Quantcast
Channel: nationalgeographic.kz
Viewing all 1619 articles
Browse latest View live

Көзіміздің ағын оқиды

$
0
0

Уашингтон университетінде жасалып жатқан смартфон қосымшасы ұйқы безі қатерлі ісігін көз ағының сарғаюына қарап анықтайды. Селфи жасасаңыз болғаны, әпликейшн билирубин деңгейі жоғары не қалыпты екенін бірден байқайды. Бұл да, өз кезегінде, ұйқы безі қатерлі ісігі белгілерінің бірі болуы мүмкін.

Авторы: Лори Кусберт


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Медицина болашағы

$
0
0

Бионикалық көзді ғылыми фантастика дерсіз, бірақ 3D принтері мұндай прототипті бар болғаны бір сағатта жасап шығарды. Протез арқылы көрудің ауылы алыс емес сияқты.

Адамзат денсаулығының авангардында тұрған ғалымдар нақты медицинаға қол жеткізу үшін генді жіктеді. Жаңа буын көне қытай медицинасына мойын бұрса, АҚШ дамыған елдердің арасында жүктілікпен байланысты өлім бойынша көш бастап тұр. Мұның соңы неге апарады?


Медицина болашағы: «Интернетке қосылған» әрі хай-тек.

Үнемі жаныңыздан табылатын, аналитикаға сүйенетін, сізге индивидуалді тұрғыда көңіл бөлетін медицина қандай?

Егер ортақ Линда болмағанда, мен Харриеттпен мүлде таныспас едім. Мен – солтүстік калифорниялық дәрігермін, Нью Йоркте Харриеттің байланыс компаниясында қызмет етемін. Екеуміз де Линда негізін қалаған онлайн режимдегі жеке геномика компаниясына талдау жасату үшін генетикалық мәліметтерімізді жібердік.

Харриетт екеуіміздегі ортақ дүниені байқаған Линда бізді таныстырайын деп шешіпті. Ол ортақтық – ДНҚ митохондриясының сирек кездесетін түрі, яғни біз алыс туысқан болып шықтық. Мен тіпті қызық үшін ДНҚ нұсқалары менімен және Харриеттпен бірдей адамдарға арнап Facebook желісінде топ аштым.

Харриетт екеуімізді кездестірген нәрсе – биомедицинаның жетістіктері. Бір кездері түсімізге де кірмеген бұқаралық нарық пен арзан гендік талдау секілді дүниелер осы күні қалыпты жағдайға айналған. Сандық технология мен қоғамдық платформаның арқасында біз өз генотипімізбен танысып, оны желідегі әлеммен бөлісуімізге мүмкіндік алдық.

Бионикалық көз жасаудың қиындықтары көп. Бірақ ғалымдар 3D технологиясын қолдана отырып, көз рецепторларын жасап шығара алды. Көздің доғаша иілген пішініне қарамастан, «сия» ретінде қолданылатын күміс бөлшектер өздерінің қалыбына дөп түседі. Фотодиодтар жарықты 25%-дық тиімділікпен электр қуатына айналдырады. Келесі қадам – имплантты ыңғайлырақ ету үшін көбірек жарық рецепторларын қосып, жасанды көздің сыртқы қабатын жұмсарту. — Рейчел Хартиган Ши


Содан бері денсаулық сақтау саласы технологияға негізделген көптеген жетістік пен инновация легіне куә болуда. Мен мұнда баяндайтын инновациялардың басым көпшілігі әзірге бастапқы даму сатысында тұр. Әрқайсысы өзінше әсерлі. Дегенмен осы инновациялардың дәстүрлі денсаулық сақтау жүйесінен «біртұтас медицинаға» жолы ашылғанына қуанамын.

Ойланып көріңіз, мұндай медицина біздің денсаулығымыз бен аман-саулығымыз үшін көңіл бөлуге негізделген. Мақсат – ауруды емдеумен қатар, оның алдын алу, анықтау.

Медицинаның ескірген үлгісінде қажетті деректер қағаз файлдардың арасында шашылып жатады, болмаса электронды медициналық жазба жүйелеріне жіктелетін. Бүгінде оның жетілдірілген үлгісі қатарға енгізілуде. Ол – өмірлік маңызды функцияларды үздіксіз бақылайтын және науқастың денсаулығы туралы мәліметті жан-жақты жазатын индивидуалді технология.

Fitbit корпорациясы «тағып жүретін аппараттар» революциясын бастағалы бері арада он жыл өткенде денсаулық көрсеткіштерін тіркеу құрылғылары әр елде кеңінен қолданыла бастаған. Ондай құрылғылардың көбі адам қимылдарын өлшеуге және жазуға арналған. Келешекте мұндай сезімтал технологиялар аурудың алдын алуда, оны анықтау мен терапия саласында басты рөл ойнайтын болады.

Биоинженерлер ДНҚ-ны бүктеу арқылы нанокөлемді тетраэдр мен одан да зор дүниелер жасап шығарды. Олар қажетті пішінін алгоритмге салады. Бұл ұзын ДНҚ тізбегін қалай бүктеу керектігін анықтайды. Бүгілген тізбек қысқарақ ДНҚ бөліктерінің көмегімен екі немесе үш өлшемді біріккен пішіндер түзеді. Осы арқылы тізбек үстіне жайғасқан молекуларлар дәріні немесе ген өңдейтін заттарды дененің керекті жеріне жеткізу секілді өз функциясын оған бере алады. МТИ-да істейтін Марк Баттың айтуынша, ДНҚ-оригамидің «көксегені» көптеген дәрінің миға жетуіне кедергі болатын қан – микедергісін аттап өту.Тереза Мачемер


Тағып жүруге аса ыңғайлы медициналық жабысқақ сенсорлар электрокардиограммаға түсіріп, тыныс алу жиілігін өлшейді, қандағы қант мөлшерін анықтап, нәтижесін Bluetooth арқылы жіберіп отыратын болады.

Ал естуге көмектесетін сенсорлы құлаққаптар дыбысты күшейтіп қана қоймайды, сондай-ақ жүрек соғысы мен қозғалысты да бақылап отырады.

Болашақта жанаспалы смарт-линзалар   мыңдаған биосенсормен жабдықталатындықтан, қатерлі ісік секілді түрлі аурулар ошағының белгілерін о бастан анықтап отыруға көмектеседі. Қазір жобасы әзірленіп жатқан линзалар алдағы уақытта көз жасындағы қант мөлшері арқылы қант диабетіне шалдыққандардың диета режимі мен дәрі-дәрмектерді қабылдау кестесін белгілеп беріп отыруы ғажап емес.

Имплантталатын құрылғылардың қатарын радио жиіліктегі идентификациялық чип толтыруы мүмкін. Ол тері астына орнатылып, науқастың медициналық жазбалар қорын сақтайды. Тағы бір осындай құрал – қан құрамын бақылайтын теріасты сенсоры. Капсуладағы ішке қабылданатын құрылғылар жұтылып, асқазан-ішек жүйесінде емдеуден бөгде заттарды оқшаулауға дейін түрлі тапсырмаларды орындайды.

Саусақтан қан алуды ұмытыңыз. Оңтүстік Корея зерттеушілері көруге кедергі келтірмейтін, түссіз, иілгіш, электроникасы орнатылған линзаға қол жеткізді. Сымсыз электр қуатын өткізу арқылы сенсорлар көз жасынан глюкоза деңгейін анықтай алады. — Ив Конант


Аяғы ауыр әйелдің ішіне жапсырылатын сенсор жатыр бұлшықет қозғалысын бақылау арқылы, толғақ келетін уақытты болжайды. Тіпті шала туған сәбилер үшін де жоғары технология көмекке келмек. Құлаққаптарда баланы тыныштандыруға арналған әуен ойнап жатқанда, сканер оның әсерін анықтау үшін ми толқындарын тексереді.

Құрылғыны кимей-ақ денсаулығымыз туралы мәлімет жинағымыз келсе ше? Массачусетс технологиялық институтының (МТИ) инженерлері Wi-Fi модемі секілді қорапты ойлап тапты, ол бір жерде тұратын адамдардың өмірлік маңызды функциялары мен ұйқы фазаларын тексереді.

Жаңа сенсорлық технологиялардың пайда болуымен биомедициналық мәліметтер мен танымдық ақпарат мөлшері артпақ. Мұны геномдық деректердің өсіп жатқан қорымен жұптас­тыруға да болады. Барлығы бірге сауықтыруды оңтайландырудың, ауруды түсінудің, әр адамға арналған ең тиімді индивидуалдық профилактика шаралары мен ем-дом әдістерін таңдаудың жаңа жолын ашады.

Сандық құралдар мен жасанды интеллект сараптамасының қосындысы диагностиканың ұқыптылығы мен жылдамдығын арттырады деп топшыланады. Бұл аурудың алдын әлдеқайда бұрын алуға мүмкіндік беріп, емнің пайда келтіру мүмкіндігін еселендіреді. Мұның көбі телефонмен жұмыс істеуі мүмкін.

Назарыңызда ішіне кішкентай магнит салып алған тіктөртбұрышты робот. Жұтуға ыңғайлы пішінге ену үшін ол баян сияқты жиырылып, асқазанда ашылады. Ол сіз жұтып қойған батарея не ішіңізге зақым келтіріп жатқан тінді денеден шығара алады. — Лори Кусберт

Смартфон отоскопы арқылы ата-аналар балаларының құлақтарына үңіліп, кескінін педиатрға жібере алады. Мобильдік қосымшалар мен сенсорлардың арқасында адамдар денедегі ауытқуларды байқау үшін электрокардиограмма түсіруге мүмкіндік туады. Микрофонның көмегімен жөтелді «тыңдауға» бағдарланған жасақтама арқылы өкпенің қабынуын да анықтауға болады.Уақытынан бұрын өлімге әкеп соқтыратын ең басты қауіп көзі болып табылатын жоғарғы қан қысымын емдеуді жақсарту үшін қазір жасалып жатқан сенсорлар қан қысымын үздіксіз өлшеуден өткізіп отыратын болады (ешқандай манжеттің керегі жоқ).

Адамзат микробиомасына, яғни әркімнің іші мен сыртындағы триллиондаған бактерияға жасалған сансыз зерттеулер диагностикалаудың жаңа үлгілерін ұсынып, ауруды түсінуге көмектеседі. Генетикалық сараптама семіздік, ішек қабынуы мен неврологиялық аурулардың дамуына апарып соқтырады деп есептелетін ішек микробиомассасының көптеген құпиясын ашуға жәрдемдесер еді.

Жасанды интеллект арқасында диагностикалық құралдарды жасуша үлгілері мен радиология­лық сканерлерді оқи алатындай етіп жасақтауға болады. Google зерттеушілері 250 миллионнан астам науқас көз торын сканерге түсіріп, кескін үлгілерін алгоритмге салды. Осыдан соң технология қай пациенттің қан қысымының, ал қайсылары үшін инфаркт пен инсульт алу қауіпі жоғары екенін анықтауды «үйренді». Кей салыстырулар мұндай сандық құралдар патолог, дерматолог пен радиолог мамандарына қарағанда сараптама нәтижесін нақтырақ бергенін көрсеткен.

Ақылды пластырь. Бұл почта маркасынан да кішкентай жапсыр­ғыш жүрек қағысын бірқалыпты жағдайда ұстап тұрады. Ол теріден өтіп, жасушалар мен қанды қозғалысқа келтіретін ультрадыбыс­тық толқындар шығару арқылы қан қысымын өлшеп, мәліметті ноутбукқа кері жібереді.


Уақыт өткен сайын медициналық көмектің аралас түрде, яғни шынайы-виртуалды араласу үлгісінде көрсетілуі арта бермек. Жеке Skype сияқты виртуалдық қабылдаулар веб-порталдар арқылы жүзеге асырылады. Дәрігер науқастың барлық өмірлік маңызды функциясы туралы мәліметті вебке қосылған сымсыз жүйе, қан қысымы манжеті мен бақылау құрылғылары арқылы қабылдайтын болады. Телемедициналық дерматолог теріңіздегі әр дақты алдын ала тексеру үшін сіз жіберген селфиге қарап шығып, уайымдамауға немесе келіп ем-дом қабылдауға кеңес беруі мүмкін.

Келешекте дәрігерлер тағайындаған емге «digiceuticals» де кіруі ғажап емес. Әзірге шектеулі қолданыстағы бұл жоба адамның хал-жағдайын дәрі-дәрмексіз емдеуге арналған. Ешқандай жеке қабылдаусыз-ақ дәрігердің ақпараты мен кеңес­теріне негізделген бағдарламалық жасақтаманы я сандық хат алмасуды қолданасыз.

Әлі де жетілдіруді қажет ететін «digiceuticals» өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Кемінде екі фирма қазірдің өзінде миды дауысты төмендетуге қайта жаттықтыру арқылы құлақтағы шудың тынымсыз дыбысынан арылтатын әпликейшн ойлап шығарды. Кей қолданушылардың мұның кәдеге жарайтынына сенімі мол. Жүрегі сыр беретін науқастар үшін Майо клиникасы қан қысымын, қозғалыс пен басқа да көрсеткіштерді бақылап отыратын әпликейшн қолдануға кеңес береді. Нәтижесінде, жүрек ақауымен ауруханаға қайта түсетін науқастардың саны 40%-ға кеміген.

Болашақта ақ халатты абзал жандар сіздің нақты генетикалық профиліңізге қарай ең тиімді дәрілерді анықтап алғаннан кейін, сіздің генетикалық тестілеуіңізді пайдаланатын болады. Ал науқасқа дәрінің керекті дозасын уақытында беру қызметі қашықтан басқарылатын роботтарға жүктеледі.

Миға арналған тоқ терапиясы. Электр қуатын медицинада қолдану алғашқы жүрек ширатқыштар заманынан әлдеқайда алға кетті. Мына рентген кескінінен көрінетін импланттық электродтар мидың терең стимуляциясы (МТС) деп аталатын электрлі пульс­терді жібереді. Ол обсессивтік-компульсивтік бұзылу мен Паркинсон ауруын емдеуде тиімділігін көрсетті. Бұл қатарға Альцгеймер синдромы да кіруі мүмкін. Кливленд клиникасында МТС-қа жасалған зерттеу инсультты емдеуде сәтті болғанын көрсетті. 2015 жылы болған инсульт науқастың сол жағын жансыздандырды. Алайда бір ай бойы физикалық терапия, эрготерапия мен МТС қабылдаудың арқасында ол бүгінде немерелерімен қуаласпақ ойнап жүр. — Патрисия Эдмондс


Бірнеше ай бұрын Гарвард пен МТИ ғалымдары өлімге жиі апарып соқтыратын бес ауруды дәлме-дәл есептеудің әдісін ойлап тапқан. Олар бұған адамзат геномының 6,6 миллион жерден өзгеріске ұшыраған ДНҚ-ны талдап, жетілдірілген алгоритмды енгізу арқылы көз жеткізді. Генетикалық тестілеу адамның деменция, Паркинсон мен қант диабеті секілді ауруға қаншалықты бейім екені туралы ақпарат та бере алады.

Егер дәрігер қабылдауына бара алмасаңыз, ол қызметті болашақта робот дәрігер алмас­тыратын болады. Виртуалды медбикелер (чатбот) болса, сіз тағатын құрылғыдан өздеріне қажетті деректерді алу арқылы сізді не мазалап жүргенін алдын ала анықтап, ем-дом қабылдаудың кестесін белгілейді. Ондаған жылдан кейін роботтар адамдарды бетпе-бет қабылдап, қажетті сұрақтарына жауап алған соң ем-дом шараларын өздері белгілейтін болады. Көктамырдан қан алу кезінде қай тамырдың дәл келетінін анықтап, өздері ине сұғатын ультрадыбыспен жабдықталған роботтарды елестетіп көріңізші. Ондай «күтуші» роботтар науқасты орнынан тұрғызып қана қоймай, әңгімелесе де алады. Физикалық терапия   жаттықтырушылары ретінде бағдармаланған роботтар науқастарға жаттығу режимін сақтауға да жәрдемдеседі.

Осынау технологиялық жетістіктердің игілігін көру керемет, бірақ оны тарату – одан да маңызды. Себебі 2016 жылдың өзінде ғана кедей елдердің медициналық көмекке қол жеткізе алмаған 3,6 миллион тұрғыны көз жұмған. Ал сапасы төмен көмектің кесірінен өмірмен қош айтысқандардың саны одан да көп (5 миллион шамасында). Біз бүгіннен бастап, жаңа медициналық технологиялармен, сондай-ақ басқа да денсаулық сақтау әрі сауықтыру ресурстарымен бөлісу арқылы мұны өзгерте аламыз.

Қуықалды безі қатерлі ісігіне ем. Асқынған қуықалды безі қатерлі ісігі науқасқа ажал құштыруы мүмкін. Ал бастапқы деңгейдегі кесел тек бақылауды қажет етеді. Кливленд клиникасының жаңа жетістігі екеуіне де пайдасын тигізе алады. Зерттеу тобы тестестеронмен байланысты генетикалық ауытқуы бар науқастардың кей дәрілерге өзгеше реакция болатынын анықтады. Бұл жеке емге жол ашуы мүмкін. Басқа ғалымдар қуықалды безі қатерлі ісігі қаупін қазіргіге қарағанда дәлірек анықтайтын жаңа қан анализі әдісін ойлап тапты. Бұл биопсияға деген қажеттілік пен өлім санын бірнеше есеге азайтпақ. — Патрисия Едмундс


Дэниель Крафт – Стэнфорд пен Гарвард университеттерінде тәлім алған дәрігер-ғалым. Ол – Сингуларити университетінің медицина кафедрасының меңгерушісі, жедел технологиялар мен олардың болашақ денсаулық сақтауға пайдасын жақындатуды зерттейтін Exponential Medicine жобасының негізін салушы әрі жетекшісі.

Авторы: Дэниел Крафт

 


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Музыка емі

$
0
0

Шала туылған сәбилердің дамуы кешеуілдеуі мүмкін. «музыка» жобасы бөбектердің дамуына үлес қоса алады.

Соңғы 20 жылда сәбилер шала, яғни 37 аптаға толмай дүниеге көп келе бастады. Жатыр­дағы нәрлі ортамен ерте қоштасу түрлі асқынуларға әкеп соғуы мүмкін, сол себепті бөбектердің көбіне аурухананың Жедел терапия және жансақтау бөлімшесіне (ЖТЖБ) біраз уақыт аялдауына тура келеді.

Швейцарияның Женева қаласындағы университет ауруханасында әуен терапиясы уақытынан ерте туған кей сәбилердің күтім процедурасына кіреді. Дегенмен ЖТЖБ-нің өзге жобаларына қарағанда, бұл бастама барысында нәзік әрі титтей басқа арналған құлаққап арқылы оларға үш ән тыңдатылады. Музыка – жасалып жатқан жобаның бір бөлігі ғана. Жоба әуеннің шала туған сәби миына әсері мен оның ақпарды қабылдау мен өңдеуге қатысы болуы мүмкін қабілеттерін, яғни мелодия, темп пен ырғағын қаншалықты жақсы байқайтынын анықтауға бағытталған.

Неонатолог Перта Хуппи, зерттеуші Мануэла Филиппа мен композитор Андреа Волленуайдер жасаған жоба әуен терапиядан өткен және өтпеген сәби миының МРТ кескіндерін салыс­тырады. «Қысқа әрі қарапайым музыка шарананы ұйықтатып-оятуға әрі олармен қарым-қатынас жасауға ла­­йық­ты етіліп жазылған», – дейді Хуппи.

МРТ кескіндері ми жасушалары байланысының жақсарғанын көрсетті. Оған қоса, әуен сәбилердің ұйықтау мен ояну ритмін жүйелендіруге көмектескен болуы мүмкін. Бұл шулы ЖТЖБ мен кейінгі өмірінде дамуы үшін аса маңызды.

Авторы: — Кэтрин Цукерман


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Робот-жәрдемші

$
0
0

Жартылай сал ауруы секілді дертке шалдыққандар үшін ғалымдар науқасқа «жабысып», оның жүріп-тұруына көмектесетін экзоскелет сияқты роботтарды жасап жатыр. Инсульт алған науқасқа жүруге жәрдемдескендей, бұл роботтар да науқас күшін қайта қалпына келтіруі мүмкін.

Авторы: Наташа Дэйли


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Адамнан адам шығу оңай емес

$
0
0

Хьюстондағы Техас балалар ауруханасында былтыр маусым айында кесар тілігі арқылы дүние келген Кейси Отто Хобелт. Ол туған кездегі плацентаның денеге бітуі (бала жолдасы жатыр бұлшықетіне жабысып өсетін ауру түрі) мәселесін шешу үшін 30 жастағы Лорен Дениске Хобелттің шұғыл түрде гистерэктомия жасауына тура келді.

1990 жылдан бері дамыған елдердің екеуінде ғана жүкті әйелдер өлімі көбейсе, солардың бірі – АҚШ. Ондағы қара нәсілді аналарға төнген қауіп ерекше жоғары. Дамушы елдердегідей негізгі күтім жақсарар болса, жағдай оңалуы мүмкін.

Тәпішке мен трико киетін уақыт болады. Мәселен, сенбінің кешінде саябақ, жәрмеңке не үйде жүрген кезді алыңыз. Бастысы – ыңғайлылық. Бірақ 2016 жылғы сәуірдің 11-інде 39 жастағы Кира Джонсонның ойы күрт өзгерді.

Жатын бөлмедегі айнаның алдында шашын тарап отырған ол күйеуі Чарльз Джонсон IV-ке: «Жаным, мен Лэнгстон үшін әдемі болғым келеді», – деді. Ертесі түстен кейін олар екінші ұлын дүниеге әкелу үшін Лос-Анджелестегі Седар-Синай медицина орталығына аттанып кетті.

«Өмірлік мақсаты бар, артына із қалдыра алатын, тек айналасындағыларға ғана емес, жалпы қоғам алдында жауапкершілік жүгін көтере алатын азаматтарды тәрбиелеуге ниетті едік», – дейді Чарльз.

2014 жылы кесер тілігі арқылы дүниеге келген тұңғыш ұлдарына үлкен атасының құрметіне Чарльз Спарджон Джонсон V деп ат қойған. Екінші баласына Гарлемдегі ренессанс дәуірінің аңызға айналған ақыны Лэнгстон Хугстың атын қою жоспарланған. Кира баланы үйге әкелу үшін әшекейлері мен көйлегін салып алды. Чарльз де солай киіну керек деп шешті. «Аздап ақылың да, ақшаң да бар екенін көрсететін кез қашан болады екен», – деген Джонсон шорты мен футболканы түймелі көйлек, жеңіл шалбар мен бәтеңкеге алмастырғанын есіне алды.

28 бен 25 жастағы Бриттани Кейперс пен ДиАндре Прайс жүктіліктің 34-аптасында қолға алған «сәби тойы». Кейперс – жүктілік кезінде және бала алты айға толғанға дейін отбасыларға қолдау көрсететінін Mamatoto Village орталығының қоғам денсаулығы қызметкері. Ол өткен маусымда аман-есен ұлын дүниеге әкелді.

Сол сияқты АҚШ-тағы белгілі ауруханалардың рейтингісінен шықпайтын Седарс-Синайды да олар ақылмен таңдады. Ана мен баланың денсаулығы жақсы, жүктілік кезінде ерекше қамқорлық жасалып, барлығы ойдағыдай болып тұрғанда сәбиді әлемдік деңгейдегі перзентханада өмірге әкелуге не кедергі?!

Лэнгстон Эмиль Джонсон 2016 жылғы 12 сәуірде сағат 14.33-те дүниеге келді. Жоспарлы кесер тілігі қалыпты өтті, тіпті Кира босана сала баласын емізіп те үлгерген. Содан соң ол Лэнгсонды өзінен 18 ай үлкен ағасына таныстырып, ұйқыға кетті.

Чарльз әйелінің төсегінің қасында отырып катетердегі қанды байқайды. 2017 жылы Седарс-Синай ауруханасына қарсы сотқа түсірген арызға сенсек, ол сағат 16.00-ден асқанда бұл жөнінде медбикеге айтқан. Арызда Кираға көрсетілген көмектің жай-жапсары да жазылған. Сағат 17.30-да оның катетерін ауыстырып, одан соң ультрадыбыстық зерттеу жүргізіліп, қаны тексерілгенде УЗИ ішке қан кету белгісі барын көрсеткен. Ауырсынуды басатын дәрі беріліп, тамырына сұйықтық құйылған. 18.44-те компьютер томографиясын жасауға нұсқау берілген. Қайтадан УЗИ жасалып, қан алынған. Қан құйылған.

