оны бүгінде Қоңырәулие құпиясын тереңірек зерттеп жүрген энтузиастар айтады. Ал, олар Семейдегі №6 мектеп-гимназияның археологиялық мұражайы төңірегіне топтасқан. Аталмыш білім ұясының директоры, ҚР білім беру ісінің үздігі, тарихшы ұстаз Бақты Балғымбаева шәкірттерімен жаз айларында жыл сайын Шыңғыстауға археологиялық экспедиция ұйымдастырып тұруды дәстүрге айналдырған. Олардың қолындағы мәліметке қарағанда Қоңырәулиедегі көлдің ұзындығы – 100 метрге, тереңдігі кей жерде 4-5 метрге дейін кетеді, дейді. Әлде бұл кейінгі жылдардағы өзгеріс пе? Олай да болуы мүмкін-ау.

Біздің байқап аңғарғанымыз, өткен ғасырлардан жеткен деректер мен жергілікті өлкетанушылар ізденісі, еліміздегі География институты ғалымдарының жүргізген жұмыстары арқылы бұл үңгір туралы біраз мәлімет жинақталып қалған сияқты. Бірақ осыларға қарап, Қоңырәулиенің тылсым сыры мен жұмбағы шешіліп болды деуге келмес. Сондықтан ол туралы әңгімелер әлі де алдағы күндер еншісінде деп білеміз.

Мақаламыздың соңында өзіміз барып көріп, ішін емін – еркін аралаған төртінші үңгір туралы айтып, сонымен бұл тақырыпты тәмамдайық. Ол – Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданының Қиынкеріш аңғарындағы табиғат ғажайыбы. Оның ұзындығы 40−50 метр шамасында да биіктігі мен ені екі адам еңкеймей және еркін айналып жүре алатындай деңгейде. Қабырғалары кілең тастардан ғана түзілген үңгір ауасы құрғақ, таза, жеңілдігімен назарымызды аударды. Түкпірге таянғанымызда түсініксіз дыбыс естілді. Денеміз тітіркеніп, қауіптенгендей болдық. Өйтпегенде ше? Елсіз мекен, айдаладағы қараңғы қуыста шибөрі, қасқыр секілді жыртқыштардың жүрмесіне кім кепіл? Сөйтсек, үкі екен! Иә, кәдімгі үкі. Біз жақындаған тас мүйістің үстіндегі текшеде оның ұясы бар болып шықты. Жапалақ көз жарықтық бағжиып сонда отыр. Одан әрірек барып едік, шашылып жатқан омыртқалы жануарлардың қаңқасы көрінді. Содан соң алдымыздан діңдері тасқа айналып жапырақтары керіш құмға жабысып қатып қалған өсімдіктер жұрнағы байқалды. «Бұл енді осыдан миллион жыл бұрынғы палеонтологиялық және геоморфологиялық табиғат ескерткіштерінің белгілері-ау шамасы», − дедік ішімізден. Сөйттік те кейін қарай қайттық.

Үңгірлер… Бұл еліміздегі әлі зерттелмеген өзінше бір табиғат құпиясы. Жоғарыда біз олардың төртеуін ғана қысқаша сөз еттік.  Ал Маңғыстаудағы, Орталық Қазақстан мен Жетісудағы мұндай  табиғат ғажайыптары қаншама десеңізші. Біле білген адамға бұл табиғат ғажайыптарының өзіндік пайдасы да бар. Оны интернеттен тауып оқысаңыз үңгір ішіндегі ауаның қан қысымын қалыпқа келтіретіндігі, көкжөтелді пышақ кесті тыятындығы, қолдағы жазылмаған жарадан құлан таза айықтырып жіберетіндігі туралы қысқа да нұсқа мәліметтер жетерлік. Түрікменстандағы Копет-Даг, Грузиядағы Ақ үңгір сонау Николай патша заманынан бері емдік бағытқа бейімделген болса, одан бергі уақыттарда көрші елдердегі жасалған ондай игі тірліктер қаншама. Біздің ойымыз Қазақстанда да осындай үңгірлердің бар екендігін айту, хабардар ету. Елге ой салу.

Авторы: Жанболат Аупбаев

Дрондар дерек жеткізеді

$
0
0

Дэвид Ланг дрондары құрлық тұрғындарына мұхитты терең түсінуге көмектеседі деген үмітте.

