Quantcast
Channel: nationalgeographic.kz
Viewing all 1610 articles
Browse latest View live

Күтпеген кездесу

$
0
0

Теңіз қорықтары қолтырауынға бай. Фотографтың шешім қабылдауға бірнеше секунды ғана бар: қорғану не суретке түсіріп алу.

Дэвид Дубиле: Мангр аралдары, сақиналы бұлақ пен рифтерден қалыптасқан Ханшайым бағы ұлттық теңіз қорығы Кубаның құрлықтағы аумағынан оңтүстікке қарай шамамен 100 шақ. қашықтықта орналасқан. Алдыңғы жоба аясында біз осы жерде жұбайым әрі фотограф-серіктесім Дженнифер Хайеспен бірге балықтар мен акулаларды, қолтырауын мен маржан кедертас­тарын құжаттаған болатынбыз. Біз сол кезде.

2200 шақ. жерді алып жатқан ұлттық саябақ ғаламдық жылынудың әсеріне ұшырайтынын әсте білгенбіз. Сондықтан он бес жылдан соң оның жай-күйін білмек болып сол жерге қайта бардық.

Біз суасты мангрлар жолына тап болып, мен Cassiopeia-ны, яғни төңкеріліп жатқан медузаны, ал Дженнифер айналаны «шыртылдатып» түсіріп жаттық. Кенет фотоаппарат объективі арқылы алып Америка қолтырауынының ағыспен төмен қарай жүзіп бара жатқанын көріп қалдым. Оны түсіруге ұмтылғанымда әлгі қолтырауынның Дженнифер екеуіміздің арамызды кесіп өтпекке беттегенін байқадым.

Мен қолдағы құралдармен қатты дыбыс шығарып, Дженниферге қарай жүзе жөнелдім. Қас қағым сәтте оның жанына барып, оған «қонағымыздың» бар екенін ескертейін деп үсті-үстіне камераны басып жарқылдата бастадым. Менің белгімді бірден байқаған ол қолтырауынға бетімен бұрылып тұра қалды.

Дженнифер Хайес: Сөйтіп, Америка қолтырауынымен бетпе-бет келдім. Бойымды түрлі сезім жаулады. Дегенмен саспадым…

ДД: Ол маған «ок» деп ымдады. «Сәлем, сұлуым!» – деп сөйледі де қолтырауынды суретке түсіру үшін оған жақындай түсті. Мен оның қолтырауынға зор құрмет көрсетіп байсалды амандасқанына қызыға қарап тұрдым. Ол еш мүдірместен мүмкіндік болып тұрғанда сәтті кадрды ұстап қалуға кірісті.

ДХ: Ешқандай қауіпті сезінгенім жоқ. Бірнеше күн бойы сол қолтырауындардың ары-бері жүзгенін, мангрларды күзеткенін, көз алдымызда ұйықтағанын бақылап келдік. Өзімді олардың мінез-құлықтарымен таныс адамдай сезіндім. Онымен қоса, менде қажет болған жағдайда қалқан бола қалатын SEACAM атты суасты тұрағым да бар болатын.

Бірақ ашығын айтайын, дәл сол уақытта, өзімді өте еркін сезіндім. Өзге ортада Ніл немесе тұзды су қолтырауындарымен өзімді дәл осылай сезінбеген едім.

ДД: Адамдар Дженнифердің қолтырауынмен түскен суретін көргенде таңданыстары мен қорқыныштарын жасырмайды. Бірнеше суретке түскен қолтырауын бізге деген қызығушылығын жоғалтып, өз жолымен кете берді. Ал біз медузаны іздеуге бет алдық.

ДХ: Көп адам менен: «Дэвид саған көмектесудің орнына жай ғана суретке түсіріп тұрғанына ренжіген жоқсың ба?» – деп сұрайды. Бұған менің берер жауабым мынау: егер ол мені суретке түсірмегенде, керісінше қатты көңілім қалар еді. Мен осы бір жаратылыстың әлеміне қонақ болып келдім және оны зерттеуді міндетім деп ұқтым. Айтарым, одан қорыққаным жоқ, керісінше, осынау көне жаратылыс иесін көргеніме қуандым.

ДД: Біздің жұмысымыз үнемі қауіп-қатерге толы. Алдымыздан жыртқыштар кездескенде өзіміздің де, жануарлардың да қауіпсіздігі үшін, сүңгу операциясын тоқтататынбыз.

АВТОРЫ: Дэвид Дубиле және Дженнифер Хайес


Тірі динозаврлар

$
0
0

Германияда 48 миллион жылдық тас-қаңқада қара қарлығаштың «киелі» қауырсындары сақталып қалған. Қарлығаштар мен колибрилердің тегі – бір, ұлы апаттан кейін бірнеше миллион жылдан кейін пайда болған.

66 млн жыл бұрын динозаврлар қырылып қалды. Бірақ олар мүлдем ізсіз кеткен жоқ.

Mексиканың Юкатан жағалауындағы мангр батпағы құстардың жұмағы саналады. Қанаттылардың негізгі көші-қон жолының бойында орналасқан тығыз орманды батпақ жыл сайын қос Америка құрлығы арасында машақатты сапар шегетін миллиондаған құсқа қауіпсіз әрі құнарлы тұрақ ұсынады.

Құстардың миграциялық жолындағы осы аялдамада маған Луис Салинас-Пеба жол сілтеп келеді. Ол – Мексиканың ұлттық автономдық университетіне қарасты жергілікті кампус ғалымы. Салинас-Пеба – мангр орманында тіршілік ететін барлық құс түрін жатқа білетін маман. Алыс жерлерге ұшатын жыл құстары мен жергілікті құс түрлерінің аралас көрінісінен көз тұнады: Канададан келген көкқанат шүрегей үйректер жергілікті юкатандық бізтұмсық шөжелермен соқтығысып қала жаздайды. Маңғазданған алқызыл фламинголар кіп-кішкентай колибрилермен қабаттасып жүр.

Кішкентай қайығымыз ұяларына таман жақындаған сайын суқұзғындарының дабыл қаққан дауысынан ауа дірілдеді. Сүйір денелі, түсі қара бірнеше құс кенеттен көкке ұшты. Олармен бірге жанарым әуеге көтеріліп, ойым өткенге шомды. Өткен дегенім – 66 миллион жыл бұрын жердегі жұмақты отқа орап, аласапыран апокалипсиске айналдырған, ғарыштан келген «қонақ».

Динозаврлар мына домеозаврлар сияқты Антарктикада ежелгі үйректер мен қоректенген бе? Мұзды континент 67 миллион жыл бұрын мүлде басқа болатын, бірақ тас-қаңқа вегавистің қазіргі үйрекке айтарлықтай ұқсайтынын көрсетті. Бұл – барлық қанатсыз динозаврлардың көзін жойған астероид құлағаннан кейінгі ең көне тас-қаңқа.

Осы мангр орманының шығысына қарай шамамен 50 шақырымда Мексика шығанағына созылған алып кратердің ортасында тыныш жатқан жағалаулық Чикскулуб Пуерто ауылы орналасқан. Бор дәуірінің соңындағы күндердің бір күнінде өлшемі таумен бірдей астероид қазіргі Юкатан жағалауына құлап, ғаламшарда катастрофиялық оқиғалар тізбегін тудырған. Тау-тас буға айналып, улы газдар атмосфераны қаптаған. Ғаламшар бетінен ормандар жойылып, температура айырмашылығы қатты құбылуға ұшыраған. Осы оқиға мен оның салдарынан динозаврлар дәуірі аяқталып, планетаны 135 миллион жыл «билеген» жаратылыс иелері түгелдей құрып кеткен, яғни түгелдей дерлік.

Кей динозаврлар жаппай қырылудан аман қалды. Бүгінгі құстар – динозаврлардың «отбасылық ағашындағы» соңғы бұтақ.

«Құстардың динозавр екеніне еш күмән жоқ», – дейді Луис Чиаппе. Луис Лос-Анжелос округі палеонтологиялық музейі жанындағы институт директоры болып істейді. «Бұл мәселенің айқындығы соншалық, оны «адамдар приматтар ма» деген сұрақтың мәнімен қатар қояр едім».

Астероидтан кейінгі тамұққа айналған жерде, қазіргі құстардың «ата-бабаларына» Бор дәуіріндегі «замандастарынан» озып, өмірде қалуына не себеп болды? Бұл – шешуі қиын жұмбақ. Өйткені тасқа айналған құс қаңқаларынан құралған деректер тым жеткіліксіз. Алайда өткен соңғы онжылдықтарда табылған кейбір тың мәліметтер мен генетикалық талдау іліміндегі прогресс арқасында Чикскулуб ықпалымен қазіргі құстардың шығу тарихы қалай қалыптасқаны анықтала бастады. Бұл, өз кезегінде, құстардың осы катаклизмнен аман әрі бүгінде он мыңнан астам түрге бөлініп шығуы туралы сырсандықтың аузын ашатын шындыққа жақын деректер ұсынады.

Құстардың «отбасылық ағашындағы» ең байырғы тамыр деп білінетін түр – археоптерикс. Дене тұрқы қарғадай «құс» 150 миллион жыл бұрын тіршілік еткен. Оның бір бойында таңғаларлықтай түрлі сипаты болған. Қазіргі құстардың ешқайсысында дерлік тіс болмаса, археоптерикстің өткір тісті үрпиген жақтары, өткір тырнақтары және ұзын сүйекті құйрығы болған. Бұл сипаттар құстардың бойынан жоғалған, оның орнына олардың бауырымен жорғалаушы «тұқымдастарымен» байланысы байқалады. Бірақ археоптериксте қазіргі құстарға тән нәрселер де болған. Оның қаңқаларынан аэродинамикалық қауырсындармен қапталған қанаттары және тауықтікіндей айыр сүйегі болғанын көреміз.

1860 жылдары табылғаннан кейін олар динозаврлар мен құстар арасындағы нақты «көшпелі түр» деп таныла бастады. Бірақ ондаған жыл бойы оның тегі мен одан тараған түрлер туралы деректер тым аз болып келді.

Соңғы генетикалық деректер мен тас-қаңқа зерттеулері бойынша аман қалған бір-біріне байланысы жоқ тіршілік иелері – түйеқұстар, үйректер мен тауықтар Бор дәуірінің соңында пайда болған және 66 миллион жыл бұрын апаттан аман қалған үш топтың екеуінен шыққан.

1996 жылы «сең сетінеп», ғалымдар құстарға қатысы жоқ, қауырсынды динозаврдың алғашқы жалпыға мәлім қаңқа мәліметтерін ашты. Шамамен 130 миллион жыл бұрын тіршілік еткен синосауроптериксприма өзгеріске себеп болған түр деп саналады. Оның қаңқасы Қытайдан, соның ішінде, негізінен, Лиаониң провинциясындағы ерте Бор дәуірінен қалған тау жыныстарынан қазып алынған басқа ондаған еліктірер түрдің арасынан табылған. Байырғы көлдер мен белсенді жанартаулар қаңқалардың керемет сақталуына керекті жағдайларды қалыптастырды. Нәтижесінде, қанатсыз динозаврлар мен олардың байыр­­ғы замандас құс «достарынан» құралған, көбінде қауырсындар, қабыршақтар мен тері қалдықтарының галлереясы құралды. Археоптерикс тәріздес осы жануарлар көптеген құс пен динозавр арасындағы таңғажайып аралас түр болып табылады.

Қара қауырсынды, қанатсыз динозавр – микрораптор гуй барлық аяқ-қолындағы қатты қауырсындарының көмегімен бұтадан-бұтаға сырғи «ұшып» жүрген болуы мүмкін. Оның қасында байырғы құс – лонгиптерикс чаоянгенсис су жолдарымен зулап, рептильді тісті жағымен балықтарды тістей қарамаған шығар. Ал төбесінде тот басқандай үрпегі бар, көмір түстес динозавр – анчиорнис хукслеи орманда маңғаздана жүретін болған. Оның үш-тырнақты қысқа қанаттары ұшуға жарамсыз еді.

«Егер қаңқа қалдықтарын өз көзіңізбен көрмесеңіз, олардың тіршілік еткеніне сену қиын», – дейді Чикаго қаласындағы Филд атындағы табиғат тарихы музейінің құстар жөніндегі кураторы Шаннон Хакетт.

Палеонтологтар қаңқа деректеріндегі жетіспеушіліктерден арыла алмай отыр. Кейбір ДНҚ зерттеулері бойынша қазіргі құстардың тегі сонау ерте Бор дәуірінде және қазіргі қанаттылар топтарының көбі өте ерте кезеңдерінде пайда болған. Бұл қазіргі құстардың көптеген тегі үйірлерімен әлдеқалай жаппай қырылудан құтылғаны туралы әңгіменің арқауы болып табылады.

Басқа сарапшылар катаклизмнен бұрын тіршілік еткен барлық қанатты қазіргі құстарға жатпайды деген уәж айтады. Қытайда табылған қаңқа қалдықтары тәріздес. Осы теория бойынша кейбір ежелгі түрлер апаттан аман қалып, динозаврлардың барлығы қырылып таусылғаннан кейін ғана заманауи құс эволюциясының «үлкен дүмпуін» тудырған.

«Алғашқы құс» археоптерикстің үш өлшемді моделі National Geographic қоғамының перспективалы зерттеушісі және биолог Райан Карнидің басшылығымен рентген түсірілімі және фотограмметриямен қарағанда тасбұғаудан тіріліп шығатындай. Оның қанаттарындағы қауырсын 150 миллион жыл бұрын тіршілік еткен жануардың тас-қаңқа қауырсындарына қарап жасалған.

Жылдар бойы бұл пікірталас талқылауларға толы болды. Бірақ 2005 жылы Антарктикада табылған сүйектер талқылауға тың мәлімет қосты: Чикскулуб оқиғасынан аз уақыт бұрын тіршілік еткен құс қазіргі үйрекке өте ұқсас болып шықты.

Остин қаласындағы Техас университетінде істейтін Джулия Клэрк қаңқа қалдықтарына сүйене отырып, вегавис туралы айтып берді. Ол астероид құлауынан аз уақыт алдында, осыдан шамамен 67 миллион жыл бұрын тіршілік еткен деп есептеледі. Вегавистің қаңқасында бүгінгі құстарда ғана байқалатын іздер бардай көрінеді. Бұл – оның, шынымен, қазіргі тізбектің бір бөлігі екенінің белгісі. Клэрк пен оның әріптестері оны қазіргі үйректер мен қаздар тобына қосады.

2016 жылы вегавистің толықтырылған қаңқасын зерттеп, оның түрі үйрекке ұқсап қоймай, дауысы да үйректей қоңқылдаған болуы мүмкін екенін алға тартады. Қаңқа қалдығында «сиринкс» деп аталатын дыбыстау мүшесі, яғни бүгінгінің жабайы су құсында бар өзіндік дыбыс ұлғайтқыш ағзаның ең байырғы танымал мысалы табылған.

«Вегавис ежелгі қаңқа қалдықтары ішіндегі ең маңыздыларының бірі екені даусыз», – дейді Бат университетінің эволюциялық палеобиологі Даниэль Филд. Астероид құлауынан бұрын пайда болған заманауи құс тобы туралы бұл айғақ қанаттылар эволюциясы туралы теорияны қайта талдаудың артып келе жатқан қажеттілігіне мән береді.

Фрагменттік сүйектерді жетілдірілген генетикалық-молекулярлық модельдеу әдісін қоса жіті зерттегенде құстар эволюциясының толық картинасы шығады. 2015 жылы жария­ланған еңбекте Йел университетінің орнитология профессоры Ричард Прам басқарған топ қазіргі 198 құстың генін зерттеп, оның нәтижелерін соңғы қаңқа қалдықтарының зерттеулерімен салыстырды. Олар жария­лаған құстардың егжей-тегжейлі отбасы ағашында қазіргі топтарының тек үшеуі ғана астероид соққысынан бұрын пайда болған деп тұжырымдалады.

Биолог-эволюционист Гейвин Томас қолында Лондонның табиғат тарихы музейіндегі мүйізтұмсықтың үлгісін ұстап тұр. Ол командасымен бірге қаратұмсық ағаш өрмелегіш, тісті кезқұйрық, балтатұмсық, және қасықтұмсық жалбағай тәріздес құстардың мыңдаған тұмсығының үш өлшемді сканерлі түсірілімін зерттеді және динозаврлардың қалғандары құрып біткеннен кейін тез түр-түрге бөлініп кеткендігі жөніндегі теорияға дәйектер қосты.

Тың мәліметтерден түзелген картинадан қазіргі құстарға қатты ұқсайтын, динозаврлардың көлеңкесінде ұшып, сүңгіп, шоқып жүрген жануарларды көресіз. Олардың арасында санаулылары ғана жаппай қырылудан аман қалып, сол шақта, шынымен, құстар эволюциясына «қанат біткен».

Вайоминг штатындағы Кеммерер – сүйектерге толы топырақ үстіне тұрғызылған қала. Солт-Лейк-Ситиден шамамен 160 шақырым солтүстік-шығысқа қарай орналасқан шаһар миллиардтаған қаңқа қалдықтарына толы бөлшектенген төбелер арасында салынған. ХІХ ғасырдан бері осы қазына үстінде ондаған коммерциялық кен орны пайда болды. Бұл кендер әлемдегі сауда жәрмеңкелері мен сыйлық дүкендерін тауарлармен қамтамасыз етіп отыр.

Кеммерердің дәл ортасында, Тински тассүйек шеберханасы ішінде Лейси Адамс жұмыс үстелі жанындағы темір орындықта отыр. Адамс шайдай қоңыр сүйектерді қоршаған боз тастан тазарту үшін ауа-компрессорлы бұрғысы мен инелерін пайдаланады.

«Сүйектердің шеттеріндегі иірілімдерге қарап-ақ қай түрдің қалдығымен жұмыс істеп отырғанымды бірден ұғамын, – дейді ол, – мына біреуі найтия екені анық. Ол бұл аймақтан табылатын майшабақ тұқымдастарына жатады».

Осы құрғақ әрі табиғаты қатал жер балықтың қаңқа қалдықтары молдығымен мәшһүр. Бәрін былай қойғанда, біз бұрын субтропикалық, батпақты жазықтық болған Қытай жерінде орналасқан алып көлдің орнында тұрмыз. Бұл көл бір уақыттары тұтастай бір экожүйені мұз құрсауында қалдырған, оның ішінде ежелгі құстардың баға жетпес коллекциясы да бар. Мұндағы кен жұмысшылары мен ғалымдар жартылай сақталған сүйектерді, тас болып қатып қалған қауырсындарды және жүзден астам тұтас қаңқаны жерден қазып алды. «Бұл – Жердің биотасы Бор дәуірінің соңында орын алған ұлы апаттан кейін қайта жандана бастағанын көрсететін ең құнды дерек», – дейді Филд атындағы музейдің кураторы және қазылған кен алаңындағы жолсілтеушім Ланс Гранде.