Төрт сағат өтті, томография жасалған жоқ. «Ол кезде Кира «бозарып, әлсіреп қалған» әрі «қатты қалшылдай бастайды», – деп еске алады Чарльз. Оның іші қол тигізбейтіндей ауырған. Чарльз: «Аурухана қызметкерлерінен қанның қайдан шығып жатқанын қайта-қайта сұраумен болдым», – дейді.

Марқұм жұбайы Кира Джонсонның суреттері тұрған бөлмеде 37 жастағы Чарльз Джонсон IV ұлдары Чарльз V мен Лэнгстон үшеуі үйінде ойнап отыр. Онша қиын болмаған жүктіліктен соң Кира кесар тілігі арқылы Лэнгстонды дүниеге әкеліп, арада 12 сағат өткенде ішіне қан кетіп, қайтыс болды.

«Әке әрі күйеу ретінде жақындарыңды қорғау, әсіресе қара нәсілді адам ретінде қызыл сызықтан өтіп кетпеудің арасы тым жақын. Чарльз әйелінің күтіміне кері әсер ететін бірдеңе етіп алғысы келмеді.

Чарльздің айтуынша, оның мазасыздана қойған сұрақтарына медбике: «Сэр, сіздің әйеліңіз қазір біз үшін басты мәселе емес», – деп жауап берген.

Талап-арызға сенсек, компьютерлік томография мүлде жасалмаған. Кираны кесер тілігін жасағаннан кейін арада 10 сағат өткенде ғана операцияға алып кеткен. Ол кезде оның құрсақ қуысы қанға толған еді. Соңғы айтқан сөзі: «Жаным, мен қорқамын».

Әйелінің үрейі Чарльзді шошытты, себебі ол табиғатынан батыл адам болатын. Кира Қытайда тұрған, бес тілді меңгерген әрі жарыс көлігін айдауға әуестенетін.  Күйеуі оны: «Бәрі жақсы болады», – деп қайраған.

Өкінішке қарай Кира сәуірдің 13-і күні сағат 2.22-де көз жұмды.

Чарльз дәрігердің: «Әйеліңізді аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін істедік, бірақ одан көз жазып қалдық», – деген сөзін есіне алды. «Жер-дүние күл-талқан болғандай күй кештім. Бомба жарылғандай, оның анасы жерде құлап жатыр, ағасы айғайлап, бауыры есеңгіреп қалған».

«Біз тыңғылықты дайындалған едік. Бәрі жақсы болады деп ойладық. Барлық жерде ең озығын таңдадық. Бәрін дұрыс жасадық. Ал олар келіп оны «аман алып қала алмадық» деп тұр», – дейді Чарльз.

Талап-арызға сенсек, мәйітті сою көрсеткеніндей, Кира кесер тілігінен кейін ішке қан кету кесірінен көз жұмған. Арызда нәсілдік алалау туралы айтылмайды. Сот қаңтар айына белгіленген. Қазан айында Калифорния Медицина басқармасы «Кираға қараған кезекші дәрігер Аржанг Наим жұмысына тым салғырт қараған» деген ұйғарым жасады. Наим Кираның өлімі кездейсоқ қайғылы жағдай болғанын және оның операция кезінде қайтыс болады деп еш ойламағанын айтты. «Науқасқа қолымнан келгеннің барлығын жасадым», – деп ақталған соң Наимге төрт жыл сынақ мерзім тағайындалды.

Ұлы Лэнгстонға аяғы ауыр Кира Джонсон

Аурухананың ресми өкілі істің мән-жайы бойынша пікір айтпады, бірақ мәлімдемесінде: «Кира Джонсонның қазасы трагедия болды. Біз науқасқа медициналық қызмет көрсетуге қатысты істердің барлығын мұқият тексереміз. Шыққан нәтиже бойынша науқастарға ең жоғары сапада қызмет көрсетуді жалғастыра беру үшін қажетті шаралар қабылдаймыз. Бұған ауруханадағы процедуралар мен медициналық қызмет көрсетушілердің біліктілігі де кіреді», – деп жазды.

Кираның өлімі жан түршіктіреді, дегенмен бұл жағдай ащы шындықтың да бетін ашып берді. Аурудың ықтималдығын анықтайтын генетикалық сынақтан бастап, қатерлі ісік пен басқа да дерттерді емдеуде медицина үлкен жетістікке жетіп, көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дамып жатса да, АҚШ-тағы ана өлімі әлі де тым жоғары. Мұнда әр 100 мың адамға 14 өлімнен келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының айтуынша, 1990-2015 жылдар аралығында дамыған 46 елдің ішінде тек Сербия мен АҚШ-та ана өлімі көрсеткіші нашарлап кеткен. Бұл статистикаға босанудан кейінгі алты апта ішінде болған асқыну кесірінен көз жұмғандар да кіреді.

Америка Құрама Штаттарында бұл проблема екі бірдей дабыл қағарлық статистикадан байқалады: афроамерикалық әйелдердің жүктілікпен байланысты себептерден көз жұму көрсеткіші ақ нәсілділерге қарағанда үш есе жоғары әрі Ауруды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) келтірген мәліметтерге қарағанда, ана өлімі фактілерінің 60 пайызының алдын алуға болар еді.

«Дамыған елдердің көпшілігімен салыстырғанда бізде ана өлімі анағұрлым жоғары, біз әлемде ең үздік болуға лайықтымыз», – деді CDC-дің ана мен бала денсаулығы бөлімінің басшысы Уильям Каллахан. Көп жағдайда CDC жүктілік кезінде не одан бір жыл өткеннен кейінгі ана өлімін осы бала көтерумен байланыстырады.

Қызыл киім кигендер – Сомалилендтің Харгейса қаласындағы Эдна Адан университетіндегі акушер мамандығын бітіргендер. Осыған дейін мұндай мамандықты 938 адам алып шыққан. Олардың ара-сында 18-дегі Худо Мұхаммед Мохамод, 20-дағы Худо Мұхамед Жама мен 28 жастағы Ходон Абди Шире бар. Олар өздері тұратын жерде акушер болып жұмыс істемек.

АҚШ-тағы ана өлімі көрсеткіші Африканың дамушы елдеріндегі көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Бұл құрлықтың 20 елінде әр 100 мың босануға шаққанда ана өлімі кемі 500-ді құрайды. Бірақ медициналық құралдары тапшы, негізгі қызмет көрсетудің қолжетімділігі төмен саналатын бұл елдерде 1990 жылдан бері ана өлімі орта есеппен шамамен 40 пайызға кеміген. Бұған, бір жағынан, акушерлерді көбейту, босануға дейінгі және одан кейінгі қамқорлықты арттыру сияқты технология көп талап етілмейтін шешімдер сеп болған.

Әйелдердің көбі босанудан кейін тым көп қан жоғалту, преэклампсия, яки қан қысымының қауіпті деңгейге көтерілуі не инфекциядан болған сепсис сияқты жүктілікпен байланысты өлімге әкелуі мүмкін дерттерге ұшырауы ықтимал. Онда неге афроамерикалық аналардың өлімі соншама жоғары?

Зерттеушілердің айтуынша, экономикалық не әлеуметтік жағдайына қарамастан, афро мен испантекті америкалықтар не үндістер сияқты нәсілдік және этностық азшылықтарда көп кезігетін стресс олардың физикалық денсаулығына кері әсер етеді.

Мичиган университетінің адам денсаулығы бойынша профессоры Арлин Джеронимус бұған «бүлдіру» (weathering) деп ат қойған. Оның айтуынша, нәсілшілдік пен алалаудың кесірінен афроамерикалық әйел денсаулығы ақ нәсілділердікінен әлдеқайда тез нашарлайды. Тіпті орта білімді ақ әйелге қарағанда, жоғары білімді қара әйел арасында өлімнің жиі тіркелуін де осымен түсіндіруге болады.

Атлантадағы (Джорджия штаты) Morehouse медицина мектебінің президенті әрі деканы Валери Монтгомери Райстың айтуынша, қара нәсілді әйелдердің денсаулығына алалау мен нәсілшілдік уақыт өте келе ғана тыйылуы мүмкін.

Бала туғанынан алты ай өткен соң жағдайы нашарлап, Хабасуейн ауылындағы Эдна Адан универси-тетінің ауруханасына түскен 35 жастағы Замзам Юсуф. Оның қан қысымы тым жоғары болып шығады. Юсуфты аурухананың негізін қалаған, 81 жастағы Эдна Адан Исмаилдың жіті бақылауымен 22 жастағы акушер студент Фардуус Мубарак емдеді.

Дамушы елдерде, ана өлімі өте жиі кездесетіндіктен өмірдің шынайылығына айналған. Денсаулық сақтау инфрақұрылымы өте сирек не мүлде жоқ. Босануға дейінгі және жүктілік кезіндегі сапалы көмек туралы ақпарат шектеулі болуы мүмкін.

Лос-Анджелестен 14 мың шақырым қашықта орналасқан Сомалиленд астанасы – Харгейсадан көлемі жөнінен үшінші ірі қала саналатын – Бораманың арасын жалғайтын шаңдауыт тас жол жебе іспетті көкжиекке қадалып жатыр. Арагідік тікенекті акация ағаштары ұшырасады, ал шақырайған күн жердің апшысын қуырып барады.

Қатқақ жолдан шетке шыға қалсаң, қауіпті әрі ұңқыр-шұңқыр жолдар ең мықты деген қызмет көлігінен басқасының жүріс бөлігін талқандап тастайыны анық. Толғақ қысып, шалғай ауылдан көлікпен я жаяу медицина мекемесіне келе жатқан әйелді көзге елестетудің өзі қиын. Сомалиленд – Африка мүйісіндегі өзін «тәуелсіз аймақ» деп жариялағанымен халықаралық құжаттарда Сомалидің автономиялық бөлігі ретінде қарастырылады.

Сомалилендтегі ана өлімінің басты себептері – эклампсия (қан қысымының жоғарылығынан болған құрысу я қалшылдау), қан кету, инфекция немесе жатырдың жыртылып кетуі. Бұдан басқа себептерге ерте не тым жиі жүктілік, өздігінен босану не әйелдің жыныс мүшесін кесуден («пәк» әрі тұрмысқа дайын болуы үшін қыздың я әйелдің сыртқы гениталиясын кесіп тастау дәстүрі) болатын асқыну. Жарақаттанған тін туу каналын тарылтып, босануды қиындатады.

Сомалилендте кесер тілігін жасау, болмаса қан құю не операция жасау сияқты жан сақтау процедураларын жүзеге асырар кезде әйел үшін қаржылық жауапкершілікті мойнына алар күйеуінің не оның ер туысының рұқсаты керек.

Осы әдемі өңірде ауқатты отбасының тұңғышы (үш ағайынды) – Эдна Адан Исмаил дүниеге келген.

Оның әкесі – Адан Исмаил Британияның 1960 жылы тәуелсіздігін жариялаған бұрынғы протекторатындағы ең жоғары дәрежелі медицина қызметкері болған. Оның анасы бес құрсақ көтерген, бір қыз бала қысқышпен туғызу кезінде шетінеп кеткен, Адан да осы процедурадан өлуге шақ қалған. Ал тағы біреуі акушер қолынан түсіріп алғаннан кейін шетінеген.

33 жастағы жеті баланың анасы Айеша Чииса егіздің біреуін үй жағдайында босанғаннан кейін Сома-лилендтегі Борама аудандық ауруханасына өлім халінде жеткізілген. Ауылда екінші баласын босана алмаған соң оны моторикшамен ауруханаға алып келген. Чииса көп қан жоғалтса да, дәрігерлер қан құю арқылы оны аман алып қалды. Екінші бала өлі туды.

Дәстүр бойынша, қыздарға білімнің қажеті жоқ болып саналған. Десе де, Исмаил барлық баласын оқуға ынталандырған. Бір күні іссапардан оралғанда сегіз жасар Аданның анасы мен әжесі оның жыныс мүшесін кесуге да­йындалып жатқанын естіп, қатты долданған.

1954 жылы 17 жасында Адан медбике мен акушердің оқуы үшін Харгейсадан Лондонға аттанады. Адан қыздар мен әйелдерді өз басынан өткерген, өзі «пішу» деп атайтын жыныс мүшесін кесу операциясынан кейінгі жарақаттан құтқарғысы келді.

Қазір Адан 81-ге келді. Ол Сомалиленд «кабинетінің» есігін аттаған ең алғашқы әйел болғанын өміріндегі ең үлкен жетістігі деп санамайды. Оның ең көп тер төккен тұсы – Харгейсадағы Эдна Адан университетінің ауруханасында тұрып, әкімші ретінде жұмыс істеген кезі. Күн сайын таңсәріде тұрған ол кешкі 9-ға дейін перзентханаға келген кісілерді де қабылдай берген.

«Аурухана салу үшін қарыз ақша алдым, өз жиған-тергенім мен зейнетақымды да құйдым», – дейді Адан.

«Кедейлік пен надандық комбинациясы эклампсия мен босанудан кейінгі қан кетуден де көп жүкті әйелдің түбіне жетті, – деді Адан. – Егер Сомалилендте өзі сауатсыз, өзі кедей әйел көрсеңіз, ол – көшпелі әрі ешқашан әлеу­меттік әділдік болмаған ортада өмір сүріп жатыр деген сөз. Бұған бала көтеруге тәні дайын емес кездегі жүктілікті қосыңыз. Біз мұнда 21-баласын босанатын әйелді де алып келгенбіз. Егер Африка құрлығында миллион адамның акушер болуына жәрдемесе алсам, бала туу жайы өзгерер еді. Қаншама әйел мен отбасы тауқыметтен құтылар еді».

Құрсақтағы шарананы бақылайтын монитордан шығатын «суиш-суиш» деген дыбыстан Джонтелл Голлманның дауысы бәсең естілді. Мамыр айында болған нөсер жауыннан кейін екі қабатты үйін су басып қалған Уашингтон қаласының тумасы арада үш күн өткенде Джордж Уашингтон университетінің ауруханасына түседі. 39 жастағы Голлман жоспарланған жасанды толғақ алдындағы демалысын жаңа тұрғынжай іздеумен өткізді.

Үш баланың анасы мектеп бітіре салып, жиырма жыл бойы сату менеджері болып жұмыс істеген, аптасына 50 сағатқа дейін еңбек етіп, 2015 жылға дейін отбасын еш нәрседен тарықтырмай асырап келді. Көп ұзамай оған бүйрек пен бауырдың поликистозы деген диагноз қойылады. Бұл – осы органдарда сарысулы ісік өсетін созылмалы генетикалық ауру.

Mamatoto Village-дағы перинаталдық көмек қызметкері, 33 жастағы Дион Макдональд мамырда Джордж Уашингтон университеті ауруханасында 26 жастағы Мэган Страунға толғақ кезінде құйым-шаққа салмақ түсірмеудің жолын көрсетіп жатыр. Страун шұғыл кесар тілігіне жол бермегені үшін Макдональдқа алғыс айтады.

Жұмыс істеуге денсаулығы жарамай, АҚШ-тағы табысы төмен отбасыларға көмектесуге арналған Medicaid бағдарламасына сүйенген ол төртінші баласына аяғы ауыр болып, босануға шақ қалғанда бұрын да басынан өткен жоғары қан қысымы проблемасына қайта тап болды. Не көлігі жоқ, ақшасы тым аз оның күні қоғамдық көлік пен жақындарына қарап қалды.

«Бәрін бақылауда ұстау үшін жұмыс істеп жүргендегідей тер төгуге тура келді, өмір мені жарға жыққысы келді, – дейді ол. – Бірақ мен бұған жол бермедім».

Голманның толғағы мен босануы 12 сағатқа созылды. Палатадан шықпай, мұның бәрін көрген кезде еріксіз өз анам Элоиз Блокер Джонсты еске алдым.

Мен – оның 10 баласының тоғызыншысымын әрі ауруханада туған үш баласының бірімін. Біз Иллинойс штатының Кайро қаласында – елдің «нәсілшілдік тарихында» орны ерекше Огайо мен Миссисипи өзендері тоғысқан жерде жоқшылықта өмір сүрдік.

2005 жылы анам қайтыс болғанға дейін одан жүктілігі мен босануы туралы сұраймын деген ой келмепті. Не болса да, ол бес қызын өз-өздерін асырайтындай етіп өсірді. Тұрмысқа дейін бала көтеру жайлы ойлау мүмкін емес еді, бірақ анамның айтуынша, тұрмысқа шыққаннан кейін де өмір сүру оңай болмаған сияқты. Анамнан: «1947 жылы Филадельфиядағы отбасы мен достарынан жырақта жүріп, бар-жоғы 19 жасында үлкен ағамды дүниеге әкелген қалай екен?» – деп сұрағым келді. Ал қазір: «Бала бағу бойынша еш білімі жоқ, «Отбасын құру кеңесі» орталығынсыз әрі медициналық сақтандырусыз байғұс әйел қалай өмір сүрген?» – деп сұрағым келеді.

Medicaid менеджері Голлманға Уашингтондағы Mamatoto Village аналарды қолдау ұйымына хабарласуды сұрағанда ол диетасын жақсартып, энергиясын арттыратын тамақтар туралы кеңес аламын деп ойлады.

Ал Голлман перинаталдық қауымдастықтың денсаулық сақтау бойынша кеңесшісі Бриана Грин есімді «құтқарушыға» кез болды.

Шашы беліне дейін түскен 39 жастағы бұрынғы заңгер «№8 толғақ және босану» бөлмесіне кіріп келді. Балет бишісінің жүрісімен қозғалатын ол Голманға таяп келіп, оны баппен сипап, қолынан ұстады.

«Жағдайыңыз қалай?» – деген ол тұнжыраңқы қабағымен клиентіне мұқият қарады. Грин үнемі 50 шақты жүкті не жаңа босанған әйелдерге ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсетеді. Ол дәрігерге клиенттерімен бірге барып, босану кезінде де қастарынан шықпайды.

Грин жылына бірнеше жүз мың доллар табысы бар заңгер қызметі мен риэлторлық жұмысын тастап, перинаталдық жәрдем мамандығын оқуға бел буады. Мұндай шешімге ол өз басынан өткен ауыр жағдайдан кейін келді. Өзінің айтуынша, барлық нұсқаулық бойынша әзірленіп, физикалық тұрғыда дайын болса да, кесер тілігінен соң оған табиғи жолмен босануға рұқсат берілмепті.

«Егер білімі мен қаржылық мүмкіндігі бар афроамерикалық әйелді, яғни мені естіп, көріп, қажетті деңгейді құрметтей алмаса, жағдайы жоқтарға не болмақ деп ойладым? Олардың кемсітуге ұшырайтыны екібастан», – дейді Грин.

Джессика Флауерс бар-жоғы жеті жаста, бірақ әжесі Николь Блэктың айтуынша, ол – өте қайратты қыз. Блэк 2018 жылдың 4 шілдесін еш ұмытпасы анық. Кенже қызы оны түнгі сағат 1.46-да аяқ асты шақыртып, төтенше жағдайда ерекше сабырлығымен көзге түседі.

«Ол «мамам ваннада құлап қалды, аузынан көбік ағып жатыр» деп айтты», – деп еске алады Флорида штатындағы Тампа қаласында тұратын 53 жастағы Блэк. Оқиғадан бір апта бұрын Блэктың қызы Кристл Гэллоуей үшінші баласын – салмағы 2,8 килограм болатын ұлы Джейкоб Флауерсті Әулие Джозеф ауруханасында кесер тілігі арқылы дүниеге әкелген.

Блэк төсегінен атып тұрып, Гэллоуейдің жақын жердегі пәтеріне құстай ұшып жетсе, 30 жастағы қызы ваннада құлап жатыр екен.

Осыдан бірнеше сағат бұрын ғана Гэллоуей диванда кино көріп, 4 шілде күні пісіретін тамақты ойлап отырған. Кесар тілігінің орны сәл ауырса да, ол екі қыздан кейін ұлды дүниеге әкелгеніне мақтанып, бақыттан басы айналып жүрген.

28 жастағы Синди Лопес үшінші қызын мерзімінен бұрын босануына байланысты ауырсынып жатыр. Кесар тілігінен соң плацентаның жатыр мен басқа органдарға жабысып өсуін тоқтату үшін оған өмірін сақтайтын операция жасауға тура келді.

Флоридадағы Хилсбороу округінің ресми мәлімдемесіне сәйкес, «инсульт болуы мүмкін» деген адамға жіберілген дәрігерлер Гэллоуейдің үйіне келіп, оны үш квартал қашықтықтағы жан сақтау бөлмесіне жеткізген уақыт арасындағы, яғни сол минуттар ішінде нақты не болғанын Хилсбороу округінің ресми орындары тергеген.

Блэктің айтуынша, Гэллоуейдің өмірлік маңызды органдарын тексеріп, ауруханаға жеткізудің орнына дәрігерлер: «Оның отбасы жедел жәрдем үшін 600 доллар төлей ала ма?» – деп сұраған. Блэк қызын жедел жәрдем көлігімен алып кетуді сұрап, дәрігерлерге жалыныпты.

Баспасөз мәслихатында Хиллсбороу округінің басшысы Майк Мерилл тасымалдау бойынша түсініспеушілік болғанын, дәрігерлер мен шериф көмекшілерінің сөзінше, жедел жәрдем бағасы туралы әңгіме, оқиға орнына алдымен жеткен шериф көмекшілері мен Блэктің арасында болған. Мерилдің айтуынша, дәрігерлер: «Ауруханаға апарайық па?» – деп сұрағанда Гэллоуей басын изеген. Мерилдің айтуынша, дәрігерлер науқасты ауруханаға апармауы үшін арнайы бас тарту қолхатын алуы керек еді, бірақ олар мұндай қағаз да алмаған. Блэк қызын шұғыл түрде жедел жәрдем бөлмесіне өз көлігімен алып барады. Одан соң Гэллоуейді Тампадағы бас ауруханаға тікұшақпен жеткізеді, сол жерде ол комаға түседі. Бес күннен соң Кристл Гэллоуей көз жұмады.

Қыркүйек айында Хиллсбороу округі Гэллоуейдің тіршілік белгілерін тексермей, қалыпты процедураны бұзғаны, құжаттарды қолдан жасағаны мен Блэктен ауруханаға жіберуден бас тарту туралы қолхат алмағаны үшін төрт медицина қызметкерін тәртіптік жауапқа тартқанын хабарлады.

Бір медицина қызметкері жұмыстан шығарылып, екеуінің қызметтік дәрежесі төмендетілген. Әлі де штатта жұмыс істеп жатқан үш дәрігер 30 күнге ақысыз демалысқа жіберілді.

Жүктілік кезінде және жаңа босанған аналарға сапалы әрі тұрақты медициналық көмек көрсету жүйесі АҚШ-тағы ана өлімін азайтудың ең тиімді жолы болып көрінгенімен, бұл – оңай шаруа емес. Доулалар мен акушерлер өз қызметіне кемінде 1500 АҚШ долларын сұрайды, ал табысы төмен аналардың көбі бұл қаражатты төлей алмайды.

Жүктілік кезіндегі қан кету не преэклампсия сияқты асқынулармен бірге күресу үшін Калифорния штаты аурухана жауапкершіліктерін арттырып, стандартты процедураларды енгізу арқылы, жалпы штаттағы ана өлімін азайту бойынша біраз ілгері жылжыды. Медицина мекемелері кеткен қан мөлшерін есептеу, қан қысымы жоғары болған жағдайда тиісті дәрі-дәрмек беру сияқты преэклампсияның алдын алуға бағытталған процедураларға бей-жай қарап не кешеуілдетіп жатады.

Оның үстіне, Чарльз Джонсон айтпақшы, аналар мен олардың жақындарына құлақ асу да маңызды.

Николь Блэк немересі Джейкоб Флауерсті ұстап отыр. Джейкоб кесар тілігі арқылы дүниеге кел-геннен бір апта өткен соң оның анасы Кристл Гэллоуейдің жағдайы нашарлап кетті. Блэк 911-ге қоңырау шалған, бірақ жедел жәрдем оны алып кетпеген. Ауруханаға оны Блэктің өзі алып барды. Гэллоуей бес күннен соң көз жұмды. Блэк қызының сүйек күлі салынған қорапты сипап отыр. Немқұрайлықпен қараған медицина қызметкерлері стандартты процедураларды сақтамағаны үшін тәртіптік жауапқа тартылды, біреуі ғана жұмыстан шығарылған.