«Біз әрбір азаматтың мұхит қорғаудағы ролін арттыру үшін барымызды салып жатырмыз», – дейді «National Geographic-тің» жас зерттеушісі Дэвид Ланг. Осы мақсатта ол әлеуеті күшті – роботтарды ұсынады.

Ланг – алыстан басқарылатын құралдар арқылы теңіздің терең тұңғиығында жаңалық ашуға үгіттейтін OpenROV компаниясының құрылтайшысы. Осы бағытта алдағы жылы бұл компания әуесқой зерттеушілерге, табиғат қорғау ұйымдарына, сыныптарға қолдау көрсету үшін кейбір жобаларды дрондармен қамтамасыз етпек.

Әрбір дронның арнайы миссиясы бар: ол – Калифорния жағалауындағы су жануарларынан бастап, Жерорта теңізіндегі кеме апаты мен өзге де ежелгі заманның белгілерін түсіріп алуға дейінгі түрлі тапсырмалар.

Теңіздерді құрлықта отырып зерттегенге не жетсін?!

Авторы: Дэвид Ланг

Тарих – топырақта

$
0
0

Шыны құтылардың ішінен қоңыр түс­тердің сан алуан реңі байқалады. Бұл құнарлы қызыл топырақ жұмысшылар таңнан кешке дейін ауыр жұмысқа жегілген Алабама алқаптарынан әкелінген. Қара белдеудің қою қара құнарлы балшығы. Мексика шығанағының солтүстік жағалауының құмды топырағы.

Құтылардың жанынан өтіп бара жатып, Брайан Стивенсон маған: «Әңгімені топырақтан бастау – тарихты білудің төте жолы. Қалай болғанда да, құлдық қамытын кигендердің осы топыраққа тері төгілген. Оған дарға асылғандардың қаны сіңген. Бұл топырақта Джим Кроудың заманында қоғамнан шеттетіліп, қорлыққа ұшырағандардың көз жасы бар», – деді.

Бұл топырақ ақ нәсілдіге сөз қайтарған «ауыр күнәсі» үшін адам айт­қысыз азапқа ұшырап, еш рәсімі жасалмастан жерленген сансыз америкалықтың сүйегін әлдиледі. Ол – Алабаманың Монтгомери қаласындағы мемориалдың және Equal Justice Initiative коммерциялық емес ұйымының жаңа Мұралар музейінің бір бөлшегі.

Мұнда мен кездестірген жандардың арасында жұмысына адал берілгені әрі ең сөзшеңі – Стивенсон. Ол тек – «Мейірім ғана» кітабының авторы әрі EJI ұйымының негізін салушы ғана емес, сондай-ақ бар ғұмырын тағдыр тәлкегіне ұшырап, қиын жағдайға тап болған  қоғамның әлсіз мүшелеріне арнаған жан.

Құлдыққа жегу, жаппай қамауға алу секілді афро-америкалық тәжірибенің келеңсіз тұстарын қарастыратын музей және дарға асудың құрбандарына арналған жаңа мемориал осы көктемде есігін айқара ашты. Музей экспозициясына дар ағашы қадалған оңтүстік өңірдің топырағы салынған 300 құты қойылды.

Өткен жылы музейді аралап жүріп 11 қатарға тізбектеле орналастырылған құтыларды көрдім. Олардың әрқайсысының сыртында дарға асылған адамдардың есімдері жазулы болатын. Құрбан болған ерлердің, әйелдер мен балалардың көбі алабамалықтар екен. Тұла бойымды олардың түгесілген тағдыры мен артта қалған жақындары жайлы ой құрсап алды.

Брайан Стивенсон Алабаманың Монтгомери қаласындағы музейде дар ағашы орнатылған жердің топырағы салынған құтыны ұстап тұр.

Мен мұнда Бирмингемде мектеп мұғалімі болып қызмет атқарған Элизабет Лоуренстің оқиғасын естідім. Элизабет өзіне тас лақтырған оқушыларына ұрысып тастайды. Балалар мұғалімдерінің бұл әрекетін ата-аналарына айтып береді. Бір топ адам мұғалімнің үйіне баса-көктеп кіріп, оны өлтіріп, үйін өртеп жібереді. Сонымен қатар мен Лузиананың Шривпорт қаласынан шыққан қара жігіт – үлкен Томас Майлстың оқиғасымен таныс­тым. Ол ақ нәсілді әйелге хат жазғаны үшін айыпталыпты. Сот оны ақтап шыққанына қарамастан, сот залынан шыққан Томасты бір топ адам ұрлап әкетіп, ағашқа байлап ұрып-соғып, кескілеп, атып, артынша ағашқа асып қойған екен.