Гранде осы палеонтологиялық ғажапстан – Фоссил (ағылшын тілінде Fossil – қалдық қаңқа қалдықтары) көліне жаз сайын бірнеше аптаға келеді. Табылған дүние арасынан ең құндылары онымен бірге Чикагоға қайтады.

Вайоминг штатындағы Фоссил көлінің әктасты табанында көп жағдайда балық қалдықтары кезіксе де, мұнда жүзден аса құстың жақсы сақталған қаңқасы да табылған. Олардың арасында тышқан-балық, ежелгі тотықұстар, батпақтың ұшпайтын құстары және фрегаттардың қаңқалары да бар. 52 миллион жылдық ғұмыры бар тас қиындысында сайрауық құс тәріздес түрлердің бай, ерекше сақталған қаңқалары бар. Қаңқа қалдықтарының осы комбинациясы Филд атындағы музейдің қызметкері Ланс Гранде айтқандай, «палеонтология дауылын» тұрғызады.

Маусым айының соңында бір төбе басында оларға қосылдым. Ол жерде бір топ энтузиаст еріктілер үлкен кесектерді жерден қалай көтеріп, өткеннің тіршілік ізін қалай тексеру керектігін үйретеді. Күн жарқырап тұр. Тер басқан мені Гранде тоқтатып, әлдебір ғажайып нәрсені көруге шақырды: көршілес кеннен бір жұмысшы бір «құсты» әкелмекші.

Сыйымыз келді, ол шаң басқан пикап көлігінің артынан еліктіре менмұндалайды. Жіңішке сүйектер мен қауырсынды қанат ізі көзге анық көрінеді. Гранде жақынырақ көргісі келді, сөйтіп, ренгтен түсірілімі үшін жергілікті ауруханаға қарай жүйтки жөнелдік. Мамандар, бізді мен күткендей емес қарсы алғанына қарағанда, бұл олардың алғашқы «тассүйек пациенті» емес екені айқын. Ауруханадағы түсірілімнен кейін әкелген тас кесегі ішінде құстың толық қаңқасы бар екеніне Гранденің күмәні қалмады. Кейіннен ол қаңқа қалдығын әрмен қарай зерттеу мақсатында сатып алды.

Осылайша, Кеммерер маңайындағы төбелерден табылатын құстардың тас-қаңқалары Филд атындағы музейдің сөрелері мен сақтау бөлмелеріне қойылады. Осы аңызға айналған институтқа барғанымызда ежелгі тотықұсқа, торғай тектес әнші құсқа және тышқан құсқа зерделей қарадым. Жақында ғана ғалымдар барлығының сипаттамасын беріп, апаттан ке­­йінгі экожүйе қанаттылардың сан түріне бай болғанын айтты. «Жаңа бір құс түрінің қаңқа қалдықтарын тапқан сайын, екі жағдайдың бірінде ол мүлде жаңа түр болып шығады, – дейді Гранде, – бұл бізді қанаттандырады».

Өткен бірнеше жыл зерттеушілер үшін жемісті болды. Нью-Мексико штатында палеонтологтар жуырда 62 миллион жыл бұрын тіршілік еткен басқа бір тышқан-құстың қалдықтарын тауып алды. Цидиияжи абини, яғни навахо тайпасы тілінде «кішкентай таңғы құс» деп аударылатын құс апаттан бергі ең байырғы құс деп танылып отыр. Ол Жаңа Зеландиядан жуырда табылған «жасы» 61 миллиондағы алып пингвинмен бір қатарда. Пингвиннің осы түрі шамамен сол дәуірде тіршілік еткендерден басқаша көрінеді.

Бұл қаңқа қалдықтарының барлығы ең соңғы генетикалық мозаиканың фрагменттеріне сай келетінге ұқсайды. 2014 жылы жарық көрген құжаттарда 48 құс түрінің геномы зерттеліп, қазіргі құстар астероид соққысынан кейін жылдам түрлене бастаған деп қорытынды жасалған. 2015 жылы жүргізілген генетикалық талдау да осындай қорытындыға келді.

«Қолдарын қағып ұша алатын қанаттары бар кішкентай динозаврлардың шығуы үшін эволюция процесіне он миллиондаған жыл қажет болды. Артынан астероид келіп ұрылғанда дене тұрқының осы жобасы табысты екенін дәлелдеп шықты, – дейді Эдинбург университетінің палеонтологі Стефен Брусатте, – бұл құстардың кейбірі аман қалды, Жер жаңарған кезде олардың алдынан бағындыруды қажет ететін біртұтас жаңа әлем шықты».

«Неліктен қазіргі құстардың дәл осы байырғы тектері аман қалған» деген күрмеуі қиын сұраққа жауап табу оңай емес. Олардың аман қалуы туралы теория көп.

Даниэль Филд пен оның әріптестері бұл ормандардың жаппай жойылуымен байланысты болуы мүмкін деп есептейді. Бор дәуірінің соңғы кезеңдерінде Жер беті жылына түскен еді. Қазіргіге қарағанда сулы жер көбірек болды. Қорегі мол ормандар экзотикалық құстардың барлық түріне толы болатын, олардың көбі, бір қарағанда, қазіргілерге ұқсайтын.

Филдтің зерттеуі астероид құлаған кезде барлық орман жойылып кеткенін және жер жүзін ұзаққа созылған қыс басқанын ашуда. Құрып кеткен тағы бір құс тобына энантиорнитестер жатады. Бір кездері толып жүрген осы құстардың ағашқа қонақтайтын сирақтары болған, бұл олардың, негізінен, орманға тә­­уелді екенін көрсетеді. Әзірге Бор дәуіріне тән емес кезеңге жататын топырақ қабатынан олардың қалдықтары табылған емес. Қайта аман қалған құс түрлері бұталарда, яки теңізде тіршілік еткенге ұқсайды. Бүгінгінің ағашы бар аймақтарға тәуелді құстар алып апаттан көп уақыт өткеннен кейін пайда болған. Ол кездерде жер бетіндегі ормандар қайта қалпына келген болатын.

Басқа теория бойынша құстардың кей түрлері апат аймағында көбеюге жақсырақ икемделген. 2017 жылы ғылыми топ жұмырт­қалайтын қанатсыз динозаврлар балапандарын басып шығуға көп уақыт кететініне айғақтар ұсынды. Аман қалған құстардың басым бөлігі ең төзімділері. Қазіргі құстардың тірі қалуының негізгі себебі тез көбейіп, балапандарының қанаты бірнеше күнде не аптада қатайғандығында.

Дене тұрқының кішкентай болуы, бейімделу, дәнмен қоректену, тіпті ұяларының салыну жобасы шешуші роль атқарды. Оңтүстік Америкадағы, Жаңа Зеландиядағы және Антарк­тиканың мұзды шөлдері тәріздес жерлердегі жүріп жатқан зерттеу жұмыстары қазірдің өзінде жақын арада көп жаңалық болатынына кепіл. Алдағы жылдарда бұл жерлерден генетикалық деректер молынан ағылуы тиіс. Шыңжаң ауданындағы Қытай халықтық генқорында ғалымдар 2020 жылға таман тіршіліктегі барлық құстың тұтастай геномдарының жобасын жасап шығару үшін жылдамырақ әрі нақтылығы жоғарырақ әдістерді пайдалануда. Олардың еңбегі зерттеушілерге жануарлардың қаңқа қалдықтарындағы белгілерді тіршіліктегі «ұрпағының» сипаттарымен салыстыруға көмектесуі тиіс.

«Құс геномы әлі талай сыр шертеді, – дейді Клэрк, – қазірдің өзінде теңдесі жоқ дүниенің шымылдығын ашып отырмыз».

Аман қалу үшін бірнеше белгілі бір факторлар жиынтығы қажет. Сондықтан әрбір жаңа теорияға дәлелдер қосуды және зерттеуді жалғастыру маңызды. «60 миллионнан астам жыл бұрын болған жайтқа көз салу үшін қалдықтарды қалпына келтіріп, өте күрделі жаһандық модельді жасап шығуға тырысып жатырмыз, – дейді Филд. – Осы мәселеге қатысты сұрақтардың түбіне үңілу арқылы ғана әлем тарихындағы ең қатал жаппай қырылу оқиғасында аман қалудың сырын түсінуімізге болады».

Музейдегі мына үлгі сияқты тышқан-құстар бүгін тек Африкадағы Сахарада ғана кездеседі. Бірақ мына құтылардағы нәзік тас-қаңқа ежелгі тышқан-құс Tsidiiyazhi abini қазіргі Нью-Мексико аймағында шамамен 62 миллион жыл бұрын тіршілік еткенін көрсетеді. Ғалымдар астероид соққысынан кейін эволюциялық дүмпуге ұшырағаны туралы теорияны қолдады.

Кратерге қайта оралар болсақ, Мексиканың Юкатандағы Ұлттық автономдық университетіне қарасты ғылыми бірлестіктің басшысы Завиер Чиаппа-Каррара құстар жаппай қырылудың зұлымырақ түріне ұшыраса қалай болады деген сұраққа жауап іздеуде. Бүгін тіршілік ортасының тарылуына байланысты қауырсын жамылғандардың көбіне қатер төніп тұр.

Мангр орманына барған кезімізде жағалауда орналасқан, пластикпен қоршалған үлкен асшаян фермасын көрдік. Сулы жердің шетін айнала демалыс үйлері мен қонақүйлер жамырай орын теуіпті. Түбекке тереңдеген сайын көп адамның бүкіл жағалау экожүйесін сақтап тұрған жерасты су қабатынан су тартып жатқанын байқауға болады. Чиаппа-Каррара мен оның тобы адамдардың жабайы табиғатқа қандай зиян келтіріп жатқанын түсіну үшін барын салуда.

Бұл – бар әлемге ортақ проблема. Тіршілік ортасын құртып, климатты өзгерте отырып, қоршаған ортаны көз ілеспес жылдамдықпен тоқырауға ұшыратудамыз. Біздің әрекетіміз ғаламшарға құлаған астероидтан кем емес.

Бірақ адамзат осы апаттың бағытын өзгерте алады. Чиаппа-Каррара осыдан үмітті. Ол әріптестерімен бірге жыл сайын Юкатан құс фестивалін ұйымдастырып келеді. Таңдай қақтырар керемет деректер мен алуан-түрлі құстарды осы жерге алып келеді. Жыл сайын құлаған патшалықтың аман қалған тіршілік иелерін қадірлеп, оларды қамқор болу үшін адамдардың ықыласын оятуға шақырады. Бұл тіршілік иелері – әлі күнге дейін құрлықты, суды және аспанды мекен еткен динозаврлар.

Автор: Виктория Джаггард, фото: Роберт Кларк


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Кербез сұлу Көкшетау

$
0
0

Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облысы шекарасында орналасқан «Екі ағайынды» шоқысына шықсаңыз ұшы-қиырына көз жетпейтін орман-тоғай арасынан ондаған көлді көресіз.

Еліміз бойынша өзен-көлге, табиғи-мәдени орындар, орманды алқап пен жан-жануарлар әлеміне аса бай үш ұлттық саябақ бар болатын болса, соның ішіндегі ең ірісі – «Көкшетау» табиғи саябағы. Табиғат жаратылысының осынау тамашасына тамсанған ақындар Көкше өңірін «кербез Көкше» деп жырласа, қылқалам шеберлері ондағы пейзаж тудыратын құбылысты салудан еш жалықпаған. Көкше өңірі жер бетінде сирек кездесетін, өзіне ғана тән ерекшеліктері басым географиялық аумақ ретінде кеңінен танымал.

1996 жылы құрылған саябақ аумағы 182 мың гектардан асады. Саябақ құрамына Зеренді, Шалкар, Имантау және Айыртау табиғи аймақтарының таулы-қыратты, орманды алқаптары мен өзен-көлдері кіреді. Ұлттық саябақ аумағында мемлекет қорғауға алынған 185 археологиялық, тарихи, сәулет және монументальды өнер ескерткіштері бар.

Атап айтқанда, Сырымбет тауының баурайында ХІХ ғасырда біркелкі ағаштан тұрғызылған этнограф-ғалым, саяхатшы Шоқан Уәлиханов отбасының қалпына келтірілген Айғаным қонысы бар. Мұндай мәдени кешен Қарасай мен Ағынтай батырларға да арналып салынған.

Ұлттық саябақ флора мен фаунаға да аса бай. Саябақ аумағындағы ылғалды жерлер сазды жыныстардан түзілгендіктен, бетін континенттік, әсіресе өзен шөгінділері мен палеоген жыныстары басқан. Құрғақ жерлерде көкорай шалғын шөптер, жабайы жеміс-жидектер, саңырауқұлақ пен гүлді алқаптар жиі ұшырасады. Ал ауасы дертке дауа ормандары негізінен қайың, қарағай мен теректен тұрады. Орман ішінде туристтер сүрлеу жолдар бойымен аяңдай алады. Онда сондай-ақ автокөлік, ат пен велосипед жолдары да бар.

Еліміздің Солтүстік өңірлері Сібір тайгасының бөлігіне кіретіндіктен саябақтан тайгаға ғана тән сирек кездесетін бұлан, орман сілеусіні, сусары, қабан, күзен мен ақ қоянды жиі кездестіруге болады. Сондықтан болар күз бен қыс айлары аңшылар үшін нағыз олжаға толы мерзім саналады.

Қыста шаңғы тебу мүмкіндігі де бар мұнда. Құстар мен балықтарға бай көлдер мен ориандар, шүйгін жайылымды жазық дала көне дәуірден бастап-ақ адамдардың назарын өзіне аударып келеді.

Фото: Ерболат Шадрахов, Дмитрий Ругис.

Су астына шашылған інжу-маржан

$
0
0

Горн мүйісі жанындағы құлақты медуза теңіз орамжапырағының арасынан жүзіп өтті. Чилидің оңтүстік нүктесіндегі архипелактің алып теңіз ормандарының қалың болғаны сонша, олар Жер серігінен түсірілген суреттерден де көрінеді.

Чилидің 4000 шақырымға созылып жатқан жағалауы теңіз тіршілігіне бай болғанымен кейінгі жылдары оның да сарқылып бара жатқаны байқалуда. Табиғат жанашырлары, балық қауымдастықтары мен билік өкілдері қалған құнды дүниені сақтап қалу жолында жұдырықтай жұмыла бастады.

Соңғы ғасырда жаппай ауланғандықтан хуанфернанд атты теңіз мысықтарының жойылу алдында тұрғаны айтылады. Жүзеге асырылған шаралардың арқасында 1965 жылдың өзінде-ақ теңіз мысықтарының жүзге жуығының қалғаны анықталған. Бүгінде олардың саны 16 мыңға жетсе, ол көрсеткіш жыл өткен сайын артып келе жатқандығы байқалады.

Жүзіп келіп тік жартасқа да жеттік. Алыс­тан қарағанда жартастың төменгі тұсы «тас­пен» қапталғандай болып көрінді. Ал таяғанымыз­да олар  орындарынан қозғала бастады.

Аса қуатты гравитациялық өрістің әсерімен  кейбірі теңізге тартылып, шарпа соққан жеңіл толқындар оларды жұтайын деп тұрғандай. Біз қайығымыздың зәкірін жағалау­дан жүз метр­дей қашықтыққа тастап, түтікті су бетпердемізді киіп, суға сүңгідік. Кенет, әлгі тас­тарға жан бітті: тас дегеніміз хуанфернанд теңіз мысықтары болып шықты. Ересек аталықтарынан бастап, екі айлық төлдеріне дейін теңіз мысықтары жағалауда қаптап жүр. Төлдері құдды жаңадан келген ойыншыққа таласқандай шапшаң қимылдайды, ал ересектері бізге тесіле қарайды.

Хуанфернанд теңіз мысығы, яғни теңіз арыс­таны – теңіз тіршілігін қорғау шарасының ерекше жетістігі. Бір ғасыр бұрын жаппай ауланғандықтан, жойылып кету алдында болған бұл жануарлар бүгінде Чилидің Робинзон Крузо аралында өріп жүр. Бұл ел теңіз тіршілігін қайта жандандырудың жарқын үлгісі болуға қалай қол жеткізді?

Чилидің территориясы ұзын әрі сүйірлеу келеді. Анд таулы қыратының орта бойына созыла, омыртқадай орналасқан. Ол батысқа қарай аласарып барып, Тынық мұхитына келіп тіреледі. Ел аумағының 4000 шақырымы мұхитпен шектеседі. Чилидің ашық мұхитпен шектесетін территориясының көлемі – 3,6 млн кв². Бұл оның құрлықтағы территориясымен салыстыр­ғанда бес есеге артық, сондықтан – оны мұхит-мемлекет десек болатындай.

Чилидің оңтүстік нүктесіндегі мидияларды жемек болған оңтүстіктің мыңдаған жалған патша шаяны алып теңіз орамжапырақтарына жармасып алған.

Чили – балықшылар мемлекеті. 2010 жылы ол теңіз анчоус, чили макрелі және тынық мұхиты сардиналары тәріздес балық түрлерін аулау бойынша әлемде жетінші орынға шықты. 1970 жылдан бері елдегі балық шаруа­шылығының даму қарқыны бәрін тауысатындай қорқынышты деңгейге жетті. Чилидің Балық шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, барлығы 25 балық аулау нүктелерінің жетеуі толығымен пайдаланылады, алтауы шектен тыс пайдаланылса, ал тоғызында балық таусылған. Қалған үшеуінің ғана тұрақтылығы жіті бақылануда, яғни балық ауланатын жерлердің жартысынан көбі сарқылған не сарқылуға таяу. Сауданы қыздырып тұрған балыққа Аустралия мерлузасы, Патагония тісті балығы және Чили макрелі кіреді.

National Geographic қоғамының теңіздерді қорғау тобы балық шаруашылығының зардабын әлі тартпаған 500 жыл бұрынғы мұхиттың халінен хабар беретін шалғай мекендерді, мұхитта зерттелмеген жерлерді іздеумен шұғылданады. Теңіздің сау экожүйе­сін сақтап қалу мүмкіндігі бар жерлердің тізімін жасауда дүние­жүзілік дерекқорда қамтылған мынадай факторлар қолданылады: тұрғындар саны, айлақтан қашықтығы мен балық шаруа­шылығының орындары.

Бір қызығы, картадағы жасыл нүктенің бірі – Чилидің солтүстік жағалауынан 850 шақырым қашықтықтағы Десвентурадас (испанша – «бақытсыз») аралдары болып шықты. Олардың бірі – Сан-Феликсте стратегиялық маңызы бар шағын әскери теңіз базасы орналасқан. Соңдай-ақ 1901 жылдан бері Хуан Фернандес­тен лобстер аулауға маусым сайын келетін балықшыларды санамағанда, Сан-Амросио аралы да елсіз мекенге жатады.