Күн сайын Чарльз жарық бөлмеде ұлдарымен кітап оқып, би билеп, ойын ойнап біраз уақыт өткізеді. Бөлмеде Кираның отбасымен және достарымен түскен үлкен портреттері ілулі тұр. Оның күлкісі күн сәулесінен де артық нұр шашып тұрады. «Ұлдарым «анамыз бұл әнді жақсы көрер ме еді, анамыз мына машинамен ойнағанды қалар ма еді» деп жиі сұрайды», – дейді ол.

Бүгінде ұлдарын жалғыз өсіріп жатқан Чарльз марқұм жұбайы Кираның оқиғасын денсаулық саласының басшылары мен құқық қорғау ұйымдарына, тіпті АҚШ Конгресіне жеткізу үшін барын салуда.

«Біреулердің кесірінен көз жұмып жатқан әйелдеріміз жай ғана статистика емес!» – дейді Чарльз.

«Олар – біздің аналарымыз, қыздарымыз, әпке-қарындастарымыз, достарымыз, – дейді Чарльз. – Олар арттарына мынадай сүйкімді балаларды тастап кетіп жатыр, ешқандай статистикаңыз 18 айлық балаға анасының енді келмейтінін, я болмаса екі жастағы балаға анасының қандай керемет болғанын айтып бере алмайды».

Авторы: Рэйчел Джоунс, Фотограф: Линси Аддарио


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

ОАР мажореткалары

$
0
0

Барабаншылар үшін демалыс жоқ. Ұлттық мейрам қарсаңында Фейрмонт мектебінің мажореткалары күрделі бағдарламаларын орындау үшін жаттығуға жиналған.

Униформа киген жас қыздар бойларына сенімділік пен мақтаныш сіңіре бойжетеді.

Оңтүстік Африканың барабанды мажореткалар дәстүрі – спорт, би әрі көпшілік назарын аударатын өнер.

Униформамен мектеп қамтамасыз еткенімен мажоретка ата-анасының қалтасына да айтарлықтай салмақ түседі. Көрсететін бағдарлама бас киімінің түсін анықтап, кейде қыздардың топтағы мәртебесін де көрсетеді.

Барабаншы қыздар Кейптаун көшелеріндегі парадтарда алғаш 1970-жылдардан бастап көріне бастады. Бүгін олар, көбіне мектептердегі жарыс клубтарының бір бөлігіне айналған. Бәріне есігі ашық болса да, маргиналданған әлеуметтік топтан шыққан қыз бала ғана бұл дауылпазшылардың қатарына қосыла алады. Сенімділік, мақтаныш пен позитивті жұмыс әдебін қалыптастыру үшін олар тынымсыз жаттығуға мәжбүр.

Саппен жүретін, сондай-ақ чирлидер қатарында 5-20 жас аралығындағы бұрымды бар. Аймақаралық сайыстар үшін репитицияның маңызы зор. Мінсіз орындалған перформанс қана үздік баға алмақ. Сыртқы келбет пен орындау шеберлігі, сондай-ақ көшбасшылық қабілет пен мінез де назардан тыс қалмайды.

Тоғыз жасар Кейша Нкубенің мажоретка болғанына үш жыл. Бұл бишілер қатарына ерте жастан қосылатын қыздар бойжеткенде де топта қалып, түрлі жаттығу мен сайыс кезінде өз тәжірибелерімен бөлісіп отырады.

Фотограф Алис Манның көзі барабаншы қыздарға 2016 жылы түседі. Алис қыздардың бойында ұштасқан нәзіктік пен эмпауермент қасиетіне ден қояды. Ол униформа киген қыздың «дене тілі» қалай өзгеріп сала бергенін әрі ата-аналардың ынтасын байқайды.

Соңғы кездері бұл әуеске қызығатындар азайған. Негізгі себебі, мүмкіндігі шексіз болып көрінетін әлеуметтік желі болса керек.

Барабаншы қыздардың дені тұрмысы төмен отбасылардан шықса да, арасында бай-бағландары да жоқ емес.

Десек те, Кейптаунда барабаншы қыздар аз емес. Олар күнұзақ созылатын сайыстарға қатысып қана қоймай, көп күш-жігерді қажет ететін істің ұзақ мерзімдік пайдасын да түсінеді. «Барабаншы болу – өте абыройлы іс, – дейді Манн, – бұл оларға үлкен өмірге қажетті тәжірибе береді».

Мажоретка болған қыздар берік достықтың іргесін қалауға ерте жастан бейімделеді.

Авторы: Дэниель Стоун


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Кетчуп қосқан үлес

$
0
0

ИЛЛЮСТРАЦИЯ: ДЖОАННА ГУДМАН (ХЕНРИ ХАЙНЦ, ОНЫҢ КОМПАНИЯСЫ ШЫҒАРАТЫН ӨНІМДЕР ЖӘНЕ ФАБРИКАСЫНЫҢ СУРЕТТЕРІ)

Генри Дж. Хайнцтың азық-түлік қауіпсіздігіне қосқан үлесі орасан: ол осы дәмдеуішке ден қойғанға дейін кетчуптегі консерванттар сізді түрлі сырқатқа шалдықтыруы мүмкін еді.

Кетчуп Америка нарығына алғаш ХІХ ғасырда шығарылған. Алайда сол кездегі соус құрамындағы ингредиенттерді қазіргімен салыстыруға да келмейді.

Азық-түлікке қатысты тұтынушылардың құқығын алғаш қолға алғандар негізінен қызанақтан жасалатын бұл соусты қоюландырып, өтірік қызыл түске бояу үшін өндірушелер асқабақ қабығын, алма қалдықтары (шырынын алғаннан кейін қалатын қабығы, мәйегі, дәні мен сабағы) мен күнбағыс крахмалын қоса бастағанын айтып шағымданады. Француздық бір аспаз дүкен сөрелеріндегі кетчупті «лас, шіріген әрі бүлінген» деп сипаттағаны да бар.

ХІХ ғасырдың соңына таман өндірушілер оның бөтелкеде ыдырауын баяулату үшін құрамына химиялық презерватив, яғни консерванттар қосқан. Түбегейлі өзгеріс ХІХ ғасырда қазіргі кетчуптің шығуымен келді. Оқиға осы елдегі ең бай азық-түлік өндірушілерінің бірі Генри Дж. Хайнц пен мемлекеттік мекемеде азын-аулақ жалақыға істейтін химик арасындағы серіктестіктен басталды. Екеуі де денсаулыққа зиянды өнім – ұлттық проблема деген ортақ көзқарасты ұстанады.

Бұл мәселе бойынша, Харви Уашингтон Вайлидің ұстанымы ерекше еді. АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің Химия өнеркәсібі бюросы басшысы ретінде Вайли 1880 жылдары азық-түлік қауіпсіздігінің стандарттарын алға тартумен болды. Оның қол астындағы зертханашылар ұн құрамына гипс қосудан даршынға кірпіш тозаңын араластыруға дейінгі түрлі алаяқ­тық фактілерін, сондай-ақ формальдегидтен бураға дейін әртүрлі сыналмаған консерванттарды жантүршіктірер жауапсыздықпен қолдану оқиғаларын әшкерелеген.

Хайнцтың көзқарасы, әсіресе, осы индустриядағы әріптестері үшін таң қаларлық еді. Ол азық-түлік пен сусын бойынша стандарттар орнатуға қарсы болған әрі кез келген талпынысты тоқтатуға тырысқан АҚШ-тың басқа корпорацияларымен бір сапқа тұрудан бас тартты.

Ол 1844 жылы Питсбургтегі неміс иммигранттары отбасында дүниеге келген. Ата-анасы Джон мен Анна Маргарета діншіл лютерандар болатын. Отбасындағы сегіз баланың ішінде Генри ең үлкені еді. Анасы балаларының жолы түзу христиан болғанын қалап: «Қолдарыңнан келіп тұрса, жақсылық істеу­ден тартынбаңдар, өз нәпсілеріңнің құлы болудан сақтаныңдар», – деп жиі айтатын. Отбасында балалардан аянбай еңбек етіп, абыройлы тұрулары да талап етілетін.

Бала кезінде Генри отбасылық бақшадан артылған көкөністі көршілеріне сататын. 10 жасқа келгенде оның өз бақшасы болып, ол арбамен жергілікті көкөніс дүкендеріне өнімдерін жеткізіп тұрды. Ал бозбала шаққа жеткенде ол көкөністерін дүкендерге атарбамен тасуды қолға алады. Оған қоса, ол дайын ақжелкекті кішкентай шыны құтыда сататын еді. Сол уақытта көптеген тауар сорттары декоративтік мақсатта да, өнімнің түсін байқатпау үшін де түрлі түсті шыны ыдыста сатыла бастады. Жас Генри шыны шөлмектегі ақжелкекті көрсін деп әдейі түссіз ыдыс пайдаланатын. Ал 1888 жылға қарай 44 жастағы кәсіпкер азық-түлік тауарларын шығаратын H.J. Heinz компаниясын құрады.

1896 жылы Хайнц компаниясы 60 түрлі өнім шығара бастаса, ғасыр тоғысқанда бұл көрсеткіш 200-ге дейін жеткен. Компания ақжелкек, тұздалған қияр, кетчуп, сірке суы, «чили» соусы, қызанақ тұздығы, салма, түрлі тосап түрлері, піскен түйебұршақ, жабылған шие, қышалы дәмдеуіштер, қарақат желесі, консервіленген алмұрт пен макарон, қыша түрлері секілді өнімдерін ұсынды. Хейнц сауданың қыр-сырын шебер меңгерген жан еді – ол тауарларын жарнамалау үшін шамды билбодтардан боялған фургондар, әлемдік көрмелердегі дисплейлерге дейін бар мүмкіндіктерді пайдаланатын.

Сонымен қатар Хейнц өнімнің сапасы мен сапалы продукт шағаратын сенімді компания табысты жарнаманың негізгі алғышарты екеніне кәміл сенді. Ол Питсбургтегі фабрикасының есігін қоғамға айқара ашып, тур ұйымдастырды. Соның арқасында халық фабриканың тазалығы мен жұмысшыларға көрсетілетін ерекше құрметке сүйсінетін. Ол жеміс-жидек пен көкөністердің ең үздік түрлері бойынша эксперимент жасау үшін жылыжайлар да салды. Ескі әдетінен таймай ол ыдыстардың түссіздерін пайдалануға тырысты. Тұтынушы өнімді әр қырынан көре алу үшін ол ыдысты сегіз қырлы етіп те шығарады.

Кетчуптың шығу тарихы туралы пікір көп. Анығын ешкім білмейді. Бірақ АҚШ-та алғаш сатыла бастаған негізгінен қызанақтан тұратын кетчуптерде бактерия, зең мен өзге де микробтардың мол болғаны анық. Алайда құрамына химиялық консерванттар енген бойда жағдай мүлде өзгеріп шыға келді.

Осы өнімді шығарған өзгелер сияқты Хайнц те ХІХ ғасырдың соңына дейін өзінің кетчубінде химия­лық консерванттарды пайдаланып келді. Өнім анасы қалдырған бастапқы рецепті бойынша, яғни ағаш қабығынан алынған салицил қышқылымен дайындалып жүрді. Кейіннен ол кең қолданысқа ене бастаған, химиялық жолмен алынатын, арзан, дәмі жоқ әрі тиімді консервант натрий бензонатына көшті. Консерванттардың қауіпсіздігіне күмән келтірілгенде Хайнц ойланып қалады.

Кейін Генри өз компаниясын консервантсыз өнімдер шығаратын индустрия көшбасшысына айналдырудың жолдарын іздей бастайды. Ол компаниясының бас менеджері әрі бөлесі Себастьян Мюллерден ешбір консервантты қажет етпейтін қоспалар ойлап табуын сұрағанда, Мюллер оған мұның шығыны мол болатынын ескертеді.

Дегенмен Хайнц айтқанынан қайтпады. Ақыр аяғы Мюллер де бұл идеяға толығымен беріледі. Ғылыми қағидаларға сенетін ол сөреде ұзағырақ сақталатын үйде жасалған кетчуптің рецептісін сынақтан өткізе бастайды. Ол бактерияларды өлтіретін қышқыл концентрациясы бар формуланы тапқысы келіп, сірке суы мен пектиндік қышқылдың балансына қолжеткізуге тырысады. Соңғысы қызанақ құрамындағы табиғи зат-тұғын. Қышқылдардың қажетті мөлшерін анықтау үшін Мюллер қызанақ сапасы жоғары әрі жұмсағы көп болуы керек екенін анықтайды. Консервантсыз соус шығару үшін Хайнц компаниясы бүгінгі дәмдеуіштердің «атасы» саналатын қоюлау әрі құрамында қызанағы мол түрге ауысады.

Мұны альтруизм деуге келмейді. Презервативтердің қатері жұртшылықтың назарын өздеріне аударып жатты. Мұның бір себебі Вайлидің жұмысымен байланысты еді. 1902 ж. Вайли осы консерванттарды еріктілерге сынай бастайды. Нәтижесінде сынақ субъектілері сырқатқа шалдығады. Бұл газеттердің мұқаба беттеріне шығып, бүкіл елге тарайды. Хайнц тұтынушылардың сенімінен айырылу тауардың сапасын арттыруға жұмсалмақ болған шығыннан да қымбатқа түсетінін түсінеді.

Оның компаниясы өз өнімдерінің тазалығын жар салып жарнамалай бастады. Өз басы Хайнц ірі саясаткерлерге, соның ішінде Президент Теодор Рузвельтке өзінің осы мәселеге жауапкершілікпен қарайтындығын жеткізу үшін барын салады. 1906 жылдың маусым айында АҚШ-та тұтынушылардың құқығын қорғауға арналған басты заңнаманың алғашқы екі бөлігі қабылданды. Оның бірі «Ет өнімдерінің сапасын бақылау туралы», ал екіншісі «Азық-түлік өнімдері мен дәрі-дәрмектердің сапалылығы туралы» заң еді. Осы екеуі федералдық қауіпсіздікті қадағалау бойынша нормативтік базаның іргетасын қалады.

Сол кезде Хайнцтың консервантсыз кетчубі сатылымға дайын болды. Компанияның жарнамалық науқанында айтылғанындай, ол «Мемлекеттік қадағалаушы органдар тарапынан азық-түлік продуктісі стандартқа сай таза өнім өндіруші ретінде танылды». Америка кетчубінің жаңа моделі осы саясат, тұлғалық пен ХІХ ғасырдағы азық-түлік қауіпсіздігінің пайда болуынан шықты десек еш қателеспейміз. Бұл хикаядағы қызанақтың да рөлін ұмытпаған жөн.

Авторы: Дебора Блюм


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Таптырмас жабдық

$
0
0

Кей ғалымның пікірінше мүйізді қоңыздың (genus Odontolabis) жұптасу кезіндегі қимыл-әрекетіне «саймандары» әсер етпей қоймайды. Кейбірінің жақтары ірі келетіні сондай олар қарсыласын оп-оңай лақтырып жібере алады. Ал мүйіздері кішірек келгендері ұрғашыларға кенет шабуыл жасау әдісін қолданулары мүмкін.

Авторы: Патрисия Эдмондс, фото: Эмануель Бигги


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

 

0

Рухы асқақ, тұғыры биік –Хан Тәңірі!

$
0
0

– Әже, тауды қара!  Мен тауды көрдім. Ол әне тұр. Қарашы өзің.

Бойы терезеге әрең жеткен бес жасар бүлдіршіннің қуанышында шек жоқ. Жапалақ көзі жалт-жұлт етіп, лүп-лүп соққан жүрек дүрсілін тоқтата алмай, бір орнында лақша секіріп тұр. Немересінің мына қимылына аң-таң болған қарт әже оның шат-шадыман жүзіндегі қуаныш сырына әлден уақыттан кейін барып түсінгендей еді.

Сәби сол сәтте өзінің түйсік танымымен өмір табал­дырығындағы кезекті жаңалығын ашқан болатын. Иә, иә… жаңалық. Бұрындары ол тәй-тәй басқан қадамымен ауладағы өсімдіктерді, ағаштарды байқап-бағдарласа, енді міне оның жанары бірте-бірте одан әріректегі қырқаларға, содан биіктей барып тауға тірелгені анық. Соның нәтижесінде бүлдіршін өзін қоршаған ортадан жаңа бір көріністі тапқанына мәз. Ол сонда соған қуанған, соған шаттанған. Бұл оның өзі-өз болып тапқан алғашқы әсем көрінісі, алғашқы сұлу дүниесі.

– Иә, – деген пеш түбінде ұршық иіріп отырған қарт әже іштей күбірлеп: – Адамдардың бәрі мынау әлемге осындай сәби жанарымен қараса ғой шіркін… Сонда одан олар қаншама құбылысты, табиғаттың қаншама қайталанбас көрінісін байқап бағдарлар еді деймін де.

… Алматы – Нарынқол күре жолындағы Төте асуынан түсіп қалған мен қамшылар жақтағы Тақиятөбеге көтеріліп келе жатып, балалықтың бұла шағындағы сол бір елесті еске алдым. Көз алдыма осыдан көп жыл бұрынғы көрініс: ауыл шетіндегі үй, сол үйдегі қалқаңқұлақ қара бала келді. Әйнектегі аяздан буланған қырауды құйтақандай саусағымен қырналаған ол көгілдір тауларға құштарлықпен көз тігуде. Не… нені көріп тұр екен десейші. Алыстағы алып шыңға аузын аша аңқайып қарап қалған оның сәби жүзінде әйтеуір адам ақылы жетпестей таңданыс бар болатын.

Ол құштарлық, ол іңкәрлік – Хан Тәңірі еді.  Балаң көңіл туған жердегі, қасиетті атамекендегі сол ғажап бітімді биік шыңның құпиясын білсем, соның сырына қанықсам деп армандап қиялдайтын.

Хан Тәңірі!

– Бұған шығып жүрген жандар неткен жүрекжұтқан еді десейші…

Асудағы Тақиятөбеде тұрған мен осылай деп өз-өзімнен күбірлей бердім.

Олар кімдер еді?

«Түскі сағат бірдің кезінде тау асуына шыға бере кездейсоқ тамаша көрініске тап болдық. Оң жақ қапталымызда тұрған алып шың маған бұрын-соңды көрген тауларымның бәрінен де зор сияқты көрінді. Оның басынан етегіне дейін қарсауыт сүңгі мұздар құрсаулап тұр. Айналама қарап тұрып санағаным, ондай шыңдардың саны отызға жуықтады. Осынау алыптардың арасында өзгелерінен өзінің биіктігі жөнінен ерекше оқшауланып, дара тұрған үп-үшкір пирамида көрінді. Асудан қарап тұрып көз салғанда ол басқаларынан екі еседей биік сияқты…»

Аты әлемге әйгілі жиһанкез ғалым П.П.Семенов Тянь-Шанский 1856 жылдың жазында Хан Тәңірі жайында міне, өз күнделігіне нақ осылай деп жазды. Орыс география қоғамының бір деген білікті өкілінің аузынан шыққан мұндай таңданысқа толы хабар кезінде оның өз отанындағы, шетелдегі әріптестерін қызықтырмай, ойландырмай қалған жоқ. Оны соның артынан іле-шала Орталық Тянь-Шаньға аттанған Н.А.Северцовтің (1864 ж.), А.В.Каульбарстың (1869), А.Н.Куропаткиннің (1876 ж.) А.Н.Краснов пен И.В.Игнатьевтің (1886 ж.) экспедицияларынан анық аңғаруға болады.

Петербургтегі орыс география қоғамы ғалымдарының Хан Тәңірі жайындағы тың да соны деректерінен кейін осы бір қиян түкпірге шетелдік жаратылыстану мамандары да келіп көруге талпыныс білдіріп, әрекет жасады. Олар – венгр зоологтары Г.Алмаши мен Ш.Штуммер – Трауфельс (1889 ж.), итальяндық альпинист-ғалымдар Ч.Боргезе және Г.Брохорель (1900 ж.) еді.

Жоғарыда аты аталған саяхатшы ғалымдар өздерінің жанкешті жорықтарымен «Аспан таулары» жайында география саласындағы сол уақытқа дейінгі белгісіз болып келген біраз жайлардың бетін ашты деуге болады. Соның ең бастысы деп олардың «мұз құрсаулы мұнара» – Хан Тәңірінің биіктігін анықтауын айтқан жөн. 1886 жылғы И.В.Игнатьев экспедициясының болжауынша шыңның биіктігі 7320 метр болды да, неміс ғалымы Г.Мерцбахердің 1902 жылғы өлшемінде ол 7200 метрге жетіп жығылды.  Егер географтардың сол кезде пайдаланған өлшегіш аспаптарының тым қолапайсыз жасалғанын еске алып, оған кешіріммен қарайтын болсақ, онда олардың бұл межесі қазір егжей-тегжейлі анықталған 7010 метрлік деңгейден онша алыс кетпегенін аңғарар едік.

Енді саяхатшы ғалымдардың алдында тағы бір күрделі міндет тұрды. Ол – аталмыш шыңды қайтсе бағындыруға болады деген өршіл мақсат еді. Бұған алғаш рет қадам жасаған жан деп біз итальян ғалымы Ч.Боргезенің есімін атай аламыз. Қасына альпілік азамат М.Цурбригенді ерткен ол 1900 жылдың жазында Нарынқолдағы Сарыжаз бөктеріне келіп шатыр тікті. М.Цурбригеннің негізгі мамандығы альпинист болатын. Хан Тәңірі сапарына дейін ол Оңтүстік Америкадағы Кордильер тауына саяхат жасап, ондағы 7 мың метрлік Аконкагуа биіктігін игеріскен-ді.

Өршіл жандар үш аптаға созылған ауыр да тынымсыз жүрістен соң қырғыз елі жақтағы Аймонақ аңғарынан келіп бір-ақ шықты. Өздері шығуға тиіс шың бұл жерден қашық емес, әрі өте жақсы көрінеді екен. Хан Тәңірінің жалпы көрінісімен толық танысып болғаннан кейін олар ендігі жүрер жол Инелшік мұздығы арқылы өтетініне жорамал жасады. Бірақ… иә, бірақ бұл болжам Ч.Боргезе мен М.Цурбригеннің үмітін ақтамады. Инелшіктен әупірімдеп өткеннен кейін алдынан адам аттап өте алмас алып мұз жарығы кездесті. Альпинистер дәл бұл аймақтан енді шыңға барар жолдың мүмкін еместігін біліп, амалсыз кері қайтуға мәжбүр болды.

Орталық Тянь-Шаньды зерттеуде, ондағы Хан Тәңірі шыңының толық картографиясын жасауда неміс ғалымы Г.Мерцбахер де аз еңбек сіңірген жоқ. «Мұз құрсаулы мұнараны» бағындыру жолындағы оның бірінші сапары 1902 жылы Нарынқолдағы Байынқол аңғары жағынан басталды. Бірақ саяхатшы алғашқы жорығында 5500 метр биіктікке ғана көтеріліп кері қайтты. Келесі жылы ол шыңға шығуға тағы да әрекет жасады. Бұл жолы оған Нарынқол селосының қарт тұрғыны Н.В.Набоков жолбасшы болған еді.

Байынқол аңғарымен өрлей отырып, Инелшік мұздығының шығыс жағына жеткен Мерцбахер одан әрі 18 шақырым ілгерілеп барды да тұйыққа тірелді. Неміс ғалымы бір жағын шыңылтыр мұз жапқан жақпартас, екінші жағын қар көшкіні көміп тастаған асудан әрі жол таба алмады. Құтырынған жел, қар жамылған мылқау да меңіреу түкпір, бірінен-бірі өткен арантіс шыңыраулар оның көңілін жабырқатып, жүрегін қобалжытқандай еді. Мерцбахердің ойынша, Хан Тәңіріне шығу ешуақытта, ешқашан да мүмкін емес нәрсе болып көрінді. Осы сезімнен арыла алмаған ол 1903 жылғы сол сапарындағы қойын дәптеріне: «Тянь-Шань… альпинистік әуестенушілік әуресін көтермейтін жер», – деп жазды.