Мен Миссисиппиде әкесі мен досын дарға аса жаздағанына куә болған жас жеткіншек Меймидің әңгімесін тыңдадым. Меймидің отбасы басқа жаққа көшіп кетіп, бас сауғалаған. Ал әкесінің досы қоныс аудара алмай, дарға асылған. Мейми ондаған жылдан соң Миссисиппиге қайта оралып, әкесінің досы жазым болған жерден топырақ алып, естелік құтысын толтырған сәтке дейін бұл қай штат екені туралы жақ ашпаған. «Мен жанымды жеген азапты көмгендей болдым», – дейді Мейми Киркланд. Ол кезде Мейми 107 жаста еді.

Кей кісілер сонау шалғай аудандардан келіп, әлдеқашан топыраққа айналып, жерге сіңіп жоқ болған ата-бабаларының сүйегінің орнын көріп кетеді. EJI ұйымы 35 штатта дарға асылған 4400 адамды құжатқа түсірді. Құрбан болғандардың көбі 1877-1950 жылдар аралығында Джорджия, Луизиана, Миссисиппи штаттарын мекендеген.

Стивенсон назарын құтыларға салды. «Біз бұдан бірдеңе шығара аламыз, – деді ол бір кезде. – Бұл құтылар арқылы біз жаңа түсінік қалыптастыра аламыз». Топырақ – тәнімізді тапсыратын жер ғана емес, өткен күннен белгі беріп тұрған қасиетті тарих та.

Авторы: Кэти Курик

Тасбақамен табысқан жан

$
0
0

Теңіз тасбақасын ұстап алған Мариана Фуентес сараптама үлгісін алып, белгі қойып, оны суға қайта жібереді.

Салмағы 70 келіден асатын тасбақаларды судан шығарып, қайыққа салу оңай шаруа емес. Десек те, жойылудың аз-ақ алдында тұрған бауырымен жорғалау­шыларды сақтау үшін теңіз табиғаты биологі Мариана Фуентестің істейтін шаруасы – осы. Теңіз тасбақалары әлемде жылы суда тіршілік етеді. Фуентес Багам аралдарында жұмыс істейді, жергілікті үкімет оған теңіз табиғатының 20 пайызын бөліп беруге уәде еткен.

«Әу баста тұтасқанатпен жұмыс істегім келген, – дейді ол келеңсіз бір оқиғаны еске алып, – бірақ оның жемтігіне айнала жаздадым». Кейін Бразилияға оралғанда бір ғасыр жасай алатын тасбақаларға кездесіпті.

Авторы: Мариана Фуентес


Тоғысқан тағдыр

$
0
0

65 жастағы Лонни Банч – бірнеше кітаптың авторы, педагог, тарихшы. Бұл мамандықтың бәрі оны бүгінгі қызметіне жеткізді. Қазіргі таңда ол – Уашингтондағы Смитсон Ұлттық афро-америкалық тарих пен дәстүр музейінің директоры. «National Geographic» журналының бас редакторы Сюзан Голдбергтің Лонни Банчпен сұхбаты назарларыңызда.

Сюзан Голдберг: Музейді ашу сәтті іс болған секілді. Кезек тіпті бірнеше айға созылады екен. Мұндай қызығушылықтың себебі неде деп ойлайсыз?

Лонни Банч: Меніңше, бұған көпшіліктің АҚШ тарихына деген құрметі себеп. Базбіреулер мұнда «қажылыққа» келгендей күй кешеді. Ата-әжелері басқа нәсілді немерелеріне өз бастарынан өткен оқиғаларын баяндап жатқанын көреміз. Бір кездері бізді ажыратып тұрған мәселелер енді біріктіретін күшке айналғандай. Бұл жер – айтар уақыты енді келіп, оқиғасы маңызға енді ғана ие болғандардың мекені. Көптеген адам нәсілдік кемсітушілік тақырыбында ашық пікір білдіре алатын деңгейге жетті. Келушілер «оның орнында менің, менің ата-бабамның да болуы мүмкін еді ғой» деп ойлайды. Әдетте, басқа жерде талқылай алмайтын тақырыптар осында талқыланады.