Кинематограф Ману Сан Феликс Сан-Амбросио аралының таяз суасты тауларын камераға түсірді. Бұл кадрлар қорғалған теңіз аймақтарын құруға көмектесті.

2013 жылы біз Oceana табиғатты қорғау ұйы­мымен бірлесіп, Десвентурадасқа экспедицияға шықтық. Біздің мақсатымыз – осы аралдардағы теңіз тіршілігін зерттеп, оның жағдайына баға беру және National Geographic арнасына деректі фильм түсіріп, жаңалықтарымызды чилиліктермен бөлісу болатын. Чилидің теңіз флоты бізге Сан-Амбросионы зерттеуге рұқсат берді, ал әскери аймақ Сан-Феликске кіре алмадық.

Біз «Антофагаста» айлағынан жүзіп отырып, екі күннен кейін Сан-Амбросиоға жеттік. Зәкірімізді тастап, балықшылардың лашықтарына келгенімізде, олардың құлыптаулы немесе бос тұрғанын көрдік. Олардың айналасында лобстерлерге арналған алып – бір метрден асатын қақпандар жатты. Алайда  жаға ұстатқан дүние сол қақпан аузының көлемі болатын. Олардың үлкендігі соншалық, біздің басымыз оған оп-оңай сыйып кетеді. Аузы мынадай болса, лобстерлердің көлемінің қандай болғаны?

Бұл сауалға жауап табу мақсатында, біз DeepSee құрылғысын алып, Десвентурадас суына алғашқы боп сүңгуір аппаратын түсірдік. Біз «Аргоны» кемесін Сан-Амбросионың теріске­йінде қалдырған болатынбыз. Аралдың тік жартастары оңтүстік-шығыстан аласұра ұрған алып толқындардан қорғап тұрды. Тынық мұхитының қақ ортасындағы қауіпті мекеннен алыстап, акрильдік көпіршік тәріздес аппаратымызбен жүздеген метр тереңдікке сүңгіп барамыз. Біз жоғарыдағы әлемнен тереңдеген сайын көмескілене түскен күн сәулесі ғана хабар беретін тұңғиық ғаламға еніп бара жаттық.

Горн мүйісі аймағында оңтүстік жас патша шаяндары су жұлдызына таяп келеді.

Жардың саңылауынан екі антеннамыз шығып тұр. Жарығымызды шағын үңгірдің аузында тұрған алып басты лобстерге бағыттадық. Ұзындығы 54 см-лік осындай алып лобстерді бұрың-соңды еш жерден кездестірмегеніміз анық.

Жемтігін іздеген gymnothorax porphyreus әлденеге тесіліп қарап тұр.

Сүңгуір аппаратымызбен су астына жасаған алғашқы сапарымызда біз теңіз түбіндегі акулаларға, басында шыны губкасы бар шаяндарға, суасты коралдары мен балықтарының түр-түріне, ғарыш кемесінің пішінінен аумайтын химераға, әрқайсысы жеті килограмм тартатын жүздеген лобстерге толы әлемге тап болдық.

Келесі екі апта бойы біз таң атып, күн батқанға дейін акваланг және суасты құрылғысымен Сан-Амбросионың суына сүңгіп, тіршілік қайнап жатқан әлемге сапар шегумен болдық. Әлгіндей балықтар тобы Чили су бассейндерінде бары ешқашан жария етілмеген-тұғын. Әр сүңгіген сайын топ-тобымен жүзіп жүрген сары желбезекті күміс пампанитодан бастап, сары құйрығы бір жарым метрге жететін торпедодай жүйткіген амберджектерді көрдік. Мұндағы балық қоры бай болумен қатар, олар топтасып жүретіні анықталды. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, экспедицияда анықталған балықтардың 96%-ы тек Десвентурадас және Хуан Фернандес аралдарында ғана кездеседі.

Тор салпы ерінділері мен помпанолар.

Біз анықтаған деректерімізді Чили үкіметімен, Хуан Фернандес жұртшылығымен, соның ішінде лобстер аулайтын балықшылармен және осы аралдар айналасында балық ауланбайтын теңіз саябағын ашуды ұсынған қоғамдастық өкілдерімен бөлістік. 2014 жылдың қыркүйегінде Чилидің Сыртқы істер минис­трі Геральдо Муньос пен Қорғаныс министрі Хосе Антонио Гомез Сан-Феликс аралына барып, ондағы табиғаттың сыйына өздері көз жеткізіп қайтты. «Біз басқа еш жерде кездестіре алмайтын сұлулыққа тап болдық. Көгілдір бұт қазысын тек осы жерден және Галапагос аралынан кездестіре аласыз. Сол себепті ол қорғалуы керек», – деді Муньос.

Робинзон Крузо аралындағы омырқасыз­дармен patagonotothen sima балығы Горн мүйісіндегі спонгияларды паналайды.

2005 жылдың 5 қазанында Чили президенті Мишель Бачелет таяу уақытта Наска-Десвентурадас теңіз саябағы ашылатынын мәлімдеді. 303 000 шаршы шақырымды алып жатқан парк қос Америка құрлығындағы ең ірі қорғалған аймаққа айналды. Осылайша, Чили балық аулауға тыйым салынған, қорғалатын парктер мен су бассейн­дер көлемін 4%-дан 12%-ға арттырып алды.

Осы жеңістен соң, мынадай заңды сауал туындайды: Чилиде тағы да осындай тұмса теңіз табиғаты бар ма? Біздің топшылауымызша, жауап құрлықтың оңтүстік нүктесіндегі Магальянес провинциясы болуы мүмкін.

Магальянес – аумағының басым бөлігі бос жатыр теңізге торланған саусақтай кірген және ақ шыңды тау жоталары бар, сансыз фьорд пен шығанақтан тұратын аймақ. Онда тұмса теңіз әлеміне қажеттінің бәрі бар. Біз бұл ойды Gateway компьютерін ойлап табушылардың бірі, табиғат қорғау ұйымдарына қолдау көрсететін қордың басшысы, серіктесіміз Тед Уэйттпен талқыладық. «Б жоспары» деп аталатын Уэйтт қорының экспедициялық кемесімен Горн мүйісі маңындағы суасты әлемін зерттеуді шештік.

Горн мүйісінің солтүстігіндегі Гермит аралындағы шағын тесікті теңіз табақшасы сары спонгияның үстінде өскен балдырларды жеп тұр.

Чилидің оңтүстік нүктесіндегі тасқынды толқындар мыңнан астам кемені қиратып, 15 мыңдай адамның өмірін жалмаған. Бағымызға орай, құпиясымен бөліскісі келгендей, Горн мүйісі бізді желі самалды, суы сабырлы күйде қарсы алды.

Біз Кейп Горн мүйісіне таңсәріде табан тіредік. Көптеген қайықшыға үміттің шырағы болған шамшырақтың төменгі тұсына тоқтадық. Оның асты омыртқасыздарға толы болатын. Арасында теңіз жұлдызы, ұлулар және ұзын әрі улы аяқты патша шаяндар өріп жүрді. Теңіз бетіне көтеріле бере артынан екі ұрғашысы ерген алып оңтүстік теңіз арыстанымен кезіктік.

Ауа райының жайлылығын пайдаланып, Горн мүйісінің оңтүстік-батысынан 111 шақырым қашықтықтағы Чилидің қиыр оңтүстігіндегі экстремалдық аймаққа баруға тәуекел еттік. Түні бойы жүзіп отырып, таңғы алтыда жеттік. Келе сала бұл жайсыз аймаққа тән емес жер табу үшін «Б жоспары» кемесінің көпіріне беттедік. Диего Рамирес шамшырағының астындағы айлақ қоңыр балдырлармен қапталған кілемге ұқсайды. Сол «кілемді» кесіп өтіп, алып теңіз орамжапырағына бай және қоңыр балдырдың неше түрі жасырынған сиқырлы орманға еніп кеттік. Су бетінде қозғалған кемеміз «кілемді» шұрқ-шұрқ тесіп, төменге енген күн сәулесі калейдоскоп пен собордың арасындағы бірдеңеге ұқсайтын әсер тудырды.

Чилидің қиыр оңтүстігіндегі Диего Рамирес архипелагі – жергілікті су экожүйесінің маңызды бөлшегі болып табылатын сұрбас альбатростардың ең көп қоныстанған мекені.

Біз теңіз орманы арасынан бір топ крильді аңдыдық. Бұл ұсақ қызыл асшаян осы экожүйенің тағам жүйесін қамтамасыз етеді. Асшаяндар өзге балық, пингвин, альбатрос, дауылпаз немесе кейбір кит сияқты жыртқыштардан орамжапырақтардың көмегімен қорғанады. Суасты найзағайындай жарқ еткен теңіз арыс­танының бір тобы орамжапырақтың арасынан асыға жүзіп бара жатып, ұзыннан-ұзын көпіршіктер шығаруда. Олар тамақтанудан гөрі бізді тамашалағанды қызықты деп тапқан сияқты. Бәлкім, біз олар кезіктірген ең алғашқы сүңгуірлер шығармыз.

Аралға қайта оралып, оны зерттей бастадық. Шамшырақтың айналасы – біздің бойымызбен бірдей шөптесін төмпешіктен тұратын қалың джунгли. Сол джунглидегі пингвиндер салып кеткен туннельдерді көрдік. Саңылауға таяғанымызда ондаған үрпек қауырсынды, сұрбас альбатрос балапандарын көзіміз шалды. Олар балшық пен бұтадан жасалған ұяларында отырып, құдды пүліш қуыршақтарды көргендей бізге меңірейе қарап қалды. Диего Рамирес аралы – жабайы және тұмса табиғаттың ғана емес, бай әрі зақымданбаған экожүйе саналады. Горн мүйісінен Чилиге ораларда, осы ерекше аймақтың қорғалуы керектігіне көз жеткіздік.

Экспедиция барысында Горн мүйісінің адамдар сирек сүңгитін аймақтарына бардық. Әр адым сайын таңданумен болдық. Дегенмен ең үлкен сый бізді Горн мүйісінің солтүстігінде күтіп тұрды. Ол жердің атын атамаған жөн деп таптық. Теңіз орамжапырағы орманынына енгенде бұрын-соңды көрмеген көрініске тап болдық. Көз алдымызда бойлары бір қарыс, жүздері үшбұрышты томпақ келген мыңдаған жалған патша шаян өріп жүрді. Олардан ілгеріректе бірнеше шын алып патша шаяндар жүр. Олардың ұзын аяқтары жапонның ғылыми фантастикалық фильміндегі ғимараттарды қирататын алып құбыжыққа ұқсайды. Осынау беймәлім мекен мен мұхиттың шексіз байлығына қызығып, бойымызда адреналин ойнады.

Лобстер аулаумен айналысатын балықшылар отбасы Хуан Фернандестің суын бұрып жатыр. Керемет көрегендігінің арқасында олар 1935 жылдан бері балық шаруашылығын сақтап келеді.

Табиғат байлығымен қоса, Чили бізді адамдарымен де таңғалдырды. Көптеген жағалауында теңіз өнімдері шамадан тыс ауланатын Чилиде Хуан Фернандес қоғамдастығының білек сыбана кірісуінің арқасында Наска-Десвентурадас теңіз саябағының ашылуы ақылға қонымсыз еді. Бұл қоғамды не ерекшелендіретінін анықтағымыз келді. Осы мақсатта қайтадан Waitt қорының көмегімен 2017 жылдың наурызында Робинзон Крузо, Алехандро Секирк, Санта Клара аралдарын зерттеу үшін Хуан Фернандес жаққа қайта аттандық.

Ұшағымыз қонуға таяғанда бұлт сейіліп, құрғақ және толқынды Робинзон Крузо аралын бізге паш етті. Біз жоса түсті тастардың амфитеатрымен қоршалған зүбаржат түсті суы бар аралға аялдадық. Келгенімізге шаттанғандай көрінген теңіз арыстандары күнге қыздырынып жатты.

Сыртқы істер министрі экспедицияны бізбен бірге бастады. Ол жергілікті халықтың Хуан Фернандес лобстерін аулағанын тамашалап қана қойған жоқ, олармен бірге аулады. 1935 жылы Хуан Фернандес балықшылары: «Егер балықшылық күнкөрістің негізгі құралы деп тапсақ, өзіміздің негізгі қорегімізді шамадан тыс пайдаланудан сақтануымыз керек», – деп шешті. Дамыған елдер ғылымға негізделген балықшылықты басқару жүйесін ойлап тап­қанша, олар тәнті боларлық көрегендікпен өздерінің ерекше тәсілдерін жүзеге асырып үлгерді. Ол тәсіл бойынша, балықшылар жылына төрт ай балық аулауды тоқтатып, қалқаншалары 12 см-ден қысқаларын және уылдырығы бар ұрғашы лобстерлерді қайта теңізге қайтарып отырды. Осылайша, тұрғындар тұрақты балықшылық ережелерінің үш өсиетін қалай жазғандарын байқамай да қалды. Балық аулау ережесінде жылдың суық мау­сымдарында лобстерлерге өсіп-көбеюге мүмкіндік беру қажеттігі көрсетілген. Сонымен қатар олар бүгін инновациялық тәсіл деп танылған әр балықшының балық аулайтын суасты жартасы немесе таулармен белгіленген аумағы болады. Осылайша, жеке басының және қоғамның жемісті болуына әркім жауапты болады.

Хуан Фернандес және Десвентурадас архипелагінде ғана кездесетін Хуан Фернандес лобстерлерінің үлкендігі мына суреттегі лобстер секілді ұзындығы 54 см-ге жетеді.

Хуан Фернандес суына сүңгу барысында тұрақты балықшылықпен қоса, Чилидің ешбір аймағында тіркелмеген мол балық қорын кездестірдік. Қос архипелаг бір-бірінен жырақта орналасқанымен, екеуі де Тынық мұхиты биотіршілігінің ортақ аралдар тобына кіреді. Олардың суасты тіршілігіне бай болуы оқшау орналасуына және Перу мен Чили жағалауынан солтүстікке қарай соғатын, антарктикалық судың алып конвейерлік таспасы – Гумбольт ағысына байланысты. Осынау көкпеңбек әлемде нендей тіршілік иелерінің өмір сүретініне бір көз жүгірту үшін буйға және GPS локаторларына бекітілген камераларды қолдандық.

Әрбір жазба бізге индустриалдық көлемде аулау салдарынан жоғалып кету қаупі төнген қысқа жүзбе қанатты мако акулалары мен көк акулаларын паш етті.

Хуан Фернандес балықшылары, туризм қауымдастығы, қоғам – бәрі бірлесіп, экспедиция нәтижелерін талқылау үшін бірнеше рет бас қосты. Табысты пікірталастан кейін «Хуан Фернандес тұрғындары балықты бірқалыпты аулауды жалғастырсын және жоғалып кету қаупі төнген жануарларды қорғасын» деген бірауызды шешім қабылданды. Ұзақ мерзімдік перспективалық мақсат ретінде халық өңірге тән дәстүрлі әрі орнықты балық аулау тәсілдерін қолдана отырып, өздері ғана балықшылықпен айналысулары үшін жергілікті балық аулау аймағын кеңейтуді сұрап президент Мишель Бачелеттің атына тағы да өтініш жазды. Сонымен қатар олар президентті теңіз саябағын ашуға шақырды.

Робинзон Крузо аралында қорек іздеп жүрген сегізаяқ. Балық шаруашылығына тыйым салынса, арал маңайындағы тіршілік қайта жанданып, осы маңызды индустрияның сақталып қалуына үлесін тигізер еді.

2017 жылдың 1 маусымында халыққа соңғы жолдауында президент Бачелет Чилиде екі су саябағы ашылатынын мәлімдеді. Олардың бірі – Горн мүйісінің оңтүстігіндегі ауданы 144 мың шаршы шақырым жерде, екіншісі – 263 шақ. 2 аумақты алып жатқан Хуан Фернандесте ашылатыны айтылды. 2017 жылдың 7 маусымында БҰҰ-ның Мұхит мәселелері жөніндегі конференциясында Муньос аталмыш шешімді дәріптеп Чили үкіметінің ғаламдық жылынуға әсері мол мұхитты қорғау арқылы Чилиді ғана емес, әлемді де қорғауға үлес қосып жатқанын мақтанышпен айтты.

Франциско Колоан су саябағы (2003) мен Моту Мотиро Хива су саябағының (2010) қатарына Бачелеттің бастамасымен үш саябақ тағы қосылмақ. Бұл тарихи қадам Чилиді дүниежүзілік мұхитты қорғау қадамы бойынша 1 млн шаршы шақырымнан немесе 24%-дан астам сулы аймағы толық қорғалған ел ретінде алдыңғы орынға шығармақ. Адамзат шаруа­шылығынан ада бұл ерекше экожүйелер қайта қалпына келтіріліп, қорғалатын болады.

«Мен адамзаттың тек тұрақты даму арқылы ғана алға жылжитынына сенімдімін. Біз өз экономикамызды ғана емес, табиғатты да ойлауымыз керек», – деді президент Бачелет.

Авторлары: Энрик Сала, Алекс Муньос, фото: Энрик Сала


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

«Kazakh Tourism» туризмді ойын арқылы дамытпақ

$
0
0

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы отандық туризмді квест ойындар арқылы дамытуды көздейді.

Компания төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасовтың айтуынша, алдағы уақытта «Pokemon Go» ойыны негізінде отандық квест жасап шығару жоспарланған. Соның негізінде Қазақстанның киелі жерлерін аралап қана қоймай, ұпай жинауға да болады. Артынан соның бәрін жеңілдікке айырбастауға мүмкіндік бар. Тіпті, «xан» дәрежесіне дейін өсуге болады.

«Алдымен барлық киелі жерлердің электронды нұсқасы әзірленеді. Соның негізінде үлкен квест жасау ойымызда бар. Ойыншыға ұпай да беріледі. Мәселен, Ұлытауға, я болмаса, басқа бір киелі жерге барсаң, сол үшін ұпай есептеледі. Квест-саяxаттың географиясы кеңейген сайын ұпайдың саны көбейді. Ұпайдың шартты атауы – «алтын». Алтындарды саналуан жеңілдіктерге айырбастауға мүмкіндік бар. Мәселен, әуекомпаниясы эконом-кластың орнына бизнес-класты бере алады, я болмаса, жүкті тегін жеткізеді. Ұпайдан бөлек әрбір адамның жеке статусы болады. Ойында алдымен «ұлан» боласың, одан кейін «сұлтан», сөйтіп, «xан»деген мәртебеге дейін өсуге мүмкіндік бар. Ондай адамдарға арнайы жеңілдіктер беріледі», – деді Қ. Сәдуақасов «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұxбатында.