Өткен уақыттан бергі орны толмас олқылықтардың ащы сабағы күн тәртібіне жаңа міндет қойды. Ол – арда табиғат аясындағы бас асауы әлі басылмаған асқақ шыңды бағындыру үшін ұжымдық әрекеттің, ұжымдық еңбектің қажет екендігі болатын. Альпинистер арасында 1912 жылдан бастап айтылып, бірақ түрлі себептермен үнемі шегеріліп келген бұл бастама тек Қазан төңкерісінен кейін ғана жүзеге асты. Оған дәлел ретінде М.Т.Погребецкийдің басқаруындағы кешенді экспедицияны үлгі етіп айтуға болады.

Олар жорыққа екі жыл бойы дайындалды. Таулы өлкенің ауа райы, қар көшкінінің қауіпті нүктелері, адамдардың қиын жағдайдағы психологиялық көңіл-күйі әлденеше рет сыннан өтіп, бұл бағытта бәрі де ұмыт қалған жоқ. Москвалық ғалымдар М.Т.Погребецкий, И.Мысовски және Д.Суходольскийдің 1929-1931 жылдар аралығындағы осындай жан-жақты зерттеуінен кейін шыңға шабуыл жасауға болады деген шешім қабылданды.

Қиындық. Қиындықсыз іс бітпейді. Оны асқарға аттанған жандар жақсы білген. Бұл жерде олардың сол жанкешті жағдайларын айтпай кетпеуге бола ма? Десек те оның жеңіс финалына тоқталған жөн сияқты. Өйткені, ол шыңға шабуылдағы барлық оқиғаның жиынтық жанды суреті ғой. Мұны экспедиция жетекшісі Михаил Погребецкийдің қойын кітапшасындағы күнделік беттерінен оқып білеміз. Онда былай деп жазылған.

«Бір аттап, бір тоқтаймыз. Тағы аттаймыз да, тағы демаламыз. Шыңның ұшар басына дейін 100 метрдей-ақ жер қалды, оны жақсы білеміз. Бірақ алға басқан аяғың артқа тартады. Шың басында желмен құтырына ұйтқыған қар бораны… Міне, ұйытқыған жел шың басындағы қарды бетімізге әкеп үрді, өзіміз жағалап келе жатқан алып қабырға да жоғалып кеткендей ме қалай, әйтеуір жоғары қарай жүрер жер жоқ. Алақай, мынау шың! Шыңның ең басы ғой!!!».

1931 жылдың 12 қыркүйегі күні түскі сағат 12-де, еліміздің қиыр шетіндегі таулы аймақтың ең биік нүктесінде қызыл туды асқақтата көтеріп 3 адам тұрды. Олар осы тау тау болып жаратылғалы бері төбесіне тірі жан тұяғы тиіп көрмеген шыңды тұңғыш игеріп, енді оны нығыз басып тұрған Михаил Погребецкий, Борис Тюрин және Франц Зауберер еді.

Шың бағынды.

… Арада төрт жыл өтті. Хан Тәңіріне қайтадан шабуыл басталды. Оған бір кезекте екі команда әзірленді. Біріншісіне біздің жерлесіміз Е.Н.Колокольников бастаған И.Тютинников, Л.Кибардин кірді де, екінші топта Кеңес елі альпинизімінің сол кездегі жұлдызы, Памирдегі Ленин, Коммунизм шыңдарын бағындырушы Е.М.Абалаков жетекшілік еткен Л.Саладин, М.Дадиомов еді.

Қазір солардың ішінде біздің жақсы білетініміз – Евгений Николаевич Колокольников. Республика альпинизмінің негізін қалаушылардың бірі, отызыншы жылдардың жалынды энтузиасы, Кеңес Одағының Батыры И.В.Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизияның ардагері ол өмір бойы Алматыда тұрып, мұндағы қалалық безендіру мекемесінде жұмыс істеді. Сөйтіп, 90-шы жылдардың басында дүниеден озды. Көзі жұмылғанша Хан Тәңірі десе ішкен асын жерге қойып, оның талмас жанкүйер, насихатшысы болды.

– Өзімнің әр кездергі жүргізілген күнделіктерімді парақтап отырсам, – деген еді 1985 жылы күзде бір кездесіп әңгімелескенімізде Евгений Николаевич, – сол кездегі біздің жорыққа алып шыққан заттарымызға, құрал-жабдықтарымызға таңданбасқа болмайды екен. Оның бәрі де тіптен қарадүрсін. Қой терісінен өзіміз тіккен, ұйықтайтын көрпе-қапшық, ұста дүкенінде өзіміз соққан арбиған темір ілгектер, қолапайсыз жуан арқандар… Мұны қазіргі альпинистер көрсе сөз жоқ күлер еді. Етекте қалған рацияның көмегі тимеді десе де болғандай. Ауа райын біз жергілікті халықтан үйренген жорамалдар арқылы болжайтынбыз”.

Бірақ соған қарамай олар алға қойған өршіл мақсаттарын абыроймен орындап шықты. Бұл 1936 жылдың жазы еді. М.Погребецкий, Е.Колокольников, Е.Абалаков экспедиция­ларының жеңістерінен кейінгі 18 жыл бойына Хан Тәңіріне ешкім ат ізін салмады. Оған кедергі болған Ұлы Отан соғысы еді. 50-ші жылдардың бас кезінде жаңазеландиялық ұшқыш Хиллари мен Үндістан азаматы Норгей Тенцингтің «көк кіндігі» – Гималайдағы Эверест шыңын бағындыруы альпинистерге тағы да қамшы салғызды. Еліміздегі Қазбек, Коммунизм, Жеңіс шыңдарының қатарында Хан Тәңірі де қайтадан атала бастады. Оған төртінші болып В.Шипилов, О.Үсенов жетекшілік еткен қазақстандық альпинистер көтерілді. 1956 жылғы өткен Бүкілодақтық альпиниада чемпионатында біздің жерлестеріміз осы жеңістері үшін күміс медальға ие болды. Содан бергі кезеңнен бастап Мәскеу, Ленинград, Қырғызстан альпинистері жеңіс жолын жалғастырып келді. 1962-2002 жылдар аралығында Хан Тәңіріне жорық жасаған жандардың 22 сапары халықаралық чемпионаттарда лайықты бағаға ие болып, оған қатысушылардың 31-і алтын медальға, 36-ы күміс, 14-і қола медальға ие болды.

Хан Тәңірі!

Республикамыздың қиыр шетіндегі осы бір нүкте бізге не үшін ыстық, не үшін қымбат және несімен ерекшеленеді? Қане, енді осы сұраққа жауап беріп көрелікші.

Бұл бағыттағы ойымызды талғам-таразысына салып байқар болсақ, соның ең алғашқысы – аталмыш шыңның республикамыздағы бұқаралық спорттың бір түрі – альпинизмді дамытудағы маңызының зор екендігі. Олай дейтініміз, Қазақстанның таулы аймақтарында биіктігі 2000 метрден 6000 метрге дейінгі аралықты қамтитын 12 шың бар десек, Хан-Тәңірі рет саны жағынан солардың ішінен оқ бойы озып, ең жоғарғы (7010 метр) орынды алады. Демек, бұл республика альпинистерін бұқаралық спорттың қиын да қызықты саласына баулитын, олардың шеберліктерін шыңдайтын бірден-бір жаттығу алаңы деген сөз. Пікіріміз дәлелді болу үшін мысалдар келтірелік. Мәселен 1980 жылы бірінші кеңестік Гималай экспедициясы жасақталғанда сондағы көп сатылы сынақтан біздің Қазақстан альпинистері сүрінбей өтіп, Эверестке шығуға жолдама алған Мәскеу, Ленинград командасынан кейінгі өте күшті, мықты бір төрттік топты құрады. Бұл кездейсоқтық па? Жоқ. Гималай экспедициясына қатысуға үміткер 52 спортшының ішінен үздік шыққан 16 адамның арасындағы Қазбек Уәлиев, Ерванд Ильинский, Юрий Голодов, Валерий Хрищатый, Сергей Чепчев альпинизмге барар үлкен жолды осы Хан Тәңірінен, оны бір емес, бірнеше рет бағындырудан бастаған болатын. Қазір де солай. ТМД-дағы немесе шетелдегі дүбірлі жарыстарға барар алдында олар алдымен Тянь-Шаньға жол тартады, жаттығады, содан соң барып әлгіндей альпиниадаларға аттанады. Өздерінің өмір жолы, мақсаты мен мүддесін мұзарттарды бағындыруға арнаған мұзбалақтар үшін Хан Тәңірі міне, осындай ерекшелігімен қымбат. Бұл – бір. Екінші…

Өзіміз сөз етіп отырған шың массиві республикамыздың шырышы бұзылмаған арда табиғатының әсем суреттеріне толы ғажайып өлке. Хан Тәңірі етегіндегі Байынқол, Сырт, Шұбартал, Шалкөде жайлауларының көз жанарыңды суырып әкетердей табиғат көріністері Қазақ елінің көп жерінде қайталана бермейтін өте сирек құбылыс. Сондай-ақ осы аймақтың Ойқарағай, Қайшы, Сарықолат бөктерлеріндегі «оттегі фабрикасы» – орман-тоғайлардың ертегіге бергісіз елестері қиялыңа қанат бітіріп, өзіңді қызық та құпия әлемге қарай қадам бастырары анық. Алып шыңның айналасындағы 186 мың 227 гектар жерді қамтитын өсімдіктер әлемін, емдік қасиеті бар 67 шипалы шөп түрлерін, тұңғыш рет 1979 жылы жарық көрген «Қазақ КСР-інің «Қызыл кітабына» енген 22 аңның бір-біріне ұқсамайтын суаттағы іздерін көргенде сіз осы өлкенің төл байлығына шәк келтіре алмас едіңіз. Тоқетерін айтқанда, мұндағы көз алдыңыздағы көлбеңдеген көгілдір кеңістікті, ондағы қыз жинаған төсектің жүгіндей текшеленген қарсауыт шыңдарды көріп көңіліңіз өседі, көңіліңіз емес-ау, ойыңыз да қоса өседі.

Хан-Тәңірі етегі тек жасыл желек орман әлемімен, шырышы бұзылмаған табиғат суреттерімен ғана әйгілі ме? Жоқ. Ол соңғы жылдары тау аңғарларындағы түрлі ауруларға ем боларлық тұнық тұмалардағы минералды суларымен, балшық бассейндерімен ерекшеленіп, 18 түрлі сирек қазба байлықтарымен жұрт назарын өзіне аударып отыр. Алдымен радондар туралы айтайық. Тек бір ғана Түзкөлдің өзінде жалпы қоры 940 мың текше метрге жететін емдік қасиеті мол балшық бассейні бар. Сорбуын (полиартрит), құяң (редикулит), кілтілдек (ревматизм), желік (аллергия) сияқты сырқаттарды емдеуге 70-80 жылға жететін бұл байлық көзі қазірдің өзінде Алматы облысындағы 3 санаторийді толық қамтамасыз етуде. Ал, қазба байлықтары ше? Оған Хан Тәңірі етегіндегі Жарбұлақ алтын кенін, Ойқарағайдағы уран, көмір қорын, Үкіршідегі жоса (қызыл бояу түйіршігі), Сырт аңғарындағы сынапты айтуға болады.

Төртінші бір айтпақ ойымыз, алып та асқақ шыңды аймақтың ежелгі ескерткіш белгілері мен тарихи орындарға өте бай екендігі. Өкінішке қарай, насихаттың жоқтығынан, шын жанашырдың болмауынан Хан Тәңірі баурайындағы біз сөз етпек болып отырған ғажайып жәдігерлерді күні бүгінге дейін көп ешкім жөнді біле бермейді. Мәселен Шөладыр шұратындағы Құмтекей қорғанын алып қаралықшы. Дауылды күндері желден аршылып қалған оның төңірегінен күйген кірпіш, қыш құмыра қалдықтары көрініп жататын бұл жерге археолог К.Ақышев 1957 жылы арнайы келіп зерттеу жүргізіп, көптеген көне дүние үлгілерін тапқан еді. Сөйтіп, 1968 жылғы ең соңғы сапарларында экспедиция мүшелері бұл кент өз кезінде 30 мыңнан астам халқы болған ежелгі Үйсін мемлекетінің ірі мәдениет-сауда орталықтарының бірі деген тұжырымға келді.

Құмтекей ғылымға осылай сыр ашса, одан 90 шақырым жердегі Жабыр қырқасындағы құпия тіптен қызық. Республика Ғылым академиясындағы зоология институтының қызметкері М.Жылқыбаева Хан Тәңірі массивіндегі Текес ойпатының жан-жануарлар әлемін көптен бері зерттеп жүретін. Осы жердегі тыңғылықты қазба жұмысының нәтижесінде ғалым 1978 жылы Жабыр қырқаларынан мезазой дәуіріне жататын керіктің (жираф) қаңқасын тапты. Аталмыш археологиялық олжа туралы елге бірінші боп хабарлаған Мәскеудегі Неделя» апталығы (1979 ж.) болды. Ал қазақстандық басылымдар бұл жаңалыққа күні бүгінге дейін жөнді мән бермей келеді. Сөз ретіне қарай Қарқара жайлауындағы балбал тас жөнінде де осыны айтуға болар еді. Бұл жәдігерлердің ерекшелігі – оның жай тас мүсін емес, ежелгі түркі тайпаларының жазуы қашалған сынтас екендігі. Биіктігі 180, көлденеңі 69 сантиметр балбалдың бүйіріне 13 қаріп шекілген. Осы таңбаларды 1964 жылдан бері ғалымдар І.Кеңесбав, Ғ.Мұсабаев және Ә.Махмұдов оқып көріп, нәтижесінде: «Оқ ағын алты, бітіг (таш) Алаш арың (ерің)» – деген түркі сөздерін сабақтап шығаруға қол жеткізді. Қазіргі қазақ тілінің қалыбына салғанда бұны: «Оқ – дүние, мүлік алды. Ескерткіш – Алаш ердікі»,– деп ұғуға болады.

Хан Тәңірі… Республикамыздағы осы бір қайталанбас құбылыс туралы жоғарыдағы қадау-қадау жәйттерді сөз еткенде есімізге ең соңғы ой – төмендегідей мәселе де оралмай қоймайды. Ол – Хан Тәңірінің сұлулық, асқақтық символы ретінде кешегі-бүгінгі әдеби муза – поэзия жолдары мен сиқырлы сурет өнері – пейзажға айшықты арқау болып келе жатқандығы. Мың жылдық тарихы бар «Манас» эпосында оның атының аталуын кездейсоқтық деп ойлауға бола ма? Алаштың арысы Мағжан Жұмабаевтың Хан Тәңірін құдірет ретінде ауызға алғанын, жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтің оны «Жетісу суреттері» цикліне қосқанын, азамат деп айтатын аздың бірі Олжас Сүлейменов оған «Құс күні» эссесін арнаса, ақсақал суретшіміз Ә.Ысмайылов «Бұлттан асқан…» атты кең тынысты полотносын өмірге келтіргенін, ал ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың алып шыңды айбар көріп асқақтата жырлағанын бүгінгі ұрпақтың бәрі біле бере ме?

Мағжан:

…Тұранның таулары бар аспанға асқан,

Мәңгіге басын аппақ шаштар басқан.

Баурында ерке бұлақ салады ойнақ,

Жаралып таудан аққан салқын жастан.

 

Тұранның Тянь-Шаньдай тауы қалай,

Пар келмес Тянь-Шаньға таулар талай!

Еріксіз ер түрікті ойға аларсың,

Көкке асқан Хан Тәңіріне қарай-қарай,

– деп толғанса, Ілияс:

…Меруерттей жалтылдайды күнгей Мұзарт,

Көз түгіл үңілесің көңілменен.

Асқардың арғы атасы Хан Тәңірі,

Албанның өрісінің төрінде екен. –

дейді. Ал Мұқағали мұны былайша төгілтеді:

 

Шыңның мен танымаймын аласасын,

Төбе де аласамен таласасың.

Тянь-Шаньның шашақтаулы найзасындай,

Қайсысың Хан Тәңірімен жанасасың?

 

Шыңның мен ұнатамын биіктігін,

Шырқай кеп шыңырау көктен сүйіпті Күн.

Түндігін түртіп тұрған көк аспанның,

Кәнеки, Хан Тәңірінен иықты кім?!

 

Егерде құдірет болса, бөлшегіндей

(Алдында құдіреттің көр шегінбей!?

Шаншылып әнеу тұрған Хан Тәңірі –

Шапшыған Тянь-Шаньның емшегіндей.

Күн де оның баурайында дөңгелеген,

Буалдыр, бозғылт шәйі перделеген.

Бойында Хан Тәңірінің бұғып жатқан,

Алапат аяныш бар Жерге деген.

 

Тік тұр ол.

Қырын қарап сай-салаға,

Күн-көркі, Көк – мекені, Ай – шағала.

Қалғымай қанша жылды өткерді екен.

Тәкаппар Тянь-Шаньдағы қайсар аға!

 

Таудың мен ұнатпаймын тапалдығын,

Тапалдан талайлар-ақ татар жұғын,

Сүйем мен табиғаттың ұлылығын,

Сүйем мен табиғаттың қаталдығын.

… Бізден тым алыста, түу сонау Тибеттің ар жағында Гималай деген тау бар. Соның нақ төрінде шағын Непал мемлекеті орналасқан. Тұрғындары – шерптер. Непалдың мемлекет аты болғанымен заты оған келмейді. Өйткені, алақандай жерінің 69 проценті қынадан өзге ештеңе өспейтін тастақ, будда дінін ұстанған халқының тең жартысы даяр асқа тік қасық кезбе монах, қодастан басқа көлігі жоқ ел бұл. Былай қарасаң, қайыршылыққа өз-өзінен сұранып-ақ тұрған нағыз қолайсыз жер. Бірақ… иә, бірақ табиғи ресурсы нөлге тең сол Непалыңыздың әл-ауқаты дүние жүзіндегі көп елдерден көш ілгері артық. «Қалай?» – дейсіздер ғой. «Өлмегенге өлі балық», – дегендей бүкіл елді мұндағы жалғыз Эверест шыңы асырап отыр. Непал астанасы Катмандудағы халықаралық спорт және туризм департаменті жылына әлемнің 48 елінен өтініш қабылдап, мұнда келген альпинистерді қонақүйге орналастырып бір пайда табады. Содан соң дүние жүзіндегі ең биік шың (8848 м.) Эверестке шығып, рекорд жасауға талпынған спортшыларға жолдама сатып, рұқсат беру арқылы екінші табыс көзіне кенеледі. Альпинистердің өздеріне қажет жүгімен шың етегіне жетуі де оңай шаруа емес, әрине. Осы жерде оларға тауды жақсы білетін шерптер ақылы негізінде жолбасшылыққа жалданады да қодастарына экспедиция мүшелерінің асай-мүсейін артып үшінші олжаға батады. Айтпақшы Непал жеріне аяғы тиген туристердің Гималай тауын рұқсатсыз суретке, киноға түсіруіне қатаң тыйым салынған. Бұлай істеу үшін фототілші не телеоператор мұндағы тиісті мекемеге барып салық төлеуі керек. Содан кейін ғана Эверест пен басқа табиғат көріністерін суретке түсіре аласың. Мемлекет үшін төртінші табыс көзі міне, осы жерден келіп шығады. Катмандуға келген турист өз отанына түймедей болса да ескерткіш сувенир сатып алмай қайтпасы тағы анық. Бесінші пайда осы сауда-саттық – мұндағы ұсақ қолөнер шеберлерінің нәпақасы деген сөз. Жоғарыдағының бәрі айналып келіп Непал халқының дұрыс тұруына жағдай жасауда.

Ал, бізде ше? Әрине, бұл жерде Хан Тәңіріні Эверестпен қатар қояйық деген астам ой жоқ. Бірақ Эверестің жүз мүмкіндігінің бір мүмкіндігі Хан Тәңіріде бар екені анық. Сондықтан егер жоғарыдағы тәжірибеге ден қойып, ынта танытсақ онда оның бүкіл облысты демей-ақ қояйық, өзінің етегіндегі Райымбек ауданы тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға себі тиер ме еді, қайтер еді…

Ал оны қолға алатын кім бар?

… Ойымды асуға қарай алқынып келе жатқан автомашиналар гүрілі бұзды. Мен төңірекке көз салдым. Күн түске тармаса бастапты. Таулы өлке бөктері көкпеңбек. Аңғардан ақсаумал самал аңқылдай есіп тұр. Қарлы шыңдарда сынап сағым сырғанайды. Қарап тұрсаң бәрі де мөлдір, бәрі де таза бір әлем… Соның ең биігінде ұшар басы көгілдір кеңістікке сіңіп кеткен Хан Тәңірі менмұндалайды. Өзінің етегіндегі жандарды ол асқақтыққа, ерлік пен өрлікке шақырып тұрғандай.

Авторы: Жанболат Аупбаев, фото: Константин Киквидзе

0

Қола дәуірінің сүйек конькиі

$
0
0

Қазақстандық белгілі ғалым Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев 1965 жылы Көкшетау облысы, бұрынғы Красноармейск ауданына қарасты Шағалалы І қола дәуірінің қонысын зерттеу кезінде сүйектен жасалған көптеген заттар тауып алады. Сол сүйектердің арасынан 6 жұп коньки де табылған. Ғалым 1967 жылы Мәскеу қаласында «Совет лайф» газетіне сол сүйектер туралы ғылыми-зерттеу мақаласын жариялаған бойда құрылған арнайы сараптама тобына британиялық ғалым Джозеф Бучко жетекшілік етеді де, ол заттың коньки екенін растайды.

2014 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің археологтары сол сүйек конькидің түпнұсқасы негізінде қалпына келтіріп көшірмесін жасап шығарады.

Бұндай конькилер негізінен жылқының сирақ сүйегінен ортасы жарылып жасалғаны белгілі болады. Ондай сүйектің қабырғасы өте қалың болатындықтан ұзақ уақытқа шыдас беретіндігімен ерекшеленеді. Мөлшермен бір сүйек конькидің салмағы 400 грамм тартады.

2018 жылдың желтоқсан айында сүйек конькилерге арнайы патент алынды.

Жалпы қазақ жерінен ең алғаш рет сүйек коньки 1948 жылы Қостанай облысы Тобыл өзені бойынан Крифцова-Гракова деген ғалым тапқанымен ол заттардың коньки екенін білмеген екен.

Авторы: Үмітқалиев Ұлан Үмітқалиұлы, фото: 

Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің археология және этнология кафедрасының меңгерушісі

0

Императордың дәрі-дәрмек қобдишасында не бар?

$
0
0

Алғаш рет 2100 жыл бұрын шамасында жинақталып жазылған «Сары императордың ішкі аурулар медицинасының классикасы» кітабының 1620 жылғы нұсқасында ци (өмір энергиясы) линия­лары мен акупунк­тура нүктелерінің картасы да берілген. Акупунктура, яғни инемен жазу кейбір симптомдарды емдеу­­де тиімді болса да, ол Батыс дәрігерлері арасында даулы әрі көп талқыланатын тақырыптың бірі болып отыр.

 

СУРЕТ АҚШ ҰЛТТЫҚ МЕДИЦИНА КІТАПХАНАСЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Ежелгі Қытайдың емдік дәрі-дәрмектері заманауи денсаулық сақтау жүйесін қалай өзгертпек?

Мен соғып тұрған жып-жылы жүректі ұстап тұрмын. Көлемі теннис добындай ғана жұп-жұмыр бұлшық еттің кейбір жері ғана аппақ болмаса, басым бөлігі – алқызыл.

Камералардың жиырылғанын сеземін. Ол айдаған сұйықтықтың зуылдаған дыбысы естіліп тұр. Оның ащылау иісі де бар.

Жертөледегі зертханадамыз. Пол Айзион ұйықтатылған доңыздың жүрегін суырып алып, артерия мен көктамыр қызметін атқаратын түтікшелер жалғағаннан кейін электр разряды арқылы жүрекке қайта жан бітірді. Арада сегіз сағат уақыт өтсе де, ол әлі соғып тұр. Өз денесінен тысқары шығарылған жүрек көзге көрінбейтін, белгісіз тылсым күштің әсерімен дүрс-дүрс соғып жатты. Бұл құбылыс мен үшін таңғажайып түстей болып көрінді.