СГ: Бүгінгі таңда АҚШ-та нәсілдік кемсітушілікке қатысты тақырыптар үлкен пікірталас тудырады. Адамдарға бұл тақырыпты ашық қозғай алатын осындай музейді ашу пайдалы болады деп ойлайсыз ба?

ЛБ: Меніңше, бұл музей күрмеуі қиын мәселелерді, нәсілдік ерекшеліктің маңызын және оның бөліну дертіне қалай ұшырататынын зерттеуге көмектеседі. Сондай-ақ адамдар мұнда Американың тарихына афро-америкалық көзқараспен қарау арқылы шуақты күндердің ауылы алыс емес екеніне әрі оған жағдайдың қиын болғанына қарамастан, күресу және Америкадан алға қойған жоспарларына жетуін талап ету арқылы қол жеткізуге болатынына көз жеткізу үшін келеді деп ойлаймын.

СГ: Алдымыздағы сәуірде Мартин Лютер Киңнің құрбан болғанына 50 жыл толады. Егер ол қайта тіріліп келсе, қазіргі жайт туралы не айтар еді?

ЛБ: Киң мырза біздің біршама жетістікке жеткенімізді байқар еді. Алдында ғана ел тізгінін афро-америкалық президент ұстады. Мен секілді адамдар музейді басқаруда.

Дегенмен ол өзі кезінде армандап кеткен «сүйіспеншілікке негізделген қоғамды» қалыптастыра алмағанымызға өкініш білдірер еді деп ойлаймын. Біз экономикалық теңдік орнаған қоғамға әлі қол жеткізгеніміз жоқ. Біз нәсілдік айырмашылық бұрынғыдан азырақ маңызға ие қоғам құра алмадық.

Меніңше, орта таптық қара нәсілділердің санының артқаны, жоғары оқу орындарында оқып жатқан қара нәсілділердің санының артқаны және кей аймақтарда адамдардың бірігуге қатысты түсініктерінің өзгеруі оны шаттыққа бөлер еді.

Сонымен қатар біздің мектеп қабырғасында бөлінушіліктен арыла алмағанымыз, көптеген адам үшін қалаларда «Америка арманының» орындалмағаны оны қынжылтар еді. Қуанумен қатар, ол 50 жылдан бері осы мәселелердің әлі шешімін таппай келе жатқанына реніш білдірер еді. Ол бізді наразылық білдіруге, ілгері басып, теңдікті талап етуге шақырар еді деп ойлаймын. Ол бізді Американы оған қарсылық білдіру арқылы жақсартуға шақырар еді.

СГ: Қалай ойлайсыз, ол қазіргі таңда АҚШ және шетел көшелеріне өзінің аты берілгеніне риза болар ма еді?

ЛБ: Ол өзінің атымен көшенің аталғанына емес, арманының жүзеге асқанына шын риза болар еді.

Ұлттық афро-америкалық музейде сурет, видеолары үнемі ауысып отыратын аспалы экран бар.

Музей тарихи және дәстүрлі мұраларға қатысты ұсыныстарды өте мұқият саралайды. Қызығушылық танытқандар өз мәліметтерімен бөлісу үшін nmaahc.si.edu/donate-item сілтемесіне өте алады.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Теңсіздік дәуірі

$
0
0

АҚШ-та төрт негізгі демографиялық топ – азиялық, латын-америкалық, ақ және қара нәсілділердің әлеуметтік жағдайы әрқилы, болашақта бұл мәселе ушыға түсуі де ғажап емес. Мәселен, қара нәсілділер мен латын-америкалықтың жалақылары ақ нәсілділер мен азиялықтарға қарағанда төмен. Жалақының жетіспеушілігінен, көбінде олар балаларының оқу ақысын төлеуге қиналады. Тиісінше, жоғарғы білім ала алмағандар жоғарғы лауазымды да иемдене алмайды.

ҚАРАЖАТ

Ақ нәсілділер мен азиялықтарға қарағанда, қара және латын-америкалық тұрғындар арасында жарлылық екі есе көп. Бұған жұмыс­сыздық пен жалақы факторының ықпалы зор.

БІЛІМ БЕРУ

Азиялықтар мен ақтарға қарағанда қара нәсілділер мен латын-америкалықтар арасында жоғарғы білім иелері сирек. ЖОО-ға түсу бо­йынша да азиялықтар көштің басында тұр.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

Қара нәсілділер сәби өлімі бойынша ең жоғарғы, өмір сүру ұзақты бойынша ең соңғы орында. Қаралардың қант диабетіне шалдығу деңгейі латын-америкалықтармен бірдей.