Оның айтуынша, аталған жоба – туризмді дамыту шараларының бірі. Негізгі мақсат – жаңа теxнологиялар арқылы жастарды қызықтыру, туған елдің киелі жерлерін аралауға деген ынтасын арттыру. «Әрине, бір ойынмен барлық мәселені шеше алмаймыз. Бізге әлеуметтік жарнаманы күшейту керек. Аймақтардың туризмге жауапты адамдары басқа өңірлерге барып, өз облысындағы туристік орындарға жарнама жасауы қажет. Сөйтіп, туристерді көптеп тартқаны жөн. Негізі, бұрын біз ішкі туризмді бірыңғай нарық деп қарастырдық. Олай емес. Ішкі нарықта да бәсеке бар. Мәселен, Астана туристерді көптеп тарту үшін Алматы қаласымен бәсекелеседі. Сол сияқты Шымкент те осы бәсекеге қосылып отыр. Маңғыстау бар. Аймақтар xалыққа ақпаратты көбірек берсе, ішкі туризм жандана түседі», – деп атап өтті Қ.Сәдуақасов.

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz/kieli-zherlerdi-aralagany-ushin-altyn-beriledi_a3396730

Қор болған қорық

$
0
0

Көктемде солтүстік бұғылары қорықтың жағалау алқабына қоныс аударады. Алты апта олар тундрада жайылып, төлдеп, масалар мен жыртқыштардан қашып жүреді. Жыртқыштардың қатарында Алясканың жергілікті аңшылары да бар. Олар үшін солтүстік бұғылары маңызды ресурс саналады. Бұл жағалау алабы мұнайға да бай болуы бек мүмкін.

Бәске қойылған тәуекел! Мұнай үшін арктика қорығының есігі ашылмақ. Конгресс оны дауысқа салды.

Ұшақ кедір-бұдыр әуе жолымен тербеле қозғалып, Кактовик ауылы үстінен ентелей ұшып барып, қоңыр тундра үстінде сары нүктеге айналды. Бұл – АҚШ-тағы жылжымайтын мүлік ішіндегі ең даулы жер.

Арктика ұлттық тұмса табиғат қорығының жағалау алқабы мың жыл бойы карибулер (солтүстік бұғылары) табыны мен жыл құстарының жазғы, ақ аюлардың қысқы мекені, Аляскадағы жергілікті тұрғындар үшін аң аулайтын аймақ болатын. Сонымен қатар оның қойнауында 7,7 миллиард баррель мұнай болуы бек мүмкін. Мәселенің мәні де – осында.

1980 жылы Конгресс 7,8 миллион гектарлық қорық құрғанда, он жыл болмай жатып елде екінші мұнай дағдарысы пайда болды. Сондықтан заң шығарушылар 607 мың гектар жағалау алабын алып жатқан мұнайы мол аймақтың тағдырын шешуді кейінге қалдырды. Олар содан бері осы мәселеде тартысып келеді.

Арктика ұлттық тұмса табиғат қорығы. Брукс сілемі арқылы өтетін жолда тар алқапқа топтас­қан Поркьюпайн табынын­дағы 218 мың бас солтүстік бұғысы Питерс көлі маңында жайылып жүр. Қорық таулардан басталып, Бьюфорт теңізіне дейінді 7,8 миллион гектарға созылып жатыр.

«1970 жылдардың басында алғаш осында келгенімде, бұл шектеулерден таза мемлекет болатын. Қазіргі таңда БАҚ назары осы қорыққа ауған сайын, келушілер саны да көбеймек», – дейді Алясканың Балық және аңшылық шаруашылығы департаментінің зейнеттегі биологі, пилот Пэт Валкенбург.

Валкенбургпен ұшқан сапарым 2005 жылы болған еді. Ол кезде қорық туралы баспасөзде көп айтыла бермейтін. Бұл жердің мұнайы Республикашыларға тыныштық бермей келе жатқанына 40 жылдан асты. Ондаған сәтсіз талпыныстардан кейін күні кеше Аляска сенаторы Лиза Меркауски салық туралы заңнама жобасына бұрғылау­­ды енгізіп, оның партиясы осы заңнаманы өткен жылы қабылдап үлгерді.

Сарапшылардың айтуынша, бұрғылау әлі көп жыл болмайды. Бірақ АҚШ-тың қазіргі әкімшілігі жаңа заңнамаға сәйкес, әрқайсысы кемінде 162 мың гектардан болатын екі лизингтік сатылымды жалғастыруға ниетті. Түрлі нормативті және заң кедергілерінің жойылу ықтималдығын ескерсек, Аляска мен АҚШ үкіметі түсімді бөліп алады. АҚШ Конгресінің бюджетті игеру департаменті оның құнын 2,2 миллиард долларға бағалап отыр. Кейінгі лизингтік құндар бұл соманың асыра сілтенгенін көрсетеді.

Сату мен табыс салығы жоқ Аляска штаты әр тиынға мұқтаж. Мұнай-газ индустриясы штат бюджетінің 90 пайызын құрайды. Әр аляскалыққа берілетін 1000 доллардан астам жылдық дивиденд те, негізінен, Транс­аляскалық мұнай құбыры (TAPS) арқылы тасымалданатын Норт Слоуп мұнайына салынатын салық есебінен төленеді. Мұнай бағасы 2014 жылы күрт түсіп кеткелі бері, штат бюджетінің шығыны бірнеше миллиард доллар болды. Жығылғанға жұдырық болғандай, кейін бағаның көтерілгеніне қарамастан, құбыр арқылы жөнелтілетін мұнай көлемі 1988 жылдан бері тұрақты түрде азайып келеді. АҚШ Энергетикалық ақпарат әкімшілігінің 2012 жылғы есебіне сай, мұнай бағасы осы төмен күйінде қалса, құбыр 2026 жылға қарай жабылады.

Аюдың үш түрі де, Арктика қорығы мекендейді. Гризлиді байқаған кезде Флориан Шульц Каннинг өзені бойында бұғыларды суретке түсіріп жүрген болатын. Кенет 40 метр жерден ол өзіне қарап тұрған аюды байқайды. «Мұндай алыпты ұмыту мүмкін емес» – деп мәлімдеді қорықты басқаратын АҚШ Балық аулау және жабайы жануар­ларды қорғау қызметі. Мұнда гризлилерді аулауға рұқсат берілген.

«Егер олар құбырды жапса, Аляска қаңсып, тақырға отырады», – дейді еңбек өтілін сонда өткізген бір мұнай геологі. Штаттың жеке секторындағы 300 000 жұмыс орнының үштен бірі осы шикізатқа тәуелді.

Бүгіннің өзінде қорықтың батысындағы Аляска ұлттық мұнай қоры мен осы штатқа тиесілі жердің барлығы барлау жұмыстарына ашық. Жаңа зерттеулер бойынша бұл аймақ қойнауында 8,7 миллиард баррель мұнай бар. Бұл Арктика ұлттық қорығындағы қордан бір миллиард баррельге көп. АҚШ Геологиялық барлау (USGS) жүргізген бұл есептеулер желтоқсанда мәлім болды.

Аляска саясаткерлері үшін мұнай қатты қажет шығар, бірақ төменгі 48 штаттың тақтатас мұнайы мен газына малынып жатқан ел үшін Американың табиғи қорығында бұрғылау жүргізудің шығыны мен пайдасын есептеудің мәні бөлек. «Бұл – миллион долларлық сұрақ, – дейді Анкоридждегі Аляска университетінің экономисі Мучине Гэттаби, – кімнің әл-ауқатын жақсартуды көздейміз? Әр АҚШ азаматының тұмса табиғатқа деген көзінің қарашығындай қарайтын құндылығын есепке алдық па, әлде аляскалықтардың ғана пайдасын көбейтуді көздейміз бе?»

Тұяқтарының екпіні мен мүйіздерінің ауыр соққысымен қошқар­өгіздің құлжасы өзінің мекенін бәсекелестерінен қорғап жүр. Мұз дәуіріне бе­йім­делген қошқарөгіздер Аляскадағы Норт Слоуп аймағында XIX ғасырда жойылып кетті. Олар 1969 жылы Арктика қорығына қайта жіберілді. Бүгінде олардың кішігірім табыны жыл бойы жағалау алқабын кезіп жүреді.

Германияның оңтүстігінен шыққан фотограф Флориан Шульц осындай тұмса табиғатты аңсап өсті. «Еуропада бұған сәл де болса ұқсас дүние жоқ. Расында, бұл – соңғы қалған нағыз табиғи ландшафтты жерлердің бірі. Ол мастодондар ақырып жүрген дәуірге көз салғандай сезім береді», – дейді ол.

Ол кейінгі төрт жылды қорықты барлаумен өткізді. Оңтүстіктегі тайга орманынан бастап, Брукс жотасының шыңдары мен тау шалғындары үстімен Бьюфорт теңізіне жалғасатын еңіс тундраға дейінгі аймақты алып жатқан Аляска қорығында жан баспаған 78 000 шаршы шақырым экожүйе бар. Шашыла орналасқан санаулы күркелер адамзат ізінен хабар береді. Каннинг өзені бойындағы қорық шекарасындағы қарама-қайшылық айқын байқалады: арғы бетте 120 гектар қиыршықты алаңдар, көк түсті болат ғимараттар мен ақпен боялған құрыш цистерналар, айлақтар мен ұшу жолағы және шамамен 18 шақырымдық қиыршық жолдан құралған ExxonMobil компаниясының Пойнт Томсон жаңа газ алаңы бар. Жалғыз мұнай құбыры батысқа қарай қоңыр тұманға сіңіп созылып жатыр.

Ақ аю қонжықтарымен бірге өздерінің негізгі азығы – итбалықты аулау үшін судың жеткілікті дәрежеде мұзға айналуын күтіп, Бью­­­­­форт теңізіне еніп жатқан мүйісті барлап жүр. Климаттың жедел жылынуы салдарынан теңіз мұзының жоғалуы ақ аюларды жағалаудағы қалдықтарды іздеуге мәжбүрлеп, олардың оңтүстік Бьюфорттағы санын 40 пайызға дейін азайтты.

2005 жылы Валкенбург екеуміз Каннингтің үстін бауырлай өтіп, қорыққа бет алғаннан кейін ол қою қоңыр түсті солтүстік бұғыларының шоғырын көрсетті. Олар ұйысып, тар өткелге кіретін кезегін күтіп тұрды. Біз бұғылар орманы үстімен баяу бұрылдық. Арктикадағы күн сәулелерімен табын мен алқап алтын түске малынды. Мұндай көрініс мың жылдан бері жалғасып келеді. Мұны жалғыз Шульц жақсы біледі және ол ерекше есімде қалды.

Бүгінде Поркьюпайндағы солтүстік бұғыларының табыны өсіп-өніп, рекордтық 218 000 басқа жетті. Аналықтардың жартысынан астамы қорықта төлдейді. Бірақ ақ аюлар жойылып барады. Бьюфорт теңізінің оңтүстігіндегі олардың саны осы ғасырдың алғашқы он жылдығында 40 пайызға азайып кетті.

Реактивтік жойғыш ұшақтар секілді қар қаздары оңтүстікке, яғни Калифорния мен Мексикаға аттанбас бұрын күзгі тундра үстінен айналшықтап ұшып жүр. Жылы жаққа ұшатын құстардың 200-ден астам түрі жазды осы қорықта өткізіп, Аустралия­дан басқа барлық континентті өзара жалғап тұр.

Алқаптың астында қанша мұнай бар екенін не мұнай барлау табиғатқа қаншалықты зиян келтіретінін ешкім нақты білмейді, бірақ табиғаттың бүлінетіні сөзсіз. АҚШ Табиғи ресурстар министрлігі (ТРМ) лизингтерді сатпастан бұрын, қоршаған ортаға әсерін анықтайтын зерттеу жүргізуі тиіс. Оның нәтижесін сарапшылар мен қоғам бағалайды. Пікірталастың екі тарабы да ұзаққа созылатын саяси әрі құқықтық күрес­ке дайындық үстінде.

«Біз ақ аюларды қалай сақтау керек екенін әлден білеміз, – дейді ол, – ол үшін мұнай жағуды доғару керек. Кейін тым кеш болмақ, кейін мұның бәрін бірде-бір заң қайтара алмайды».

Алыстан мұнарлаған Сэдлерочит таулары фонында екі қошқар­өгіз адамзат аяғы баспаған жермен маң-маң басып барады. Арктикалық ұлттық тұмса табиғат қорығы – АҚШ-тағы ең үлкен қорғалған аймақ пен Жердегі ең жабайы мекен. Әзірге…

Расында, келешек ұрпаққа үлкен жүк түскелі тұр: Солтүстік Аляска үшін не қымбат? Кесапат әкелетін жанармайдың артық баррелі ме, әлде шынайы Юрий кезеңінің паркі ма? «Бір нәрсе анық, – дейді Амстрап, – қай жер бұрғыланса, сол жер ластанады». Оның қалған экожүйе мен елге қалай әсер ететіні – екі миллиард доллардың сұрағы.

Авторы: Кіші Джоел К. Борн, фото: Флориан Шульц


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Ашыған жара, ашынған сезім

$
0
0

2017 жылғы 28 наурызда Үндістан полициясы қолданған бытыралы мылтықтың оғы 16 жастағы Фарзан Шейхтің сол көзін жаралады. Шейх былтырғы тамызда тағы да бір оқиғаның құрбанына айналып, бытыра оның оң көзін де оңдырмай жаралаған. «Қазір ол үйде есінде қалған тәртіппен қозғалады», – дейді оның анасы Музамил.

Үндістан полициясы атқан оқтың кесірінен жанарсыз қалған жасөспірім Кашмирдегі ащы шындықтың айнасы іспетті.

16 жастағы Фарзан Шейх сырттан шеруге қатысушылардың дауысын естігенде жатын бөлмесінде отыр­ған. 2017 жылдың 28 наурызы. Күн сәскеден ауған кез. Жерлеу рәсімі Кашмирдің Үндістан басқаратын Сринагар аймағында өтіп жатқан.

Шейх сол көзіне дәрі тамызуға әзірленуде. Егер отбасы тағы да ота жасатуға қаржы тапса, көру қабілеті жартылай ғана қалпына келуі мүмкін.

Сол күні ол көшеге шыққанда қайғыдан қара жамылғандардың кебінделген мүрдені әкетіп бара жатқанын байқады. Сәлден кейін үндістандық полиция отряды қалың көпшілікті тарату үшін көз жасаурататын газ бен бытыралы мылтықты қолданғанын да көрді.

«Полиция мені нысанаға алғанын көргенім сол-ақ екен атылған оқтың дауысы шықты. Соңғы көргенім сол еді», – дейді ол.

Ол жерге құлап түскенде оның сол жақ көзінен қан сорғалап жатты. Бозбаланың қарны, мойны мен кеудесінің сол жақ бөлігіне қорғасын бытыралары көп тиген. Белгісіз біреу оны скутеріне салып алып, Сринагардағы мемлекеттік SMHS ауруханасына жедел жеткізді. Оны ата-анасы осы жақтан тапқан.

Галлюцинация, бас ауруы мен талып қалуы жарақаттан кейінгі стресстің бір түрі екеніне сенген мына қыздардың әкесі дәстүрлі емшіден көмек сұрап келіп отыр.

Қазір Шейхтың сол көзі көрмейді. Amnesty International ұйымы Үндістаннан бозбаланы жаралаған қаруды қолданбауды сұрады. Себебі қарудың әр оғы беталды ұшатын 630-ға жуық металл бөлшектерден тұрады. Үндістанның қорғаныс қызметі мұндай қаруды наразылықты өлімге әкелмейтін күшсіз тарату мақсатында қолданады, бірақ бытыралардың кез келген адамды мүгедек қылу ықтималдығы жоғары.

Үндістан мен Пәкстан арасындағы Кашмирдегі шиеленіс 1947 жылдан бері жалғасып келеді. Содан бері екі елдің халқы мұсылмандардан тұратын Гималай аймағы үшін екі рет соғысып та үлгерген. Ал оларды жауластырып отырған – жер мәселесі. Ол жерде Кашмир аймағының 1/5 бөлігін бақылауында ұстайтын Қытайдың да үлесі бар. Жамму мен Кашмир ауданынан құралған Үндістанның бұл әкімшілік аумағы – елдегі мұсылмандар саны хиндилерден асып түсетін жалғыз штат. Айырмашылық пайыздық мөлшерде шамамен 68/28-ға тең, қалғандары – сикхтар, буддистер мен христиандар.

Ашасадақпен қаруланған Үндістан полициясы шерушілерге тас атуда. Полиция бытыралы мылтықты жиі қолданады.

Ондаған жыл бойы көптеген кашмирлік тәуелсіздік алуды армандаса, олардың кейбірі өздерін не Пәкстанға, не Үндістанға тиесілі санап, солармен бірігуді қалаған.

1989 жылдан бері Кашмирдегі сепаратистік қозғалыстың әскери қанаты аумақтағы жанжалды одан сайын күшейте түсті. Үндістан үкіметі қарулы топты лаңкестердің бас көтеруі деп санап, оларға сарбаздар мен Орталық қорғаныс полиция күші (CRPF) секілді әскерилерді қарсы қояды. Қанды қырғын кезінде 40-тан 95 мыңға дейін адам қаза табуы мүмкін.

Сринагардағы шерушілердің демалып жатқан кезі. Amnesty International өкілі З.Ванидің айтуынша, Үндістанды жек көру «олардың генінде бар».

Ара-тұра Үкіметтік күштерге қарсы көшеге шыққандардың арасында соңғы екі жылда SMHS ауруханасына кемінде мыңға жуық адам көз жарақатымен түскен. Үндістанда әр жылдары түрлі мәселелерге қатысты наразылық шаралары өтіп тұрғанымен, ел полициясы бытыралы мылтықтарды тек Кашмирде қолданып отырған. «CRPF аталған қаруды қолдануға не себеп болды» деген сұраққа жауап беруден бас тартты.

2017 жылы 7 тамызда Фарзан Шейх түн ортасында жоғарғы қабаттағы жатын бөлмесіне тікелей сәуле түсіріп тұрған көше жарығын өшіру үшін қосқышты әурелеп жатқан. «Оны өшірген кезде, көліктің дауысын естідім», – дейді Шейх. Ол Орталық қорғаныс полиция күшіне тиесілі еді. Шейх ескертуді естімеді, оның орнына түн тыныштығын бұзып гүрс ете қалған дыбыс естілді.

Сринагардың бас мешіті «Джама мәс­джид» сыртындағы мәңгілік алау.

«Көзімді ашсам да айналам қап-қараңғы болып тұрды», – дейді бұл жолы бытыралы мылтықтың оғы оң көзіне тиген жасөспірім. – Бір көзіңнің көрмегені ештеңе емес, ал екі көзіңнің бірдей көрмей қалғаны тіптен ауыр тиді».