2200 жылдан астам уақыт бойы қытай емшілері ауруды тіршілік тамыры, теңіз атбалығы, раушан гүлшанағы, қызылмия мен адам плацебосы іспетті табиғи өнімдермен ем­­деп келді. Осындай мыңдаған зат қазір барлық жерде күнделікті қолданылады (көрсетілген ингредиенттер, олардың қалай және қандай мақсатпен қолданылатыны туралы толық ақпарды мына сілтемеден таба аласыз: ngm.com/Jan2019).

Бірінші бағанда 1, 8, 15 пен 22-құмыраларда «PHY906» деген атаумен белгілі Йель қаласында әзірленген қатерлі ісікке қарсы күрес­те үміт беретін дәрінің ингредиенттері берілген.

1. Ақ сәлдегүл (шұғынық) тамыры; 2. Теңіз атбалығы; 3. Гастродия түйнегі; 4. Лотос жапырағы; 5. Қамыстың тамырсабағы; 6. Қытай аралиясының тамыры; 7. Қытай тасбақасы (жұмсақ денелі); 8. Байкал томаға шөбінің тамыры; 9. Цитрус тектестер қабығы; 10. Қағаз сонасының ұясы; 11. Түлеген цикада қабығы; 12. Wolfiporia extensa саңырау­құлағы; 13. Сычуань сүйментамырының тамыры; 14. Адам ұрықжолдасы; 15. Қытай құрмасы; 16. Эпидемиум жапырағы; 17. Түнгүлді цереус (толқынды гилоцереус); 18. Ладан; 19. Трихозант жемісі; 20. Перилла жапырағы; 21. Піштен жапырағы; 22. Қызылмия тамыры; 23. Раушан; 24. Қытай оймақгүлінің тамыры; 25. Архат; 26. Жауынқұрт; 27. Лотос дәні 28. Ақгүлді гардения жемісі.

ШЫНАЙЫ КӨЛЕМІ ЕМЕС. СУРЕТТЕР КАЛИФОРНИЯ ШТАТЫНЫҢ САНТА-МОНИКА ҚАЛАСЫНДАҒЫ ДӘСТҮРЛІ ШЫҒЫС МЕДИЦИНАСЫ ИМПЕРАТОРЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ мен КОЛОРАДО ШТАТЫНЫҢ КОММЕРС ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ЖАБАЙЫ ТАБИҒАТ МҮЛІКТЕРІНІҢ ҚОРЫНДА ТҮСІРІЛГЕН; ДЕРЕККӨЗ: ROРОБЕРТ НЬЮМАН, ДӘСТҮРЛІ ШЫҒЫС МЕДИЦИНАСЫ ИМПЕРАТОРЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ; ЭМИ МАТЕКИ, ИНТЕГРАТИВТІК МЕДИЦИНАНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ.


Жүректің әлі де соғып тұруының бір себебі – арнайы ванна. Миннесота университетінің хирургия профессоры Айзио жүректі аюдың өті қосылған сұйықтыққа матырып алды. Бұл қытай емшілерінің сонау VIII ғасырдан ұстанып келе жатқан әдісінің ғылымдағы қолданысы: аю өті тәнді емдейді.

Содан бері аю өті жоғары сұранысқа ие. Оған дәлел ретінде өтіне бола қолда өсірілетін аю шаруашылығының Азияда қаптағанын айтуға болады. Бұл жерде аю өтін сорып алу үшін катетер пайдаланылса да, жануарлар құқығын қорғау ұйымдары мұндай кәсіпті құптамайды. Өйткені олар мұнда аяушылықтың иісі де жоқ деп біледі. Айзион қысқы ұйқы кезінде аю ағзасын атрофиядан қорғайтын осы химиялық заттектің адам органдарына да көмектесетінін түсіндіріп жатқанда «аю өті әкемнің соқпай қалған жүрегін де емдер ме еді, күндердің күнінде маған не болмаса балаларыма да көмектесер ме екен» деген ой келе берді басыма.

Ақ халаттылар ортасында Қытай медицинасынан басқа қызу пікірталас тудыратын тақырып кемде-кем. Дәстүрлі медицинаға ең озық ғылыми линзасы арқылы зер салып, заманауи медицинаға үнемі терең әсер ететін қызықты «тосынсый» тауып отыратын Айзио сияқты зерттеушілердің арқасында бұл тақырып күрделене түсетіні анық. Бағзы заманнан құжатталып келе жатқан емдеу әдістерінің бай қорына ие Қытай ғалымдарға електен өткізетін баға жетпес қазына ұсынады.

Ұлттық футбол лигасындағы 16 жылдық карьерасы барысында Джеймс Харрисон ауырған-сыздаған жерлерін емдеу үшін акупунктура мен басқа да қытай ем-домына бірнеше мәрте жүгінген. «Егер бұл ем менің жақсы сезінуімді қамтамасыз ететін болса, оның ғылыми дәлелі маған қажет емес», – дейді жақында спорттық мансабын аяқтаған ойыншы.

Б.з.д. үшінші ғасырға тиесілі алғашқы көне Қытай жазбаларының өзінде емшілердің сол кезде адам денесін зерттей бастағанын аңғаруға болады. Жазбада ағза қызметтерінің түсіндірмелері, сондай-ақ түрлі ем-дом шараларына, соның ішінде шөптік дәрілер, массаж бен ине арқылы ем беретін реакциялардың сипаттамалары бар. 2200 жылдан астам уақыт бойы ғалымдар осы ілімді толықтырып кемелдендірумен келеді. Нәтижесінде, әдеттегі суық тию, жыныстық аурулар, сал мен эпилепсия сияқты аурудың сан түрлі дауасы жазылған нұсқаулық материалдар пайда болды.

Дәстүрлі медицина ХХ ғасырдың басына дейін Қытайдың денсаулық сақтау жүйесіндегі емнің негізгі түрі ретінде сақталып келді. Осы уақытта Киң династиясының соңғы императорын тақтан тайдырған Сун Ят-Сен билікке келді. Батыстан білім алған дәрігер таққа отырған бойда тек ғылымға негізделген медицинаны алға тарта бастады. Бүгін Қытайдың дәрігерлері ең озық медициналық тәсіл бойынша оқытылып, сертификат алады. Дегенмен дәстүрлі медицина да мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесінің белсенді бөлігі болып қалып отыр. Қытайдың көптеген ауруханасында ежелгі емдеу әдістеріне арналған бөлім бар. Әлдеқайда төмен баға мен инновациялық ем әлеуетін алға тарта отырып, Президент Си Цзиньпин дәстүрлі медицинаны елдің денсаулық сақтау саясатының негізгі бөлігіне айналдырды.

Зерттеу тұрғысынан алғанда, бұл кезеңді «алтын дәуір» деуге болады. АҚШ пен Еуропаның жетекші университеттерінің, соның ішінде Лос-Анжелестегі Калифорния университеті, Дьюк пен Оксфорд университеті, сондай-ақ Азияның көптеген жоғарғы оқу орнының ғалымдары қатерлі ісік, диабет, Паркинсон ауруы тәріздес дерттерді дәстүрлі медицинамен емдеу жолдары мен оның ғылыми негіздеріне көз сала бастады.

Миннесота университетінде синтетикалық аю өті қышқылына матырылып алынғаннан кейін доңыз жүрегінің соғуы бірнеше сағатқа ұзарған. Мың жылдан астам уақыт бойына қытай емшілері аю өтін эпилепсия, жүрек пен басқа да ауруларды емдеуге жазып беріп отырған.

Заманауи мен дәстүрлі медицинаны біріктіру тәжірибесі кеңінен таралуда. Батыс медицинасы шипасын таппаған кезде дәстүрлі ем-домдарға, әсіресе инемен емдеу, бұлшықет терапиясы болып табылатын медициналық банкамен емдеу, яғни сору әдістеріне жүгінетін америкалықтар саны көбеюде. Интернеттің арқасында көбіне доктор жазып беретін фармацевтикалық препараттарға қарағанда, құны арзан шөптік дәрі-дәрмектерге сұраныс артқан.

Дәстүрлі медицина кеңінен насихаттайтын өмір күші «ци» (тікелей аударғанда «күріштен шығатын бу» дегенді білдіреді) деп аталатын тылсым концепцияларын псеудо-ғылым немесе дүмшелік деп кінәлайтын дәрігерлер де жоқ емес. Олардың бірі – жануарлардың дене мүшесін қолдануды жазғырса, ал екіншілері – шөптік формуланың ықтимал қауіпі жоғары екенін ескертеді.

«Бұған объективті қарайтындарды табу қиын», – дейді медицина тарихшысы Пол Уншульд. Қытай медицинасы тарихының ең танымал зерттеушісі әрі сыншысы Пол – бұл көне медицина жайлы жүздеген жазба жинап, оларды аударып шыққан дара адам. Қазір ол осы жұмыстарын пайдаланып, эпилепсия сияқты түрлі ауруларды емдеу үшін қытайлық-германиялық стартаппен бірге жұмыс істеп келеді. «Адамдар, әдетте, көргісі келген нәрсесін ғана көреді, – дейді ол, – ал оның құндылығы мен кемшіліктеріне бас қатырмайды».

Йель университетінің профессоры Юң-Чи Чең Аспан асты елінің Юньнань провинциясындағы зерттеу орталығында қытай тіршілік тамырын зерттеуде. Ол ежелгі қытай формулалары негізінде шөптік ем әдістерін, соның ішінде қатерлі ісікті емдеу тәсілдерін зерттеп жүр.

Мүйіздеріне бола заңсыз ауланатын мүйіз­тұмсықтар туралы жазғанымда осы күрделі пікірталаспен бетпе-бет келуіме тура келді. Ежелгі қытай формулалары бойынша оның тұмсығын қызу көтерілгенде не бас ауыр­ғанда қолдануға болады екен. Вьетнамда оны ішімдіктен кейін бас жазуға және химио­терапияның жанама әсерлеріне қарсы қолданып жүрген науқастарды көрдім. Көптеген ғылыми зерттеу кератиннен (адам тырнағын құрайтын зат та – сол) тұратын тұмсықтың қорытылған кезде фармакологиялық пайдасы мүлде жоқ екенін көрсеткен. Бірақ бұл алыптың тұмсығын қолданатын кейбір пациенттер плацебо әсері арқылы жеңілдеуі мүмкін екені де жоққа шығарылмайды. Осы мақала жарияланғаннан кейін оқырмандар тарапынан маған хаттар қарша борады. Барлығы да Қытай медицинасын надандыққа, қатыгездікке, тіпті «қара сиқырға» теңеп, жерден алып жерге салып жатты.

Бірақ заманауи медицинаның өзіндік кереғар практикалары да жоқ емес. Күйзеліске қарсы кең тараған антидепрессанттардың тиімділігі жөнінде қызу пікірталас жүріп жатыр. Кей зерттеулер олардың тиімділігі тіпті плацебодан да артық емес екенін көрсетеді. Дейтұрғанмен, бұл медикаменттер үздіксіз сатылып жатқаны былай тұрсын, дәрігерлер де оларды науқастарға жазып беруден жалығар емес. Себебі одан түсетін табыс миллиардтаған доллармен есептеледі. Басқа да көзге ұратын мысалдар көп: опиоидтерді шамадан тыс жазып беру, дәрігерлердің алға тартатын диеталары мен күмәнді операциялар… Мұның бәрін есепке алар болсақ, Қытайдың дәстүрлі медицинасына қатысты Батыстың көзқарасы гиппократтық емес, гипокритикалық, яғни екіжүзді болып көрінуі мүмкін.

Осы тұста мәселе басын ашатын жылан майы көмекке келуі мүмкін. Ұзақ уақыт алая­қ­тықпен байланыстырылып келген жылан майы дегенде, негізінен, эрабу теңіз жыланынан (Laticauda semifasciata) алынатын дәстүрлі қытай жақпа майы ойға келеді. Тарихшылар бұл майды АҚШ-қа 1800 жылдары теміржол салуға келген қытай эммигранттары әкелді деп есептейді. Ол кезде бұл май буын мен бұлшықетті емдеуде кеңінен пайдаланылған. Ал оның жаман аты америкалық алаяқ саудагерлердің араласуымен шықты.

Көптеген басқа да пайдасымен қатар ұйқы мен спорттық қабілетті жақсартады деп айтылатын годжи жемістері Цинхай провинциясындағы фермада кептіріледі. Бұл жеміске деген сұраныс – плантациялардың көбеюіне себеп. Әсіресе елдің солтүстік-батысындағы осы провинция бұл жеміске баса назар аударуда. Мұнда жидектер ірі болып өседі. Жидектердің өнімділігі топырақ пен климатқа қарай өзгеруі мүмкін.

Бірақ мәселенің түйткілі мынада: зерттеулер кейбір дәстүрлі қытай дәрі-дәрмектерінің ингредиенті болып табылатын эрабу теңіз жыланының бойында ақсеркеден де көп «Омега-3» майлы қышқылы бар екенін көрсеткен. «Омега-3» қышқылдарының қыжыл мен зиянды холестеролды азайтатыны, танымдық қабілетті жақсартып, күйзелісті жеңілдетуге көмектесетіні белгілі. Қазір олар теріге күтім көрсету өнімдерінің бірқатарында қолданылады. 2000 жылдары жапон ғалымдары эрабу майын тышқандарға бергеннен кейін олардың жүзу мен лабиринт ішінде жолды тез табу қабілеттерінің артқанын байқаған.

«Адамдар ең ежелгі әрі ең тиімді, ғылыми жағынан дәлелденген дәрілердің бірі – аспириннің де дәстүрлі медицинадан келгенін ұмытып жатады», – дейді жымия қараған Йель университетінің медицина мектебінің фармакология профессоры Юнг Чи Ченг. Ежелгі мысырлықтар ауырған жерлеріне мирта жапырақтарын кептіріп пайдаланса, б.з.д. IV ғасырда өмір сүрген грек дәрігері, Батыс медицинасының атасы саналатын Гиппократ қызу көтерілгенде тал қабығының сығындысын жазып беретін болған. 1800 жылдары Еуропа ғалымдары оны синтездегенге дейін екеуінің де құрамындағы белсенді ингредиенттің сацицил қышқылы екені беймәлім болып келді. Бүгінде аспиринді әлемдегі шығыны ең төмен, бірақ пайдасы орасан зор бірден-бір дәрі деп айтуға болады.

«Бұл – ғылым медицинаның ізімен жүрді деген сөз, керісінше емес, – дейді Чең, – бәрі адамдардың тал қабығының пайдасын көруден және оны ауруды емдеуде пайдалануынан басталды».

Аспиринді дәстүрлі ем-дом арасында қалған жалғыз заманауи дәрі деуге келмейді. 1972 жылы Қытай Халық Республикасында Ту Йоуйоу есімді дәріхана қызметкері қытайдың IV ғасырдағы әлдебір формуласы негізінде безгек ауруына қарсы дәрі ойлап тапқанын жариялаған болатын. Бұл Чеңнің Браун университетінің фармакология бойынша медицина ғылымының кандидаты дипломын алған кезбен тұспа-тұс келді.

Гуанчжоу базарындағы мына дүкенде тек киіктің дене мүшесін ғана сатады. Тауар қатарында мүйіз, аталық жыныс мүшесі мен сіңірлері де бар, бұл дәстүрлі формулаларда көп пайдаланылады. Аң-құс органдарының күмәнді қолданылуы – Батыс­тың Қытай медицина­сын қабылдай бермеуінің бірден-бір себебі.

Вьетнам соғысы кезінде Ту безгек ауруымен күресу үшін Вьетконгтегі құпия әскери жобаға тартылды. Әскер шығынының шамамен жартысы осы ауру кесірінен болды. Батыстың денсаулық сақтау саласының зерттеушілері де 200 мыңнан астам компаундты скринингтен өткізу арқылы осы кеселді жеңудің жолдарын қарас­тырып жатты. Бірақ Ту Йоуйоуге «сұрақтың жауабы қытайдың дәстүрлі медициналық еңбектерінде бар ма екен» деген ой маза бермеді. Ол қызу емімен байланысты бірнеше өсімдікті сынап көріп, сары гүлді шөп – ащы жусаннан (Artemisia annua) жасалатын дәріні ойлап табады. Зерттеуінің нәтижесінде пайда болған дәрі «артемизинин» деп аталды. Миллиондаған адам өмірін құтқарып қалғандықтан 2015 жылы оған медицина саласы бойынша Нобель сыйлығы берілген.

Чеңнің артынан Йель университетіндегі лабиринт тәріздес зертханаға қарай қадам басып келемін. Мұрнымды түрлі иіс жарып барады. Оның тобы мұнда медициналық құндылығын зерттеу үшін түрлі шөптердің қасиеттерін талдаумен айналысады. Бүлкілдеген түрлі химиялық тәжірибелер арасында қара бұрыштың, гүлше, камфора, зімбір, чили, даршын мен басқа да мен білмейтін шөп иісін сездім. Тамағым қыжылдап кетті. Қазір түшкіріп жіберетіндеймін. Тай тамақтарына тәбетім ашылып кеткенін байқадым.

Алғашында Чең дәстүрлі Қытай медицинасының стереотипті жақтаушысы сияқты болып көрінуі мүмкін. Тайваньнан АҚШ-қа көшіп келгеніне елу жыл өтсе де, ол әлі күнгі дейін ағылшынша акцентпен сөйлейді. 74 жастағы ақсақал – көптеген көне дәстүрді көріп өскен буын өкілі. «Бірақ менің, шынымен де, Қытай медицинасынан көп хабарым жоқ еді», – дейді ол. Ол бала кезінде ата-анасы ғылымға негізделген медицинаны ұстанатын дәрігерлерге апарғандарын айтып өтті.

Қытайдың Чэнду қаласындағы адамға лық толы клиниканың бірі. Дәстүрлі медицина дәрігері қабылдаудағы науқастың тамырын тексеруден өткізуде. Осыдан соң ол симп­томдарды анықтау үшін науқастың тілі мен басқа да органдарын тексеріп, артынша дене балансын қалпына келтіру әрі ағзаның аурумен күресуіне көмектесу үшін ем тағайындайды.

«Гепатит Б» тәріздес созылмалы ауруларға қарсы антивирустық дәрілерді шығара отырып, Чең өз зерттеулеріне ғылыми негіз беруге бар күшін салды. Сондай-ақ ол «жусан сияқты емдік қасиеті бар шөптен жасалатын басқа да дәрі-дәрмектерді шығаруға бола ма» деп ойлап қояды. Чең банканың қақпағын ашып, бір шөкім «PHY906» ұнтағын қолыма ұстатты. Атауын өзі берген бұл микс төрт шөптің қоспасы екен.

«Дәмін көріңіз», – деді ол. Мен титімдей ғана тіліме бастым. Ащы екен, қызылмияға ұқсайды.

1990 жылдары Чең іш өту мен қатты жүрек айнуы секілді жанама әсерінен болуы керек қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың химио­терапияға жүгінуді тоқтатқанын байқайды. Әдетте, химиотерапияның толық курсын өткен науқастар әлдеқайда ұзақ жасайтынынан хабардар Чең жанама әсерлерді азайту арқылы өмірді ұзартуға болады деп ойлады. Сондай-ақ ол Қытай медицинасында диарея мен жүрек айнуына қарсы көптеген шөптік ем-домның бар екенін де білетін.

Классикалық қытай тілін жетік меңгерген оның Шву-Хуей Лью есімді әріптесі – Йель университетіндегі ежелгі Қытайдың медициналық еңбектерінің үлкен жинағын зерттеген фармацевтикалық химия эксперті. Ол аздап бүктетіле жиырылып қалған бамбуктен жасалған қағазға басылған «Суық зияны туралы трактат» атты ежелгі кітаптан диарея, іш пен айналшықты күйдіретін аурудың емі ретінде томағашөп, қызылмия, шұғынық пен қытай құрмасы қоспасының 1800 жылдық рецебін табады.

Чең тобы осы шөптік формуланың түрлі қоспаларын сынақтан өткізе бастайды. Соңғы жиырма жылда олар тышқандарға үздіксіз эксперимент жасай жүріп, қатерлі ісікті емдеудің түрлі жолдарын қарастырған. Чең үміттенгендей, осы шөптік формуланы қабылдаған науқастарда жүрек айнуы мен өзге де асқазан-ішек қызметінің бұзылуы басылған. Ешкім күтпеген тағы бір әсері де байқалды: осы шөптік формуланы қабылдаған науқастардың ісіктері қабылдамағандарға қарағанда кішірейе түскен.

«Мен мұндайды күтпеген едім, – дейді Чең, – ендігі сұрақ: неліктен?»

Екі айлық сәби денесін залалсыз­дандырып, жаздың ылғалды айларында сергіту үшін шөп сөліне шомылдырылды. Мұндай процедура жара болып сыртқа шыққан ауруды емдеу үшін ғана орындалмайды, бұл – жалпы дене саулығы жөніндегі қытай пәлсапасының бір бөлігі.

Johnson & Johnson мен Bristol-Myers Squibb – қатерлі ісікке қарсы дәрі шығаратын ірі өндіріс орындары да осы сұрақтың жауабын білгілері келеді. Мен Филадельфияда өткен фармацевтикалық конференцияда жетекші фармацептикалық ұйым өкілдерінің алдында «PHY906»-тің қалай әсер ететіндігі туралы Чеңнің ұлы Пейквеннің баяндамасын тыңдадым. Стэнфорд университетінің түлегі, бизнес магистрі, 43 жастағы Пейквин «PHY906» дәрісін нарыққа шығару үшін әрі басқа да шөптік дәрілер ойлап табу мақсатымен әкесіне қосылды. Үстіне жақсы тігілген қою сұр түсті костюм киген ол – Шығыс пен Батыс медицина әлемін жалғастыратын бірден-бір маман. Классикалық мандарин тілінде сайрайтын әрі медициналық терминдер мен Силикон жазығының жаргондарын түгел білетіндіктен оның сөзі адам сенетіндей әсер қалдырады.

Пейквиннің айтуынша, осы қоспа берілген тышқан ісіктерін әбден талдағаннан кейін зерттеушілер ісікті жейтін макрофагтардың – қатерлі ісіктің жасушаларын жұтып қоятын ақ қан түйіршіктерінің едәуір көбейгенін байқаған. Жұмбақтың кілті шөптердің өзара әрекетінде жатқанға ұқсайды. «Мәселе мынада, – дейді Пейквин, – «PHY906» химикаттардың коктейлі тұп-тура ЖИТС-ке шалдыққан науқастарды емдеуде, әйтеуір, тиімділігін дәлелдеген дәрілер қоспасы сияқты. Біз бастапқы формуланы түрлендіріп, оны заманауи, ғылымға негізделген терапиямен үйлестірудеміз».

«Бүгінге дейін біз «PHY906» формуласын тоқ ішек пен тік ішек, бауыр мен ұйқы безі қатерлі ісігі бар сегіз науқасты емдеуде түрлі химиотерапия дәрі мен сәуле қолдандық, – дейді Пейквин аудиторияға қарап, – «PHY906» АҚШ-та пайдаланылуына рұқсат берілген алғашқы мульти-шөпті дәрі болады деп сенеміз».

Пейквин екеуміз аса жылдам пойызбен Қытайдың «жүрегіне» қарай зулай еніп келеміз. Көлігіміз жол үстінде қалқып келе жатқандай, жүрісіміз кәдімгідей жеңіл. Терезеден ежелгі Қытай жері еміс-еміс көрінеді: қыстың сұрқай аспаны астындағы ұшы-қиырына көз жетпейтін құрақ-құрақ фермалар. Фермерлердің аты-жөндері мен орналасқан жерін жарияламау шартымен Пейквин мені емдік шөптерін алатын жерлеріне апаруға келісті.

Әскери қызметте алған жарақатын емдеу үшін Д.Хендрикс акупунк­тура мен шөпті өртеу арқылы денені қыздыратын проце­дура – моксотерапия қабылдау­­да. Сүйек шоры бар оның мойын омырт­қасындағы дисктері жылжып, миына зақым келген. Оның басы ауырып, қолдары да ұйып қала береді.

Бидай, күріш пен рапс дәндері арасында сан түрлі емдік шөп өсетін жер телімдеріне де орын бар. Бұл мыңдаған қытай үшін кәсіптің бір көзіне арналған. Шөптен жасалатын дәрілерге деген жаһандық «тәбеттің» артуына байланыс­ты қытайлық фермерлер жер телімдерінің көлемін, ыңғайы келсе, ұлғайтуға тырысып бағуда. 2017 жылы елдің медициналық шөптерді өсіру индустриясының айналымы шамамен 25 миллиард АҚШ долларын құраған.