Латын-америкалықтар нәсілдер категориясы (ақ, қара және азиаттық) кірмейді. Латын-америкалық тарға барлық испан тілді нәсіл жатады.

МОНИКА СЕРРАНО, NATIONAL GEOGRAPHIC ҚЫЗМЕТКЕРІ, КЕЛСИ НОВАКОВСКИЙ. ДЕРЕККӨЗДЕР: ҰЛТТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ СТАТИСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ, ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ СТАТИСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ, АҚШ ЕҢБЕК СТАТИСТИКАЛЫҚ БЮРОСЫ, АҚШ-тың САНАҚ БЮРОСЫ, ҰЛТТЫҚ СОЗЫЛМАЛЫ АУРУЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚТЫ НЫҒАЙТУ ОРТАЛЫҒЫ, PEW ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ, АМЕРИКАЛЫҚ ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ, АҚШ-тың ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ДЕПАРТАМЕНТІ.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Түркістан – екі дүние есігі ғой!

$
0
0

Жуырда Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан қаласы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып жарияланды да артынша облыс атауы Түркістан деп өзгертілді. Таңдау неге бұл қалаға түсті дегенге келер болсақ, оны іштей бірнеше сатыға бөліп қарауға болатындай.

Бұрынғы облыс орталығы Шымкенттегі тұрғындар саны 1 000 000 межені еңсергендіктен ол қала Астана, Алматы секілді республикалық маңызға ие мегаполистер қатарына кірді. Ал Түркістанда 161 мың ғана халық тұрады. Түркістан әуелден туристік қала болып саналады.  Сондықтан шаһарда жаңадан мейрамханалар, сауда және ойын-сауық орталықтары мен қонақ үйлердің саны артып, қызмет көрсету сапасы жоғарылайтыны анық. Бұл шешімнің ең маңызды тұсы — Түркістанға жақын орналасқан Ащысай мен Кентау секілді шағын қалалардың да дамуына оң әсері тиеді деген сенім бар.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі 1978 жылы мұражай ретінде мемлекеттік тіркеуге алынып, ал 1991 жылы кесене аумағы «Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі» болып қайта құрылды. Қорықтың жалпы аумағы 88,7 гектар жерді алып жатыр. Онда ортағасырлық 71 ескерткіш пен 22 сәулет ғимарат орналасқан. Кесененің ішінде мешіт, кітапхана, екі сарай залы, сағана, тұрғын бөлмелер, асхана, орталық зал — қазандық, құдықхана бар. Кесененің екі жағына минареттер тұрғызылған.

Өткен жылы елімізге шет елдерден 7 миллионнан астам турист келсе, солардың әрбір бесіншісі Оңтүстік Қазақстан облысында болып қайтыпты. Бұл аймаққа туристердің топ-тобымен келуі бекер емес. Себебі мұнда киелі орындар мен табиғаты әсем жерлер жүздеп саналады. Оның ішінде әрине қасиетті Түркістан да бар.

Тайқазан 1399 жылы Қарнақ елді мекенінде сирек кездесетін асыл металдардың қоспасынан құйылған. Салмағы – 2 тонна, сыйымдылығы – 3 мың литр. Қазан сыртындағы арабтың гүлденген сульс және куфи қолтаңбаларымен жазылған үш қатар жазудың біріншісінде оны шайхылардың сұлтаны Ахмет Йассауи кесенесіне арналып жасалғаны айтылады. Қазан сыртындағы жазулардың екінші қатарындағы он сегіз рет қайталанып жазылған «Мубарак бад» деген сөз де құтты болсын, берекелі болсын, береке дарыған орын деген мағынаны береді. 1935 жылы тайқазанды Санкт-Петербургтегі атақты мұражай Эрмитаж алып кетеді. Жарты ғасырдан астам уақыт сонда тұрып, 1989 жылы ғана тарихи отанына қайтарылды.

Түркістан – бір жағы Сырдария өзені, екінші жағы Қаратаумен қоршалған, табиғи қорған ішіндегі киелі мекен. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Есім ханнан кейінгі қазақ хандарының барлығы дерлік жерленген. Нақтырақ айтқанда, қасиетті мекенде қазақтың 21 ханының сүйегі жатыр. Сондықтан болар қасиетті мекенге талас-тартыс қай заманда да толастамаған.