«Түкке тұрмайтын нәрсе үшін соқыр болдым. Мен бәріне, бәріне ашулымын», – дейді Шейх. Оның айтуынша, көру қабілеті қайта оралса, қолына мылтық алып, бүлікшілерге қосылмақ. «Менің жауым – бір адам емес, қорғаныс күштеріндегі қызмет ететіндердің барлығы», – дейді ол.

Әйелдер шеруде қаза тапқан жас жігітті жоқтап отыр. Он жылға созылған қақтығыста он мыңдаған адам шейіт болған.

Авторы: Рания Абузеид, Фото: Цедрик Гербехайе


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Тастағы қыз

$
0
0

2016 жылдың көктемі болатын. Редакцияға Майра Қабимолдина деген оқырманынан хат келді. Автор онда өзінің Шығыс Қазақстан өңірінде туып өскенін, 60 жылдардың ортасында сондағы Марқакөлге жақын елдімекенде мектеп бітіргенін жазыпты. «Мемлекеттік емтихан аяқталған соң экскурсияға шықтық, – дейді ол одан әрі. – Таудағы қаптал жолмен жүріп отырып асуға жеткенбіз. Сонда жолбасшымыз өзіміз көтерілген соқпақ сорабын 1914 жылғы бірінші дүниежүзілік соғыста қолға түскен австриялық тұтқындар салғанын айтқан еді. Біраздан соң аңғардағы Алатай қыстауына жетіп, Қарақаба өзенін бойлап жоғары жүргеніміз есімде. Міне, сол сәтте беткейдегі жартаста бейнеленген бойжеткеннің суреті көзімізге шалынбасы бар ма?! Иен таудағы бұл не ғажайып?.. Оны кім, қашан салды? Тастағы осынау қыз сұлбасының астарында қандай құпия жатыр? Міне, сол сәтте біз осындай сұрақтарға жауап іздеп, көп уақыт дауласқанбыз. Ауылға келіп қариялардан сұрастырамыз деп жүргенде аттестатымыз қолымызға тиіп, оқуға аттандық. Сөйтіп жартастағы қыз суретінің тарихына мойын бұра алмадық».

Автор осыны баяндай келіп, арада 50 жыл өтсе де Алтайдың Алатай аңғарындағы өзі көрген ғажайыпты әлі де ұмытпағанын, қазір басқа жерде тұрып, өмір сүріп жатса да сол жұмбақ жайтты жиі еске алатынын жазыпты. «Ой саларлық оқиғасы бар хат екен», – дегенбіз сонда біз оған іштей. Сөйткенбіз де редакциялық алқа мүшелерінен пікір сұрағанбыз. «Іздеп барып көру керек. Табылса, аман-есен тұрса ғана елді хабардар еткеніміз жөн шығар», – деген-тін әріптестеріміз. Өстіп жүргенде өткен жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көрді емес пе. Міне, сондағы: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді», деген тұжырымдамалық ойға байланысты осыдан бір жыл бұрын газет оқырманы хабарлаған жоғарыдағы тақырып бойынша сапарға шығуға тура келді.

…Көлікте үш адамбыз. Атап айтқанда: басылымымыздың Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі Азамат Қасым мен Күршім аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Саят Мәденов және осы жолдардың авторы. «Енді аздан кейін бізге тағы бір адам қосылады, – деді Азамат толассыз жауған жаңбырдан миы шыға езілген жолға қарап қойып. – Ол – Төсқайың ауылдық округінің әкімі Әлижан Беткенбаев. Көнекөздер баратын жерімізді білетін әрі тастағы қыз суретінен хабары бар адам міне, сол кісі дейді. Осыдан екі апта бұрын Әлекеңнің өзімен де сөйлескенбіз. Белгісіз бейнені ағамыз соңғы рет 1989 жылы көріпті. Содан бергі сойқан суықтар мен қалың қар көшкіндерінен аман қалса, табуға тиіспін деп отыр».

Осылай әңгімелесіп келе жатқанымызда тау етегіндегі тұман арасынан Бұғымүйіз ауылы мен оның бер жағындағы көпірде тұрған Әлижанның сұлбасы да көрінген. Жолбасшымызбен амандасып, онымен арадағы аз-кем таныстықтан соң Саят көлікті беткейге бұрды. Серіктестеріміздің айтуынша бұл ХХ ғасырдың басындағы бірінші дүниежүзілік соғыстағы орыс-герман майданында қолға түскен тұтқындар күшімен салынған жолдың басы екен. Сүрлеу сорабы тар әрі тайғақ. Жаңбыр сіркіреп жауып тұр. Тоқтар емес. Төңіректі қалың тұман қымтап алған. Мұндай ауа райы кезінде тауды бұзып, тасты қашап жасаған мына қаптал жолдың әр мүйісі мен бұрылысының өте қауіпті екенін ешкім айтпаса да іштей өзің сезіп, түсінесің. Соған қарамай біз мінген «Нива» көлігі өрге қарай тырмыса жылжып келеді. Өстіп отырып Төрқуыс жайлауына жеттік. Одан Дара аңғарын көз ұшында қалдырып, Алатай алқабына апаратын асуға да аяқ бастық-ау!

…Етекке түсіп, ескі қыстаудың жанынан өте бергенде, басын Катон жақтан алатын Қарақаба өзені қайтадан алдымыздан шықты. Тау ішін жаңғырықтыра арқырап-күркіреп аққан оның долы екпініне әрең шыдас беріп тұрған ағаш көпірге жақындағанбыз. Сол сәттен бастап-ақ жолбасшымыз Әлижаннан маза кетті дейсіз. Жолдың қос қапталына алма кезек көз сала отырып 4-5 шақырымдай жер жүрген соң: «Осы жерге тоқтаңдар!» – деді ол. Көліктен жапатармағай түскен бәріміз төңірекке көз салдық. Ештеңе көрінбейді. Әлижан болса оң жақтағы мүйіске барып, сондағы жартас маңайын шарлап жүр. «Осы жер сияқты еді, – деді бір мезетте күмілжи тіл қатып. – Иә, тастағы қыз суреті мына бұрылыстан өте бергенде бірден көзге шалынатын. Соңғы рет, яғни, бұдан 28 жыл бұрын көргенімде осы маңайда тұрған. Әлде… иә, әлде… Ана бір жылдардағы қаһарлы қыста жауған 2 метрлік қалың қар көшкіні мына мүйістің бір бөлігін опырып түсіріп, етекке алып кетті ме екен?..».

– Абыржымаңыз. Іздеген жоғымыз мүмкін алдымызда шығар. Өйткені бұл бағыттағы жұмысымызды жаңа ғана бастадық қой, – деді Азамат.

– Иә, – деп қостадық біз оны. – Үмітімізді үзбей, әлі де ілгері жүріп көрелік.  Табылып қалар…

Осындай оймен тағы да екі көпірден өттік. Бір кезде аңғарды азан-қазан етіп ағып жатқан өзеннің жағалауындағы құз-қияның бәрі бітті. Жол енді аласа бел-белестерге ұласты. Сөйтсек бұл Марқакөлдің Катонқарағаймен шектесетін ең шеткі тұсы екен.

Адасқанымызды біліп кері қайттық. Ендігі бар үміт алғашқы жүріп өткен жол бөлігіндегі жақпартастарда. «Байқамай өтіп кеткеніміз жоқ па? Сайдың екі жағындағы беткейлерге мұқият қарап отырайық», – дейміз бірімізге біріміз. Өстіп отырып Әлижан алғаш аялдаған, бірақ ештеңе таба алмаған баяғы мүйіске келдік. «Осы жерде болатын. Көктемгі қар суынан құлап, мына көшкіннің астында қалмаса», – деді көліктен түскен ол әу бастағы сөзін қайталап. Сөйтті де жерге еңкейе бастады. Ойы беткейдегі сырғып түсіп, жол жиегінде үйіліп жатқан қалақтастарды аударыстырып көру болса керек.

Осы мезетте: «Әй! Біз іздеп жүрген тастағы қыз суреті тұр ғой, әне!» – деген Саяттың даусы саңқ ете түсті. Мына сөзге сенерімізді де, сенбесімізді де білмеген біз алдымен әріптесімізге қарадық. Содан соң барып ол нұсқаған жаққа жасқаншақтай көз тіктік. Бар ойымыз өз құлағымызбен естіген жақсы хабармен жүрегімізді жылытып, одан туған қуанышты өн бойымызға өбектеп ұстап тұру. Сөйтіп үміт жібін үзіп алмай, жан-тәнімізбен оның шындыққа айналуын тілеу. Осындай сезіммен жоғарыға қарасақ… О, тоба!  Жолбасшымыз айналсоқтап жүрген жартаспен іргелес, бірақ одан 25 метрдей биіктеу тұстағы қияда қалың шашы иығын жапқан, қынама белді қамзолы бар дөңгелек жүзді бойжеткен бізге қарап тұр. Қыздың кескін-келбеті мен болмыс-бітімі алдымен тасқа өткір аспап арқылы сызық ретінде салынған.  Содан соң барып сол ізді бойлай ақ және сары бояу жүргізілген.

Етекте тұрған біз міне, осыны көріп, көңілге түйгеннен кейін белгісіз бейнені өзімізше алыс-жақыннан байқап қарай бастадық. Сондағы анық көз жеткізген бір нәрсеміз ол тастағы қыздың қай жағынан барлап, бақыласаңыз да адамға тіке қарап тұратындығы дер едік. Иә, оған 50 метрдей қашықтықтағы жол үстінде тұрып қарсы алдыдан немесе оң жақ пен сол бүйірден мойын бұрсаңыз, бәрібір сізге бұрылып, жанарын тіктеумен болады. Содан соң беткейді қиялай жүріп отырып, бойжеткен бейнеленген жақпартасты фотоға түсіргенімізде, суреттің ұзындығы 1,5, ең жалпақ деген ені 0,5 метрге жуықтайтынын білдік. Тағы бір таңғалғанымыз, тастағы қыз сұлбасының біз жақындағанда көмескі, бұлдыр тартып, ал етекке қарай түсуге қам жасап алыстағанымызда, бар болмысымен ашылып, анық көрінгендігі болды.

Несін жасырайық, іздеген жоғымыз табылып, оны қайта-қайта көріп, сан мәрте суретке түсіргеннен кейін аңғардағы осы мүйістен кеткіміз келмей-ақ қойғаны. Таңертеңнен бері нәр татпағанымыз есімізге түсіп, көлемі киіз үйдей кәрі самырсын түбінде жүрек жалғауға отырдық. «Сонда бұл суретті кім, қашан салған?» – дейміз жолбасшымыз Әлижаннан сыр тартып. «Австриялық тұтқындардың бірі, – деді ол. – Әкем Карлханның айтуына қарағанда, патшалық Ресей тұсында 1913-1914 жылдардан бастап Катон мен Марқакөл тауларын жиектеп өтетін тас жол салу ойластырылады. Мұны жүзеге асыру үшін оған жауапты шенеуніктер Ертіс өзеніндегі кеме баржасымен 2000 адамдық жұмыс күшін Боран айлағына әкеп түсіреді де Теректі қыратынан жұмысты бастап кеп жібереді. Ішкертіннен, яғни Ресейдің батыс түкпірінен жеткізілген бұл адамдар бірінші дүниежүзілік соғыста қолға түскен міскіндер еді. Оларды ішім-жем, қоналқалық баспанамен қамтамасыз ету сол кездегі жол құрылысына жақын отырған қазақ ауылдарына жүктеледі. Тұтқындарға деп дайындалған киіз үй, жаппа және қой-ешкілерді лагерьге алып кетуге келген кезекті бір конвойдың құрамында австриялық жігіт болады. Оның көзі сайдағы бұлақ басында тұрған қазақ қызына түседі. Жастыққа тән ішкі сезім бұлқынысы оны кейін ауылға жиі алып келе береді. Өзі тұтқын, діні басқа және бұрын-соңды ешкім көріп-білмеген бұл бейтаныс жаннан ел іш жияды. Сөйтіп қыздың ауылы жол құрылысынан алыс жердегі тау баурайына қоныс аударады. Жігіт болса ғашықтық сезімінен айыға алмайды. Бойжеткенді үнемі көз алдына елестетіп, жұмыстан қолы қалт еткенде, лагерьдің қарсы бетіндегі жартасқа оның бейнесін салып қалдырады».

– Сонда мұны қай кезде болған оқиға деп пайымдауға болады?

– Өзіңіз ойлап қараңыз. Бірінші дүниежүзілік соғыс 1914 жылы күзге таман басталса, Батыс майданында қолға түскен тұтқындар ол кезде мұнда бірден әкелінбегені анық. Себебі жердің түбіндегі Галиция қайда, қиыр шеттегі Алтай қайда? Соған қарағанда 1915-1916 жылдар шығар деп шамалауға болады.

– Өзіңіз тастағы бұл қыз суретін қашан, қандай жағдайда көрген едіңіз? Оны сізге ең алғаш айтқан кім?

– Әкем. Иә, мына жартасқа әкелген де, көрсеткен де сол кісі. 12-13-тердегі бала кезім болатын. Жайлаудағы шопандар тойынан араларында біздің отбасы мүшелері бар бір топ адам қайтып келе жатқан. Солардың ішінен ауданда прокурор қызметін атқаратын ағай әкеме қарап осы жерді сұрады. Мен ең алғаш белгісіз бейнені міне, сонда көргенмін. Екінші рет 1989 жылы деп жоғарыда айттым ғой. Ол кезде Семей зооветеринарлық институты 4-курсының студенті болатынмын. Бір айлық өндірістік тәжірибеден өту кезінде Моңғолиядан өзіміздің М.И.Калинин атындағы ет комбинатына мал айдап әкелуге тиіс едік. Сол тапсырмамен шекараның арғы бетіне барып, одан алдымыздағы сиыр табындары мен қой отарларын жая отырып ілгері жылжып келе жаттық емес пе. Алатайға жақындағанда бала кезіміздегі көрген жартас есіме түскені. Сонда мына мүйістен өтіп бара жатып, жұмбақ суретті асықпай барлағаным бар. Содан кейінгі келіп тұрғаным осы.

– Ал әкеңіз… Карлхан ақсақалды айтамыз да. Ол кісі иен таудағы бұл бейнені қашаннан бері біледі деп ойлайсыз?

– Соғыстан кейінгі бала кезінен. Қария қазір 77-де ғой. Егер ақсақалдың сол кездегі балалық шағын шартты түрде 11-12-лерде еді деп алсақ, ол 50-жылдардың басына сәйкес келеді.

Әңгіме аяқталды. Себебі бұл тақырыпта енді Әлижаннан сұрайтын ештеңе қалмаған сияқты. Осыны ойлаған біз қайтуға жиналдық. Жүріп келеміз. Алдымызда жол… Тағы да жол. Ал көңілімізде, иә, көңіл түкпірінде тастағы қыз суреті. Ол соншалық бір шедевр немесе көркемөнердің керемет классикалық үлгісі емес. Бар-жоғы тас бетіне сызылған қазақ қызының сұлбасы. Ерекшелігі – одан туған әдемі аңыз. Мүмкін ақиқат та болар… Мәселе, сол әфсананың Алтай аймағында әлі айтылып келе жатқандығы. Содан соң, иә, содан соң оның құндылығы бұл жәдігердің бір ғасыр уақыт өтсе де жойылып кетпегендігі. Сөйтіп бүгінгі күнге жеткендігі. Біздің білгеніміз әзірше осы. Қалғанын осы мақаланы оқыған ел-жұрт өз естігендері болса толықтыра жатар деп ойлаймыз.

 Авторы: Жанболат АУПБАЕВ


Құс әлемінің ақыл иелері

$
0
0

Эклектус тотықұсының аналығы камераға таңданыспен тесіле қарап тұр. Бұл аналық эклектустың шие түстес қызыл қауырсыны жарқырап көрінсе, аталығы жай ғана жасыл «шапан» жамылған.

Тотықұстардың естілігі үш жастағы баланың деңгейіне дейін жетіп, 80 жыл өмір сүреді, ән салады, билейді, бізді қайталап жүріп жүрегімізді жаулап алады. Танымалдығы басына сор болып бітті.

Умгени өзені бойындағы құстар бағында әртүрлі құстардың ән салғанын естуге болады. Примадонна ма? Ол – Молли деп аталатын тотықұс. Көктұмсықты амазон ән салу қабілетін бұрынғы иесінен үйренген. Осы зообақтағы және Оңтүстік Африкадағы Дурбан орталығындағы тотықұстардың басым көпшілігі – қолдан қайтқандар. Машақаты көп құс асырау ісі кейбір адамдарды олардан бас тартуға итермелеген. Себебі тотықұстар мазасыз, тынымсыз және жыбыр­лақ келеді. Одан бөлек, кейбірінің ойлау деңгейі үш жасар баланікіндей болса, ал енді бірі 80 жасқа дейін өмір сүреді.

Қою түсті шашақты белгі Эдуардтың інжір тотысының көзін қоршап тұр. Аты айтып тұрғандай, олар інжір (басқа жемістер, шы­­рын және жәндіктермен бірге) жейді. Таңғажайып орман тұрғыны Индонезия мен Папуа Жаңа Гвинея­дағы елді мекендерге таяу маңда алаңсыз тіршілік етеді.

Соған қарамастан, «құс ішіндегі адамдар» деп аталатын тотықұстарды асырауға үндеу оңай емес. Қабілеті жоғары және ақылды құстар өздерінің қожайындарымен мәнді де терең байланыс орната алады. Тотықұстардың адам дауысын сала алатыны олардың Жер шарындағы ең танымал асыранды құс атануы кездейсоқтық емес екенін түсінесіз.

Алайда кей жағдайда олардың танымалдығы өздеріне зиян болып тиеді. Әлем бо­­йынша жүйелі өсіру бағдарламаларының болғанына қарамастан, көптеген тотықұс табиғаттан әлі де заңсыз жолмен ауланады. Себеп біреу: піл және мүйізтұмсық секілді жануарларды жөнелту арқылы миллиардтаған доллар тауып отырған ұйымдасқан қылмыстық топтар тотықұстарды да өздерінің «репертуарына» қосып алған. Аустралиялық қара какадулардың қара нарықтағы біреуінің құны 30 000 долларға дейін жетеді екен. Тотықұсты заңсыз саудалау Латын Америкасы және Кариб аралдарында кең таралған, мұнда оған қарсы қолданылатын заң қауқарсыз, не болмаса олардың орындалуы нашар.

Қара қауырсынды васа тотылары шытырман махаббатты бастан өткереді. Себебі олардың аналықтары аңдып жүріп, бірнеше аталықпен қатар шағылысады. Мадагаскардағы аналық құстар мұндай әрекетке жем тапшылығынан барады.