Алайда медициналық шөптерді өсірудің машақаты өте көп. Қазіргі істеп жүрген жұмысыңызды тастап, бұл салаға көшпес бұрын әбден ойланғаныңыз абзал. Әрбір шөптің химиялық құрамы құбылып тұрады. Бұл көптеген факторға тәуелді: топырақтағы минералдар, алқаптың теңіз деңгейінен биіктігі, егістікті жинау мезгілі мен әдістері. Бұдан бөлек, кейбір қосалқы түрлер дәл бірдей көрінгенімен, химия­лық құрамы сәл өзгешелеу болып келеді.

АҚШ-тағы Ас өнімдері мен дәрі-дәрмектерін қадағалау басқармасында (қысқаша – АӨДҚБ) тек екі шөптік дәріге ғана рұқсат берілуінің бір себебі осындай қиындықтардың болуынан. Бұлардың бірі – жасыл шай сығындысынан жасалатын сүйір түймешік, екіншісі – Оңтүстік Америкада өсетін айдаһар ағашының сөлінен жасалатын іш өтуге қарсы дәрі. Екеуінің де құрамында бір ғана шөп бар, бірақ «PHY906» төрт шөптің қосындысы болып табылады. Бұл тұрақты өнім алу үшін көбірек тұрақсыз факторларды қадағалау керек екендігін білдіреді. «АӨДҚБ бекіткен құрамында түрлі шөп бар дәрілердің болмауының бір себебі де – осы машақат», – дейді Пейквин.

Ақыры біз діттеген жерімізге де жеттік. Мұнда «PHY906» өндіріледі. Аяғында әбден балшық болған етік, үстінде ауыр күртеше, басында бейсболкасы бар Чен есімді фермер классикалық қытай тілінде ғана сөйлейді. Ол iPhone ұялы телефонын шығарып, Siri-ден өзі өсіретін дақылды ағылшын тіліне аударуды сұрады. Телефоннан «Peony», яғни шұғынық деген жауап алдық.

Біз оның шұғынық пен томағашөп бұталары өскен егістік алқабын аралап жүргенімізде ол дақылдарды алмастыру, топырақ пен су анализі, шөптерді өсіру мен жинау әдістері туралы әңгімеледі. Тасымалдамастан бұрын «Сан Тэн» технологтары түр-түрімен реттелген өнімге көптеген сынақ жүргізеді. Микроағзалар, токсин мен ауыр металдарды, сондай-ақ басқа да сапалық көрсеткіштерді қайта-қайта тексеру қандай да бір қателікті болдырмау мақсатымен жасалады.

Чеңдудағы отпен емдеу процедурасында алкоголь сіңірілген мата науқастың үстіне жайылып жабылады. Ол теріні қыздырып, порларды ашу үшін керек. Мұнымен от қойылатын «сиқыр» таусылмайды. Кезек шөп араластырылған майға келеді. Буын аурулары мен басқа да кеселдерді емдеу үшін қолданылатын бұл терапия пайдасы әлі де зерттелуі керек екені сөзсіз.

«Тура фермадан келіп, үстелімізге түсті» дегенді естіген шығарсыз, – дейді Пейквин, – ал бізде «фермадан төсекке жеткіземіз» деген дұрысырақ шығар».

«Шөп-дәрілер шығаратын көптеген компания оларды мұндай фермалардан алмайды. Олар шөптерді Бочжоудан сатып алады», – дейді Чен.

Егер сіз Amazon сайтынан қытай шөптерін сатып алатын болсаңыз, олардың Қытайдың «медицина ордасы – Бочжоу» қаласынан өткен болуы ықтималдығы айтарлықтай жоғары. Күн сайын бір алып ғимарат ішінде 10 000 саудагер Оңтүстік-шығыс Азияның әр бөлігіндегі 30 000 сатып алушыға түрлі өнім сатады.

Бочжоуға барғанымда таңғы уақыттың өзінде базардың ішінде адамдар араның ұясындай құжынап тұрғаны есімде. Мен шетсіз өткелдермен бір – көтеріліп, бір түсіп келемін: бір-біріне жалғасқан үңгірдей бөлмелер, әрқайсысы бөшке, қап, тұғырық пен тегершікті арбаларға толы. Мұнда құдды  кез келген тауарды табуға болатындай. Сан алуан өсімдік, түрлі-түсті минерал, жаның қалаған мақұлық дейсіз бе, не керектің бәрі бар. Солардың арасында маралдың аталық жыныс мүшесі, адам плацентасы, буйвол сүйегі мен кептірілген теңіз атбалығы секілді экзотикалық дүниелер де кезігеді. Көкөніс базарындай түгел бір блок барлық дертке дауа – адамшөпке арналыпты: қызыл, ақ, жабайы, қолда өсірілген, жаңадан жұлынған, кептірілген. Бағалары бірнеше доллардан бірнеше мың долларға дейін құбылады.

Мен мұнда дүниежүзі бойынша сатылатын Қытайдың көптеген шөп-дәрісін тегін көруге келдім. Байқағаным, мұнда әрбір ингредиентті табуға болады. Бірақ олардың қалай және қайда өсірілгені туралы білуіңіз неғайбіл. Әрине, «PHY906» үшін барлық төрт ингредиентті де оңай табамын. Бірақ оны сататындар – шөптің қайдан келгенін білмейтін делдалдар.

Чеңду Тоңрентаң дәстүрлі дәріханасындағы фармацевт қоспаларды қағаз конверттерге салынған дозаларға бөле отырып, шөптік дәрілерді салып беруде. Үйіне барған соң пациенттер оларды шаймен қайнатып ішеді.

Базардан шықпас бұрын жас марал мү­­йізі секциясы жанындағы шыны қораптағы сарғыш сұйықтық құйылған қаз-қатар шөлмектерге көзім түсті.  Сатушыдан мұның қандай ингредиент екенін сұрадым. Ол көршісіне сұрағымды аудартқаннан кейін: «Аюдан» алыңыз, өте жақсы», – деді.

Пол Айзио аюларды қатты жақсы көреді. Миннесота университетінің Visible Heart зертханасының басшысы ретінде ол аюлардың ерекше физиологиясын зерттеумен айналысады. Айзио – штаттың Табиғи ресурстар басқармасымен бірігіп, аюлардың қалай ұйықтайтынын зерттейтін топ құрған адам.

Ұзын бойлы, арықша келген, шашы жартылай ағарған Айзио аюларға қатысты жағдаяттар тізімін тез саралап шықты. Олар алты ай қозғалыссыз жатса да, денсаулығына еш зиян келмейді. Олардың тыныстауы минутына екі мәртеге дейін кемісе, дене температурасы 10 пайызға төмендейді. Мұндай жағдай адам ағзасында гипотермия тудырар еді. Олар жүйелі түрде денесіндегі майдың жартысына жуығынан айырылғанымен, бұлшық еттерін сақтай алады. Ал жүрегі 20 секундқа дейін үзіліс жасаса да, ешқашан қаны ұйымайды. Егер адам жүрегі бірнеше секунд қана кідіріс жасаса, қан ұйып қалуы әбден мүмкін. Десек те, егер әлдебір жыртқыш қауіп төндіріп, тым жақын келсе, аю апанын қорғау үшін ұйқысынан еркін ояна алады. «Оның жүрегіне ешбір зиян келмейді», – дейді Айзио.

Қытай әдебиетіндегі аюдың өті туралы ең алғашқы жазбалар XVI ғасырдан қалған «Қызметкердің медициналық құпиялары» деп аталатын 40 томдық трактатта кездеседі. Мұнда аюдың өтін бауыр ауруын, сондай-ақ геморрой мен басқа да кеселдерді емдеуге пайдалануға болатындығы жазылған. 1902 жылы шведтің бір ғалымы аю өтіндегі химиялық элементті изоляциялап, кейіннен оны «урсодезоксихолды қышқыл» деп атады. Қазір ол бауыр ауруы мен бүйрек тасына қарсы дәрілердің құрамында бар.

Бірақ Айзио мен басқа зерттеушілер бауыр өндіретін, өт қабында сақталатын әрі қан айналымындағы гормон болып жасырынған аю өтінде талай сыр бар деп сенеді. Олар бірқатар терапияларды, соның ішінде бұлшықет дистрофиясы мен төсекке таңылған науқастарды емдеудің әдістерін табуды көздеп отыр.

Йельдегі Чеңнің зерттеу тобы мына Ganoderma tsugae саңырауқұлағын зертханада өсіріп шығарды. Оның жануарлардағы колоректалді ісіктерді кішірейтетіні анықталды. «Қытайлықтар шөпті ғасырлар бойы пайдаланып келеді, – дейді Чең, – ғалымдардың жұмысы – қай формула тиімді әрі неліктен солай екенін анықтау».

Ол ұйқы шақыратын және жүрегі ауыратын науқастарға көмектесуі мүмкін өт компоненттерінің үш класын анықтады: майлы қышқылдар, өт қышқылдары мен дельта опиоидтер. Доңызға жасалған сынақ кезінде ол жүректі суырып алғанға дейін оның айналасындағы қорғаушы мембранаға осы синтетикалық қоспа бар инені салады. Бұл соғып тұрған жүректі осы қоспамен қаптау үшін керек еді.

«Егер жүректі 24 сағат бойы сақтай алатын болсақ, оны әлемнің кез келген жеріне апаруға болар еді, – дейді Айзио, – ал бұл органдардың қолжетімділігін айтарлықтай арттырар еді».

Мен одан: «Қытайлықтардың аю өтін ішу тәжірибесінің, шынымен, дертке дауасы бола ма?» – деп сұрадым. Ол: «Мүмкін», – деп, оның құрамында химикаттар қанға араласып, жүрек пен өзге органдардан өтетінін атап айтты. Ол өт құрамындағы химикаттарды синтездеуге болатынын айта келе аюларды өтіне бола фермада асырау ісін құптамайтынын аңғартты. Бірақ ғылымның аты – ғылым. Ежелгі қытайлар аю өті адамға қалай көмектескенін түсінбесе де, олар оның пайдасын байқаған.

Қолымдағы шошқа жүрегінің қағысы баяулап бара жатқанын сеземін. Ақыры ол тоқтады. Доңыз бірнеше сағат бұрын өлген. Енді оның жүрегі де тоқтады. Бейнебір балықшының қолына түскен махи-махи балығындай жүрек солып бара жатыр. Бұл мақұлықтың жылтыраған сары реңі өліп бара жатып, өшіп қалатыны бар. Қазір ғана кетіп қалған нәрсе қытайлардың «ци» деп айтқаны ма екен деп ойладым.

Ауруханада көз жұмған әкем есіме түсті. Асқар тауымның жүрегі қолынан ұстап тұрған кезімде тоқтап қалған болатын. Кенет кеуде қуысымда дүрсілдеп тұрған өз жүрегімді сездім. Онда басқа қандай құпия бар екен?

Автор: Питер Гвин, фото: Фриц Хоффманн


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Даладағы ғажайып!

$
0
0

– Міне, келіп те қалдық, – деді ауыл әкімі Исатай.

– Ақтолағай атты борлы тау осы, – деп оны қостады аудандық газеттің бас редакторы Лұқпан есімді әріптесіміз.

– Фантастика!!!

 

Бұл біздің аузымыздан шыққан сөз. Десек дегеніміздей, құба белдегі аппақ тау сілемдеріне іліккенімізде, алдымыздан ғажайып бір әлемнің есігі айқара ашылып сала берген еді. Ұзындығы 30-35, ені 4-5 шақырым жерді жүлгелей созылып жатқан қырат қойнауларында не жоқ дейсіз. Бәрі бар. Олай дейтініміз, бір кездері, яғни, миллион жыл шамасы бұрын теңіздің түбі болған мұндағы әртүрлі топырақ шөгінділерінен тұратын ойпатта Американың Колорадо шыңырауларындағы кереметтер бой көрсеткендей. Сондай-ақ мұнан Австралияның Улу жотасындағы тылсым тіршілікке толы көріністер де көзге шалынып қалғандай. Көлік ішіндегі терезе әйнегінен жан-жағымызды осылай барлап-байқап келе жатқандағы алғашқы әсерден тағы бір түйгеніміз мынау болды. Ол Ақтолағайдағы үлкенді-кішілі жартастардың біреуі таза бордан, екіншісі әктен, үшіншісі қабат-қабат ұлутастардан, ал қалғандары сұрғылт топырақты құм жентектерінен тұратындығы еді. Осыларды мыңдаған жылдардан бері жел мүжіп, жаңбыр мен қар сулары шая келе, олардан табиғат  ана ертегілер еліндегі сияқты сантүрлі бейнелер жасаған.

– Қараңызшы, – деді қарсы алдымыздағы мына ғажайыптарға таңдай қаға қарап тұрған бізге Исатай. – Сол жағыңыздағы ана жота өркешті түйеге, ал оның іргесіндегі төбе қабат-қабат шелпектен тұратын торттан аумайды емес пе?!

– Иә.

– Енді мына жақтағы түбі жіңішке ағаш кеспегі сияқты, үсті жапырайған қалпақтан аумайтын әктас ше? Бұл саңырауқұлақтың, иә, соның нақ өзі ғой. Сондай-ақ оның арғы жағындағы дөңге назар аударыңызшы. Мысырдағы Хеопс пирамидасын көз алдыға әкелмей ме?!

– Дұрыс айтасың. Бәрі өзің айтқан жобаға келеді.

 

Осылай деген біз сөз кезегінде қасымыздағы серіктерімізге өз пайымдауларымызды да айтуды ұмытқанымыз жоқ. Ол мәселен төңіректегі кейбір тау бөліктерінің шахмат тастарына ұқсастығы-тын. Оң жағымыздағы қорған мұнарасы тәрізді тоқал бас шың тура фигурасын елестетсе, ойпаттағы жеке дара тұрған әсем әктас шахмат ханшайымынан аумайды-ау, аумайды! Ал сай қойнауларындағы шашырап жатқан үлкен борлы кесектер ше? Олардың екі-үшеуі пешка, шеткі біреуі ақ ладья бейнесін көз алдыға әкеледі.

– Адам аяғы тимеген осы елсіз жер, шырышы бұзылмаған мына тұмса табиғат аясы туралы тағы не білесіздер? – дедік біз жолбасшыларымызға. – Ертең: «Қап, мына бір жәйтті айтуды ұмытып кетіппіз-ау», – деген өкініш болмасын. Естіген-білгендеріңізді ортаға салыңыздар. Құлақ қойып тыңдайық.

Бұл жөнінде арғы-бергі заманнан көп нәрсені айтқан Лұқпан Қадырұлы болды. Оның сөзіне қарағанда Ақтолағайдың мына өзіміз беттеп келе жатқан биік шоқысы Құлшардың қыстауы деп аталады екен. Ертеде осындай есімді жігіт болыпты. Намысқой, кеудесін ешкімге бастырмаған ержүрек ол патша өкіметіне арқа сүйеген жергілікті билік иелерінің өктемдігіне қарсы шығып отырған ғой. Сол әрекеті үшін түрмеге де қамалады. Итжеккенге айдауға қам жасалған соңғы бір сәтте абақтыдан қашып шығып, Ақтолағайға жетеді де оның ең биік жерін мекен етеді. Сөйтіп өзін ұстауға келген қуғыншыларды беттетпей ғұмыр кешіп, 1917 жылғы кедей-кепшікті қорғаған қызыл төңкеріске аман-есен жеткен дейді.

 

Осы шоқыға ентігіп әзер шыққан біз айналаға барлай көз салдық. Төңірек тып-тыныш. Ұзыннан-ұзақ созылған аласа тау сілемдері алақандағыдай анық көрінеді. Серіктеріміздің сөзіне қарағанда өзіміз тұрған биіктіктен Атырау жақтағы Теңіз кеніші ілеспе газының алаулаған жалыны күні кешеге дейін анық байқалып тұрған екен. Қазір оны дүрбімен іздеп қарасаң да таппайсың. Себебі түсінікті. 2010 жылдан бастап ТШО аспандағы аталмыш факелді ауаға босқа жандырып қоюды доғарған. Ілеспе газдың біз сөз етіп отырған бұл ағыны бүгінде өңірдегі кішігірім технологиялық және тұрмыстық-шаруашылық нысандарын жылытуға бағытталыпты. «Игі іс, дұрыс қадам екен», – дедік біз бұған іштей риза болып.

Тау беткейінен төмен түсіп келе жатып біздің келесі бір назар аударған нәрсеміз ол мұндағы жер қыртысына ақ сүйек боп жабысып қалған балық қаңқаларының қалдықтары еді. Юра дәуірі деп аталатын осыдан миллиондаған жыл бұрынғы заманда бұл ойпатта шалқыған теңіз болыпты. Кейін ол тартылып, құрғаққа айналғанда, ондағы су жәндіктері жоғарыдағыдай кейіпке түскені өз-өзінен түсінікті. Қазір міне, біз солардың тас пен топыраққа айналған жентектеріне таңдана қарап келеміз. Мәселен мынау ихтиологтардың тілінде губка, яғни кеуек деп аталады. Бұл өн бойы түрлі тесіктерден тұратын теңіз жәндігінің ұлутасқа айналған түрі. Кезінде ол сол саңылаулар арқылы өзінің ішіне судағы ұсақ моллюскаларды сорып алып, сонымен қоректенетін болатын. Ал ана бір жердегі жалтырап жатқан сәби саусағындай сүйек ше? Ол ма, ол акуланың тісі. Әп-әдемі, сыртына лак жалатқандай аппақ үшбұрышты немесе жебенің ұшы пішіндес қаңқа қалдығы өткір-ақ. Иесі жаңа ғана қайрап қойған қанжар секілді оны қолымыздағы қойын дәптер парағы үстіне жеңіл қозғап көргеннің өзінде қағаз бетін оңай тіліп түскенін көріп таңғалдық. Сол сияқты мына төңіректегі төбе-төмпешіктердің бөлшектері болып кеткен мезазой заманындағы теңіз кірпілері мен корралды арал маржандарының, скат пен ихтиозавр сияқты алып балық аталары мен теңіз лалагүлінің тамырлары, белемнит және аммониттердің қалдықтары көре білген адамға көп жайды аңғартқандай.

Ақтолағайдың әктасты сайлары мен борлы жарқабақтарын асқан бір романтикалық құштарлықпен аралап жүргендегі біздің ойымызға оралған соңғы нәрсе: «Мұндағы жан-жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесі қандай? – деген сауал еді. Аң мен құстан көргеніміз бұта түбінен тұра қашқан қоян мен ши арасынан тышқан аулаған түлкі болды. Оларға назарымыздың ауғанын байқаған Исатай: «Кезінде мұнда ақбөкендер жыртылып айырылатын», – деді бетімізге қарап. Бірақ қазір бұл дала арулары жоқ. 90-жылдарғы аласапыранда аң мүйізінен дәрі-дәрмек дайындайтын қытайлық компаниялардың сұранысын «қанағаттандыруға»  ынты-шынтымен кіріскен аңшылар бұл бағыттағы өз істерін «беске» атқарған. Соның салдарынан ақбөкендер айтарлықтай азайып, барының өзі басқа жаққа ауып кеткен. Аянышты жағдай. Ойсыз іс. Оспадар тірлік. Көңілімізді басқа жаққа аудару үшін көкке көз тіккенбіз. Төбемізде қыран қалықтап жүр екен. Қалың қау, қордалы мия арасынан пыр етіп әлдебір құс ұшты. Бозторғай! Зеңгір көкке шығып алған соң, өзінің әдемі әніне басты  дейсіз. Осыдан кейін бізді топ-топ қарлығаштар жанай  ұшқан. Қанаттарының суылы мен көз ілеспес қимыл-қозғалысы қандай әдемі әрі әсерлі десеңізші,  шіркін! «Тәубе! – дедік күбірлеп. – Бар екенсіңдер ғой. Аман-есен жүре беріңдер осылай».

Келсең қайтқың келмей, төңірегіңдегі тылсым, жұмбақ көріністерді қайта-қайта көруден жалықпайтын бұл жерге біз таңертең аяқ басқан едік. Сонда мұндағы ақ таулы аймақ айналасына аппақ нұр шашып тұрғандай болып көрінген. Қазір кеш. Енді қарасақ, еңкейіп бара жатқан күнмен бұл өңір кемпірқосақ тәрізді түрлі-түсті бояуға бөленіп тұр. Керемет! Ғажап! Еш жерде кездеспейтін көрініс. Қайталанбайтын құбылыс. Осы байқағанымызды көңіл түкпіріне терең ұялатып, көліктегі көп адам табиғат ана тудырған тағы бір тылсым бейнеге ие төбеге таяна бердік. Жанынан өте бере байқасақ, алысқа қарап тұрған аңшы мен қасында шоқиып отырған оның бөрібасар итінен аумайды-ау, аумайды. Оған бәріміз бірауыздан «Көкжиекке көз тіккендер» деп ат қойдық та алыстан бұлдыраған дөңдегі тағы бір сұлбаға қарадық. Мектептегі тарих оқулығынан көрген етжеңді, өктем мінезді әйел затына ұқсай ма, қалай? Кім еді ол? Таптық. Иә, сол… Соның өзі. Екатерина патшайымның пошымы ғой.

… Осылай дабырласып келе жатқанымызда күн де батты. Төңіректі іле қараңғылық басты. Сонымен бірге әңгімеміз де үзілді. Ал, алдымызда  жол. Аудан орталығы Қарауылкелдіге баратын ұзақ жол. Бір белестен соң…, бір белес. Жеткізер емес шегіне…

 Авторы: Жанболат АУПБАЕВ

0

Жануарлар сүтінен алынған дерек

$
0
0

Сүтқоректілердің тамақтануындағы сырды аша алатын құнды мәлімет.

Өткен жылы төлдеген Калая – батыстық алқап горилласы омырауынан сүт сауып алдыруға қарсыласқан жоқ. Оның сүті – Смитсон ұлттық зообағындағы табиғат қорғау бастамасының бір бөлігі іспетті. Жалпы мұнда сүтқоректілер сүтінің әлемдегі ең алуан қоры сақталған. «Қордағы 200-ден астам жануар түрлерінің сүті екі мақсатты көздейді», – дейді биолог Майк Пауер. Бұл сынамалар жануарлар үшін қорек формулаларын жасап шығаруға сеп болады. Сондай-ақ олар homo sapiens-тің шығу тегінен хабар береді. «Горилла сүтінен алынатын дерек адам сүті қалай эволюцияланғанын көрсетеді», – дейді ол.

Авторы: Кэтрин Цукерман


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Рахмет саған келімсек!

$
0
0

Іскер иммигранттар АҚШ-тың дамуына бұрыннан үлес қосып келеді: Fortune журналы шығарған қорытындыға сәйкес 2018 жылдың ең табысты 100 компанияның 44-інің іргетасын қалауда келімсектердің бірінші мен екінші буыны аса маңызды рөл атқарған. Олардың арасында Apple мен Amazon сияқты инноваторлардан бастап, AT&T мен Procter & Gamble секілді тұрақтылығымен ерекшеленетін алыптарға дейінгі компаниялар бар.

Иммигрант арманынан туған дүние

Шеңберлер 2017 жылғы кіріс мөлшері бойынша АҚШ-тағы 100 үздік компанияны көрсетеді. Түрлі түспен берілгендерінің құрылтайшылары не қосалқы құрылтайшылары – иммигрант, не болмаса олардың АҚШ-та туған балалары. Олардың ішінде ерекше көзге түскендері тізімге еніп отыр.

Автор: Шон Макнотон мен Келси Новаковски


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Қаратаудың жабайы жүзімі

$
0
0

Біздің бұл өлкеге жол шегуімізге кездейсоқ оқиға себеп болды.

Қалай дейсіз ғой?

Жалпы мерзімі бір жетілік жолсапардың ат басын Оңтүстік өңіріндегі Бәйдібек ауданының алыс мал жайылымынан қайырған бетіміз еді. Кенет тау аңғарындағы қаптал жолда бірінің артынан бірі үздік-создық боп шұбатылып келе жатқан адамдарға көзіміз түсті. Олар артынып-тартынып алған. Әрқайсысының иығында аузын байлаған кенеп дорбалары бар. Оны былай қойғанда, қолдарындағы ағаш бұтақтары мен жапырақтарының өзі әлгілерге кім-кімнің де болмасын назарын еріксіз аудартқандай.