«Мазардың сыртына қарап-ақ өлімді еске аласың. Ал мазмұнына үңілсең, өмірді қалай сүру керектігін ұғасың, – дейді Ясауитану Ғылыми зерттеу институтының директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай, – себебі бұл мазар – рух пен сана ескерткіші».

Тарихи деректерге жүгінсек, 1390-1395 жылдары әйгілі билеуші Әмір Темір бүкіл түркі руханиятының негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауидің ескі мазарының орнына су жаңа мемориалды ескерткіш салдырған.

Досай Кенжетайдың айтуынша, кесене кірпіштері 30 шақырым жердегі Саураннан 15 мың адамның бір-біріне қол жалғауы арқылы жеткізіліпті.

Аңыздарға қарағанда Ахмет Ясауи Мұхаммeд (с.ғ.с.) Пайғамбар жасына келген соң, оны аза тұту белгісі ретінде қалған өмірін өзі уағыз айтатын мешіт іргесінде қазылған жерасты мекенінде (Қылует) өткізді.

Есім хан — (1598-1628) билік құрған. Есім хан қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болды. Оған бұл атақ 1598 жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мауреннахрға жасаған жорықта ерекше көзге түскені үшін берілген екен.

Рабиға Сұлтан Бегім Кесенесі Қожа Ахмет Иасауи музей қорығында орналасқан. Әмір Темірдің немересі, Әбілқайыр ханның әйелі ретінде арнайы салдырылған.

Кешен құрамындағы «Шығыс моншасы» 1976 жылға дейін үздіксіз жұмыс істеп тұрған.

 

Автор: Дәурен Құдайберген

Фото: Нахып Шынтеміров, Мақсат Тұрсынбайұлы, Ерболат Шадрахов, Дмитрий Ругис

 

Көшелерде тұр аты

$
0
0

Колката, Үндістан. Доктор Мартин Лютер Киң көшесі. 1986 ж. атауы берілген. Фото: Ян Тех

Сатушы бұрын Вуд Стрит деп аталған көшеде сусын сатуда. «Британия отарлаушыларына қарсы бейбіт шеруге шыққан Үндістан қаһарманы Махатма Ганди біздің зорлық-зомбылықсыз әлеуметтік өзгеріс жасау әрекетіміздің ізашары болды», – деді кіші Мартин Лютер Киң. 1964 жылы Нобель сыйлығын қабылдау кезінде Киң былай деді: «Мейірім – әлеуметтік трансформацияға ықпал ететін рух күші».

Әлемде мыңнан астам көше кіші Мартин Лютер Киң есімімен аталады. Бүгінде бұл көшелер адам құқығымен егіз ұғымға айналған тұлғаның өмірінен сыр шертетіндей.

Мартин Лютер Киңге 1968 жылы қастандық жасалғаннан кейін арада үш апта өткенде Германиядағы Майнц қаласының муниципалдық кеңесі бір көшеге оның есімін берген. Олар бұл шешімді бар болғаны бірнеше күннің ішінде-ақ жүзеге асырса, Киңнің туған қаласы Атланта үшін ондай қадамға баруға сегіз жыл қажет болды. Теннесси штаты, Мемфис, яғни Киң өлтірілген қалада да оның атына бір көше берілді, бірақ бұл оның өлімінен кейін 40 жыл өткенде ғана.

Мемфис, Теннесси. Кіші Доктор Мартин Лютер Киң даңғылы. 2012 ж. атауы қайта өзгертілген. Фото: Элиас Вильямс.

МЛК даңғылы Киңге қастандық жасалған мотельге дейінгі бірнеше кварталды қамтиды да ары қарай ол ең соңғы маршын жасаған Клейборн шіркеуінен өтіп барып бітеді.


Жаңа ат жарқын болашақтың хабаршысы болуы мүмкін. Бір жердің атауының ауысуы – ықпалдың белгісі. Бұл сол жердің мәдение­тіне өзгеріс әкелген әлдебір тұлғаның кім болғандығын аңғартатындай. Германияның Шверин қаласында доктор Мартин Лютер Киң штрассесі, яғни көшесі Анна Франк көшесімен қатарлас орналасқан. Францияның Сэйнт Мартин-д-Херес (Saint-Martin-d’Hères) қаласында Мартин Лютер Киң көшесі Роза Ли Паркс көшесімен қиылысады. Екінші көшенің атауы Алабама штатының Монтгомери қаласында 1955 жылы автобус жанжалын тудырған әйелдің құрметіне берілген. Гаитидегі Порт-о-Пренс қаласында XVIII ғасырдың төңкерісшісі Туссайнт Лоувертуре атындағы жол Киң көшесіне ұласады.