«Егер АҚШ-та тотықұс сатып алуға шешім қабылдасаңыз, оның торда өсірілгенінің ықтималдығы – 99 пайыз, – дейді Техас ауыл шаруашылығы университетінің зоологі Дональд Брайтсмит. – Ал Перу, Коста-Рика мен Мексикада оның табиғаттан ұсталынып алынғандығына 99 пайыз сенімді болыңыз».

Тотықұстардың қауіпті жағдайға тап болуына құс асырауға деген сұраныс, ормандардың оталуы мен өмір сүретін аймақтарының тарылуы айтарлықтай әсер етіп отыр. Шамамен 350 түрлі құстың төртеуінен басқасының жоғалу қауіпі жоғары болғандықтан олар Халықаралық сату конвенциясы (CITES) қорғауына алынған.

Қызғылт ұрты мен әуезді әні арқылы қызыл шығыршықты тотықұстар ғасырлар бойы «үй құсы» атанып келеді. Әсіресе Еуропада. Мьянма мен Тайландттан жиі ауланатын құстың бұл түрі қазір жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұр.

Олардың ішінде ең көп сұранысқа ие түрі тынымсыз сөйлейтін Африканың сұр тотықұсы екені сөзсіз. CITES-ке сүйенсек, кейінгі қырық жылда кемінде 1,3 миллион сұр тотықұс өздері мекен ететін 18 елден заңды түрде экспортталған екен және жүз мыңдағаны жолда өлген.

Оңтүстік Африка, басқа елдерге қарағанда, Африканың сұр тотықұстарын көбірек экспорттайды. Бұрын сұраныстың басым бөлігі АҚШ пен Еуропадан келетін, бірақ құс тұмауы мен құс саудасын заңмен салынған тыйым ондағы нарықтың жолын кесті. Қазір оның орнын Таяу Шығыс елдері толтыруда. Оңтүстік Африка елдері 2016 жылы бұл аймаққа мыңдаған сұр тотықұсты жөнелткен.

Африканың сұр тотықұсының сәбилер секілді өздері естіген сөздің дәл көшірмесін қайталап беруі – өз алдына, олар тіптен ұғымдарды есіне сақтай алады.

Сол жылы CITES сұр тотықұстарды «Қосымша 1»-ге, яғни жойылып кету қаупі бар түрлерді қамтитын белгіге қосу жөніндегі екіжақты шешім қабылдады. Тотықұстарды шетелдерде сатумен айналысатын құсшылар CITES-тің қадағалау­шыларына Африканың сұр тотықұстары табиғаттан ұсталынбағанын, керісінше торда өсірілгенін дәлелдеуі керек. Көп жағдайда торда туған балапандардың аяқтарына тұрақты куәлік сақиналары тағылады. Заңсыз саудалаушылар жабайы құсқа сақинаны кигізудің жолын табуы мүмкін, сондықтан тормен еркіндікте өмір сүрген құсты анықтау оңай емес. Алайда бұдан шығатын жол да бар.

Оңтүстік Африкадағы КуаЗулу-Натал университетінің генетиктері құсты табиғатта не торда өскенін дербес генетикалық пішініне үңілу арқылы анықтайтын гендік тәсілге үміт артып отыр. Мұндай ДНҚ жұмысы құсшыға, сатып алушыға не әуежай инспекторына құстан сынама алып, сол сәтте оның тегін анықтауға мүмкіндік береді.

Гангганг – әдетте Аустралияны мекен ететін шамамен 20-ға жуық какаду түрінің бірі.

Ұқсас тәсілдің тағы бірі – тотықұстың қанатындағы химиялық изотоптарды тексеріп, олардың тамақтану дәстүрін анықтайды.

Кейінгі кездегі тотықұстарға қатысты жағымды оқиға: бұған дейін CITES-тің шектеу­лерінен бас тартып келген елдер – Сауд Арабия­сы мен Біріккен араб әмірліктері бұдан былай табиғаттан ұсталған сұр тотықұстарды импорттамайтынын мәлімдеді.

Аустралия, Индонезия мен Папуа Жаңа Гвинеяға тән қызыл қанатты тотықұстардың аталықтары тартымды көрінуі мүмкін. Алайда аналықтардың қанық түстерге малыну ықтималдығы жоғары. Кей тотылардың қауырсындары ультракүлгін сәуледен флуоресцент шашып, олардың кешенді жарық шоғырын болашақ жұптарымен байланысу мақсатында қолданатынын көрсетеді.

Автор: Кристин Дэлл Аморе, фото: Джоел Сарторе


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Блэйк куэн

$
0
0

Әдетте жарығы мол жағажайдан мінсіз композиция шығару мүмкін емес. Бірақ бұл жолы Гавайиға демалысқа келген Куэн мен әйелінің асығы оңынан түсті. Оаху жағасында триподын құм үстіне орнатып жатқан кезде ол жүзбеқанаты жоқ классикалық сөрфборд көтеріп бара жатқан әйелді байқап, оны суретке түсіреді. «Бір күн бұрын шелектеп жауған жауын бүкіл жағажай үстінде түзілген азғантай тұманға себепші болды. Ол керемет табиғи жарық шағылдырғышына айналды», — дейді Куэн.

Қауымдастық суреті


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Пластик

$
0
0

Полиэтилен пакетті пайдалану мерзімі – орта есеппен 15 минут.

Оны өзіміз жасадық. Енді соның зардабын тартудамыз.

Егер пластик бұйымдар осыдан IV ғасыр бұрын пилигримдер Англиядан Солтүстік Америкаға жүзіп барған дәуірде пайдаланылса, оның қалдықтары қазір де суда жүзіп жүзіп жүрген болар еді.

Егер сол кездегі саяхатшылар қазіргі адамдар сияқты босаған шишалар мен орамаларды жан-жағына лақтыра салса, Атлант мұхитының толқындары мен күн сәулесі пластикалық қалдықтарды ендігі титімдей жапырақтарға айналдыратын еді ?… Бұл жапырақтар өз құрамындағы токсиндік заттарға басқаларын да қоса сіңіріп, мұхит суында, бәлкім, әлі күнге сақталар ма еді. Оның бөлшектері жеген балықтарымыз арқылы біздің ағзамызға енуі де әбден мүмкін.

Пилигримдерде пластик өнімдер болмағанына шүкір. Жақында Англияның оңтүстік жағалауында пойызбен Плимутқа келе жатып осыны ойладым. Мақсатым – пластиктің зиян­ын, әсіресе мұхиттарды қалай ластайтынын айтып беретін адаммен жолығу.

Пластиктен бұйым жасау XIX ғасырдың соңында ойлап табылса да, іс жүзінде ол тек 1950 жылдары жаппай өндіріле бастады. Сондықтан болар бүгінде адамзат шешімін күтіп тұрған «небәрі» 8,3 метрикалық миллиард тонна пластик өнім бар. Оның ішінде 6,3 метрикалық миллиард тоннадан астамы қалдыққа айналған. Ал сол қалдықтар ішінде «қаңғып жүрген» 5,7 миллиард метрикалық тонна ешқашан өңдеуден өткен емес. 2017 жылы зерттеу деректерін салыстырып шыққан ғалымдарға бұл сандар төбелерінен суық су құйып жібергендей әсер етті.

Нұржаһан Бангладештің Дакка қаласындағы Буриганга өзенінен сүзіп алған пластиктерін кептіріп отыр. Қалдықтарды өңдеуші мекемеге өткізеді. Әлемде барлық пластиктің бестен бір бөлігі ғана қайта өңделеді. АҚШ-та бұл көрсеткіш тіпті 10 пайызға да жетпейді.

Жердегі қалдықтардың қоймасы болып табылатын мұхитқа қандай көлемде өңделмеген пластик қалдық түсетінін ешкім білмейді. 2015 жылы Джорджия университетінің профессоры Дженна Джамбек мынадай есепке баршаның назарын аударды: тек жағалау аймақтардың өзінде жылына 4,8 миллионнан 12,7 миллион тоннаға дейін қалдық тасталады. Оның айтуынша, бұл қалдықтың көбі кемелерден емес, құрлықтан тасталады, көбінде Азияда. Артынша қалдықтар желмен ұшып не сумен ағып теңізге құйылады. «Дүние­жүзі бойынша жағалауларда әр метр сайын үйілген іші қалдықтарға толы 15 азық-түлік пакетін елестетіп көріңіз, – дейді Джамбек, – бұл дегеніміз шамамен 8 миллион метрикалық тонна массаға тең, яғни жылына мұхит суына ағылатын қалдықтардың мөлшері бо­­й­ынша оның орташа есебі осындай. Пластик қалдықтың толықтай биоыдырауға ұшырап, құраушы молекулаларға ажырауы нақты қанша уақыт алатыны белгісіз. Болжамдық есептер бойынша 450 жылға дейін барады.

Ал бұл уақытта мұхитқа түскен пластик қалдықтар, есептеулер бойынша жыл сайын миллиондаған теңіз жануарының өліміне себеп болады. Шамамен 700 түрге, соның ішінде жойылу қаупі төнген жануарларға да қалдықтардың әсері бары анықталып отыр. Кейбіріне келтірілген зиян көзге көрінеді. Ал көзге көрінбейтін зияны қаншама? Зоопланктордан бастап киттерге дейін ұзындығы бес миллиметрге жетпейтін пластиктердің микроқалдықтарын жейді. Гавайдың Үлкен аралындағы жағалау суы айнадай мөлдір болуы керек еді, мұнда асфальтталған жол жоқ. Ал мен болсам жағалауда тобықтан келетін пластикті кешіп жүрмін. Осыдан кейін неліктен адамдардың мұхиттағы пластик қалдықтарын тосын апат деп атайтынын түсіндім. Өткен жылы желтоқсанда Найробиде өткен жаһандық саммитте БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламасының басшысы бұл жайтты «мұхит ақырзаманы» деп атады.

«Бұл мәселенің шешімін таба алмадық деп айта алмаймыз», – дейді Тед Сиглер. Тед ресурстар жөніндегі экономист болып істейді. Вермонт штатында тұратын ол дамушы елдермен қалдықтар мәселесі бойынша 25 жылдан астам жұмыс істеп келеді. «Біз қалдықтарды қалай жинау керек екенін білеміз. Мұны кез келген адам істей алады. Оларды қалай жою, қалай өңдеу керектігін білеміз. Ол үшін тиісті мекемелер ашып, жүйе құру қажет», – дейді ол.

Плимут аспанын сұрлана түнерткен ағылшын күзі. Сары плащ киген Ричард Томпсон Плимут университеті Соксайд теңіз стансасының жанында тұр. 54 жастағы арықша денелі Томпсон қызмет мансабын 1993 жылы теңіз экологі ретінде бастаған. Сол кездері ол Мэн аралындағы жағалауды тазалау шарасына алғаш қатысты. Басқа волонтерлер пластик бөтелкелерді, пакеттер мен тор-ауларды жинауға күш жұмсаса, Томпсон кішкентай қалдықтарға, яғни табан астындағы назарға ілікпей жатқан титімдей бөлшектерге көбірек назар аударды. Алғашында тіптен ол бұл нәрселердің пластик екендігіне сенбеген. Мұны растау үшін сарапшының химиктермен кеңесуіне тура келді.

Пластик бөтелкелер Мадрид қаласының орталығындағы Сибелес субұрқағын «тұншықтырып» тастаған. Бір реттік қолданысқа арналған бөтелкелердің экологиялық зардабына назар аударту үшін Luzin-terruptus арт-тобы Сибелес пен Мадридтегі субұрқақтарды 60 мың қолданылған бөтелкемен толтырды.

Ол уақытта бұл ғылыми орта үшін бейтаныс нәрсе еді: ғалымдар пластик қалдықтардың қалғаны қайда кетіп жатқанын ойлап бас қатырмады. Әлемде пластик бұйымдар өндірісі бірнеше есе артты – 1950 жылы 2,1 миллион метрикалық тонна, 1993 жылы – 147 миллион метрикалық тонна, ал 2015 жылы 407 миллион метрикалық тонна, бірақ мұхитта жүзіп жүрген және жағалауға шығып қалғаны қанша көп болса да, соншалықты пропорцияда өсіп жатқаны байқалмайды. «Осыдан келіп мынадай сұрақ туындайды: «Сонда олар қайда?» – дейді Томпсон.

Жағалауды алғаш тазалаған жылдардан бері Томпсон жауаптың ұшын шығаруға үлесін қосты: жоғалды деген пластик қалдықтар көзге болар-болмас көрінетін майда бөлшектерге бөлініп кетеді. Ол 2004 жылы жазған ғылыми еңбегінде «микропластиктер» ұғымын енгізіп, кейін нақты белгілі болғанындай, олар мұхитта үлкен көлемде жиналып қалуы мүмкін деген жорамал жасады.

Өткен жылы күзде Плимутта кездес­кенімізде Томпсон мен оның екі студенті плас­тиктердің ұсақталуына толқындар мен күн сәулесінен басқа не нәрсенің әсер етіп жатқанын зерттегендерін айтқан. Зертханалық сынақтарда олар Orchestia gammarellus түріне жататын бүйіржүзгіштерді бақылады. Бұл – еуропалық жағалауларға тән асшаян тәріздес титімдей жәндіктер. Анықталғанындай, олар пластик пакеттерді жұтып, бір пакетті 1,75 миллион микроскопиялық фрагментке майдалап жібере алады екен.

Индонезия аралы Зумбаваның ластанған су бассейнінде мына атбасты балық мақталы пластик таяқшаға жабысып қалыпты. «Мұндай суретті түсірмегенімде ғой…», – дейді фотограф Джастин Хофман.

Микропластиктер мұхиттың адам көзі түскен барлық жерінен табылды – тұңғиықтағы теңіз түбінен Арктикадағы мұзды қабатқа дейін, ал ол алдағы он жылдықта, зерттеулер бойынша, бір триллионнан астам пластик бөлшек еріген сумен мұхитқа құйылуы мүмкін. Гавайдың Үлкен аралының жағалауларында іс жүзінде құмның 15 па­­йызы микропластиктен тұрады. Осы аралда мұхит сулары арасында жүзіп жүрген қоқыс­тар көп мөлшерде жиналған. Камило Пойнт жағажайында кір себет, бөтелке мен қытай, жапон, корей, ағылшын және орыс тілдеріндегі жазулары бар ыдыстар үйіліп қалған.

Томпсон екеуміз осының барлығын тілге тиек ете отырып, «Дельфин» атаулы кемемен Зунд бұғазы арқылы Плимуттан қашықтап бара жаттық. Томпсон көздері тар ауды алып шықты. «Манта тралы» деп аталатын тор, әдетте, планктондарды зерттеу мақсатында пайдаланылады. Бірнеше жыл бұрын зерттеу­шілер 10 түрлі 504 балықты аулап, Томпсонға берген болатын. Біз сол нүктеге жақындап қалдық. Сол кезде ауланған балықтарды жарып қарағанда, олардың үштен бірінің асқазанынан микропластик қалдықтар шыққан.

Бір-екі минут жүргеннен кейін Томпсон ауды қайта жинап алды. Түбінен түрлі-түсті пластиктер конфеттиі шықты. Томпсонды көбірек мазалайтын мәселе – ешқайсысымыздың көзімізге көрінбейтін зат пластиктің құрамына қосылатын химикаттар. Болжам бойынша, олар микропластиктердің ыдырауы­нан өте кішкентай нанопластиктерге бөлінеді. Олардың балық пен адам ағзасына өтуі мүмкіндігі жоғары.

1955 жылы «Life» журналы бір реттік пластик ыдыстар дүниеге келтірген «таста да жүре бер» атты өмір салты жайлы жазған. Ол адамдарға өте қолайлы болғанымен, мұхиттарды «тұншықтырып» жатыр.

«Өндіріс кезінде химикаттар концентрация­­сы кей жағдайларда тым жоғары болатынын білеміз, – дейді Томпсон, – балық жеген кезде оның құрамында қаншалықты химикат болатынын білмейміз».

Томпсон дабыл қақпайды, бірақ мұхиттағы пластик қалдықтарды эстетикалық мәселеден гөрі анағұрлым зор проблема деп санайды. Бұған қалай жеттік сонда? Плас­тик «ғажайыбының» қараңғы жағы қашаннан бастап көрінді? Технологияға толы дүние­міздің көптеген «кереметі» үшін осы сұрақты қайталауға болады. Одақтастарға Екінші дүние­жүзілік соғысын жеңуге көмектескен дәуірден бері (нейлон парашюттер мен жеңіл ұшақ бөлшектері жеңіске үлес қосқан болатын) пластик индустриясы басқа санау­­лы өнертабыстар тәріздес өмірімізді түгел өзгертті және бұл, негізінен, жақсы өзгеріске жатқызылатын. Ол ғарышқа сапар шегуді жеңілдетті, медицинада төңкеріс жасады. Оның көмегімен автокөліктер мен үлкен әуе кемелерінің массасы азаяды әрі жанармай үнемделеді, осылайша, ластану мөлшері кемиді. Ауадай жеңіл жабысқақ орамалар тамақты ұзағырақ сақтауға көмектеседі. Ауа жастықтары, термостаттар, каскалар, тіпті таза ауызсу таситын пластик бұйымдар күн сайын өмірімізді құтқаруға көмектесіп отыр.

Ерте уақытта олар тұмса табиғатты сақтауға көмектескен. 1800 жылдардың ортасында пианино клавиштері, бильярд шарлары, тарақтар мен түрлі майда-шүйделер таптырмас табиғи материал – піл сүйегінен жасалатын. Пілдер популяциясына қауіп төнген соң, Нью Йорк қаласындағы бір бильярд компаниясы оған балама тапқан адамға 10 мың АҚШ доллары мөлшерінде сыйақы беретінін жариялады.

XIX ғасырдан қалған мына бильярд шары целлуоидтен жасалған. Бұл – піл сүйегінің орнына келген алғашқы пластик түрі.

Сьюзан Фрэнкель «Пластик: улы махаббат оқиғасы» атты кітабында Джон Весли Хятт есімді әлдебір өнертапқыш бұл тапсырманы мойнына алғанын айтады. Ол ойлап тапқан жаңа материал – целлулоид барлық өсімдіктің құрамында болатын полимер целюлозадан жасалды. Хяттың компаниясы ғаламшарды тонай беруді тоқтату қажеттігін айтып жар салды. Ол кем дегенде пілдерді жаппай қырылудан сақтап, бильярдты ақсү­йектердің ермегінен қарапайым жұмысшылар барларда ойнайтын ойынға айналдырғаны рас.


Пластиктің астанасы.