Иен таудың ішінде жүрген бұл неғылған адамдар? Туристік маршрутпен жүрген саяхатшылар ма? Жо-жоқ. Олай деуге тіптен негізсіз. Сонда кімдер?

Кездейсоқ көріністен туындаған жоғарыдағы сұрақтардың шешімін таппай дағдарған біз не де болса әлгілермен жолығысуға бел байладық. Машина әйнегінен көріп келеміз, тастақ жолдан төтелей салған «Ниваның» жүрісінен секем алған алдыңғы қатардағы бір-екеу қолдарындағы ағаш бұтақтарын қалың шөп арасына қарай жытыра бастады. Ал, арттағылар болса мүлде бейқам.

– Түһ. Орманшылар екен десек…

Қарсы алдымызда тұрған екеудің бірі – оң жақтағы жалақ сары осылай деді де, рабайсыз ыржиып қойды.

– Олар бұл жерден не алсын, Толя. Сен-дағы қай-қайдағыны айтып…

Жолдасының тыз етпе мінезіне намыстанған жігіт жерге бір түкірді де, жасырған жүгіне қайтадан қол созды.

– Жүзім жеңіздер, жігіттер!

– Ықыласыңызға рахмет. Тау арасындағы қайдағы жүзім?

Біз даусы жер астынан естілгендей боп жол жиегінде қарманып жатқан жанға осылай деп жауап қата беріп, қалт тоқтай қалдық. Тоқтай қалдық та оның қолындағы жаңа бір әзірде ғана сындырып алынған ағаш бұтағына көзіміз түсіп таң-тамаша қалдық. Өйткені, оның көзге таныс жапырақтарының астында… кәдімгі саусақша жүзімдер шоқ-шоқ болып мөлдіреп тұр еді.

– Бұл не?!

– Көріп тұрсыз ғой… Жүзім!

Содан не керек, әлгі жерде әңгіме тиегі өз-өзінен ағытылып сала берді. Біз – сұраушы, олар – айтушы. Бақсақ, сөз төркіні мынада екен. Кездестірген адамдарымыз Байжансай руднигінің жұмысшылары болып шықты. Олар жұмыс аптасының аяғындағы демалыс күндерін Қаратаудың табиғаты әсем аймақтарына саяхат жасауды дәстүрге айналдырған. Сондай сапарлардың бірінде олар тау қойнауында өсіп тұрған жабайы жүзімдікке кезігеді. Иен жатқан байлыққа кім қызықпасын?! Әу баста бір-екі адамға ғана белгілі болған жаңалық келе-келе бүкіл қалашыққа тарайды. Содан жұмысшылар әлгі жердегі жүзімді жыл сайын жинап әкетуді дәстүрге айналдырады.

– Табиғаттың бұл байлығы қоғамдық ұйымдарға белгілі ме?

– Онысын білмедік. Бізге қой, тек деп жатқан ешкім жоқ, әйтеуір. Жыл сайын келеміз де, кәп-кәдімгідей өнім жинап қайтамыз. Соған қарағанда…

– Ал қолдарыңыздағы сындырып алған жүзім бұтақтары неменеге керек?

Біздің орманшылар емес екенімізге көздері жетіп, енді-енді ашылып сөйлеп келе жатқан әңгіме иелері мына сұраққа келгенде тілдерін тістеп алғандай кілт тоқтады. Бірақ, байқап қараған адам болса мұның құпиясын айтпай-ақ түсінуге болар еді. Ол – жұмысшылардың тау басына алып шыққан ыдыстарын жеміске сықап толтырып алған соң, биікке қай­та өрлеуді  қиынсынғанынан  туған қам-қарекет сияқты.  Етек­­тегі машина – көліктеріне жетіп алысымен олар жолдорбадағы жүзімдеріне қанағат тұтпай, қолдарындағы сындырып алған бұтақтардың жемісін сыпырып алып, сабағын лақтырып тастамақ. Ашкөздік деген осы-ау, шіркін!..

Таңғажайып табиғат байлығын татымсыз табыс үшін рәсуа еткен жандардың қылығына ішіміз удай аши тұрып, біз олардан жабайы жүзім алқабының қай жерде екенін сұрадық. Жұмысшылар оның бұл жерден онша алыс емес екенін асыға-үсіге баяндады. Сөйтті де күзгі саркідір шөпті сатыр-сұтыр басып, төменге қарай жөнеп берді.

… Осы жер дегені – көш жер болды – демекші, жабайы жүзім алқабы сай табанынан  едәуір биіктегі жақпартасты жонда екен. Қаратаудың үйдей-үйдей боп дөңкиген қойтасты қабағына талма-түс кезінде жетіп, онан күн ұясына кірер кезде ғана қайттық. Ойымыз – он сан.

– Иә, – дейміз іштей. Адамзаттың алақаны аясында дерлік бүгінгі мынау шексіз әлемде шешілмеген сыр бар ма деп айта аламыз ба? Әлбетте жоқ. Тіпті өзімізді қоршап тұрған туған өлкенің көз үйренген, көңілге таныс төл табиғатының өзі қайран қалдырарлық қаншама сырға толы. Соның бірі – осы қазір ғана өзіміз көзімізбен көрген құбылыс емес пе?

Оңтүстік өңіріндегі Бәйдібек ауданындағы бұрынғы «Прогресс», «Красная Нива» елді мекендерінің маңындағы Қаратау күнгейі сілемінде, ондағы тау өзендерінің тар аңғары мен қия беткейінде шағын орман алқабы бар екені жергілікті жұртқа жақсы мәлім. Бірақ, мұның еліміздің өзге жерінде кездеспейтін өзінше ерек табиғи құбылыс екенін кім аңғарған… Енді қарасақ мұнда үйеңкі, тұт, ақшешек, шетен, тобылғы сияқты ағаш түрімен бірге жабайы алма, таупісте, кәтіреңкі, таушие, долана тәрізді жеміс-жидектердің жалпы есебі қырықтан астам түрлері өседі екен.

Бірақ соның ішінде Орта Азия мен Қазақстан тауларының арасында өзінше ерек табиғи бітімді Қаратау орман-тоғайында өсетін аса бағалы сан алуан жемістерінің бірі – жабайы жүзімнің орны бөлек дер едік. Оның Орта Азияның жылы шуақты оңтүстік тауларында емес, одан едәуір шалғай, табиғаты қатал Қазақстан  даласының ортасында жатқан Қаратауда кездесуі таңғажайып нәрсе.

Біздің бір байқағанымыз – Қаратаудың жабайы жүзімі тау өзендері мен бұлақтарының бас сағасында, ондағы қарағаш, тау сәмбісі, долана ағаштарының арасына иек сүйей өседі екен. Оның шырмауық сияқты жіңішке сабақ ұштары әлгі ағаштардың бұтасына иық арта асылып, 7-10 метрге дейін көкке өрлеп кеткен. Жемісі – мөлдір ақ және қара түсті. Дәмділігі мен шырындылығы өзімізге белгілі екпе жүзім сорттарына қарағанда сәл ашқылтым ба қалай, әйтеуір қанттылығы кем сияқты.

Ел қонысынан шалғай, жолы қиын тау шатқалдарының дүлей  өміріне үйлесіп, сан ғасырлар бойы сақталып келген осы ғажап жемістің қайдан шыққаны жайлы дәл қазір не айтуға болады? Бұл жүзім шын мәнінде жабайы ма, жоқ әлде бір заманда тау қойнауын мекендеген адамдар қолдан өсірген екпе жүзімнің шөре-шөре қалдығы ма? Мұндай жорамалға ғылым қандай жауап  қайтармақ? Әйткенмен жүзімнің адам аяғы баспаған қиын қияда, дүлей түпкірде өсіп тұрғанына және біздің республикамыздың оңтүстігін қоршаған дулыға таулардың бұдан миллиондаған жылдар бұрынғы үштік дейтін дәуірде жылы  теңіздің жағалауы болғанын, сол тау қойнауларын субтропикалық ну ормандар алабы тұтас алып жатқанын ескерер болсақ, Қаратаудың ғажап орманы да, оның төл байлығы – жабайы жүзімнің де шыққан төркіні сол ежелгі дәуірмен сабақтас деп айтуымызға неге болмасқа. Қалай десе де бұл бүгінгі ғылым үшін көңіл бөлерліктей аса қызығарлық құбылыс екені анық.

Қаратау сілемдерінің биік жоталарындағы өзіміз кездейсоқ куәгер болған жоғарыдағы оқиға, ондағы жүзім тоғайларының келбеті көпке дейін көкейімізден кетпей, ұзақ есте сақталып жүрді. “Ойды ой қозғайды”, демекші ақыры мынадай шешімге келіп тоқтадық. Ол – Алматыға келген соң республика Ғылым академиясының жанындағы көп ғылыми зерттеу институттарының біріне қоңырау шалып, сондағы мамандардың пікірін тыңдау. Бұл құбылысқа олар не дер екен?

Осы бағыттағы алғаш хабарласқан мекемеміз – Ботаника институты болды. Телефон құлағын көтерген мамандардың бірі бұдан біраз жыл бұрын сондай бір хабар естігенін, оны ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Эдуард Дәулетбайұлы Мәденов жақсы білетінін айтты. Ол кісімен арадағы болған әңгімеде біз көп жайға қаныққандай болдық. Соның ең бастысы, бәлен жерде түген деген зат бар деген хабарды өз басы ұшқарылық деп ұғатын, оған нақты көз жеткізбейінше шалағай шешім қабылдамайтын жігіт ағасының аузынан шыққан аз да болса сазды пікірлердің кім-кімге де болса ой тастайтындығы еді.

– Сіз сұраған жәйтке келетін болсақ, бұл жерде онымен мен тек әуесқой зерттеуші ретінде ғана айналысып жүргенімді айтар едім, – деді ол. – Неге дейсіз ғой? Қаратаудың жабайы жүзімі, сөз жоқ, өте қызық құбылыс. Бірақ, онымен түпкілікті айналысуға бұрыннан қолға алған тақырыбым бар болғандықтан уақыт жете де бермейді. Құпия сырын ішіне бүккен жұмбақ жеміс – жабайы жүзім анау-мынау төрт немесе бес жылдың ішінде зерттеу нәтижесін бере қояр оңай дүние емес. Аталмыш жүзімді осыдан алты жыл бұрын алғаш кездестіргендердің бірі болғандықтан ба, әріптестерім оны менің қанжығама байлады да, өздері қайтып бұған мойын бұрған жоқ. Содан бері мен оның жанкүйері болып қала бердім.

– Бұл сіздің негізгі тақырыбыңыз болмағанымен өткен уақыт аралығында одан не байқап, нендей ой түйдіңіз?

Ғалымның  айтуына қарағанда, жабайы жүзім ТМД елдері ішінен Грузия мен Түрікменстанда ара-тұра кездеседі екен. Ал Қаратаудағы табиғат байлығы болса көлемі шағын, әр жерде оншақты түптен бытыраңқы орналасқан Қазақстандағы  бірден-бір жалғыз аймақ. Маманның бұл тақырыптағы тағы бір пікірі, аталмыш жемісті жабайы жүзім деп атауға келіспейтіндігі. Өйткені биологиялық ережеде жабайы жүзімдер мінездемесі жемісінің ұсақтылығымен, өнімді аз беруімен сипатталынған ғой. Соған қарағанда мұны жабайыланған жүзім деп атаған орынды сияқты.

Ол өз пікірін неге сүйеніп айтып отыр сонда? Оған жауап беру оңай. Қаратау қойнауының жемісі өзінің түрі, ерекшеліктері, өнімді мол беруі жағынан алып қарағанда қазіргі екпе жүзімге келеді. Мұның үстіне оның көктем кезіндегі тозаңдануы да соған ұқсас.

Дей тұрсақ та, осы жолдарды оқып отырған оқырмандардың көңілінде  мынадай бір күдіктің орын алары анық. Ол – екпе жүзімнің жиені деп табылған жұмбақ жеміс елсіз-күнсіз тауда қалай өскен және оны адам аяғы баспаған құз-қияға кімдер апарып отырғызған деген сауал. Оған  ғалым мынадай жорамал айтады. Сонау ертедегі ескі заманда Қаратау асуларымен Түлкібасқа қарай Ұлы Жібек жолы өткен.  Онымен Орта Азия саудагерлері түрлі жүктер тасыған. Сондай сапарларының бірінде керуендегі жеміс-жидектер ұзақ жолға шыдас бермей бұзылған соң, саудагерлер алып жүруге жарамаған түйе теңдерді Қаратаудың қаптал жолынан төмен қарай аударып кетуі де ықтимал. Уақыт өте келе әлгі жерде жүзімдік алқабы пайда болған.

– Қаратау жүзімінің негізгі ерекшеліктері мен қасиеттері қандай және оның келешектегі тағдыры не болмақ?

– Өзіміз сөз етіп отырған жүзім өнімді мол береді, – деді әңгімесін қорытындылауға ыңғайланған ғалым: – Оның қазіргі қолда бар Боралдай, Балабөген (жер аттарына байланысты алынған атаулар) сорттарынан байқалған басты қасиет – сабақтарының қар астында жатып-ақ үсімей, суыққа шыдамды келетіндігі. Оның үстіне олар тамырларын өте терең, 10-15 метр жер астына жайған. Биіктігі 8-10 метр, діңі 12-15 сантиметрді қамтитын Қаратау жүзімі шөлге өте төзімді. Одан байқаған бір кемшілігіміз сол, ол шырындылығы, тәттілігі жөнінен ептеп сыр беріп қалатындығы. Мұндағы қанттылық не бары 22-23 процент қана. Біздің мақсат – селекция жұмыстарын жүргізе отырып, суыққа төзімді, көктем мен күздегі  жүзім сабақтарын жерге көміп, қайтып ашып-жабуды талап етпейтін, ауыр қол жұмысын жеңілдететін яғни қалың қар астында жатып үсімейтін жаңа түр табу. Егер көп жылдарды сарп етер, көп уақытты қажет етуге тура келер Қаратау жабайы жүзімі негізіндегі тәжірибе жүзеге асса, онда ауыл шаруашылығындағы көп қолбайлау туғызатын жүзімді ашып-жабу жұмыстарында айтарлықтай жеңілдікке қол жеткізген болар едік. Ескерте кетейін, бұдан Қаратау жүзімі керемет, оны көбейтіп егу керек деген пікір тумаса керек. Біздің ойымыз – тек тәжірибе жұмыстарын асықпай бірқалыпты жүргізе отырып, оның кейбір тиімді жақтарын өзіміз пайдаланып жүрген жүзімдерге енгізу жақтарын қарастыру, талпыну.

… Адамзат өзі пайда болғаннан бергі уақытта табиғаттан үйрену үстінде екендігі, ғылым дамыған сайын оны үйренудің күрделене түсетіндігі бізге белгілі. “Табиғатта бәрі де бар. Ал мұны табиғатпен етене достасқан адам ғана біле алады”. “Табиғат кітабы адам үшін сарқылмайтын қайнар көз”, – дейді М.М.Пришвин. Демек, адамзат білімі табиғатты тану арқылы дамиды.

Табиғаттың адамға үйретері көп. Мұны еске алып отырғандағы ойымыз – Қаратаудың қойнау-қойнауындағы жабайы жүзімдердің пайдасы бар ма, әлде жоқ па, оны ғылым көрсете жатар. Бірақ оны көздің қарашығындай сақтау керек. Себебі, бұл құбылыс туған жер табиғатының бай мүмкіндіктерін айғақтайтын бір белгі емес пе?

Авторы: Жанболат Аупбаев, фото: pixabay

0

«Ерлі-зайыпты» құлпынай

$
0
0

Басқа өсімдіктерге қарағанда құлпынай аталық пен аналық болып бөлінеді. Жаңа зерттеу ұсынғандай мұндай ботаникалық «айла» буын алмасқан сайын «секіріп», не орнын ауыс­тырып отыратын жыныс анықтаушы гендер арқасында мүмкін болып отыр.

Ақылды өсімдік

Шараналы саңырау­құлақтың миы мен жүйке талшықтары болмаса да, оның бір жасушалы ағзасы үйрену мен бейімделудің қарапайым түрлерін орындай алады. Биолог О.Дюссутур жүргізген зерттеулер Physarum polycephalum-ның белгілі бір нәрселерді жақтырмау сезімін аттап өтуге қабілетті екенін көрсеткен. Бұл мінез-құлықты «бой үйрету» дейміз. Кейінгі зерттеулерде шараналы саңырау­құлақтың үйренген нәрсесін есте сақтай алатындығы байқалған.

Авторы: Кэтрин Цукерман


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Аустралиялықтардың сүйікті жануары

$
0
0

Қызыл кенгурулер мына Стурт ұлттық паркіндегідей сусыз жайылымдарда көбейіп кеткен. Аустралияның 25 миллион адам мен 50 миллион шамасындағы кенгуруге пана. Кей аустралия­лықтар бұл көрсеткішті «сойқан пропорция» деп атайды.

Кенгуру – Аустралияның «секіргіш» символына баланады.Сондай-ақ олар дәнді дақылдардың һас жауы әрі жол-көлік апаттарының негізгі себепкері.

Кенгуру мен оның төлі жайылым жер іздеп жүріп, Мейн-Стрит көшесінен бір-ақ шығады. Бұл Жаңа Оңтүстік Уэлс штатының опал өндіретін ашық шахталы Уайт Клифс қаласындағы көктемнің салқын кеші еді. Күн қақтаған шексіз далада мыңдаған шахта ұңғымасы көзге еріксіз түседі. Мұндағы халық хоббитер секілді вентиляцияланатын үңгірлерде тіршілік етеді. Бірақ мына екі шығыстық сұр кенгуру айналадағы көрініске сай келмейтіндей.

«Мен олардың қала ішінде осылай кезіп жүргендерін бұрын-соңды көрмеппін», – дейді кенгурулерді 50 жылдай зерттеп келе жатқан эколог-профессор Джордж Уильсон.

Туристердің көздері шарасынан шығып, саусағын шошайтса, балалар таңдана шулас­ты. Күн ұясына батуға шақ қалғанда аустралиялықтар «ру» деп қысқартып атайтын мақұлықтар қаладан шығып кете барды. Біраздан кейін әлдебір жігіт үстінде ілмектері бар ақ көлігіне мініп, заулай жөнелді. Бұл түні ол мүмкіндігінше көп кенгуру аулап, көзін құртпақ.

Осы күні аустралиялықтар мен «ұлттық символ» арасындағы қатынасы күрделеніп кеткен. Кенгуру – Аустралияның ерекше био­алуандығының тірі әрі секіріп жүрген нышаны. Олар – эволюцияның ғажайып нәтижесі әрі ірі жануарлар ішінде секіре алатын жалғыз түр.

Аустралиялықтар осы мақтаныштарын жасырмайды. Кенгуру фильмге түсіп, телевизиялық бағдарламаларға да қатысады, поэзия, ән мен балалар әдебиеттерінің тақырыбы да бола алады. Олардың бейнесі ел валютасы, елтаңба, коммерциялық әуежелілер мен әскери кемелер, сондай-ақ олимпиада эмблемалары мен спорттық киімдерде де бар. Жер бетінде осыншама танымал жануар мен халық та жоқтың қасы.

Шығыстық сұр, яғни алып кенгурулер Жаңа Оңтүстік Уэлс штатының Норт Дуррас ауылындағы көгалда жайылып жүр. Құрғақшылық кесірінен кенгуру (оларды «қарақшылар» деп атайды) адамдарға үйір боп барады.

Ресми мәліметтер бойынша, жасыл құрлықта кенгуру саны халық санынан екі есе көп және аустралиялықтардың көбі оларды зиянкестер қатарына жатқызады. Мал шаруа­шылығымен айналысатын фермерлердің айтуынша, популяциясы 50 миллион шамасындағы кенгурулер олардың егістіктерін бүлдіріп, онсыз да тапшы ресурстарды тұтынуда қолдағы малға бәсекелес болып отыр.

Аустралияның сақтандыру компанияларының деректері бойынша, жыл сайын тіркелетін 20 мыңнан астам жол-көлік апаттарының 80 пайызы кенгурулердің кесірінен болады екен. Елдің құрғақ әрі халық аз қоныс­танған аудандарында кенгурулердің көптігін «санап шығу мүмкін емес» дейтіндер көп. Динголар мен аборигендік аңшылар сияқты дәстүрлі жыртқыштың орнын толтырып жүргендер де жетерлік. Бұл экологиялық тепе-теңдікті сақтап тұру өз септігін тигізуде.

Коммерциялық мақсатта еті мен терісі үшін кенгуру аулауға үкімет рұқсат берген.  Бұл саланың ауылдық аймақтардың экономикасына қосар үлесі де көп. Бұл кәсіпшілік 2017 жылы 29 миллион АҚШ долларына пара-пар өнімді экспорттап, халықты 4 мың жұмыс орнымен қамтамасыз еткен. Бүгін кенгурулердің жойылу қаупі жоқ төрт түрі – шығыстық сұр, батыстық сұр, қызыл мен ірі кенгурудің еті, терісі мен былғарысы 56 елге экспортталады. Nike, Puma мен Adidas сияқты әлемдік брендтер түрлі спорттық инвентарь жасау үшін мықты әрі икемді кенгуру былғарысын сатып алады. Бір кездері негізінен үй жануар қорегі ретінде сатылған кенгуру еті қазір азық-түлік ретінде саудаға шығарылып, қымбат ресторандардың мәзіріне еніп отыр.

Аустралияның алты штаты мен екі ауданының (барлығы сегіз) төртеуінде осы индустрия­­ны қамтамасыз ететін жануарларды аулауға жылдық квота беріледі. Бұл кәсіпті жақтайтындар майы аз әрі протеині көп кенгуру еті парниктік газды анағұрлы көп шығаратын қой не ірі қараға қарағанда қоршаған ортаға зияны төмен дегенді алға тартады. «Азық-түлік және текстильдік өнеркәсіптің шикізатын Аустра­лияның жұмсақ жайылымдарына бейімделген жануарлардан алу – дұрыс бағыт. Қызыл ет алудың бұдан өткен гумандық әдісі жоқ екенін көптеген экологтар растайды», – дейді Аустралия кенгуру кәсіпшілігі ассоциациясының бұрынғы атқарушы директоры Джон Келли.

Виктория штатының Грампианс ұлттық паркі. Екі жас аталықтың мықтыны анықтап жатқан сәті. Бұл «бокстасқан» кенгуру көрінісі Аустралияның символына айналып та үлгерді. Адамды кенгуруге қарсы қойған көрініс көрмелерде қылаң бере сала, 1891 жылы мұндай жекпе-жек жайлы мультфильм түсіріледі.

Бұл кәсіпшілікке қарсы болғандардың қарасы аз болса да, дауыстары зор. Жануарлардың құқығын қорғайтын ұйымдар, атақты адамдар мен қатары күн санап артып келе жатқан ғалымдар кенгуру бизнесі адамдарды жауыздыққа итермелейтіндіктен бұл кәсіптің қажеті шамалы деген ұстанымда. Олар кенгуру популяциясы шамадан тыс көбейді деген пікірмен келіспейді. Бұл ұйымдар кенгурудің көп бөлігі жасына жетпей өліп қалады, сондай-ақ әрбір төлдің есеюі көп уақыт алатынын айтып шамданады. Сондықтан олардың популяциясы жылына небәрі 10-15 пайыз ғана өседі. Оның өзінде бекітілген шарттар мінсіз болған жағдайда ғана.

Жаңа Оңтүстік Уэлс штатының байырғы юин халқы өкілдерінің бірі Двейн Баннон-Харрисон кенгурулер адамдардың өмір сүруіне кедергі келтіріп жатыр деген пікір күлкі тудыратынын айтады. «Олар бұл жерде адамдардан бұрын тіршілік етіп келеді. Олар елді қалай «бүлдіріп» жүр екен?», – дейді ол.

Көп жағдайда осы қарама-қайшылықтан пәлсапалық сұрақ туындайды: Кенгуру дегеніміз не өзі? Баз біреулер үшін олар зиянкес, басқаларына олар қолда тұрған ресурс. Десек те, оларға қорғалуы тиіс сүйікті де, сүйкімді «біртуар» жануар деп қарайтындар да баршылық.