Киң қайтыс болғанға дейін екі жыл бұрын оның қолдау рейтингі небәрі 33 пайыз болатын. Бұл нәсілшілдік пен көптеген еуропалық нәсілді америкалықтардың оның экономикалық әділдікті жақтаған ұранын жақтырмаушылығының көрінісі іспеттес еді. Онжылдықтар сырғып артта қалған сайын ол ұрандатқан мәселе мен оның пікірін қолдайтындардың қарасы көбейіп келеді. Киң дүниеден озғанына жарты ғасыр толғанда америкалықтардың 90 пайызы оны жоқтады әрі жақтады.

Порт-о-Пренс, Мартин Лютер Кинг даңғылы. Атауы 1968 ж. өзгертілген. Фото: Филомен Джозеф

Сатушылар Киң және Гаити революционері Туссайнт Лоувертуре атындағы көшелердің қиылысында. Мұнда 1859 ж. федералдық қару қоймасына шабуыл жасағаны үшін дарға асылған америкалық аболиционист Джон Браун, 1930 ж. Италия отарлаушыларына қарсы күрескен Эфиопия басшысы Хейл Селасси, Лоувертуренің лейтенанты, 1804 ж. француздарды жеңіп, Гаитидің әлемнің тұңғыш тәуелсіз қара нәсілді еліне айналуына көмектескен Жан Жак Дессалинес көшелері бар.


Қалай десек те, АҚШ-та оның атымен аталатын 955 көше бар, олардың көбі тұрмысы төмендер тұратын аудандарға берілген. Бірақ олардың барлығы жұпыны көшелер деу – тым ұшқары айтылған сөз. Ол жерлердегі кәсіпкерлік даму басты көшелерден еш кем емес.

Жалпы, әлем бойынша МЛК көшелерінің саны мыңнан асып жығылады. Оның ішінде Германия­да Мартин Лютер Киң деген оның есімі толық аталатын көше де бар. Танымал тұлғаның есімі осы елден алынған болатын. Киң мен оның әкесінің шын аты Майкл еді. Бірақ баптист-уағыз­даушы болған үлкен Киң 1934 жылы Берлинге барған сапарында протестанттық реформатор Мартин Лютерден алған әсері соншалық, ол өзінің және сол кезде бес жаста болған тұңғышының есімін өзгертуге шешім қабылдапты.

Нью Йорк. Доктор Кіші Мартин Лютер Киң бульвары. 1984 жылы атауы қайта өзгертілген. Фото: Эли-ас Вильямс

Эбони Голденнің «125-көше және бостандық» қойылымындағы бишілер көше бойымен кетіп барады. Бұл парад Киңнің сөзімен айтқанда, пайданы адамнан артық қоятын қоғамдағы миграция, джентрификация және еркіндік беру мәселелерін назарға алады. Гарлем о бастан Америкада қара нәсілділердің өнері мен мәдениеті орталығы саналады.


Қара нәсілді америкалықтар үшін Киңнің өлімінен кейінгі жылдар кедейшілікті азайтып, он екі жылдық білім алу мен баспаналы болу көрсеткішін арттырды. Бірақ МЛК көшелерінің көбеюі әлемде қайыршылықты жоюға деген жаһандық міндеттемені білдірмейді.

Киң көз жұмған Мемфисте кедейшілік ел бо­йынша ең төменгі деңгейде. 1971 жылы қаланың бір көшесіне Киң атын беру әрекеті сәтсіздікке ұшырады. 2012 жылы қала жоспары қайта жасалып, оған келісім берілді.

Шамамен, үш шақырымға созылған доктор Мартин Лютер Киң даңғылы – Киң маршқа шыққан соңғы көшелердің бірі. 1968 жылы 28 наурызда Киң Линден даңғылы (көшенің сол кездегі атауы) бойымен мыңдаған ереуілшіні ертіп, қала әкімшілігіне қарай бет алды. Мақсаттары – нәсілшіл қала басшысы Генри Лоебпен жүздесу еді. Алайда ол қара нәсілді қоқыс тазалайтын жұмысшылармен келіссөз жүргізуден бас тартқан. Сондықтан ереуілдің соңы қақтығысқа ұласты. Бейбіт ереуіл өткізе алатынын дәлелдеу үшін Киң 3 сәуірде қайта әрекет етіп, көшелер мен алаңдар адамдарға лық толды.