Шығыс Қытайдағы Чжэцзян провинциясындағы халықаралық сауда қаласы Иу ұсақ тауар­лардың және көздің жауын алатын түрлі пластик бұйымдардың әлемдегі ең ірі көтерме нарығы болып табылады. Бір-біріне жапсарлас салынған ғимараттар тізбегіндегі 70 мыңнан астам дүңгіршекте үрлемелі бассейн­нен бастап, жасанды гүлдерге дейін сатылады. Фотограф Ричард Джон Сеймурге бұл нарық таныс көрінді. Бір жағынан, мүлде жат көрінді: оның көлемі бас айналдырады. Қытай – пластик бұйымдардың ең ірі өндірушісі. Ол жаһандық пластик нарығының төрттен біріне ие және олардың көбі экспортталады.

Бұл – материалдық молшылық дәуіріндегі пластик тудырған ұлы төңкерістің қарапайым мысалы ғана. Осы революция ХХ ғасырдың басында қыза түсті, өйткені енді пластик қоры мол, арзан қуат көзі – мұнайдан өндіріле бастады. Мұнай компанияларының мұнай өңдеу зауыттарының мұржаларынан этилен сияқты қалдық газдар шығатын-тұғын. Химиктер бұл газдарды құрылыс блоктары не мономер ретінде табиғаттағы бұрыннан бар полимерлердің орнына полиэтилен терефталат немесе ПЭТ тәріздес жаңа полимерлерді шығаруда пайдалануға болатынын анықтады. Мүмкіндіктер әлемі есіктерін айқара ашты. Пластиктен кез келген нәрсені жасауға болатын еді және солай болды да, өйткені ол – арзан материал.

Арада алпыс жыл өткенде қазір жылына 406 миллион метрикалық тоннадан асатын пластик бұйымның шамамен 40 пайызы бір реттік пайдалануға арналған, оның көбі сатып алғаннан кейінгі бірнеше минутта-ақ лақтырып тастайтын орама-қаптама ретінде пайдаланылады. Өндірістің бас айналдырар жылдамдықпен артқаны соншалық, іс жүзінде соңғы 15 жылда зауыттан шыққан пластик бұйымдар бұрын-соңды өндірілген барлық пластик өнімнің жартысына жетті. Өткен жылы пластик бөтелке өндіру бойынша әлемдегі ең ірі компания болуы мүмкін Coca-Cola алғаш рет қанша бөтелке шығаратынын мойындады: жылына 128 миллиард.

Пластик өндірісі қалдық өңдеу индустриясының алдын орап кеткен, сол себепті мұхиттарға қауіп төніп тұр. «Жүйені бұзғанымызға таңырқаудың қажеті жоқ, – дейді Джамбек, – мұншалықты өндіріс дайындығы жоқ кез келген жүйенің тас-талқанын шығарар еді». 2013 жылы бір топ ғалым қалдықтарды лақтыра салу жөнінде жаңа зерттеу мақаласын жария­лады. Олар «Nature» журналында бір реттік пластиктер үй шаруашылығындағы әйелдің «досы» емес, қайта зиянды материал ретінде қарастырылуы керек екенін мәлімдеді.

Соңғы жылдары өндірістің артуы Азия елдерінде өсіп келе жатқан экономикада бір реттік пластик пакеттердің қолданысы кеңеюі­мен айтарлықтай байланысты. Мұнда қалдық жинау жүйелері аса дамымаған немесе мүлде жоқ. 2010 жылы Джамбектің шамалауынша, әлемдегі бей-берекет шашылған пластик қалдықтың жартысы Азияның бес елінде өндіріледі: Қытай, Индонезия, Филиппин, Вьетнам және Шри Ланка.

Гавай аралдарындағы Камило Пойнт жағажайында табылған: «пластигломерат» – пластик қалдықтар құм және таспен араласқан. Геологтар бұл біздің Жерге салған жарамыздың дәйекті көрсеткіші деп есептейді.

«Айталық, Солтүстік Америка мен Еуропада барлық пластик қалдық өңдеуден өтеді, – дейді Мичиган университетінің химиялық технология профессоры Рамани Нараян, – солай болса да, мұхиттарға тасталатын плас­тик қалдықтарға тосқауыл бола алмайсыз. Егер бұл жөнінен үлес қосқыңыз келсе, сол елдерге барып, қараусыз қалған қалдықпен айналысуыңыз қажет».

Бір кездері Пасиг өзені Филиппиннің астанасы – Манила қаласын арқырап кесіп өтіп, тұп-тұнық Манила шығанағына барып құятын. Ол құнды су жолы және халықтың мақтанышы еді. Қазір ол – дүниежүзі бойынша пластик қалдықтарын теңізге ағызып апаратын 10 өзеннің бірі. Жылына оның бойымен, көбі муссондық жауын-шашын кезінде 65 300 метрикалық тонна қалдық ағып өтеді. 1990 жылы Пасиг өзені биологиялық тұрғыда «өлі өзен» деп танылды.

1999 жылы құрылған Пасиг өзенін қалпына келтіру жөніндегі комиссия өзенді тазалаумен айналысуда және олардың жұмысында кейбір жетістіктер байқалады. Комиссияның атқарушы директоры Хосе Антонио Гоитияның айтуынша, ол бір күні Пасиг өзені қалпына келетініне оптимизммен қарайды, алайда мұны жүзеге асыру оңай болмайтынын да мойындайды. «Бәлкім, ең тиімдісі пластик пакеттердің өндірісіне тыйым салу шығар», – дейді ол.

Бангладештегі Буриганга өзенінің бір сағасындағы көпір астында отбасы мүшелері қалдық саудалаушыларына өткізу үшін плас­тик бөтелкелерді жапсыр­маларынан тазартып, жасылдарын мөлдір түстес­терінен бөлек сұрыптауда. Мұнда қоқыс терушілер айына 100 АҚШ доллары шамасында табады.

Өзеннің 51 сағасы бар, олардың кейбірі жағалауда бей-берекет тасталған пластик қалдықтармен аузы-мұрнына дейін толып қалған. Заманауи ғимараттар арасында құлайын деп тұрған Қытай кварталы жанындағы өзен сағасы пластик қалдықтарға тұншыққаны соншалық, көпірге бармай-ақ, су үстімен жүріп өте беруге болады. Манила шығанағының жағажайлары қоқысқа толы, олардың көбі – пластик қалдықтар. Өткен жылы күзде «Гринпис» және басқа да топтардан құралған Break Free From Plastic коалициясы Бостандық аралының жағажайын тазалады. Бұл арал экотуризм аймағы деп жарнамаланады. Волонтерлер күшімен аяқкиімнен бастап тамақ қорабына дейін 54 260 дана пластик қалдық жиналды. Артынан бірнеше апта өткен кезде барғанымда жағажай бөтелкелер, орамалар мен бір реттік пакеттерге қайта толып қалғанын көрдім.

Маниладағы бұл көрініс Азияның басқа да ірі қалаларына тән. Филиппин Республикасы –105 миллион тұрғыны бар, халқы өте тығыз орналасқан мемлекет. Ол әлі күнге ең қарапайым – денсаулық сақтау мәселелерімен арпалысып келеді. Атап айтқанда, сумен байланысты тифоид және бактериалды диарея сияқты аурулар жойылмай тұр. 2004 жылы аймақта қоқыстарды қауіпсіз көметін жер бітуге айналды. Жер жетіспеушілігі және одан туындаған дағдарыс әлі күнге жалғасуда.

Жауапкершілік жүгінің шағын бір бөлігін Маниланың бейресми өңдеушілері алды. Ол – мыңдаған қоқыс теруші. Солардың бірі – 34 жастағы Армандо Сиена. Ол 31 жастағы жұбайы Ангимен бірге өмір бойы қоқыс ішінде өмір сүріп келеді. Олар «түтінді тауда» туған. Бұл – жаһанға жаман аты шыққан, 1990 жылдары ресми түрде жабылған қоқыс алаңы. Қазір олар үш баласымен бірге Манила маңындағы жағалауда бір бөлмелі, ішінде жалғыз ғана шамы, бірлі-жарым плас­тик орындықтары бар, не құбыры, не төсегі, не тоңазытқышы жоқ пәтерде тұрып жатыр. Пәтер «Арома» деп аталатын қоқысқа толы түкпірде орналасқан. Оның жанындағы қа­­йыршы аудан «Бақытстан» деп аталады.

Күн сайын Сиена тәлтіректеген шайтан­ арбасымен Ароманың шекарасынан тыс аймақтан тапсыруға болатын қалдықтарды іздейді. Тапқанын велосипедіне артып алады. Сұйық зат құюға арналған пластик ыдыстар таптырмас олжа саналады, оның әр килограмына 20 песо (38 цент) төленеді. Сиена өзінің жүгін сұрыптап, көкесінің ұсталған заттар сататын дүкеніне саудаға шығарады. Ол қоқысты алып Маниланың шетіндегі қалдық өңдейтін зауыттарға өткізеді.

Пластик бөтелкелерге толы көліктер Филиппин елінің Валенсуэла қаласындағы өңдеу зауытына бара жатыр. Бұл бөтелкелерді қоқыс жинаушылар Манила метрополитенінің көшелерінен жинаған. Бөтелкелер алдымен – қалдық саудалаушыларға, артынша осында келеді. Бөтелкелер мен қақпақтар туралып, экспортталады.

Сиена сияқты қоқыс терушілерді белсенділер қолдайды: оларға күнкөріс қажет. Маниланың жағалау аймағындағы Base-co қоқыс түкпірінде Британдық Колумбия елінің Plastic Bank of Vancouver басқаруындағы шағын қалдық өңдеу цехы бар. Мұнда қоқыс терушілерге бөтелкелер мен қатты пластик қалдықтар тапсырса, жақсы ақша төлейді. Артынша олар бұл пластикті халықаралық компанияларға жоғарырақ бағаға сатып, өздерінің өңделген өнімдерін әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан жақсы жарнамалайды.

Вермонттық экономист Зиглер көптеген елде қызмет еткен және мұндай схемаға күмәнмен қарайды. «Пластиктерді жинауға субсидия бөлгенше, – дейді ол, – жақсы ұйымдастырылған қалдық өңдеу жүйесін қаржыландырған арзанырақ».

Маниланың жағажайлары мен су жолдарын бітеп тастаған қоқыс – Зиглердің бұл сөзіне дәлел. Оның басым бөлігі – бір рет қолданылатын шампунь, тіс пастасы, кофе, дәмдеуіштер не басқа өнімдердің қаптамалары. Қаптамалар Маниланың айналасында ағаштан үзілген жапырақтай шашылып жатыр. Олар қайта пайдалануға келмейді, сондықтан ешбір қоқыс теруші ондай заттарды іздемейді де. Қатты қалдықтарды өңдеу жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Криспиан Лао былай дейді: «Қаптаманың осы сегменті дамып келеді және ол қатты қалдықтарды өңдеуде қиындық келтіріп отыр».

Жиналып, жуылып, қолмен сұрыпталған түрлі-түсті пластик сынықтары Буриганга өзені жағасында кептірілуде. Даккада және оның айналасында бейресми қалдықтарды өңдеу саласында шамамен 120 000 адам жұмыс істейді. Мұнда 18 миллион тұрғын тәулігіне 10 мың метрикалық тоннадай қалдық төгеді.

Malaysia airlines компаниясының Куала-Лумпурден Бейжіңге бағыт алған 370 рейс ұшағы 2014 жылы наурыз айында радар экранынан көрінбей кеткеннен кейін оны іздеу жұмыстары Индонезиядан оңтүстік Үнді мұхитына дейін жүргізілді. Соған қарамастан ешбір апат белгілері байқалмады. Спутниктік түсірілімдерде теңіз бетінде қалқып жүрген объектілер байқалған бірнеше жағдайда бұл заттар әуе кемесінің қалдықтары шығар деген үміт оты жарқ ете қалған. Бірақ үміт ақталмады. Себебі ол заттардың барлығы тұрмыстық қалдық болып шықты: жүк контейнерлерінің сынған бөліктері, иесіз қалған балық аулау құралдары мен пластик пакеттер.

Сиэтл қаласындағы Жер және ғарыш зерттеу институтының ғалымы әрі президенті Катлин Дохан бұл сұмдықтан бір мүмкіндік көреді: ғарыштан түсірілген суреттер ұзақ уақыт бойы назарға алынбай келген мәселені алға шығарды. «Бұл мәселеге бүкіл әлемнің көз тігуі алғаш рет, – дейді ол маған, – мұхиттарымыз қоқыс полигонына айналғанын адамдардың түсінгені жақсы».

Пластик қалдықтар проблемасының ең қуанышты тұсы шынайы ден қойылған талпыныстар пайда болғанында. 2014 жылдан бергі жақсы жаңалықтардың жартылай тізіміне мыналар жатар еді: Кения полиэтилен пакеттер өндірісіне тыйым салған елдер тізіміне қосылды. Мұнда бұл үшін көп мөлшерде айыппұл салынады, тіпті түрмеге де қамалу ықтималдығы жоғары. Франция 2020 жылға таман пластик тәрелкелер мен кеселерге тыйым салатынын жариялады. Биыл АҚШ-та, Канада, Ұлыбританияда және тағы төрт елде косметикалық өнімдердегі микротүйіршіктерге (эксфолианттар) тыйым салынатын талаптар өз күшіне енбек. Ондай заттар біртіндеп өндірістен шығарыла бермекші.

Recology компаниясының Сан-Францискодағы ең ірі қалдық өңдеу зауыты тәулігіне 450-550 метрикалық тонна қалдық өңдейді.

Корпорациялар көпшіліктің пікірімен санаса бастады. Dasani маркалы сусын шығаратын Coca-Cola компаниясы 2030 жылға таман өзінен қалатын қалдықтың 100 пайызына теңесетін мөлшерде пластик қоқыс жинап, өңдеуі туралы мақсатын жариялады. Ол және басқа да трансұлттық компаниялар, соның ішінде PepsiCo, Amcor және Unilever 2025 жылға дейін 100 пайыз қайта пайдалануға болатын, қайта өңделетін және биоыдырауға жататын орамаға көшетіндерін мәлімдеді. Ал Johnson & Johnson компаниясы өзінің мақталы таяқшаларында пластик таяқшадан қайтадан қағаз түріне ауыстыратындарын айтты.

Осы шаралардың барлығы белгілі бір мөлшерде көмектеседі, тіпті пайдасыз көрінсе де, жағажайларды тазалаудың өзі шешімге ықпал етеді. Ширек ғасыр бұрын жағажайды тазалаудан Ричард Томпсон пластик проблемасына назар аударды. Бірақ қазір оның ойынша, алдымен пластиктің мұхитқа ағуына жол бермеу, артынша осы «ғажайып» затқа деген жалпы ойымызды қайта електен өткізуіміз керектігі. «Біз пластикті пайдаға асыру үшін көп маңдай тер төктік, бірақ оның қолданылу мерзімі біткенде не болатынына аса бас қатырған да жоқпыз, – дейді ол, – мен пластик біздің жауымыз демеймін, бірақ мәселені шешуге көмектесу үшін өндірістің атқара алатын нәрсесі жетерлік».

Егер өз еркімен бет бұрса не мәжбүр қылса, бұл саладағы өндіріс орындарының екі іргелі жолы бар. Джамбек сияқты ғалымдармен бірге биоыдырауға қолайлы әрі қайта пайдалануға болатын жаңа пластик өнімдерін шығаруға болады. «Бәрі тартымды жауап іздейді, – дейді ол, – ақиқаты сол, бізге бір нәрсе ғана керек: қоқысты жинау. Мен жұмыс істейтін елдердің көбінде ол тіпті көшелерде сыпырылмай жатады. Бізге қоқыс жинайтын көліктер керек және сол қалдықтар жер-көкке тарыдай шашылып кетпей тұрғанда жүйелі түрде жинап алып тұру және жиналған заттар қысқа мерзім ішінде өздігінен жойылып кетіп тұруы қажет деген ұғымды сіңіруіміз керек».

Nestlé Waters компаниясының мәлімдеуінше, олар 1994 жылдан бері жарты литрлік пластик бөтелкелерді 62 пайызға азайтқан. Мэн штатының Холлис қаласындағы Poland Spring зауыты – компания­ның Солтүстік Америкадағы ең ірі нысаны.

Өнеркәсіптің көмек көрсете алатын екінші жолы қандай? Ол – осы мақсатқа қажетті қаражатты бөле алатындығы. Зиглер дүниежүзі бойынша өндірілетін пластик резіңкенің әр килограмы үшін екі АҚШ центі мөлшерінде салық енгізуді ұсынады. Осы салықтан жылына 6 миллиард АҚШ доллар түседі. Бұл қаражатты дамушы елдердегі қоқыс жинау жүйесіне бөлуге болар еді. Алайда ол идея қолдау таппады. 2017 жылдың күзінде бір топ ғалым жаһандық қор концепциясын қайта «тірілтті». Бұл топ климат жөніндегі Париж келісіміне негізделген халықаралық келісімшарт жасауды ұсынды.

Желтоқсан айында өткен Найроби жиынында АҚШ-ты қосқанда 193 мемлекет осындай келісімшартқа қол қойды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Таза теңіздер келісімі пластикке салық салуды қарастырмайды, тараптар қандай да бір мәселеге қатысты міндеттеме де алмайды. Бұл жай ғана жақсы ниеттің бастамасы болса керек. Бұл ниет – мұхиттардың ластануын тоқтату. Оның Париж келісіміне ұқсамағанымен, Рио-де-Жанейро декларация­сына сәйкес келетін тұсы аз емес. Ол келісімшарт бойынша тараптар 1992 жылы қауіпті климат өзгерісімен күресу туралы өзара уәделескен-тұғын. Норвегияның Қоршаған ортаны қорғау министрі Видар Хельгесен осы жаңа келісімді осы кезеңге лайықталған алғашқы қадам деп бағалады.

Автор: Лаура Паркер, фото: Рэнди Олсон


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Қоқыс арасындағы романтика

$
0
0

Мэнди Баркердің теңіз бен құстардың асқазанынан шыққан қоқыстардан жасаған жұмысы терең ой салады.

«Бұл қалдықтар бір альбатрос балапанының асқазанынан шықты. Өлген құстың жанына қойылған бұл бөлшектер – бөтелке қақпақтарынан титімдей фрагменттерге дейін бір кездері біз пайдаланған заттар», – дейді фотограф Мэнди Баркер.

Фотограф Мэнди Баркер бала кезінде ұлу терген Англия жағалауына барғанында үйілген пластик қалдықтар арасынан баланың көлік орындығын тауып алды. Тағы бір байқағаны адамдарда «жағалау қоқысқа батып жатыр-ау» деген уайым жоқ секілді.

Дүниежүзіндегі мұхит суында жүзіп жүрген бес трлн пластик бөлшектердің арасында мына фотодағыдай түсініксіз заттар да бар. Бұл – түрлі өндірістен шыққан қиындылар. Ол алыс жағалауларда осындай қалдықтарды бес жыл бойы жинап келеді.

Сондықтан ол пластик қалдықтарын тере жүріп фотоға түсірді. «Мен резонанс тудыратын нәрсе жасағым келді», – дейді ол.