«Мына көріп тұрғаныңыз кенгурулер елі», – дейді ұшағының терезесінен 2500 метр төмендегі тал-шілік қалың өскен алқапты нұсқай эколог Вильсон Сессна. Төменде күн қақтап, шаң басқан жайылымдар мен елдімекендері өте сирек шексіз дала бар. Онда құнарлы топырағы жылдам шаңға айналатын сезімтал ландшафты мен су ресурстары қажеттілікті ешқашан қанағаттандырмайтын өңір орналасқан. Ғаламшарымыздың ең құрғақ екінші контитентінде егіндік пен мал шаруашылығы бұрыннан ақсап тұр, ал енді өзгеріске ұшыраған климаттан құрғақшылық жайлап барады. Соның кесірінен ауылшаруашылық саласына орасан залал келуде.

«Жайылымдық жерлердің тарылуы құтымызды қашырып барады, – деп қынжылды тамыздың кешінде Лорелвейл ауылының екі иығы қақпақтай, алып денелі фермері Леон Занкер, – ал қалталы сүтқоректілер жағдайды одан сайын ушықтыруда». Құрғақшылық келгенде ол азық-түлік, су мен малын тиісінше жеткізуге тырысып бағатыны белгілі. Ал территориясындағы шөптің түгін қалдырмайтын әрі үкіметтің қарауындағы кенгурулер оның шаруашылығын тежейтін фактор.

Виктория штатының Англиси гольф клубы. Ойыншы мен шығыстық сұр кенгурулер бір алаңды бөлісуде. Гольф курстарында кенгурулерді жиі көруге болады. Ғалымдар үшін бұл қалталыларды белгілеу, бақылау мен зерттеу мүмкіндігі болса, кәсіпкерлер үшін бұл туристерді тарту құралы.

«Егер мен ірі қараларым мен қойларымның көтерем болып өлуіне жол берген болсам, жануарларға мейірімсіз болғаным үшін түрмеден бір-ақ шығуым мүмкін, – дейді Занкер, – алайда мен еліміздің кенгуру кесірінен деградациялап жатқанын байқаймын және қолымнан келер қауқар жоқ».

Оның аз-кем таңдауы бар. Солардың бірі – коммерциялық түсім, яғни бақташылар лицензиясы бар аңшыларға өз жерлерінде «қарақшылар тобы» деп аталып кеткен кенгурулерді аулауға рұқсат беру арқылы пайда табу. Жануарлардың құқықтарын қорғаумен айналысатын ұйымдардың белсенділігінен кәсіпшіліктегі жылдық кенгуру аулау квотасы қысқарып, енді квотаның тек бір бөлігін ғана пайдалануға мүмкіндік бар. Соның кесірінен кенгуру өнімдеріне деген сұраныс та азайып кетті. Мына дерек соған дәлел: 2017 жылы Аустралияның жалпы квотасы 7,2 миллион бас шамасында-тұғын. Алайда атылған кенгурулер саны 1,5 миллионға да жетпейді.

Тағы бір таңдау – жай ғана өлтіріп тастау. Бақташы хайуандардың белгілі бір санының көзін жоюға рұқсат алуға арыз бере алады. Мен барған кезде Занкердің 500 кенгуру өлтіруге рұқсаты бар болатын. Алайда көп бақташы жалданбалы әрі ресми кәсіби атқыштардың орнына оқудан өтпеген не аккредитациясы жоқ әуесқой «киллерлерді» жалдайды.

«Егер сіздің мүлкіңіз болса, алқымыңыздан қысып, ақшасын қайтаруға тура келетін несиеңіздің болуы да ғажап емес. Бірақ, өзіңізге тиесі жайылымнан шықпайтын бір бөтен мал шаруашылығыңызды «тірідей» жеп жатса, мұндайда не істейсіз? Барып, кілтті банк менеджерінің қолына ұстатасыз ба, әлде бір қорап оқ сатып аласыз ба?» – дейді Занкер.

Квинсленд штатының едімекендерінің бірі. Күн ұясына қонар кезде Брэд Купер жұмысқа шығып барады. Мығым денелі кенгуру аңшысы көлігін Митчеллден шығысқа қарай, шамамен 30 шақырым жердегі қоршалған жайылымдағы жол жиегіне тоқтатты. «Бүгін қолдан келгенінше көп кенгуру ату керек. Бірақ мына жел маған ұнамай тұр. Бұл оларға да ұнамайды», – дейді ол.

Муррамаранг ұлттық паркіндегі Депот жағажайында шығыс­тық сұр кенгуру тобы жартасты жағалауды барлап жүр. Зоолог Фленнеридің айтуынша, бұл сүтқоректі жерасты апандарынан тропикалық ормандардағы ағаш бастарына дейінгі Аустралиядағы барлық дерлік тіршілік ортасына бейімделген.

Олар шығыстық сұр кенгуруны аулауға келді. Жел ұйытқыған кездері бұл қалталы сүтқоректілер сақтана топтаса қалады. Бұл атушылардың жұмысын қиындатады, өйткені оларға заңмен тек ересек аталықтарды ғана атуға рұқсат берілген. Кәсіби атушылар емтихан тапсырып, жануарлардың жағдайы мен гигиенасы бойынша оқудан өтулері тиіс. Ай сайын олардан квотадан асып кетпеулері үшін есеп беруі талап етіледі.

Купердің жасы 41-де. Ол алғашқы кенгуруін бес жасында атып алған. Бүгінде ол әр жолы үштен-алты сағатқа дейін аптасына үш түн жұмыс істейді. Бүгінгі жоспары – 30 кенгуру атып алу. Оның бір түндегі рекорды 104 бас.

Төбемізде жырым-жырым бұлттар жөңкіп өтіп жатқанда түнгі аспанда жарты ай жасырынбақ ойнап тұрғандай көрінді. Ауаны алаботаның өткір иісі кернеген. Купер көлігінің үстіндегі шамдарды қайта-қайта алға-артқа қозғауда. Бір минуттан кейін ол іздегенін тапты. Жүз метрдей жерде бойы екі метрдей ересек аталық алып кенгуру көліктің шамдарына қарап гипноз әсер еткендей қалшиып тұра қалыпты. Бум! Купердің мылтығынан шыққан дауыс түнгі ауаға таралды. Кенгуру бір секірді де жерге гүрс ете түсті.

Купер сұлаған кенгуру аяғын салбыратып өңгеріп алды. Кәсібіне шыныққан ол ең әуелі олжасының нарықтық бағасын түсіретін жарақат не паразиттердің бар-жоқтығын тексереді. Кейін кенгурудің қанын ағызып, ішкі құрылысын, сондай-ақ алдыңғы аяқтары, басы мен құйрығын кесіп алып тастады.

Одан кейін қағаз жұмысы басталады: аңшы кенгуруді атқан күні мен уақытын, меншіктегі жер атауын, кенгуру түрін және азық-түлік өңдеуші компания мен мемлекеттік құзыретті орган талап ететін барлық ақпаратты құжатқа түсіреді. Купердің айтуынша, бюрократиялық талаптар адамды қинаса да, бұл жұмыс соған тұрады. Ол далалық жерде атып-сойған кенгуру тұлыбының әр келісіне 70 цент ақша алады. Кей түндері ол мың долларға дейін табады.

Кәсіби атушы Питер Абсалом Оңтүстік Аустралия штатындағы Малиунгари стансасынан атып алған аталық қызыл кенгуруді өңдеуде. Анасы оққа ұшқанда төлі жетім қалатындықтан 2013 жылдан бері тек аталықтар ғана аулана бастады.

Түн ортасы жақындағанда жел күшейіп, Купер жұмысын аяқтайтын болып шешті. Бүгінгі түнгі оның олжасы – 10 кенгуру.

«Бұл жұмыста қандай да бір қалыпты нәрсе жоқ», – дейді ол Ромаға қайтар жолда. Ол Ромада олжасын «мұздатқыш камерада», яғни тұлыптар өңделгенге дейін сақталатын салқындатқыш қоймаға жинайды. Аяушылыққа жол жоқ жұмысының уақыты қалыпты емес әрі ауыр. Қалалықтар оның мамандығына мұрнын шүйіре қарайды.

«Олар үшін біз ең төменгілерден де төмендегі сатыдамыз, – дейді Купер, – бірақ қала адамдары кенгуруден жырақта өмір сүреді. Егер де мысық не итті мәңгі ұйқыға аттандыру керек болса, мархабат, ветеринар бар. Жауапкершілік тікелей өз мойындарына артылмайды. Ал бізге зор жауапкершілік жүктелген».

Ұзынтұра, тұла бойы жинақы келген дәрігер Хоуард Ральф салқын самал желі бар күту бөлмесінде отырып, кенгурулерге қатысты жауапкершіліктің басқа түрі жөнінде әңгімелеуде. Ральф пен оның жұбайы Гленда 18 жыл бұрын Канберрадан көлікпен бір сағаттық жердегі Брейдвудтегі жерлерін табиғи қорыққа айналдырған. Бүгінде еріктілердің шағын тобы көмектесетін Southern Cross Wildlife Care қорығында жылына 2000-нан астам жануарға көмек көрсетіледі. Олардың жартысынан астамы – кенгуру.

«Біздің басты мақсатымыз – жан-жануардың амандығы, – дейді Ральф, – осы мақұлықтарға көмектесіп, оларды қайтадан тұмса табиғатқа жібере алатындай күйге жеткізу. Біз түрлерге қатысты дискриминациядан адамыз және оңайлықпен беріле салмаймыз».

Бұл ауруды емдеу мен күйзелістен айықтыру дегенді білдіреді. Кенгуру, әсіресе шығыстық сұр түрлері күйзеліске тез түседі, соның салдарынан олардың бүйректері істен шығып, жүрек ауруына шалдығуы мүмкін. «Мұндай жағдайға үнемі кезігеміз, – дейді Ральф. –Бетіне оқ тиген, балтамен шабылған, қасақана көлікпен қағылған кенгуруді көрсеңіз жүрегіңіз қалай елжіремейді. Кейбірі, тіпті, аяқтарындағы көптеген сынық кесірінен тұра да алмай қалады. Олар, осындай қатыгездікпен жиі кездеседі. Өркениетті деп атаған қоғамымызда жол берілмеуі керек дүниелер болып жатады. Олардың басым бөлігі кенгуру көбейгендігінен емес. Мұның себебі адамдар осы кішкентай мақұлықтарды жөні-жозықсыз қинағанды қызық не күлкілі көруінде. Біз қандай жағдай болмасын қатыгездікке жол берілетін түсініктен қашық болуымыз керек», – дейді Ральф.

Гарри МакЛин Квинсленд штатының Агнес Уотер қаласындағы кенгуруге арналған «Хоризонс» қорығында жетім қалған төлдерге жем беруде. «Олар отбасымен тіршілік ететін аң, тура біз сияқты, – дейді Аустралия кенгурулер қоғамында істейтін Никки Саттербай, – олар төлдерінен айырылғанда, не төлдері аналарынан айырылып қалып жатса, қатты қайғырады».

Соңғы жылдары Аустралияда кенгуруге қамқор жандар мен пана берген «Оңтүстік кірес» сияқты қорықтар көбейіп келеді. Олардың көбі әрбір түскен тиынды дәрі-дәрмек пен керек-жараққа жұмсайды.

«Мен көпшіліктің қандай пікірде екенін білемін, мен реалистпін. Жағдай өзгереді деп үміттенемін. Қазірдің өзінде қоғам пікірі өзгеріп жатқанын байқауға болады. Жиырма жыл бұрын осы мақұлықтарды қастерлейтіндер кемде-кем тұғын. Алайда олардың зардап шегіп жүргендерін, олардың тірі жан екенін түсінетіндер көбеюде», – дейді Ральф.

Аустралиялықтардың кенгурулерге қатысты кереғар пікірін бейбіт арнаға бұруға бола ма? Джордж Уилсон егер олардың қожайындары болғанда, иеленушілері кенгурулеріне мүліктері ретінде қарап, тәуелсіз түрде не аймақтық жабайы табиғатты қорғау ұйымдарымен бірлесе отырып оларды қорғар еді. Қожайындары оларды асырап, жалға беріп, көбейтіп, атуға рұқсат беру үшін аңшылардан ақы алар еді. Ол үшін тек жігер мен ниет қажет.

«Егер әлдебір нәрсені сақтағыңыз келсе, оған құнды заттай қарау керек, – дейді Уилсон, – өкініштісі, зиянкес деп қарастылырған жануарлардың құны жоқ».

Жекешелендіру жайылымдарға түсетін ауыртпалықты да азайтар еді. Егер кенгуру ірі қара не қойға қарағанда пайдалырақ болса, фермерлер мал басын азайтар еді. Бұл қоршаған орта үшін де тиімді. Бұл сценарий орын тапса, жер иеленушілер мен кенгуру кәсіпшілігі арасындағы ынтымақтастықты көрер едік. Ары қарай брендинг, маркетинг пен сапа бақылау бойынша жұмыс өрби беретін еді. Мұндай жағдайда үкіметке тек процесті бақылап, басқарып отыру ғана қалар еді.

Леон Занкер мұндай идеяны жан-тәнімен қолдайды: «Біз үшін бұдан шығар ең жақсы нәтиже – кенгуру саны мен жайылым-су ресурстарының тепе-теңдігін сақтайтын коммерциялық индустрияға қол жеткізу. Бірақ бұл үшін балансты сақтайтын басқару тетіктері мен қабілет болу керек. Жер иеленушілердің талап еткендері де осы».

Туристер Квинсленд штатының Макей қаласындағы Хилсборо мүйісінің жағалауында шығыстық кенгурулерді тамашалауда. Бұл жер туристерді қызықтыратын танымал орын әрі ол жергілікті экономиканы да көтеріп отыр. Аустралия – кенгуруді жабайы табиғатта көруге болатын дүниедегі жалғыз мемлекет.

Сиднейден жарты сағаттық жердегі Воронора шаһарындамыз. Түс ауған шақ. Қыркүйектің жылы ауасында юиндердің ақсақалы 82 жасар Макс «Дулумунмун» Харрисон Аустралияның байырғы тұрғындары мен кенгурулер арасындағы күрделі байланыс туралы сыр шертті. Бұл – мәдени, әлеуметтік және рухани байланыс тарихы кемінде 50 мың жылға созылады.

Аустралияның байырғы тұрғындары бұрыннан кенгуру етін жейді, бірақ олар мұны қатаң тәртіптерге сай істейтін болған. Макс көкенің айтуынша, байырғылардың заңы аңшылыққа рұқсат етеді, бірақ оның өз маусымы бар. Мәселен шағылысқан шақта оларды аулауға болмайды. Әрі рәсуаға да жол берілмейді. Кенгурудің әр бөлігі пайдаланылуы тиес: еті желінуі не таратылуы керек; сіңірінен жіп иіріледі; терісінен жылу сақтайтын, су өткізбейтін киімдер тігіледі, сүйектерінен ине мен түрлі бұйым, ал жүнінен дорба не мата жасалады.

Бірақ кенгурумен арадағы байланыс әлдеқайда жоғары деңгейге жеткен. Пайда ол бергі жағы ғана. Тіршілік пен жаратылыс пайда болуы туралы әңгімелерде, аборигендер «арман шақ» деп атайтын бай символикалық әлемде кенгуру басты назарда. Осы әңгімелердің ажырамас бір бөлігі саналатын «өлең жолдары» арқылы аборигендер жол тауып, ата-бабаларын еш қиындықсыз тапқан. Макс көке кенгуруді өлтіру табиғат пен адам арасындағы осы үйлесімділікті бүлдіріп, «өлең жолдарын» жойып жатқанын айтады.

Қалталы сүтқоректілермен көп ғасырлық байланысы бар деп білінсе де, елдің ұлттық символымен ара қатынасты реттеуде Аустралияның байырғы тұрғындарының пікірі ескерілмейді. Олардың пікірі бір арнада тоғыспағанымен, географиялық және мәдени тұрғыда әр алуан келетін байырғы халық өкілдерінің көбісі кенгуруді қыру үлкен мәселе екендігімен келіседі.

Стурт ұлттық паркі. Батыстық сұр кенгуру мен фотографтың ұлы бір-біріне зерттей қарауда. Ру сияқты өзгенің таңданысын тудыратын жануар кемде-кем. «Кенгуру басқа жануарлардан қатты ерекшеленетіні сондай, олар болмағанда біз оларды елестете алатын ба едік, алмас па едік, Құдай білсін», – дейді зоолог Фланнери.

«Аустралия өте ерекше ел, ерекшелігі сондай ол өз елтаңбасындағы символды жейтін жалғыз ел», – деп басын шайқады Сиднейдегі Маккуори университетіндегі кабинетінде отырған гомерой тайпасының көсемі Фил Дункан.

Макс көке сияқты ол да кенгурулерді қыруға жол бермек емес. «Оларды өлтірсек, келер ұрпаққа бұл тотемикалық түрдің отанымызбен арадағы байланысын түсіндіре алмай қаламыз», – дейді ол. Ол ұсынатын шешім қарапайым: кенгуру ахуалы туралы соңғы сөзді Аустралияның алғашқы адамдары айтсын. Бәрін былай қойғанда, олар мыңдаған жылдар бойы қалталылармен жақсы қарым-қатынаста боп келді емес пе? «Егер кенгурулерді қыруды көздеп отырсаңыз, – дейді Дункан, – оны жолға қойылған кәсіп көзіне айналдыру керек. Бұл кәсіпшілік аборигендер тарапынан монополияландырылуы керек. Біз бұл істі гуманды түрде орындаймыз. Бізге лицензия беріңіздер. Бұл кәсіпті біз атқарайық».

Сонымен бірге Дунканның бұдан да маңызды айтпағы бар: «Аустралияға туристер келген кезде олар кенгурумен құшақтасып, коаланы ұстап, аборигендермен кездескілері келеді. Үшеуінің де өзара байланысы күшті. Сол байланысты үзбеу керек. Мұнда өлтіру үшін емес, құшақтасу үшін келіңіз».

Автор: Джереми Берлин, фото: Стефано Унтертинер


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Өнерпаз фрегата

$
0
0

Жануарлардың көптеген аталықтары қарсы жыныс өкілдері алдында әсер қалдыру үшін кеуде кере маңғазданады. Алайда түсі, құлашы мен дауысының әуезділігі бойынша лат. Fregata magnificens, яғни керемет фрегатаға жететіні жоқ.

Шағылысу уақытында әр аталық өзге бәсекелестерінен оқ бойы озық тұруға тырысады. Бұл тұрғыда тамағынан салбыраған қызыл қалташаның орны ерекше. Оны ауамен толтырғанда қалташа құстың бойымен бірдей жүрек пішініне енеді. Артынша тұмсығымен тоқылдатып, кеудесінен барабан тарсылындай әуен төгіледі – бұл оның махаббатқа шақыруы. «Өздерін көрмесеңіз де, олардың әуезді әуенін алыстан еститініңіз хақ», – дейді Галапагос табиғат қорғау қорында істейтін Джен Джонс.

Әуеде ұшып жүрген аналықтары турасын айтқанда концерт көру үшін жерге қона бастайды. Дженнің айтуынша, аталықтары дискотекадағыдай билеп, бастарын шайқай жұлқына қимылдап, «қойылымды» қыздыра түседі. Зерттеудің бірі көрсеткендей, аталықтарға өз жұбын табуға осы барабан қағыстары көмектеседі.

ТІРШІЛІК ОРТАСЫ/ТАРАЛУЫ

Fregata magnificens құстары, негізінен, қос Америка құрлығының Тынық пен Атлант мұхиттарының жағалауында, жапсарлас аралдарда, Калифорния мен Джорджиядан, Эквадор мен Уругвайға дейінгі аралықта тіршілік етеді.

ҚОРҒАЛУ СТАТУСЫ

ХТҚО бұл құс түріне айтарлықтай қауіп төніп тұрған жоқ екенін айтады. Алайда паразит пен тіршілік ортасының тарылуына байланысты олардың кей популяцияларын ерекше бақылауға алған жөн.

 

ӨЗГЕ ДЕРЕКТЕР

  • Керемет фригаттар жылы ауа ағынын пайдаланып, айлар бойы әуеде самғайтын кез болады.
  • Зерттеу кезінде тамақ қалташасының көлемділігіне байланысты төменгі жиілікте қалыңдау әрі тұрақты дыбыс шығаратын аталықтары аналық құстарға тартымдырақ көрінгені байқалған. Аналықтар осындай дыбыстардан әлжуаз я қуаты тасыған аталықты анықтай алатын болып шықты.

Авторы: Патрисия Эдмондс


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Үш бірдей кесел

$
0
0

Роки-Маунтин ұлттық паркінде 1075 шаршы шақырым таулы аймақ қорғауға алынғанымен ол жерді климат өзгерісінің әсерінен ешкім қорғай алмайды.

ХХ ғасырда таулы парктегі жылдық орташа температура 1,9˚С көтерілген. Бұл орман өрті, қабықша құрты мен тарақбоз іспетті жағымсыз әсерге әкеп соқты. Олар парктің төрттен үшін алып жатқан өсімдіктер әлеміне айтарлықтай залал келтіріп отыр.

Домино эффектісі

Өрт, қабық құрты мен тарақбоздың маңызды экологиялық рөлдері болуы мүмкін, алайда ғаламдық жылыну олардың бір-біріне деген кері әсерін өршітіп жіберді. Мәселен, тарақбоз температура көтерілген кезде көбейетіндіктен ол ормандағы ағаштарды тым құрғатып жібереді. Мұндай ағашқа қабық құрты түседі. Ал орман өрті шіріген ағаш арасында тез тарайды.

ДЕРЕККӨЗ: КОЛОРАДО ШТАТЫНЫҢ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚЫЗМЕТІ; USDA ОРМАН ҚЫЗМЕТІ; ҰЛТТЫҚ ПАРК ҚЫЗМЕТІ; ДЖЕЙСОН СИБОЛД ПЕН АМАНДА ВЕСТ, КОЛОРАДО ШТАТЫНЫҢ УНИВЕРСИТЕТІ; GEOMAC, USGS

Авторы: Клер Трейнор


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Шұбайқызыл десе, Шұбайқызыл!

$
0
0

Еліміздің Оңтүстік өңірлерінде жиі кездесетін «Грейг» қызғалдағын суретке түсіру үшін Алматыдан арнайылап жолға шыққан біздің шығармашылық топ Түркістан облысына барып-қайтуға шамамен 1300 шақырым жолды жүріп өтті.

Биыл сәуір айында жауын-шашын мол болғандықтан жер-жерде көкорай шалғын шөппен бірген гүлдің де түр-түрі жайқалып өскен. Жылына бар болғаны 15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақ әсіресе Шұбайқызыл алқабын қызыл кілемге көмкеріп, жұпар иісі аңқыған жазиралы кең даланы одан сайын әсемдікке бөлей түскен. Осы сәтті тиімді пайдаланып қалуға тырысқан фотографтар гүлді әр қырынан түсіріп алып жатты.

Жер бетінде қызғалдақтың 120-дан астам түрі бар болса, олардың басым көпшілігі Шығыс Азия мен Оңтүстік Еуропа елдерінде кездеседі. Гүл өндірушілердің кейбірі ол гүлді тек сату үшін ғана өсірсе, қалғандары хош иісті парфюмериялық заттар жасауға пайдаланады екен. Ал біздің отандық мамандар бұл гүлдің «грейг» деген түрін бауыр ауруларына қарсы дәрі-дәрмек ретінде пайдалануға болатынын айтуда. «Грейгтің артықшылығы ол – 55 пайыз крахмал мен қанттан тұрады. Ал ондай сұйықтық ағзаға аса пайдалы», – дейді олар. Ал жалпы Түркістан облысы нақ осы гүлдің ордасы саналады.

Ал жалпы қазақ жерінде қызғалдақтың отыздан астам түрі бар. Қызғалдақ гүлдерін Іле, Жетісу (Жоңғар) Алатауында, Кетпен (Ұзынқара) жотасы мен Шу атырабынан кездестіреміз. Тіпті «Қызғалдақтар елі» атанып кеткен Нидерландтың өзінде нақ осы гүлдің түрлері осыншалық әркелкі емес. Соған қарамастан қызғалдақ гүлi нидерландтықтар арасында, аса қастерлі саналып,  жоғары бағаланады. Себебі олар жыл сайын қызғалдақ сатудан 500 миллион АҚШ доллар табыс табатынына қарағанда біз қолда бар мүмкіндікті пайдалана алмай отырғандаймыз.

Суретті түсірген: Досжан Балабекұлы


Шұбайқызыл қыраты, Түлкібас ауданы, Түркістан облысы

0
Viewing all 1619 articles
Browse latest View live


<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>