Эрмело, Оңт. Африка. Мартин Лютер Киң көшесі. Атауы 2007 жылы берілді. Фото: Эндрю Эсиебо

1964 жылы желтоқсан айындағы сөзінде Киң: «Нәсілдік теңсіздік мәселесі бір ұлтпен шектелмейді», – деген. Киң экономикалық бойкоттар соңында қара нәсілді көшбасшы Нельсон Манделаны түрмеге тоғытқан жүйе күйрейді деп болжап кеткен. Ол дұрыс айтқан еді. АҚШ пен басқа да мемлекеттердің санкцияларынан кейін 1994 жылы апартеид құлады. Бірақ оның салдары әлі де жалғасуда.


Сол түні ол: «Мен таудың басында болғам», – деп басталатын әйгілі сөзін айтты. Келесі күні оны мотельдің балконында атып кетеді. Бүгінгі таңда Мемфис қаласы Киңді құрметпен еске алуға тырысады. Өткен жылдың жазында қала кеңесі сол кезде ереуілге шыққан, қазірде көзі тірі 29 адамға өтемақы төлеу ұйғарымын мақұлдады. Олар Киң қайтыс болғаннан кейінгі әр жыл үшін мың доллар шамасында өтемақы алады. Алайда әлі күнге қоқыс таситын көлікке мініп жүрген жандар үшін бұл қаражат зейнетке шығуға жеткіліксіз.

Киңнің мақсаты – «қара балалар мен ақ нәсілді балалар қол ұстасып, ағайын-бауырдай бір болса» еді.

Киңнің арманы асқақ болатын: ол саяси және экономикалық күштің радикалды түрде қайта үйлестірілуін талап етті.

Автор: Венди С.Томас


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Жағына сүйенген жәндік

$
0
0

Бұл қақпан жақты құмырсқа (genus Odontomachus) объективке ілінгенде тұмсықтары жабылып тұрған. Тұмсықтары ашық күйде жемін табады, қорегін тапқан кезде жағын бірден тарс жабуға дайын тұрады.

Оның ерекше тұмсығы – қорғаныста да, шабуылда да таптырмас құрал.  Қақпан ауыз құмырсқа кірпік қағысынан 2300 есе көп, яғни секундына 60 метрге дейін жететін көз ілеспес жылдамдықпен жағын сарт жаба алады.

Энтомолог Эндрю Суарез өз зерттеу тобымен бірге Аустралия және Борноеда кейбір одонтамакус және анокетус түрлерінің қорғаныс мінездерін зерттеді. Жыртқыштардың тұзағынан құтылу үшін ол жағын шұңқыр­ға қаратып, сарт еткізіп жабады. Осы кезде соққының күші кері айналып, оның әсерімен құмырсқа шұңқырдан аман-есен ытқып шығады.

Мұндай кинематикалық күш тек бұлшық еттің жиырылуынан ғана туындауы мүмкін емес. Жақтың күші катапульт тәрізді механизммен қуатталған: ілгек – жақтың ашық тұруын қамтамасыз етіп, бұлшық ет ілгекті босатқанға дейін потенциалды энергия серіппеде сақталады. Ал, секіру арқылы бұл құмырсқа нәтижесін еселей алатыны да анықталды. «Адам осылай секіре алса, бізге 9-10 метр деген биіктік түк болмас еді, – дейді Суарез. – Бірақ аяғымыз­дан түк қалмайтын еді».

Құмырсқа тірлігі адамзатты ұзақ уақыттан бері қызықтырып келеді. Роботтехника, биомеханика, материалтану мен тіпті есептеудің түрлі жолдарын біз құмырсқаларға қарап үйрендік десек артық емес. Суарез өз тобымен аталмыш құмырсқаның теңдесі жоқ күші туралы көп жаңалық ашқаннан адамзат тек ұта бермек. «Біздің табиғаттан үйреніп, аларымыз әлі де көп. Қақпан жақты құмырсқа – мұның айқын дәлелі. Өзіне зақым келтірмей мұндай күшті қажетіне жарата білу керемет артықшылық. Оны зерттеу арқылы ғана біз түсімізге кірмеген берік материалға қол жеткізе аламыз», – дейді ол.

Авторы: Беата Ковач Нас


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Viewing all 1611 articles
Browse latest View live


<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>