Бұл пластиктердің таралуы мен жер-жерге шашылуын көрсететін фотожобалар тізбегіне әкелді.

2014 жылдың басында Атлант мұхитында жүк кемесі батып кеткенде Еуропа жағалаулары принтер картридждеріне толып қалды. Уақыт өте келе картридждер ұсақталып, көзге көрінбей кетеді. Баркердің мына көркемөнер туындысы бір ғана апаттың салдары қандай болатынын көрсетсе керек.

Ол жобаларын теңіз ғалымдарымен бірге жасайды. Оның айтуынша, бұл фотолар ғылымға «визуалды үн» береді. Ғылыми басылымдар плас­тиктің табиғатқа кесірін дәл осыншалық әсермен жеткізе алмайды. Баркер полюстерден экваторға дейін, теңіз бетінен мұхит түбіне дейін әлемде ешбір жер пластиктен таза емес екенін жан-тәнімен сезінеді. Ол өмірінің қалған бөлігін осыны сезінумен өткізгісі келеді.

Мұхиттағы пластик қалдықтардың географиялық ауқымын көрсету үшін Баркер адамдардан пластикалық бөтелке тығынын жинап, өзіне жіберуін сұрады. Ол әлем жағажайларынан үш мыңнан астам қақпақ жинап алды.

Авторы: Наташа Дэйли

Еліміздің ең үздік қолөнер шеберінің есімі белгілі болды

$
0
0

Астанадағы ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан қолөнер шеберлерінің «Шебер-2018» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Биылғы мерейтойлық байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 76 үміткер қатысса, солардың 29-ы финалға шыққан. Ал ең үздіктер 10 аталым бойынша анықталды.

Үміткерлер «Мұрагер», «Жоғарғы шеберлік», «Асыл ұстаз», «Жоғарғы сапа», «Жаңашылдық», «Дарынды бастау», «Төлтумалық», «Экодизайн», «Ұлттық мәдени бренд», «Қазақстанның ұлттық кәдесый», «Озат іскер» және «Хас шебер».

Байқау мақсаты – Қазақстандағы қолөнер өнеркәсібін ынталандырып, дарынды қолөнер шеберлерін анықтау. Сонымен қатар халыққа үздік жұмыстарды насихаттау арқылы, қазақстандық шеберлерді ынталандыру.

«Биыл оныншы жыл қатарынан өткізіліп отырған бұл байқау әр шебердің өзіндік қолтаңбасын қалыптастыруға және ел ішінде танымалдығын арттыруға бағытталған, – дейді Қазақстан қолөнер шеберлері одағының төрайымы Айжан Бекқұлова, – әлемдік көштен қалып қоймауымыз үшін  ұлттық бұйымдар да заман талабына сай бейімделе білуі керек».

«Шебер» байқауы «Шеврон» компаниясы бастамасымен 2006 жылы жариялаған «Қолөнер және ұлттық кәсіптің жаңаруы» атты әлеуметтік жобасының жалғасы болып табылады. Компания өкілі Айнұр Сыдықованың айтуынша, байқауда әр жылдары жеңіске жеткен кейбір шеберлердің туындылары осы күні еліміздің брендіне айналып та үлгерген.

Биылғы жылдың «Хас шебері» атағы ұлттық бұйымдар жасаумен айналысатын алматылық қолөнер шебері Жолаушы Тұрдықұловқа бұйырды. Жолаушы мырза өзінің 40 жылдық еңбек өтілінде үш мыңнан астам ұлттық аспап, мыңға жуық ыдысаяқ пен тұрмыстық заттар жасап шығарған.

Шебердің «Ожаулар жиындығы» деп аталатын мына туындысы соңғы кездері тұтынушылар тарапынан үлкен сұранысқа ие бола бастаған. «Ожаулар жиынтығы» қымыз бен шұбат сапыруға, сүт қатуға және айранды араластыратын ыдыстан тұрады.

Шара барысында сондай-ақ, алматылық дизайнер Айжан Бекқұлова мен ақтаулық шебер Әуес Сағынаеваның киізден жасалған этникалық киім үлгілері көпшілік назарына ұсынылды.

Фото: Ерболат Шадрахов

Қазқонақ

$
0
0

1928 жылы мәскеулік палеонтолог Юрий Орлов Павлодар қаласының солтүстік батысындағы Ертіс өзенінің оң жағалауынан ерекше бір қорымды табады. Ол жалпы көлемі 2 гектардай алқаптағы 6-8 метрлік жер қыртысының астында 3-4 метр қалыңдықты құрап, төбе-төбе болып үйіліп жатқан ежелгі заман жануарларының сүйектер жиынтығы еді. Бұл маңайды тұрғылықты халық о бастан-ақ «Қазқонақ» («Гусиный перелет») деп атаған. Оның себебі, күзде жылы жаққа бет алып, ал көктемде кері оралатын қанаттылар осы жерге келіп, дамылдайды екен. Ю.Орлов пен ол жұмыс істейтін Бүкілодақтық Палеонтология ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері жоғарыдағы археологиялық қазбадан кейін не істеген дейсіздер ғой. Олар 1930-1935 жылдары осы төңіректен бұдан басқа да жаңалықтар ашылып қала ма деген үмітпен тағы да экспедиция жасақтап, тынбай еңбектенеді. Соның нәтижесінде ғалымдар аталмыш өңірден тек құстар ғана емес, 20-ға жуық бұғы, 40 керік, 130 мүйізтұмсық пен 200 гиппарион жылқысы және сол ежелгі заманда Ертіс өзені жағалауын мекен еткен тасбақа, қылыш тісті жолбарыс қаңқаларына кезігеді.

Қазқонақ алабынан табылған жан-жануарлар сүйектері ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы палеонтологтар үшін үлкен олжа болады. Бұл ежелгі дүние тіршілік иелерінің өмір сүрген уақыты шамамен 7-10 миллион жыл бұрынғы неоген дәуіріне барады екен. Осыдан кейін экспедиция мүшелері Ертіс өзенінің жағасындағы жұмыс нәтижесіне одан сайын қызығып, бастаған жұмыстарын тағы да жалғастырады. Өкінішке қарай, ғалымдардың маңдай терімен келген тамаша іс өзінің нақты бағасына ие бола алмайды. Неге десеңіздер, археологтар тапқан жоғарыдағы құнды жәдігерлер – 16 тонна аң-құс сүйектері республикадан тыс жерлерге әкетіліп, ешқайсысы жөнді сақталмайды. Талан-таражға ұшырайды. Ол кезде Павлодарда қандай да бір қазба жұмыстары нәтижесінде табылған олжаларды зерттеумен айналысатын ғылыми мекемелер мен өлкетану мұражайы жоқ еді. Тек 1960 жылы ғана Мәскеу палеонтолог Ю.Орловтың бастаған жұмысын өз республикамыздағы Зоология ғылыми-зерттеу институтының палеобиология бөлімі экспедициясына жалғастыруға рұқсат береді. Бұл мекеменің қызметкерлері де қазба жұмыстары кезінде аталмыш аймақтағы омыртқалы жануарлардың көптеген сүйектерін табады. Осы орталық мамандарымен тізе қоса қимылдаған облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ұжымы болса, олар Қазқонақ алқабына арналған экспедицияны жүйелі ұйымдастырып, аталмыш жердің толық анықтамасын жасауға қол жеткізеді. Ақыры 1971 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі ондаған мың аң мен құстың сүйегі жатқан бұл өңірдің ел мен жер тарихы үшін маңыздылығын ескере келіп, оны мемлекет қорғауына алады.

Мамандар сонда, яғни 1983 жылы бізге осыларды баяндай келіп, дүние жүзіндегі зоологиялық және орнитологиялық қазба жұмыстарында өте сирек кездесетін құбылысқа ие аумақты аман сақтап қалуда бір нәрседен қатты алаңдайтындықтарын айтқан болатын. Ол – Ертіс өзені суының уақыт өткен сайын Қазқонақ алабына жақындай түсуі екен. Арада 27 жыл өткен соң, яғни 2010 жылы барып көргенімізде аталмыш жерді су шаю қаупінен басқа, онда екінші проблеманың пайда болғанын байқадық. Бұл облыс орталығындағы химия қалашығының өсіп, өзіміз сөз етіп отырған тұсқа қарай қанат жаюы дер едік. Ал ол шағын ауданнан шыққан күл-қоқыс ше? Олар жер астында төбе-төбе болып үйіліп жатқан, археологиялық қазба жұмыстары әлі аяқталмаған аумақтың үстіне төгіле бастаған.

Мұндағы жағдай күні кешеге дейін осылай болып келді десек, еш қателеспейміз. Олай деуімізге былтырғы мамыр айында «Қазақстан – Павлодар» телеарнасында көрсетілген хабар негіз болып отыр. Онда облыс әкімі Болат Бақауовтың қаладағы зиялы қауым өкілдерімен кездесуі бейнеленген еді. Көп ұзамай сол кештен «Казахстанская правдада» хабар да жарияланды. Сондағы сұрақ-жауап кезінде оған Қазқонақ алабындағы жағдай туралы сауал да қойылмай қалған жоқ. Бұған өңір басшысы былай деді: «Бұл жағдайды сіздер мен біздер әңгіме еткелі қашан. Енді сөзден іске көшетін кез келді. Осыған байланысты біріншіден, қаланың қазіргі картасынан Қазқонақтың аумағын нақтылап тұрып белгілеп алуымыз керек. Сосын оны ежелгі замандағы аң-құстардың сұлба-силуэті бар дуалмен қоршап, ол жерге баратын бір ғана қақпа қалдыруымыз қажет. Осымен бір мезетте аталмыш алқаптың тарихи маңызы бар болғандықтан мемлекет қарауына алынғандығын білдіретін билборд ілу жұмысы мен аумақ айналасын күл-қоқыстан тазартуды қатар жүргізсек дейміз. Бұған қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері мен «Жасыл ел» қозғалысының жасағын жұмылдыруға болады. Осыған байланысты біз облыс орталығындағы университет, институт ректорлары мен колледж, училище директорларынан жанды іс қимылға толы көмек күтеміз».

Осылай деген әкім Қазқонақ алабын қызықтап келіп көретін туристер мен энтузиастар болса, олар жүретін ойлы-шұқырлы жерге Баянауылдың жалпақ тастарын әкеп төсеп, жаяу жол салудың артық емес екендігіне де тоқталды. Сөзінің соңында қала әкімдігіне аталмыш аумақты көгалдандыруды дереу қолға алып, оны жүйелі жүргізуге күш салуды тапсырды.

Қарап отырсақ, содан бері міне, бір жылдан астам уақыт өтіпті. «Осы мерзім ішінде жоғарыдағы жақсы ой жүзеге асты ма? Ол ізгі ниеттің орындалу барысы қалай?» деген сауал келді көкейімізге. Мәселенің жай-жапсарын білуді, атап айтқанда, ел мен жер үшін үлкен маңызы бар Қазқонақ алабын қоршап, анықтамалық тақта ілу, оның төңірегін тазартып, көгалдандыру және жиек жол жасау жағдайын көріп қайтуды осы өңірдегі меншікті тілшіміз Фарида Бықайдан сұраған едік. Әріптесіміз былай деді:

– Иә, өткен жылдан бері мұндағы жұмыс жанданды. Оған негіз болған нәрсе, облыс әкімінің ел алдында берген уәдесі. Соның нәтижесінде Қазқонақ айналасына 1000 метрлік қоршау тұрғызылды. Көрнекі жерге осы табиғи ескерткіштің тарихи маңызы сипатталған ақпараттық тақта орнатылып, электр жарығы тартылды. Ой-шұқырлар тегістеліп, туристер жүретін жиек жол жасау да ұмыт қалған жоқ. Сөз орайында көгалдандыру жұмыстарына ерекше мән берілгенін атап айтқан жөн. Атқарылған осы істерде «Жасыл ел» қозғалысының жасағы мен Павлодар педагогикалық мемлекеттік институты студенттері ерекше белсенділік көрсетті. Жоғарыдағы жұмыстардың бәрі өңір кәсіпкерлері мен энтузиастардың демеушілік қаражаты есебінен жүзеге асты. Ал биыл Қазқонақ алабына деген жанашырлық өз жалғасын тауып, ол көктемдегі сенбілікте айрықша көрінді. Өзіміз сөз етіп отырған төңіректі тазалап, ретке келтірудегі сол күнгі жұмысқа 200-дей студент қатысты. Оның соңы елдік рухты көтеріп, жастардың ой-өрісін дамытатын әртүрлі ойын-сауық бағдарламасына ұласты.

Сөзімізді Павлодар география үйінің директоры Александр Вервекиннің пікірімен қорытындылайық. «Соңғы 25 жылдан бері Қазқонақ алабын сақтау жөнінде әртүрлі жиындарда қаншама ұсыныстар айтылды десеңізші, – деді ол. – Табиғат жанашырларының сан рет көтерген жоғарыдағыдай мәселесіне қарамастан, іс алға жылжымай-ақ қойған еді. Ал өткен жылдан бергі қимыл-қозғалыс көңілімізге қуаныш ұялатып отыр. Сөзден іске көшкен деген, міне, осы. Соған көңілімізді демдеп, істі ілгері жылжытушы әкімдік, қоғамдық ұйымдар басшылары мен белсенділеріне ризашылық білдіреміз».

Авторы: Жанболат АУПБАЕВ

Көрмеден кейінгі кешен

$
0
0

Тәуелсіздік жылдарында еліміз қолға алған аса ірі жобалардың бірі – «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі болды. Ел қазынасынан қыруар қаражат жұмсалып жатқандықтан мегажобаға алғашында сын көзімен қарағандар қатары аз болмады. Бірақ үмітпен күткендер одан да көп еді. Енді, міне, уақыт өткен сайын бұл таңдаудың дұрыстығы айқын көрініп келеді.

Біріншіден, заманауи үлгідегі тұтастай бір шағын аудан салынды. Екіншіден, отандық зерттеушілер мен ғалымдардың пікір алмасу алаңы пайда болды, жаңа жұмыс орындары ашылды, т.б. «Болғанынан боладысы қызық» істің айналасында айтылған гу-гу әңгіме көрме өткен соң сап тыйылғандай. Оқырмандарды Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесінің мұрасы мен нысандарын көрмеден кейін пайдалану жұмысымен таныстыру мақсатында бүгін біз аталмыш кешенге вижуалды шолу-саяхат жасауды жөн көрдік.

Кейде бұл ғимараттар көзді ашып-жұмғанша орнай қалған секілденеді. Тарихи өлшеммен алғанда ол солай да шығар, бәлкім? Кешен құрылысына қатысқан 408 отандық кәсіпорын 2 жылдан астам уақыт бойы күндіз-түні тынбай еңбектенді. Тіпті Астананың -55 градустық аязы да көздеген мақсатқа жетуге кедергі бола алмады.

«Халықаралық көрмелер бюросы» (ХКБ) тұрақты түрде ұйымдастыратын ЭКСПО көрмелері – адамзат дамуына өлшеусіз үлес қосып жатқан ғаламдық шара. Лифт, тігін машинасы, телеграф, электр жарығы, тоңазытқыш, робот, т.б. толып жатқан адам ақыл-ойының игіліктері – осы көрмелердің нәтижесі.

Аталмыш көрмені Астанада өткізу идеясы, шын мәнінде, үлкен тәуекелге бел буу еді. Таңғажайып ойластырылған жоба ел болашағы үшін өте қажет болды. Бұл – тек әдемі ғимараттардың шоғыры емес, стартап жобалардың серпін алатын жері. Сырт көзге бірден байқалмағанымен, ішіне кірсеңіз, қайнаған қызу жұмыстың үстінен түсесіз. Жыл басынан бері бас ғимарат – «Нұр Әлем» сферасын 250 мыңнан астам адам тамашалап үлгеріпті. Күніне орта есеппен 2000 адам келеді екен.

ЭКСПО-2017 көрмесінің еліміз үшін берері көп дедік. Бәлкім, бұл тұжырымның растығын уақыт шығыршығы айналған сайын сезіне түсетін болармыз.

«Нұр Әлем» – 8 қабаттан тұратын сфера тәріздес бірегей кешен. Ол көрме аяқталғаннан бері «Бола-шақ энергиясы» мұражайы ретінде жұмыс істеп келеді. Оны күніне орта есеппен 2000 адам тамаша-лайды. Шыны ғимараттың диаметрі – 80, биіктігі – 100 метр.

 

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ айтуынша, бүгінде көрме мұрасы болып табылатын осынау бірегей нысандарға Астананың ғана емес, шалғай облыстардың оқушылары мен студенттері үшін де білім турлары тұрақты ұйымдастырылған. Ондағы мақсат – жас буынның жаратылыстану пәндеріне деген қызығушылығын арттыру. Осылайша, жыл басынан бері «Нұр Әлемді» өңірлерден 65 мыңнан астам оқушы мен 10 мыңнан астам студент келіп көрген екен. Кім білсін, бәлкім, олардың арасында болашақ Энштейндер жүрген болар!?


Мұнайдың соңғы тамшысы

Ғимараттар шеруі

Татулық бесігі

«Қазақстан жұлдызы»

$
0
0

«Қазақстан жұлдызы» алтарiн Тайынша ауданына қарасты Озерное ауылында орналасқан «Бейбiтшiлiк патшайымы» ғибадатханасынан көруге болады.

1938 жылы қазақ жеріне жер аударылған поляктар 3 жыл қатарынан аштықтан жаппай қырыла бергендіктен аман қалғандары күндерін құдайға мінәжат етумен өткізеді. Сөйтiп, тiлектерi қабыл болып 1941 жылы мұнда түрлі балыққа толы алып көл пайда болады. Көлдiң кенеттен пайда болуын тұрғындардың бiрi — табиғи құбылыс десе, енді бiрi — аштықтан қырылған католиктерге құдайдың берген қайыры деп бiледi. Осындай таңғажайып оқиғадан хабардар болған Рим папасының өкiлi Кардинал Роберт Сара 2014 жылы Солтүстік Қазақстан облысына арнайы келіп, «Қазақстан жұлдызы» алтарін «Бейбiтшiлiк патшайымы» ғибадатханасына табыстаған.

Мұндай мiнәжат орындары әлемнiң 12 бұрышында орнатылуы тиiс. Бұл — ретi бойынша екiншi алтарь. Титаннан құйылып, алтын жалатылған нысанның салмағы 600 килодан асады. Ұзындығы — 7,5, енi — 2,5 метр. Қалғаны бүкіл әлем бойынша католиктердің киелі орындарында орналастырылған. Нысанның авторы — Мариуш Драпиковский есiмдi польшалық шебер.

«Дін лидерлері қауіпсіз әлем үшін»

Viewing all 1610 articles
Browse latest View live